Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Киім және аяқ киім гигиенасы.




2.1. Киім гигиенасы.Киім әр түрлі қызметтерді атқарады. Ол адамды сыртқы ортаның қолайсыз факторларынан қорғайды, қолайлы жылылық жағдай қамтамасыз етеді, теріні ластанудан, механикалық зақымдалудан қорғайды. Пайдаланылуына қарай киімнің бірнеше түрлері болады: тұрмыстық, кәсіптік, спорт, балалар, әскери, ауруханалық киімдер. Киімдердің әрбір түріне өзіндік гигиеналық талаптар қойылады, бірақ олар үшін келесі гигиеналық талаптар жалпы болып табылады:

1. Жергілікті жердің белгілі климаты, ауа райы және жыл мезгілі жағдайында қолданылатын киімдердің осы жағдайларда ағзаның қолайлы жылулық жағдайын қамтамасыз ететін жылу сақтайтын қасиеті болу керек.

2. Киімнің ауа өткізгіштігі мен су өткізгіштігі адам жүрген орта жағдайыларына байланысты болуы керек.

3. Киімнің пішімі адамның еркін қимылдауын шектемеуі, тыныс алу мен қан айналымын қиындатпауы, дененің жеке бөліктерін қыспауы керек.

4. Ағзаға қосымша дене жүктемесін түсірмеу үшін, киім шектен тыс ауыр болмауы керек, оның салмағы адамның дене массасының 8-10% аспауы керек.

5. Синтетикалық материалдардан тігілген киім спецификалық иіс шығармайтын, денсаулыққа зиянды химиялық заттар бөлмейтін, сол сияқты, киімнің бетіне статикалық электрлікті жинамайтын болуы тиіс.

6.Киім берік және оңай тазартылатын болуы керек.

Қоршаған ортаның жағдайларына сәйкес киімнің қолайлылығы киім астылық микроклимат пен адамның жылу сезінуі көрсеткіштері бойынша анықталады. Киім астлық микроклимат деп, киім мен тері арасындағы ауа қабатының физико-химиялық сипаттамаларының (температура, ылғалдылығы, көмірқышқыл газының концентрациясы) жиынтығын атайды. Олардың шамасы мен динамикасы ағзаның жылу реттейтін үрдістерімен, метеожағдайлармен және киімнің қасиеттерімен анықталады.

Киімнің қасиеттері, негізінен киімнің пішімі мен киім тігуге қолданылған матаның қасиеттерімен анықталады. Киімді тігуге табиғи және химиялық талшықтардан жасалған маталар пайдаланылады. Табиғи талшықтардан жасалған мата бұрыннан қолданысқа ие, адамға гигиеналық жағынан қолайлы қасиеттері болғандықтан, басқа маталарға қарағанда, әлі күнге дейін артықшылығын сақтайды. Оларға өсімдік текті (мақта, зығыр, пенька, джут және т.б.) және жануар текті талшықтардан (жібек, жүн) жасалған маталар жатады. Химиялық талшықтарды жасанды және синтетикалық деп бөлінеді. Жасанды талшықтарды табиғи шикізатты - целлюлоза мен басқа материалдарды өңдеу урдісінде алады. Жасанды талшықтар тобына вискоза, ацетат, үшацетат, казеин талшықтары жатады. Синтетикалық талшықтарды көмірсутек шикізаттарынан (мұнай, газ, таскөмір) және басқа да органикалық қосылыстардан химиялық синтездеу реакциялары арқылы алады. Синтетикалық талшықтарды алу жолы мен қасиеттеріне байланысты біріктірлген бірнеше топтарға бөледі: полиамидтік (капрон, нейлон, перлон, ксилон және т.б.), полиэфирлік (лавсан, терилен, дакрон, т.б.), полиуретандык, поливинилхлоридтік (хлорин, винол), поливинилспирттік (винилон, куралон), полиакрилнитрильдік (нитрон, орлон, т.б.). Талшықтардан дайындалатын жіптер иерілген және тығыз немесе борпылдақ, жеңіл болады. Матаның құрылымы маталық және тоқылған (трикотажды) болады.

Маталарды сипаттайтын қасиеттеріне: ауа өткізгіштігі, бу өткізгіштігі, ылғал сыйымдылығы, гидрофильділігі (су сорғыштығы), гидрофобтылығы, жылу өткізгіштігі, гигроскопиялылығы (ылғал кабылдағыштығы), липофильділілігі, газ сіңіргіштігі, күн энергиясына қатынасы жатады.

Ауа өткізгіштігі деп, өзінің саңылаулары арқылы маталардың ауаны өткізу қабілетін айтады. Жақсы ауа өткізгіштігі киім астылық кеңістікте ауаның қозғалуы мен алмасуын қамтамасыз етеді, бұл теріден бөлінетін және микроағзалардың тіршілігі нәтижесінде түзілетін су буларының және зат алмасуының ұшқыш өнімдерінің шығарылуына жағдай жасайды және ағзаны қызып кетуден сақтайды. Ауа өткізгіштігі мата талшықтарының тоқылуы сипатына, саңылаулардың мөлшері мен көлеміне, қалыңдығына, ылғалдану және ластану деңгейіне байланысты. Борпылдақ және саңылауы көп, жүннен жасалған, тоқылған және жібек маталардың ауа өткізгіштігі жеткілікті дәрежеде болады, ең нашар ауа өткізгіштік – тығыз драп, брезент, тығыз мақта маталарына тән. Егер, киім көп қабатты болса, қабаттарының ішінде біреу ауа өткізбейтін жағдайда, барлық киім ауа өткізбейтін болады. Киім суланған және ластанған кезде, ауа өткізгіштігі төмендейді, себебі матаның саңылаулары су мен кір бөлшектеріне толады. Өте қалың маталардың ауа өткізгіштігі төмен болады.

Бу өткізгіштігі деп, маталардың киім астылық кеңістікте түзілген су буларын өткізу қабілетін айтады. Матаның саңылаулары арқылы сүзіліп өтетін ауадан айырмашылығы, су булары талшықтар арқылы диффузия жолымен өтеді. Бу өткізгіштігінің, әсіресе, булану қарқынды жүретін ыстық микроклимат жағдайларында, қоршаған ортаға қалыпты жылу беруді қамтамасыз ету үшін маңызы зор. Жақсы бу өткізетіндерге - мақта матасы, аз бу өткізетіндерге - жүн маталары, одан да төмен өткізетіндерге - аң терілері, аса төмен өткізетіндерге - синтетикалық маталар жатады.

Маталардың ылғал қабылдағыштығы, олардың киім асты кеңістіктен де, сыртқы ортадан да, су буларын сіңіру қабілетін сипаттайды. Киімнің ішкі қабаттарының гигроскопиялылығы жеткілікті болуы керек, себебі тердің тері бетінен сіңірілуіне жағдай жасайды. Сыртқы киімнің гигроскопиялылығы, керісінше, төмен болуы керек, өйткені, ылғалдану нәтижесінде, киімнің жылу сақтайтын қызметі төмендейді. Гигроскопиялылығы жоғары маталарға жүннен жасалған матлар және замш жатады, олар суды өз массасының 1/4/- 1/3 бөлігіне дейінге мөлшерде сіңіре алады. Мақта маталары суды аз сіңіреді - құрғақ массасының 1/7-1/8 бөлігіне дейінгі мөлшерде, синтетикалық маталардың гигроскопиялылығы ең төмен, олар суды өте аз сіңіреді, сіңіретін мөлшері мата массасының тек 1/20-1/200 бөлігін құрайды.

Маталардың ылғал сыйымдылығы - мата ылғалданғанда, өзінің саңылауларында суды ұстап қалуы қабілеті. Ол пайызбен белгіленеді. Жоғары ылғал сыйымдылығы киімнің гигиеналық қасиеттерін едәуір төмендетеді. Саңылаулары сумен толуы нәтижесінде, матаның ауа өткізгіштігі төмендейді, жылу сақтайтын қасиеті нашарлайды, себебі, судың жылу өткізгіштігі ауаның жылу өткізгіштігінен 28-29 есе жоғары. Бұдан басқа, құрғақ матаға қарағанда, ылғал матадан сәулелену және булану нәтижесінде, жылудың көп берілуінен жылу жоғалтуы жоғарылайды. Маталардың ең жоғары ылғал сыйымдылығы әр түрлі болады. Мысалы, жүн маталарында ол - 45%, сәтенде - 13%, фланельде - 66% құрайды.

Маталардың жылу өткізгіштігі оның жылу сақтайтын қасиеттерін анықтайды. Жылу өткізгіштігі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым оның жылу сақтайтын қасиеті аз болады. Жылу өткізгіштігі көптеген параметрліне: саңылауларының жалпы пайыздық көлеміне, матаның қалыңдығына, талшықтардың тоқылу сипатына, ауа өткізгіштігіне, ылғалмен қанығу дәрежесіне байланысты болады. Саңылаулары көп және оларда ауа көп мөлшерде болатын, борпылдақ маталардың жылу өткізгіштігі, жұқа, тегіс маталарға (зығыр, мақта) қарағанда, аз болады. Маталар, жылу өткізгіштігінің азаюына қарай, келесідей ретпен бөлінеді: капрон, жасанды жібек, зығыр, мақта, табиғи жібек, жүн. Маталар термен немесе сумен суланған кезінде, олардың жылу өткізгіштігі едәуір жоғарылайды. Ең айқын жылу жоғалтуы киімнің бетінен жоғары жылдамдықта су булануы кезінде байқалады. Жібек, шыт маталарының бетінен ылғал өте тез буланады, осыған байланысты салыстырмалы түрдегі жоғары температура кезінде, тоңу сезімі байқылады. Керісінше, жүннен жасалған киімдерден ылғал баяу буланатындықтан, қоршаған едәуір жылу берілуінің алдын алады.

Матаның липофильдігі деп маталардың тері бетінен майды сіңіру қабілетін айтады. Жоғарғы май сіңіргіштік қолайсыз, себебі, май матаның саңылауларын бітеп қалады да, ауа- және су өткізгіштігін нашарлатады, кір бөлшектерін өзіне сіңіреді, микроағзалардың әсерінен ыдырап, жағымсыз иістердің пайда болуына әкеледі. Синтетикалық маталардың көбіне жоғарғы май сіңіргіштік қасиет тән.

Маталардың күн энергиясына қатынасы, олардың күн радиациясының интегралды ағынын, сол сияқты оның жекелеген биологиялық белсенді бөліктері – инфрақызыл және ультракүлгін сәулелерін шағылыстыру, сіңіру және өткізу қабілетімен сипатталады. Ақ және боялмаған маталардың, күңгірт маталарға қарағанда, шағылыстыру қасиеті жоғары және сіңіру қабілеті төмен болады. Ақ маталар күн сәулесінің 17-18 % ұстап қалса, ал күңгірт маталар - 50% дейін ұстайды. Сондай-ақ, атлас маталарының (сәтен, жібек-атлас) шағылыстыру қабілеті жоғары болып келеді, олар күн сәулесін 35-40 % дейін шағылыстырады.

Ультракүлгін сәулелерінің жеткіліксіздігінің алдын алу, сол сияқты артық сәулелердің зиянды әсеріне байланысты, маталардың ультракүлгін сәулелерді өткізгіштігі маңызды болып табылады.. Капрон мен нейлон маталары, ақ және ашық түсті жібек пен шыт, бәтес ультракүлгін сәулелерін жақсы (50-70% дейін) өткізеді. Тығыз және қалың, сонымен бірге күңгірт түсті боялған маталардың өткізгіштігі төмен болып келеді.

Сонымен, табиғи және химиялық талшықтардан жасалған маталардың қасиеттерінің айырмашылықтары бар, бұл айырмашылықтары киімнің белгілі бір түрлерін: іш киім, костюмдер, көйлектер, сыртқы киімдерді дайындау барысында, оларды саралап қолдануын анықтайды. Іш киім тер мен теріден бөлінетін басқа да заттарды сіңіріп, тері мен киімнің бірінші қабатының арасында жақсы желдетілуді қамтамасыз етуі, теріні тітіркендірмей, оны ластанудан қорғауы тиіс. Мұндай талаптарға, гигроскопиялылығы, гидрофильділігі жоғары, ауа- және су буларын жақсы өткізетін, мақта мен зығыр маталары сай келеді. Олардың жұмсақтығы мен серпімділігі матаның құрылымы трикотажды (тоқылған) болғанда жоғарылайды.

Синтетикалық маталардың бірқатар жақсы қасиеттері бар: иілімділігі жоғары, берік, жууға, пішінің өзгертетін әсерлерге, химиялық және биологиялық факторлардың әсеріне төзімді. Бірақ, бірқатар кемшіліктері де бар, соларға байланысты іш киімдерді дайындау үшін синтетикалық маталардың қолданылуы шұғыл шектеледі. Бұл кемшіліктеріне ең алдымен, төмен гигроскопиялылығы мен гидрофобтылығы жатады, нәтижесінде су булары мен басқа да бөлінген газ тәрізді заттарды матаның талшықтары сіңірмейтіндіктен, олар саңылауларда жиналып, киім асты кеңістіктің желдетілуіне кедергі жасайды, бұл ондағы ылғалдылықтың жоғарылауына және адам денесінің жаз уақытында тез қызуына, ал қыста - тез салқындауына әкеп соғады.

Бұнымен бірге, синтетикалық маталардың теріс қасиеттеріне статикалық электрлікті жинауға қабілеттілігі және жоғары липофильділігі жатады, осының нәтижесінде, олар жағымсыз иістерді өздеріне ұстап қалады және жуғанда жақсы тазармайды. Матаның бетінде статикалық электрліктің жиналуы адамда шаншу сезімдерін туғызады, қан тамырларының жиырылуы басым жүретінвегетативтік-қан тамырлары қызметінің бұзылуы, тез дамитын қажу, бас ауруын тудырады. «Электрленген» киім денеге жабысып қалады, өзіне шаң мен микроағзаларды тартады. Полимерлік маталардың химиялық тұрақтылығының төмендеуі, киім асты кеңістігінде бос мономерлердің де, сол сияқты мата дайындау үрдісінде қолданылған басқа да заттардың бөлінуіне әкеп соғады. Олар ағзаға тітіркендіретін, тері арқылы сіңетін және сенсибилизациялаушы әсер етуі мүмкін.

Синтетикалық маталардан жасалған іш киімдердің қолайсыз әсерлерін ескере отырып, 3 жасқа дейінгі және жаңа туған балаларға бұл маталардан іш киім тігуге рұқсат етілмейді. Бұл жастағы балалардың денесіне жанасатын киімдеріне (ползунки, колготки) 20% ғана синтетикалық ацетат талшықтарын қосуға, сонымен қатар, мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған іш киімдеріне мақта-сиблонды матаны (70% мақта және 30% сиблон) қолдануға рұқсат етіледі.

Іш киімдерді дайындау үшін, сондай- ақ, табиғи жібек пен вискоза да қолданылады. Вискозадан жасалған маталар жоғары гигроскопиялылығымен, ылғал сыйымдылығымен сипатталады, бірақ, матаны ылғалдағанда, ылғалдың ұзақ уақыт булануы нәтижесінде теріден жылу берудің жоғарылауына және дискомфорттық құбылыстардың пайда болуына әкеп соғады. Ацетатты маталарды іш киімдерге қолдануға болмайды, өйткені, вискозаға қарағанда, гигроскопиялылығы мен ылғал сыйымдылығы төмен болады, олар және электрленеді.

Киімнің екінші пакеті болып табылатын, костюмдер мен көйлектерге қойылатын гигиеналық талаптар орындалатын жұмыстың түрі мен жылдың мезгіліне байланысты болады. Жаздық киімдерге арналған маталар жұмсақ, ауа- және бу өткізгіштігі, гигроскопиялылығы, ылғал сыйымдылығы, гидрофильділігі және жылу өткізгіштігі жоғары болуы керек. Мұндай қасиеттер киім астылық кеңістіктің жақсы желдетілуіне және дененің қатты қызуын болдырмауға мүмкіндік береді. Табиғи маталарды (мақта қағазды, жібек, зығыр) басым қолданған орынды. Табиғи және жасанды аралас талшықтардан (вискоза, ацетат) жасалған маталарды да қолдануға болады.

Жылдың суық мезгілінде киетін киімнің 2- қабатының жылу сақтайтын қасиеті жоғары болуы керек. Киімнің мұндай түрлерін дайындау үшін, қоланылатын маталардың ішінде, басқаларға қарағанда, жүннен жасалған маталар жақсы деп саналады. Жүн матасының саңылаулылығы (саңылаулардың көлемі - 92%) мен гигроскопиялылығы жоғары, ауа-және бу өткізгішігі жеткілікті.

Жүннен жасалған маталарды ылғалдаған кездің өзінде де, іші ауаға толы, бос саңаулалары едәуір мөлшерде сақталады. Ылғалданған жүннің бетінен ылғалдың баяу шығуы нәтижесінде, жылуды жоғалтуы едәуір аз болады. Осы қасиеттерінің бәрі жүннен жасалған маталардың жылу өткізгіштігінің төмен және жылу сақтайтын қасиетінің жоғары болуына ықпал етеді. Борпылдақтығы, көлемді массасы аз болуы (0,07 г/см куб), жеңілдігі және суықтан жақсы қорғайтындығы жүннен тоқылған трикотажды айырқша көңіл тартарлық етеді.

Киім пакетінің 2- қабатын дайындау үшін, таза жүннен жасалған маталарымен қатар, аралас талшықтардан жасалған, табиғи және синтетикалық маталардың артышылықтары үйлестірілген, маталар да кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, химиялық талшықтардан жасалған маталар (орлон, нитрон, полихлорвинил, лавсан) жоғары жылу сақтайтын қасиетімен және аз мыжылатындығымен ерекшеленеді. Синетикалық талшықтарды табиғи талшықтармен араластырып қолдану, мысалы, лавсанды жүнмен, синтетикалық маталардың электрленуі, төмен гигроскопиялылығы және бу өткізгіштігі сияқты, теріс қасиеттерін азайтады, олардың жылу сақтайтын, ұзақ пайдалануға болатын қасиеттерін және матаның сырт көрінісін жақсартады.

Киім пакетінің үшінші қабаты - сыртқы киім (плащтар, пальто, күртелер, тондар) - суықтан, ылғал мен желден қорғауы керек. Әсіресе, солтүстік аудандарда ең жақсы жылу сақтайтын және желден қорғайтын қасиеттері бар киімдерге, табиғи аң терілерінен жасалған киемдер жатады. Оның жалғыз кемшілігі, салмағының едәуір ауыр болуы, кимылдар мен жұмыс істеу кезінде тудыратын кейбір ыңғайсыздықтары, тазарту қиындығы. Күртелер мен пальто тігу кезінде, киімді, әр түрлі маталарды қолданып, 3 қабатты етіп жасау ұтымды.

Сыртқы – жауып тұратын - қабаты, ауа өткізгіштік, бу өткізгіштік, гигроскопиялық және ылғал сыйымдылық көрсеткіштері төмен маталардан жасалуы тиіс, бұл атмосфералық ауаның киім астылық кеңістікке енуіне және киімнің су болуына кедергі жасайды Бұл үшін көбінесе, шұға, су сіңірмейтін табиғи талшықтардан жасалған тоқылған маталар, немесе синтетикалық маталар қолданылады. Екінші қабаты жылу сақтайтын қызмет атқарады, ол үшін табиғи жүні бар тері мен табиғи талшықтардан жасалған материалдар (мақта, ватин, жүн) да, жүні бар жасанды тері мен жасанды және синтетикалық талшықтардан (пенополиуретн, синдепон) жасалған материалдар да қолданылады.

Сырт киімнің ішкі қабаты, яғни, астары қолайлы киім астылық микроклиматты қамтамасыз етуі тиіс, соған байланысты олар дайындалатын маталардың ауа- бу өткізгіштігі, гигроскопиялылығы және ылғал сыйымдылығы жеткіліткті болуы қажет.

Балалардың жылу реттейтін механизмдерінің жетілмегендігіне байланысты, оларға арналған киімдер қыста жылу сақтайтын қасиеттері, ал жазда - жылу беретін қасиеттері жоғарырақ болуы керек. Киім астылық кеңістікте ең аз ауа айналымын және қоршаған ортамен ең аз ауа алмасуын қысқы киімде киімді тігуге арналған материалмен ғана емес, сонымен қатар, киімнің құрылымдыгымен да қамтамасыз етеді. Киім астында, күләпара (капюшон), манжета, белбеу, белбеу биік шалбарларды қолдану, күртенің төменгі жағын резеңкемен қысып буу т.б. арқылы көп тұйық кеңістіктер жасайды.

Жазғы уақытта, киім астылық кеңістіктің ең жақсы желдетілуін қамтамасыз ететіндей, киім кеңірек пішілуі қажет. Балалардың жаздық киімдерін тігуге арналған ең жақсы маталар - батист, сәтен, табиғи жібек болып табылады. Жасанды және синтетикалық талшықтар да жарым-жартылай қолданылуы мүмкін, бірақ тек табиғи талшықтармен араласқан түрінде. Синтетикалық және жасанды талшықтардың матадағы пайыздық мөлшері гигиеналық нормативтермен бекітіледі.

Кәсіби, спорт, әскери және басқа да киімдердің арнайы түрлерін дайындау кезінде, қызмет сипаты мен олар орындалатын жағдайлар ескеріледі. Мысалы, спорттық киім созылғыш, гигроскопиялылығы мен ауа өткізгіштігі жоғары болуы тиіс және адамның денесіне ауа ағынының үйкелуін азайтатын болуы керек. Кәсіби киімдер жасауға арналған маталардың қасиеті мен киімнің құрылымы өндірістің қолайсыз әсерлеріне қарсы тұра алатындай, сол сияқты қызудан немесе қатты салқындаудан қорғайтындай болуы керек.

Аурухана киімі жеңіл, киім астылық кеңістікте қолайлы микроклимат жағдайларын қамтамасыз ететін, жақсы тазартылатын, дезинфекцияланатын болуы керек. Аурухана киімдерінің құрамына кіретін іш киім, пижама мен халат, негізінен қолайлы гигиеналық қасиеттері бар мақта-маталарынан тігілуі керек, бұл олардың гигиеналық қасиеттерінің жақсыболуымен түсіндіріледі. Ауруханаларда, химиялық талшықтардан тұратын маталардан тігілген миокробқа қарсы киімдер де қолданылады. Поливинилхлорид пен хлоринді штапельден жасалған маталар, ревматизммен, радикулитпен ауыратын науқастардың жағдайларын жақсартатын емдік трикотаждық іш киімдерді дайындау үшін қолданылады. Олар аурудың жағдайын материалдың бетінде жиналған электростатикалық заряд есебінен жақсартады

2.2. Аяқ киім гигиенасы. Киімнің алмастырылмайтын бір бөлігі - аяқ киім болып табылады, ол, суық пен жылу, ылғал, механикалық әсерлерден, ластанудан, жәндіктер мен жануарлардың шағуынан қорғайды. Аяқ киімнің көп түрлілігіне қарамастан, оның қасиеттері мен параметрлері төмендегідей гигиеналық талаптарға сай болуы қажет:

1. ауа райы мен жұмыс жағдайларына сәйкес, аяқ киім ішіндегі қолайлы ауа алмасу мен температуралық-ылғалдылық режимді қамтамасыз етуі керек;

2. аяқ ұшының анатомо-физиологиялық және жасының ерекшеліктеріне сәйкес болуы керек;

3. аяқ ұшы мен бақайларын қыспауы керек, қозғалысты шектеп, аяқтың қан айналымын бұзбауы керек;

4. адамға қолайсыз әсер ететін зиянды химиялық заттар бөлінетін көзі болмауы керек;

5. жұмсақ, жеңіл, ыңғайлы, жеңіл тазартылатын болуы керек;

6. механикалық, химиялық және биологиялық әсерлерден қорғауы керек.

Аяқ киім үшін жоғарыда аталған барлық талаптарға сай келетін, ең жақсы материал - табиғи тері болып табылады. Ол төмен жылу өткізгіштік пен орташа ауа өткізгіштік қасиеттерімен сипатталады, созылғыш болады, зиянды химиялық заттар бөлмейді. Тері, оны қорғайтын қабатын тұзетін, 2-24% дейін майдан тұратындықтан, оның саңылауларына су енбейді. Салқын уақытта теріден жасалған аяқ киімнің жылу сақтайтын қасиеттерін жүні бар терімен астарлау және жүнді тері мен киізден жасалған ұлтарақ қолдану арқылы, жоғарылатылады. Аяқ киімнің табанына, жылу сақтайтын қасиеті теріден кем емес, ұсақ саңылаулы резеңке қолданылады. Киізден жасалған пималардың жылу сақтайтын қасиеті теріден де жоғары болып табылады, бірақ олар тез су болады және жүруге ыңғайсыз.

Жазғы уақытта жеңіл желдетілетін аяқ киімдерді: сандал, жалаң аяққа киетін аяқ киім, туфли,панталеттерді пайдалану қажет. Жазғы аяқ киімдердің үстіңгі бөлігі ауа өткізетін материалдардан тігіледі. Жазғы аяқ киімдер үшін, қысқы аяқ киімдерге пайдаланатын сияқты, табиғи тері ең жақсы материал болып табылады, бірақ жасанды тері, замша, тоқылған материалдар да кеңінен қолданылады. Жасанды тері, әр түрлі жоғарғы молекулалы қосылыстардан: поливинилхлорид, полиамид, полиуретандар, синтетикалық каучуктер, нитроцеллюлоза, латекстерден жасалады.

Бұдан басқа, жасанды терінің құрамына, технологиясының талаптарына сәйкес, стабилизаторлар, пластификаторлар, толықтырғыштар, ағартқыштар, бояғыштар, фунгицидтер де кіреді. Ауаның жоғары температурасы, ультракүлгін сәулелері, механикалық немесе химиялық факторлар әсерінен жасанды терінің ескіруі немесе бүлінуі кезінде жасанды терінің көптеген кұрамдарын, соның ішінде, адамның денсаулығына зиянды әсер ететін, әр түрлі мономерлер - дивинил, стирол, акрилат және т.б. сияқты, зиянды химиялық заттар аяқ киім ішіне бөлінеді.

Жасанды терінің, табиғи теріге қарағанда, ауа- және бу өткізгіштігі төмен болуына байланысты, бұндай аяқ киімді кигенде, аяқ қатты терлейді, бұл қоршаған ортаның температурасына байланысты, аяқ ұшының қызуына немесе салқындауына, бактериялардың, микроскопиялық саңырауқұлақтардың көбеюіне, аяқтың қажалуына, дерматиттердің пайда болуына әкеп соғады. Мысалы, поливинилхлорид пен кейбір басқа да синтетикалық материалдардан тігілген аяқ киім ауаның 10ºС-қа дейін температурада тиісті жылу сақталуды қамтамасыз етпейді, ал 35ºС жоғары температура кезінде аяқ ұшының қызуына әкеледі. Сондықтан, сыртқы ортаның мұндай температура параметрлінде табиғи материалдардан тігілген аяқ киімдерді пайдалану қажет.

Спорттық және резеңкеден жасалған аяқ киімнің ауа- және бу өткізгіштігі төмен. Лакталған аяқ киім ауаны мүлде өткізбейді. Бұндай аяқ киім күнделікті киюге жарамсыз болып табылады және шектеп қана киюді қажет етеді.

Аяқ киімнің пішімі аяқтың анатомо-физиологиялық ерекшеліктерін ескеруі керек. Аяқ киім жіңішке және тара болмауы керек, бұл аяқ киімнің өлшемін дұрыс таңдауымен қамтамасыз етіледі. Ол аяқ ұшынан сәл үлкен болуы керек, себебі жүрген кезде, әсіресе, ыстық уақытта, аяқтың жалпаюы және аяқ тамырларында қанның толуы нәтижесінде, аяқтың көлемі мен ұзындығы үлкейеді. Тар аяқ киім аяқты қысады, қан және лимфа айналымдарын бұзады, бақайларының қисаюына, тіпті аяқ сүйектерінің деформациялауына, аяқта сүйел пайда болуына, қажалуына, тырнақтардың жұмсақ тінінің ішіне кіре өсуіне әкеп соғады. Жылдың салқын мезгілдерінде қан айналымының бұзылуы аяқтың тоңуына әкеледі. Аяқ киімнің өкшесі биіктігіне байланысты, екі жақты рөл атқарады

Биіктігі 2-3 см, жуан өкше табанды жерден жарақаттануынан қорғайды, аяқтың рессорлық қызметін жоғарылатады, аяқ сүйектеріне механикалық жүктемені тең беріп, нәтижесінде бұлшық еттердің шаршауын азайтады. Аса биік өкше, әсіресе, бізөкше түрі, ауырлық нүктесін алға қарай ығыстырып, жүрісінің беріктігін бұзады, барлық жүктемені аяқтың алдыңғы бөлігіне түсіреді, нәтижесінде аяқ ұшы байламдарының және сирақ бұлшық еттерінің зорлануы күшееді, аяқ ұшы жалпаяды, бақайларының пішіні өзгереді.

Балалардың аяқ киімдерін үлгісін жасау кезінде, аяқ киім тігілетін материалдан басқа, балалардың аяқ ұшы құрылысының ерекшеліктері және олардың сүйектену үрдістерінің аяқталмағандығыны ескеріледі. Балалар аяқ ұшына радиальды пішін тән, бұл кезде ең үлкен жалпақтығы бақайларының ұшында байқалады, ал үлкен адамдарда - 1-5 табан сүйектірінің тұсында болады. Сондықтан, балалар аяқ киімінің тұмсық бөлігі кеңдеу тігіледі. Балалар жасында аяқ сүйегі, негізінен, шеміршекті болатынын ескере отырып, оның иілгіштігіне, аяқ киімнің қалыңдығы мен салмағына көңіл бөлінеді. Себебі, кез келген механикалық әсерден, аяқ оңай деформацияға ұшырайды. Өкшенің биіктігі мектепке дейінгі жастағы балалар үшін - 10 мм аспауы керек, мектеп жасындағылар 8-10 жастағылар үшін - 20 мм, 13-17 жастағы ұлдар үшін - 30 мм, осы жастағы қыздар үшін - 40 мм аспауы керек.

11 жасқа дейінгі балалардың аяқ киімнің міндетті түрде сірісі және ілгек, сырма, бау, белдікше түріндегі, сенімді бекіткіші болуы керек. Балаларға тігілетін аяқ киімнің үстіңгі бөлігі жылдың барлық мезгілдері үщін табиғи теріден болуы ұсынылады. Жазғы аяқ киім үшін әр түрлі текстильді материалдарды пайдалануға болады. Балалар аяқ киімін дайындауда полимерлік материалдар немесе химиялық талшықтар қосылған табиғи материалдар қолданылуы мүмкін, бірақ, олардың қолданылуы санитарлық нормалар мен ережелермен регламенттеледі.

 


Поделиться:

Дата добавления: 2014-11-13; просмотров: 823; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.008 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты