Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


АЗІРГІ ПРОЗАДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ДӘСТҮР 11 страница




Сондай-ақ осы шығармада өлген адам жанның тіршілігіндегі ізгі іс-әрекетіне қарай киелі аң-құс, жануарға айналатындығы жайлы ойлар да тірек етілген. Мысалы: тіршілігінде сабырлы, салмақты мінез иесі, ешкімге жамандық ойламайтын Атанбайдың жаны – түйеге айналған.

«Жақындай беріп, кене түйені таныды. «О, жаратқан ием, мынау Атанбай ғой. Менен бұрынғы бастық.

Менен бұрынғы демекші... Ол байғұстың ажалына себепші болған осы кене еді.

Атанбайды бұл тіпті, оқып жүрген кезінен-ақ білетін. Кейіннен кызметтерін жаңадан бастап жүрген шақтарда аралас-құралас та болды. Маңқиып, маңғаз жаратылған қазақ еді. Ойпырмай, сол ниетіне сай Жаратушы да жарылқап, оның жанын түйеге бергенін айтсайшы.

Кене оған қызыға қарап тұрды. «Әй, сабаз... Атанбай десе Атанбай еді-ау. Бұдан қанша жамандық көргенде, өзі бұған бір түйір қараулық жасамады. Құдай-ай, сол жамандықтарды бұл не үшін жасап еді? Қисынсыз жалаларды оған неге жапты? Сол ант атқыр қызмет... Мансап... Енді соның бәрі жаман Әліпке қалған жоқ па? Ойбай-ау, оның жанында мына Атанбайлар пайғамбар емес пе?.. Пайғамбар ?!

Кене түйеге жақындай түсті. Сонда да ана жануар мұны елеген де жоқ. Күйсеген күйі иен далаға қарап, маңқиып жата берді. Тіпті, еледім деген күнде жерге жабысып жатқан кенені атан түйенің іздеп тауып алуының өзі... бір шөмеле шөптің ішінен сынық ине іздеуден әрі бейнет емес пе?

«Айтпақшы, бұл пақыр тіршілікте де Бименді елемеу-ескермеуімен жазған жоқ па еді? Онда да сор болған осы биіктігі, осы алыптығы ғой»1.

Аруақтың «Атанбай» атануының өзі де – фольклорлық символдық мән иеленген. Атан-түйе көшпелі қазақ қоғамында іріліктің, төзімділіктің, мықтылықтың символы. Көштің ауыр жүгі де атан түйеге артылған. Онда ауыл анасы отырған, жалпы, түйе малы қазақ ұғымында өте қастерлі ұғым. Қазақ фольклорындағы сары атан, нар, нар мая, кер мая, жел мая, інген, жез бұйдалы нар тайлақ, ақ бура, қара бура ұғымдарының әрқайсысы әрқилы поэтикалық көркемдікке ие. Мәселен, жерлеу ғұрпында:

 

Мен ботасы өлген желмая,

Тұлыбына келіп ыңыранған, –

 

дейтін метафоралық ауыстырулар жиі қолданылады.

Түйе атауы мифтік әңгімелердегі фольклорлық тұлғалардың қызметімен де тығыз сабақтас. Түйе мінген адам тылсыммен байланыстырылған. Мысалы, өлімнен желмая мініп қашқан Қорқыт, Желмаямен жерұйық іздеген Асанқайғы және Әзірет Әлі, Қожа Ахмет Иассауи сияқты діни қаһармандардың ақ түйесінің болуы, Қабанбай батыр рухын бақиға ақ түйенің алып кетуі, т.б. Қазақ жүрекжарды қуанышын «Ақ түйенің қарны жарылды» деп сипаттаған.

Сондай-ақ екіқабат келінге түйенің етін жегізбеу, жүнін бастырмау, т.б. тыйымдар қалыптасқан. Ал, жазушы осы киелі жануар қасиеттері жайлы қалыптасқан ұғымдарды санада ұстап, оны адамгершіліктің, ең жақсы ізгі қасиеттердің жиынтық тұлғасы ретінде ауыстыра бейнелеген.

Шығармада өлген адам жанының тіршіліктегі іс-әрекетіне лайық аң-құсқа, жануарға айналуы туралы түсінік Бименнің тіршілікте өзі қиянат жасаған қызының көбелекке айналуынан да, әкесінің рухының бүркітке айналуынан да көрінеді.

«Қаптаған адам іздеріне бір батып, бір шығып, қалыңның шетіне енді жете бергенде алдынан көк-сары қанат көбелектің шыға келгені. Жай көз қырын салғаны болмаса, кене әуелі оған мән бере қоймаған. Алдын орап ұшып, кетпей қойғанда барып таныды. Бұрынғы секретаршасы – Бөпетай.

О ғажап, мұндай да кездесу болады екен-ау! Қарауында екі жыл істеді ме... әлде үш жыл. Әйтеуір, марқұм қыз осы кененің... Бименнің кесірінен бесінші қабаттан құлап өлді ғой. Ой, өзі де қызбалау қыз еді-ау. Еркелеп, еркелеткені ше? Оһо, Бименнің сан рет құмарын қандырған Бөпетай ғой бұл. Ол өлген соң көңілі қандай құлазып жүрді десеңші.

Енді лып етіп шыға келіп, алдын орап ұшып жүргенін қарасайшы. «Бір-біріне етене қатысты адамдар, жақын туыстар о дүниеде қайта ұшырасады» деген сөзді құлағы шалып еді. Рас екен-ау... О, құдіреті күшті Тәңірі!

Күтпеген жайға таңданып әрі есі кетіп, кене бір сәт тұрып қалған. Көбелек-Бөпетай әлі ұшып жүр. Бір оңға, бір солға бұрылып, кейде жоғарылап, сосын құлап, төмендеп ұшқаны қандай сән еді. Ана тіршілікте де осындай әсем қылықтарымен мұның есін шығарды емес пе? Жүргені де, күлгені де жүзін төмен салып, алдына келіп, тапсырма алып тұрғаны да мұның бойын баурап, еліктіріп, еліттіріп әкетуші еді-ау. Әуелде «дегеніңе көнбеймін» деп шоршып, шошып, осы ұшып жүргеніндей оңға бір, солға бір бұлтыңдап, қашуын қашты-ау. Бірақ қашқанды қояр Бимен бар ма? Күндердің күні болғанда бүрді ғой аш белінен. Алда айналайын, Бөпетай-ай! Балапандай шырылдап, шырқырағаныңды қайтейін. Бота көздерің мөлтілдеп, жылағаныңды қайтейін»...

О, Бименнің уысында қанша қан, қанша күнә бар. Оның жанын кенеге бергенде құдай көрмей-білмей отыр дейсің бе?..

Тіршілікте пәк, нәзік адамдардың жанын құдай да әсем мақұлықтарға береді екен-ау?» деп ойлады кене әлі де ұзап кеткен көбелекке қызығып, оны тағы да көргісі келіп іздеп, көңілі елеуреп тұрып»[547]. Ал, кейіпкерінің марқұм әкесінің рухын Бүркіт кейпінде астарлауда да халықтың қыран жайлы ұғым-түсініктері жинақталған. Көңілі қалса, жібімейтін, жалғандыққа иілмейтін өжет мінезді әкесінің бұған жоламай, биікке қалықтап ұшуы арқылы биік тұлғалы адам бейнесі сомдалған.

Ал, анасының рухының көкек болатын себебі, ана рухы өлген соң да жай таппайды, перзентінің тағдырына алаңдайды, – дейтін ұғымның сәулесі түскен.

«Қалың шөптің арасымен жылжып бара жатып, ол жақын маңнан көкектің үнін естіді. Бұрын көкектің үніне мән беріп көріп пе? Сөйтсе, оның да үні соншалық мұңлы, қасіретті екен-ау. Тіпті, ол кененің тағдырына егіліп, жылап отырғандай сезілді ме, немене.

Кененің бір сәт денесі дір-р етіп: «Бұл менің анам болмасын» деп ойлады. «Марқұмның тіршілікте де өз-өзінен мұңайып, арман-дертін ашып та айтпай бөлектеніп отыратын. Сол... Осы көкек анық анасы болып шықты. Тәңірінің құдіретімен мына қыбырлаған кененің өз перзенті екенін біле қойып... сұңқылдаған дауыс соның қасіреті ғой»[548].

Қаламгер образды суреттеуде фольклорлық литотаны, яғни шегіне жеткізе құлдырату әдісін де өзгеше түрлендірген сыңайлы. Себебі, соншалықты күнәсімен жаны жәндікке айналса да, өзін-өзі ақтағысы келетін Бимен ойы – өшпейтін жауыздықтың белгісі. Шығарма соңындағы өзге қаптаған кенелерге тоқмейілси қарап, күнәсін мойындай қоймаған кене ойында «мен жалғыз емеспін» деген уәж бар.

«Тәңірге жазсам жазған шығармын. Бірақ жұрттан алабөлек не жасап, не бүлдіріппін. Мен де жұрт жүрген жолмен жүрдім. Үзеңгілестерім жасаған істі істедім. Заманнан жұққан мінез, пейілден де құр алақан қалмаған шығармын. Тәңірім пенделерін сол үшін жазғырса, бір дүниеден екінші дүниеге кене боп қыбырлап қайтқан жалғыз мен болмаспын»[549].

Шығармадағы кене – тіршіліктегі айналасының жанын білдірмей жаралап өзгенің бақытсыздығынан қуаныш табатын қанішер мінезді адамдардың образы. Автор өмірде көп кездесетін мұндай адамдарды суреттеудің өзгеше әдісін тапқан. Ол – фольклорлық ұғымдағы өлгеннен кейінгі адам жанының өзгеріс сипаты туралы көне түсінік. Қалыптасқан дәстүр бойынша (көнеден, исламға дейін) жақсы өмір сүріп, ізгілікті іс істеген, өлілер аруағын қастерлеген «адам – жаны» ғана киелі рухқа айналады. Ол мәңгі өлмейді. Қайта тірілердің жебеушісіне айналады. О дүниенің де құрметіне бөленеді. Адам бұл дүниеде белгілі бір уақытта сынақта жүреді де, Алла әмірімен өлім арқылы кері қайтарылады. Бұл «Өзге – өтірік, өлім – шын», «Тумақ – сүндет, өлмек – хақ» дейтін тұжырымдармен түсіндіріліп, санаға сіңдіріледі.

О дүниелік өмір жайлы сенім ислам дінінде Алланың иелігі, пайғамбарлардың шапағаты тиетін орын дейтін түсінікке ұласқан.

Ал, тіршілікте жасалған залымдық пен зұлымдық та өз жазасын алады дейтін ұғымды автор кейіпкердің жанының адам да емес, я киелі жануар, құс та емес, ең кіші әрі қатерлі жәндік – кенеге айналуы арқылы бедерлеген. Бұл метаморфозалық әдіс – қазіргі әдебиетте көрініп жүрген елеулі көркемдік үрдіс.

Жазушы Қ.Түменбайдың «Бейкүнә қулық» әңгімесінде өтірік ауру (қояншық) болып өлген кейіпкерді жерлеу мен оның қабірдегі жағдайлары суреттелген. Мұнда жазушы кейіпкердің өліп-тірілу оқиғасын бүгінгі заманның келеңсіздіктерін айтудың құралына айналдырған.

Кейіпкерді жерлеу барысында о дүниенің орыны жайлы көне түсініктерге мән беріледі. Мысалы, о дүниені күннің батыс жағымен байланыстыру, мүрдені күн аумай тұрып көму, марқұмның басын күнбатысқа қарату – таңертең ерте, күн батарда дауыс қылу күн культіне байланысты туған ежелгі түсініктер.

Жазушы суреттеуіндегі Әлімбек – кейіпкер бір жағы летаргиялық ауруға шалдыққан адам ретінде сипатталады.

«Мұсылман салты бойынша күн сәскеге тақағанда әлгі бір күн бұрын көз жұмған құрдасының қасына қоңсы етіп, Әлімбекті де қойды. Тағы да бейіт басынан аяқ созып санаған қырық қадамның соңы үйге кеп тірелді. Жұбайы: «Кеселіңе дауа қонбай кетті-ау»[550], – деп аңырады.

Ертеде қазақ арасында летаргиялық ұйқыға шомған адамды өлді деп есептеп, көмген жағдайлары аз болмағандығына Х.Арғынбаев бірқатар дәлелдер келтіреді. Себебі, «Жерленген соң қайта тіріліп келген адамнан шошынып, тірілер қауымы ол адамды етпетінен, желкесінен жатқызып доланадан жасалған құй қазық қағып, қайтып тұрмайтындай етіп көметін болған. Себебі халық сенімі бойынша жерленген адамның «тіріліп» қайтып келуі – елге таянған пәленің басы деп есептелген тіпті, оның атын айтудан да жасқанып, о дүниеге қабылданбай қойған адам ретінде ұмыттырылған»[551].

«Әлімбек көзін ашса, қап-қараңғы түн. «Көрдей қараңғы деген осы екен-ау. Өзім де көрде жатырмын ба, немене өзі?! Е-е, жиырма төрт сағатқа жеткізбей, суға төндіріп жіберген екен де. Ай, надандар-ай, ең болмаса, тамырымды ұстап, жүрегімді тыңдамай ма? Осылар айтары бар адамды көміп тастауға құштар-ақ. Жоқ, мен өлген жоқпын, тірімін. Мен бұл жерден шығамын. Әлі-ақ тірілердің зәресін аламын»[552].

Дәстүр бойынша ақыреттелген мәйітті кілемге орап, сыртынан тағы үш жерден байлап, жаназасы шығарылады. Жиналғандар тік тұрып (азан айтылмайды, еңкеймейді), жаназа намазын оқиды. Өлікті лақатқа түсірген соң кебіннің басы, ортасы және аяқ жағында байланған жерін шешеді, бұл кезде сыртта тұрған адамдар қабірдің жас топырағынан бір-бір уыс топырақ тастаған соң, лақаттың аузы қыш кірпішпен жабылып, сыртқы үйін топырақпен толтырғаннан кейін Құраннан сүрелер оқылады.

Мәйітті жерлеп болған соң, қабірден 40 қадам өткен соң оқылатын Құран сүрелерінің мәні: қабірге Мүңкір-Нәңкүр келіп, марқұмнан сауал алғанда оған демеу көрсету. Қабірдің ішкі жағы кейде шектеулі формада түсінілсе, бірде шексіз кеңістікті білдіреді. Пәни мен бақидың аралық шекарасы деп есептелетін – қабірге көму о дүние жер астында деген түсініктерді бекіте түскен.

Лақаттап жерге салған соң,

Айласыз жүдеп, көнемін.

 

Бағланым жатыр молада,

Үстінен топырақ үйіліп.

 

Талданып отырған шығармада осы халық ұғымындағы лақат, Мәңкүр-Нәңкір сияқты ұғымдар фольклорлық сана тұрғысына сай сипатталады.

Ит өлген жерден әкеп ауылға жерлемекші. Әне, қабірге түсіріп, ләқатқа кіргізді. Қазір-ақ ләқат аузын кірпішпен қалап, бекітіп, топырақ үйіп, молдекең боздатып Құран оқып, қырық қадам жерге барып, тағы да Құранға бас иіп, сосын сүйекшілер марқұмның шыққан шаңырағына келеді. Одан арғысы белгілі. Әйелі тырнағымен бетін жыртады. Жетісі, қырқы, жүзі, жылы. Сосын қара ту жығылып, жас болса әулеті рұхсатын береді. Арығы тартылып, айнаның алдында тұрудан күдер үзген тоқтасқан тоқ көңіл болса, бала-шағаны жәутеңдетпейін деп жанын салып, жесірдің күйін кешеді.

Міне, мәйіт ләқатқа берілді.

Бұрын көрге мәйітті берерде төніп тұрып ойға шоматын: «Үш адам, қолына үлкен жерден хабар үзбейтін рация ұстап, беліне шоқпар байлап, противогаз киіп, ләқаттың қасын қуыс қып бірге көмілсе. Мәңкір-Нәңкір кеп өліден жауап алғанын көрсек, сөздерін естісек, қиянаттың жауабына қанықсақ. Егер бізді байқап қап: «Мұнда неғып тұрсыңдар?» деп дәп қылып жатса, рациямен үлкен жерге хабарлап, көмек сұраймыз, шоқпарды пайдаланамыз. Бірақ, Мәңкір-Нәңкір мен сияқтыларға тиісе қоймас». Міне, сол қиялы іске асып, ойламаған жерден ләқатқа өзі түсті»[553].

Кебініне оранған аруақтың ауылдық әкімшілікке келіп айтатын сөздері арқылы бүгінгі өмірімізде орын алып отырған әлеуметтік келеңсіздіктер ашылады.

– Есенкүл, ауылың су емес, у ішіп отыр. Сенің қалтаңда қаржың бар, «тассай»-ды тасып ішесің. Қаратаудың етегіндегі мөлдір бұлақтан құбыр тартамыз деп бөлінген қаржы қайда кетті?

– Ол... ол ма?.. әлі түскен жоқ қой...

– «Ауыл жылдары» аяқталды. Ол енді қашан түседі. Осыны анықта!

– Аһа... Анықтаймын...

– Мешіт қайда? Мешіт соғамыз деп жинаған ақша қайда?

– Мешіттің керегі жоқ деді ғой...

– Кім?

– Мәслихат пен өзім...

– Аудандағы мешіті жоқ жалғыз ауыл боп қала береміз бе? Мәслихат екі ортада жүргеніне мәз. Алланың үйінен неге қашқақтайсыңдар?!

– Жоқ... қашқақтамаймыз...

– Бұны да анықта!

– Аһа... аһа... – есі кіресілі-шығасылы Есенкүл кімге жауап беріп тұрғанын білмейді. Жүрегін басып, кеңсенің көк есігіне сүйеніп, жүрелеген күйі қимылсыз қалды»[554].

Әрі қарай аруақтың ойы беріліп, онда қазақша сөйлемейтін қазақтар, оған бас жақтағылардың кінәлі екендігі, имансыздық, қазақтың алауыздығы туралы толғаныстары, т.б. беріледі.

Әсіресе, «тірі аруақтың» аудан әкімшілігінде отырған жігітпен әңгімесі қоғам кемшілігін тереңдей ашуға жұмсалған.

«Аудан әкімі де орнында екен. Өзін көріп, сейфтің артына тығылған қағілез хатшы қыздың көзіне тура қарамастан, киіп-жарып кіріп барды. Орысша оқып, тілі орысша шыққан, коммерциядан әкімдік саяси орынға сараптаусыз сарт ете қалған отыздың о жақ, бұ жағындағы сарыауыз жігіт бұны көргенде бет алды:

– Не?! – деді.

– Ештеңе.

Әкесі: «Балам ат міне алмаса да, есек мініп жүр ғой» деп, қымқырумен қалтаға түскен тиын-тебенге мәз болушы еді, енді сол малтабар сары жігіттің маңдайынан төмен түскен қара бұлт мұрын ұшына жетіп, тұрып қалды. Бетінің бір жағы сары да, бір жағы түгел қап-қара. Есекке мінісімен мәдениет үйін сатып ап, оның ішіндегі музыка мектебін жаптырып, домбыра мен қобыз үйреніп жүрген қаракөздер далада қалды. Ең сорақысы, ауыл клубтары жекешеленіп, ішіндегі кітапхана күресінге тасталды. Осыны көріп қалған Әлімбек біраз кітапты өрт құшағынан аман алып шықты.

– Осылай кете бере ме?

– Қой десе, қоямыз ғой.

Мен айтып тұрмын ғой «қой» деп.

– Сіз... сіз...

– Мен көрден шыққан адаммын. О дүниенің кебінін киіп, бұ дүниеге келіп тұрмын. «Көрұғлыны» тыңдап па едің?

– Көр деген не?

– Тыңда, сонда білесің.

– Үйге жете алмаспын... – Әкім жігіт тықыр басы топырақтан көрінбей қалған, екі көзі қып-қызыл ақ жамылған сұлбаның алдында бүкшиіп, «Жүрегім!» деп, жылтыр еденге жалп ете қалды»[555].

Шығармада жерлеу үстінде саясат жайлы әңгіме қыздырған адамдардың диалогы арқылы да автор ежелден бері келе жатқан азалы үйдің көңіліне қарайтын дәстүрдің үзілгендігін де меңзеген. Осы жазушының «Алматыда болған аңыз» дейтін әңгімесіне қоғам үшін еңбек етіп, белсенді көрініп жүрген жанның жалғыз анасын жерлеуге әйелінен бата алмай, бара алмаған жігіт қылығы өзек етілген.

Таңертең жұмысқа асығып бара жатып, «Шешеме барып қайтайын десем, Инегүл келіспейді», – деді өз-өзінен қипақтап, сөзімді ешкім естіп қойған жоқ па дегендей қасынан өткен көршіге күдіктене қарап.

Шығармада екі-үш рет қайталанатын екі ауыз сөз арқылы да кейіпкердің анасына ықыласының қандай екені көрінеді. Ол:

– Шешең қалай?

– Қатты ауырып жатыр деп еді. Көптен хабарым жоқ. Сонда жалғыз қарындасым бар ғой. Әңгіме шешіміндегі баяндалатын көне миф ой қорытындысына айналады.

«Досқара асып-саспады. 41-дің 22-маусымы мен 45-тің 9-мамырында да осылай өңін бермейтін секілді. Қостанай мен Омбының арасы – қарға адым. Табандары тиіп тұрған Алматы екеуіне де ортақ. Жапонның Нарайама туралы аңызында жасы келген адамды ризашылығымен Нарайама тауының етегіне апарып тастайды екен. Сонда жатып қарға-құзғынға жем болады. Бір кемпірді баласы мәңгілік мекенге әкелген күні қар жауып, анасы қыламықтаған ақ қарға алақанын тосып қуанып, ақ қарды ақ көңілдің септігіне балап, ұлына риза боп, қоштасып қалады. Ал, сол күні бір жігіт әкесін тормен тұмшалап, зорлап әкеліп тастайды. Қайран әке баласын қимай шыңғырып, тауды басына көтереді. Бұл жат жерде болған аңыз. Досқараның шешесі көз жұмған күні Алматыда қар жауыпты. Оны алыстағы анасының перзентіне қалдырған ақ ниеті мен бақұлдасуына балап, екеуінің соңынан үнсіз қарап, қала бердік.

Аты жаман аңыздың Алматыда болғанына опынамын. Досқараны көргім келмейді. Көре қалсам, ақырзаманның адамы алдымнан шыққандай абдырап қаламын»[556].

Ал Қ.Түменбайдың «Ажал» атты әңгімесінде басқалардың шынайы көзқарасын білу мақсатында өтірік өліп көруді мақсат еткен кейіпкер әрекеті баяндалады. Оқиғаны баяндау барысында қаламгер өлікті жөнелту, жерлеу рәсімдерінің қалыптасқан сұлбасын сақтайды. Мұндай іске мұсылман дінінің тыйым салатындығы жөніндегі диалогтар да оқиға сюжетінің бастамасы іспетті.

– Өтірікке Құранда жол жоқ, – деді.

– Өтірік өлуге, тіпті, жол жоқ шығар.

– Көр азабының өзі адамды бір емес, бірнеше мәрте өлтіреді. Сол жерге бір-ақ рет өлу үшін дайындалып барған дұрыс қой, – деді де, ақсақ аяғына ғылыми кітапты таяныш етіп тіреп қойған темір жәшіктің тілдей тесігіне қарады. «Тастайтыныңызды тезірек тастасаңызшы» дегенді аңғарған ол жеті теңгені беске көбейтіп салды да, «Хош!» деп, шығып жүре берді[557].

Кейіпкер бала кезінде ата-әжесіне істейтін еркелік қылығын есейген соң да шындыққа айналдырып көргісі келеді». Сөйтіп, жер ортасы жасқа жақындап қалған жазушы Жанарыс Ақордаұлы қоршаған ортадағы осындай әртүрлі оқиғалардан бұрынғы кеселі қайта қозып, бір рет өліп көруге бел байлады. Не қылар дейсің. Үй іші, отбасы, қазан-ошағымен түгел өртеніп кетіп жатқандар да бар ғой. Бұл оның қасында әшейін көзбояу емес пе. Мен үшін ешкімнің басы ауырып, бауыры сыздай қоймас. Жеті жүзден аса мүшесі бар Жазушылар Одағының бір мүшесі шейіт болды деген жүз жол хабар жазылып, жақын жүргендер бір-бір уыстан топырақ салар. Не де болса, көрейін3, – деп бекініп, өлген адамның бейнесіне енеді.

Осыдан кейінгі шығармада суреттелетін айналасындағылардың өзіне қарым-қатынасын естіп, сезіп жатқан «адам-аруақ» ойы да фольклорлық ойлаудың үлгісі.

Мысалы, автор жазушылар Одағы басшысының «Тағы бір қарлығаштың ұясын тастап, көлге сіңіп кетті, тағы бір қаламгеріміз жер құшты», – деп емірене сөйлеуін берсе, Қаламдос аға-іні боп араласып жүрген ағасының:

– Ізбасарым еді. Қайда жүрсем де, қамқор боп жүріп едім. Амал не. Ажалға дауа бар ма. Енді арты қайырлы болсын. Үрім-бұтағына қамқор болармыз», – деп, дәстүр үшін айтқан сөзінің мазмұнына бойлайды, оның тірлігінде өзіне жасаған қиянатын баяндайды.

«Жанарыс өң мен түстің арасында жатып миығын тартты. «Ағадан қамқорлық көргің келсе, өлу керек екен ғой»1.

Жазушы өліп жатқан адамның бәрін естіп-біліп жататындығы жайлы көне түсінікті көркемдік тәсіл ете отырып, марқұм айналасының шын бет-пердесін ашады. Сөйлеген сөздері әдемі болғанымен, тірілігіндегі іс-әрекеті басқаша адамдар жайлы аруақ ойымен баға беріледі.

Кезінде аяғынан тартып, адымын аштырмаған баспа директоры Қабылқанның:

– Жазғандарын қалдырмай оқушы едім. Үлкен үміт күтуші едім. Не шара!.. – деп көлгірси сөйлеуі де жалғандық пен өтіріктің бет-бейнесін ашуға жұмсалған. Автордың өмір, өлім жайындағы ұстанымы былайша беріледі: «Өлім, қандай суықсың. Той – адамның барын шашса өлім артын ашады екен-ау. Жылап-сықтаған дауыстар естілді. Тұрып, бәріне басу айтайын десе, дәрмені жоқ. «Өздерің ғой осыған жеткізген. Енді не десеңдер де еріктерің. Атырау жақта вахталық әдіспен жұмыс істеп жүрген Рахыш естісе не етер еді. Құстай ұшып жетіп, өкіріп, үстіме құлап, орнымнан жұлып алар ма еді. Әйтеуір, сол келсе, осы бір тәтті елестің шырқы бұзылған болар еді. Сол келмей тұрып бітсе екен мынау жоқтау айтқан жарапазан жиналыс. Терезені ешкім ашпады. Лекіген ауаны армансыз бір жұтсам ғой, адамдардың аярлығын кешіріп, бәрін де басынан бастар едім. «Адам адамға қасқыр» болса да, ағаларыма да, қатар-құрбыларыма да кешіріммен, өкпесі жоқ, түгел бауырға айналған көңілмен қарар едім».


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 101; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.007 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты