Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Екеуі де туғанда нысаналы 7 страница




Драматург ханның өлер алдындағы сөзіне және оны ақырғы сапарға жөнелтудің қалыптасқан заңдылықтарына ерекше мән берген, олар: аманат сөздің айтылуы, араздасу, жан шыққан соң жағын таңу, көзін жабу және жоқтау айтылу.

Халық дәстүрінде өлер алдындағы айтылған аманат сөз орындалуға тиісті. Ол – ақырғы сөзде марқұм жанының бір бөлшегі сақталады және онда сөздің магиялық күші бар, ол орындалмаса аруақ ұрпағына, тірілерге назаланып жауығады деген түсінікпен тамырласып жатыр. Автор ғасырдан ғасырға жеткен осы дәстүрді бүгінгі жұрттың жадында қайта жаңғыртады. Тәуелсіз қазақтың санасына салмақ салады.

Шығармадағы ажал символикасында – Абылайдың жеке тағдыры мен бірге өзі қырық сегіз жыл басқарып, жетелеген жұртының да қыл үстіндегі тағдыры тұтастандырылған.

«Егер менен драмада ең басты нәрсе не деп сұраса, тіл – дер едім. Тіл – драмалық шығарманың өзіндік қасиетін білдіретін басты қаруы. Оның қуаттылығы да, әлсіздігі де тілінен көрінеді», – деп жазады аса көрнекті кеңес драматургі К.Тренев[652].

Трагедия кейіпкерлерінің репликаларында, монологтарында мақсатсыз айтылған бос сөз болмайды, әр сөздің мазмұнынан кейіпкердің ішкі күйі, ой-санасының дәрежесі, әл-қуатының шамасы аңғарылып отырады.

Абылай хан дертінің өзін екінің біріне емес, қарт жырауға ғана тұспалдап білдіреді. Абылай мен Бұқар диалогында ертегілік поэтикаға тән фольклорлық тәсіл сюжет ішіндегі өткен оқиғаны еске түсіру әдісі қолданылады. Мысалы: бір алапат айқас кезінде жараланған Малайсары батырдың тапқырлық әңгімесін еске түсіру арқылы батыр-хан өзінің қазіргі хал-күйін баян етеді.

«Сонда менің сөзімді естіп жатқан Малайсары батыр: «Әзірейіл, шіркін, бұл қайда жүр өзі дей беруші едің. Сөйтсем, ала қоржынның түбінде бұғып жата берген екен. Сөйтіп амалын тауып, айласын асырып алмаса, біздей кісіге бадырайып келуге оған да жан керек қой», – демесі бар ма... Сол Малайсары батыр айтқандай, Әзірейіл, шіркін, ет пен терімнің ішінде бұғып жатпаса не қылсын»[653].

«Стильдің көркемдігін анықтайтын заттық деталь кейіпкердің образын да, ішкі жан дүниесін де, түйсіктегі құпия қатпарларды да тереңнен танып, жан-жақты ашуға көп көмегін тигізеді»[654] дейді ғалым Г.Пірәлиева. Пьесадағы «Ат шаптырым Ақ Орданың ішінде жапа жалғыз. Үстінде зерлі бешпент, белінде кісесі бар жалпақ күміс белбеу. Сыртынан сусар жағалы суырлатқан тас орнатқан алтын жиекті айыр қалпақ. Оң қолында інжу-маржан, лағыл-зүмірат, меруерт-ақық оюланған аса таяқ»[655] дейтін сипаттаулар хандық дәуірдің сән-салтанатына тән тұрмыстық суреттер.

Осы пьесаның тіліндегі көркем ауыстырулар ұлттық тұрмыс-тіршіліктің таза табиғатынан туындап жатады. Ол хан мен жырау өмір сүрген кезеңінің тілдік қолданыстарымен қабысып тұр.

Мысалы: Қазақтың табиғатын бұғалыққа бой үйренбеген асауға балау, мінезін құрық көрсе, құбыжық көргендей айға шапшитын асау деп суреттеу, т.б.

Трагедияның тілдік кестесіндегі фольклорлық өрнектер халықтың әсіресе, жылқыға қатысты ұғымдарының көркем образда жұмсалуынан айқын көрінеді. Мысалы: Қазақтың отаршылдықтан бұрынғы еркін, тәуелсіз кезі бұғалық көрмеген басы асау арғымаққа теңелсе, ал жігерінен айырылып – жуасыған кезі жабыға баланады.

Көркемдік ауыстырулар негізінен хан мен жырау диалогының мазмұнынан орын алады.

Себебі, «...Диалог арқылы кейіпкерлердің ішкі сыры аңғарылады. Яғни әр кейіпкердің сөз саптауынан, оның ой-толғанысынан, сөйлеу өзгешелігінен оның жан дүниесі айқын елес береді. Жазушының шеберлігі де әр кейіпкерді мінез-бітіміне, ой-өрісіне орай сөйлетуінен көрінеді»[656].

Хан мен жыраудың сөз жарыстыруларындағы қасқыр ұғымы «жыртқыш», «қорқау» мазмұнында жұмсалады.

Мысалы:Абылай /ащы мысқылдап/. Қыр астынан ұлыған қорқаудың үнін еститін Бұқарекеңде де құлақ бар шығар деп сыбырлады.

Бұқар. Үйің күйгірдің үні қай қырдан естіледі? Жатағын аңғара алдың ба? Қай жағымнан ұлиды? Терістігімнен бе? Түстігімнен бе?

Абылай. Аш қасқыр аштығын айтып ұлыса, тоқ қасқыр қастығын айтып ұлиды емес пе? Түстігің «ашпын» деп шапса, терістігіңнің «қаспын» деп шабарын білмейсің бе? Қасқыр қашанда қасқыр, қой емес[657].

Сондай-ақ халық басындағы аумалы-төкпелі халді «енді таңы атып, күні шыққан қазақтың басына бұлт үйірілді», «Ауған түйенің жүгіндей әрі аунап, бері аунап, күн кешу», ханның дерт меңдеген сәтін: «тар жерде тақым жаза алмай, арқандаулы аттай айналып, ор жағалаған халге теңеу: екі жақты қыспақта қалған қазақтың қалпын: «Қалың тазының қамауында қалған қоянға» балау да трагедияның көркемдік қуатын арттырып тұрған дәстүрлі оралымдар.

Қаламгер хан мен жыраудың кезектесе сөз жарыстыруларын түгелдей күрделі ойларға құрып, тұспал, меңзеу, ауыстыру, көріктеудің небір түрлерін пайдаланған. Әсіресе көшпелі мал шарушылығына қатысты сөздер мол қолданылады.

«Сен екеуміз кезең аузында кезек тосып жүргенде, өзге жұрт кезеңнен баяғыда асып кеткен. Сартап жұрттың көңін иіскеп, тезегіне қақталып, қой шетінде қасқырмен айтысып өмірін өткізген біз шығармыз»[658]. Әсіресе, жылқыға қатысты әбзел-сайман, жабдықтар да кең бейнелілік мағынада қолданылған.

Мысалы: тізгін – билік, шылбыр – халық бейнесінде тұспалданады.

«Тізгіні менде болса, шылбыры сендерде емес пе еді? Мен тізгін қақсам, сендер шылбыр тартып, ерік бердіңдер ме?» дейтін толғамдар мен, «Жылан шақпай, жылқы теппей, жабықтан күні жарқырап, таулардан суы сарқырап тегін жатқан теңдігі бар ел» деп бейбіт өмірді бейнелесе, «кіріптарлықтың ноқтасын кию», «Қабырғадан қан кешу, қан жұту», «Қамсыздың қамытын кию», «Қазақ қара дауылға қарсы топырлай шауып, қайыру бермес қара нөпір жылқы тәрізді қазақ», «Белбеуден ат кетпейтін, беліңнен қылыш өтпейтін кезең» дейтін айшықты тілдік құралдарда да фольклорлық мағынаны авторлық стилде қолдану арқылы пьесаның көркемдік қуаты күшейтілген.

Халық батырлары мен сыртқы жауларды сипаттау да дәстүрлі антитезаға негізделген. Мысалы: қытай мен орысты: сахараның саумал самалы мен жұпар даланың жусан иісіне танауын төсеп аласұрған, жерімен қоса қалың қазақты қабат қылғытқанда қақала қоймайтын аждаһаға теңесе, ал ел басқарып, халық қамын ойлаған батырлар мен хандарды аждаһаның өңменінен оңай өтпейтін атан жілікке балайды.

Қазақ даласының кеңдігін: арқыраған арғымақ мініп, садақтың саржасындай сары қолды бастап, қырық жыл қырғын салған кермиық дала – деп сипаттап, елге төніп келе жатқан қауіп-қатердің қатерлі зардабын «Шортан судан безіп, қарағай басына өрмелеп аң аулағанда... қотан толы қой-қозы көлге сүңгіп балық болып кетпегей...» дейтін астарлы оймен жеткізеді.

Шығармада «Қуықтай басы бүріскен, ешкідей көті шүрішкен» көрер көзге оп-осал сияқтанса да, қулығы көз жеткізбес терең құрық бойламайтын көрінеді», – деп қытайдың портреттік, психологиялық мінездемесі берілсе, «көрпе көктейтін көк инесі жоқ көшпелі қалмақ» деп, қалмақ жұртының тұрмыс тіршілігі астарланған.

Хан мен жыраудың ақыл-ой кемелділігі мен тіл шешендігін бедерлейтін, күрделі сөз саптауларда да аз сөзге көп мағына сиғызылған. Өлеңдік ырғақ, ұйқас драманың эстетикалық әсерін күшейте түскен.Мысалы:

«Алдынан – ел, билігінен – жер кету. Бастан – бақ, астынан – тақ кету». «Құдайдан қан шықпайды, ханынан жан шықпайды», «Ханы сабылса, елі сабылады», «Мен ерте білсем, елім ере білді. У ішсем – у ішті, су ішсем – су ішті», т.б.

Автор поэтикалық риторикалық сұрақтарды да үдемелете отырып, негізгі кейіпкердің түпкі ой-арманын аңғартады.

Е, безгелдек... Қалың тазының қамауында қалған қоян құсап, қызыл көтен болып жүрмесек жарады... Апыр-ау, сонда бұт тіреп, бұлтарар жеріміз қайсы?...

Орыс – орманына, қытай – қорғанына бас сұқтырар ма?.. Қайтпек керек?.. Көш бетін қайда түземек керек?..

Алда-жалда ала туы құлап, шаңырағы қисайып қалар күн туса, бұл халыққа кім ие?.. Айдынынан, Абылайдан айырылған елдің күні не болмақ?[659]...

Драмада халық тарихындағы елеулі оқиғаға баға беріліп, типтік жағдайларды топтастырып беруде қазақ мақал-мәтелдеріндегі топшылау, қорытынды жасау ұғымдары орайын тауып қолданылады.

Мәселен: «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады», «Қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі», «Сыр алдырса, сыны кеткен болаттың», «Атасын жамандап бала озбас, халқын жамандап дана озбас», «Адал болсаң ант ішпе», т.б. «Түс-түлкінің боғы», «Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қомпитып», «Бөдененің үйі жоқ, қайда барсаң бытпылдақ», «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады», «Аурудың алдын алмасаң, ажал табасың» – дейтін түпкі, тура мағынадағы мақалдармен бірге астарлы, ауыспалы мағынадағы мәтелдер де шеберлікпен қолданылған.

Сондай-ақ, «Өткір қанжар қынға қас, аса қайрат жанға қас. Өткен күнде белгі жоқ», «Өткеннің де дұрысы болған, бүгінгінің де бұрысы аз емес» дейтін құрылымы өзгеріп қолданылған мақалдар да заманның ауысуы өмірдің бұлжымас заңдылығы, әр дәуірдің өз үні бар дейтін ойды ұқтыруға пайдаланылған.

Хан өзінің қазіргі халін «бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтар» деп суреттесе, уақыттың үздіксіз зымырап өтіп жатуы мен заманның бірқалыпты тұрмайтындығы, өткен өмірдің айналып соқпайтындығы «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп бейнеленеді[660].

Мұның барлығы аса ауқымды мәселелерді астарлы, ашық мағыналы аз сөзбен ұқтыру арқылы тарихи трагедияның тартымдылығын күшейткен.

Ал: «Сынаптай сырғу», «Қар жастанып, мұз төсеніп, күндіз-күлкі, түнде ұйқы көрмей жортуылдау», «Бір-біріне жұлдызы ыстық адамдар», «Көкірегіне көң болып қатқан өкпе-наз», «Өкпесі қара қазандай болу», «Көзі жұмылу», «Итжығыс заман», «Белбеуден ат кетпейтін, белінен үнемі қылыш түспейтін кезең» «Жаңбырдай жауған жебелердің тасқыны», «жанын жалдап, тісін қайрап күн кешу», «Қазақтың ұпайын түгендеу», «От баспай, суға ақпай, аман-есен сақал-шашты ағарту», «Малтасын езу», «Құлдыққа көнген ел – өлген ел», «Елдің бұйдасын бөтенге бермеу», «Ескі сүрлеуді еске түсіру», «Қос өкпеден қысу», «Жер қауып қалу» сияқты фразеологиялық тіркестер де терең мағыналы ойларды ықшам жеткізудің амалы.

Сондай-ақ пьесадағы қазақтың ежелгі шешендік өнеріндегі билік айту дәстүріндегі ойдағы образдылық, қысқа сөзге көп мағына сыйғызу жанрды, әрлендіріп тұрған көркемдік амал-тәсілдердің бірі.

Драма тіліндегі: «аузым жеткенше, сөйледім, аяғым жеткенше, шарладым. Қар жастанып, мұз төсеніп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жортуылдаған көп жорықтың тартқан сыбағасы ол. Арқаның аязы мен Алтай, Алатаудың қарлы бораны құс мамық емес шығар. Қырық жыл қырғын көрген қазақ арғымағын сайлап, қаруларын қайрап аттанған» деген шешендік оралымдарда халық тілінің байлығын көрсетеді.

Негізінен, талданып отырған трагедиялық шығарманың поэтикалық тілі халықтық ұғымдарды түрлі сипатта түрлендіру арқылы жасалған. Мысалы: ұлттық ұғымға тән тұсау, бұғау сөздерінің мағынасы кеңейіп, жалпы халық басына түскен ауыр зобалаңды меңзеп, елдің тәуелсіздігі мен еркіндігінен айырылуын бейнелейтін кең мағынадағы тұспалға айналдырылған.

Абылай: Бұғауың болаттан, тұсауын темірден салады. Болат шірімейді, темірді тот баспайды. Мойның қылдай, борбайың созған сымдай болып, талқаның таусылған күні сенен алып ұрпағыңа кигізеді. Оның да ажал жастығына басы тигенде оның ұрпағы киетін болады. Бірінен бірі ауысып, кезек-кезек киіп көндіккен соң, кейінгілері ноқтаға үйренген мініс аты сияқты мойындарын өздері созатын кезеңге келеді. «Темір тұсау – тұқым-тұқияныңның еншісіне айналып, зәу-затыңның мұрағаты болып қалмақ»[661].

Сонымен бірге «Абылай хан аманаты» драмасында көшпелі өмір тіршілікті бейнелеу: сансыз бұлақ, сәнді тау, бал тамған шөбі шүйгін, шалғыны жапырылмайтын алтын аймақ, бетегелі бел, жусанды жота, құс ұшпас, құлан жортпас дала секілді сол кезеңге тән дала сипатын танытатын эпитеттер мен қатар сүңгі сөз – үкілі найза, қос дұшпан, сұңғыла шешен, іргелі жұрт, қанды қырғын, қайқы қылыш, қабат-қабат сауыт, ата қоныс, қырық пышақ қазақ, жау жүрек жұрт, жер қайысқан қол, саржамбас пенде, сауықпайтын сары ауру, өгей жұрт, оттай өш қазақ т.б. күрделі көркемдік айқындауыштар да драма тілін көріктендіре түскен.

Ал, «Ала тулы Абылай», «Алпыс екі айлалы Абылай», «Құба қалмақ», «жалпақ табан», «жалаң аяқ сарттар». «Қу жалған, опасыз дүние», «Сұрқай заман», «Есіл ер», «Қайран жұрт», «Боз жусаны байтақ дала» – дейтін пери-разды бейнелі тіркестер де пьеса тілінің көркемдік кестесін айғақтайды.

Пьесадағы метофораның ұлғайтылған түрі: белгісіз болашақты құбылмалы құбыжыққа астарлаудан, өлімді – ала туы қисайып, шаңырағы шалқаюға балайтын ауыстырулардан және метафораның тұтас дәуір мен адам өмірінің түрлі кезеңін, жалпы халықтың халін суреттейтін көркемдік тіл кестелерінен көрінеді.

Мысалы: Абылай өмірінің соңы «көкорай көктемі мен жайқалған жазы өтіп, қыраулы күзі аязды қыспен астасып бара жатқан» кезең деп бейнеленсе, ханның жастық шағы «ақ алмастай жарқыраған айдынды шақ» – деп суреттеледі. Ал жан-жақты қыспақта қалған қазақтың халін «Екі таудың көлеңкесі кезек түсіп күн көрмейтін сайға шыққан жетім талдай аласа жұрт», «Жел өтінде жалғыз өскен дарақтай бірде оңнан соққан, бірде солдан соққан ызғар лебінің ыңғайына иіліп күн кешкен халмен» бейнеленген.

Сондай-ақ, пьеса тілінде эмоционалды – экспрессив мәнді сөздердің де көркемдік мәні жоғары олар: «Жаратқан ием», «Әулием», «Хан ием», «Ботам», «Құлыным», «Халқым», «Жұртым», «Айналайын», «Садағаң кетейін» т.б.

Демек, бүгінгі қазақ драматургиясындағы трагедиялық туындыларда ұтымды пайдаланылған халықтың шұрайлы тілі характер мен конфликт соқтығысына негіз болып, әрекет пен қимылдың мазмұнын ашып, образ сомдауда да ерекше рөл атқаратыны байқалады.

Тұжырымдап айтқанда, драматургтер шығармашылық іздеудің бір арнасы ретінде фольклормен үндестік байланысты таңдаған. Зерттеуге алынған шығармалардың арасында генетикалық байланыстың бір ғана жағдайда анықталды, ол әдеби шығармада фольклормен үндестік кең жолға қойылған. Бүгінгі заманның адамы ретінде фольклорлық сюжеттерді қайта қарау, авторлық тұрғыдан оны дамытудың қолға алынуы әдеби туындыға қояр талаптың күшейгенін көрсетеді. Мұндай тәсіл Д.Исабековтің «Аққу-Жібек», «Ескерткіш операциясы», т.б. пьесаларда орын алған. Соның өзінде қаламгер фольклордан алыс кетпеген. С.Досановтың антикалық Тантал мен Антейді қосқаны сияқты Д.Исабековтің «Аққу-Жібегінде» Жібектің Төлегенді тірілтіп алуы фольклорлық дәстүрде бар (Баянның Қозыны тірілтіп алуы).

Демек, драматургия саласында жан-жақты ізденістің бар екені анық. Осындай творчестволық дамудың жемісі ретінде 2009 жылы Оңтүстік Кореяда Д.Исабековтің «Мұрагерлер» пьесасының қойылуы, Санкт-Петербург театрында «Құстар фестивалінің» қойылымға дайындалуы – қазақ мәдениеті үшін елеулі шара.

Драмалық шығармаларды жазуда фольклордың қолданысын екі түрде саралауға болады. Бірі – фольклорды ұстаным ретінде басшылыққа алғанда генетикалық сабақтастық жасаудан гөрі үндестік байланыс авторлық туындыны ұсынуда шарт болған. Ал, фольклордан принципті түрде алшақ кеткеннің өзінде (Ә.Тарази «Тыныш көшедегі көгілдір үй») оны элемент ретінде қолдану орын алған.

Тақырып тұрғысынан қарастырғанда соңғы жылдары жазылған шығармалардан драматургтердің қоғамдық өзекті мәселелерге қалам тербеп, ой салуда фольклорлық сарындарды мақсатты түрде қолданғаны белгілі болды.

Ұлттық тарихты насихаттауда драматургтер де үлес қосуда, осындай мақсатта Абылай хан бейнесін сомдау рухани қажеттілікке айналғандықтан, оны дана типінде сомдау үшін фольклорлық ақылды жауаптар сарыны енгізілген. Ел қорғаны болған оның архаикалық эпос кейіпкерлері сияқты бес қаруымен серттесуі, қазақтың болашағын сәуегейлікпен айта білуі автор тарапынан орынды көрінген.

Махамбет бейнесін сомдауда кейіпкерді дауыс арқылы сөйлету рух өлмейді деген фольклорлық сарын негізінде енгізілген. Ал, Құдайдың бет-бейнесін білу оның пендесі болған адамның ақыл-ойы жетпейтін нәрсе деген түсініктің ескерілуімен С.Досановтың пьесасында нақты образ ретінде алға шықпай, оны да дауыс арқылы сөйлету, яғни халықтың фольклорлық санасына сәйкес үндестік байланыс жасалған.

Әлемдік деңгейде бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі – экология проблемасы алға шығуына орай адам мен табиғат арасындағы байланыстың бұзылуын айтуда фольклорлық Жер-Ана сарыны жаңғырған. Сөйтіп, анимистік сенім драматургтер тарапынан өзінше қолданылған.

Семей полигонының зардабы ұлттық проблемаға айналғаны шындық. Ләйлә қыздың Аймен сөйлесуінде де табиғат денесін жанды нәрсе деп қабылдаған анимистік сенім көркемдік мақсатта жұмсалған.

Поэзия мен прозада Самұрық құс образы фольклормен үндестік байланыста алынса, М.Байсеркенов пен Қ.Мырзалиевтің пьесаларындағы оның қолданысы бөлек. Ресей мемлекетінің символы ретінде алынған екі басты Самұрық мифтік бейне болса да, екі бастың екі түрлі мақсатта ойлауы автордың айтар ойына көркемдік тәсіл ретінде алынған. Дегенмен түрік фольклорында мифтік үш әлемді байланыстырушы Самұрық құстың қасиеті саналғандықтан дәл осы атауды алға тартпай-ақ, оны алып қара құс деген дұрысырақ болар еді.

Тұжырымдап айтқанда драмалық шығармаларда образдар мен сюжеттерді жасауда фольклормен байланыстың түр-түрі қолданыла отырып, ізденістерге жол ашылған.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 142; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.007 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты