Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 5 страница




37-бап. Қосымша білім беру

1. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру, түрлерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын қосымша білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары бойынша білім алушыларға білім беру қызметтерін көрсетуді бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары шарттық негізде береді.

2. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, өндірісте және мемлекеттік ғылым ұйымдары мен жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлерінің “Болашақ” халықаралық стипендиясы бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтары мен зертханаларында ғылыми тағылымдамадан өтуі кезінде жүзеге асырылады.

3. Білім беру ұйымдарының педагог және ғылыми қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бес жылда кемінде бір рет жүзеге асырылады.

38-бап. Білім алушылардың кәсіптік практикасы

1. Білім алушылардың кәсіптік практикасы мамандар даярлайтын кәсіптік оқу бағдарла­маларының құрамдас бөлігі болып табылады.

Кәсіптік практика тиісті ұйымдарда жүргізіледі және оқыту процесінде алған білімдерді бекітуге, практикалық дағдыларды игеруге және озық тәжірибені меңгеруге бағытталған.

2. Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны жұмыстық оқу бағдарламаларымен және жұмыстық оқу жоспарларымен айқындалады.

3. Кәсіптік практиканы өткізу үшін білім беру ұйымдары шарттық негізде практиканың базасы ретінде ұйымдары айқындайды, олармен практиканы өткізудің келісілген бағдарламалары мен күнтізбелік кестелерін бекітеді.

Шарттарда білім беру ұйымының, практиканың базасы болып табылатын ұйымдардың және білім алушылардың міндеттері мен жауаптылықтары айқындалады.

4. Кәсіптік практикаға кететін шығындар білім беру ұйымдарында және практиканың базасы болып табылатын ұйымдарда көзделеді және жасасылған шарттармен айқындалады.

5. Практиканың базалары болып табылатын ұйымдармен шарттар білім алушылардың кәсіптік практикасын өткізуге арналған шарттардың үлгілік нысаны негізінде жасасылады.

39-бап. Білім беру туралы құжаттар

1. Лицензиясы бар, мемлекеттік аттестаттаудан өткен және негізгі орта, жалпы орта, техникалык және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қорытынды аттестаттаудан өткен азаматтарға білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттар береді.

Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

2. Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттың болуы келесі деңгейдегі білім беру ұйымдарында білім алуды жалғастыру үшін қажетті талап болып табылады.

3. Білім алуды аяқтамаған не қорытынды аттестаттаудан өтпеген азаматтарға белгіленген үлгідегі анықтама беріледі.

4. Шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттар (келісімдер) негізінде танылады.

Халықаралық шарттар (келісімдер) болмаған кезде азаматтардың шетелдік білім беру ұйымдарында алған білімі туралы құжаттарын нострификациялау және оларға тиісті куәліктерді беру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

6-тарау. БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ

40-бап. Білім беру ұйымдары

1. Бір немесе бірнеше білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын және (немесе) білім алушыларды, тәрбиеленушілерді асырау мен тәрбиелеуді қамтамасыз ететін заңды тұлғалар білім беру ұйымдары болып табылады.

Білім беру ұйымдарын Қазақстан Республи­касының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.

Білім беру ұйымдарының қызметі тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелерімен және солардың негізінде әзірленген жарғылармен реттеледі.

2. Білім беру ұйымдарында білім беру қызметін жүргізу құқығы лицензия алған кезден бастап туындайды және соттың лицензиядан айыру туралы шешімі заңды күшіне енген немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен лицензия жарамсыз деп танылған сәттен бастап тоқтатылады.

3. Білім беру ұйымының мәртебесін (үлгісін, түрін) оның құрылтайшылары айқындайды және осы Заңның талаптары, білім беру қызметін лицензиялау кезіндегі біліктілік талаптары, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелері ескеріле отырып, оның жарғыларында көрсетіледі.

4. Білім беру ұйымдары үлгілері мен түрлерінің номенклатурасын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

5. Медициналық білім беру ұйымдары қаржыландырылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылатын клиникалық базасы бар болған кезде ғана жұмыс істеуі мүмкін.

Клиникалық базалар туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

41-бап. Білім беру ұйымының жарғысы

1. Білім беру ұйымының жарғысы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген талаптардан басқа, мыналарды:

1) іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларының тізбесін;

2) білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін;

3) білім беру процесін ұйымдастыру тәртібін (оның ішінде оқыту және тәрбиелеу тілін (тілдерін), білім алушылардың, тәрбиеленушілердің сабақ режимін);

4) білімдерді ағымдағы бақылау, білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттау жүйесін, оларды өткізудің нысандарын және тәртібін;

5) ақылы қызмет көрсетудің тізбесін және тәртібін;

6) білім беру ұйымының білім алушылармен, тәрбиеленушілермен және (немесе) олардың ата-аналарымен және өзге де заңды өкілдерімен қатынастарын ресімдеу тәртібін қамтуға тиіс.

2. Білім беру ұйымының жарғысында оның қызметіне қатысты және Қазақстан Республи­касының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер қамтылуы мүмкін.

3. Білім беру ұйымының жарғысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіледі.

42-бап. Білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату

1. Білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйым­дастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Білім беру ұйымы лицензиясынан айырылған немесе таратылған жағдайда оның құрылтайшысы (құрылтайшылары) білім алушыларды оқуын жалғастыру үшін басқа білім беру ұйымдарына ауыстыруға шаралар қолданады.

43-бап. Білім беру ұйымдарының құзыреті

1. Білім беру ұйымдары Қазақстан Республи­касының заңнамасында, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдарының қызметі туралы үлгілік ережелер мен білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген шектерде оқу және тәрбие процесін жүзеге асыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.

2. Білім беру ұйымдары өз қызметін жария түрде жүзеге асырады, жұртшылықты оқу, ғылыми-зерттеу және қаржы қызметі туралы хабардар етеді.

3. Білім беру ұйымдарының құзыретіне мынадай функциялар:

1) ішкі тәртіп ережелерін әзірлеу және бекіту;

2) әскери мамандықтар бойынша жұмыстық оқу бағдардармалары мен жұмыстық оқу жоспарларынан басқа, жұмыстық оқу бағдарламалары мен жұмыстық оқу жоспарларын әзірлеу және бекіту;

3) егер осы Заңда және қабылдаудың Үлгілік ережесінде өзгеше көзделмесе, білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген лицензияға сәйкес білім алушылардың, тәрбиеленушілердің контингентін қалыптастыру;

4) оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде оқытудың кредиттік технологиясын және қашықтықтан білім беру технологияларын енгізу;

5) ұлттық бірыңғай тестілеу мен техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кәсіптері (маман­дықтары) бойынша біліктілікті беруді қоспағанда, білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылауды, аралық және қорытынды аттестатталуын жүргізу;

6) өз қаржы қаражаттары шектерінде мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы қызметкерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымдық айлықақылар (ставкалар), қосымша ақылар, үстеме ақылар және өзге де ынталандыратын төлемдер белгілеу;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кадрлардың біліктілігін арттыруды және оларды қайта даярлауды қамтамасыз ету;

8) білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету, жарақтандыру мен жабдықтау;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақылы негізде тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) ұсыну;

10) жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымша қаржылық және материалдық қаражат көздерін тарту;

11) білім алушыларды тамақпен және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ету;

12) білім алушылардың, тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша жеңілдіктер мен материалдық қамсыздандыру түрлерінің уақтылы берілуін қамтамасыз ету;

13) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді асырау және олардың тіршілік ету жағдайларының белгіленген нормалардан төмен болмауын қамтамасыз ету;

14) қоғамдық өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің қызметіне жәрдемдесу;

15) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қаржылық есептілікті табыс ету;

16) жоғары оқу орындарының ғылыми және педагог қызметкерлеріне тиісті оқу орнының доценті және профессоры академиялық атақтарын беру;

17) “магистр” академиялық дәрежесін беру жатады.

44-бап. Білім беру ұйымдарын басқару

1. Білім беру ұйымдарын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, тиісті үлгідегі білім беру ұйымы қызметінің үлгілік ережелері мен білім беру ұйымының жарғысына сәйкес жеке-дара басқару және алқалылық принциптерімен жүзеге асырылады.

2. Білім беру ұйымын тікелей басқаруды оның басшысы жүзеге асырады.

3. Лауазымға тағайындау және лауазымнан босату тәртібін Қазақстан Республикасының Пре­зиденті айқындайтын жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларын қоспағанда, білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

Бірінші басшыларын Қазақстан Респуб­ликасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын мемлекеттік жоғары оқу орындарының тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

Мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық ныса­нындағы мемлекеттік орта білім беру ұйымының басшысы лауазымға конкурстық негізде тағай­ындалады.

4. Білім беру ұйымы басшысы лауазымының атауы, білім беру ұйымының алқалы органдарының құзыреті, құрылу және қызметінің тәртібі, олардың арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелерімен айқындалады және олардың жарғы­ларымен бекітіледі.

5. Мемлекеттік білім беру ұйымының басшысы үш жылда бір рет Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен аттестаттаудан өтеді.

Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан боса­татын жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орында­рының бірінші басшыларының аттестаттаудан өту тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

6. Мемлекеттік білім беру ұйымының (меди­циналық және фармацевтік білім беру ұйымдарынан басқа) басшысы мемлекеттік басқару органымен келісім бойынша өзінің орынбасарларын және бас бухгалтерді лауазымға тағайындайды және лауазым­нан босатады.

7. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларына өздерінің лауазымдарын білім беру ұйымдары ішіндегі немесе одан тыс жерлердегі басқа да басшылық (ғылыми және ғылыми-әдістемелік басшылықтан басқа) лауазымдармен қоса атқаруға тыйым салынады.

8. Мемлекеттік білім беру ұйымдары басшы­ларының лауазымдық міндеттерін қоса атқаруға болмайды.

9. Білім беру ұйымдарында алқалы басқару органдары құрылады.

Білім беру ұйымын алқалы басқарудың нысандары, оларды сайлау тәртібімен қоса, жұмысты ұйымдастырудың үлгілік ережелерін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін білім беру ұйымының кеңесі (ғылыми кеңес), қамқоршылық кеңес, педагогтік, әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) кеңестер және басқа да нысандар бола алады.

45-бап. Еңбек қатынастары және білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі

1. Қызметкер мен білім беру ұйымының еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

Жоғары оқу орындарындағы ғылыми-педагогтік қызметкерлердің (профессорлық-оқытушылық құрамның, ғылыми қызметкерлердің) лауазымдарға орналасуы конкурстық негізде жүзеге асырылады.

2. Азаматтарды күндізгі бөлімдерінде оқыту уақыты әскери қызметті өткеруге теңестірілетін білім беру ұйымдарының басшылары мен профессорлық-оқытушылық құрамын лауазымға тағайындау тәртібін және олардың еңбек жағдайларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың мемлекеттік басқару органдары айқындайды.

3. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:

1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;

2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;

3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;

4) білім беру ұйымы білім алушыларының және тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің оқу және тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;

5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;

6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауаптылықта болады.

46-бап. Білім беру жүйесіндегі бірлестіктер

Білім беру жүйесіндегі білім беру қызметі субъектілерінің мүдделерін олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және әрекет ететін бірлестіктері білдіре алады.

47-бап. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қабылдау талаптарына сәйкес білім беру ұйымдарын және білім алу нысандарын таңдауға құқығы бар.

2. Білім алатын адамдар білім алушылар немесе тәрбиеленушілер болып табылады.

Білім алушыларға оқушылар, студенттер, ма­гистранттар, адъюнкттар, курсанттар, тыңдаушылар және докторанттар жатады.

Тәрбиеленушілерге мектепке дейінгі, интер­наттық ұйымдарда білім алушы және тәрбиеленуші адамдар жатады.

3. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің:

1) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес сапалы білім алуға;

2) білім беру ұйымы кеңесінің шешімі бойынша жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттары шеңберінде жеке оқу жоспарлары, қысқартылған білім беретін оқу бағдарламалары бойынша оқуға;

3) оқу жоспарларына сәйкес баламалы курстарды таңдауға;

4) өзінің бейімділігі мен қажеттеріне қарай қосымша білім беру қызметтерін, білімдерді ақылы негізде алуға;

5) білім беру ұйымдарын басқаруға қатысуға;

6) қайта қабылдануға және бір оқу орнынан басқасына, бір мамандықтан басқасына немесе оқудың бір нысанынан басқасына ауысуға;

7) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен білім беру ұйымдарында ақпараттық ресурстарды тегін пайдалануға, оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілуге;

8) спорт, оқу, акт залдарын, кітапхананы тегін пайдалануға;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы жағдай туралы ақпарат алуға;

10) өзінің пікірі мен сенімін еркін білдіруге;

11) өзінің адамдық қадір-қасиетінің құрмет­телуіне;

12) оқудағы, ғылыми және шығармашылық қызметтегі табыстары үшін көтермеленуге және сыйақы алуға құқығы бар.

4. Меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің:

1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруге;

2) оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштас­тыруға;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметке шақырылу мерзімін кейінге қалдыруға құқығы бар.

5. Медициналық айғақтар бойынша және өзге де ерекше жағдайларда білім алушыға академиялық демалыс берілуі мүмкін.

6. Азаматтар бітірген білім беру ұйымдарының меншік нысандарына қарамастан, келесі деңгейдегі білім беру ұйымына түсу кезінде бірдей құқықтарға ие болады.

7. Білім бepу ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік стипендиялар төленеді.

Мемлекеттік атаулы стипендия жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының неғұрлым дарынды магистранттарына және Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушыларына жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары ғылыми кеңестерінің шешімдері негізінде төленеді.

Жеке және заңды тұлғалар тағайындайтын атаулы стипендиялар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың күндізгі нысаны бойынша білім алушыларға тағайындалады.

Атаулы стипендиялардың мөлшерін және оларды төлеу тәртібін оларды тағайындаған органдар мен тұлғалар айқындайды.

8. Жұмыстарының жоғары көрсеткіштері үшін мемлекеттік конкурс негізінде грант алған мем­лекеттік білім беру мекемелері соның есебінен табысы аз отбасыларынан шыққан білім алушыларға стипен­дия төлейді. Стипендияны төлеу тәртібін және оның мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

9. Мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес оқуға қабылданған білім алушыларды білім беру ұйымдары өздері белгілеген тәртіппен жатақха­налардағы орындармен қамтамасыз етеді.

10. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқу процесінен алаңдатуға жол берілмейді.

11. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында білім алушы және (немесе) тәрбиеленуші жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар толық мемлекет қамқорлығында ұсталады.

12. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да жеңілдіктер беріледі.

13. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылардың қысқы және жазғы каникул кезінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар.

14. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес білімді, шеберлікті, практикалық дағдылар мен біліктілікті меңгеруге, ішкі тәртіп ережелерін сақтауға, білім беру ұйымының жарғысында және білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген басқа да талаптарды орындауға міндетті.

15. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер өздерінің денсаулығы үшін қам жеуге, рухани және тән саулығын өздігінен жетілдіруге ұмтылуға міндетті.

16. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер педагог қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін, өздері білім алатын оқу орнының дәстүрлерін құрметтеуге міндетті.

17. Осы Заңның 26-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогтік және медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтар білім беру грантын беру ережелерінде және білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт талаптарында көзделген тәртіппен жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарда жұмысты өтеуге міндетті.

Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру тәртібі білім беру грантын беру ережелерімен айқындалады.

18. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің міндеттерін бұзғаны үшін оларға білім беру ұйымының ішкі тәртібінің ережелерімен және жарғысымен көзделген тәртіптік ықпал ету шаралары не білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген өзге де шаралар қолданылуы мүмкін.

48-бап. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау

1. Білім беру ұйымдарында білім алушылардың, тәрбиеленушілердің науқастануын болдырмау, денсаулығын нығайту, тән саулығын жетілдіру, салауатты өмір салтына ынталандыру жөніндегі қажетті шаралардың орындалуы қамтамасыз етіледі.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 125; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты