Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Банк өтімділігі және оған ықпал етуші факторлар




 

Өтімділік – банктің сенімділігін қамтамасыз ететін, оның қызметінің жалпы сипаттамалардың бірі.

Банк өтімділігі – бұл салымшылар мен қарыз берушілер алдында банктің өз міндеттемелерін уақытында және шығынсыз орындау қабілеттігі.

Банктің міндеттемелерін нақты және потенциалды деп екіге бөлінеді. Банктің нақты міндеттемелері: талап ету депозиттері, мерзімді депозиттер, тартылған банкаралық ресурстар, несие берушілердің қаражаттары түрінде банктің балансында көрсетіледі. Ал, потенциалды немесе баланстан тыс міндеттемелерге: банктен берген кепіл-хаттар, клиенттерге несие желілерін ашу, т.б. арқылы көрсетіледі.

Егер коммерциялық банктің борыштық және қаржылық міндеттемелерді уақтысында орындау үшін қолма-қол ақшалай қаражаттар мен басқа да өтімді активтері болып, сонымен қатар басқа көздерден қаражаттарды тез арада жұмылдыру мүмкіндігі жеткілікті болса, онда бұл өтімді банк болып табылады.

Банк өтімділігі аталған барлық міндеттемелерді, сонымен бірге болашақта пайда болуы мүмкін міндеттемелерді уақытында орындауын сипаттайды. Міндеттемелерді орындау үшін кассадағы және корреспонденттік шоттардағы (Орталық банкте және басқа коммерциялық банктерде) қалдықтарымен сипатталатын банктік ақшалардың барлығы; қолма-қол ақшаға тез айналатын активтер; банкаралық нарықтан немесе Орталық банктен алынатын банкаралық несиелер сияқты қаражат көздері пайдаланады.

Осы аталған қаражат көздерін пайдалану банк үшін шығыстармен байланысты болмау керек. Мысалы, өтімді қаражаттардың көзі ретінде бағалы қағаздарды немесе басқа активтерді сату қалыпты тәртіпте алдын ала келісіп қойған шарттардың негізінде жүзеге асырылуы керек.

Банк өтімділігі мынадай қызметтерді атқарады:

· депозиттерді алу мен несиелерге байланысты сұранысты қанағаттандыру;

· тиімділік тәуекелін азайту және банктің сенімділігін қамтамасыз ету;

· активтерді зиянсыз сату;

· тартылған қаражаттары бойынша төлей алмау тәуекелі үшін сыйақы мөлшерін шектеу.

Банк өтімділігінің екі формасы, яғни міндеттемелерді өз уақытында және шығынсыз орындауы көптеген ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен анықталады.

Ішкі факторлар қатарына мыналар жатады:

· банк капиталының базасы;

· банк активтерінің сапасы;

· депозиттердің сапасы;

· сыртқы қаражат көздеріне орташа тәуелдігі;

· мерзімі бойынша активтер мен пассивтердің өзара сәйкестігі;

· сауатты менеджмент;

· банктің жоғары дәрежелі беделі.

Банк капиталының базасы – бұл салымшылар қаражаттары мен депозиттеріне кепіл беретін және олардың мүдделерін қорғайтын меншікті капиталдың жеткілікті мөлшерін сипаттайды. Меншікті капиталдың көзіне: жарғылық капитал және әр түрлі мақсаттар үшін бағытталған банктің басқа да қорлары жатады. Банктің меншікті капиталы неғұрлым жоғары болса, оның өтімділігі соғұрлым жоғары болады.

Банк активтерінің сапалылығы мынадай төрт критерийлермен анықталады: өтімділік, тәуекелдік, табыстылық пен диверсификация.

Активтердің өтімділігі –бұл қарыз алушының міндеттемелерді өтеу немесе осы активтерді сату арқылы олардың қолма-қол ақшаларға айналу қабілеті.

Активтердің өтімділік дәрежесі олардың айналымына байланысты. Ақшалай формадағы банктің активтері төлем қызметін орындауға бағытталған.

Активтер тәуекелі критерийі, олардың ақшалай формаға айналдыру кезінде шығындарға ұшырау мүмкіндігін сипаттайды. Активтердің тәуекел дәрежесі, олардың әр түрі үшін ерекше көптеген факторлармен анықталады. Мысалы, несиелік тәуекел қарыз алушының қаржылық жағдайына, қарыз көлеміне, беру мен өтеу тәртібіне, т.б. факторларға байланысты.

Банк активтердің тәуекелі неғұрлым жоғары болған сайын, банктің өтімділігі соғұрлым төмен болады.

Активтердің табыстылығының критерийі ретінде: активтердің жұмыс жасау қабілеті, тиімділігі, яғни табысты әкелу қабілеті, сонымен қатар банктің дамуы үшін қаражат көзін табу және банктің капитал базасын нығайту қабілеті. Табыстылық дәрежесі бойынша активтер: табыс әкелетін және табыс әкелмейтін болып екіге бөлінеді.

Активтердің диверсификациясы критерийі банктің ресурстарын әр түрлі орналастыру аялары бойынша бөлу дәрежесін сипаттайды. Активтерді диверсификациялау көрсеткіштері мынадай: ресурстарды орналастыру бағыттары бойынша банк активтерінің құрылымы, объектілер мен субъектілері бойынша несиелік жұмсалымдардың құрылымы; бағалы қағаздар портфелінің құрылымы, валюталар құрылымы; банкпен корреспонденттік және несиелік қатынастарда болатын басқа банктердің құрылымдық құрамы. Активтер неғұрлым көп диверсификацияланса, соғұрлым банктің өтімділігі жоғары болады.

Банк өтімділігін анықтайтын фактор – банктің депозиттік базасының сапалылығы. Депозиттік базаны мерзімді депозиттік және жинақ салымдары, есеп айырысу және ағымдағы шоттардағы қаражаттары ретінде банкте жинақталған заңды және жеке тұлғалардың қаражаттары құрайды. Депозиттердің сапалылығының басты критерийі олардың тұрақтылығын сипаттайды. Депозиттердің тұрақты бөлігі неғұрлым көп болса, банктің өтімділігі соғұрлым жоғары болады. Депозиттердің тұрақты бөлігінің көбеюі банктің өтімді активтерге мұқтаждығын азайтады. Талап етілгенге дейінгі депозиттер жоғары тұрақтылыққа ие, өйткені бұл депозиттердің түрі сыйақы мөлшерлемесіне байланыссыз. Банкте осы депозит түрінің көп болуы банктің қызмет етудің сапалылығы мен жылдамдығы, банктің клиентке жақын орналасуы сияқты факторларға байланысты. Ал, мерзімді және жинақ депозиттеріндегі қалдықтары тұрақтылықтың төмен дәрежесіне ие, себебі оған банктің сыйақы мөлшерлемесі ықпал етеді.

Банк өтімділігі оның сыртқы қаражат көздеріне, яғни банкаралық несиелерге деген тәуелділігімен де сипатталады. Банкаралық несие өтімді қаражаттарға деген қысқа мерзімді жетіспеушілікті жоя алады, бірақ осы несиенің жалпы тартылған ресурстардың құрамындағы үлесі жоғары болса, онда банк банкроттыққа ұшырауы мүмкін. Егер банктің сыртқы көздерге тәуелділігі жоғары болса, онда оның бизнес үшін өз базасының дамуы перспективаларының жоқтығын көрсетеді.

Банк активтері мен пассивтерінің арасында мерзім мен сома бойынша сәйкестілігі де банк өтімділігін анықтайды. Банктің клиенттер алдында міндеттемелерді орындауы инвестицияланатын ақша қаражаттары мерзімдері мен салымшылары берген ақша қаражаттарының мерзімдері сәйкес болуын білдіреді.

Менеджмент, яғни жалпы банктің қызметін және өтімділігін басқару жүйесі де банк өтімділігін анықтайтын ішкі факторлардың біріне жатады. Банкті басқару сапасы мыналармен анықталады:

· банк саясатының болуы және оның мазмұны;

· стратегиялық және ағымдағы міндеттерді жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік беретін банктің аймақтық ұйымдастыру құрылымы;

· банктің активтері мен пассивтерін басқару механизмі;

· әр түрлі процедуралардың нақты мазмұнын анықтау;

· білікті мамандардың болуы;

· қажетті ақпарат базасының болуы;

· банк қызметін басқару жүйесінің ғылымилығы.

Банктің беделі де банк өтімділігін анықтайды. Жақсы беделі бар банк депозиттік базасының тұрақтылығын оңай қамтамасыз ете алады.

Банк өтімділігінің жағдайы бірқатар сыртқы факторларға, яғни банк қызметінен тыс факторларға байланысты. Оларға мыналар жатады:

· елдегі жалпы саяси және экономикалық жағдай;

· бағалы қағаздар нарығының дамуы;

· банкаралық несие нарығының дамуы;

· қайта қаржылындару жүйесін ұйымдастыру;

· Орталық банкінің қадағалау қызметінің тиімділігі.

Елдегі жалпы саяси және экономикалық жағдай банк операцияларының дамуының және банк жүйесінің сәтті жұмыс істеуінің алғышарттарын қалыптастырады, банктер қызметінің экономикалық негізінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, банктерге деген отандық және шетелдік инвесторлардың сенімділігін арттырады. Осы аталған жағдайларсыз банктердің тұрақты депозиттік базаны құруы, операциялардың рентабельділігіне қол жеткізуі, өз құралдарын дамытуы, активтерінің сапалығын жоғарылатуы және басқару жүйесін жетілдіруі мүмкін емес.

Бағалы қағаздар нарығының дамуы өтімді қаражаттар құрудың оңтайлы вариантын қамтамасыз ете алады, себебі көптеген шетел мемлекеттерінде банктің активтерін ақшалай қаражаттарға тез арада айналдыру жолы қор нарығының жұмысымен байланысты.

Банкаралық нарықтың дамуы уақытша бос ақшалай ресурстарды банктер арасында жылдам қайта бөлуге көмектеседі. Банк өз өтімділігін ұстап тұру үшін банкаралық нарықтан әр түрлі мерзімге, сонымен қатар бір күнге болсын, қаражаттарды тарта алады. Банкаралық нарықтан қаражаттарды тарту жылдамдығы жалпы қаржылық конъюктураға, банкаралық нарықтың ұйымдастырылуына және банктің беделіне байланысты.

Орталық банкі коммерциялық банктерді қайта қаржыландыру жүйесі банктердің өтімді активтерін Орталық банктен алынған несиелер арқылы жабуға мүмкіндік береді.

Орталық банкінің қадағалау қызметінің тиімділігі өтімділікті басқарудағы коммерциялық банктер мен мемлекеттік қадағалау органы арасындағы қарым-қатынастың дәрежесін көрсетеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің екінші деңгейдегі банктер үшін өтімділіктің белгілі бір нормативтерін белгілеуге мүмкіндігі бар. Көрсеткіштер банктің өтімділік жағдайын неғұрлым нақты көрсететін болса, соғұрлым банктің өзі және қадағалау органы өтімділікпен байланысты проблеманы уақтысында шешуге мүмкіндігі бар.

Банктің өтімділігі тұрақты өзгерісте болатын көптеген факторларымен анықталынатын банк қызметінің сапасын сипаттайды. Сондықтан банктің өтімділігі бірте-бірте қалыптасатын және тұрақты факторлармен және әр түрлі тенденцияларымен сипатталатын динамикалық жағдайды білдіреді.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 164; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты