Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Гигиенаның басқа ғылымдармен байланысы. Гигиенаның бөлімдері. Гигиеналық зерттеулердің әдістері.




Гигиена басқа ғылымдармен тығыз байланысты. Қоршаған орта факторларын және олардың адам ағзасына әсерін зерттеу мақсатында, ол іргелік медицина пәндерінің – анатомияның, гистологияның, қалыпты және патологиялық физиологияның, патологиялық анатомияның, биохимияның, биологияның, микробиологияның, эпидемиологияның және климатология, метеорология, агрохимия, топырақтану, агрономия, математика, т.б. сияқты медициналық емес ғылымдардың мәліметтерін және зерттеу әдістерін қолданады.

Барлық клиникалық пәндермен өзара байланыссыз гигиенаның болуы, мүмкін емес, себебі, денсаулық жағдайын бағалау үшін өзінің зерттеулерінде гигиена, клиникалық зерттеу әдістерін және қоршаған орта факторларының әсерінен пайда болатын патологиялардың клиникалық көріністері мен ағымының сипаты туралы мәліметтерді кеңінен қолданады. Сонымен қатар, қоршаған орта факторларының гигиеналық сипаттамасы, гигиена дайындаған нормативтер, ұсыныстар, ережелер емдеу медицинасының барлық емдеу- алдын алу іс-әрекеттері тұрғызылатын негіз болып табылады.

Қазіргі кездегі гигиена көп салалы пән, оның құрамына коммуналдық гигиена, тамақтану гигиенасы, еңбек гигиенасы, балалар мен жасөспірімдер, емдеу-алдын алу мекемелерінің гигиенасы, әлеуметтік гигиена, радиациялық гигиена, әскери гигиена және басқалар кіреді. Бұл бөлімдердің әрбіреуі гигиена ғылымы мен практикасының өз алдына жеке салаларын қамтиды. Болашақ дәрігер-гигиенист мамандар үшін пропедевтикалық гигиеналық пән және болашақ емдеуші дәрігерді гигиеналық білімдермен қаруландыратын пән болып табылатын жалпы гигиена, олардың ішінде айрықша орын алады.

Гигиена өзінің міндеттерін шешу үшін, тек гигиенаның өзіне тән зерттеу әдістерін де және басқа да медициналық, медициналық емес пәндердің де, әдістерін қолданады. Гигиенаның өзіне тән әдістеріне санитарлық тексеру, эпидемиологиялық, санитарлық сараптау және гигиеналық эксперимент әдістері жатады. Бұл әдістердің ішінде біреулері- қоршаған орта факторларын бағалауға мүмкіндік береді, басқалары- олардың адам денсаулығына әсерін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл әдістердің бәрі де спецификалық емес әдістердің кең спектрін: физикалық, химиялық, биологиялық, статисткалық, клинникалық әдістерді және басқаларды қолдануды қарастырады.

Санитарлық тексеру әдісі - адамдардың денсаулығына және олардың санитарлық-тұрмыстық жағдайына әсер ететін факторларды зерттеуге мүмкіндік беретін негізгі әдістердің бірі болып табылады. Ол екі түрден: санитарлық бейнелеп жазудан және тереңдетілген санитарлық тексеруден тұрады. Нысанды санитарлық бейнелеп жазу көзбен көріп байқау, төлқұжаттық мәліметтерін және нысанға қатысты басқа да құжаттарды зерттеу мәліметтері бойынша, сондай-ақ нысандағы адамдардан немесе берілген аумақта тұратын халықтан сұрау немесе анкеталық мәліметтері бойынша жүргізіледі. Мысалы, аурулардың емдеу-алдын алу мекемелерінде болуы кезінде жағдайын бағалау үшін, оның орналасуы, ғимаратының қанша қабат екені, жоспарлануы, патологиясы әр түрлі аурулардың дұрыс орналастырылуы, палаталардың өлшемі, терезелерінің бағытталуы, жарығы, микроклимат жағдайының қолайлылығы, аурухананың жер телімінің көгалдандырылуы және басқалар ескеріледі. Бірақ санитарлық бейнелеп жазу нысаның санитарлық жағдайын тек субъективті түрде (сапа жағынан) сипаттауға мүмкіндік береді. Ол зиянды факторлар туралы және олардың әсер ету деңгейлері жөнінде толық ақпарат бермейді. Сондықтан, тереңдетілген санитарлық тексеру жүргізіледі, бұл кезде санитарлық бейнелеп жазудан алынған мәліметтер, адамның денсаулығына тікелей немесе жанама түрде зиян келтіретін факторларды аспаптық-зертханалық зерттеу мәліметтерімен барлық уақытта да толықтырып отырады. Тереңдетілген санитарлық тексеру, нысанның санитарлық жағдайын объективті түрде, саны жағынан бағалауға мүмкіндік береді. Тереңдетілген санитарлық тексеру кезінде қандай факторлар зерттеледі, соған байланысты әр түрлі әдістер қолданылады, атап айтқанда, физикалық, химиялық, физико-химиялық, биологиялық, географиялық және басқа әдістер. Мысалы, шудың деңгейін зерттеу үшін шуды өлшеу қолданылады, химиялық құрамын және олардың мөлшерін анықтау үшін – газды-сұйықты хроматографияны, атомдық-абсорбциялық спектрофотометрияны және т.б. қолданылады.

Тереңдетілген саиитарлық тексеруді бітіргеннен кейін, жойылуы керек кемістіктері көрсетілген, толық жазылған нысанның санитарлық төлқұжаты жазылады. Дәрігер - гигиенист маман ұсынған сауықтыру шараларының жоспары, санитарлық ұйғарым түрінде нысанның әкімшілігіне жіберіледі.

Эпидемиологиялық әдіс - гигиенаның негізгі әдістерінің бірі болып табылады және әр түрлі факторлардың тек бір адамның денсаулығына ғана емес, сонымен қатар адамдар тобыныңұжымның, тұрғындардың, популяцияның да, денсаулығына тигізетін әсерін зерттеу үшін қолданылады. Осы мақсатта:

· халықтың денсаулық жағдайын санитарлық-статистикалық зерттеу;

· халық топтарына медициналық тексерулер жүргізіледі.

Халықтың денсаулық жағдайын санитарлық-статистикалық зерттеу үшін денсаулық сақтау органдары мен мекемелерінің ресми есепке алу құжаттарының, Орталық статистика басқармасының, кәсіподақтардың, жеке кәсіпорындардың мәліметтерін пайдаланады. Денсаулық жағдайын аурушаңдық, демографиялық көрсеткіштер (туып-көбею, өлім-жітім, халықтың табиғи өсімі және басқалар), балалар мен жасөспірімдердің дене дамуы және мүгедектік бойынша бағалайды. Халықтың денсаулық жағдайын санитарлық-статистикалық зерттеудің белгілі бір кемістіктері болса да, кеңінен қолданылады. Статистикалық көрсеткіштер, әсіресе аурушаңдықтың көрсеткіштері, шынайы денсаулық жағдайын толық көрсетпейді, себебі, ауырғандардың бәрі бірдей медициналық көмек алуға келмейді, мысалы, сырқаттың жеңіл түрімен ауырған немесе созылмалы, әлсіз түрде өтетін аурулармен ауыратындар. Бірақ халықтың үлкен топтарының денсаулық көрсеткіштері туралы мәліметтерді, іс жүзінде тек статистикалық зерттеу әдісінің көмегімен алуға болады.

Санитарлық-статистикалық әдістің көп кемшіліктері, денсаулықты санитарлық-статистикалық зерттеумен қатар, бір уақытта халықтың жеке топтарына медициналық тексерулер жүргізу кезінде жойылады. Медициналық тексеруді құрамына терапевт, хирург, педиатр, акушер-гинеколог, невропатолог, оториноларинголог, дерматолог, және басқалар кіретін арнайы ұйымдастырылған, әр түрлі салалардағы дәрігерлер тобы жүргізеді. Тексеру, тек маман дәрігерлердің қарауын қамтып қоймайды, сонымен қатар ағзаның жеке мүшелері мен жүйелерінің бағалауға мүмкіндік беретін әр түрлі клиникалық-функционалдық және зертханалық зерттеу әдістерін де қамтиды. Сонымен, медициналық тексеру үрдісінде зерттеуге алынған топтардың денсаулық жағдайы туралы жаңа ақпараттар пайда болады, себебі, аурудың алдындағы жағдайлар, аурудың ерте пайда болатын белгілері, бұрын бұл ауруы жөнінде медициналық көмек алуға келмеген созылмалы аурулар анықталады. Алынған мәліметтер, аурушаңдықтың шынайы деңгейін көрсететін және денсаулықты зерттеудің санитарлық-статистикалық кезеңінде және медициналық тексерулер кезінде анықталған аурулардың қосындыларын қамтитын аурушаңдықтың жаңа көрсеткіштерін есептеп табуға мүмкіндік береді.

Зерттеуге алынған адамдар тобының денсаулығын және оған фактордың тигізетін әсерін бағалауды, халықтың бақылаудағы тобының көрсеткіштрімен салыстыру арқылы жүргізеді. Халықтың бақылаудағы тобында зерттелетін фактордан басқа, тәжірибелік тобындағыдан ешқандай айырмашылық болмауы тиіс. Қателіктер жібермеу және дұрыс нәтижелер алу үшін тәжірибелік және бақылаудағы топтарда зерттелетін адамдардың санын математикалық әдіспен есептеу арқылы табады.

Эпидемиологиялық зерттеу әдісі екі түрде жүргізілуі мүмкін: көлденеңінен және ұзынынан зерттеу түрінде. Ең қарапайым түрі- көлденеңінен (бірсәттік) зерттеу, бұл кезде әр түрлі факторлардың халық денсаулығына тигізген әсері, зерттеу кезінде бағаланады, яғни динамикасында бақылау жүргізілмейді. Көлденеңінен зерттеуді барлық уақытта жүргізуге болады, бірақ оның мүмкіншілігі шектеулі, себебі, тереңірек зерттеулерді қажет ететін мәселелерді салыстырмалы түрде тез анықтауға мүмкіндік берсе де, ол халықтың денсаулық жағдайының бұзылуы мен факторлардың әсерінің арасындағы байланысты дәлелдеу үшін жеткіліксіз. Ұзынынан зерттеулер деп, жеткілікті дәрежеде ұзақ уақыт бойына жүргізілетін зерттеулерді түсінеді. Оларды ретроспективті және проспективті деп бөледі. Ретроспективті зерттеулер, аурудың даму себептерін іздеуге бағытталған, яғни берілген сәттегі (уақыт кезеңінде) байқалған аурулардан зерттеуші, бұрын болған әсерлерді талдауға өтеді. Проспективті зерттеулер кезінде белгілі бір уақыт аралығы өткеннен кейін пайда болатын денсаулық жағдайындағы өзгерістер мен факторлардың әсері арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау мақсатында, белгілі бір фактордың әсеріне ұшыраған және ұшырамаған халықтың топтарына ұзақ уақыт динамикалық бақылау жүргізіледі.

Гигиеналық эксперимент әдісі.Гигиеналық экспериментті табиғи немесе зертхана жағдайында жүргізеді. Табиғи эксперимент деп, сыртқы орта факторларының адамдардың денсаулығына тигізетін әсерін зерттеуді немесе шынайы еңбек жағдайында немесе тұрмыстық іс-әрекет жағдайы мен өмір сүру жағдайындағы сыртқы орта факторларын зерттеуді айтады. Табиғи эксперимент жағдайында алынған мәліметтерді, әдістемелік ұсыныстарды, нұсқауларды, санитарлық ережелерді дайындау үшін, өндіріс өнеркәсіптеріне жаңа технологиялық үрдістерді енгізу үшін, санитарлық қорғаныс аймақтарының өлшемін анықтау және басқалар үшін қолданады. Сонымен бірге, табиғи экспериментте адамға және қоршаған ортаға көп факторлар әсер етуі кезінде, олардың ішінен денсаулықтың бұзылыстары дамуында қандай да бір жеке фактордың маңыздылығын бөліп көрсету, оның әсер ету сипаты мен қауіпсіз деңгейін анықтау, фактордың сыртқы ортада қандай өзгерістерге түсетінін, т.б. бағалау қиынға соғады.

Сондықтан, бұл сұрақтарды шешу кезінде зертханалық гигиеналық эксперимент жоғары бағаланады. Зертханалық экспериментте үрдістер модельденеді, олар келесі мәселелерді зерттеуге мүмкіндік береді:

· факторлардың халықтың денсаулығына әсері тікелей ме, әлде басқа орта арқылы ма;

· сыртқы орта факторларының өздерін және олардың қоршаған ортаның сандық және сапалық параметрлеріне тигізетін әсерін зерттеуге мүмкіндік береді.

Гигиеналық зертханалық эксперименттің мақсаты- факторлардың қауіпсіз мөлшері мен деңгейлерін, яғни гигиеналық нормативтерді орнату үшін, олардың әсер ету сипаты мен қауіптілігін анықтау болып табылады. Фактордың адамның денсаулығына әсерін зерттеу үшін, әдетте, екі түрлі эксперимент қойылады: өз еркімен келіскен адамдарға және жануарларға. Жануарларға жүргізілген эксперименттен алынған мәліметтерді әрі қарай адамдарға экстраполяциялайды. Адамдарға зерттеулер жүргізуге, тек толық қауіпсіздік кепілдігі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мұндай зерттеу түрлеріне, мысалы, атмосфера ластануының иіс табалдырығын (иіс сезуін) анықтау, жарықтың, шудың немесе дірілдің және т.б. әсеріне көру және есту реакцияларын зерттеу жатады.

Жануарларға эксперимент, химиялық факторларды гигиеналық нормалау мақсатында жиі жүргізіледі. Әдетте, бұл факторлардың жедел, жеделдеу және созылмалы әсерлері зерттеледі, жедел және созылмалы әсерлерінің табалдырығы минималды әсер ететін мөлшері анықталады, ағзада жиналатын қабілеті, спецификалық және әсерінен біраз уақыт өткеннен кейінгі салдары – мутагендік, эмбриотоксиндік, канцерогенді әсерлері зерттеледі, содан соң алынған мәліметтердің негізінде, әсерінің қауіпсіз деңгейін – ШРЕК есептеп табады.

Ортаның факторларының өзін зерттеу және олардың қоршаған орта нысандарына әсерін зерттеу жөніндегі зертханалық эксперимент, зертханалық модельдік құрылғыларда немесе жартылай өндірістік құрылғыларда жүргізіледі. Мысалы, экзогенді химиялық заттардың топырақтан өсімдіктерге өтуін зерттеу үшін, арнайы фитоклиматтық камера жасайды, ол жерде топыраққа зерттелетін химиялық затты қосады да, содан соң, осы топырақта өсірілген өсімдікте сол химиялық заттың мөлшерін анықтайды.

Санитарлық сараптау әдісі.Санитарлық сараптау – бұл санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келуі туралы зерттеулер жүргізу және қорытынды беру. Санитарлық сараптау әдісі, негізінен алдын алу (сақтық) мақсатындағы бақылауды жүргізу кезінде қолданылады, яғни нысанды пайдалануға беруге дейін немесе әр түрлі өнім түрлері, материалдарды, өнімдерді тұтынушыларға өткізгенге дейін бақылау жүргізу кезінде қолданылады. Санитарлық сараптауға жататындар:

· елді мекендердің жоспары мен құрылысының жобалары;

· коммуналдық, тұрғын үй және өнеркәсіп құрылыстарының жобалары;

· құрылысқа жер телімін таңдау және бөлу;

· нысандардың құрылысы, қайта құру және пайдалануға беру кезеңдері;

· ауыз суы, сусындар, тағамдық азықтар;

· ыдыстың, жабдықтардың және буып-түйетін заттардың жаңа түрлері, құрылыс материалдары;

· жаңа технологиялық үрдістер;

· балалардың ойыншықтары, кітаптары және киімдері және басқалар.

Санитарлық сараптау, әдетте бірнеше кезеңдерді қамтиды. Тағамдық азықтарды санитарлық сараптауда, алдымен жолдама құжаттарынан азық-түлік туралы мәліметтер зерттеледі, содан соң өз орнында азықтардың партиясын қарау және зертханалық зерттеулер үшін сынама алу жүргізіледі. Зертханалық зерттеу кезінде алдына қойған міндетіне байланысты, әр түрлі әдістер – физико-химиялық, бактериологиялық, гельминтологиялық және басқа да әдістер қолданылады. Зертханалық зерттеу мәліметерін алғаннан кейін, санитарлық сараптау актісі, жазылады, онда азықтың сапасы бағаланады және оның тамақтануға жарамдылығы және өткізу жолдары туралы қорытынды жасалады.

Сонымен, санитарлық сараптау, халықтың денсаулық жағдайы өзгеруінің (бұзылуының) алдын алуға мүмкіндік беретін тиімді әдістердің бірі болып табылады, себебі, оның көп бөлігі зиянды факторлардың алдын алуға мүмкіндік беретін кезеңдерінде жүргізіледі.


Поделиться:

Дата добавления: 2014-11-13; просмотров: 690; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.007 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты