Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Екеуі де туғанда нысаналы 1 страница




болып туыпты

Айсұлудың күмістей ақ нысанасы –

Ішкен асы көрінер –

Үлбіреген аппақ тамағында екен

Сұлулықтың белгісі.

Айсұлтанның нысанасы –

Білегінде екен,

Шеберлік белгісі2, –

 

деп берілген. Осындай ерекше жаратылған балаларды тіл-көзден сақтау үшін Қанат пен Жанат жұрттан қанша жасырса да, олардың есімдері елге жайылып кетеді. Демек, бұл тұрғыда авторлық “Қылмыскерлер” пьесасы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосымен байланыстың басшылыққа алынуы шектеулі дәрежеде, бірақ жалпы қазақ фольклорымен генетикалық бірлік көрінеді. Бұл, тіпті, әлемдік фольклордағы патша балаларының жасырын жерде бағылуы немесе қыздарын еркектің көзіне түсірмеу үшін жұрттан бөлек ұстау сарындарымен үндес болып шығады.

Эпос пен ертегілердің негізгі бөлімі оқиғаны ширықтырып, кейіпкерлер арасындағы тартысты күшейтіп беруге бағытталған. Ғашықтық жырларда бір-бірін шын сүйген жастардың арасына зорлықшыл біреу түсіп, олардың қосылуына кедергі жасайды. Сол кедергінің жай-жапсары баяндалып, ғашықтардың тағдыр-талайы белгісіз болып, тыңдаушы қауымды ұйыта түседі.

Қозы мен Баянның қосылуына Қодар кедергі болғанда, ол да қыздан үміткер жан ретінде жыр оқиғасына тартылған. Негізі, аталмыш жырдың нұсқаларында Қодардың кім екені әртүрлі айтылады. Шөже ақын нұсқасында Шақшақ деген атақты байдың мырзасы, ал, Н.Пантусов пен И.Кастанье жариялаған мәтіндерде Қодар қалмақ батыры деп аталады. Бұл фольклорлық заңдылыққа сыйымды, дегенмен екінші жағдайда тарихи оқиғаларға сай қосымша болып енгізілген. Бұл қазіргі замандағы шығарманың тарихи маңызға бағышталуына орай Ми-лау хан Айсұлудың ажарлы екенін естіп, оның бір қараған жанарына мас болып, өзінің құныс баласы Жаһайға қосу үшін зорлықпен атастырады. Сосын Айсұлтан әзірше Жаһайдың қолбаласы, өскен соң өмірлік құлы болады деп айтып кетеді. Осы тұста Ми-лау жау жақтың адамы болуымен бірге Алпамысты тұтқындап, қолға түсіріп берсе, зорлықшыл ханның қызын өзінің таз баласына беруін сұрайтын мыстан кемпір еске түсетіні рас. Бірақ мыстан кемпірдің бұл ойы орындалғаны жөнінде жыр ештеңе айтпайды. Бұл жағдайда біреудің әйелін зорлықпен өзіне қосқысы келген ханмен де салыстыруға болады. Мұндай кезде де зорлықшылдың ниеті жүзеге аспайды. Өйткені, фольклорлық шығармалардағы идея фольклор эстетикасына сай жасалады. Сондықтан мыстанның да ойы жүзеге аспайтыны өз-өзінен түсінікті болады. Осы сияқты ой С.Жүнісов шығармасында да орын алған. Өйткені, Жаһай өзі айтқандай:

 

Құдіреті күшті жасаған ием

Мені адам ішінде

Мүгедек етті.

Көкорай шөп ішінде

Тікенек етті, –

 

десе де, біреудің зорлап қосқан адамы біреуге жар болмайтынын Айсұлтаннан сұрап біледі1. Осыдан кейін ол әкесі Ми-лау ханның жүрегіне әсер ететін жол іздейді. Бір жыл бойы пәк жүректі Айсұлтан мен Айсұлуды, айыртілді жыланбас әкесі Ми-лаудың бейнесін тасқа қашап, адамдардың түрлі-түрлі ниетте болатынын бейнелейді.

 

Ойына алған

Жұмысы бітер соңғы түні

Айдалада дауыл тұрып,

Айдындарда су шайқалып,

Жер сілкінді, тау найқалып,

Құзда отырған қыран құс құсап

Жаһай ұста,

Аяқ тайып кетті ұшып бұл тұста1.

 

Сөйтіп, авторлық шығармада да зорлықшының ойы жүзеге аспайды. Бірақ автор шығарма идеясын дамыта түсу үшін зорлықшы ханның астамшыл қара ниеті шектелмейтінін білдіруді мақсат етеді. Сол үшін баласының өлімінен соң Ми-лау Айсұлтанның нысаналы оң қолын шаптырады. Айсұлудың аяғына хай кигізіп, балғын денесі өспейтіндей ғып дәкемен орап тастап, оны «Тәтәй» деген атпен сатуға шығарады. Осы кезде бұрандалы ағаш атпен келген бір адам Айсұлуға сәукеле ұсынады. Айсұлу сол атқа мінгесіп кетеді. Шығарма сюжетінің контаминациясы осы арада көрінеді. Оқиғаны ширақтыра түсу мақсатында қосылған бұл сюжет тосын жағдайға жеткізген. Бұл атпен келген бөтен біреу емес, қолы шабылса да, ғашығын құтқару үшін келген Айсұлтан болып шығады. Осы сюжет «Мың бір түндегі» «Ағаш ат туралы» ертегіні (бұл қазақ арасына да белгілі) еске түсіреді. Бұл ертегі сюжеті бойынша бір өнерпаз жасаған бұрандасы бар ұшатын ағаш ат жасап, онымен шаһзада өзінің көңілімен сүйген басқа елдегі патша қызын екі рет алып ұшады. Алғашқы жолы – қызды өз әкесінен алып кеткен болса, екіншіде – шаһзаданың әкесіне ренжіген өнерпаз жігіттің қызды алып қашқанында Рум патшасының тұтқынына түскен жерінен құтқарады2. Демек, мұндай контаминацияның жасалу жолы түсінікті, оған фольклорлық ертегінің ықпалы болған.

Ал, пьесаның қорытынды бөлімі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырымен үндес жасалған. Яғни Айсұлтан мен Айсұлудың тағдыры «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының кейіпкерлері сияқты тосын жағдаймен аяқталады. Қозы өлген соң Баянның өз-өзіне қол жұмсап, ғашығының қабірін құшақтап жатуы, екі моланың арасына тікенектің өсуі шешім болып шықса, бұл пьесада да осыған ұқсас тосын шешім таңдалған.

Дегенмен авторлық шығарма болғандықтан мұнда да сәл өзгешелік бар – шын ғашықтар бірге болғанымен, жаудың жасаған жауыздығынан ұрпақ тарата алмайтын болып қалады. Әрі артынан қуғыншылар түскенін білген қыз жау қолына түспес үшін Қадыр түні тілек айтады. Сол тілек бойынша оның сәукелесі адам өтпес шың-құзға, ал, екеуі меңіреу мұзға айналады. Осылайша Айсұлтан мен Айсұлу, бәрібір, жұптарын жазбай, мәңгілік бірге болып шығады. Автордың мұндай шешім жасауы фольклордағы топонимикалық аңыздардың әсерімен болған, өйткені, «Тәтәй» пьесасы басталарда:

 

Аспанмен астасқан,

Жауыздықпен қастасқан

Сәукеле тауы жайында

Сөз төркінін пайымда1, –

 

деп экспозиция жасау арқылы түсіндірген.

Баянның моншағы қалған жер Моншақты, домбырасы қалған жер Домбыралы аталу, жалпы, ел арасында аңыз болған ғашықтардың есіміне жергілікті нысандардың байланыстырылу жағдайы халық санасынан орын алғандықтан бұл авторлық пьеса үшін де ұтымды болған.

Енді «Қылмыскерлер» пьесасының «Тәтәй» бөлімінің композициялық құрылымын жасауда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының қаншалықты ықпалы болғанын анықтауға болады. Негізі, бұл жыр о баста ертегіден туған, Түркі қағанаты кезінде эпос ретінде қалыптасып, қағанат ыдырап кеткенде туыс тайпалар ауа көшіп, тұрақтаған жерлерінде өзінің меншікті рухани мұрасындай сақтаған. Сондықтан түрік жұртындағы жырдың қалыпқа түскен ортақ композициялық құрылымы мынадай:

1. Балалар (ұл да, қыз да) әкелері жоқ кезде, бір мезгілде дүниеге келеді;

2. Қозы өзіне атастырылған қызды іздеп, сапарға шығады;

3. Қозы болашақ қайын атасының ауылына өзін танытпай келіп, малшы болады:

4. Қозы өзінің қайын атасымен қақтығысқа түсіп, оны жеңеді. Өзі іздеп келген Баянға қосылады, бірақ мерт болады2. Ал, қалмақ Қодардың жырға енгізілуі қазақ тарихындағы жаугершілік заманмен байланысты енген. Бұған қарағанда автор бұл жалпытүркілік құрылымды басшылыққа алмағаны анықталады.

Ал, Жанақ ақын нұсқасындағы құрылымды кеңірек алсақ:

1. Перзентсіз қарттар;

2. Балалардың бір мезгілде дүниеге келіп, екі жақтың құдаласуы:

3. Қозының жетім қалып, Қарабайдың көшіп кетуі;

4. Қарабайдың шөлге тап болуы, Қодардың кездесуі, оның Баянды сұрауы;

5. Қодардың Қозыны өлтіруі. Баянның Жаратқаннан Қозыға үш (40) күн өмір сұрауы. Ол сұралған күн біткенде Қозының, одан соң Баянның өлімі. Демек, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының басты композициялық бөліктері «Қылмыскерлердің» «Тәтәй» бөлімінде белгілі дәрежеде ықпал еткеніне тағы да көз жеткізуге болады. Осылайша автор төл туындысының құрылымын жасауда арабтың, ол қазақ арасына да белгілі «Ағаш ат туралы» ертегісінің кейбір композициялық бөлшектері мен фольклорлық жанрлардың (бата) әсері негізінде жалпы, фольклормен үндес байланыстың нәтижесін ұсынғаны белгілі болады.

Фольклорлық шығармада батыр кейіпкер өзінің атастырылған қалыңдығын алу жолында жауды жеңіп, өз еліне келіп, бақытты тұрмыс кешетіні айтылады. Бұл батырлық жыр мен ертегінің пайда болуымен жанрлық қалыптасу ерекшелігі осындай шешімге жеткізуі заңдылық. Ал, авторлық драмалық шығармадағы тосын жағдай қазақ халқының тарихында орын алған жаулықтың салдарын осылайша көрсету – шығармашылық еркіндік ретінде қабылданады.

Фольклорлық ғашықтық жырдың тағы бір классикалық үлгісі – «Қыз Жібек» те жазушы-драматургтердің шығармашылығына елеулі ықпал жасаған. Д.Исабековтің «Аққу-Жібек»1 атты авторлық шығармасы үшін оның кейіпкерлері де, сюжеті де, композициясы да шеберлік шыңдау нысанына айналған. Халықтық жырдың екі бөлімнен тұратыны анық. Бірінші бөлімінде Төлеген мен Жібектің бір-біріне ғашық болуы, Төлегеннің Бекежан қолынан қаза табуы, ал, екінші бөлімде Төлеген өлгеннен кейінгі Жібектің жағдайы, оны Сансызбайдың іздеп, зорлықшыл қалмақ Қоренді жеңіп, жеңгесін алып келіп, әмеңгерлік жолмен үйленуі баяндалады. Жырдың екінші бөлімі ерлікпен үйлену сарыны бойынша жасалғандықтан оның сюжеті уақыт жағынан ертерек пайда болған деген пікір бар2. Ал, «Қыз Жібек» жырының эпостық қалыптасуы ХVІ-ХVІІІ ғасырларда жүзеге асқан. Бірінші бөлімде кейіпкердің фольклорлық бейнесін толықтыра түсу мақсатында архаикалық сарындар қосылған. Атап айтқанда:

1. Төлегеннің дүниеге келу ерекшелігі, оның алдындағы сегіз бала шетінеп, Төлегенді Құдай соның өтеуі ретінде берген. Бұл ғайыптан туу сарынының тікелей әсері болмаса да, мән-маңызы тұрғысынан үндес жасалған.

2. Қалыңдық іздеп, жолға шығады.

3. Болашақ қайын жұртына келіп, үш ай тұрады. Эпостың екінші бөлігі ғана көне емес, біздің ойымызша, бірінші бөлігі де көне заманда туған. Өйткені, қызға берген уәдесін орындау үшін жолға шығарда әкесінің оң батасын бермей, алақанын теріс жайғаны, тыйымды бұзғаны үшін Төлеген сапарының сәтсіз аяқталуы – ежелгі замандағы тыйымды бұзуға болмайды, егер оны бұзса, жамандық болады деген сенімнен шыққан. Төлегеннің өлімі осымен байланысты. Сондықтан «Қыз Жібектің» екі бөлімінің де ежелгі заманда пайда болған сарындарды пайдалану мүмкіндігі мол. Бірақ, қалай болса да, «Аққу-Жібек» бірінші бөлімді бөліп алғанымен, оны сюжеттік тұрғыдан қайталамайды, бірақ композициялық құрылымын белгілі дәрежеде ғана басшылыққа алған. Яғни пьеса сюжетіне жыр кейіпкерлері – Төлеген, Жібек, Бекежанды сақтап, оқиғаны осы кейіпкердің қатынасына құрған. Ал, Д.Исабеков атасының немересіне «Аққулар мекені» деп аталған көлдің осылай аталу себебін түсіндіру үшін «Қыз Жібектің» негізгі сюжетін аңыз етіп айтуы төл шығармасының ерекшелігін таныту үшін қолданылған экспозиция. Ол: «Баяғы бір заманда Жібек деген қыз бопты. Оның ай десе аузы, күн десе көзі бар, жаннан асқан сұлу екен. Оның Төлеген деген сүйген жігіті бопты. Әке-шешелері той жасап, екі жасты қосқалы жатқанда Бекежан деген қара ниет, қызғаншақ бір қарақшы көп әскер жинап кеп, Жібек қызды тұтқындап әкетіпті. Ал, оның жігіті Төлегенді тас үңгірге қамап, садақ жасатып қойыпты»1, – деген ата сөзімен басталады. Осындай экспозиция, шындығында, фольклорлық «Қыз Жібек» жырындағы прологтың міндетін атқарып тұр. Пьесадағы негізгі бөлім Бекежанның тас сарайында қамалып отырған Жібекке Төлегенді өлді деп, өзінің көңілін білдіретін көрініспен басталады. Демек, автор эпостағы негізгі бөлімдегі Бекежанның Төлегенді өлді деп хабарлауын басшылыққа алып, осы жағдайдан тың ойға құрылған сюжет жасаған.

Пьеса сюжетіне фольклорлық басқа жанрлардағы образдар мен сарындар кіріктіріліп, композициялық құрылым іштей күрделендірілген. Мәселен, Жібектің Төлегенге деген сезімінің шынайылығын тексеру үшін «құдай сотын» өткізуші – ислам мифологиясындағы бейне – періштелер енгізілген. Жібек аққуға айналып, киелі құс бейнесінде Бекежан мен Төлегенді «құдай сотынан» өткізуші болады. Мұндай сынның нәтижесінде Төлеген – аққуға, Бекежан – құзғынға, ал, оның нөкерлері қарғаға айналады.

«Қыз Жібекте» Бекежан Төлегенді сыртынан садақпен атады. Оның қараулығы эпоста осы әрекетімен көрінеді. Бекежанның нөкерлері Төлегенді жеңе алмайды, жағымсыз кейіпкерлердің қасындағы достарының да сенімсіз, әлсіз екендіктері осылайша әшкере болады. Ал авторлық шығарманың композициясын ішкі детальдар арқылы дамыту Бекежан бейнесін сомдаумен де байқалады. Пьесада Бекежанның қара ниеті эпостағыдай бір жағдаймен ғана емес, екі көрініске енгізілген, бірі – Бекежаннан қашып, Жібек аққуға айналғанда, Бекежан Төлегенге «алтын білезікті аққуды атсаң, сүйгеніңе қосамын» деп, Жібектің алтын білезігін әдейі айтып, өзінің қолына түспеген соң қара ниетін жүзеге асырғысы келеді. Бекежанның екінші қараулығы эпостағы сюжетпен үндес, Төлегенді сыртынан атады.

Бас кейіпкер Төлеген жаны таза адам болғандықтан ол күш-қайратының да артықшылығымен даралануы тиіс. Эпоста Төлеген Қособа жерінде алпыс қарақшымен күні бойы атысады.

Оны жырда:

 

Алдынан шыққан алпыс жау

Төлегенді қамады...

Бесінде жаумен атысып,

Намаздыгер болғанша,

Алдырмай кетіп барады1, –

 

деп суреттеген.

Пьесада бұл сюжет үндестікпен қолданылған, яғни Төлеген Бекежанның нөкерлерімен күш сынасады.

Ал, бір қыздан үміткер екеудің күш-қайраты тең болуы керек сияқты, алайда, Бекежан мен Төлеген арасындағы жекпе-жекте автор тарапынан әділеттілік жасалады, яғни бұл күш сынасуда зорлықшыл Бекежан жеңіледі. Сөз жүзінде жеңілгенін мойындап, өзінің енді дос болатынын айтқан Бекежан Төлегенді сыртынан қақ жауырынынан атады. Төлеген өледі. Бұл тұста да эпоспен үндестік орын алған. Пьесаның қорытынды бөлімі «Қыз Жібек» үшін тосындау болып шыққан. Бірақ Ш.Уәлиханов жазып алған «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» Жанақ ақын нұсқасында Қозының өлгенін білген Баян оған жан тілеп, Жаратқаннан жеті ай өмір сұрап, тірілтіп алатыны бар. Мұндай сарын Н.И.Ильминский нұсқасында да бар, ол бойынша Баян Қозыға үш күндік өмір сұрайды. Сұрап алған уақыт біткенше екеуі бірге болады2. «Аққу – Жібектегі» Жібектің Төлегенді тірілтіп алуына осындай фольклорлық байланыстың әсері көрінеді, әйтсе де, авторлық шығарманың өзіндік идеясы болады. Сол идея бойынша шын ғашықтарға өлім жоқ, Төлегеннің өліп жатқанында Жібек келіп, бетінен үш рет сипап, тірілтіп алады да, екеуі аққу бейнесінде адамдардан алыстап, ұшып кетеді. Солайша қазақ елі тәуелсіздік алғалы бергі уақытта жазылған қазіргі қазақ пьесаларында фольклорлық шығармалар сюжеттік тұрғыдан да, композициялық тұрғыдан да автор тарапынан көркемдік шешімге бағындырылып, дамытылу үстінде екені белгілі болады. «Аққу-Жібек» пьесасының композициялық құрылымының жасалуында бір ғана «Қыз Жібек» емес, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырымен де үндестік байланыстың болғаны аңғарылады.

Фольклорлық композицияның комедия үшін қолданылу мүмкіндігі деген мәселені зерттеп көруге болады. Мәселен, «Ескерткіш операциясы» атты екі бөлімді комедияның композициялық құрылымының түзілуінде фольклорлық ертегінің қолданысы оңайлықпен байқалмайды. Бірақ пьесаның мазмұнын әбден түсінгенде жазушы-драматург Д.Исабековтің айтар ойын түсініп, бас кейіпкер – сантехник Әшкен Желдібаевтың қылығы А.С.Пушкиннің «Балықшы мен алтын балық туралы ертегісіндегі» кемпірдің тойымсыздығы үшін жазаланғанын еске түсіреді. Шындығында, А.С.Пушкиннің бұл шығармасы фольклорлық ертегінің сюжеті бойынша туған. Пушкинтанушылар ақынға бұл ертегі мұхит жағалауындағы славяндар арқылы белгілі болған деп есептейді және ағайынды Гриммдер жинағында неміс ертегісі жарияланған3. Фольклорлық шығарманың композициясы: 1) кейіпкердің әлеуметтік төмен жағдайы; 2) сәтті жағдайдың тууы, оны мейлінше пайдаланып қалғысы келген кейіпкердің тойымсыздық жасап, астамшылыққа жетуі; 3) астамшылықтың кесірінен бар байлықтан айырылып, бұрынғы жағдайға түсуі осы авторлық шығармаға арқау болған.

«Ескерткіш операциясының» сюжеті бойынша бір ауданның басты кәсібі – мал шаруашылығы болуымен байланысты тері илейтін комбинаттың жүз жылдық мерейтойына дайындық айтылады, шеберхананы ашқан адамның құрметіне арнап ескерткіш орнату – күн тәртібіндегі маңызды шаруа болып, оны жүзеге асыру бағытында жұмыстар ойластырылады. Ескерткішті сомдау үшін ауылдағы сантехник Әшкен Желдібаев түпнұсқалық тұлға қызметін атқаруы тиіс болады. Ішкіш сантехник Әшкен өзіне аудан басшылығының «күні түсіп тұрғанын» пайдаланып, бір көрген ақ көйлекті қызды тоқалдыққа алып беруді сұрайды, милицияға ұсталып қалғанында әкімшілікке телефон соғып, өзінің «ескерткіш түпнұсқасы» екенін айтып, қамауға алынбай, еркіндікке шығады. Ескерткіш тұғырында жарты сағат тұрғаны үшін көп ақша сұрайды. Шетелдік қонақтар Ә.Желдібаевтың үйіне баратын болған соң әкімшілік оның үйіне телефон орнатып, жаңа жиһаз, т.б. кіргізіп, жайнатып қояды. Әшкен кіріп келгенінде өз үйін танымай, шығып кетеді. Содан соң ес жиып, мұндай жағдай өң бе, түс пе дейтіндей жағдайға жетеді. Шығарманың «Бірінші бастық айтады, келесі сайлауда сені депутаттыққа ұсынамыз дейді. ­Өле қалсам, маған да өз алдыма ескерткіш қоймақшы!» – дейді Әшкен әйеліне. «Құдай қаласа, депутат болам. Одан аудан әкімі, облыс әкімі...» деп қиялға берілген сантехник “басшылар – Жанайдаров пен Есіркепов менімен амандаса алмай, топтың сыртынан маған қызыға қарап тұрады. Кездесулер, интервьюлар... «Егемен Қазақстан», «Жас алаш»1... – деп, еркін ойға ерік береді. Ақырында, шетелдік қонақтар кетіп, облыс әкімі келгенше мүсіншілер шын ескерткіш дайындап қойған соң, Әшкеннің керегі болмай қалады да, енді Әшкен Желдібаев өзіне жасалған барлық жағдайдан айырылып шыға келеді. Жазушы-драматург ертегі сюжетін тікелей жолмен емес, оның идеясын бүгінгі заманның шындығын айтуға қолданған, яғни бұл пьесаны жазудағы мақсат – кейіпкер Әшкен Желдібаевтың тойымсыздығын айту арқылы адамдардың шектен шығатын қылықтарын сынаумен бірге көзбояушылыққа салынатын әкімдердің істерін де әшкере етеді. Бұл идеяны жүзеге асыруда фольклорлық ертегінің сюжеті ой берсе, композициясы да ұтымды тәсіл болған.

Қорыта айтқанда, драмалық және комедиялық пьесалар автордың шығармашылық еркіндікті пайдаланудың дәрежесіне қарай фольклормен түрлі байланыс жасай алады. Бірақ соның өзінде халық көңілінен орын алған фольклорлық образдарды ойда ұстай отырып бүгінгі заманның кейіпкерімен ұқсастық табу жолында үндестік байланыс кеңірек қолданылатыны белгілі болады.

 

Символдар мен сарындар. Тәуелсіздік тұсында жазылған трагедиялық туындыларда бүгінгі күннің өзекті ойларын қозғау үшін фольклорды шығармашылықпен түрлендіру кең көрініс тапқан. Мәселен: Б.Мұқайдың «Заманақыр» атты шығармасында аруақтармен сөйлесу, заманға қарғыс айту, Жер-анамен тілдесу секілді фольклорлық үрдістер үлкен көркемдік жүк атқарып тұр.

Драматург бұл пьесада Жер-ана ұғымына ерекше мән береді. Ядролық апат салдарынан тас-талқаны шыққан жерді жанды ана бейнесінде ала отырып, адам мен табиғат үйлесімділігінің бұзылған жерінде адамзатқа апат төнетінін ескертеді. Жаны жаралы жандар көкке емес, Жер-анаға табынады, мұң шағады, көмек тілейді, яғни қазақтың Аспанды-әке, Жерді-ана деп есептейтін (Тәңір-Ұмай) алғашқы ерлі-зайыпты құдайлар туралы түсінігін шебер пайдаланған.

«Ерлі-зайыпты баба-құдайлардың ең көне әрі универсалды тараған түрі – Аспан – әке мен Жер – ана. Бұл образдардан, бір жағынан, рулардың бабалары болып саналатын ілкі адамдардың космостанғанын, ал, екінші жағынан, неке мен семьялық қатынастардың табиғат дүниелеріне көшірілгенін көруге болады»[623]. Б.Мұқай драмаларының басты арқауы – ұрпақ жалғастығы мәселесі. Қаламгердің қазақтың ана құрсағынан бастау алатын тәрбиелік-тағлымдық дәстүрі үзілуінің себептерін көрсетуге құрылған шығармаларынан, табиғат ананың адам тіршілігімен кіндіктес өрімін, жұмыр басты пенде атаулының қоршаған орта, аспан әлемі, жер-су құдіретіне ерекше әуенділігін, өз тағдырын айналадағы құбылыстарымен үйлестіре, жарастыра қарауға ұмтылуын көреміз.

Адам танымының алғашқы кезеңдеріндегі айнала табиғатты тұтас жан деп ұғыну, адам мен табиғаттың бір-біріне оң және теріс әсерлері туралы түсініктер күні бүгінге дейін тұрмыс-тіршілікте ғана емес, қаламгерлердің ой-танымында, олардың көркемдік әдістерінде сақталған. Айнала табиғаттағы Күн, Ай, Жер, Жұлдыз, Тау, т.б. құбылыстарға қасиет беріп, киелі санау, олармен қарым-қатынаста белгілі бір заңдылықтарды сақтаудың мәні; ол шарт бұзылса, адам кеселге: ауруға, өлімге ұшырайды. Отқа, суға түкірме, аттама, айға қол шошайтпа, күн батарда ұйықтама, жер сабалама деген сияқты түрлі ұғымдардың әрқайсының өзіндік мәні бар.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 129; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты