КАТЕГОРИИ:
АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника
|
IX- ТАРАУ. БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ГИГИЕНАСЫ.
Балалар ағзасының морфофункционалдық ерекшеліктері мен мүмкіншіліктері, әр түрлі жас кезеңдеріндегі өсу және даму үрдістерінің сипаты мен қарқындылығы, қоршаған ортаның әр түрлі факторларының әсеріне жоғары сезімталдығы, өсіп келе жатқан ағзаны үлкен адам ағзасынан өзгеше етеді. Сондықтан да балалар мен жасөспірімдерді гигиеналық қамтамасыз ету мәселелерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Оларды зерттеп дайындаумен балалар мен жасөспірімдер гигиенасы айналысады. Ол қоршаған ортаның әр түрлі факторларының балалар мен жасөспірімдер ағзасына тигізетін әсерін зерттейді, адамның қазіргі даму кезеңінде пайда болатын гигиеналық мәселелерді шешу үшін теориялық негіздер жасайды және тек балалар денсаулығын сақтау мен нығайтуға ғана емес, олардың ең жақсы өсуі мен дамуын қамтамасыз етуге де бағытталған практикалықі шараларды дайындайды. Адамның кейінгі, үлкен болғандағы денсаулық жағдайы көбінде өсіп келе жатқан ағзаның денсаулық жағдайымен байланысты. Бұл жағдай балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қалыптастырудағы және олардың қалыпты өсуі мен дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасаудағы гигиеналық шаралардың аса маңызды рөлін бұрынғыдан да артық көрсетеді. Гигиеналық шаралар балалардың тіршілік әрекетінің барлық аспектілерін қамтиды, соған байланысты балалар мен жасөспірімдер гигиенасын шын мәнінде кешенді гигиена пәні деп атауға болады. Мысалы, оның міндеттеріне балалардың күн тәртібінің, тамақтануының, оқуының, дене шынықтыру тәрбиесі мен еңбекке тәрбиелеудің, жасөспірімдерді мамандыққа бағыттаудың, балалар мекемелерін жоспарлау мен жабдықтаудың, балалардың күнделікті пайдаланатын заттарды - киім, аяқ киім, ойыншықтар, кітаптар қолдануының және басқалардың гигиеналық мәселелерін зерттеу мен шешу кіреді. Балалардың дене дамуы мен нервтік-психикалық дамуын және денсаулық жағдайын зерттеу мен бағалау мәселелері айрықша орын алады, себебі олардың деңгейі, бір жағынан жас ұрпақтың денсаулығын дәлелдейтін болса, екінші жағынан, балалардың өмір сүру мен тіршілік ету жағдайының қолайлылық дәрежесін көрсететін интеграциялаушы көрсеткіш болып табылады. Балалардың денсаулық жағдайы мен дене дамуы бұзылуларының алдын алу үшін, гигиеналық нормативтер мен талаптарға негізделген, балалар мен жасөспірімдер гигиенасы дайындаған бірқатар сауықтыру шараларының кешені жүргізіледі. Балалар мен жасөспірімдер гигиенасындағы қоршаған орта факторларын гигиеналық нормалаудың «үлкендер» гигиенасындағы гигиеналық нормалаудан айырмашылығы бар. Балаларға тек сан жағынан ғана емес, сонымен қатар, сапа жағынан да үлкен адамдардан айқын айырмашылығы бар биологиялық ерекшеліктер тән: · Дене дамуының аяқталмағандығы, себебі ағза өсу және даму үрдісі жағдайында болады · Әр түрлі жас кезеңдерінде морфологиялық-функционалдық даму деңгейінің әр түрлі болуы, өсу мен даму қарқындылығының біркелкі еместігі. · Гетерохрондылық, яғни ағзаның жеке мүшелері мен жүйелерінің және оның қызметтерінің дамуы бір уақытта жүрмейтіндігі. · Жыныстық диморфизм, яғни өсу мен дамудың жынысқа байланыстылығы. · Иілгіштік. · Қолайлы да, қолайсыз да факторлар әсеріне көп ұшырайтындығы, соған байланысты үлкен адамдарда көбінесе елеусіз өтетін, қарқындылығы аз әсерлердің өзі де балаларға қауіпті болып шығуы мүмкін. · Қоршаған ортаның өзгеріп отыратын факторларына бейімделу мүмкіншіліктерінің жеткіліксіздігі. Сонымен, балалар ағзасы дамуының әр түрлі жас кезеңдері дамуы ағзаның морфологиялық-функционалдық және психологиялық мүмкіншіліктерінің (жетілуін) және қоршаған ортаның әр түрлі факторларының әсеріне сезімталдығының өзіндік деңгейімен сипатталады. Сондықтан, қоршаған орта факторларына орнатылатын гигиеналық нормативтер, сондай-ақ, тіршілік ету жағдайларын оңтайландыру шаралары әр түрлі жас кезеңдерінде біркелкі болуы мүмкін емес. Олар баланың жасы мен жынысына байланысты бөліп көрсетіледі. Осыған байланысты балалар мен жасөспірімдер гигиенасын жиі «жасқа байланысты гигиена» деп те атайды. Жас кезеңдеріне бөлудің көптеген жіктелулері ұсынылған. Қазіргі уақытта ағзаның өсуі мен дамуының морфологиялық-функционалдық ерекшіліктеріне негізделген, биологиялық жас кезеңдеріне бөлу кеңінен қолданылады (9.1-кесте). Ол 1965 жылы Мәскеудегі Халықаралық симпозиумде қабылданған. Бала емдеу практикасында, биологиялық жас кезеңдеріне бөлумен қатар, бөлудің әлеуметтік қағидасына негізделген, әлеуметтік кезеңге бөлу де қолданылады. (9.2.-кесте). Әлеуметтік жас кезеңдеріне бөлу биологиялық кезеңдерге бөлуге қайшы келмейді. Ол көп жылдар бойына қалыптасқан балалар мен жасөспірімдерге медициналық қызмет көрсету жөніндегі практикалық жұмыстардың ұйымдастырылуына бейімделген. Мысалы, бөбекханалар мен балабақшаларындағы топтарды комплектациялау әлеуметтік жас кезеңдеріне бөлумен сәйкес жүргізіледі. Әлеуметтік кезеңге бөлуде 15-18 жастағы балалар бозбалалық топқа емес, жасөспірімдік топқа жатқызылады, себебі биологиялық жас кезеңдеріне бөлуде бозбалалық топқа 18 жастан асқан адамдар да кіреді, ал, кәсіптік оқу мен жұмыс істеу жағдайларына қойылатын гигиеналық талаптар, сондай-ақ, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер кәмелетке толған немесе толмаған адамдарға бірдей емес. Кесте
|