Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 4 страница




2) оқыту аяқталғаннан кейін қызмет көрсету және басқару еңбегінің кіші маманы біліктілігін беруді көздейді.

21-бап. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары

1. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдар­ламалары біліктілікті және (немесе) “бакалавр” академиялық дәрежесін бере отырып мамандар даярлауға, олардың кәсіптік даярлығының деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталған.

Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасы бойынша оқуды аяқтап, “бакалавр” академиялық дәрежесі берілген адамдар біліктілік талаптары жоғары білімі болуды көздейтін лауазымдарды атқара алады.

2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдар­ламаларының мазмұны жалпы білім беретін пәндер циклін, базалық пәндердің циклін, бейіндеуші пәндердің циклін зерделеуді, сондай-ақ тиісті мамандықтар бойынша кәсіптік практикадан өтуді көздейді.

Пәндердің әрбір циклі міндетті құрамдас бөлікті пәндерден және таңдау бойынша құрамдас бөлікті пәндерден тұрады. Білім алушылардың таңдауы бойынша құрамдас бөліктен тұратын пәндер әрбір циклде міндетті құрамдас бөлікті пәндерді мазмұндық толықтыруы тиіс.

Университеттер конкурстық негізде оқытудың жаңа сапалық жетілдірілген технологиялары, әдістері мен нысандары бар инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және енгізуге құқылы.

3. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдар­ламаларын игеру мерзімі мемлекеттік жалпыға мін­детті жоғары білім беру стандартымен айқындалады және кемінде 4 жыл болуға тиіс.

4. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар азаматтар үшін жоғары оқу орындары оқыту мерзімін қысқартуды көздейтін кәсіптік оқу бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады.

5. Әскери жоғары оқу орындары білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша әзірлеген және олардың мемлекеттік басқару органдары бекіткен әскери мамандықтар бойынша жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асырады.

6. Интернатураның кәсіптік оқу бағдарламасын игеру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тізбесін бекітетін клиникалық мамандықтар бойынша жоғары медициналық білім алған азаматтарды клиникалық практикаға жіберудің міндетті шарты болып табылады.

Интернатура туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

22-бап. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары

1. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары жоғары білікті ғылыми және педагог кадрлар даярлауға, олардың ғылыми және педагогтік даярлық деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталған.

2. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларының мазмұны: базалық және бейіндік пәндерді қамтитын теориялық оқытуды; пракиканы; диссертация жаза отырып ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді.

3. Резидентураның кәсіптік оқу бағдарламаларын игеру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тізбесін бекіткен клиникалық мамандықтар бойынша жоғары медициналық білім алған азаматтарды клиникалық практикаға жіберудің міндетті шарты болып табылады.

23-бап. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары

1. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың және тәрбие­ленушілердің білім алу және мәдени қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыруға бағытталған.

2. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары мазмұнына және бағытына қатысты:

1) білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру;

2) мамандарды қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру оқу бағдарламалары болып бөлінеді.

3. Мемлекеттік білім беру ұйымдары іске асыратын қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын оларға катысты мемлекеттік басқару органының функцияларын атқаратын органдар бекітеді.

24-бап. Ересектерге білім беру

Ересектерге (он сегіз жасқа толған адамдарға) білім беру қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сәйкес білімдер мен дағдылардың қосымша көлемін алу үшін олардың өмір бойы білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.

Ересектерге білім беруді білім беру ұйымдары, сондай-ақ қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар іске асырады.

25-бап. Эксперименттік білім беретін оқу бағдарламалары

Эксперименттік білім беретін оқу бағдар­ламалары оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткізуге, білім берудің жаңа мазмұнын енгізуге бағытталған.

5-тарау. БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ

26-бап. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді білім беру ұйымдарына қабылдауға қойылатын жалпы талаптар

1. Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібі тиісті үлгідегі оқу орындарына қабылдаудың үлгілік ережесімен белгіленеді.

2. Білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумақтарында тұратын барлық балаларды қабылдауды қамтамасыз ететін мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібі үлгілік қабылдау ережелерінің негізінде жергілікті атқарушы органдары бекіткен қабылдау ережесімен белгіленеді.

3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау конкурстық негізде азаматтардың өтініші бойынша жүзеге асырылады. Конкурстың шарттары білім алу құқықтарын сақтауға кепілдік беруге және неғұрлым қабілетті және тиісті деңгейдегі кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгеруге даярлығы бар азамат­тарды қабылдауды қамтамасыз етуге тиіс.

4. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін мамандықтар тізбесіне сәйкес оқытудың күндізгі нысаны бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында жоғары білім алу үшін Қазақстан Республикасы азаматының конкурстық негізде “Болашақ” халықаралық степендиясын алу құқығы бар.

5. Білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білім беруден кейінгі және жоғары білімді кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылардың құрамына алуға конкурс өткізу кезінде:

1) “Алтын белгі” белгімен марапатталған адамдардың;

2) білім беру саласындағы уәкілетті орган тізбесін айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстар­дың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстары мен спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиадалардың, конкурс­тың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаз­дарының басым құқығы бар.

Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде көрсеткіштер бірдей болған жағдайда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға болатын жағдайда І және ІІ топтағы мүгедектердің, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедек­теріне теңестірілген адамдардың, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек-балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар адамдардың басым құқығы бар.

6. Техникалық және кәсіптік білім алу үшін жоғары техникалық мектептерге оқуға қабылдау білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған шарттармен жүзеге асырылады.

7. Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім алу үшін жоғары оқу орындарына және ғылыми-зерттеу ұйымдарына оқуға қабылдау білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен конкурстық негізде азаматтардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.

8. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде:

1) І, ІІ топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек-балалар арасынан шыққан азаматтар үшін;

2) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін;

3) ауылдың (селоның) әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар үшін;

4) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін;

5) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдау үшін квота көзделеді.

9. Арнаулы немесе шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтарға оқуға қабылдау арнаулы немесе шығармашылық емтихандар нәтижелерін ескере отырып жүзеге асырылады. Мамандықтар тізбесі және арнаулы немесе шығармашылық емтихандарды өткізу тәртібі үлгілік қабылдау ережелерімен белгіленеді.

10. Рухани (діни) білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау орта білімі бар адамдар арасынан құрылтайшы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

11. Мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеу талап етілетін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің жекелеген мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырыстарымен оқуға қабылдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсаты бар білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

12. Білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібін осы Заңмен және қабылдаудың тиісті үлгілік ережелерімен реттелмеген бөлігінде білім беру ұйымдарының құрылтайшысы немесе құрылтай­шылары (мемлекеттік басқару органы) белгілейді.

13. Оқуға түскен адамдармен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үлгі нысанын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін шарт жасасады.

27-бап. Білім алу нысандары

Жеке адамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, білім беретін оқу бағдарлама­ларының мазмұнына, білім берудің әрбір деңгейін алуға қол жеткізу жағдайларының жасалуына қарай оқыту күндізгі, кешкі, сырттай оқу және экстернат нысанында жүзеге асырылады.

28-бап. Оқу және тәрбие процесін ұйымдастыру

1. Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие процесі жұмыстық оқу бағдарламалары мен жұмыстық оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Білім беру ұйымдары жүзеге асыратын оқу және тәрбие жұмысын жоспарлау мен есепке алу оқу және тәрбие процесін ұйымдастырудың негізі болып табылады.

Оқу және тәрбие жұмыстарын жоспарлау оқу жоспарлары мен бағдарламаларының толық көлемде уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмыстарын жоспарлау оқу жылына арналған оқу-тәрбие процесінің графигі мен теориялық және практикалық сабақтардың кестесін бекіту арқылы жүзеге асырылады.

Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмыстарының есебі теориялық және өндірістік оқытудың есепке алу журналдарын және оқу бағдарламаларының оқу сағаттарында орындалуын есепке алу табельдерін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

3. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағдар­ламалары оқу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және білім алушылардың, тәрбиеле­нушілердің патриоттық, азаматтық, интернацио­налдық, жоғары моральдық және имандылық сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты қызығу­шылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған.

Білім беру ұйымдарында нәсілдік, этностық, діни, әлеуметтік ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, милитаристік және де халықаралық құқық пен ізгіліктің жалпыға танылған прин­циптеріне қайшы келетін өзге де идеяларды насихат­тауға тыйым салынады.

4. Оқу және тәрбие процесі білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагог қызметкерлердің адамгершілік қадір-қасиетін өзара құрметтеу негізінде жүзеге асырылады.

Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдістерін қолдануға жол берілмейді.

5. Азаматтарды күндізгі бөлімдерінде оқыту уақыты мерзімді әскери қызметті өткеруге теңестірілетін білім беру ұйымдарындағы білім беру қызметін ұйымдастыру тәртібін олардың мемлекеттік басқару органдары айқындайды.

6. Әскерге шақырылуға дейінгі және шақырылу жасындағы білім алушылардың негізгі орта білім беру базасындағы алғашқы әскери даярлығы - жалпы орта білім берудің жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдар­ламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (арнаулы білім беру ұйымдарынан басқа), ал жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әскери кафедраларда жүзеге асырылады.

7. Білім беру ұйымдары білім алушылардың білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруін бақылау мақсатында білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды және білім алушыларды аралық аттестаттауды жүзеге асырады.

Білім беру ұйымдары білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды және білім алушыларды аралық аттестаттауды жүргізудің нысандарын, тәртібін және мерзімділігін таңдауда дербес болады.

8. Негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру білім алушыларды міндетті қорытынды аттестаттаумен аяқталады.

9. Жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды және оқуын бітіретін жылы орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беретін ұйымдарға оқуға түсуге ниет білдірушілерді қоры­тынды аттестаттау ұлттық бірыңғай тестілеу нысанында жүзеге асырылады.

10. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттау:

1) білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттауды;

2) кәсіптік даярлығының деңгейін бағалауды және біліктілікті беруді қамтиды.

Жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгерген білім алушыларды қорытынды аттестаттау ерекшеліктерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

11. Білім беру ұйымдары кәмелетке толмаған білім алушылардың, тәрбиеленушілердің ата-аналарына және өзге де заңды өкілдеріне оқу және тәрбие процесінің барысымен және мазмұнымен, сондай-ақ білім алушылардың үлгерімімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

29-бап. Ғылыми және оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру

1. Ғылым мен білімді интеграциялау, оқу және тәрбие процесін қамтамасыз ету және жетілдіру, оқытудың жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу, білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыс жүзеге асырылады.

2. Ғылыми және оқу-әдістемелік жұмысқа басшылық жасау:

жалпы орта білім беру ұйымдарында аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің әдістемелік каби­неттеріне;

техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында облыстық (қалалық) білім департаменттерінің әдістемелік кабинеттеріне жүктеледі.

3. Білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда, оның ішінде ғылыми және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарында ғылыми және оқу-әдістемелік қызметті үйлестіру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

30-бап. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту

1. Бір жастан бес жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу отбасында және (немесе) мектепке дейінгі ұйымдарда жүзеге асырылады.

2. Жергілікті атқарушы органдар отбасына және мектепке дейінгі ұйымдарға қажетті әдістемелік және консультациялық көмек ұйымдастырады.

3. Мектепке дейінгі оқыту балаларды мектепте оқуға бес жастан бастап мектепалды даярлық түрінде жүзеге асырылады.

Мектепалды даярлық міндетті және отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің және гимназиялардың мектепалды сыныптарында жүзеге асырылады.

Мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы мектепалды даярлық тегін болып табылады.

31-бап. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру

1. 1-сыныпқа оқуға балалар алты жастан қабылданады.

2. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын орта білім беретін ұйымдардың негізгі түрлері мектеп, гимназия, лицей, бейіндік мектеп болып табылады.

3. Он алты жасқа дейінгі балаларды орта білім беретін мемлекеттік ұйымдардан шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, білім беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін білім беру ұйымы мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.

Жетім балаларды және ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешім қорғаншы және қамқоршы ұйымдардың келісімімен қабылданады.

32-бап. Техникалық және кәсіптік білім беру

1. Техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында кәсіптік лицейлерде, училищелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде жүзеге асырылады.

Техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардағы оқу процесі оқу-өндірістік шеберха­наларында, оқу шаруашылықтары мен оқу полигондарында өндірістік оқыту шеберінің басшы­лығымен орындалатын теориялық сабақтарды және өндірістік оқытуды қамтиды.

2. Кәсіптік оқыту тікелей өндірісте, оқу-өндірістік комбинаттарында, оқу орталықтарында, курстарда, білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген лицензиясы бар болған кезде және жұмысшылар даярлауды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың оқу-өндірістік құрылымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.

33-бап. Орта білімнен кейінгі білім беру

Орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдар­ламалары негізгі түрі колледж болып табылатын білім беру ұйымдарында іске асырылады.

Орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдар­ламалары бойынша мамандарды даярлау, тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін гуманитарлық мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

34-бап. Жоғары техникалық мектептер

Жоғары техникалық мектептер техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламаларын іске асырады.

35-бап. Жоғары білім беру

1. Жоғары білімді жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар азаматтар алады. Азаматтың конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.

2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдар­ламалары негізгі түрлері университет, академия, институт және оларға теңестірілгендер (консер­ватория, жоғары мектеп, жоғары училище) болып табылатын жоғары оқу орындарында іске асырылады.

Инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізетін университеттер инновациялық универ­ситеттер болып табылады.

Жоғары оқу орындарының филиалдары, лицензиялануға жататын білім беру қызметінің кіші түрлерін қоспағанда, білім беру қызметін жүзеге асыруға құқылы.

3. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдар­ламаларын меңгеру бойынша қорытынды аттестат­таудан табысты өткен білім алушыға біліктілік және (немесе) “бакалавр” академиялық дәрежесі беріледі.

4. Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ғылыми-қолданбалы зерттеулерді жүргізу үшін жоғары оқу орындары инновациялық-білім беру консорциумын құруға және (немесе) оған кіруге құқылы.

36-бап. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру

1. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімді жоғары білімі бар азаматтар алады.

2. Ғылыми және педагог кадрларды даярлау жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың магистратурасы мен докторантурасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін мамандықтар тізбесіне сәйкес күндізгі оқыту нысаны бойынша шет елдердің жоғары оқу орындарына “Болашақ” халықаралық стипендиясының стипен­диаттарын оқуға жіберу арқылы жүзеге асырылады.

Әскери мамандықтар бойынша магистратураның кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыру әскери жоғары оқу орындарының адьюнктурасында жүзеге асырылады.

3. Кадрларды магистратурада даярлау жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары негізінде:

1) екі жылдық оқу мерзімімен ғылыми және педагогтік;

2) кемінде бір жыл оқыту мерзімімен бейіндік болып екі бағытта жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан табысты өткен және магистрлік диссертациясын көпшілік алдында қорғаған білім алушыға тиісті мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесі беріледі.

4. Докторантурада магистратураның кәсіптік оқу бағдарламалары негізінде кемінде үш жыл оқу мерзімімен философия докторлары (PhD) мен бейіні бойынша докторлар даярлау жүзеге асырылады.

5. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтік білім беру резидентураны, магистратура мен докторантураны қамтиды.

Резидентурада мамандануына қарай оқыту ұзақтығы екі жылдан төрт жылға дейін клиникалық мамандықтар бойынша тереңдетіле даярлау жүзеге асырылады. Резидентура туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 68; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.008 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты