Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Көркем шығармадағы мазмұн мен пішін




Дүниедегі қандай бір заттар мен құбылыстар болса да мазмұн мен форманың тұтастығынан тұратындығы ғылыми тұрғыдан дәлелденген жай. Көптеген ғалымдар көркем шығарманың мазмұны мен формасын бір-бірінен бөлмей, бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын, бірімен – бірі тығыз байланысты, бір нәрсенің екі қасиеті деп біледі. Мазмұн, белгілі бір форма арқылы көрінсе, форма белгілі бір мазмұнды айқындайды, яғни форма мазмұнды жарыққа шығарады, оны жұртшылыққа түсінікті айқын етіп жеткізеді. Сонымен әдеби шығарманың мазмұны - өз эстетикалық идеясының тұрғысынан суреткер таныған ақиқат өмірде, пішіні – осы шындық тұтастырыла жинақталған көркем образдар жүйесі, яғни әдеби қаһармандар өмірі. Мазмұн әлеуметтік категорияға жататындықтан да, қоғам өзгеруіне орай ол да өзгеріп, жаңа сипат алып отырады. Жаңа мазмұн жаңа форманың тууын талап етеді. Бірақ жаңа форма бір дегеннен туа қалмайтындықтан да алғашқы кездерде жаңа мазмұнның өзі уақытша блса да ескі форма арқылы көрініп отырады. Осы кезде мазмұн мен форма арасында алшақтық тууы да мүмкін. Жаңа мазмұнды ескі форма айқын көрсете алмаса, оның маңызын жояды. Мұндай жағдайда жаңа мазмұнға жаңа форма керек. Жаңа мазмұн жаңа форманы туғызғанда бұрынғы бар ескі формалардың негізінде, өңделіп, жарық көріп отырады. Сонымен жаңа форма бұйрықпен немесе жеке адамдардың тілегі бойынша жасалынбайды. Ол қажеттіліктен, творчестволық іздену арқылы бірте–бірте жасалады. Әдебиеттің көркем формасы әр халықтың өмірі, тіршілігі, мінез өзгешеліктері, әдет-дәстүрлерімен тығыз байланыста болады. Қазіргі кезде жалпыға ортақ әдебиет формасы саналатын жәйттер бір кезде мазмұн болған. Мысалы, қайта өрлеу кезінде пайда болған новелла жаңалық, хабар сипатында көрінген.

1. Мазмұн мен форма жайын сөз еткенде, бірінші - мазмұнның бірнеше формасы болатыны. Өмірде де, өнерде де солай. Мысалы, совет халқының Ұлы Отан соғысының ғылым мен әдебиеттегіпішіндерінің әр алуандығын өз алдына қойғанда, бір ғана сөз өнерінің өзінде, айталық, Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңызы» мен Хамит Ерғалиевтің «Әке сырындағы», яки поэзиядағы пішіні бір бөлек. Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқасы» мен Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндеріндегі», яки прозадағы пішіні бір бөлек болса, Мұхтар Әуезов пен Әлжаппар Әбішевтің «Намыс гвардиясындағы», яки драматургиядағы пішіні өз алдына бөлек.

2. Сонымен қатар мазмұнға қарағанда форманың өзгерімпаздығы. Өмірде де, өнерде де солай. Айталық, махаббат. Бұл-өмірде тұрақты шындық, өнерде мәңгілік тақырып. Абай әдемі айтқан:

Махаббатсыз – дүние бос,

Хайуанға оны қосыңдар.

Бірақ өмірдің осы шындығының өнерде көркем жинақталу пішіні әр дәуірде әр алуан. Мәселен, қазіргі махаббатты баяғының Ләйлі – Мәжнүнінің немесе Қыз Жібегі мен Төлегенінің арасындағы сезімдерше суреттесе, осы дәуірдегі мазмұнға мұндай пішін пішін сай келер еді.

3. Бір мазмұнның өзі әр дәуірде әр түрлі формаға көшіп отырады. Мазмұн мен форма тарихи категория. Әрбір жаңа дәуірде көне мазмұн тың пішін тауып, жаңғырып, жасарып қана қоймайды, әр дәуір өз шындығын, демек, өз мазмұнын ала келеді. Мәселен, ғасырлап бойы үнсіз мүлгіп, тылсымдай тынып, құлазып жатқан қазақ даласына Қазан революциясынан кейн күре тамырдай тарамданып темір жол жосылды да, оның бойымен бұрын-соңды бұл маң көрмеген жаңа көлік – поезд жүйткіді. Бұл - өмірдегі жаңа шыңдық болса, өнердегі – жаңа мазмұн.

4. Жаңа мазмұнға жаңа пішін іздеуге әбден болады; бірақ пішін іздеу бар да, құр пішінділікке (формализмге) салыну өз алдына басқа.

Сонымен, әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі дегеніміз сөз өнеріндегі орасан маңызды заңдардың бірі, өнер туындысының көркемдігі үшін ауадай қажет жағдай боп табылады. Көркем шығармадағы мазмұн мен форманың бірлігі – оның эстетикалық бағалылығы.

Әдебиеттегі мазмұн мен форманы көркем шығармаға көшірсек шығарма мазмұны – оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да форма-әдеби қаһарманның өзара қарым-қатынасына, тағдыр тартысына негізделген сюжеті, композиция және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы – суретті сөзі, көркем шығарманың тілі.

Әдебиеттегі пішін мен мазмұн – философиядағы пішін мен мазмұн категорияларына сүйене отырып, өз бойына әдеби туындының ішкі және сыртқы жақтары жайлы түсініктерді тоғыстырған әдебиеттану ұғымы. Әдебиеттегі пішін мен мазмұнды саралай қарастырғанда, әркез есте ұстайтын жәйттер бар:

Біріншіден, әңгіме ғылыми абстракциялыққа негізделетіні, яғни мазмұн мен пішін шындығында еш бөлшектенбейтіні. Себебі, пішін дегеніміз – мазмұнның қабылдану сипаты да., мазмұн дегеніміз – берілген пішіннің ішкі мәні. Ал, әдеби туындының пішіндік (стиль, жанр, композиция, көркем тіл, ырғақ), мазмұндық (тақырып, фабула, конфликт, характерлер, жағдайлар,көркем идея, тенденция) немесе мазмұндық – пішіндік (сюжет) көріністері болып табылатын түрлі бөлшектері, жекелеген жақтары пішін мен мазмұнның біртұтас күйдегі шындығы болып табылады. Бұл – басқа мәселе.

Екіншіден, пішін мен мазмұн ұғымдары барынша жинақталған философиялық категория болғандықтан, оларды нақты – дара құбылыстарды талдау барысында аса абайлай қолдану қажет. Бұл, әсіресе, өзінің мазмұндық – пішіндік тұтастығы өзгені мүлде қайталамайтын, сол қасиетімен де маңызды саналатын бірегей бітімді көркем туындыларға қатысты. Мысалы, жалпы философиядағы мазмұнның бірінші, пішіннің екіншілігі жайындағы; пішіннің артта қалушылығы; пішін мен мазмұн арасындағы қарама – қайшылық туралы қағидалар жеке бір туындыны, әсіресе сол туындының бөлшектерін зерттеу кезінде сақталуы міндетті өлшемдер бола алмайды. Өнер мен әдебиеттегі пішін мен мазмұн қарым – қатынастағы ерекшелік жалпы философиялық ұғымдарды әдебиеттануға көшіре салуға жол бермейді. Өйткені көркем туындының өмір сүруінің ең қажетті шартының өзі – пішін мен мазмұнның жарасымы болып табылады. Мұндай жарасым болмаған жағдайда әдеби туынды қалай да өзінің көркемдігінен айырылады. Сонымен қатар, мазмұнның «біріншілігі», пішіннің «артта қалушылығы», пішін мен мазмұнның «үйлеспеушілігі» мен «қарама – қайшылығы» ұғымдарын жеке қаламгердің шығармашылығын, әдеби даму кезеңдерін және тұтастай дәуірлерін (әсіресе, өтпелі де шұғыл өзгеріске толы дәуірлерді) қарастырғанда қолдануға болады. Мұндай кезеңдердегі пішіннің мазмұннан кейіндеп қалуын бір қаламгер шығармашылығын жеке алып қарамай, әдеби даму үрдісі аясында қарастырғанда ғана аңдай аламыз. Әдебиеттегі пішін мен мазмұн ұғымдары арасына шек қою тек XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың басында ғана, ең әуелі немістің классикалық эстетикасында жүзеге асты. Гегель мазмұн категориясын енгізіп қана қоймай, оған айқын сипаттама да береді. Бұл жағдай әдебиеттің табиғатын түсіндіруде орасан мәнді қадам болды, сонымен бірге бұл тұста пішін мен мазмұнды бір – бірінен алшақтату қаупі де болды. XIX ғасыр әдебиеттануында мазмұн мәселелеріне баса назар аударылса, XX ғасырда керісінше, мазмұнды жеке алып зерттеуде кеңінен таралғанымен, әдебиетке пішіндік тұрғыдан үңілу басымырақ болды.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-01-01; просмотров: 1099; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.005 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты