Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Екеуі де туғанда нысаналы 2 страница




«Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейтін халқымыздың кіндік қаны тамған жеріне деген ерекше сезімін білдіретін, Салиха ана монологының мағынасы терең. Мұнда жат жерде жүрсе де, ата жұрт, туған жерінің бір уыс топырағына жетіп өлуді армандайтын жұрттың ой-санасы бедерленген.

Шығарманың басында Салиха ана Жер-Анамен жаймен ғана сырласады.

...Салиха. Ей, Жер-Ана, бізге сен неге сонша тасбауыр болдың?! Мейірімің түскен пендеңе барыңды үйіп-төгіп бере саласың. Біздің не жазығымыз бар еді?! Кінәміз – атажұртты кие тұтқанымыз ба? Кінәміз – кіндік қанымыз

тамған мекенді қиыншылықта қимай, көшпей қалғанымыз ба? Кінәміз – кенезең кеуіп, шөлден қарс-қарс айырылып, шыт-шыт болып жарылып жатқанда сенің тілеуіңді тілеп, іштей өксіп жылағанымыз ба?! Өмір бойы сенің тілеуіңді тілеген пендеңе неге суықсың, ЖЕР – АНА[624].

Адамның жаратылыстан өзін бөлмей тұрған кезде туған көптеген мифологиялық ұғымдар, жануарларға немесе табиғат объектісіне арнап сөйлеуге, олармен сырласып, тілдесуге болады деген түсінік кейін көркем фольклорға ауысып, кәдімгі бейнелеуіштік сипат алса, ал, жазба әдебиетінде ол жаңаша көркемдік қызмет атқарған.

Драмада «Жер-ана» образы көне ұғымға сәйкес жандандырылып беріліп ол қайғы-қасірет шеккен Салиха ананың мұң-шерін төгетін сырласы мен қысылғанда жанына демеу күтетін ерекше құдірет күшіне айналған.

Ана мен Жер-ананың тілдесуінде жердің екі түрлі фольклорлық семантикасы аңғарылады. Бірі – қара жер – ажалдың, өлімнің жағымсыз бейнесі. Екіншісі – өлгендер баратын о дүние орны.

«Тас емшегімді иіткен жалғыз ұл, шұрық тесік жүрегімнің жұбанышы болған саялы кең дүниеге де, менің құшағыма да сыймады, Жер-Ана. Жалғызымның қайғы-қасіретін мен арқаладым, оның қызығын сен көретін болдың, Жер-Ана. Оу, қасиетті қара жер, сенде де тойым болмады-ау. Қалағаның менің жалғыз ұлым болса ал, ала бер! Сен, бәрібір, тоймайсың, қара жер. Тойым болмайды сенде ешқашан. Қасиетті Жер-Ана, тағы бір перзентің сенің сұп-суық құшағыңа кірді. Емірен, иі, Жер-Ана. Жалғызымды тапсырдым саған, Жер-Ана. Ол енді сенікі. Сенікі! Сенікі![625].

Пьесада табиғатты жандандыру, содан қайырым, медет, тілек тілеу сарындарымен қатар бір құдайлық сенім іздері де астасып жатады. Шегіне жеткен қайғы-қасірет салмағынан сана, жан түкпіріндегі бейсаналық ұғымдар ерекше мән иеленеді. Солардың елеулісі – кейіпкерлердің жалғыз жаратушыға жалбарыну тілектері. Адамнан қайырым жоқ болғандықтан, тылсымнан бөлекше бір көмек күту, осы тілек тілеу сарындары арқылы берілген. «Жаратқан ием, жетім мен жесірді өзің желеп, жебей гөр. Сенен басқа сенеріміз жоқ біздің. Осы уақытқа дейін пенде баласына жасаған жаманшылығымыз жоқ біздің. Бір жетім, бір жесір бірімізге біріміз сүйеніп, бірімізді біріміз жетелеп, жер басып жүрміз. Аман жүргеніміз сенің арқаң, Жаратқан ием. Сарыжалдың талай адамы келмеске кетті. Жаратқаннан сауға сұра, құлыным![626].

Осы пьесадағы көбірек көрініс беретін дәстүрлі фольклорлық мотивтердің бірі – жаратушымен тілдесудің өзі бірде тілек, өтініш, жалбарыну, тіпті, кейде қарғыс-нала күйінде көрінеді. Қоғам әділетсіздігінен зәбір-жапа шегіп, ақыл айласы таусылған адамның «құдайдан басқа қорғанышы» болмауы қоғам мен адам жігінің ажыраған тұсы. Демек, жеке адам – қоғам – табиғат үштігінің үйлесімі бұзылған.

Мысалы: шығармадағы көз жанарынан айырылған Әлидің мұңдасы да, бар сенері де – бір Жаратушы. Тірі жанға жасаған жаманшылығымыз жоқ, Жаратқан ием! Сенен басқа сенеріміз және жоқ. Мені, өзіңнің сүйген құлыңды мына тозақтан құтқара гөр. Жарық дүниені көрмегелі не заман. Жанарымды қайтарып бер, Жаратқан ием! Жатсам да, тұрсам да сенің тілеуіңді тілеп жүрмін. Жарық дүниеден жақсылық көрмеген сүйген құлыңның шырқыраған дауысы құлағыңа жетті ме, Жаратқан ием?! – дейтін монологы зағип жанның ішкі күйінішін көрсетуге жұмсалған.

Ал, пьесаның негізгі кейіпкерлерінің бірі – Дастанның құдайға деген зар-наласы халықтың «жаны күйген құдайын қарғайдының» кері. Өмірде көрген қызығынан азабы көп, әсіресе, өлім қасіретін көп шеккен адамның жан айқайы, әлдебір тылсым күшке деген ашу-ыза болып төгіледі. Трагедиялық ситуацияны ушықтырып, тартыс желісін шегіне жеткізе ширықтыра түсетін оның әйелімен диалогы – ең соңғы шешім.

Дастан. Ә-ә-ә! Қорқасың ба? Қорқа-қорқа жеткен жеріміз осы болды. Қайғы мен қасіреттен басқа не көрдім деп жетісесің? Жылау, сықтау... Зар, зар... Көз жасым бір кеппеді ғой, әкри. Анамды бердім, бірінен кейін бірі үш бауырым кетті. Жеті бірдей боталарымды алды қара жер. Тірі қалған жалғыз әкем еді. Ол да күнін санап жатыр. Ой, әкеңнің-ай!.. (Пауза). Енді несі бар менде Құдайдың? Оған керегі менің шыбын жаным ба? Алсын. Бауырларымнан, жеті ботамнан артық емес жаным.

Мәлике (егіліп жылап). Құдай-ай! Құда-а-й-ай!.. Көз жасым бір кеппеді-ау.

Дастан. Айтпа маған құдайыңды, айтпа! Ол бар болса, әділ болса, көзі соқыр болмаса, адамзаттың басындағы қасіретті неге көрмейді? Не-е-г-е? Құдай болса, шырылдаған сәбилерді ажалдың арандай ашылған аузынан неге арашалап алмайды, а? Құдай дейді ғой маған... Құлдық ұрып, табынып жүрген Құдайың қайда? Қайда, әкри?[627]

Жаратушыға жалына-жалына шарасы таусылған ананың да Құдайға қарсылық көрсететін, «Е-е-е, заман-ай! Құдай қарғаған бұл шерменде ертегінің адамындай болды ғой. Е-е, Жаратқан ием, көрсетпегенің осы еді. Бұл құқайыңды да көрелік. Сына! Сынғанымызша сынап бақ. Адам ит жанды. Сенің қай құқайыңа да көне береді. Қолыңнан бір келсе екі қыл, әдірем қалғыр! Өмір бойы тілеуіңді тілеп, құлшылық етіп, жалбарынғанда тартқан сыйың осы болса... Ай, опасы жоқ дүние-ай!.» – дейтін ойларын да қасіреттен жаны күйген жанның жаратушыдан үміті үзілгені көрінеді. Бұл адам санасы мен сезіміндегі арпалысты қайшылықтарды көрсету үшін пайдаланылған.

Драматург «Алты қырдың астында ақбоз үй тігулі тұр. Ақбоз үйдің маңында аппақ қардай мың ешкі жайылып жүр. Шырылдаған періштенің жаны сол мыңның ішіндегі маңдайында тарыдай дағы бар ешкінің саумалын ішсе ғана қалар. Алты қыр – алпыс күндік алыс жол. Ары қарай алпыс күн, бері қарай алпыс күн... Алпыс күн түгіл алты сағатқа шыдар ма екен бұл шерменде. Опасы жоқ жалған-ай![628]» – дейтін жолдар арқылы адам жанының өзінен бөлек жерде сақталатындығы туралы көне мифтік түсінікті жаңғырта отырып, бейбіт күнде зар шеккен аналардың санасындағы сансырауды шегіне жеткізе суреттеген.

Сегіз баласын, күйеуін, жалғыз бауырын қара жерге берген ананың трагедиялық халін бірінен соң бірін суреттей отырып, өлімнің өзіне көндіккен, мойынұсынған психологияны шебер көрсеткен. Мұндағы өлімнің өзі өмір құрсауынан босану, шексіздікке ұласу мағынасындағы көне түсініктермен тамырлас.

Драмалық шығармаларда кейде бір заттың өзі тартыс дамуында үлкен рөл атқарады десек, жалпы этнографиялық заттар мен бұйымдар белгілі бір символикалық мәнде жұмсалады. Мәселен, осы шығармадағы бесіктің сынуы – қолдан жасалған қасіреттің, қазақ ұрпағын қолдан қырудың символы. Өйткені, бесік қазақ халқының бала туу ғұрыптарында ғасырдан ғасырға жеткен «киелілік» мағынасындағы көне ұғымдармен сабақтас.

Салиха. Сындырма бесікті!

Дастан. Жібер қолымды!

Салиха. Бесік – ұрпағың. Болашағыңа қол көтерме. Есіңді жи, балам.

Дастан. Ұрпақ дейді... Ұрпақ. Жетеуі жердің астында, соңғысы әне, қол-аяғы жоқ. Томар бала! Сол ма менің болашағым? Ол – қасірет! Апатай-ау, көзің неге көрмейді? Екі қол, екі аяғы жоқ баланың өмірі өмір бола ма, апа-ау? Ол басына тепсең, ләм демей, бүк түсіп жата беретін қазақтың қасіреті ғой апа-ау. Екі басты, төрт аяқты сәбилер мен қол-аяғы, екі көзі жоқ мүгедек балаларға қарап қалған қазақтың болашағының дәл әкесінің!.. Әне, түгін тартсаң, май шығатын қазағыңның қасиетті жері қарс-қарс айырылып, шыңғырып жатыр. Дені сау, көңілі тоқ кім бар бұл өңірде? Апа-ау, сонша қор қылатындай, арқаңнан қағып тұрып қорлайтындай бұл үкіметке не жаздық? Момын болғанымыз үшін берген сыйы ма? Әлде қазақ болғанымыз үшін кінәліміз бе? Кінә-ә-міз не біздің? Асыл әулетінен қалған жалғыз мен едім. Мен де жоқпын. Жоқпын, апа!.. Күнім бітті менің де, әкри!1...

Салиха. Опасы жоқ дүние-ай!

Дастан. Сынып қалыпты. Бұған енді кім жатар? Кімге керек бұл бесік?2

Пьесаның бірінші бөлімінің соңында жастардың үйлену тойына офицер қолымен тарту етілген жәшік-жәшік арақтар халық санасын улаудың құралы ретінде қазақ даласына тараған дерт екендігін де автор режиссер дәл аңғартқан. Ортаға қойылған ішімдіктерге бұрын қымыздан өзге сусынды татып көрмеген Оспан – қарттың қайта-қайта қолын созуы тегін емес. Ауылдың сыйлы қариясынан бастап, жігіт-желең, қыз-келіншектеріне дейін жынды судың сиқырына бастары айналып, ел мен жердің тағдырына миларын қатырмай, айтқанға жүріп, айдағанға көнетін кезеңнің басталғанын дәл танытқан. Мас болып көңілді думанға кіріскен халық санаулы минуттардан кейін Қазақстан жерінде бұрын-соңды болып көрмеген ядролық сынақ басталатынын сезбей де қалысты. Осы арқылы халықтық салт-дәстүрдің біртіндеп өшуі көрсетіліп, рухани жұтаңдаған жұртты зорлыққа бағындырудың түрлі айла-тәсілдерін, мысалы, ұлттық сусын орнына арақ ішкізіп, сананы улауды отаршылдық үкімет қалай пайдаланғандығын көрсетеді.

Ал, драматургтің «Қош бол, менің ертегім» пьесасындағы атасының немересіне айтатын мифінде үндемес руының шығуы туралы шежірелік аңыздың көркемдік қызметі көрінеді. Ондағы шөл далаға отырғызылған жалғыз ағаш пен одан өсіп-өнген ну орманның қасақана қаталдықпен, шетелдік басқыншылар (хунхуздардың) қолымен өртеліп, жойылуы, одан қалған жалғыз шыбықтың, көктеп өсуі туралы символдық астарлаудың шығарма өзегіндегі мәні, қазақ халқының тарихи тағдырын тануға арналған. Кеңес заманындағы партия қызметкерлерінің бәйтеректі кеспекші болған әрекеттері арқылы автор сол кезеңнің халық мұрасына деген көзқарасы мен саясатты меңзейді. Сондай-ақ ағаш – бәйтерек – дүние тірегі, мықтылықтың, өсіп-өнудің символы дейтін көне фольклорлық сана мәні шығармада толық сақталған.

Себебі, драманың негізгі оқиғалық өзегінде бәйтерек зәулім ағаш маңызды рөл атқарып, оның тарихына байланысты шежірелік әңгімедегі мифтік сарыннан өрбитін драмалық тартыста фольклорлық ұғым үлкен көркемдік жүк көтеріп тұр. «Ғылымдағы «әлемдік ағаш» немесе космостық ағаш деп аталатын әлемді вертикалды түрде байланыстырушы зәулім бәйтеректің қазақ ертегілерінде айдаһарды өлтірген кейіпкердің аспан әлеміне көтерілетін жері я болмаса бәйтерек басында ұя салған Самұрық құстың кейіпкермен кездесу орны ретіндегі түрлі сипаттары белгілі[629]». Талданып отырған драмалық шығармада да ағаш пен адам баласының өсіп-өну, көбею тарихы сабақтас алынған. Зәулім бәйтерек өткен мен бүгінді және ертеңді жалғастырып тұрған көркемдік образ түрінде де алынған. Қазақ халқындағы жалғыз өсіп тұрған ағашты қадірлеу салтының кең жайылғандығы жайлы Ш.Уәлиханов «Жапанда өсіп тұратын жалғыз ағаш, немесе бұта қадірленіп, оның басына түнейді. Оның қасына өтіп бара жатып, адамдар ағаштың бұтақтарына шүберек байлайды, ыдыс тастайды, тіпті, құрбандыққа мал шалады, я болмаса аттың жалын түйіп тастайды», – дейді[630].

...Мұрат: Ата, мына бәйтерек неге жалғыз, ә? (Пауза).

Әли: Ол бір ұзақ әңгіме, Мұратжан (Пауза). Ерте, ерте заманда осы өзеннің бойына Еркін деген жалғыз басты қарт келіп қоныстаныпты. Бұл сайғақ болар бір шыбық жоқ жалаңаш өңір еді. Ол сонау Алатаудың баурайынан көшет әкеліп отырғыза бастайды. Ағаш біткен гүл жарып, өсе бастаған кезде хунхуздардың мың сан қолы осында келіп, шатыр тігіпті. Еркін қарттың шырылдағанына қарамай, ағаш біткенді отап тастапты. Қарт жылап-еңіреп, хунхуздардың қолбасшысына барған екен дейді. Арызын айтыпты.

Мұрат: Қазақ тілінде ме?

Әли: Хунхуздардың қай тілде сөйлегенін мен қайдан білейін, құлыным. (пауза). Содан хунхуздардың қолбасшысы Еркін қартты мың сан әскердің алдына алып келіп: “Мынау қаңғыбас құлазыған өңірге ағаш отырғызып, осынау даланың сәнін бұзған қылмыскер. Нулы жерге ел үйір. Сол елдің күні ертең біздің ата жауымызға айналарына күмәнім жоқ”, – дейді. Еркін қарт шыдай алмай кетіп, оның зұлымдығын бетіне басады. Ашынған қолбасшы: “Бізге қарсылықты қарумен жасайтындар қауыпты емес, оларды менің ержүрек сарбаздарым тас-талқан етеді. Мен мынау сияқты тіліне сенген дұшпандардан қорқамын. Мұндайлардың барлығының тілін кесу керек. Тілі жоқ жаудың жарасы жеңіл. Олар тілі бардың аузына қарайды. Адамның ең күшті қаруы – тіл”, – дейді. Сөйтіп, қатыгез қолбасының бұйрығы орындалады. Сол сойқаннан жалғыз шыбық аман қалыпты дейді[631].

Шығармада халықтың аяулы ұғымдарынқорлатуға жол берген бұрынғы, қазіргі зұлымдық арқылы ең ауыр оқиға зардабы көрсетіледі. Драмалық тартыс бәйтеректі қызғыштай қорыған қарт пен өткен тарихтан бейхабар, «шаш ал десе, бас алатын» кеудемсоқ жандардың арасында өрбиді. Ата мен немере арасындағы байланысты нығайтатын ұлағатты ғибратта зұлымдықтың жеңілуі туралы көне шежірелік миф үлкен көркемдік жүк көтеріп тұр.

Ядролық апаттан қасірет шеккен халық қайғысын Р.Мұқанова «Қаралы той» трагедиясында өте нәзік әрі терең көрсеткен. Трагедияның бас кейіпкері – тәні жарымжан болғанымен, сұлулыққа жаны іңкәр жас қыз Ләйлә. Оның бүкіл жұртынан жақын таппай, түнде туған Аймен ғана сырлас, мұңдас болуы, соған арман-аңсарын айтып, сыр шертісуі арқылы жеке адам мен қоғам арасындағы қайшылық ашылады. Дүниежүзілік фольклордағы аспан денелері атауларының (күн, ай, жұлдыз) киелі семантикасы, осы аспан денелеріне тән магиялық табиғаттан тыс күштер жөніндегі мифологиялық ұғым-түсініктер осы туындыда аса шеберлікпен пайдаланылған.

Аспан денелерінің магиялық, табиғаттан тыс күштері мен қасиеттеріне деген сенім оларға табынуды, және түрлі ырымдар мен наным-сенімдерді туындатқан. Мысалы: ерте заманда уақытты есептеу күн мен айдың есебі арқылы жүргізілген. Айдың кезеңі ең көне календарлық единица болып табылады[632]. Алғашқы қауымдық мифологияда күнге қарағанда Айға көбірек табынған. Өйткені, Ай – ең үлкен аспан денесі, жер шарының барлық тұрғынына ортақ. Ай секілді бірде-бір аспан шырақтары өзінің формалық жағынан өзгеріске түспейді. Әрбір жеті күн сайын Ай өзінің фазасын ауыстырады, алғашқы он төрт күнде Ай өседі де, келесі он төрт күнге әлсіреп, ақыр аяғы жоғалып, өшеді.

Бұл жөнінде Л.Я.Штернберг: «Лунные фазы, для нас столь простое явление, примитивному человеку поразительными и вызывают представление о том, что каждый она умирает и потом опять воскресает. Совпадение этих фаз луны с целым рядом геофизических и физиологических явлении связывали с концепцией смерти и воскресенье» – деп тұжырымдайды[633].

Қазақ халқының бала туу мен өсіп-өну ғұрыптарының барлығы да Айға байланысты таным-түсініктерге негізделген. Бұрынғы кезде қазақтар үйлену тойын жасағанда жылдың маусымына ғана емес, айдың уақытысына да мән берген. Әдетте, айдың басымен (новолуние) оның ортасына (полнолуние) өткізуді жоспарлаған.

Ш.Уәлиханов ай мен күнге табынуға қатысты ырымдар мен наным-сенімдер туралы: «Шамасы, Ай қазақтарда қасиетті планета болып саналған. Қазақтар жаңа айдың туғанын көргенде, тәжім етеді. Жазда сол айға тәжім еткен жерден шөп жұлып алып, отқа салады. Қазақтар айда кемпір бар деп айтады (шамасы, айдағы адамның бет-пішініне ұқсас дақтарды айтады. Қазақтар айға ұзақ қарап тұрмайды, сескенеді.) Айдағы кемпір кірпікті санап қояды деп, егер санап қойса, адам өледі. Дәрет сындырғанда да, бетін айға беріп отырмайды. Жалпы, қазақтар айды құрметпен ауызға алады»[634], – дейді.

Талданып отырған шығармадағы ай – биіктік пен тазалықтың, мінсіз сұлулықтың символы. Ол Ләйлә жанымен, сезімімен астасып жатыр. Арманы арқылы асқақ айға талпынған сұлу сезім иесі балғын қыздың тәнінде кемшілік болғанымен, өзін қоршаған адамдардан әлдеқайда биік тұр. Олардың арасындағы қайшылық аспан мен жердің қашықтығындай. Адал да аңғал, кіршіксіз көңіл иесі Ләйлә сезімі мен «сырты бүтін, іші түтін» аярлықтың тірегі депутат әрекетінің арасалмағы да алшақ тұр. Халықтың қасіретінен атақ жинап, жалған бедел-абырой үшін, ел, жұрт мүддесін саудаға салған мұндай қоғамды жайлаған дертке Ләйлә жанының жарығы жұқ болмайды. Трагедияның шешіміндегі өлім оқиғасы да осыны айғақтайды. Алайда, ең ізгі қасиеттерін кірлетпей өткен Ләйлә өлімінің сипаты Қыз Жібек пен Баян махаббаттарымен тамырлас.

Трагедияда адам жанының жалғыздығы алға тартылады. Зілзала зардабынан тәні жетілмей қалған зағип жанның жан талпыныстары, ақыл-ой шарпысуы оның Аймен диалогында кең суреттелген. Ол шығарма сюжетінде 3 жерде – ең басында, ортасында, шығарма соңында қолданылған.

Терең сайда жарық аймен тілдесіп, мүгедек қыз Ләйлә отыр.

...Ләйлә. О, жарық Ай, мүсіркеме сен мені. Сезімім бүтін, ақылым дұрыс, қыз боламын күнәсіз. Бірақ мынау кейпіммен... (Айға құрысқан мүгедек денесін көрсетеді). Мен өзіме адам сияқтымын, басқаларға адам сиқы жоқ, адамдықтан ажыраған, адам пейілін тәубаға түсірер мүгедекпін.

Мүгедекпін, мүсәпірмін мен, Қарауылдың адамдары мені көрсе-ақ, «Мұны Алла тағала адамдар тәубасына келсін, қол-аяғының саулығына, он екі мүшесінің дін амандығына шүкір етсін деп жаратқан»,–дейді. Солай ма, солай ма еді, жарық Ай? Сырласым да, мұңдасым да сен ғана. Айтшы, өзің айтшы. Сонда, бұл жұрт нені айтады? Мен кіммін осы? Өспеймін бе енді мен, Мәңгілік, мәңгілік бала кейіп пе?

Жылжып, сырғып бара жатқан жарық Айға қол созады ынтығып.

Тоқта, кетпе! Алыстама сен менен. Асықпашы, тыңдай түсші. Өз жасыма лайық қыз болғым келеді. Естимісің, ел қызығар сүп-сүйкімді әп-әдемі қыз болғым ке...л...е...ді... Е...е...й, қашпа менен, қашпа! (ай соңынан жүгіреді) тағы келем терең сайға кездесуге сенімен. Жасқандың ба, неге қаштың жарық Ай? Қорқамысың, сен де менен түршігіп қорқамысың, жарық ай?[635]

Кейіпкер түсінігіндегі Ай – адам тәрізді сезімге ие. Ол естиді, сезінеді, толғанады, адаммен қайғы-мұң бөліседі. Автор балғын қыздың бүкіл әйел затына тән аяулы қасиеттерін осы тұста ашады. Аймен сырласу тұсындағы Ләйлә еркін де ерке, наздана, сықылықтай, жан жүрегімен күледі, назданады, өкпелеп бұртияды. Шексіз арман қиялға беріледі. Өз дене бітіміндегі кемістігін ұмытады.

Ләйләмін... Е...е....ей, Ләйлә-қызбын. Бозбаланы ынтықтырып, тереңсайға қашамын. Мәңгілік бала дейді, мәңгілік бала бола ма екен тірі адам? Сен сияқты көкте болғым келеді. Жер қызығын талақ етіп, Қарауылды мазақ етіп, самғап ұшып саған жетсем, қабыл алар ма едің? Ұнар ма едім мен саған? Ұнатушы едің, жерге қимай «қал, осында қал! Менімен бол» – деп жалбарынып, жалынып қиылар ең өтініп. Иә...иә...сөйтер едің. /мақтанып күледі/ [636].

Ләйләнің Аймен диалогы адам жан дүниесіндегі нәзік қалтарыстарын ашудың құралына айналған. Қаламгер қыздың әрбір сезімдік сәттері мен дене қимылдарын тәтпіштей суреттеу арқылы диалогқа қатысушының бірінің жансыз құбылыс екендігін де байқатпай жібереді.

...Сол күні менсіз, жалғыз өзің қаласың тереңсайда. Келемін, сол күні келіп, көргенімнің бәрін айтам, жасырмаймын ештеңе. Асықпашы, тыңдашы мені. Сенсіз маған қызық жоқ. Сен де айтшы «Ләйләсіз Қарауылда тірлік жоқ» деп. Айтшы! Дірілдейсің ғой, сөйлеп тұрсың ба, жылап тұрсың ба? Сен де жылаймысың? Сенде де мұң бар ма еді, жарық Ай? Қуанайық, кел! /Ләйлә Айға қол созады/ Кел қуанып, жыласайық.

Ләйлә. (Жарық айға қарайды) Ғашықпын мен... ғашықпын. Мауқымды бас, үнімді өшір, жарық Ай. Жасыр мені, Құмар-сүйемін сені, ғашықпын саған. (Жерді ұрады, тұншығып жылайды. Айға қарайды.)[637]

Алайда, жаны жалқы жас қыздың бұл қуанышы да ұзаққа бармайды. Жан-жағын жайлаған арсыздық пен ашкөзділік Ләйләні сүйікті сырласына айналған Айдан да, кіндік қаны тамған жері Қарауылдан да ажыратады. Трагедиялық халді асқындырып көрсету үшін Ләйләнің туған жұртына деген қарғыс-наласы пайдаланылған.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 124; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.007 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты