Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 6 страница




2. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің оқу жүктемесі, сабақ режимі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсынымдары негізінде әзірленген білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады.

3. Денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдары білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулық жағдайына үнемі бақылау жасауды, оларға медициналық қызмет көрсетуді жүзеге асырады. Білім беру ұйымдары медициналық пункттер үшін үй-жайлар ұсынады.

Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдары білім алушыларға және тәрбиеленушілерге медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелер құруға құқылы.

4. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардың педагог қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңна­масында белгіленген тәртіппен жыл сайын тегін медициналық тексеруден өтіп тұруға міндетті.

5. Білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы және белсенді тынығуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзіліс жасалуы көзделуге тиіс.

Білім беру ұйымдарында білім алушылардың тамақтануын ұйымдастыру үшін жағдай жасалады. Тамақ сапасын бақылау денсаулық сақтау органдарына жүктеледі.

6. Білім беру ұйымдарында оқытудың, тәрбие­леудің, еңбек пен тынығудың салауатты және қауіпсіз жағдайларын жасау үшін жауапкершілік олардың басшыларына жүктеледі.

49-бап. Ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттері

1. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдерінің:

1) баланың тілегін, жеке бейімділігі мен ерек­ше­ліктерін ескере отырып білім беру ұйымын таңдауға;

2) ата-аналар комитеттері арқылы білім беру ұйымдарын басқару органдарының жұмысына қатысуға;

3) білім беру ұйымдарынан өз балаларының үлгеріміне, мінез-құлқына және оқу жағдайларына қатысты ақпарат алуға;

4) өз балаларын оқыту мен тәрбиелеу проб­лемалары жөнінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардан консуль-тациялық көмек алуға;

5) балаларының шарттық негізде қосымша қызмет көрсетулер алуына құқығы бар.

2. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер:

1) балаларға өмірі мен оқуы үшін салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасауға, олардың ой-өрісі мен дене күшін дамытуды, имандылық тұрғысынан қалыптасуын қамтамасыз етуге;

2) бес жастағы балалардың мектепалды даярлығын қамтамасыз етуге, ал алты жастан бастап жалпы білім беретін мектепке беруге;

3) балаларды оқыту мен тәрбиелеуде білім беру ұйымдарына жәрдем көрсетуге;

4) балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге міндетті.

7-тарау.

ПЕДАГОГ ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІ

50-бап. Педагог қызметкердің мәртебесі

1. Білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын іске асыратын басқа да ұйымдарда білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқытуға және тәрбиелеуге байланысты білім беру қызметімен айналысатын адамдар педагог қызметкерлерге жатады.

Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері азаматтық қызметшілер болып табылады.

2. Мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасайды.

51-бап. Педагог қызметкердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі

1. Тиісті бейіні бойынша арнайы педагогтік немесе кәсіптік білімі бар адамдар педагогтік қызметпен айналысуға жіберіледі.

2. Педагог қызметкердің:

1) кәсіби қызметіне арналған жағдаймен қамтамасыз етіле отырып, педагогтік қызметпен айналысуға;

2) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-эксперименттік жұмыспен айналысуға, педагогтік практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге;

3) жеке педагогтік қызметке;

4) тиісті білім беру деңгейіндегі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптары сақталған кезде педагогтік қызметті ұйымдастырудың әдістері мен нысандарын еркін таңдауға;

5) білім беру ұйымдарын басқарудың алқалы органдарының жұмысына қатысуға;

6) ұзақтығы төрт айдан аспайтын, бес жылда кем дегенде бір рет біліктілігін арттыруға;

7) санатын арттыру мақсатында мерзімінен бұрын аттестатталуға;

8) педагогтік қызметтегі табыстары үшін мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар, сыйлықтар мен атаулы стипендиялар түріндегі моральдық және материалдық көтермеленуге;

9) өзінің кәсіптік ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына;

10) әскери қызметке шақырылу мерзімінің кейінге қалдырылуына;

11) ғылыми қызметпен айналысу үшін педагогтік стажы сақтала отырып, шығармашылық демалыс алуға;

12) білім беру ұйымы әкімшілігінің бұйрықтары мен өкімдеріне шағымдануға құқығы бар.

3. Педагог қызметкер:

1) өзінің кәсіптік құзыреті саласында тиісті теориялық және практикалық білімді және оқыту дағдыларын меңгеруге;

2) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз етуге;

3) білім алушыларды жоғары имандылық, ата-аналарына, этномәдени құндылықтарға құрмет көрсету рухында, қоршаған дүниеге ұқыпты қарауға тәрбиелеуге;

4) білім алушылардың өмірлік дағдыларын, біліктіліктерін, өздігінен жұмыс істеуін, шығарма­шылық қабілеттерін дамытуға;

5) өзінің кәсіптік шеберлігін, зияткерлік, шығармашылық және жалпы ғылыми деңгейін ұдайы жетілдіріп отыруға;

6) бес жылда кемінде бір рет аттестаттаудан өтуге;

7) педагогтік әдеп нормаларын сақтауға;

8) оқушылардың, тәрбиеленушілердің және олардың ата-аналарының абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Міндеттері мен педагогтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін педагог қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарында және еңбек шартында көзделген жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог қыз­меткерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орын­даумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді.

5. Білім беру ұйымдарында жұмыс істеуге педагогтік қызметіне сот үкімімен немесе медици­налық қорытындымен тыйым салынған адамдар, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар жібе­рілмейді.

52-бап. Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі

1. Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызмет­керлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.

Мемлекеттік емес білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес олардың құрылтайшылары немесе оған уәкілетті адам айқындайды.

2. Бюджет қаражаты есебінен қаржылан­ды­рылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары қызмет­керлеріне жалақыны есептеу ережесін еңбек саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

3. Білім беретін мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың педагог қызметкер­лерінің лауазымдық айлықақысы, қосымша ақылар мен үстеме ақылар, сондай-ақ ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдер Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасымен айқындалады.

4. Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне ауылдық жерде жұмыс істегені үшін, сынып жетекшілігі үшін, дәптерді, жазу жұмыстарын тексергені үшін, оқу кабинеттеріне меңгерушілік еткені, пәндерді тереңдетіп оқытқаны, эксперимент режимінде жұмыс істегені үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымша ақы және басқа да төлемдер төлеу жүргізіледі.

5. Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орын­дарының профессор-оқытушылар құрамы мен басшы қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы арт­тырылып отыратын коэффициентті ескере отырып айқындалады.

6. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне тиісті дипломы бар болған кезде негізгі жұмыс орны бойынша:

философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін бір айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде;

ғылым кандидаты дәрежесі үшін бір айлық ең төменгі жалақы және ғылым докторы дәрежесі үшін екі айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.

7. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне айлық жалақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі:

1) 18 сағаттан аспайтындай:

бастауыш білім беру ұйымдары үшін;

негізгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін;

білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру ұйымдары үшін;

мамандандырылған және арнайы білім беру ұйымдары үшін;

2) 24 сағаттан аспайтындай:

мектепке дейінгі ұйымдар және мектепке дейінгі тәрбие берудің мектепалды топтары және білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптары үшін;

балалар мен жасөспірімдердің спорттық білім беру ұйымдары үшін;

3) 30 сағаттан аспайтындай интернаттық ұйымдардың, демалыс лагерьлерінің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары жатақханаларының тәрбиешілері үшін белгіленеді.

Жоғары оқу орындарын қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарында педагог қызметкерлердің лауазымдық міндеттеріне (біліктілік талаптарына) қатысты нормативтік оқу жүктемесін білім беру саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының жылдық оқу жүктемесі жұмыс уақытының жылдық нормасының шегінде белгіленеді және ғылыми кеңестің шешімі негізінде жоғары оқу орнының басшысы бекітеді.

8. Мемлекеттік тапсырысты айқындау кезінде мемлекеттік жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны мынадай орташа арақатынасты негізге ала отырып есептеледі:

1) студенттер мен оқытушылар (бір оқытушыға шаққандағы студенттердің орташа саны) тиісінше:

күндізгі оқу нысаны үшін - 8:1 (медициналық жоғары оқу орындары үшін - 6:1);

кешкі оқу нысаны үшін - 16:1;

сырттай оқу нысаны үшін - 32:1;

2) магистранттар және оқытушылар - 4:1;

3) докторанттар және оқытушылар - 3:1.

53-бап. Әлеуметтік кепілдіктер

1. Педагог қызметкерлер мынадай:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй, оның ішінде қызметтік үй және (немесе) жатақхана;

2) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагог қызмет­керлері үшін ұзақтығы күнтізбелік 56 күн; оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагог қызмет­керлері үшін - күнтізбелік 42 күн ақы төленетін жыл сайынғы демалыс алудың әлеуметтік кепілдіктерін иеленеді.

2. Ауылдық жерде жұмыс істейтін білім берудің педагог қызметкерлеріне жергілікті өкілді орган­дардың шешімі бойынша:

1) қала жағдайында педагогтік қызметпен айналысатын педагог қызметкерлердің ставкаларымен салыстырғанда айлықақылар мен тарифтік ставкалар кемінде жиырма бес процентке арттырылып белгіленеді;

2) коммуналдық қызмет көрсетулерге шығыс­тарды жабуға және тұрғын үй-жайларды жылыту үшін отын сатып алуға жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша белгіленетін мөлшерде бюджет қаражаты есебінен біржолғы ақшалай өтемақы төленеді;

3) жеке меншігінде малы барларға ауыл­шаруашылық ұйымдарының қызметкерлерімен бірдей, жемшөп, малын жаю және шөп шабу үшін жер учаскелері беріледі.

3. Білім беру ұйымдарының педагог қызмет­керлеріне жыл сайын тиісті бюджет қаражаты есебінен:

1) оларға кезекті еңбек демалысын беру кезінде мемлекеттік білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасымен айқындалған мөлшерде күнтізбелік жылда бір рет сауықтыруға жәрдемақы;

2) “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” атағын иеленушіге айлық есептік көрсеткіштің 2000 еселенген мөлшерінде мемлекеттік грант;

3) “Үздік педагог” атағын иеленушіге айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде мемлекеттік грант төленеді.

8-тарау. БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

54-бап. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаты мен нысандары

1. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу білім алуға конституциялық құқықтарды іске асыруды қамтамасыз ететін жағдайларды жасауға және білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметтерін көрсетудің жоғары сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

2. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу құқықтық қамтамасыз ету, білім сапасын басқару, стандарттау, бақылау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

55-бап. Білім беру сапасын басқару

1. Білім беру сапасын басқару білім беру саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған және білім сапасын бағалаудың бірыңғай ұлттық жүйесін құрайтын мемлекеттік және институционалдық құрылымдарын, білім беруді қаржыландыруға бөлінетін қаражатты пайдалану ұтымдылығын және білім беру жүйесі жұмыс істеуінің тұтастай тиімділігін қамтиды.

2. Білім беру сапасын басқару білім беру мониторингінің нәтижелері негізінде барлық деңгейлерде басқарушылық шешімдерді қабылдау арқылы жүзеге асырылады.

3. Білім беру мониторингі білім сапасын сырттай және ішкі бағалау әдістері арқылы өткізіледі.

Білім беру сапасын сырттай бағалау білім беру ұйымдарын лицензиялаудың, мемлекеттік аттестат­таудың, білім беру ұйымдарын аккредиттеудің рәсімдерін, ұлттық бірыңғай тестілеудің, мемлекеттік аралық бақылаудың, сондай-ақ барлық үлгідегі және түрдегі білім беру ұйымдарын саралау мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдарда білім алушыларға біліктілік берудің рәсімдерін қамтиды.

Білім беру сапасын ішкі бағалау сапа менедж­менті жүйесін, білім беру ұйымдары қызметінің барлық түрлерінің өзін-өзі бағалауының әртүрлі рәсімдерін, үлгерімді ағымдағы бақылауды, білім алушылардың білім алу жетістіктерін бағалауды қамтиды.

Жоғары оқу орындарының қызметін бағалау осы оқу орнындағы оқыту сапасы туралы студенттердің пікірін қамтиды.

56-бап. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары

1. Қазақстан Республикасында әрбір білім беру деңгейі бойынша:

1) білімнің мазмұнына;

2) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең көп көлеміне;

3) білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайтын білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары белгіленеді.

2. Тиісті білім беру деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, меншік нысан­дарына, үлгілері мен түрлеріне қарамастан, барлық білім беру ұйымдары үшін міндетті.

57-бап. Білім беру қызметін лицензиялау

1. Заңды тұлғалардың (бұдан әрі - лицензиат) білім беру қызметі Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицен­зиялануға жатады.

2. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың қызметін олар үшін жаңа кәсіптер мен мамандықтар бойынша лицензиялау, оларда лицензиялардың болуына қарамастан, жалпы негіздерде жүргізіледі.

3. Лицензиар лицензияны беру, оның қолданы­сын тоқтата тұру мәселелерін алқалы және жария қарау үшін консультациялық-кеңесші орган құрады.

4. Лицензиардың білім беру қызметімен айналысуға құқық беретін лицензияның қолданысын алты ай мерзімге дейін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен тоқтата тұруға құқығы бар.

5. Білім беру қызметімен айналысуға құқық бере­тін лицензиядан айыруды Қазақстан Республи­касының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сот жүзеге асырады.

58-бап. Білім беру ұйымдарын аккредиттеу

1. Аккредиттеуді білім беру ұйымдарының өтініші негізінде, олардың ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан, аккредиттеу органы бес жыл мерзімге жүзеге асырады.

Аккредиттеу институционалдық және маман­дандырылған түрде жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған халықаралық және шетелдік білім беру ұйымдары немесе олардың филиалдары аккредит­теуден Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары сияқты шарттармен және тәртіппен өткізіледі.

3. Білім беру ұйымдарын аккредиттеу білім беру ұйымдарының өз қаражаттары есебінен өткізіледі.

4. Жоғары оқу орындары халықаралық дәрежеде танылған шетел агенттігі жүзеге асыратын халық­аралық аккредиттеуден өтуге құқылы.

59-бап. Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау

1. Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау мемлекеттің білім алуға деген құқықты қамтамасыз етуге және білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың өздері жүзеге асыратын білім беру қызметінің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының талаптарына және білім беру қызметін лицензиялау ережелеріне сәйкестігін сақтауға бағытталған және оны білім беру сала­сындағы уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

2. Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау объектілері:

1) білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметі;

2) білім алушылардың тиісті білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейі болып табылады.

3. Мемлекеттік бақылаудың негізгі түрлері:

1) білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау;

2) мемлекеттік аралық бақылау;

3) Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасын және білім беру қызметін лицензиялау ережелерінің сақталуын бақылау болып табылады.

4. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестат­тауды, олардың ведомстволық бағыныс­тылығы мен меншік нысандарына қарамастан, білім беруді мемлекеттік басқару органдары өздерінің құзыретіне сәйкес жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.

Медициналық және фармацевтік білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

Бірінші мемлекеттік аттестаттау жаңадан құрылған:

1) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында төрт жылдан кейін;

2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында мамандардың алғашқы бітіру жылынан кешіктірілмей;

3) мектепке дейінгі ұйымдарда және қосымша білім беру ұйымдарында үш жылдан кейін өткізіледі.

5. Шетелдік білім беру ұйымдары мен халық­аралық білім беру ұйымдарының филиалдарын аттестаттау, егер Қазақстан Республикасы ратифи­кациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгілен­бесе, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

6. Мемлекеттік аралық бақылау:

1) білім беру қызметтерін көрсету сапасын бағалау және орта білім беретін ұйымдар білім алушыларының бастауыш және негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейін айқындау мақсатында;

2) білім беру қызметтерін көрсету сапасын бағалау және білім алушылардың оқытудың екінші курсын аяқтағаннан кейін (медициналық жоғары оқу орындарында – үшінші курсты аяқтағаннан кейін) жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының жалпы білім беретін және базалық пәндерінің циклына енетін жекелеген пәндерді меңгеру деңгейін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.

7. Аралық мемлекеттік бақылаудан өтпеген білім алушылардың саны білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті саннан асатын білім беру ұйымдары кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға жатады.

8. Білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасын және білім беру қызметін лицензиялау ережелерінің сақталуын бақылау тексерулер нысанында жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасын және лицензиялық ережелердің сақталуын тексеруге, меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық білім беру ұйымдары жатады.

9. Тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:

1) жоспарлы - алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген уақыт аралықтарын ескере отырып жүргізілетін білім беру саласындағы уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жоспарлаған тексеру;

2) жоспардан тыс - жеке және заңды тұлға­лардың өтініштеріне дереу ден қою мақсатында тағайындалатын тексеру;

3) қарсы – егер тексеру жүргізу кезінде бақылаушы органдарда үшінші тұлғаларға байланысты қосымша ақпарат алу қажеттігі туындаса, аталған адамдарға қатысты жүргізілетін тексеру.

10. Жоспарлы тексеру мемлекеттік аттестаттаулар аралығында бір рет жүргізіледі.

11. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған халықаралық және шетелдік білім беру ұйымдары мен олардың филиалдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексеріледі.

12. Білім беру ұйымдарын тексеру білім беру саласындағы уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның тексеру жүргізу туралы шеші­мінің негізінде жүргізіледі.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 84; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты