Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелердегі дене шынықтыру тәрбиесін ұйымдастыру.




Дене шынықтыру тәрбиесі үшін қолданылатын әдістері мен құралдарының түрлері көп. Оларға дене жаттығулары, қимылды ойындар және көңіл көтеретін ойын–сауықтар, спорт ойындары, спортпен шұғылдану, табиғи қимылдар, уқалау, табиғи факторлар (күн, ауа және су) жатады. Осы әдістер мен құралдар қолданылатын түрлері де әр түрлі. Мысалы, дене жаттығулары таңертеңгі жаттығу, дене шынықтыру сабағы, сабақтардағы дене шынықтыру минуттары түрінде, ал табиғи қимылдар – серуендеу, экскурсия, еңбек жұмыстарын орындау түрінде жүргізілуі мүмкін.

Әр түрлі жастағы балалардың морфофункционалдық мүмкіншіліктері бірдей еместігінен, дене шынықтыру тәрбиесі түрлерінің және әдістерінің сипаты мен мазмұнында өзіндік ерекшеліктері бар. Сәби жасындағы балаларда уқалау, таза ауада болу, сумен жүргізілетін ем–шаралар және ойындар қолданылады. Мектеп алды кезеңіне дейінгі және мектепке дейінгі жаста таңертеңгі жаттығу, дене шынықтыру тәрбиесі және музыкаға тәрбиелеу сабақтары, қимылды ойындар және ойын-сауықтар, серуендеу, экскурсия, шынықтыру шаралары жүргізіледі.

Жалпы білім беретін мекемелеріндегі дене шынықтыру тәрбиесінің негізгі түрі дене шынықтыру сабағы болып табылады. Оқушылардың дене шынықтыру тәрбиесі үшін дене шынықтыру сабағынан басқа, мектептегі күн тәртібіндегі дене шынықтыру-сауықтыру шаралары, спорт секциялары мен үйірмелерінде сыныптан және мектептен тыс шұғылданулар, жаппай дене шынықтыру және спорттық шараларға қатысу, өз бетінше үйрену (қимылды ойындар, экскурсиялар, ата-аналарымен қыдыру) қолданылады.

Дене шынықтыру сабақтары аптасына, кем дегенде, 2 рет жүргізілуі тиіс. Оларды 3-4 - сабақтарда жүргізу тиімді болып табылады. Егер сабақтар оқу күнінің бірінші және төртінші сағаттарына қойылса, бірінші жағдайда, дене шынықтыру сабағынан кейінгі келесі сабақта оқу үрдісіндегі төселу кезеңі ұзарады, ал екінші жағдайда – алдыңғы сабақтардан пайда болған қажудың дене жүктемесінен күшеюі салдарынан, дене жүктемесінің жұмыс қабілеттілігіне қолайлы әсері төмендейді. Шаңғымен жүру дағдыларын меңгеру сабақтарынан басқа, дене шынықтыру сабақтарын қосарландырып өткізуге рұқсат етілмейді. Сабақ құрылымы кіріспе, негізгі және қорытынды бөліктерінен тұруы керек. Кіріспе бөлігінде (5-10 минут) алдағы дене жүктемесіне біртіндеп дайындау жүргізіледі. Реттік жаттығулар, жеңіл жүгірулер, жүрумен бірге тыныс алу жаттығуларын жасау орындалады. Негізгі бөлігіне 25-30 минут бөлінеді. Бұл бөлігнің басында әр түрлі бұлшық еттер тобын жұмысқа қатыстыратын, жалпы дамытатын гимнастикалық жаттығуларын жүргізеді. Одан кейін жаңа дағдыларға үйрету және міндетті түрде қимылды ойындар жүргізіледі. Қорытынды бөлігінде (3-5 минут) ағзаны біртіндеп бастапқы күйге келтіру қамтамасыз етіледі, ол үшін жүрумен бірге тыныс алу жаттығуларын жасау орындалады

Жаттықтыратын әсеріне қол жеткізу үшін дене жүктемесі жеткілікті (60-80%) болуы керек, ол сабақтың едәуір қимыл тығыздығымен (дене жүктемесіне бөлінген уақыттың меншікті үлесі) қамтамасыз етіледі. Дене жүктемесінің адекваттылығын бақылауды жиі жаттығуларды орындау кезінде тамыр соғуының жиілігі қалай өзгеретіндігі және оның бастапқы деңгейіне қайта келуі қаншалықты тез жүретіндігі бойынша жүргізеді. Дұрыс құрылған сабақта тамыр соғуының жиілігі сабақтың кіріспе бөлігінде - 25-30%-ға, сабақтың негізгі бөлігінде - 80-100%-ға өседі. Тамыр соғуының орташа жиілігі (сабақтың әр бөлігіндегі тамыр соғуының пульстің орташа өлшемі) минутына 160-180 болуы қажет. Бастапқы мөлшелеріне сабақ аяқталғаннан кейін 2-3 минуттан соң келуі керек.

Шынықтыру-сауықтыру шараларына оқу сабақтарына дейінгі гимнастика (10 минут), сабақ үстіндегі дене шынықтыру минуттары (2-3 минут), үлкен үзілістердегі қимылды ойындар мен дене шынықтыру жаттығулары, ұзартылған күн топтарындағы күнделікті денсаулық сағаты жатады. Бұл түрлері дене шынықтыру тәрбиесінің қосымша түрлеріне енгізіледі, бірақ дене шынықтыру сабағы сияқты мектептегі оқушылардың күн тәртібінде міндетті түрде болуы тиіс. Ұзақтығының аз болуына қармастан, олар мидың қызметін ынталандырады, оқушылардың эмоционалдық тонусын жоғарылатады, жұмысқа төселу үрдісін жақсартады, статикалық зорлануды және көздің қажуын басады, аяқтардағы іркілу құбылыстарын кетіреді.

Едәуір қимыл бөлігі сыныптан тыс және мектептен тыс спортпен шұғылдануда, спорттық ойын-сауықтар мен ойындарда жүзеге асырылады. Спорттық ойын-сауықтар (коньки және велосипед тебу, шаңғымен жүру, жүзу) және ойындар (волейбол, баскетбол, футбол, теннис және т.б.) міндетті түрде жүргізілмейді және спорттық шеберлікті жоғарылату мақсатын көздемейді. Ал, спорт болса, жүйелі түрдегі жаттығуды, жақсы нәтижелерге жетуді және жарыстарға қатысуды талап етеді.

Дене шынықтыру тәрбиесінің өте маңызды бөлімі шынықтыру болып табылады. Шынықтыру деп табиғи факторлардың - су, ауа, күннің көмегімен метеорологиялық және қоршаған ортаның басқа да факторларының әсеріне, ағзаның қарсы тұру қабілетін жоғарылатуға бағытталған шаралар кешенін айтады. Шынықтыру тек микроклиматтық факторлар әсеріне төзімділік жоғарылауымен сипатталатын,спецификалық әсерге ғана ие емес, сонымен бірге, басқа да қолайсыз факторлардың, соның ішінде, жұқпалы аурулар қоздырғыштарының әсеріне төзімділіктің жоғарылауымен білінетін, бейспецификалық әсерге де ие.

Шынықтырудың негізгі қағидалары дене шынықтыру тәрбиесінің қағидаларына ұқсас. Шынықтыру үшін жалпы және арнайы шынықтыратын шаралар қолданылады. Жалпы шараларға баланың күнделікті өмірінің құрам бөліктері болып табылатын шаралар, яғни, күнделікті серуендеу және таза ауада ұйықтау, бөлмеде қолайлы микроклимат жағдайларын жасау, рационалды киім қолдану, күн тәртібін сақтау жатады. Арнайы шаралар, шынықтыратын тітіркендіргіштер ретінде, ауа, су, күн ванналарын, сумен шынықтыруды, ультра күлгін сәулеленуге түсіруді қолданудан тұрады.

Ауа жылдың кез келген мерзімінде барлық балалар үшін оңай қол жеткізілетін және экстремалдылығы ең аз шынықтыратын құрал болып табылады. Ауа ванналарын 2 айлық балалардың өзіне жүргізе бастайды, басында жас нәрестені түймесіз арты ашық көйлекпен, кейіннен толығымен жалаңаштап шынықтырады. Мектеп алдыға дейінгі кезеңдегі және мектепке дейінгі балалар ауа ванналарын басында ішкөйлек, іш киім және жеңіл аяқ-киіммен, ал шыныға келе іш киіммен ғана және шынықтыру жағдайында мүмкіншілік болса, жалаң аяқ қабылдайды. Көктемгі-жазғы кезеңдерде ауа ванналарын тікелей күн сәулелерінен қорғалған учаскелерде, жауын-шашын күндері және қыста - верандаларда немесе фрамугалары ашық бөлмелерде қабылдайды. Ауа ванналарын балалар үшін ауаның қолайлы температурасында - 18-22°С бастау қажет. Кейін, одан да төмен температурада - 15-14°С-да жүргізуге болады.

Ауа ванналары гимнастикамен, қимылды ойындармен, бау-бақшада жұмыс істеумен бірге жүргізілуі тиіс, себебі қимыл кезінде бөлінетін жылу қатты тоңазудан және салқын тигеннен болатын аурулардан сақтайды. Ауа ванналарының бастапқы ұзақтығы кіші топтарда - 5 минуттан аспауы керек, орта топтарда - 10 минуттан, үлкен және дайындық топтарында - 15 минуттан артық болмауы керек. Содан кейін әрбір 3-4 күн сайын оны 2-3 минутқа ұзартып, максималды рұқсат етілген деңгейге жеткізеді: кіші топтарда - 30 минутқа дейін, орта топтарда - 60 минутқа дейін және үлкен топтарда - 1-2 сағатқа дейін.

Күн-ауа ванналарын таңертеңгі сағаттарда: орташа ендіктерде сағат 9-дан 11-ге дейін, оңтүстікте - көлеңке жердегі ауа температурасы 32°С жоғары емес және 20°С төмен емес кезде, сағат 8-ден 10-ға дейін жүргізіледі. Мектеп жасындағы балалар күн-ауа ванналарын жеке төсеніштерде немесе жатақтарда басын бүркеп қабылдайды. Мектепке дейінгі жастағы балалар мұндай ванналарды, күннінң тым қыздырып жіберуінен қорғану үшін, тыныш ойындарды ойнап жүріп қабылдағаны дұрыс. Күн ванналарын қабылдау ұзақтығы 3-5 минуттан біртіндеп, 30-40 минутқа дейін ұзартылады. Бала неғұрлым жас болса, соғұрлым күн сәулелерімен шынықтырудың бастапқы және ең үлкен ұзақтығы қысқа болуы керек.

Сумен шынықтыру шаралары ең күшті шынықтыратын әсерімен ерекшеленеді, себебі, судың жылу сыйымдылығы үлкен, ауаға қарағанда, жылдам және айқын салқындататын әсер береді. Сумен шынықтырудың әр түрлі түрлері қолданылады: ысқылау, бүкіл денеге немесе аяққа суды ақтарып құю, суаттарда суға түсу. Оларды жүргізу қағидалары ұқсас: алдымен температурасы бейтарап суды пайдаланады, содан кейін баланың жасына және жүргізілетін сумен шынығу түріне байланысты, әрбір 3-4 күн сайын, судың температурасын 1°С төмендетіп, белгілі деңгейге дейін жеткізеді. Мысалы, табанға су құю кезінде су температурасын мектеп алдыға дейінгі кезеңдегі балаларға - 20-18°С дейін, мектепке дейінгілерге - 17-14°С дейін, бүкіл денеге су ақтарып құю кезінде ерте жастағыларға - 29°С дейін, ал мектеп жасындағы балаларға - 18-16°С дейін төмендетеді. Шынықтырудың ең жақсы тәсілдерінің бірі табиғи суаттарда суға түсу болып саналады, себебі бұл кезде судың, ауның және күннің шынықтыратын әсерлері бірге үйлеседі. Әсіресе теңіз суына түсу өте пайдалы, бұл кезде балалар ағзасына температурасы ғана емес, сонымен бірге, химиялық құрамы да әсер етеді. Кез келген сумен шынықтыру шараларынан кейін баланың денесін құрғатып, терісі аздап қызарғанға дейін сүртеді, ол тамырлардың жаттығуына ықпал етеді.

Дене шынықтыру тәрбиесіне және шынығуға бақылауды балалар мекемелерінің дәрігері мен медбикесі жүргізеді. Медициналық тексерулердің нәтижелері бойынша, оқу жылының басында, дәрігер оқушыларды дене шынықтыру тәрбиесінің үш тобына бөледі: негізгі, дайындық және арнайы. Негізгі топқа денсаулық жағдайында ауытқулары жоқ және аздаған морфофункционалдық ауытқулары бар, бірақ дене шынықтыру дайындығы жеткілікті балалар жатады (1- және ішінара 2- денсаулық топтарының балалары). Олар шектеусіз, оқу бағдарламасына сәйкес шұғылданады, жарыстарға қатысады, бақылау нормативтерін тапсырады, спорт секцияларына, туристік сапарларға, экскурсияларға қатынасады. Дайындық тобына денсаулық жағдайында аздаған ақаулары бар балалар (дене дамуының артта қалуымен, компенсация сатысындағы жүрек ақаулары бар, реконвалесценттер және т.б.), сондай-ақ, денсаулық жағдайында ауытқулары жоқ, бірақ дене шынықтыру дайындығы жеткіліксіз (2-, ішінара 1- денсаулық топтарының балалары) балалар жатады. Бұл топтағы балаларға сабақ негізгі топпен бірге жүргізіледі, бірақ бұлшық етке түсетін жүктемелер шектеледі, күш жұмсауды қажет ететін жаттығулар біртіндеп меңгеріледі, жаттығулардың қайталануы азаяды, қатты жүгіруге тыйым салынады. Спорттық ойын-сауықтар, экскурсиялар, сапарлар рұқсат етіледі. Шынықтыруды су мен ауа температурасын төмендетпей жүргізеді.

Үшінші, арнайы топқа, денсаулық жағдайында уақытша немесе тұрақты ауытқулары бар, бірақ оқу үрдісіне жіберілетін балалар жатады (3-, ішінара 4- денсаулық тобының балалары). Мұндай балаларға дене шынықтыру тәрбиесін сақтықпен, арнайы бағдарлама бойынша, баланың жағдайын ескеріп, үнемі бақылау үстінде жүргізеді. Сумен шынықтыру жүргізілмейді, серуендеуге, орташа қимылды ойындарға, жеке өзі дене шынықтыру жаттығуларымен айналысуына рұқсат етіледі. Емдік дене шынықтыру жүргізіледі. Бұл топқа қозу аралық кезеңдегі ревматизммен ауратын, субкомпенсация сатысындағы жүрек ақаулары бар, дене дамуы едәуір артта қалған, жоғары деңгейде алыстан көрмеушілік, полиомиелитпен аурғаннан кейінгі қалған құбылыстары, омыртқаның деформациялары бар балалар жатады.

Жедел аурулармен аурған, созылмалы аурулары қозған және операция жасалған балалар уақытша сабақтан босатылады.

Дене шынықтыру тәрбиесі тобын мәңгі-бақига орнатпайды. Денсаулық жағдайының динамикасына және дене шынықтыру дайындығына байланысты балаларды күштірек немесе әлсізірек топқа ауыстырып отырады.

Балалар мекемелерінің орналастырылуына, жоспарлануына, жабдықталуына және балалардың күнделікті қолданатын заттарына қойылатын гигиеналық талаптар.


Поделиться:

Дата добавления: 2014-11-13; просмотров: 323; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты