КАТЕГОРИИ:
АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника
|
Ауруханалардың емдеу-диагностикалық бөлімдері.Емдеу-диагностикалық бөлімдеріне функционалдық диагностика, операциялық блок, анестезиология және реанимация бөлімі, рентген-диагностикалық бөлімі, қалпына келтіріп емдеу немесе реабилитация (физиотерапевтік) бөлімі кіреді. Ауруханада төсек саны аз болса (400 төсектен кем), функционалдық диагностика бөлімі, емхана мен стационар үшін біреу болуы мүмкін. Төсек саны көп болған жағдайда, жеке екі бөлім жасайды: емханаға келушілер үшін және стационардағы ауруларды қабылдау үшін. Функционалдық диагностика бөлімінің құрамына тек диагностикалық мақсатта ғана емес, сонымен қатар, жеке жағдайларда ем жүргізуге арналған әр түрлі мамандандырылған кабинеттер кіреді. Бөлімде электрокардиография, эхокардиография, допплерэхокардиография, әр түрлі жерлерде орналасқан қан тамырларын, ішкі мүшелер мен бас миын ультрадыбыстық зерттеу, электроэнцефалография, спирография, асқазанға, ішекке, кеңірдегіне эндоскопиялық зерттеулер және басқалар жүргізіледі. Функционалдық диагностика бөлімі, ғимараттың немесе аурухана қабатының бөлек шетінде орналасады. Жеке кабинеттерді жүргізілетін зерттеулерге байланысты және гигиеналық талаптарға сәйкес орналастырады, жоспарлайды және жабдықтайды. Рентген-диагностикалық бөлімнің құрамына орталық бөлім және кейбір бөлімдердегі (қабылдау, жұқпалы аурулар, туберкулездік, тері-венерологиялық) өз алдына бөлек рентген кабинеттері кіреді. Орталық бөлімшені, барлық қорғаныс шараларын сақтай отырып, аурухана қабаттарының бірінде орналастырады (XII тарау). Қызметкерлер мен науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі осындай шаралар, рентген кабинеті орналастырылған жоғарыда атап өткен кабинеттерде де жүргізіледі. Ірі ауруханаларда анестезиология және реанимация бөлімі екі бөлімшеден тұрады. Біреуі қабылдау бөлімінде, екіншісі операциялық блок пен емдеу-диагностикалық бөлімдеріне жақын жерде. Бөлімде реанимация залы, реанимация залының алдындағы бөлме, қарқынды емдеу палаталары, жедел анализ жасау зертханасы, емдеу және диагностикалық аппараттарға арналған бөлме болады. Бөлімді жоспарлауда және керек-жарақпен жабдықтауда, науқастардың жағдайын үнемі қадағалап тұру мүмкіншілігі, әрбір төсекке оттегі берілуі, әр палатаға арналған медицина қызметкерінің посты, әр төсектің қасына емдеу үрдісіне және реанимациялық шараларға қажетті жабдықтарды орналастыру мүмкіншілігі қарастырылады. Емдеу-диагностикалық бөлімінің құрамына және операциялық блок кіреді. Операциялық блокты орналастыру, жоспарлау және жабдықтау, операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу және аурухана ішілік инфекцияны болдырмауға бағытталған асептика талаптарын максималды түрде сақтауды қамтамасыз етуі керек. («Хирургиялық бөлім» тарауы). Қалпына келтіріп-емдеу (физиотерапевтік) бөлімі, физиотерапевтік процедуралар, емдік физкультура, массаж жасауға арналған. Бөлімнің құрамында электрмен, жарықпен, сумен, микротолқынды және ультражоғары жиілікті толқынмен емдеу кабинеттері, ингаляция жүргізетін кабинет, жылу процедураларына, балшықпен емдеуге арналған және басқа да кабинеттер болады. Клиникалық-диагностикалық зертханалар, ауруханалардың ең маңызды бөлімшелері болып табылады, өйткені қазіргі кезде сырқаттардың диагнозын анықтау зертханалық зерттеулер нәтижесіне байланысты. Зертханаларда қарапайым да зерттеулер және күрделі техникалар мен жабдықтарды, дәрігер зертханашылардың жоғары мамандығын қажет ететін, күрделі де, сезімтал зерттеулер жүргізіледі. Әрбір клиникалық-диагностикалық зертханалардың құрамында мамандандырылған бөлімшелері болады: қанды, нәжісті, зәрді, қақырықты, асқазан сөлін зерттеуге арналған клиникалық бөлімше, биохимиялық, микробиологиялық, цитологиялық т.б. бөлімшелер. Зертханаларды аурухананың жоғарғы қабатында, жеке бөлігінде орналастырады. Онда стационардағы немесе емханадағы аурулардан алынған анализдерді қабылдауға және тіркеуге арналған бөлмелер, анализ жасауға, фотометрия, анализаторларда жұмыс жүргізуге, препараттарды бояуға арналған бөлмелер болады. Микробиологиялық бөлімшесін зертхананың басқа бөлмелерінен оқшау орналастырады. Бұл бөлімшеде, міндетті түрде бактериологиялық зерттеулер жүргізетін бокстар, микробтардың қоректік ортасын қайнататын, жуатын бөлмелер және қызметкерлерге арналған душ кабиналары болуы керек. Бұл бөлімшедегі желдету және санитарлық тәртіп, инфекцияның басқа бөлімшелерге таралуының алдын алуы тиіс.
|