Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Жабық бөлмелердегі ауаны ластаушы көздері және негізгі ластайтын заттар




Ластаушылардың көздері Ластаушы заттар
Адам Өмір сүру үрдісінде бөлінетін антропотоксиндер
Атмосфералық ауа Азот, күкірт, көміртек тотықтары, күйе, шаң, қорғасын, автокөліктен бөлінетін газдар және басқа химиялық қосылыстар
Құрылыста және бөлмелерді өңдеуде, жиһаздар жасауда, кілем тоқуда, киім тігуде, т.б. қолданылатын материалдар Полимерлік материалдардың құрылымының бұзылу өнімдері - бензол, стирол, формальдегид, винилхлорид, циклогексан, аммиак және т.б.
Газ плиталары, үйді жылытатын құралдар Тұрмыста қолданылатын газдың толық жанбаған өнімдері, ароматты көмірсутектер, радон
Тұрмыстық химия заттарын қолдану Кір жуатын ұнтақтар, косметикалық заттар, дезодоранттар, зарарсыздандыратын препараттар, пестицидтер, т.б.
Ғимараттардың құрылыс конструкциялары және олар орналасқан жердің топырағы Олардан бөлінетін зиянды заттар
Темекі түтіні Стирол, бензол, ксилол, акролеин, гидразин, фенол, никотин, нитрозоаминдер, полоний-210, көміртек, азот, күкірт тотықтары, т.б.

 

Қазіргі кезде бөлме ішінде күннен-күнге химиялық және биологиялық ластаушы заттардың жаңа көздері пайда болуда, онымен бір уақытта шудан қорғану, жылу жоғалтуын азайту мақсатында бөлмелердің герметикалылығын арттыру беталысы өсуде. Бұлар бөлмеде ауа алмасуының күрт төмендеуіне және аудағы ластаушы заттардың концентрациясының жоғарылауына әкеп соғады. Осыған байланысты, шешуді қажет ететін, бөлмедегі ауа сапасының нашарлау мәселесі барған сайын маңызды болып отыр .

Тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттардың бөлмелеріндегі ауа ортасын ластайтын маңызды көздерінің бірі адамдардың тыныс алуынан шыққан ауа болып табылады. Оның құрамында, атмосфералық ауамен салыстырғанда, оттегінің мөлшері аз, көмірқышқыл газы 100 есе көп, ол су буымен қаныққан, дене температурасына дейін қызған және ионсызданған. Бұдан басқа, оның құрамында адам ағзасының зат алмасу үрдісінде пайда болатын ұшқыш өнімдері - антропотоксиндер болады. Олардың құрамына 30-дан аса газ түріндегі өмір сүру үрдісінің өнімдері (иіс газы, аммиак, ацетон, көмірсутектер, күкірсутек, альдегидтер, органикалық қышқылдар, диэтиламин, метиацетат, крезол, фенол. т.б.) кіреді. Бұлардан басқа, бөлмелердің ауасына тағы терінің бетіндегі, киімдегі, бөлме шаңындағы органикалық заттардың ыдырауы кезінде пайда болатын 400-ге жуық ұшқыш заттар түседі.

Адамның өзіне қарағанда, бөлме ауасын ластаушы заттардың маңыздырақ көзі, гидро- және жылуоқшаулау, еденді жабу, қабырғаларды өңдеу, есіктер мен терезелерді пластиктен жасау үшін құрылыста қолданылатын полимерлік материалдар болып табылады. Олардан жиһаздар, синтетикалық кілем заттары, линолеум, синтетикалық желім, заттың жиектерін сылайтын заттар, сырлар және т.б. жасалады. Олардың ескіруінің немесе дұрыс пайдаланылмауының нәтижесінде құрылымының бұзылуы үрдісінде ауаға әр түрлі қосылыстар (бензол, стирол, формальдегид, винилхлорид, циклогексан, аммиак, ацетон, бутилакрилат, циклогексан, т.б.) бөлініп шығады. Бұл заттардың ішіндегі көпшілігінің уытты, сенсибилизациялаушы, тітіркендіргіш, ал кейбіреулерінің, канцерогенді де әсері бар. Олардың ауадағы концентрациялары өте жоғары мөлшерге жетуі мүмкін. Мысалы, формальдегидтің тұрғын үй бөлмелеріндегі концентрациясын жеке жағдайларда оның өнеркәсіп жағдайындағы бөлініп шығатын мөлшерімен салыстыруға болады.

Пәтердегі барлық бөлмелердің ауасын газ плиталар едәуір ластайды, олар 1 сағат бойына жұмыс істегенде, атмосфералық ауадағы, ШРЕК-нен бірнеше рет асатын, СО2, формальдегид, азот тотықтары, бензол, бенз(а)пирен концентрацияларының едәуір жоғарлауына әкеп соғады. Табиғи газ жанғанда, сондай-ақ бөлмеге, мәні бойынша өкпе обыры пайда болуының екінші себебі болатын, радон бөлінеді. Пәтерлердегі радон көздеріне, сонымен қатар ғимарат астындағы грунт және құрылыс материалдары, сыртқы ауа, су құбырларындағы су, әсіресе, артезиан суы жатады. Радонның біраз мөлшерін алюминий өндірісінің қалдықтарынан, домна пешінің шлактарынан, тас көмірдің күлінен, фосфор кендерін өңдеу өнімдерінен жасалған құрылыс материалдары бөледі (XII - тарау).

Жабық бөлмелердің ауа ортасын ластайтын ең таралған көздерінің бірі темекі шегу болып табылады. Темекі түтінінің құрамында 4 мыңға жақын химиялық қосылыстар болады, олардың ішінде бөлмелердің ауасында уытты (стирол, бензол, ксилол, акролеин, гидразин, фенол, никотин) және канцерогенді заттар (нитрозоаминдер, полоний-210) және т.б. жоғары концентрациясында кездеседі. Темекі шегу өкпе обыры себептірінің ішінде бірінші орынды алады, және де пассивті темекі шегетіндер де ауырады.

Құрылыста кеңінен қолданылатын басқа канцерогенді зат та – асбест бөлмелер ішінде қауіпті болып табылады. Егер, асбоцементті плиталарының бүтіндігі бұзылса, мысалы, жөндеу жұмыстары кезінде, асбест талшықтары ауаға түсіп, тіпті қысқа уақыт әсер етуінің өзінде, ұзақ жасырын кезеңінен (10 және одан да көп жылдардан) кейін өкпе рагі, өкпеқабының және ішастарының мезотелиомасы дамуына әкеледі. Тұрмыстық химия заттарының да аллергиялық және жиі, уытты әсері болады.

Үй ауасы ортасының едәуір ластануының көріністерінің бірі, «ауру ғимараттар синдромы» болып табылады. Ауру ғимараттар санатының біріне - «уақытша ауру» - жақында салынған немесе қайта құрылған ғимараттар жатады. Оларда болған кезде, адамдарда әлсіздік, қажғыштық, бас ауыруы, көз коньюктивасының, мұрын, тамақтың шырышты қабыгының тітіркенуі пайда болады. Біраз уақыт өткеннен соң, құрылыс материалдарының және беттерді қаптайтын материалдардың құрамындағы ұшқыш заттардың бөлініп шығуы азаюына, линолеумді ауыстыруға, желдетілуге, т.б. байланысты, бұл құбылыстар кетеді. Ғимараттардың басқа санаты - «үнемі ауру» ғимараттар. Бұлардың ауасындағы ластаушы заттардың мөлшері ШРЕК-тен аспайды, бірақ мұндай ғимараттардың ішінде болу кезінде, адамдарда ауруның барлық белгілері байқалады, ал ғимараттардан шыққан кезде, бұл белгілер азайып немесе жойылып кетеді. «Ауру ғимараттар» синдромының пайда болу себебі, ластаушы заттардың уландыратын әсерлерінің синергизм эффектісі болып табылады деп болжайды.

Нашар желдетілетін жабық бөлмелердің ауасы адамдарға қолайсыз әсер етеді. Бұл кезде адамның көңіл-күйі нашарлайды, қапырыққа, тыныс алуының қиындауына, басында ауырлық сезімі болуына, бас ауыруына, тершеңдікке, ұйқышылдыққа, ой еңбегіне, одан кейін дене еңбегіне де қабілетілігінің төмендеуіне шағымдары пайда болады. Бұрынғы кездерде, бөлме ауасын ластаушы көздері негізінен адамдар болғанда, нашар желдетілетін бөлмелердегі адамның өзін жайсыз сезінуін және хал жағдайының нашарлауын, оның өмір сүруімен байланысты өттегі концентрациясының азаюы, көмірқышқыл газы мен антропотоксиндер мөлшерінің артық болуы, ауаның температурасы мен ылғалдылығының жоғарылауы, ионсыздануы, т.б. сияқты факторлар кешенінің әсеріне жатқызған. Іс жүзінде бұл факторлардың бәрін анықтау қиын болғандықтан, ауа ортасының сапасын гигиеналық бағалауды осы аталған көрсеткіштердің біреуі – СО2 мөлшері бойынша жүргізген, себебі, ауаның басқа ингредиенттермен ластануы жогарлаған сайын, оның концентрациясы да өсе береді (ΙΙΙ-тарау. 5 бөлім). Алайда, бұл көрсеткіш қазіргі кезде тұрғын және қоғамдық үйлердің ауа ортасының сапасын бағалайтын абсолюттік критерий ретінде санауға болмайды, себебі, ауаға тек антропогендік (адамның өмір сүруімен байланысты) заттар ғана емес, сонымен қатар, басқа да көздерден ластаушы заттар түседі. Бұл көздерден түсетін ластаушы заттардың концентрациялары антропогендік СО2 концентрациясымен ешқандай байланысты емес және, СО2 қалыпты деңгейде болған кездін өзінде де, олар ШРЕК-тен өте көп артық болуы мүмкін. Сондықтан, тұрғын үй бөлмелері мен қоғамдық ғимараттардағы ауаның сапасын бағалау үшін тек СО2 ғана емес, гигиеналық жағынан аса маңызды болып саналатын ондағы басқа да химиялық заттардың мөлшерін анықтайды. Олардың мөлшері атмосфералық ауаға арналған о.т. ШРЕК–тен аспауы керек. Ауаның жалпы органикалық ластануы жөнінде оның тотыққыштығы бойынша пікірге келуге болады. Ауаның тотыққыштығы бұл 1 м3 ауадағы органикалық заттардың тотығуына жұмсалған оттегінің мөлшері (мг). Таза ауаның тотыққыштығы 6-8 мг О2/ м3 аспайды.

Жабық бөлмелердің ауасы үнемі биологиялық ластануға ұшырайды. Ластаушы көзі негізінен, науқас адамдардың, бациллотасымалдаушылардың тыныс жолдарының кілегейлі қабықтары, үй жануарлары, құстар (көгершіндер, тотықұстар) болып табылады. Олар түшкіргенде, жөтелгенде, сөйлескенде ауаға құрамында микроорганизмдер бар сұйықтықтың өте майда тамшылары бөлінеді. Олардың ауа құрамында сақталу мерзімі тамшылардың өлшеміне байланысты. Ірі тамшылы аэрозольдер (100 мкм ден артық) салмағының ауырлығына қарай еден мен заттарға тез қонады. Құрамында өлшемі орташа (20-100 мкм) және майда (1-2 мкм) тамшылары бар аэрозольдер ауада ұзақ уақыт болып, заттарға едәуір баяу қонады. Олардың қонуы, тамшылардың кебуі мен олардың өлшемдірінің кішірейуі нәтижесінде баяулайды. Тамшылар кепкен жағдайда ұзақ уақыт ауада сақталып, ауа ағынымен бірге басқа бөлмелерге де таралатын бактериялық шаң түзеді. Еденге, төсек орынға, киімдер мен басқа да үй заттарына қонып, адамдар қозғалғанда, жүргенде, төсек салғанда, үй тазалағанда өздерінің қауіптілігін сақтай отырып, қайтадан ауаға көтеріледі. Айта кету керек, шаңда оның өзінің тіршілігін барлық микробтар емес, тек айырықша, тұрақтылығымен ерекшеленетін жеке қоздырғыштар: туберкулез микобактериялары, спора түзуші бактериялар, микроскопиялық саңырауқұлақтар және басқалар сақтап қалады.

Үйдің ауасында, әр түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарынан басқа, әр түрлі микроскопиялық саңырауқұлақтар мен мүктердің споралары, қарапайымдылардың цисталары және матрацтарда, кілемдерде, жұмсақ жиһаздарда, төсек жабдығындатіршілік ететін үй кенелері болады. 1 г шаңда 500 дейін кенелер болуы мүмкін. Кенелердің айқын сенсибилизациялаушы әсері бар. Бронх демікпесімен ауыратын науқастардың көпшілігінде кенелермен ластанған ауамен тыныс алғанда аллергиялық реакциялар байқалады. Азық-түлік өнімдерімен қоректенетін үй кенелері (ұн, ірімшік) адамның тыныс жолына шаңмен бірге түскенде, тыныс мүшелерінде акаридоз туғызуы мүмкін. Зең және басқа да саңырауқұлақтардың спораларымен ластанған ауамен тыныс алу да қауіпті болып табылады. Қоршаған ортада кеңінен таралған зең саңырауқұлақтары негізінен өкпенің зақымдануымен; кейде гематогенді жолмен де таралуымен сипатталатын аспергилезді тудырады. Тотықұстар және басқа сәндік құстар ауыр зоонозды инфекцияның – орнитоздың көзі болып табылады. Тотықұс иелерінде, кейін пневмосклероз дамуына әкеп соғатын, аллергиялық альвеолит пайда болуы мүмкін.

3.3. Желдету. Дұрыс ұйымдастырылған ауа алмасуы (желдету), яғни жабық бөлмедегі ластанған ауаны таза ауамен алмастыру, бөлмелердегі ауаның ластануымен күресу шараларының бірі болып табылады. Желдету, бұдан басқа, микроклиматты жақсартуға мүмкіндік тұғызады және эпидемияға қарсы маңызы бар.

Желдетудің табиғи және жасанды түрлері бар. Табиғи желдету кезінде ауа бөлмеге табиғи жолмен беріледі және шығады, ал жасанды желдету кезінде - механикалық қоздырғыш құралдар көмегімен іске асырылады.

Тұрғын үйлердің көбінде ауа алмасуы үшін табиғи желдету және оны күшейтетін құралдар қоланылады. Ол сыртқы және бөлмедегі ауа температурасының айырмашылығы және желдің күші есебінен жүзеге асырылады. Бөлме ішіндегі жылы және жеңіл ауаны сыртқы ауыр, суық ауа терезе және есік, құрылыс қондырғыларының саңылаулары мен бос қуыстары арқылы ығыстырып шығарады. Желдің күші ғимараттың жел соғып тұрған жағына қосымша қысым түсіреді; нәтижесінде ауа үлкенрек жылдамдықпен бөлмеге енеді. Ғимараттың жел соғып тұрған жағына қарсы, ық жағында түзілген, қысымы бәсен ауа бөлмедегі ауаны сорып алуға жағдай жасайды. Бұндай ұйымдастырылмаған табиғи ауа алмасуы инфильтрация деп аталады. Терезелер мен есіктер жабық болған жағдайларда желдету тек инфильтрация есебінен ғана іске асырылады. Бұл кезде ауа алмасу есесі көп емес - 1-1,5 ғана болады. Сондықтан, ауа алмасуын жеткілікті дәрежеде ұйымдастыру үшін, желдеткіш каналдар орнату есебінен және желдету арқылы табиғи желдетуді күшейтетін тәсілдер қолданылады. Желдету жел көз, фрамугалар, терезелерді ашу арқылы жүреді. Ең тиімдісі өтпелі желдету болып табылады, бұл кезде пәтердегі қарама қарсы орналасқан бөлмелердің терезелері немесе фрамугалары ашылады. Бұрыштық желдетуді де (көршілес бөлмелер арқылы) жүргізуге болады, бірақ оның тиімділігі аздау.

Желдетуді күшейту үшін сонымен қатар ауаны сорып әкететін желдеткіш каналдар орнатады, олар ғимараттардың қабырғаларымен өтіп, ғимараттың төбесіне орнатылатын, жел энергиясы есебінен ауаның сорылуын күшейтетін арнайы қондырғылар- дефлекторлармен аяқталады. Желдеткіш каналдар әдетте, ас үйге, жуынатын бөлмелерге, әжетханаларға орнатылады, болмаса олардың ауасы адамдар тұратын бөлмелерге түсуі мүмкін. Әрбір пәтердің жеке өз алдына сормалы каналдары болуы керек, себебі «соруының төңкерілу» сияқты құбылыстың пайда болуы сирек емес, бұл кезде ауа сормалы каналдан бөлмеге енеді. Газ пештері бар ас үйлерде пештің үстіне механикалық қозғаушысы бар, лас ауаны сорып әкететін қондырғы орнату керек, себебі, ластанған ауа үнемі табиғи жолмен ғана шығарып отыру барлық уақытта толық бола бермейді.

Қатты ластанған және тұрақты түрде ластанып отыратын бөлмелерді табиғи жолмен желдету жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда бөлмелерді механикалық жасанды желдетумен жабдықтайды, бұл ауа алмасуының қажетті есесін қамтамасыз етеді және бөлмелер арасындағы ауа қозғалысын басқарып отыруға мүмкіндік береді

Механикалық желдетудің енбелі, сормалы және енбелі-сормалы түрлері бар. Енбелі желдету кезінде, таза ауа бөлмеге желдеткіш көмегімен беріледі, ал лас ауа табиғи жолмен сыртқа шығарылады. Сормалы желдету кезінде, ластанған ауа бөлмеден желдеткіштің көмегімен сорып шығарылады, таза ауа табиғи жолмен түседі. Ал енбелі-сормалы желдету кезінде, ауа бөлмеге механикалық қозғағыш (вентилятор) көмегімен бөлмеге беріліп, одан сыртқа шығарылады. Жасанды желдетудің қолданылатын түрі бөлмені пайдалану мақсатына, оған қандай ластаушы заттар түсетініне, бөлмедегі ауа тазалығының деңгейі қандай болуы керектігіне байланысты. Мысалы, сормалы желдету бөлме ауасы зиянды газдармен, шаңмен немесе су булармен ластанғанда қолданылады. Оның кемшілігі - қыс мезгілінде бөлменің қатты салқындауы, себебі, бөлмеден ауаны сорып әкетуі кезінде, оған сырттағы суық ауа сорылады. Бөлменің салқындауының алдын алуға желдетудің енбелі-сормалы түрі мүмкіндік береді. Бұл түрінде бөлмеге қыс мезгілінде, ауаны сорып әкететін желдетудің салқындататын әсерін төмендететіп отыратын, жылытылған ауа беріледі. Енбелі-сормалы желдету түрін ауруханаларда, мектептерде, өндіріс орындарында, ойын-сауық, т.б. мекемелерінде орнатады. Бұл кезде, ластанған ауа бөлмеден, атап айтқанда, ас үйлерінен, әжетханалардан, кір киімдерге арналған бөлмелерден көршілес бөлмелерге түспеуі үшін, ауа енуіне қарағанда, оның сорып әкетуін жоғары етеді. Егер, бөлмеге ластаушы заттардың көрші бөлмелерден түсуінің алдын алу қажет болса, онда ауа ағынының енуі, операция жасайтын бөлмелердегі сияқты, басым болуы қажет.

Тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарда қалыпты микроклиматты кәдімгі жасанды желдету құралдарымен қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайларда ауаны кондиционерлеу қолданылады. Ауаны кондиционерлеу деп, бөлмеде берілген қолайлы температура, ылғалдылық және ауаның қозғалу жылдамдығын, егер қажет болса, ауаны иондандыруды да, қамтамасыз етуді және автоматты түрде сақтап тұруды түсінеді. Кондиционерлер орталық және жергілікті болып бөлінеді.

Орталық кондиционерлер бүкіл ғимаратқа немесе бөлмелердің жекелеген топтарына қолданылады. Жергілікті немесе бөлмелік кондиционерлер (климатизерлер) жеке бөлмелерге орнатылады. Кондиционерлер бөлмеде берілген температураны, ылғалдылықты, ауаның берілу жылдамдығын сақтап тұрады, шаңнан, иістерден тазартылған, ал кейбір жағдайларда (мысалы, операциялық бөлмелерде), бактерицидтік сүзгілерден өткен, ауа береді. Кондиционерлеуші қондырғылар ыстық климат жағдайында өте қажет: адамның жағдайы жақсарады, еңбекке қабілеттілігі едәуір жоғарылайды, жоғары температураның денсаулыққа қолайсыз әсер ету мүмкіншілігі төмендейді. Олардың аурухана мекемелерінде маңызы зор, өйткені, қолайлы микроклимат жағдайларын жасап, стерильді бөлмелерде ауаның тазалығын жоғары дәрежеде сақтап тұрады.

Кондиционерлеудің кемшіліктеріне ауаны тазарту барысында жеңіл иондардың азаюы, озонның концентрациясының төмендеуі, кондиционерленген бөлмелерде ұзақ уақыт болған кезде ауаның қолайсыздығын сезіну жатады. Ауаның иондық құрамын түзету үшін әр түрлі типті аэроионизаторлар қолданылады. Кондиционерлер мен ауаны ылғалдағыштарда суы тұщы суаттарда табиғи мекендеушілер болып табылатын, легионеллалар өзіне көбірек қолайлы жағдай табады. Олар легионеллез (легионерлер ауруы, понтиак қызбасы, питтсбург пневмониясы, т.б.) дамуының себебі болады. Сондықтан, пайдаланылатын суды, ауаны және ауа жүретін жолдардың бетін зарарсыздандыру маңызды болып табылады.

Ауа алмасуды бағалау үшін төмендегідей көрсеткіштер қолданылады: желдетудің қажетті және іс жүзіндегі көлемін, ауа алмасу есесін. Желдетудің қажетті көлемі - бұл, бөлме ішіндегі зиянды заттардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден асып кетпеуі үшін, бір адамға бір сағат ішінде бөлмеге берілуі қажет таза ауаның мөлшері.

Әдетте, ауасы негізінде адамдардын есебінен ластанатын тұрғын үй бөлмелері мен аудиторияларда желдетудің қажетті көлемі адамның тыныс алу кезінде шығарған көмір қышқыл газының мөлшері мен (жоғарыда қара) оның ауадағы рұқсат етілген концентрациясына байланысты анықталады. Алайда, ауада басқа көздерден келіп түсетін улы және қауіпті ластаушы заттар болса, есептеуді, бөлінген ластаушы заттардың концентрациясы мен олардың ШРЕК-ің ескере отырып, жүргізеді.

Ересек адам жеңіл дене еңбегі кезінде сағатына 22 л жуық көмірқышқыл газын ауаға бөледі. Бөлмелерде көмірқышқыл газының рұқсат етілген деңгейін (0,1%) сақтап тұру үшін, тыныс шығарудан ауаға бөлінген 22 л СО2 шамамен 36-37 м3 атмосфералық ауамен сұйылуы керек, яғни, желдетудің қажетті көлемі 36-37 м3 болуы керек. Желдетудің көрсетілген көлемдерін ең төменгі мөлшер деп санау қажет. Жабық бөлмелерде ауа ортасының қолайлы жағдайлары желдету көлемі тек 80-120 м3/сағ болғанда қамтамасыз етіледі. Желдетудің мұндай көлемі бір адамға шаққандағы ауаның кубы мен ауа алмасу есесін арттыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Ауа кубы деп, жан басына шаққанда бір адамға келетін бөлменің көлемін түсінеді, ал ауа алмасу есесі- бір сағат ішінде бөлменің ауасы неше рет атмосфералық ауамен алмасатынын көрсететін сан. Ауа алмасу есесін К=V:P формула бойынша анықтайды, бұндағы К- бір сағат ішіндегі ауа алмасу есесі, V- бір адамға есептегендегі желдету көлемі (м3/сағ), P- бір адамға есептегендегі ауа кубы (м3). Ауа енуі бойынша алмасу еселігін «+» белгімен, ал сорып әкету бойынша еселігін «-» белгімен белгілейді. Мысалы, «+2/-3» дегеніміз, бұл сағатына берілген бөлменің көлемінен екі есе артық ауа берілетінін, 3 есе артық ауа шығарылатынын көрсетеді. Ауа алмасу нормативтері әр түрлі бөлмелер үшін, олардың ластану сипатына, бөлмені пайдалану мақсатына байланысты өз алдына белгіленеді (7.5-кесте).

 

Кесте


Поделиться:

Дата добавления: 2014-11-13; просмотров: 571; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты