Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Тері және ауыз қуысының гигиенасы.




1.1. Тері гигиенасы.Тері көптеген қызмет атқарады. Оның бірі - қорғаныш қызметі. Зақымдалмаған тері белгілі бір дәрежеде ағзаны көптеген химиялық ластаушы заттардан, микроағзалардан, ыстық пен суықтан, ультракүлгін сәулелердің радиациясынан және басқа да физикалық факторлардан, механикалық зақымдалулардан қорғайды. Қорғаныш функциясының іске асуы барысында, эпителийдің табақшалы құрылымының, суда ерімейтін және ферменттердің әсеріне тұрақты сыртқы мүйізді қабаттың, тер және май бездерінен бөлінетін заттар мен терінің рН ортасы маңызды рөл атқарады. Терінің, қолтық асты, маңдай, мұрын-ерін тері қабаты және мойыннан басқа, көп бөліктерінде, бөлінген тердің реакциясы өте қышқыл болып, оның бактерияларға қарсы әсерін қамтамасыз етеді. Май бездерінен бөлінетін тері майы да, бактерицидтік қасиетке ие болып, қорғаныш қызмет атқарады. Терінің жоғары иілгіш қасиеті және серпінді тері астылық май қабатының болуы түрлі механикалық әсерлерді төмендетеді.

Терінің коллагенді, серпімді және аргирофильді талшықтары, сонымен қатар тығыз мүйізді қабаты, оның беріктік қасиетін қамтамасыз етеді. Терінің үнемі физиологиялық жаңарып отыруы тері беттерінің ағза үшін зиянды заттар мен микроағзалардан тазарып отыруына ықпал етеді, ал меланин пигментінің болуы ультракүлгін сәулелерінің зиянды әсерін азайтады. Тері, ағзаның жылу беру үрдістеріне қатыса отырып, жылу реттегіш құралдардың бірі болып табылады.

Тері арқылы жылу беру жолдарының ішінде тер бөлінуінің маңызы ерекше болып табылады. Ауаның температурасы жоғары болған кезде, тер бөлінуі, ағзаның қызып кетуіне мүмкіндік бермей, 10-12 есе өсуі мүмкін. Терінің маңызды қызметі - заттарды ағзадан сыртқа шығару болып табылады. Тер және май бездерінің сөлімен бірге зат алмасудың соңғы өнімдері және ағзаға түскен көптеген ксенобиотиктер бөлініп шығарылады. Бүйректің шығару қызметі бұзылған кезде, тер бездері арқылы азотты шлактардың едәуір бөлігі шығарылады.

Теріде, ағзаға әсер ететін факторлар жөнінде мәліметтерді орталық жүйке жүйесінің қабылдауын жүзеге асыратын, өте көп рецепторлар – жылулық, суықтық, тактильді, ауыру, т.б. жинақталған. Тері қоршаған ортамен ағзаның газ алмасу қызметіне қатысады. Терінің тыныс алу қызметінің нәтижесінде, ол тәулік бойына көмірқышқылының 7-9 г шығарып, оттегінің 3-4 г сіңіреді, бұл ағзаның барлық газ алмасуының 2% құрайды. Терінің беткі қабаттарында Д дәруменінің синтезі жүреді.

Осы барлық алуан түрлі қызметтердің іске асуы, едәуір дәрежеде терінің тазалығына байланысты. Терінің күтімі нашар болғанда, теріде шаңның бөлшектері, кір, микроағзалар, тер және май бездерінен бөлінетін зат алмасу өнімдері жинақталады, нәтижесінде осы бездердің шығару түтіктері бітеледі, терінің тыныс алу және заттарды шығару қызметтері бұзылады, бактерицидтілігі күрт төмендейді.

Теріден сыртқа шығарылған органикалық заттар жағымсыз иісті, ұшқыш қосылыстар түзе отырып, ыдырайды. Бактериялар, вирустар, микроскопиялық саңырауқұлақтар, дамуына қолайлы жағдай тауып, өсіп-өне бастайды, бұл дерматиттердің, іріңді, саңырауқұлақтар тудыратын және басқа да тері ауруларының дамуына әкеп соғады. Қол терісі және артқы өтіс аймағы мен шат аймағының терісі микроағзалармен ең көп ластанады. Тағам өнімдерінің, ыдыстың және басқа да тұрмыстық керек-жарақтарының бактерияларымен және гельминт жұмыртқыларымен негізгі ластаушы көзі жиі қол болып табылады.

Сондықтан, денені үнемі таза ұстап отыру керек және тері мен шаштарға жақсы күтім жасау қажет. Бұл үшін, теріні және шашты әр түрлі жуғыш заттардың көмегімен үнемі шайып, жуып отыру қажет. Күнделікті ұйықтар алдында және таңертең бет, қол, мойынды, сонымен қатар, қолтық астын, артқы өтіс аймағы мен шат аймақтарын міндетті түрде жуу қажет. Күнделікті ұйықтар алдында міндетті түрде аяқты сабынмен жуу және шұлықты уақтылы ауыстырып отыру қажет. Күнделікті таңертең және кешкісін душ қабылдау өте қолайлы болып табылады. Аптасына бір рет барлық денені душ астында немесе моншада, губка не жөке және сабын немесе қазіргі кездегі пайдаланатын жуғыш заттарын (сусабын, әр түрлі гель, т.б) қолдана отырып, тазарту қажет.

Сабын - майларды сілтілермен өңдеу арқылы алынған жоғарғы май қышқылдарының тұздары болып табылады. Сабынның құрамында болатын сілтінің әсерінен, терідегі майлар ерігіш болып, сабынғаайналады. Сілті, сол сияқты белоктармен суда жеңіл еритін, су арқылы жақсы жуылатын, альбуминаттар түзетіндіктен, олардың да ерігіштігін жоғарылатады. Терінің тазаруына жөкенің механикалық әсері, сонымен қатар, кірді өзіне сіңіріп алатын көпіршіктер де жағдай жасайды. Дегенмен, сабынды жиі қолдану, әсіресе, құрғақ терінің майсыздануына әкеп соғады, терінің қышынуына, шашта қайызғақтың пайда болуы мен шаштың түсуіне әкеледі. Сондықтан, дене мен қол терісін жуу үшін, құрамында бос сілті аз мөлшерде қосылған сабындарды пайдалану қажет. Ондай сабындарға бейтарап және маймен асқын қаныққан сабындар жатады. Ең жұмсақ әсер ететін қасиеті бар «Балалар сабыны», «Глицеринді», «Ланолинді» сабындар болып саналады. Олардың құрамында бос сілті мөлшері 0,05%-дан аспайды. Сілтілі сабындарға жататын шаруашылық сабында бос сілтінің мөлшері 2% дейін жетуі мүмкін.

Дене гигиенасы үшін қазіргі кезде жуғыш және косметикалық заттардың кең ауқымы қолданылады. Иіс сабындар мен монша сабындарына әр түрлі иістендіргіш заттар, өсімдік қоспалар, емдік - профилактикалық және зарарсыздандыратын заттар қосылады. Алайда, қатты сабындар сілтілі өнімдер болатындықтан, тері сыртындағы гидролипидті қабықты бұзады, нәтижесінде, эпидермистің өткізгіштігі жоғарылап, әр түрлі зиянды әсерлерге әлсіз келеді. Сондықтан, жуыну үшін сұйық сабындар мен душқа арналған гельдер тиімді болып келеді, олардың құрамындағы жуғыш және тазартқыш негізі ретінде амфотерлі беттік-белсенді заттар (ББЗ) қолданылады. Бұндай жуғыш заттар терінің липидтік балансын бұзбайды және тері бетінде әлсіз қышқылды орта түзеді. Микробтарға қарсы заттар қосылған сабындарды жиі қолдануға болмайды, себебі олардың әсерінен патогенді микрофлора ғана емес, сонымен қатар, терінің өзіндік микрофлорасы да жойылып, оның қорғаныш қызметі нашарлайды.

Шаш та, тері сияқты, сыртқы ортаның көптеген - лас атмосфера, ыстық немесе суық, күннің зиянды сәулелері, хлорланған су тәрізді қолайсыз факторлар әсеріне ұшырап отырады. Шаштың құрғауы мен түсуінің себебі, көбінесе шашты дұрыс күтпеу, яғни, сілтілі сабынды жиі қолдану, ыстық фен, көпіргіштерді, шаш қатырғыштарды, бояуларды жиі пайдалану болып табылады. Шашты жуу үшін, құрамында амфотерлі және иондалмаған ББЗ бар, жұмсақ су сабындарды пайдалану керек. Олар теріге және шашқа қорғаныш әсер береді. Жұмсақ су сабындарды қолдану, шашты ластану кезінде ғана емес, тіпті, күн сайын жууға да мүмкіндік береді, ал бұрын, майлы шаштарды 5-7 күнде 1 реттен жиі емес және құрғақ шаштарды - 10-12 күннен кейін жуу ұсынылған болатын.

Дененің гигиеналық күтімінде өте күшті сауықтыратын әсері бар, ең жақсы құралдардың бірі монша болып табылады. Моншалардың көптеген түрлері бар, алайда, олардың ішінде ең көп таралғаны, орыстың булы және финнің құрғақ ыстық (сауналар) моншалары. Бұл моншалардың ерекшелігі - ондағы бу бөлмесінің болуы. Булы моншалардың бу бөлмесінде ауаның температурасы 40-50ºС дейін, ал салыстырмалы ылғалдылығы - 75-80% дейін жетеді. Құрғақ ыстық моншаларда ауаның салыстырмалы ылғалдылығы, керісінше, төмен - 15-20% болады, ал температурасы, әсіресе, жоғарғы сөрелерде, булы моншаға қарағанда, анағұрлым жоғарғы деңгейге жетеді. Бу бөлмесінде болу адамға өте күшті әсер етеді. Қан тамырлары және тері саңылаулары кеңейеді, тердің көп бөлінуі байқалады. Дене температурасы 38-39ºС дейін көтеріледі. Тамыр соғысы және тыныс алу жиілеп, артериялық қан қысымы төмендейді. Термен әр түрлі шлактар, микроағзалар кетіріледі. Монша бүйрек үсті бездерінің, орталық жүйке жүйесінің қызметін ынталандырады, терінің тыныс алуын жақсартады, ағзадағы зат алмасу үрдістерін күшейтеді, психоэмоционалдық тонусты жоғарылатады.

Бу бөлмесінде болғаннан кейін, ертеде жасалғандай, денеге суық су құю немесе «қарға шомылу» жүргізіледі, бұл тамырларды жаттықтырып, ағзаның шынығуына ықпал етеді. Сонымен қатар, бу бөлмесінде болу, ағзаның жүйелеріне, әсіресе, жүрек-қан тамырларының және орталық жүйке жүйелеріне үлкен жүктеме түсіреді. Мұнда жоғарғы температураның ғана емес, сонымен қатар, жоғары тау басындағы қысымымен бірдей болатын, ауадағы оттегінің парциалды қысымының төмендеуінің де үлкен маңызы бар. Нәтижесінде, айқын гипоксиялық эффект дамиды, оған ағзаның қызу салдарынан пайда болатын қан қысымының төмендеуі де өз үлесін қосады. Сондықтан, гипертониялық және журектің ишемиялық аурулары, жүрек кемістіктері, вегетативті-тамырлы дистония бар ауруларға, реконвалесценттерге, әлсіреген адамдарға бу бөлмесінде болуға болмайды. Ауа ылғалдылығы саунада аз болғандықтан, тердің бөлінуіне анағұрлым қолайлы жағдайлар қалыптасады, бұл бүйрекке түсетін қысымды азайтады. Саунадағы әсер ететін факторлардың деңгейін біртіндеп жоғарылатқанда, саунаның әсері, орыс моншасына қарағанда, біршама жұмсақ болады. Бірақ, құрғақ, температурасы өте жоғары, ауамен тыныс алу, тыныс алу мүшелеріне қолайсыз әсер ету мүмкін, сонымен бірге, кейбір зерттеулердің мәліметтері бойынша, тіпті, онкологиялық аурулардың да даму қаупін жоғарылату мүмкін.

Моншалар тек күшті емдеу-профилактикалық құралдарының бірі емес, сонымен бірге саңырауқұлақ, соз, тері ауруларының, сол сияқты насекомдар да берілетін фактор болуы мүмкін, сондықтан моншаларда жүйелі түрде күнделікті тазарту жұмыстары және зарарсыздандыру жүргізіліп отыру тиіс. Моншаға жұқпалы аурулары бар келушілер мен қызметкер жіберілмеуі керек. Саңырауқұлақ ауруларының алдын алу үшін аяққа резеңке немес пластик аяқ киімдер кию қажет. Шешінетін жер аяққа арналған душпен қамтамасыз етілуі қажет. Қазіргі кезде көптеген моншаларда хауыздар болады. Оларда шомылуға, тері, көз және де су арқылы берілетін, басқа да аурулары жоқ, дені сау адамдар ғана жіберіледі. Хауызға шомылар алдында келушілер, жуғыш заттарды пайдалана отырып, душқа түсу және хаузға түсер алдында, 0,1% хлорлы әк ерітіндісімен толтырылған кішкене ор арқылы өту тиіс. Хауыз суы зарарсыздандырылуы тиіс және үнемі жаңартылып отыруы керек.

1.2. Ауыз қуысы гигиенасы. Адамныңауыз қуысы жеке гигиенасының негізгі мақсаты, тіс пен ауыздың шырышты қабығын жұмсақ қақтарынан және ас қалдықтарынан тазарту жолмен, сол сияқты, ауыз қуысын үнемі таза ұстау арқылы, стоматологиялық аурулардың және ағзаның ішкі мүшелерінің әр түрлі ауруларының дамуын және күшеюін алдын алу болып табылады. Жеке адамның ауыз қуысының гигиенасы ауыз қуысының тиісті иммунологиялық статусын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, соған байланысты, мүшелер мен жүйелердің жедел және созылмалы ауруларын, сондай-ақ, кариесті және парадонттағы қабыну үрдістерді тудыратын, әр түрлі микроағзалардың ауыз қуысы арқылы ағзаға түсуіне қарсы тұратын қуатты барьер туындайды. Қорғаныш қызметі сілекей мен ауыз қуысы сұйықтығының тиісті құрамының, қасиеттері мен қызметтерінің сақталып тұру есебінен жүзеге асырылады; бұл олардың құрамында микробтарға қарсы әсер ететін заттардың - лизоцим, лактоферрин, ферменттер және иммуноглобулиндердің болуына байланысты. Ауыз қуысындағы қолайсыз гигиеналық жағдайлар патогенді микрофлораның қарқынды дамуына қолайлы орта болып табылады. Қышқылдың артық түзілуі ортаның рН деңгейінің қышқыл жаққа ауытқуына әкеледі, нәтижесінде, тістердің қатты тіндерінің минералсыздану үрдістері күшейеді, тіс тасының түзілуі мен таралуы белсенді жүреді, бұл урдістерге пародонттың микробтық ластануы, тіс пен қызыл иектің арасында қалталардың түзілуі, грануляциялардың өсуі, қабыну үрдістерінің пайда болуы, қызыл иектің қанағыштығы, тіс аралығындағы және тіс түбірлері аралығындағы қалқалардың бұзылуы тән.

Ауыз қуысының гигиеналық күтімін жүзеге асыру үшін көптеген құралдар қолданылады. Қазіргі кездегі технологиялар, бұрын пайдаланған құралдарға қарағанда, жаңа, анағұрлым тиімді ауыз қуысының гигиеналық күтіміне арналған құралдар дайындауға мүмкіндік берді. Ауыз қуысы гигиенасының негізгі құралдарына мануальды тіс щеткалары, тіс пасталары, сұйық заттар, тіс ұнтағы, сағыздар, ауыз қуысының жеке тіс аралығының гигиена құралдары, тісті ағартатын заттар, электрлік тіс щеткалары жатады. Тіс щеткаларында ерте кезден табиғи шошқа немесе жылқы қылтаны пайдаланылған. Синтеталық талшықтың кең таралуы табиғи қылтаны қолданыстан ысырып шығарды және физиология мен тазарту қабілеттерін есепке ала отырып жасалатын, тіс щеткаларының шығарылуына үлкен мүмкіншілік берді. Қазіргі кездегі барлық тіс щеткалары гигиеналық, профилактикалық (парадонтологиялық) және арнайы болып бөлінеді. Гигиеналық тіс щеткалары тісті әдеттегідей күнделікті тазарту үшін қолданылады, олардың түрлері тік және бұрылатын, ал тазартқыш қылы - бір деңгейлі болады. Профилактикалық тіс щеткалары ретромолярлық аймақ сияқты қиын тазартылатын жерлерді тіс қақтарынан және ас қалдықтарынан тиімді тазартуға мүмкіндік береді. Оларға, қылы көп деңгейлі, қылында күш салатын шығыңқысы бар, қылының ортасы тереңдетілген (қылдың биігірек шоқтары тіспен қызыл иек аралығына оңайырақ еніп,оны жақсы тазартады) қылдарында микротекстурасы бар (жұмыс атқаратын қылдың ұшы ғана емес, оның бүйір беттері де болып табылады) щеткалар жатады.

Арнайы щеткалар ортодонтияда пайдалануға арналған. Күнделікті тұрмыста профилактикалық тіс щеткаларын пайдалану ең қолайлы болып табылады. Дегенмен, үлкен адамдарға арналған тіс щеткаларын балалар мен жасөспірімдерге пайдалануға болмайды, себебі бұл щеткалардың өлшемі үлкен болады және олардың қатты қылдары ауыз қуысының нәзік тіндерін жаралайды. Сондықтан, балалар және жасөспірімдер үшін жеке тіс щеткалары шығарылады. Қызыл иектердің қабынуы кезінде, алдымен жұмсақтау қылды щетканы пайдалану керек, кейін, қызыл иектің жағдайы жақсарғанда, жұмсақ тіс щеткасын қаттырақ түріне алмастырады. Балаларға қатты щеткалар жарамсыз болып табылады.

Тіс, қызыл иек, тіс аралығын, тілді ас қалдықтарынан, тістің жұмсақ қақтарынан, шырыштан тазарту, тас дақтарын кетіру және микробтардың көбеюіне бөгет жасау үшін, әр түрлі құралдар қолданылады, бірақ олардың ішінде ең кең таралғаны - тіс пасталары. Қазіргі пасталардың құрамына, олардың 20-40% құрайтын, түрпілі (абразивті) әсері бар заттар (бор, натрий бикарбонаты, натрий хлориді, алюминийдің гидрооксиді және т.б.), сонымен бірге, әр түрлі байланыстыратын, көпіршік түзетін, микробқа қарсы түратын, дәмдеуіштер, емдік – алдын алу қасиеті бар қоспалар, ферменттер, дәрумендер, беттік-белсенді заттар және т.б. кіреді. Түрпілі заттар тісті тазарту үшін қолданылады, бірақ оларды пайдаланғанда, тіс беті тек ысылып жылтыратылып қана коймай, жұқарады және қызыл иектің эпидермисі де бұзылады. Абразивтің әсері оның пастадағы түріне байланысты. Абразивтің ірілеу түрлерінің ауыз қуысы тіндерін зақымдауға қабілеті жоғары болып келеді. Smokers пастасының құрамына агрессивтілігі жоғары абразив, ал Sensitive пастасына - өте жұмсақ абразив кіреді. Мысалы, құрамында жұмсақ абразивтер - кальций карбонаты мен кремний тотығы болуына байланысты, фторланған фин тіс пастасы - «Финндент» тістерді жақсы тазартады, ал фторланған «Глистер» (АҚШ) тіс пастасы, құрамына қатты абразив - алюминий силикаты кіретіндіктен, агрессивтілігі жоғары паста болып табылады. Үлкен адамдар үшін жасалатын тыс пасталарының көбінде агрессивтілігі орташа абразивтер, ал балалар үшін, олардың тіс эмалі жетілу кезеңінде болғандықтан – тек аз агрессивті абразивтер қолданылады. Сол себептен үлкен адамдарғае арналған тіс пастасын балаларға пайдалануға болмайды. Соңғы кездері сыртқы ортаның тітіркендіргіштеріне тістің сезімталдылығын төмендететін Sensitive тіс пасталары шығарылуда. Пастадардың аллергиялық, жергілікті-тітіркендіргіш және уытты әсері болмауы керек, сонымен қатар, олар микроағзалармен ластанбаған болуы қажет.

Тіс пасталарын гигиеналық және емдеу-профилактикалық деп бөледі. Гигиеналығы тісті тіс қақтарынан тазартады және ауыз қуысына жағымды иіс береді. Емдеу-профилактикалық тіс пасталарының құрамында, тіс жегісіне, қабынуға қарсы, сезімталдылығын төмендететін, саңырауқұлаққа, микробқа қарсы және басқа да әсерлерін қамтамасыз ететін,әртүрлі қоспалары болады. Емдеу-профилактикалық тіс пасталарының арасында жеке адам (тұрмыстық) пайдаланатын да және кәсіби мақсатта пайдаланылатын тіс пасталары болады.,

Кәсіби мақсатта пайдаланылатын тіс пасталарын тек дәрігердің нұсқауымен пайдалану қажет, себебі әр түрлі жағымсыз салдары болуы мүмкін. Мысалы, абразивті қасиеттері жоғары тіс пасталарын немесе тісті ағартатын Smokers тіс пасталарын пайдаланғанда, тіс эмалінің күрт жұқаруына және тістің жоғарғы сезімталдылығы дамуына әкеп соғуы мүмкін. Жеке адамның ауыз қуысы гигиенасына арналған емдеу-профилактикалық тіс пасталары, гигиеналық тіс пасталарына қарағанда, жақсырырақ және тиімді болып саналады. Алайда, тіс пастасының бір түрін ұзақ уақыт пайдалануға болмайды, оларды ай сайын ауыстырып отыру қажет.

Құрамында хлоргексидин, триклозан сияқты микробқа қарсы компоненттері бар тіс пасталарын іріңді қабыну үрдістері пайда болғанда ғана, бірақ қысқа уақыт (2-3 апта) қолдану қажет. Көбінесе абразивті қасиеттері орташа және шөп экстрактылары қосылған тіс пасталарын пайдаланған дұрыс.

Сонымен бірге, жеке адамның ауыз қуысы гигиенасына арналған сұйық заттар да қолданылады: табиғи (шөп, содалы, шырынды және т.б.) және жасанды (шайғыштар, тіс эликсирлері, дезодоранттар, спрейлер). Тіс эликсирлерінің құрамында әдетте, 60% дейін алкоголь болатындықтан, оны сұйылту қажет, сондықтан олардың қолдануы орынсыз болып саналады. Ең жақсысы - шөп экстрактылары қосылған алкогольсіз шайғыштарды қолдану. Күшті антисептиктері бар шайғыштарды, құрамында антисептиктері бар тіс пасталары сияқты, қысқа уақыт ғана және тек көрсетілімі болған кезде пайдалану керек.

Тіс ұнтақтары ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді. Олар абразивті материалдар мен иіс беретін заттардың қоспасы болып табылады, мұнда абразивті материал ұнтақтың 98-99% құрайды. Тіс пастасының пайда болуына байланысты, тіс ұнтақтары аз қолданыла бастады. Оған себеп болған, тіс ұнтақтарының абразивті қасиеттерінің біршама күшті болуы, сол сияқты олардың тазартқыш қасиетінен басқа емдеу-профилактикалық маңызының болмауы.

Ауыз қуысын тазартатын зат ретінде сағыз резеңке кең таралуы алды. Алғашқы сағыздардың құрамында қанттың көп мөлшерде болуына байланысты, олар тісті жұмсақ қақтардаң тазарта отырып, бір уақытта - тіс жегісінің дамуына әкелді. Қазіргі сағыздардың 30% - шайнайтын негізі (шайыр,парафин), 60% тәттілендіргіштер - қантты алмастырушылар, сол сияқты, тістің жұмсақ қақтарын тиімді тазартатын, дезодорациялайтын, қабынуға қарсы және т.б. қасиеттері бар кұрамдас бөліктерден тұрады. Алайда, барлық сағыз резеңкелердің жағымсыз қасиеттері бар. Аш қарынға сағыз резеңкені шайнағанда, ас қорыту бездерінің сөлі қарқынды бөлініп, гастриттер, асқазанда ойық жара және эрозия үрдістердің дамуына себеп болады. Шайнау үрдісі сілекей бездерінің үздіксіз жұмыс істеуіне әкеледі де, ауыз қуысының кілегейлі қабығының паталогиялық құрғақтануына, оның барьерлік және қорғаныш қызметінің төмендеуіне, ауыз қуысындағы ас қорытудың бұзылуына, дисбактериоз, езудің тілініп, қабынуы дамуына әкеп соғады.

Сағыздарды шайнау нәтижесінде аллергиялық реакциялар, сілекей бездерінің қатерлі ісіктері, балаларда тістердің үйлесуінін бұзылуына, шықшыт буынының дисфункциясына, парадонт тіндерінде қан іркілу салдарынан пайда болатын гиперемияға әкеледі. Сондықтан, сағыз резеңкелерді тек ас ішіп болған соң және қысқа уақыт ғана шайнау қажет. Сағыз резеңкелерінің қаптамаларында сағыздың қосымша жағымсыз әсерлері туралы мәліметтер көрсетілуі қажет.

Ауыз қуысының ауруларының алдын алуда ауыз қуысы гигиенасының құралдарын дұрыс таңдау ғана емес, сонымен бірге, тісті дұрыс тазарту да маңызды роль атқарады. Тісті күніне кем дегенде, 2 рет - таңертең және кешке тазалау қажет. Таңертең ұйқыдан соң ауызды сумен шайқап, ас қабылдаған соң тісті щеткамен тіс сықпасымен тазалайды. Осылай кешке де тісті ұйқыға жатар алдында тазалайды.

Тазарту уақыты 3-4 минуттан кем болмау керек, тіс щеткасының қозғалысы көлденең ғана емес, сонымен бірге сыпырып, дөңгелетіп тазарту қажет. Тістің қызыл иекке өтетін жерін тазарту үшін, тіс щеткасын тіске 45º бұрышпен ұстау керек. Гигиеналық мақсатта тісті таңертең және кешке ғана емес, сонымен бірге әрбір ас қабылдағаннан кейін тазартып отырған дұрыс. Дамыған елдерде тұрғындар екі тіс щеткасын пайдаланады: бірі үйде, ал екіншісі – жұмыс орнында. Әр тамақтанғаннан соң тістердің арасын флосстармен (арнайы шығарылған нейлон жібі), тіс тазартқыштармен немесе аз шоғырлары аз тіс щеткаларымен тазарту керек.


Поделиться:

Дата добавления: 2014-11-13; просмотров: 711; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты