Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Балалар ойыншықтарына, оқулықтарына және киіміне қойылатын гигиеналық талаптар.




Оқу үрдісі көзге үлкен жүктеме түсіруімен жұреді, ол, көп жағдайларда мектеп оқулықтарының балалардың жасына байланысты көру мүшесі дамуының ерекшеліктеріне сәйкес келуіне байланысты болады. Кітап оқу көзді қимылдататын бұлшық еттердің, көз бұршағының қисығын өзгертетін аккомодациялық бұлшық еттің және көздің жарықты сезетін аппаратының жұмыстары бір–бірімен үйлесіп, қатар жүруін қажет етеді. Кітап оқу жеткілікті дәрежеде көзге жақын аралықта жүзеге асырылатындықтан, ұзақ уақыт, әсіресе, майда жазылған мәтіндермен, жұмыс істегенде, осы үрдіске қатынасатын бұлшық еттердің де, жарықты қабылдайтын аппараттың да қажуы мүмкін. Бұл кезде аккомодациялық бұлшық еттің жиырылуы тоқталады немесе ол жиырылған күйінде болады.

Кітап оқығанда қарау мәтінің жолдарын бойлай әлсін-әлсін кідірістермен (фиксациямен) жылжып отырады, фиксация кезінде оқыған мәтінін мазмұнын қабылдау жүреді. Кітапты жаңадан оқып үйрене бастаған балаларда, 1 жолды оқығанда 17-20 кідіріс болады, ал тәжірибесі мол оқырман 5-6 кідіріс ғана жасайды. Кітап оқи алмайтын балалар мәтінді түсінуі үшін тақырыптың жекелеген элементтеріне бірнеше рет кідірумен (рефиксация) қайта оралады. Сонымен, кітап оқу көріп қабылдауды ғана емес, көріп ажыратудың белгілі бір жылдамдығын, назар аударуды және көріп еске сақтауды қажет етеді, бұл оқу үрдісінің қажытатын әсерін одан да арттырады. Оқу дағдылары қалыптасқан кезде, фиксация және рефиксация ұзақтығы мен саны біртіндеп төмендейді, оқу жылдамдайды, көз қимылы едәуір реттеледі. Дегенмен, орта және үлкен жастағы оқушылардың өзінде де кітап оқыған кездегі көз қимылының ырғагы мен жүйелілігінде, үлкен адамдардағы сияқты, жоғары тұрақтылық болмайды. Сондықтан, мектеп оқулықтары мен кітаптарды дайындау жөніндегі гигиеналық ұсыныстар әр түрлі жастағы оқушылар үшін дифференцияланған болып табылады. Оқулықтардың гигиеналық талаптарға сәйкестігін бағалайтын параметрлеріне: қаріп (шрифт) өлшемдері, қаріптердің толық жиынтығы (гарнитура), теруі, баспа, қағаз, иллюстрация сапасы, пішім, салмағы, мұқабасы жатады.

1- сыныптағыларға арналған әліппенің бірінші беттеріндегі әріптердің биіктігі 6-8 мм болуы керек. Әріптерді ажырату және оқу дағдыларын біртіндеп меңгеру барысында, әліппенің келесі беттеріндегі әріптердің өлшемдерін 3,4-4 мм дейін, ал одан кейін 2,8 мм дейін кішірейтеді. 2-4- сыныптардың оқушылары үшін өлшемі 2,5-2 мм, 5-6- сыныптар үшін – 2 мм, 7-11- сыныптар үшін - 1,75 мм қаріптерді қолданады. Осыған сәйкес әріптердің тік және көлденең сызықтарының жуандығы да кішірейеді. Көз қажуының алдын алу үшін қәріптерді қарапайым суреттермен (гарнитурамен) - қәріптердің шабылған, тікелей кескіні түрінде қолдану керек..

Мұндай гарнитураларға әліппе, журнал, мектеп жиынтықтары және басқалар жатады. Теру мәтін жолдарының ұзындығымен, олардың арасындағы ара қашықтықпен, жиектерінің өлшемдерімен, басылу тығыздығымен сипатталады. Жолдардың ұзындығы кіші сынып оқушылары үшін 126-130 мм, үлкен сыныптарда - 90-110 мм болуы қажет. Екі бағанадатеру қолданылмайды, себебі мұндай теруде көз қимылы жиілейді және жолдың басын табу қиындайды.

Мәтіннің қолайлы оқылуы үшін жолдар арасындағы (интерлиньяж) және сөздер арасындағы ара қашықтықтың (аппрош) да маңызы аз емес. 1-2- сыныптарға арналған оқулықтар үшін жолдар арсындағы ара қашықтық 2,8 мм кем емес, ал басқаларының барлығына - 2,7 мм кем болмауы керек. Сөздер арасындағы ең алшақ ара қашықтық - 4-11 мм - бастауыш сыныптарға арналған басылымдарда қолданылады, жоғарғы сынып оқушыларына арналған оқулықтарда олар 2 мм дейін азаяды.

Оқулықтардың басылуы анық, қара түсті және біркелкі болуы керек. Қағаздың сапасы мәтіннің жақсы көрінуін қамтамасыз етуі, жарық өтпейтін, жұмсармайтынжәне ылғалды бойына сіңірмейтін болуы керек. Осы мақсатта көп жалтырамайтын (типографиялық және №1 офсеттік қағаз) ақ қағаз қолданылады. Газетке арналған қағазды қолдануға рұқсат етілмейді. Оқулықтар пішімі бойынша үлкен және ауыр болмауы керек. 1-4- сыныптар оқулықтары үшін оқулық салмағы 300г, 5-6 сыныптар үшін – 400г, жоғары сыныптар үшін - 600г аспауы керек.

Балалар қолданылатын негізгі заттардың бірі ойыншықтар болып табылады. Бірақ, гигиеналық талаптарға сәйкес емес ойыншықтарды пайдалану бала денсаулығы үшін қауіпті болуы мүмкін, сондықтан ойыншықтар сапасына барынша мұқият санитарлық бақылау жүргізіледі. Ойыншықтар рұқсат етілген өнімдер мен материалдардан жасалуы және отқа төзімді болуы керек. Ескі құсқыны пайдалануға, ал 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарды жасауға табиғи теріні, қылды, былғарыны қолдануға рұқсат етілмейді. Сылдырмақтар мен музыкалы балалар ойыншықтарының ұсақ-түйек бөлшектері жеңіл залалсыздандырылуы және өзіне ылғалды сіңірмеуі қажет. Ойыншықтар жасауда мыс түтіктерін, мырышпен қапталған болатты, ақ қаңылтырды қолдануға болмайды. Ойыншықтарды бояу үшін, сілекей, тер, ылғал және дезинфекциялаушы заттардың әсерлеріне тұрақты жабын беретін, сыр мен лактар таңдалынып алынуы керек. Барлық ойыншықтардағы көшпелі ауыр металлдардың (барий, кадмий, хром, қорғасын, сынап, селеннің) максималды мөлшерін анықтайды.

Сонымен бірге, полимерлік және басқа синтетикалық материалдардан, резеңке, қағаз, картоннан жасалынған ойыншықтардың құрамына кіретін зиянды әсері бар әр түрлі құрамдас бөліктерінің (мономерлер, пластификаторлар, қатайтқыштар және т.б.) ауаға және су ортасына бөлінуі зерттелінеді. Бөлінетін өнімдер ішінде формальдегид, фтолат, акрилонитрил, этилбензол, метилметакрилат, стирол, тиурам, және т.б. улы қосылыстар болуы мүмкін. Бұл заттардың бәріне де көшуінің рұқсат етілген деңгейі белгіленеді.

Сыртқы пішіні мен құрылымы бойынша ойыншықтар тегіс болуы, өткір бұрыштары және ұсақ, жеңіл бөлінетін бөлшектері, иісі болмауы керек. Бөлмелерде ойнауға арналған ойыншықтардың шығаратын дыбыс деңгейі 65 дБА, ал ашық ауада ойнауға арналған ойыншықтарда - 75дБА аспауы керек.

Балаларды еңбекке тәрбиелеу және үйрету. Жасөспірімдерді мамандыққа бағыттау және мамандық түріне дәрігерлік кеңес беру.

9.1. Балаларды еңбекке тәрбиелеу және үйрету.Еңбекке тәрбиелеу мен үйретудің мақсаты балаларда еңбек сүйгіштіктік қалыптастыру, оларды жалпы еңбекке дағдыландыру және епті ету, белгілі бір мамандық түрін меңгеруі ғана емес, сонымен қатар, еңбектің ағзаға қолайлы әсер етуінің арқасында балалар мен жасөспірімдерді сауықтыруды да көздейді. Дене еңбегімен айналысу зат алмасу үрдістерін ынталандырады, қимыл үйлесімділігін жақсартады, бұлшық ет күші мен төзімділікті арттырады, ағзаның барлық жүйелерінің функционалдық жағдайының жақсаруына ықпалын тигізеді және гиподинамия дамуының алдын алады..

Еңбекке тәрбиелеу мен үйрету, мектепке дейінгі жастың өзінде-ақ басталып және мектепте оқудың барлық жылдарында жалғасатын, көп сатылы сипатта болады. Ол келесі қағидаларға негізделуі тиіс:

· Еңбек әрекетінің сипаты, көлемі және ұйымдастырылуы балалардың жасына, жынысына байланысты мүмкіншіліктеріне және денсаулық жағдайына сәйкес болуы керек;

· Еңбек жүктемелері, ағзаны жаттықтыратын әсер беріп, біртіндеп ұлғаюы және күрделенуі керек;

· Еңбектің қауіпсіз жағдайлары қамтамасыз етілуі тиіс.

Бастауыш мектептің оқушылары еңбек сабағында әр түрлі материалдарды пайдаланып, қолмен жұмыс істеудің қарапайым дағдыларын меңгереді, өсімдіктерді отырғызу және оларды баптап күтуді үйренеді, қарапайым ойыншықтарды және басқа ұсақ-түйектерді жасайды, оқу-көрнекті құралдарын жөндеумен және т.б. айналысады. Бұл жастағы балалардың дене еңбегіне мүмкіншіліктері әлі аз болғандықтан, өңдеуге негізінен жеңіл берілетін материалдар - қағаз, мата, пластилин, картонмен жұмыстар жасалынуы керек. Осы кезде орындалатын кесу, жабыстыру, желімдеу, тігу және басқа іс-әрекеттер нәзік қимыл үйлесімділігін дамытуға және білезіктің ұсақ бұлшық еттерін қимылдатуға мүмкіндік береді. Мектеп маңындағы жер телімдерде жұмыс істеу еңбекке баулудың қажетті құрамдас бөлігі болып табылады, себебі еңбек әрекеті ағзаға пайдалы әсер көрсететін, ашық ауада болуымен біріктіріледі.

Негізгі мектептің 5-9 сынып оқушыларын еңбекке үйрету, бастауыш мектепке қарағанда, күрделірек, күнделікті өмірде қажетті, білім мен іскерлікті меңгеруге бағытталған. Мысалы, бұл жаста металл, ағаш, маталарды өңдеу технологиясын және жұмыс операцияларын, электротехниканың қарапайым мәселелерін шешуге, тігін тігуді, тамақ пісіруді, тұрмыстық техникамен жұмыс істеуді үйренеді. Ауыл мектептерінде еңбекке баулуда оқушыларды ауыл шаруашылығы жұмыстарына тарту да қолданылады.

Жалпы білім беру мекемесінің мамандыққа дайындайтын профиліне байланысты жоғары сыныптарда (10-11 сыныптар) белгілі мамандықтарға үйрету жүргізіледі.Сабақтар мектепаралық оқу-өндірістік комбинаттарда, оқу-өндірістік шеберханаларда, мектеп зауыттарында, базалық кәсіпорындардың жұмыс орындарында жүргізіледі.

Жалпы білім беретін мекемелердегі еңбекке үйретудің негізгі түрі еңбек сабағы болып табылады. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептің барлық сатыларындағы еңбекке баулу көлемі мен сипаты оқушының жасына байланысты болатын, қоғамға пайдалы өнімді еңбек те кіреді.

Еңбек сабағын ұйымдастыру оқушылардың еңбек дағдыларын тиімді меңгеруге ғана емес, сонымен бірге уақытынан ерте пайда болатын қажудың алдын алуға, басқа пәндер бойынша келесі сабақтарда жұмыс қабілеттілігін арттыруға және де еңбектің ағзаға сауықтыратын әсерін қамтамасыз етуге де бағытталады. Осы мақсатта, бәрінен де бұрын, мектептегі сабақ кестесінде еңбекке үйрету сабақтарының орны дұрыс белгіленуі керек. Ең дұрысы болып табылатыны ,еңбек сабағын, қажудың айқын белгілері әлі пайда болмаған кезде, 3-4 сабақтарда жүргізу. Бұл кезде ой еңбегі жүктемесінің дене еңбегі жүктемесіне ауысуы ағзаның функционалдық жағдайына қолайлы әсер көрсетеді және оқушылардың іс-әрекет белсенділігін ынталандырады. Егер еңбек сабағы оқу күнінің соңында жүргізілсе, оның ынталандырғыш әсері күрт төмендейді, себебі бұл уақытқа қарай алдыңғы сабақтардан өте айқын қажу пайда болады.

Еңбекке үйретуді ұйымдастыруда сабақтың ұзақтығын және оның жеке құрамдас бөліктерін нормалаудың, сонымен қатар сабақтың құрылымын дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор. Еңбек сабағына 1-7 сыныптарда – аптасына 2 сағат, 8-9 сыныптарда – 3 сағат, 10-11 сыныптарда – 4 сағат бөлінеді. Қоғамдық пайдалы еңбекке бөлінетін уақыт 2-4 сыныптарда – аптасына 1сағатты, 5-7 сыныптарда аптасына - 2 сағатты, 8-9 сыныптарда - 3 сағатты, 10-11 сыныптарда - 4 сағатты құрайды.

Сабақ құрылымында уақыттың негізгі бөлігі оқушылардың практикалық тапсырмаларды орындауына берілуі тиіс. Сабақтың тығыздығы (барлық еңбек түрлерін орындауға жұмсалатын уақыт) 60%-дан аз және 85% -дан артық болмауы керек. Егер сабақ тығыздығы аз болса, жұмысты орындауға қажетті көңіл бөлу мен зейін қою бұзылады және жұмыс дұрыс ұйымдастырылмаған түрде орындалады, бұл өндірістік динамикалық стереотипінің қалыптасуына және еңбек дағдыларының нығаюына кедергі келтіреді. Сабақтың үлкен тығыздығы қажудың тез дамуына әкеледі, себебі, үлкендермен салыстырғанда, оқушылардың бұлшық еттерінің төзімділігі жеткіліксіз, ал дене еңбегіне жұмсалатын энергия шығыны жоғары болады.

Балалар үшін дене еңбегін орындау кезінде ең қажытатыны - дененің мәжбүр қалпында болуы және еңбектің бірсарындылығы. Еңбек сабағында орындалатын жұмыстардың барлық түрлері әр түрлі дәрежедегі статикалық күш салумен сипатталады. Мысалы, темірден құрал-сайман жасау жұмыстары, ағашпен жұмыс істеуге қарағанда, едәуір көп статикалық күш салумен ерекешеленеді. Осыған ұқсас, пішу мен тігу, статикалық бұлшық еттің зорығатынына байланысты, аспаздық жұмысқа қарағанда, көп қажытады. Сондықтан, кез келген еңбек түрлерінің үздіксіз орындалатын уақытын міндетті түрде нормалау қажет болып табылады. Бала неғұрлым жас болса, соғұрлым ол уақыт аз болу керек. Үздіксіз жұмыс ұзақтығы 1 сыныптағы оқушыларда 5 минуттан артпауы керек, 2-3 сыныптарда - 5-7 минут. 4-5 сыныптарда - 10 минут, 6 сыныпта - 12 минут, 7 сыныпта - 16 минут. Сонымен қатар, сабақ барысында статикалық жұмыстарды динамикалық жұмыстармен ауыстыру немесе оларды кезектестіру қажет. Еңбектің бірсарындылығын болдырмау үшін орындалатын жұмыстар саны 3-тен аз болмауы керек. Ұлдар мен қыздардың функционалдық мүмкіншіліктерінің бірдей еместігі де ескерілуі қажет. Қыздардың дене еңбегінің мүмкіншіліктері, ұлдарға қарағанда, 15-20% төмен, сондықтан оларды ауырлығы азырақ, «қыздар істейтін» еңбек түріне үйрету қарастырылуы керек. Әрбір еңбек түрін орындағаннан кейін аздаған үзілістер ұйымдастырылуы қажет. Қосарланған сабақтарда дене шынықтыру минуттарын жүргізу, ал сонымен бірге, бірінші сабақтан кейін үзіліс берілуі тиіс. Денсаулық жағдайларында ауытқулары бар балаларды еңбекке үйрету дифференциялданған болуы қажет.

Еңбекке үйрету үшін жоғарғы сыныптарда, еңбек сабағы мен қоғамдық–пайдалы еңбекке бөлінген сағаттарын қосып, аптаның бір күнін бөледі. Осы уақыттың 2 сағаты теориялық дайындыққа және 4 сағаты тәжірибелік жұмыстарға беріледі. Жұмысқа жіберу алдында қауіпсіздік техникасы жөнінде нұсқау жүргізілуі керек. 14 жастағы оқушылардың жұмыс істеу нормасы үлкен адамдардың сағаттық нормасының 40%, 15-16 жастағыларда - 60%, 17 жастағыларда - 80% аспауы керек.

Еңбекке үйрету жөніндегі сабақтарды ұйымдастыруда үйлесімді және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің маңызы зор, себебі қарқындылығы тіпті аз болса да, қолайсыз өндірістік факторлармен, олардың байланыста болу мүмкіншіліктері жоққа шығарылмайды. Мысалы, оқу шеберханаларында темірден құрал-сайман жасау (слесарлық жұмыстар) мен металл жону (токарьлық жұмыс) жұмыстарын орындау кезінде оқушылар шаңның, майлардың, дәнекерлеу аэрозолдерінің және шудың қолайсыз әсерлеріне ұшырауы мүмкін. Сонымен бірге, ағзаға шамадан артық жүйке-психикалық және дене еңбегінің жүктемелері түсуі, жекелеген мүшелер мен жүйелердің және анализаторлардың шамадан артық зорлануы да мүмкін. Жоғарғы сынып оқушылары кәсіпорындардың жұмыс орындарында мамандықтарды меңгеруі кезінде, олардың ағзасына нақты кәсібі-өндірістік ортаның факторлары да әсер етуі мүмкін.

Оқу-өндіріс шеберханаларында өндірістік факторлардың теріс әсерлерінің алдын алу үшін, ауаны жалпы алмастыратын және жергілікті сормалы тиімді желдету, жарықтандыру ұйымдастырылуы, сондай-ақ шудың деңгейін төмендету шаралары жүргізілуі тиіс. Қолданылатын құрал-саймандар оқушының морфофункционалдық мүмкіншіліктеріне сәйкес келуі қажет. Құрал–жабдықтардың орналасуы жарақат алуды төмендетуге және жұмыс орындауға қолайлы жағдай қамтамасыз ету керек. Металл өңдейтін верстактар терезелерге перпендикуляр орналастырылады, себебі бұл жұмыстар олардың оң жағынан да, сол жағынан да жарық түсу кезінде жүргізіледі. Керісінше, ағаш өңдейтін шебер үстелдері (верстак) мен тігін машиналарын терезелерге перпендикуляр немесе 45º бұрышпен және жарықты тек сол жақтан түсетін етіп, орналастырады, себебі жарық оң жағынан түскен кезде, жұмыс орны көлеңкеленеді. Ағаш өңдейтін үстелдерді, әдетте, әрбірқатарына 6-7 үстелден қойып, 3 қатар, ал темір өңдейтін үстелдерді, бөлменің ені бойынша, әр қатарына 4 үстелден қойып, 4 қатар етіп орналастырады. Бір-біріне қарама-қарсы қойылған верстактардың арасында, металл сынықтарымен жарақаттанудан қорғайтын, металдан жасалған тор тартылып қойылуы керек. Қатарлар арасындағы ара қашықтық 1 м кем болмауы керек. Әрбір жұмыс орны кронштейнде орнатылған отырғышпен және аяқ астына қоятын затпен қамтамасыз етілуі тиіс.

Қажудың алдын алу үшін оқушының жұмыс істеу кезінде дұрыс дене қалпы қамтамасыз етілуі қерек. Ол құрал-жабдықтар өлшемдерінің дене бөліктерінің өлшемдеріне сәйкес келуіне байланысты.

Еңбекке үйретуге, жоғарыда көрсетілгендей, қоғамға-пайдалы еңбекпен айналысу жатады. Бұл жұмыстар мектепте болу кезінде де және мектептен тыс уақытта да, сондай-ақ жазғы демалыс кезінде де жүргізілуі мүмкін. Олар мазмұны бойынша әр түрлі, бірақ балалардың жастарына байланысты орындауға шамасы келетіндей болуы керек. Бастауыш мектепте оқушыларды сынып бөлмесін, өзінің жұмыс орнын жинауға, дән, жеміс-жидек теруге, көшеттерді өсіруге, үй өсімдіктерін күтуге, үй жұмысына көмек беруге қатыстырады. Қоғамдық-пайдалы еңбек орта сыныптарда оқу шеберханаларында тапсырыстарды орындау жұмысы, кабинеттерді жинау, астық жинауға қатынасу, оқу жабдықтарын жөндеу, жануарларға жем-шөп беру, сиыр сауу, мектеп маңын тазалықта ұстау, металл сынықтарын жинау түрінде жүргізілуі мүмкін.

Жоғары сынып оқушылары қоғамдық тамақтандыру, байланыс, сауда кәсіпорындарындағы, өндіріс кәсіпорындарының жұмыс орындарындағы, ауыл шаруашылығындағы және т.б.жұмыстармен айналысуына болады. Сонымен қатар, оқушыларды жасына сәйкес емес, жүктемесі шамадан артық жұмыстарға, өмірлеріне қауіп төндіретін жұмыстарға (терезе жуу, шатырдағы қарды тазалау, электр тоғымен, улы заттармен жұмыс істеу), сондай-ақ жұқпалы және паразиттік аурулардың дамуына әкелу мүмкіншілігі бар жұмыстарға (санитарлық жүйелерді жинау, қалдықтарды жинау мен шығару және т.б.) тартуға болмайды.


Поделиться:

Дата добавления: 2014-11-13; просмотров: 443; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.008 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты