Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Екеуі де туғанда нысаналы 5 страница




Халық болып тұру үшін аса маңызды екі ұғымды қастерлеу – ежелден келе жатқан салт. Олар: басқаға бодан болмай тәуелсіздік рухын сақтау, екінші: туған жердің топырағына тыс күштердің табанын бастырмау. Драматург Абылай ханның да осы халықтың қағиданы берік ұстанып, өз тұсында одан әрі тереңдете түскеніне ерекше мән береді.

Абылай. Мойнымызды созсақ, ноқтаға басымызды тосқандық емес. Жаумен жағалассақ басымыздың бостандығы, еліміздің еркіндігі үшін алыстық. Еркіндігінен айырылған ел – елдігінен де айырылды. Құлдықтың қамытын киіп, қор болады. Құлдыққа көнген ел – өлген ел. Ар жағында адамдық емес, азғындық қалады. Ішкен-жегеннен басқаны ажырата алмайтын аңға айналады, жанымызды жалдап, тісімізді қайрап, жанталасып жүріп ғұмыр кешсек, құл болмаудың қамы шығар, Әулием. Немесе «Жерсіз ел болмайды. Жерден айырылғаның – елден айырылғаның. Ел мен жерге иелік етем десең қопаңдамай құйрығыңды бас, кент сал. Өзің салмасаң, өзгелердің саларын ұқ. Ұлы далаңнан ұлтарақтай жер қалдырмай туырлықтай тілгілеп, талапайға саларын біл. Үлеске түскен жеріңе басыбайлы бауыр басып, меншікті мекені қылып, аларын түсін»1.

Шығармадағы Абылай тұлғасы өз халқының қате-кемшілігін танып біліп қана қоймай, қауіп-қатердің неден, қайдан келетінін алдын-ала сезе білетін сәуегей, болашақтың бағдарын болжаушы ретінде де дараланады.

«Қазақ – бар өмірін бір күндік тірлігімен өлшеп-пішіп, күн кешетін халық. Ұйқысы қанып, тамағы тойса, болашағын ойлап, бас ауыртып, балтырын сыздатпақ түгілі құдайына құлшылық қылудан жаңылып қалатын қаперсіз жұрт. Айтпасқа лаж да жоқ. Жайшылықтағы өрлігі мен ерлігі, намысқойлығы мен асаулығы жәйына қалып, мимырт тірлігін күйттеп, қой аузынан шөп алмас момақан қалыпқа біржола көндігіп, қамсыздықтың қамытын киіп жүре беретіндеріне қайран қалам. Қашан біреу келіп сүңгісін сұғып, қанжарын қадағанша бас көтеріп отырып, тырп етпесе, қане. Халқыңның осы бір керенау мінезін көріп отырып, ұнжұрғаң түседі. Бір жағынан қорланасың, бір жағынан ызаланасың. «Қалайша осындай болды?», «Бұлар неге бүйтеді?» деп жаныңды жеп, өзіңді-өзің мүжисің. Бара-бара түңілесің. «Қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі» – деуші еді ғой...

Бірақ бір өкінішті жері – сол айдыны мен айбарын алдаспандай жарқылдатып, қас пен досқа бірдей сілтеп, алды-артын ойламайтын адыр жұрт... Өзгесін өзге дейік, әншейінде өзді-өзімен өттей өш қазақ, өгей көрсе өбектеп өзегін үзіп беруге даяр... Бұ қылығы қай қылық?.. Ақылсыздығы ма, аңғалдығы ма?2...

Драмада эпизод түрінде болса да, ел-жұрт үшін ат ауыздығымен су ішкен ауыр күндерді басынан кешірген ерлердің өмірінен дерек берілген. Мысалы: Малайсары батырдың қапылыста оқ тиіп, сауытының жыртық жиегінен тиген оқ бел омыртқасын опырып кетеді. Қатқан сүр ет бермей қарап-баққанда ала қоржын түбіндегі қатқан қазысынан бір тұтам жеймін деп ілініп тұрған шегінің бүтіндігін бұзып алған Малайсары батырдың ажал алдындағы әзіл сөзі арқылы драматург Абылай хан маңындағы батырлардың биік тұлғасын да еске салып өтеді. Жинақтай келгенде айтарымыз: пьесадағы Абылай образы фольклорға тән көркемдік жинақтау арқылы сомдалып, фактілер мен оқиғалар айтушылар мен тыңдаушылардың қалауы тұрғысынан баяндалған. Өйткені, шығармада Абылай ханға қатысты жағымсыз жәйт қосылмаған. С.А.Қасқабасов XVIII ғасырдағы аңыздардың жанрлық ерекшелігінің бірі халық бұқарасына жасаған хан қиянатының да бейнеленетіндігін Абылайдың Жағалбайлы жұртын жазықсыз шауып, осы қақтығыста оның Айтолқын атты қызының қаза болуы, Жағалбайлының жасақ алып, ханға қарсы шығуы сияқты тарихи деректермен дәйектегені белгілі1. Ал, М.Байсеркенов мұндай жәйттарды өз мақсатына сай шығарма сюжетінен қалыс қалдырып, ханды мінсіз етіп суреттеуді мақсат тұтқан.

Ал Қ.Мырзалиевтің «Жаралы жолбарыс» пьесасы Махамбет Өтемісұлының трагедиялық өлімін суреттеуге арналған. Пьесада осы халге жеткізген әлеуметтік қақтығыстар хан мен халықтың, билік пен батырдың арасындағы бітіспес қайшылық Баймағамбет пен Махамбет образына жинақталған.

Мұнда қаламгер байырғы классикалық эпостың жеке батырды бәрінен жоғары қоятын көркемдік үрдісін қолданады. Батыр ешуақытта өлмейді, өйткені, оның жаратылысында, іс-әрекетінде тылсымдық құдіреттің қасиеті бар дейтін эпикалық сана дәстүрін драматург Махамбет образында қайта жаңғыртқан. Бұл Махамбет өлімінің негізгі себепкері болғанымен, жанына тыншу болмаған Баймағамбеттің монологы арқылы кестеленген. Әрі ел үшін туған ерін жадынан шығармайтын халық эстетикасының тарихын пайдаланған.

Баймағамбет:

Көпке жеңіл-ауыр екен дараға,

Кермек ойлар... тұз себеді жараға.

Күдігім бар,

Күдігім бар, Жаратқан

Кім бақытты:

Хан ба?

Әлде қара ма?!

 

Махамбеттер болғанда елдің ұйытқысы,

Халық үшін атандым мен ит кісі.

Мен – сұлтанмын,

Бірақ менде маза жоқ.

Анау – жарлы,

Тыныш бірақ ұйқысы!

Сен – өлген! Сен – өлген!

 

немесе

О, Жаратқан! Өзің қолда! Мақұлда!

Өлмейтіндей не сиқыр бар ақында?!

Өңім бе бұл?

Түсім бе бұл?

Не пәле?

Әлде осы мен жаңылдым ба ақылдан?!

 

Солқылдайды мына басым сан ойдан!

Сенің басың орнында тұр,

Бірақ та

Мен өлдім бе?

Сен өлдің бе?

Соны ойлан!1 –

 

дейтін жолдарда батыр тұлғасында мәдени қаһарманның тәңірлік жаратылысына, яғни мифтік құдайларға жақындық бар дейтін түсініктер жаңғырған. Яғни «батыр отқа салса жанбайды, суға салса батпайтын» қаһарман дейтін ойдың сілемі сақталған.

А.Байтұрсыновтың: «...бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болған да, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме. Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған»2 – дейтініндей, Махамбет ерлігі қазақ даласындағы батырлық рухтың ақырғы тұяқ серпілісінің бірі.

Баймағамбет патша үкіметінің жымысқы саясатын қазақ арасына амал-айламен енгізудің жолындағы халыққа жат бейне болса, Махамбет қазақ қамын ғана емес, ел билігіндегілердің азғындық, сатқындық мінездерін әшкерелеуші. Махамбет әрекетінің мәні:

 

Мен қазақты өзге жұрттан кем демен,

Күш-қуатты бірдей берген пендеге.

Біздер неге бола алмаймыз тәуелсіз,

Әскер! Әскер!

Жоқ біздерге ол неге?

 

Кімге керек, төре, сұлтан болғаның,

Өзің ғана еркін көшіп қанғаның.

Осы сіздер өкілісіз ғой жұрттың

Кім ойлайды қазақ қамын?

Ел қамын!3

 

Пьесаның негізгі тартысы – осы жерден басталады. Түрлі өсек-жаланы жауып, Махамбетті орысқа жаман көрсетудің айла шарғысы қарастырылады.

Бір ғана әлеуметтің (қазақтың) ішкі қайшылығын жырлау эпикалық сана үшін жат. Алайда, «Алпамыс батыр» жырындағы Ұлтан құл тәрізді ел ішіндегі бүлдіргі әрекеттер батыр мен елдің арасында алшақтық (сапарға кетеді, т.б.) болған жағдайда ғана орын алады. Ал әлеумет мүддесін өз мақсаты үшін пайдаланып, ел батырына ажал құштырған қарау мінез иелеріне деген халық наласы «тірі-өлік» бейнесіндегі Баймағамбет психологиясы арқылы шебер өрілген. Ол өзінің ынсапсыз билік құмарлығының, сатқындық сұрқиялық мінездерінің құрбаны. Сондықтан трагедияда Махамбетке шын ор қазған кім, қанішердің қолтығына су бүркуші кім екендігіне айқын көңіл бөлінген. Баймағамбет зымияндығының ширыққан тұсы – Махамбетті өз туысына өлтірту.

 

Әмірімді тыңдайды елім, ол тұрсын.

Махамбетті осында айдап келтірсін!

Жоламасын төре менен төлеңгіт!

Өлтірсе де өз туысы өлтірсін!

Өтірікке қашан да су жұқпайды.

Біреу айтса,

Біреу сеніп құптайды.

Бір ауылдың жері өртенсе,

Махамбет

Неге соны өртеген боп шықпайды?!

 

Өсек сөзге май құйыңдар,

Жағыңдар!

Адам шошыр сұмдық ойлап табыңдар.

Ойда жоқта біреу-міреу мерт болса,

Оны да сол Махамбетке жабыңдар!1

 

«Қашанда басқаға дұшпандық, жамандық ойлаған зұлым әдіс-айла талғамайды: оған ашық майдан, жасырын, жымысқы жол – қайсысы кезіксе де бәрібір. Кісінің айтқан сөзін, жүрген-тұрғанын түгел бағып, бір суыртпағына дейін қалдырмайды, жарғақ құлағы жастыққа тимей, иесіне берілген ит секілді құйрығын бұлғаңдатып, жымып келіп, хабарлап тұратын тыңшы, тіміскі дегендері болмақ. Ондай сілімтіктерді алыстан емес, жақын-жуықтан, өз маңынан, тіпті, ағайын-туысынан, бауырласынан тапса, тіпті, олжа. Күндестік, күншілдік, бақталастық дертіне шалдыққан қаныпезер әкесін, баласын, қандас туысын, үзеңгі жолдасын құрбандыққа шалып жібергенде, жүзі жанбай, қылаң ұрып жүре бермек – мұндайдың тарихта қанша мысалы бар2.

Жалпы, «Жаралы жолбарыс» трагедиясының негізгі оқиғасы жақсылық пен зұлымдықтың тартысы арқылы өтеді. Мұнда «Халық – тән, батыр жан есепті» дейтін ұғым басым. Әділет таразысының басында халық тағдырын өз өмірінен жоғары қойған Махамбет тұрса, екінші басында қарау, қорқақ, ел мүддесін сатқан Баймағамбет, хазіреттер тұр. «Ел ауырын ер көтерер» дейтін қазақ ел басына қиын-қыстау күн туғанда басын қатерге тіккен батырын бәрінен биік қояды.

Трагедияда хан ордасы мен батыр арасындағы қайшылық мүдде алшақтығынан туындайды. Махамбет халық қорғаны, халық бостандығы жолындағы күрескер. Билікке жақпағанымен, халық үшін аяулы. Өйткені, ел де ерлік рухты ардақтайды. Бұл жөнінде «Елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды. Елде бар рухты ақын ықтимал дәріптеп, күшейтіп, көпіртіп, көркейтіп айтуы. Бірақ жұртта жоқ рухты ақын өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды1, – дейді А.Байтұрсынов.

Бодандыққа бой ұсынғысы келмей бұлтарған Абылай мен Махамбеттің өр мінездерінде тұтас қазақ халқының еркіндік, бостандық, тәуелсіздік жайлы ой-армандары жинақталған.

Махамбеттің даусын сөйлету арқылы автор ел, халық тілегі, Махамбет жағында екендігін білдіріп, Баймағамбет бастаған билеушілердің опасыздығын әшкерелейді. Алайда, Қ.Мырзалиев бұл тұста өзгелерден ерек көркемдік шешімге барған. Алысып, аңдысқан жауын қапыда мерт еткен Баймағамбеттің өзінің жан азабына тереңдей бойлап, тірі болғанмен рухы өлген жанға баланады. Ал Махамбет рухының мәңгіліктігін аруақ дауысы арқылы білдірген. Яғни, дауыстың көне магиялық мәнін көркемдік амалға айналдырған. Тартысты үсті-үстіне ширықтырып, психологиялық дағдарысқа жаңа түрткі беру, сөйтіп қаһарман келбетін кескіндеу – автордың айқын қолтаңбасы. Батыр – ел тәуелсіздігінің қорғаны ғана емес, сол жолда жанын құрбан етуге даяр ұл.

Махамбеттің дауысы:

 

Тағы айтамын:

Қорқытпайды мені өлім!

Халық үшін бәріне де көнемін,

Халық үшін бәріне де төземін.

Келе жатқан бір дәуірді сеземін,

Азаттық деп өртенеді өзегім!2

 

Махамбет – бұғып өмір сүруді ар санайтын батырлық мінез иесі. Өлімнен батырлықты, намысты биік қоятын ер жүрек жан.

 

Жұмыр басқа мейлі ғой:

Қайткенде де бір өлім.

Күнұзаққа әйтеуір

Қобалжиды жүрегім.

Қашып жүрген қарсақтай

Қалай өмір сүремін?!3

Қаһармандық эпостағы батырдың жеке өз басының ержүрек, батыл болғаны жеткіліксіз, оның сол ержүректігі мен батылдығы ел игілігіне, әділетсіздіктен жапа шеккендер мен жаудан жәбір көргендерді құтқаруға жұмсалуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, батырдың батырлығы ел тағдырына қатысты маңызды оқиғамен өлшенеді1.

Қателеспе, нарқоспақтың баласы!

Бітпек емес хан мен халық таласы.

Мен өлгем жоқ!

Басым шауып алғанмен,

Қайта туар қазақ мені далада!

 

Бүгін сенің,

Ажыратып мені елден,

Күнің шығып қуанышқа кенелген.

Басым менің бөлінгенмен кеудемнен,

Мен емеспін!

Мен емеспін! –

 

дейтін жолдар арқылы аруақтың мәңгі өлмейтіндігі жайлы түсінікке қоса батырлық рухтың өшпейтіндігі жайлы халық идеясын ұстаным еткен. Бұл «Ер ел үшін туып, ел үшін өледі» дейтін қағидаға сәйкес. Зұлымдық пен жақсылықтың бітіспес қайшылығы – бір халықтан шыққан екі адамның болмысына жинақталған. Зұлымдық жақтаушысы – Баймағамбет, жақсылық символы – Махамбет.

Махамбеттің дауысы:

 

Құрбаным болады деп келесі,

Есеңгіреп,

Жия алмай тұр Ел есін.

Қару жұмсап керегі жоқ,

Құсадан

Көп кешікпей-ақ сен өзің-ақ өлесің!

 

Қажеті не кісі өлтіріп дандайсып?!

Тағдыр мына қандай зұлым!

Қандай сұм!

Махамбетке қойдың өмір сүргізбей,

Махамбетсіз өмір сүре алмайсың!

 

Жендеттікпен жете алмайсың мұратқа!

Мініп кеттім мен бір ақ боз пыраққа!

Доссыз өмір сүре алады мықтылар,

Қассыз өмір сүре алмайды бірақ та!

 

Осындағы «ақбоз атқа міну» ұғымы да Махамбет рухының өлмейтіндігін білдіретін көркемдік тәсіл. Алайда ол көне фольклорлық таным – түсініктерінен фольклорлық поэтикаға айналған.

Көшпелі – малшылықпен айналысқан жұрттардың тек осы өмірінде ғана емес о дүниелік өмірінде де ат үлкен рөл атқарады.

Қазақстан даласының әртүрлі өңірлерінен табылған қазба деректердің бәрін де атымен бірге көму орын алған. Атының кекілін кесіп, тұлдау, жылында сою алдында атпен көрісіп жылау сияқты рәсімдер осы дүниені о дүниемен теңестіру түсініктерінің сәулесі..

Сондай-ақ жеті атадан кейін үйленуге рұқсат алу үшін боз қасқа шалу, әйел толғатқанда ақ шағыр атты шыңғырту арқылы әсер ету, хан сайлағанда – боз биенің сүтіне шомылдыру т.б. ұғымдардың әрқайсысының семантикасы бар.

Ақ боз ат ұғымы тек түркі халықтарында ғана емес үнді европалық, түркі, моңғол халықтарына ортақ.

Көшпенділерде ат қашсаң құтқаратын, қусаң жеткізетін көлік.

– Батырлар жырында сенімді серігі, қауіптен қорғар көмекшісі. Драмадағы өзі өлсе де ақ боз атқа мініп кеткен Махамбет рухы мәңгі биік.

Өйткені «Трагедия –адам жанының терең күйін шертеді, оқушы мен көрерменді небір асыл ойларға, философиялық толғаныстарға бойлатып, ұшқыр қиял әлеміне алып кіреді. Трагедияда махаббат та, өштік пен қастық та – бәрі де, ерекше ұлғайтылып, әсерленіп көрсетіледі.1

Трагедияны жазу үстінде автор М.Өтемісұлы поэзиясының стихиясын да молынан пайдаланып, фольклорлық арнау, толғау формаларын да кәдеге жарата білген.

Махамбет (зарлы әуенмен)

 

Қоғалы көлдер, құм, сулар

Кімдерге қоныс болмаған?

Саздауға біткен құба тал

Кімдерге сайғақ болмаған?

Басына жібек байлаған

Арулар кімнен қалмаған?

Таңдап та мінген тұлпарлар

Иесін қайда жауға салмаған?

Құландар ішпек Бұршақ қақ

Кімдерге шәрбет болмаған?

Садағына сары шіркей ұялап,

Жау іздеген ерлердің

Қайда басы қалмаған?!

Мына жалған дүние

Кімдерден кейін қалмаған?!

У-уф!

Кімдерден кейін қалмаған?!1

 

М.Байсеркеновтің «Абылай аманаты» трагедиясының сюжеттік қаңқасын ұстап тұрған тәсіл екі адамның диологы. Бірі қазақтың қабырғалы ханы – Абылай болса, екіншісі Абылайдан да бұрынғы хандарға кеңесші болған, көнекөз қарт жырау – Бұқар. Абылайдың әрбір сөзінде қайталанатын «әулием» деген қаратпа сөзге терең фольклорлық семантика сиғызылған. Түп-тамыры бақсылық ұғымдағы «кие» құдіретпен ұштасып жатқан жырау ұғымы түрлі қасиетке ие. Шығарма мазмұнындағы ханның өзін қаһарынан қайтарып, жөн-жосық бағыт-бағдар сілтеп отырған жырау сөздерінде көпті көрген көрегендіктің, өмір тағылымын мол түйген даналықтың, жалпы халықтың көзқарасы жинақталған. Сен қызбасың, Хан ием... Өстіп ашып айтпасам, қосып айтқанда кұлақ қоймайтын өрлігің бар ғой... Бұқарды тағы бір сыйлағаның болсын, тек асаулыққа, батырлығыңды – тасырлыққа алмастырып алатын асығыс әдетің бар. Ерлік – есерлік емес... Ерлік пен өрлік – екеуі екі дүние, Хан ием. Ел басқару – ертегі айту емес... Екі жүзді алдаспанды асынғанмен пара-пар. «Өткір қанжар қынға қас, аса қайрат жанға қас» – деп бұрынғылар бекерден бекер айтпаған болар... Жоңғарлармен жұлқыса-жұлқыса сілесі қатқан селдір қолды селкеуі түспеген сақалдай сай самсаған сары орысқа айдап салып, «Ақтабан шұбырындының» аяғын құшып, сан соқпайық деген шығармын. Мен айтсам, соны айтсам керек-ті...2

Жырау мен ханның бірде бәсеңсіп, бірде өрши түсетін ішкі драматизмін ширықтырулар арқылы автор тартыс арқауын босатпайды.

Драматург Бұқар жыраудың хан қасындағы бітімгер биі ғана емес, ел басына төнер қауіпті алдын-ала сезер, көріп сақтандырар көріпкелдігімен де көмек еткенін мына диалог арқылы аңғартады.

Абылай /бұрқ етіп/. Өкпеден де, өкініштен де құр емеспін. Өкпем өзгеде емес, өзіңде. Жоңғарды жеңгенімізді көріп, орысың да, қытайың да қылпыдап-ақ қалып еді. Амал қанша, тап сол тұста екеуінің бірімен мүйіз айқастырар кезеңнің сәті түсіп-ақ еді-ау. Бір шайқасып қалғанда тым болмаса жүректерін шайлықтырып елдің бетін, жердің шетін байқап басатындай тәубасына келтіретін едік. Етектен басып, еркіме жібермеген сенсің. Өкпем осы. Өкінішім – қос өкпеден қысып тыныс алдырмауға бет алған дұшпандарымды көре, біле тұрып, айбар қылмай абайсыз қалғаным.

Бұқар. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» деген мақалды да есте ұстаған жөн. Хан ием... Хан мен жыраудың ақыл мен парасатқа толы ой қақтығысынан шындық туып жатады.

Себебі драмалық шығармада өмір шындығы адамдар арасындағы терең тартыс арқылы көрсетілгенде ғана, оның көркемдік қуаты, әсері ерекше күшті болмақ. Драмалық идеяның мазмұны тартыспен байланысты. Алайда драманың өзіндік сипатын тек тартыстың мазмұны ғана айқындамайды, жанрдың айрықша және бір ерекшелігі бар: бұл – драманың адам тағдырының драматизмін көрсетуі. Кейіпкер драмалық халге душар болады да, осыдан жөн тауып шығу жолында басынан талай-талай қиыншылық кешеді, қилы-қилы кедергілерге кезігеді, осы сапарында қателесуі де, сүрінуі де ықтимал, бірақ ол өзі көздеген мақсатқа жету үшін ұмтыла береді1.

Пьесадағы аса бір көңіл аударарлық тұс: – хан мен қарт жыраудың ордаға баса-көктей келген елшінің аптығын басып, өз елінің заң-қағидасын сақтауды талап етуі. Екеуінің де қазақ ұғымындағы үй, орда ұғымына қатысты киелі түсініктерді қастерлеп тыстан келгендерден де соны талап ете білуінде туған жұртының ғасырлар бойы ұстанған ұғымдарына адалдық жатыр. Екеуі де соның заңды мұрагерлері ғана емес, жақтаушысы, қорғанышы сипатында көрінеді.

Сейіс. Алдияр, қазақ ханының есігін еркін аттайтын Ресей патшалығының ерекше хұқы бар, бұл ел бізге бодан болған деп орыс елшілері көкіректерін қағады!

Бұқар. (шамданып). Әй, Сейіс, малтаңды езіп сандалып тұрғаның не, өзіңнің «Көкірек қағады» дегенше, кеудесінен неге итеріп жібермейсіңдер? Басындырып қойып, бәйек болатындарың не? Елші болса, қайтейін? Шаңыраққа қарасын!...

(Ашуын баса алмай). Жоғы, тіпті, келмей жатып, төр менікі деп... Жөн-жоба, әдеп деген болмаушы ма еді?.. елшілік деген мына бізден қалған. Көргенді елдің көсемдігін көрсетіп келген ізіміз бен кері қайтып жүре беруші едік. О заманда бұ заман барған елінің босағасына бүлік салып, кереге бойы кергілес іздегенді кім көрген? Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан демекші-екпіндері Ертіс бұзып, ел тонағандай екен, елші емес жаушы болып жүрмегей2...

Абылай. (бетінен түгі шығып). Өрескел сөйлеп, өктемдік көрсеткен елшіге екі ердің құнына лайық айып салынады. Ердің құны-жүз жылқы. Бұл бір. Екінші: «есігіне еркін енетін хұқым бар» деген сөзін Ресей патшалығы қазақ жерін тік көтеріп көшіріп алып кеткен күні айта жатар. Үшінші: осынау аспан тектес алып даланы алдыма өңгертіп алып кетем деп ат үстінен еңкейген талай-талай әумесерлердің өңмені үзіліп, сүйектері осы жерде қалған. Жер иесі-Қазақ, ханы-Абылай! Екі елшіге де осыны жеткізіңдер.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 416; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты