Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Адамның шаруашылық әрекеті нәтижесінде жер беті және жер асты сулардың ластануы.




Қазіргі кезде әлемнің көптеген аймақтарындағы, олардың ішінде Қазақстандағы да су нысандарының жағдайы, жалпы алғанда, қолайсыз деуге болады. Соңғы жылдарда шиеленіскен көптеген проблемалардың ішінен ең маңыздыларын: су көздеріндегі су сапасының нашарлауын және шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерінің шиеленісуін бөліп көрсетуге болады. 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздік Концепциясында көрсетілгендей, климаттың өзгеруі мен озон қабатының бұзылуы, атмосфералық ауа, топырақ жабындарының ластануы және басқаларымен бірге, су көздерінің ластануына байланысты мәселелер де Қазақстан Республикасының өте өзекті экологиялық мәселелері болып табылады.

БҰҰ Бас Ассамблеясының ХХХV сессиясында планетамыздың миллиардтан аса тұрғыны ауыз су мен шаруашылыққа қажетті таза сапалы суға зәру болып отырғаны туралы мәлімдеме жасалды. Ал жер бетілік су көздерінің жаппай ластануына байланысты, орталықтандырып сумен қамтамасыз ету барған сайын жер асты суларын көбірек пайдалануға бағытталады. Еске сала кететін болсақ, Қазақстандағы су ресурстарының жағдайы, әлі күнге дейін жүріп жатқан ластануына және азаюына байланысты жалпы жеткіліксіздігімен бағаланады. Республика территориясындағы анықталған жер асты суларының қоры 16 км 3. Басқа да елдердегі сияқты, біздің елімізде де тұщы су проблемасы күннен күнге өте өзекті деген мәселелердің бірі болып отыр.

Біздің елімізде шаруашылық – ауыз суды тұтыну көлемі, 2002 жылы, 1995 жылмен салыстырғанда, екі есе төмендеді. Республикадағы әрбір тұрғынға шаққанда, шаруашылық – ауыз су мақсатына тәулігіне, шамамен 150 л су жұмсалады. Республикадағы ауылды елді мекендердің тұрғындары, қала тұрғындарына қарағанда, суды үш есе аз жұмсайды. Ашық су көздеріне жылына ағызылатын ағынды сулардың көлемі 5 млрд м3 болады, бұлардың көп бөлігі Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Алматы және Қызылорда облыстарының үлесіне тиеді. Соңғы жылдары ластанған ағынды сулардың (тазартылмаған немесе жеткіліксіз тазартылған) көлемінің жылына 155 млн м3 деңгейде тұрақталғаны байқалып келеді.

Қазақстандағы тексерілген 44 су нысандарының ішінде 9 өзен, 2 көл мен 2 жасанды су қоймасы «таза», ал 6 өзен және 1 жасанды су қоймасы –«лас» және «өте лас» деп танылды. Өте қатты ластанған – Елек, Нұра және Ертіс өзендерінің сулары болып отыр.

Қазақстан Республикасының 2004-2010 жылдарға арналған ауыл аумақтарын дамыту жөніндегі Мемлекеттік бағдарламасында келтірілген мәліметтер бойынша, республикада 637 ауылды елді мекендердің тұрғындары (8,3%) су сапасының нормативтеріне сәйкес келмейтін (құрғақ қалдық мөлшері 1,5 г/л), оның ішінде 176 елді мекенде, тұздылығы 2-3 г/л болатын, сапасыз ауыз суды пайдаланады. Бұндай елді мекендер, әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарында ең көп кездеседі.

Жоғарыда айтылғандай, тұщы суды үш түрлі табиғи су көздерінен: атмосфералық жауын-шашыннан, жер бетілік ашық суаттардан және жер астылық сулардан алуға болады. Бұл су көздері, олардан алынатын судың мөлшері (дебиті) жағынан да, суының сапалық құрамы жағынан да түрліше болады.

Жер асты сулары, жер бетілік суларға қарағанда, сыртқы орта факторларының әсерінен едәуір көп дәрежеде қорғалғандығына қарамастан, қоршаған ортаға техногенді әсерлердің барған сайын өсіп отыруына байланысты, олар да ластануға ұшырайды. Техногенді компоненттер, қазір тек топырақтың жоғарғы су тұтқыш горизонттарында ғана емес, сонымен қатар тереңдегі артезиан суларының құрамынан да табылады.

Жер бетілік те, жер астылық та сулардың ластануы толып жатқан экологиялық және әлеуметтік салдарды тудырады. Суды ластаушы компоненттердің қоректік тізбектер арқылы таралу мәселесіне үлкен көңіл бөлу қажет. Бұл жағдайда улы заттар адам ағзасына ауыз сумен ғана емес, сонымен бірге, өсімдік және жануар текті тағамдар арқылы да түседі. Тіпті тұрғындар ластанған суды ауыз су ретінде қолданбай, тек оны тағам дайындауға, мал суаруға немесе өсімдіктерді суғаруға ғана пайдаланатын болса, осының өзі адамдардың өздерінің ғана емес, келешек ұрпақтарының денсаулығына да әсер етуі мүмкін.

Судың сапасы - бұл, су пайдаланудың әр түріне (су пайдалану категориясы) жарамдылығын анықтайтын, судың қасиеттері мен құрамының сипаттамасы.

Қазақстан Республикасындағы суаттар пайдалану мақсатына қарай екі категорияға бөлінеді.

Бірінші категорияға - орталықтандырылған немесе орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз су көзі ретінде пайдаланылатын су көздері жатады.

Екінші категорияға - мәдени-тұрмыстық мақсатта, рекреация ретінде, спорт үшін қолданылатын, сол сияқты елді мекендердің аумақтарындағы су көздері жатады.

Судың сапасын бағалау, суды пайдалану мақсатына қарай белгілі бір критерийлер мен көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Судың сапасы негізінен, ондағы еріген және суға араласқан заттардың, биомассасының және микроағзалардың құрамымен және мөлшерімен анықталады. Табиғи сулардың сапасын бір жағынан, ортаны сипаттайтын көрсеткіштер (гидрохимиялық көрсеткіштер) бойынша, ал екінші жағынан, судағы биотаның жағдайын сипаттайтын көрсеткіштер (гидробиологиялық көрсеткіштер) бойынша бағалау жүйесі тарихи қалыптасқан.

Судың гидрохимиялық көрсеткіштері ластаушы заттардың құрамы мен концентрациясы бойынша табиғи факторлардың әсері және антропогендік әсерінің қарқындылығы жөнінде пайымдауға, ал гидробиологиялық көрсеткіштері – барлық антропогендік факторлар кешенінің әсеріне судағы биотаның жауап реакцияларын бағалауға мүмкіндік береді.

Судын сапасы ҚР «Шаруашылық – ауыз су және мәдени-тұрмыстық су пайдалану пунктеріндегі су нысандарының су құрамы мен сапасына қойылатын гигиеналық талаптарына» (2004 ж.) сәйкес бағаланады:

- суға араласқан заттардың (антропогенді және басқа) мөлшері бойынша: ауыз суға пайдаланылатын судағы араласқан заттардың мөлшері 0,25 мг/дм3 және мәдени-тұрмыстық мақсатта пайдаланылатын су үшін - 75 мг/дм3 аспауы керек; жыл сайынғы су деңгейінің ең азайған кезінде судың құрамындағы табиги минералды заттардың мөлшері 30 мг/дм3 артық болған суаттар үшін, суға араласқан заттардың мөлшері 5,0% дейін көбеюі рұқсат етіледі; ағысы бар суаттар үшін тұнбаға түсу жылдамдығы 0,4 мм/сек және жасанды су қоймалары үшін 0,2 мм/сек жоғары болатын қоспасы бар суларды су көздеріне ағызуға рұқсат етілмейді;

- қалқыған қоспалары (заттар) бойынша – суаттардың бетінде қалқыған пленкалар, минералдық майлардың дақтары мен басқа да жиналған қоспалар болмауы керек;

- кейбір органолептикалық көрсеткіштері бойынша (адамның сезу мүшелері арқылы анықталатын): исі – судың оған тән емес иістердің қарқындылығы 1 балдан аспауы керек, түсі – I санатқа жататын суаттар үшін биіктігі 20 см су бағанасында, ал IΙ санатқа жататын суаттар мен теңіздер үшін – биіктігі 10 см су бағанасында анықталмауы тиіс;

кейбір физикалық көрсеткіштері бойынша: температура – ағынды суларды жіберу нәтижесінде, судың жазғы температурасы, соңғы 10 жыл ішіндегі жылдың ең ыстық айының орташа айлық температурасымен салыстырғанда, 3ºС артық аспауы керек;

- бірқатар химиялық көрсеткіштері бойынша: минералдық құрамы – құрғақ қалдығының мөлшері бойынша 1000 мг/дм3 аспауы, оның ішінде, хлоридтердің мөлшері бойынша – 350 мг/дм3; сульфаттардың мөлшері бойынша - 500 мг/дм3 аспауы керек; химиялық заттардың (бірқатар улы заттардың) концентрациясы – шектік рұқсат етілген концентрациясынан (ШРЕК ) аспауы тиіс

ШРЕК – адам ағзасына бүкіл өмірі бойына түсуі кезінде халықтың қазіргі кездегі және келешектегі ұрпақтарының, оның ішінде, өмірінің қартайған шағында да, денсаулықтарына тікелей немесе басқа орта арқылы әсер етпейтін, сондай-ақ, су пайдаланудың гигиеналық жағдайларын нашарлатпайтын, судаға заттардың ең жоғары концентрациясы.

Судағы химиялық заттарға арналған ШРЕК зияндылықтың лимиттеуші белгісін (ЗЛБ):

- санитарлық-токсикологиялық;

- жалпы санитарлық;

- органолептикалық белгісін ескеріп бекітеді.

Судың органолептикалық қасиеттерінің өзгеру сипаты келесідей түсіндіріледі: иіс – судың исін өзгертеді; түс – түсіне әсер етеді; көбік – көбік түзеді; қабыршық – судың бетінде қабыршық пайда болуы; дәм – суға дәм береді). Суды ластайтын барлық химиялық заттар келесі түрде жіктеледі:

I класс – өте қауіпті

ΙI класс – қауіптілігі жоғары,

ΙIΙ класс – қауіпті,

IVкласс – орташа қауіпті.

Бұл жіктелуінің негізіне, суды ластайтын химиялық қосылыстардың, олардың уыттылығына, ағзада жиналу қабілетіне, әсерінен біраз уақыт өткеннен кейін эффектілерін туғызатын қабілетіне, зияндылықтың лимиттеуші көрсеткіштеріне байланысты, адамға әр түрлі қауіптілік дәрежесін сипаттайтын көрсеткіштер қойылған.

Заттардың қауіптілік кластары

- судағы индикатор ретіндегі ең алдымен тексерілетін қосылыстарды таңдауда;

- қосымша қаржы салынуды қажет ететін су ресурстарын қорғау іс-шараларының реттілігін анықтауда;

- технологиялық үрдістерде қауіптілігі жоғары заттарды қауіпсіз заттармен алмастыру жөніндегі ұсыныстарды негіздеуде;

- судағы заттарды аналитикалық анықтау үшін сезімтал әдістерінің дайындау кезектілігі.

Су нысандарына қауіптілігі бойынша 1 және 2 класқа жататын, лимиттеуші зияндылық көрсеткіші бірдей, бірнеше заттар түскен кезде және, бұл су нысанынан жоғары орналасқан су көздерінен түсетін қоспаларды есепке ала отырып, олардың зияндылық әсерін қоса есептейді. Бұл жағдайда су нысанындағы әрбір заттың концентрацияларының (С1 , С2, Сn) осы заттардың ШРЕК- на қатынастарының қосындысы 1(бірден) артық болмауы керек:

С1 / ШРЕК 1 + С2/ ШРЕК 2 + ....+ Сn/ ШРЕК n ≤ 1

Суаттардағы судың сапасы жоғарыда көрсетілген гигиеналық талаптарға сәйкес келесі көрсеткіштер бойынша бағаланады:

Суаттардағы судың сапасы жоғарыда көрсетілген гигиеналық талаптарға сәйкес келесі көрсеткіштер бойынша бағаланады:

- сутектік көрсеткіші (рН);

- еріген оттек мөлшері;

- оттегінің химиялық жұмсалуы (ОХЖ);

- оттегінің биохимиялық қажеттілігі (ОБҚ);

- түрлі аурулар тудыратын микробиологиялық және паразиттік көрсеткіштері бойынша: лактоза-оң ішек таяқшалары (ЛІТ), коли-фагтар, гельминттердің тірі жұмыртқалары (аскарида, қылбас, т.б.), патогенді ішек қарапайымдыларының цисталары

Сутектік көрсеткіші (рН) – рН, 6,5-8,5 аралығында болуы керек.

Еріген оттегінің мөлшері жылдың кез келген маусымында, күндізгі сағат 12 дейін алынған сынамада 4 мг/дм3 кем болмауы керек. Оттегінің химиялық жұмсалуы (ОХЖ)- судағы органикалық заттардың тотығуына жұмсалатын оттектің мөлшері.ОХЖ су пайдаланудың 1 категориясы үшін– 15 мг О2/дм3; II-категориясы үшін - 30 мг О2/дм3 аспауы керек.

Оттегінің биохимиялық қажеттілігі (ОБҚ) – белгілі уақыт бірлігіндегі (1, 2, 5, 20 тәулік ішінде) судағы органикалық заттардың биологиялық ыдырауына жұмсалатын оттегінің мөлшері. Көптеген органикалық ластаушылардың тотығуы 20 тәулік ішінде жүзеге асады. 20 тәулік ішінде ластаушылардың толық биохимиялық тотығуына жұмсалатын оттегінің мөлшері толық оттегінің биохимиялық қажеттілігі (толық ОБҚ) деп аталады.

200С температурада толық ОБҚ:

Суды пайдаланудың I категориясы үшін – 3 мг О2/дм3;

Суды пайдаланудың II категориясы үшін - 6 мг О2/дм3;

рекреациялық аймақтар үшін - 4,0 мг О2/дм3 аспауы керек.

Лактоза-оң ішек таяқшаларының (ЛІТ) саны, жер бетілік су көздерінің класына байланысты (орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз су жүйелерінен басқа), елді мекендердің территориясындағы сулардың 1 дм3 1000 – 50000 артық болмауы керек, ал коли-фагтардың саны - 100 ден аспауы керек (орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз су жүйелерінен басқа).

Гельминттердің тірі жұмыртқалары мен патогенді ішек қарапайымдыларының цисталары 1 дм3 болмауы керек.

Жоғарыда көрсетілген судың микробиологиялық және паразиттік көрсеткіштері судың бактериялық және биологиялық ластануы тұрғысынан су сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Судың бактериялық және биологиялық ластаушыларына түрлі тірі микроағзалар: ашытқы және зең саңырауқұлақтары, ұсақ балдырлар, бактериялар, вирустар, олардың ішінде, адамдар мен жануарлардың шығарылымдарында болатын сүзек, парасүзек (қылау), дизентерия қоздырғыштары, энтеровирустар, гельминттердің жұмыртқалары және т.б.жатады. Бұл ластаушылар тұрмыстық ағынды сулармен суаттарға түсуі мүмкін, мысалы, тұрғын үйлерді өзендердің арнасын бойлай жоспарлау және салу жөніндегі талаптар сақталмағанда, сондай-ақ, жер бетілік, жер астылық сулардың, сол сияқты ауыз судың да қарқынды биологиялық ластануын тудыратын, сумен қамтамасыз ету немесе канализация жүйелерінде ақаулар немесе апатты жағдайларда.

Мысалы, Алматы қаласының аумағы арқылы 22 өзен ағып өтеді, осы өзендердің кейбіреулерінің бактериологиялық ластану деңгейі жоғары екендігі анықталды (жаңа болған нәжіспен ластанудың белгілері табылған). Демек, ауру адамның 1 г нәжісінде жүзден аса патогенді энтеровирустар болатыны дәлелденген, олар шаруашылық-тұрмыстық сулармен жер бетілік суларға түседі және қоршаған ортадағы физикалық және химиялық факторлардың әсеріне өте тұрақты болғандықтан, суда ұзақ уақыт сақталып қалады. Сондықтан олар, жағалаулардағы рекреациялық аймақтарды, су алатын жерлеріндегі суды ластап, үлкен арақашықтыққа таралуы мүмкін, сол сияқты су дайындайтын барьерден өтіп, су құбырларының тарату жүйесіне түсуі мүмкін.

Соңғы жылдары көптеген зерттеушілер, су нысандары жағдайларының кешенді сипаттамаларын негізге ала отырып, судың сапасын бағалаудың басқа әдістерін дайындауға көп көңіл бөлуде.

Шет елдерде қазіргі кезде қолданылатын жер бетілік сулардың ластану деңгейін кешенді бағалау әдістері екі топқа бөлінеді:

· судың сапасын гидрохимиялық, гидрофизикалық, гидробиологиялық, микробиологиялық көрсеткіштерінің жиынтығы бойынша бағалау;

· су ластану деңгейінің кешенді индекстерінің есептелуіне негізделген әдістер.

Су сапасының жалпылама көрсеткішін құруға алғашқы қадам 1965 жылы АҚШ жасалды. 1970 жылдары қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламаны жүзеге асырудың басталуымен бірге, судың сапасын бағалау бойынша жұмыстар да қарқынды жүргізіле бастады. Судың ластану деңгейінің кешенді көрсеткіштері анықталды: В.П. Белогуров және т.б. бойынша - ластану дәрежесінің коэффициенті, В.И. Гурарий және А.С.Шайн бойынша - жалпы санитарлық индекс. Санитария жөніндегі Ұлттық ұйым (АҚШ) еріген оттек, коли-индекс, рН, ОБЖ5, нитраттар, фосфаттар, температура, лайлылық, суға араласқан заттар, сияқты тоғыз параметрлерден тұратын су сапасының индексін (WQI) дайындады.

1980 жылдардан бастап табиғи сулардың сапасының ең кең таралған кешенді көрсеткіші ретінде су ластануының гидрохимиялық индексі (СЛИ) пайдаланылады. Бұл индекс жекелеген ингредиенттердің нақты шектелген саны бойынша (әдетте, олар 6 болады): О2, ОБЖ5 және көбінесе концентрациялары ШРЕК асатын, төрт ластаушы заттар мөлшерінің ШРЕК асуының орташа үлесі болып табылады. Бұл кезде заттардың зияндылықтың шектеуші белгілері бойынша зияндылықтың шектеуші белгілері бойынша, зияндылықтың шектеуші белгілері бойынша, қай топқа жататындығы ескерілмейді. Судың ластану индексінің су сапасының көрсеткіші ретінде индикаторлық қасиеттерін күшейтудің қажеттілігі жөнінде, 2003 жылы З.Г.Гольд және т.б., СЛИ есептегенде нақты су сынамасындағы химиялық құрамының, қазіргідей тек 6 емес, барлық ингредиенттерін (О.В. Гагарина бойынша, 2007) қосуды ұсынып, өз еңбегінде көрсеткен.

4.2 – кестеде, судың ластану деңгейін бағалаудың критерийі ретінде СЛИ алынған, су нысандарының гигиеналық классификациясы берілген. Судың ластану индексі, I, II категорияларға жататын су нысандарындағы су ластануының 6 бағалау көрсеткіштері бойынша анықталады.

Кесте.

Ластану деңгейіне байланысты су нысандарының гигиеналық

жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша)

Ластану деңгейі I, II категориялы су нысандарының ластануын бағалау көрсеткіштері Лас-тану ин- дексі
органолепти-калық токсико-логия-лық санитарлық режимі бактериоло-гиялық
иісі, дәмі (балл) ШРЕК орг. (арту дәрежесі ) ШРЕК токс. (арту дәрежесі) ОБҚ20 мг/дм3 Еріген оттек, мг/дм3 1дм3- лактоза-оң ішек таяқ-шалары-ның саны
I II
Рұқсат етілген < 1·104
Орташа 1·104–1·105
Жоғары > 1·105–1·106
Өте жоғары >4 >8 >8 >10 >1·106

 

Қазақстанның территориясындағы жер бетілік сулардың химиялық қосылыстармен ластануын бағалаудың да қазіргі кезде маңызы зор. Әсіресе, трансшекаралық өзендерге ерекше көңіл бөлу қажет. Мысалы, Жамбыл облысының территориясына транзитті түрде ағып келетін жер бетілік су ресурстарының жартысы еліміздің территориясынан тыс жерлерде түзіледі.

Бұл облыстағы жер бетілік сулардың ластану жағдайын интегралды көрсеткіші – судың ластану индексі (СЛИ) бойынша мұқият бағалауына себеп болды. Талас өзені, Ташөткел жасанды бөгенінің сулары СЛИ көрсеткіші бойынша химиялық қосылыстармен орташа деңгейде ластанған (СЛИ - 1,34 ) суаттарға, ал Шу өзенінің сағалары мен оның Благовещенское село манындағы қақпасының суы, Аса өзені мен Билікөл көлі - ластану деңгейі жоғары (СЛИ -2,0) суаттарға жататыны анықталды.

Гидробиологияда, суаттардың ластану деңгейін Р.Колквитц және М.Марсон ұсынған сапробтылық жүйе, кейін оны Я.Я. Никитинский мен Г.И.Долгов толықтырып, жетілдірген жүйе бойынша классификациялау кең таралған. Сапробтылық деп, белгілі бір мөлшердегі органикалық заттар бар, белгілі бір деңгейде ластанған суда ағзаның тіршілік ету кабілеттілігін қамтамасыз ететін физиологиялық қасиеттерінің жиынтығын атайды.

Суаттардағы және олардың жеке бөліктеріндегі судың ластану деңгейіне байланысты, полисапробты, альфа-мезосапробты, бета-мезасапробты және олигосапробты сапробтылық аймақтары болып бөлінеді.

Полисапробты аймақ, тұрақсыз органикалық қосылыстар мен олардың анаэробты ыдырау өнімдерінің көп болуымен сипатталады. Альфа - мезасапробты аймақта органикалық заттардың анаэробты ыдырау үрдістері жүре бастайды. Бета-мезасапробты аймақ, тұрақсыз органикалық қосылыстары жоқ дерлік суаттарға тән. Олигосапробты аймақ, тұрақсыз органикалық заттар мен олардың минералдану өнімдері аз ғана мөлшерде болатын, таза суаттарды сипаттайды.

Кез келген суат немесе су көзі қоршаған сыртқы ортамен байланысты болғандықтан және оларға жер бетілік немесе жер астылық сулардың қалыптасу жағдайлары, түрлі табиғи құбылыстар, индустрия, өндірістік және коммуналдық құрылыс, транспорт, адамның шаруашылық және тұрмыстық қызметі әсер ететіндіктен, бұл бөлімде су көздерінің әр түрлі химиялық уытты қосылыстармен ластану мәселелеріне толығырақ тоқталу керек.

Бұл әсерлердің салдары су ортасына жаңа, оған тән емес заттарды – су сапасын нашарлататын, ластаушыларды ендіру болып табылады. Бұл ластаушылардың көпшілігі әр түрлі химиялық қосылыстарға жатады.

Химиялық ластану - суда зиянды бейорганикалық қоспалармен (минералдық тұздар, қышқылдар, сілтілер, балшық бөлшектері) қатар, органикалық қосылыстардың (мұнай және мұнай өнімдері, органикалық қалдықтар, беттік-белсенді заттар, пестицидтер) да мөлшерінің көбеюі есебінен судың табиғи химиялық қасиеттерінің өзгеруі болып табылады.

Бейорганикалық (минералдық) ластану. Тұщы және теңіз суларының негізгі бейорганикалық (минералдық) ластаушылары түрлі уытты химиялық қосылыстар болып табылады. Бұл, мышьяк, қорғасын, кадмий, сынап, хром, мыс және фтордың қосылыстары. Олардың көпшілігі суға адамның шаруашылық әрекеттерінің нәтижесінде түседі. Ауыр металдардарды судағы фитопланктон сіңіріп алалады, бұдан соң олар қоректік тізбектер арқылы жоғары құрылымды ағзаларға түседі. Суаттардың минералдық ластаушыларының бірқатары (азот, фосфор және калийдің қосылыстары, Cu, Mn, Zn,Co,As, Fe және басқа микроэлементтер) мал шаруашылығы кешендерінің қалдықтары болып табылады.

Құрамында сынап, қорғасын, мыс болатын қалдықтар жеке аудандарда су жағалауларында жинақталады, алайда, олардың біраз бөлігі жергілікті сулардан тыс аймақтарға таралады. Сынаппен ластану фитопланктонның дамуын нашарлатып, теңіз экожүйелерінің бірінші реттік өнімдерін біршама төмендетеді. Құрамында сынап болатын қалдықтар, әдетте, су түбіндегі шөгінді қалдықтарда немесе өзен эстуарийлерінде жинақталады. Сынаптың бұдан кейінгі миграциясы, оның метилді сынап түрінде гидробионттардың ағзаларында жинақталып, трофикалық тізбектерге қосылу арқылы жүзеге асады

Органикалық ластану. Құрлықтан мұхитқа келіп түсетін суда еритін қосылыстардың ішінде гидробионттар үшін органикалық қалдықтардың да маңызы зор (300-380 млн.т./жыл). Құрамында органикалық суспензиялар немесе суда еритін органикалық заттар бар ағынды сулар суаттардың жалпы жағдайына өте зиянды әсер етеді. Суспензиялар тұнбаға түсіп, судың өздігінен тазару үрдісіне қатысатын су түбіндегі микроағзалардың тіршілігіне кері әсер етеді немесе оларды түгелдей жойып жібереді. Бұл шөгінді тұнбалардың шіруі кезінде, өзеннің барлық суын ластайтын, күкіртсутек сияқты зиянды қосылыстар және уытты заттар түзілуі мүмкін.

Судағы суспензия сонымен қатар, судың терең қабаттарына жарықтың түсуіне де кедергі жасайды және фотосинтез үрдістерінің қарқындылығын төмендетеді. Табиғи суларды органикалық заттармен қатты ластайтын көздері мал шаруашылығы кешендерінің қалдықтары – мочевина, органикалық қышқылдар, фенолдар, т.б. болып табылады.

Мұнай және мұнай өнімдері. Мұнай және мұнай өнімдері Әлемдік мұхитты ластаушылардың ішіндегі ең көп таралған заттар болып табылады. Мұнайдың ең көп мөлшері оны тасымалдау кезінде ысырап болады. Танкерлердің апатқа ұшырауы, олардың шайынды және балласты суларының мұхитқа төгілуі - бұлардың барлығы теңіз трассаларындағы судың үнемі ластануына себеп болады. Мұнайдың көп мөлшері теңіздерге өзен суларымен, тұрмыстық және жауын-шашынның ағынды суларымен келіп түседі. Бұл көздерден түсетін ластаушылардың көлемі жылына 2,0 млн. т. құрайды. Өнеркәсіп орындарының ағынды суларымен жыл сайын 0,5 млн. тонна мұнай теңіздерге төгіледі.

Мұнай негізінен, қаныққан алифатты және гидроароматты көмірсутектерден тұрады. Мұнайдың негізгі компоненттері – көмірсутектер (98% дейін) - 4 класқа бөлінеді:

а) Парафиндер (мұнайдың жалпы құрамының 90% дейін) – тұрақты қосылыстар. Жеңіл парафиндердің ұшпалылығы мен суда ерігіштігі ең жоғары болып келеді.

б) Циклопарафиндер (жалпы құрамының 30-60%) – қаныққан циклді қосылыстар. Циклопентан мен циклогексаннан басқа, мұнайдың құрамында осы топқа жататын бициклді және полициклді қосылыстар да кездеседі. Бұл көмірсутектер өте тұрақты және олардың биологиялық ыдырауы қиын жүреді.

в) Ароматты көмірсутектер (жалпы құрамының 20-40%) – циклопарафиндерге қарағанда, бензол сақинасында көміртектің 6 атомы кем, бензол қатарының қанықпаған циклді қосылыстары. Мұнайда, молекула құрамында бір ғана бензол сақинасы болатын, ұшқыш қосылыстар (бензол, толуол, ксилол сияқты), бициклді (нафталин) және полициклді (пирен) қосылыстар бар.

г) Олефиндер (жалпы құрамының 10% дейін) – қанықпаған циклді емес қосылыстар.

Диоксиндер. 1872 ж. ашылған олардың бірі – ТСDD, ең уытты жасанды зат және қазіргі кездегі белгілі органикалық қосылыстардың ішіндегі ең уытты қосылыс болып табылады. Оның 3,1•10-9 моль/кг тен концентрациясы өлімге әкеп соғады, бұл цианидтің өлімді тудыратын мөлшерінен 150 мың есе күшті.

АҚШ Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Агенттігінің мәліметтері бойынша, қазіргі таңда диоксиндердің 75 түрі анықталған. Бұл заттар қоршаған орта мен адам ағзасында табиғи жолмен ыдырамайды. Диоксиндердің 90% жуығы адам ағзасына сумен және жануар текті тағаммен түседі.

Әдебиеттерде, Ресейдің Чапаевск қаласының, химия өнеркәсібі маңындағы (1-3 км) және одан 5-8 км қашықтықта орналасқан екі микроауданның әйел тұрғындары қанының құрамынан диоксиндер табылған оқиға сипатталған. Диоксиндердің ағзада жинақталуы завод маңында тұратын әйелдерде 3 есе жоғары болған.

Бұл зерттеу жұмыстары қатерлі ісік ауруларын зерттеуге арналған Халықаралық агенттігінің гранты бойынша орындалған.

Чапаевск қаласы тұрғындар қанындағы диоксиндердің мөлшері жөнінде 1997 және 1998 жылдарда алынған мәліметтер бойынша, Ресейдің басқа қалаларының және әлемнің кейбір елдеріндегі тұрғындармен салыстырғанда, Чапаевск қаласындағы химиялық зауытқа жақын аумақтарда тұратын әйелдердің қанында диоксиндер мен фурандардың концентрациясы жоғары екендігін, сол сияқты қаладағы заводқа жақын және одан қашық тұратын тұрғындар қанының құрамындағы диоксиндердің мөлшерінің айырмашылығы өте жоғары екендігі анықталған.

Пестицидтер. Пестицидтер өсімдіктердің зиянкестері мен ауруларына қарсы күресте қолданылатын, жасанды жолмен алынған заттар. Пестицидтер төмендегідей топтарға бөлінеді: инсектицидтер – зиянкес насекомдарға қарсы күресте (мысалы, акарицидтер – зиянкес кенелерге қарсы), фунгицидтер мен бактерицидтер – өсімдіктердің бактериялық ауруларымен күресте, гербицидтер – арамшөптерге қарсы күресте қолданылатын улы химикаттар. Пестицидтер, зиянкестерді жоя отырып, көптеген пайдалы ағзаларға да, тіпті адамның денсаулығы мен жануарларға да зиян келтіретіні мәлім болды. Ауыл шаруашылығында көптен бері айтылып келе жатқан мәселе - зиянкестермен күресудің химиялық әдістерінен (қоршаған ортаны ластаушы) биологиялық әдістерге (экологиялық жағынан таза) ауысу болып отыр. Қазіргі кезде дүние жүзілік сауда айналымына 5 млн т аса пестицид қатысады. Пестицидтерді өнеркәсіпте өндіру кезінде, осы өндірістерден шыққан ағынды сулар көп мөлшердегі түрлі қосымша өнімдермен ластанады. Суда, басқаларға қарағанда, инсектицидтер, фунгицидтер мен гербицидтер көп кездеседі. Синтездеу арқылы алынған инсектицидтер негізгі үш топқа бөлінеді: хлорорганикалық, фосфорорганикалық және карбонаттар. Хлорорганикалық инсектицидтер ароматты және гетероциклді сұйық көмірсутектерді хлорлау арқылы алынады. Оларға, ДДТ және молекула құрамында алифатты және ароматты топтары бірге болғанда, тұрақтылығы күшейе түсетін оның туындылары, хлордиеннің әр түрлі хлорланған туындылары жатады. Бұл заттардың жартылай ыдырау кезеңі бірнеше ондаған жылға дейін жетеді және биологиялық деградациялануға өте тұрақты. Су ортасында полихлорбифенилдер – молекуласында алифатты бөлшегі болмайтын, 210 гомологтары мен изомерлері бар, ДДТ туындылары жиі кездеседі. Полихлорбифенилдер (ПХБ) қоршаған ортаға өнеркәсіп орындарынан шыққан ағынды сулармен және қоқыс үйінділеріндегі қатты қалдықтардың жануы нәтижесінде түседі. Қатты қалдықтар жанғанда, ПХБ атмосфераға ұшып, одан соң жауын-шашынмен бірге бүкіл Жер бетінің барлық аймақтарына таралады.

Синтетикалық беттік-белсенді заттар (СББЗ) немесе детергенттер судың беттік тартылу күшін төмендететін заттар тобына жатады. Олар тұрмыста және өнеркәсіпте кеңінен қолданылатын синтетикалық жуғыш заттардың (СЖЗ) құрамына кіреді. Ағынды сулармен СББЗ материк және теңіз суларына түседі. СЖЗ құрамында детергенттер, сол сияқты гидробионттар тіршілігі үшін өте улы болып саналатын түрлі қосымша ингредиенттер: ароматтандырғыш, ағартқыш (персульфаттар мен пербораттар), кальцийлендірілген сода, карбоксилметилцеллюлоза, натрий силикаты сияқты заттар болады.

Өнеркәсіп орындарының ағынды суларында СББЗ болуы, бұл заттарды кенді флотациялық байыту, химиялық технология өнімдерін бөлу, полимерлер алу, мұнай және газ бұрғылау кезіндегі жағдайларды жақсарту, құрал-жабдықтардың коррозиясымен күресу сияқты үрдістер кезінде пайдаланумен байланысты. Ауыл шаруашылығында СББЗ пестицидтердің құрамында қолданылады.

Канцерогенді қосылыстар. Канцерогенді заттар –өзгерту белсенділігі және канцерогенді, тератогенді (ағзаның ұрықтық даму үрдістерін бұзу) немесе ағзада мутагенді өзгерістер туғызатын қасиеттері бар, химиялық біртекті қосылыстар. Әсер ету жағдайларына байланысты, олар ағзаның өсуін тоқтатып, қартаюды жылдамдатып, оның жеке даму үрдістерін бұзып, генофондының өзгеруіне себеп болады.

Канцерогенді қасиеттері бар заттарға алифатты көмірсутектердің хлорланған туындылары, винилхлорид сонымен бірге, әсіресе, түрлі материалдар, ағаш пен отын жанған кезде органикалық заттардың пиролизі нәтижесінде түзілетін полициклді ароматты көмірсутектер (ПАК), радионуклидтер, ауыр металдардың бірқатары, диоксиндер жатады.

Ауыр металдар. Бұл, атомдық салмағы 50-ден жоғары, химиялық элементтердің үлкен бір тобы. Оларға сынап, қорғасын, кадмий, мыс, кобальт, марганец, никель, мырыш, т.б. жатады. Ауыр металдар табиғатта кең таралған және ластаушы заттардың ішіндегі өте уытты заттар болып саналады (Исаев Л.К., 1997; Мудрый И.В., 2003, т.б.

Судағы металдардың мөлшері туралы екі аспектіде анықтайды:

- антропогендік әсерге байланысты деңгейі бойынша;

- су көзінің табиғи жағдайда қалыптасуына байланысты деңгейі бойынша.

Суда металдардың болуына байланысты, судың сапасын бағалау кезінде ең алдымен, барлық физиологиялық үрдістерге қатысатын биологиялық белсенді (эссенциалды) элементтердің концентрациясына назар аудару қажет.

Ағзаларға әсеріне байланысты химиялық элементтерді төмендегідей топтарға бөлуге болады:

- аса маңызды (тіршілік үшін өте маңызды, эссенциалды) – (Fe, Ca, Co, Мg);

- шартты түрде маңызды – (B, V, Si, Cd, As);

- потенциалды уытты – (Ga, Sn, Ag, Sr);

-уытты – (Al, Ba, Bi, Cd, Pb, т.б.).

Химиялық элементтерді бұлай жіктеуді, кейбір қарама – қарсы пікірлер болса да, негізінен мамандардың көпшілігі жақтайды (Ершов Ю.А., Плетнева Т.В., 1989; Смоляр В.И., 1989; Кудрин А.В., 2000 және басқалар), өйткені, әдетте, химиялық элементтердің мөлшері өте көп болса, олар уытты әсер етуі мүмкін, ал концентрациялары өте аз болғанда - өсімдіктер мен жануарларға зиян келтірмейді. Басқаша сөзбен айтатын болсақ, уытты болып табылатыны - элементтер емес, олардың жоғары концентрациялары.

Өнеркәсіп шығарындылары әсер ететін аумақтарындағы топырақтың құрамында металдар көп мөлшерде анықталғандықтан, бұл жер асты сулары мен ашық су көздерінің микроэлементтік құрамының қалыптасуына белглі бір жағдайлар туғызады (адамның денсаулығына қауіпті заттардың суға миграциялануы арқылы жинақталу жолы). Бұл жағдайда су көзіндегі судың мөлшері маңызды роль атқарады. Ластаушы көздерден суаттарға түскен жерінен төмен жатқан суда ластаушы заттарды сұйылту мүмкіншілігі жоқ жағдайларда, металдардың концентрациясы ондаған, тіпті жүздеген есе көбеюі мүмкін. Бұнымен бірге, бірқатар жағдайларда кейбір суттарда техногендік әсерлерге дейін анықталмаған металдар пайда болуы мүмкін.

Ауыр металдар әр түрлі өндіріс өнеркәсіптерінде кеңінен қолданылады, сондықтан да, тазарту шараларына қарамастан, өнеркәсіп ағынды суларындағы ауыр метал қосылыстарының мөлшері едәуір жоғары болып қалады. Су көздеріне ауыр металдарды негізгі түсіруші топырақ екені анықталған, ол өзінің астында жатқан грунттармен биохимиялық өзара әрекеттесуі есебінен де, және атмосфералық жауын-шашын есебінен де үнемі осы химиялық заттармен байып отырады.

Ауыр металдардың ішіндегі ең қауіптілері сынап, қорғасын және кадмий болып табылады. 2006 жылдың қыркүйек айында Будапешт қаласында өткен химиялық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекет аралық форумның бесінші сессиясында сынап, қорғасын және кадмийдің қоршаған орта мен бүкіл әлемдегі адамдардың денсаулығына әсері туралы мәлімдеме жасалып, бұдан былай ауыр металдарға байланысты жаһандық іс-шараларды жүзеге асырудың қажеттігі туралы мәлімдеме мақұлданды. Осы сессия барысында бұл металдар үлкен қашықтыққа тарайтын қабілеті бар заттардың санатына жататыны айтылды, сондықтан халықаралық масштабта әрекет ету қажеттілігі дәлелденді.

Сынап мұхитқа материк сулармен бірге және атмосфера арқылы түседі. Шөгінді жыныстардың және вулкандар атқылауынан түзілген жыныстардың желмен үгілуі кезінде жыл сайын 3,5 мың. т. сынап қоршаған ортаға бөлінеді. Атмосферадағы шаңның құрамында шамамен 12 мың. т сынап бар, оның көп бөлігі – антропогендік фактор әсерінен түзіледі. Бұл металдың жылдық өнеркәсіптік өндірілуінің жартысына жуығы (910 мың. т./жыл) әр түрлі су көздеріне әр түрлі жолдармен түседі. Өнеркәсіп орындарының ағынды сулары ластайтын аудандарда сынаптың ерітінділердегі және ерімеген күйінде араласқан заттар бар сулардағы концентрациясы өте жоғары болады. Оның үстіне, кейбір бактериялар судағы сынапты улылығы өте жоғары -метилсынапқа айналдырады.

2007 жылдың қараша айында Бангкокте өткен ЮНЕП –тің арнайы Жұмыс тобының сынап жөніндегі бірінші отырысында қоршаған ортаның сынаппен ластануын бақылауға арналған жаһандық жоспар дайындауды қолға алу туралы шешім қабылданды.

Қазақстанда өте өзекті болып отырған мәселелердің бірі - Нұра өзенінің ластануы, бұл өзеннің бойында бір жарым миллионға жақын тұрғыны бар, екі ірі өнеркәсіп орталықтары - Теміртау мен Қарағанды қалалары орналасқан. Нұра өзенінде сынап ең алғаш рет шамамен елу жылдай уақыт бұрын, Теміртау қаласында синтетикалық каучук зауты, қазіргі «Карбид», АҚ жұмыс істей бастағанда пайда болғаны белгілі (Шортанбаева М.А., т.б., 1995).

Бұл өнеркәсіп орнының ацетальдегид өндіретін цехтарында катализатор ретінде сынап қолданылатын. 1996 жылы зиянды ацетальдегид өндірісі жабылды. Алайда, ресми мәліметтер бойынша, өзеннің түбінде 150 тоннадай сынап шөгіп қалған. Қазіргі кезде Нұра өзені Қазақстанның астанасы – Астана қаласын сумен қамтамасыз ететін альтернативті су көзі ретінде жоспарланып, мамандар бұл өзеннің суын сынаптан тазартуға арналған жоба дайындауда, бұл жоба бойынша Нұраның түбінен 2-3 млн куб метр топырақты алып тастау көрсетілген.

Қорғасын – табиғатта кеңінен таралған элемент, ол қоршаған ортаның барлық компоненттерінде - тау жыныстарында, топырақтарда, табиғи суларда, атмосферада, тірі ағзаларда кездеседі. Қорғасынның құрлықтан мұхитқа тасымалдануы тек қана өзен суларымен бірге емес, сонымен қатар атмосфера арқылы да жүреді. Қорғасын қоршаған ортаға адамның шаруашылық әрекеттері кезінде белсенді таралады. Ол өндірістік, тұрмыстық ағынды сулармен, өнеркәсіп орындарының түтінімен, шаңымен, автотранспорттың іштен жану қозғалтқыштарының пайдалануынан шыққан газдарымен бірге қоршаған ортаға таралады.

Автотранспорттан шыққан газдардан жыл сайын атмосфераға 260 мың. т. жақын қорғасын бөлінетіні анықталған, ал бір автомобиль жылына атмосфераға, орта есеппен 1 кг аэрозоль түрінде қорғасын шығарады. АҚШ -да антропогендік фактор әсерінен қорғасынмен ластанудың 90% артығы дәл автокөліктің үлесіне тиеді (Самотуга В.В., т.б., 2006).

Қорғасынның қосылысы – тетраэтилқорғасын, табиғи суларға су көлігінің мотор отынының құрамында антидетонатор ретінде қолданылуына байланысты және қала аумағынан жер бетілік ағынды суларымен түседі. Бұл қосылыс жоғары улылығымен сипатталады және кумуляцияланатын қасиеті бар .

Кадмий - бұл, жоғары концентрациясында улы элемент. Кадмий табиғи суларға топырақты сілтісіздендіру кезінде, өз денелерінде кадмий жинақтауға қабілетті гидробионттардың шіруі нәтижесінде түседі. Кадмийдің қосылыстары әр түрлі өнеркәсіп орындарынан шыққан ағынды сулармен бірге жер бетілік суларға келіп түседі.

Кадмийдің биосфераға антропогендік эмиссиясы (бөлінуі) табиғи жолмен бөлінуінен бірнеше есе асып түседі. Мысалы, атмосфералық ауа бассейніне жыл сайын 9000 т кадмий бөлінсе, оның 7700 т (85% -дан артығы) - адамның іс- әрекеті нәтижесінде бөлінеді. Бір ғана Балтық теңізіне жыл сайын 200 тонна кадмий түседі..

Қоршаған ортаны кадмиймен ең көп ластайтын - металлургия мен гальванотехника, сол сияқты қатты және сұйық отын жағу.

Мұхит үстіндегі таза ауаның құрамында кадмийдің орташа концентрациясы 0,005 мкг/м3, ауылды елді мекендерде – 0,025 мкг/м3, ал өнеркәсіп орындары (түсті металлургия, таскөмір мен мұнай жағатын ЖЭО, пластмасса өндірісі, т.б.) орналасқан аудандардың ауа бассейнініңқұрамында және өнеркәсіпті қалаларда - 0,5 мкг/м3 –ға дейін (әдетте, 0,02 -0,05 мкг/м3) болады. Кадмийдің шамамен 52% мөлшері қоршаған ортаға құрамында кадмий бар материалдарды, әсіресе, беріктік қасиет беру үшін кадмий қосылған пластмассалардан жасалған өнімдерді және кадмийлі бояуларды жағу және өңдеу кезінде түседі.

Мазут пен дизельдік отынды жағу қоршаған ортаның кадмиймен ластануының қосымша көзі болып табылады. Кадмийдің қауіптілігі оның ыдырауға түспейтіндігіне байланысты, қоршаған ортаға бір рет түсіп, ол онда үнемі айналымыда жүре береді. Кадмийдің жаңа шығарындылары қоршаған ортада бұрыннан бар кадмийдің мөлшері қосыла береді. Кадмий мен оның қосылыстарының салыстырмалы түрде суда ерігіштік қасиеті бар, сондықтан олар біршама жылжымалы болады, мысалы, топырақта; әдетте, тірі ағзаларға жеңіл енеді және оларда жиналуға бейім келеді.

Түрлі геохимиялық аймақтардағы су көздерінің микроэлементтік құрамы сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да әр түрлі болады. Мысалы, гидрокарбонатты суларда темір мен марганецтің, ал сульфатты суларда - барий мен стронцийдің концентрациялары жоғары болады. Жұмсақ, бірақ минералданған суларда, рубидий кездеседі. Ашық суат суларының микроэлементтік құрамын салыстырмалы бағалау, темір, марганец, мыс, сияқты элементтердің үлкен маңызы бар екенін көрсетті (Бурлибаев М.Ж. т.б., 1999.; Санягина Н.А. т.б., 2004.

Қазіргі кезде жер асты суларының, ең алдымен ауыз-су мақсатында пайдаланылатын сулардың антропогендік ластануына көп көңіл бөлінуде. Олардың ластануы ағынды суларды жинайтын жерлерден, өндірістік ағынды сулар мен кен орындарының қатты қалдықтары жиналған жерлдерден сүзіліп өтуі үрдісінде немесе оларды жер астында көму нәтижесінде ластанады. Ластаушылардың тағы бір көзі - қатты қалдықтарды сақтайтын жабдықталмаған орындар болып табылады. Бұл жерлерде ластаушы заттар желмен таралып, атмосфералық жауын-шашынмен грунт суларына өтеді, сонымен бірге, қатты қалдықтардың сақталатын орындарында сілтісіздендіру нәтижесінде бұл орындардың астында сапасы төмен жер асты суларының ореолдары жиі түзіледі.

Кен орындары бар аудандардың жер асты сулары металдарға бай болып келеді, оларда мыстың мөлшері - 7,2 мг/л, молибденнің - 2,7 мг/л, марганецтің - 11,0 мг/л, ал мырыштың мөлшері – 1 мг/л-ге дейін жетуі мүмкін. Құрамы бұндай сулар ауыз су үшін қолданылмайды.

Ресейдің гигиена мамандарының мәліметтері бойынша, РФ территориясында 1800 астам жер асты суларының ластану ошағы анықталған, олардың 78% елдің европалық бөлігіндегі территориясында орналасқан. Бұл суларды ластайтын көздер негізінен, шаруашылық жұмыстары қарқынды жүретін аудандарда болады. Өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жинайтын орындар маңында жер асты суларының қорғасынмен, сынаппен, кадмиймен, т.б. ауыр металдармен ластанғаны анықталған (Мисивичус М.А. т.б., 1988; Рахманин Ю.А., Онищенко Г.Г. т.б., 2002).

Судағы металдардың миграциясының жылдамдығы әр түрлі гидрохимиялық режимдерде бірдей болмайды. Мысалы, суда органикалық заттар және минералдық табиғи сорбенттер мен сілтілі қосылыстар көп болғанда, миграция жылдамдығы жоғарылайды. Судың металдардан босануы жәй жүреді және ол, ең алдымен, рН ортасына байланысты болады, атап айтқанда, мыстың тұнбаға түсуі үшін қолайлы рН – 5,3, қорғасын үшін - 5,5; кобальт үшін – 9,6; марганец үшін – 8,5 болып табылады. Суда металдардың концентрациясы төмендеуі үшін, олардың гидробионттармен, судың түбіндегі шөгінді компоненттермен сіңірілуі және басқа заттармен, мысалы, гуминді заттармен, кешенді қосылыстарға байланысуы маңызды роль атқарады.

Қышқыл жаңбырлардың түсуі және топырақ пен су көздеріне антропогендік әсерінің жоғары болуы гидрохимиялық тепе-теңдіктің және оған байланысты су ортасының микроэлементтік құрамының өзгеруіне әкеледі, өйткені бұндай жағдайларда судың рН ортасы, металдардың жылжымалылығын біршама жоғарылататын, қышқылдық бағытқа қарай ауысуы мүмкін. Судағы сұйық және қатты фазалар арасындағы тепе-теңдік бұзылуы мүмкін, бұл металдардың су түбіндегі шөгінділерден суға өтуін күшейтеді. Су түбіндегі шөгінділер химиялық заттардың таралуы мен жинақталу үрдістерінде маңызды роль атқарады. Экспериментте көрсетілгендей, рН ортасы 4,5- 11,0 дейін және кермектілігі 5,6 - 11,7 мг/экв болатын суларға мыс және хром иондары қайта түскенде, олардың суға түскен тіпті 90% дейін жиынтық мөлшері су түбіндегі шөгінділерге сіңеді. рН ортасы қышқыл жаққа өзгерген кезде, металдардың су фазасына өтуі қарқынды жүретіні байқалған.

Судағы молибденнің мөлшері мен шөгінділер құрамындағы қорғасын мен мырыш мөлшері арасында үлкен коррелятивті байланыс бар екені жөнінде мәліметтер бар (Мисивичус М.А. және басқалар, 1988).

Мышьяктың (күшән) ең жоғары мөлшері Бангладеш, Қытай мен Батыс Бенгалияның (Үндістан) бірқатар аймақтарының суларында, сол сияқты Аргентина, Австралия, Чили, Мексика, Тайвань, АҚШ пен Вьетнам территорияларынан табылған. Жапония, Мексика мен Таиландтың көптеген жерлерінде жергілікті су көздерінің құрамында мышьяктың мөлшерінің артуына кен өндіру, оны балқыту сияқты, т.б. өндірістік үрдістер себеп болған. Мышьяктың әдеттегі мөлшері бірнеше мкг/л аспаған кезде, мышьякпен ластанған аудандардың суларында оның мөлшері ондаған, жүздеген, тіпті мыңға дейін мкг/л ауытқиды.

«Казэкология» республикалық орталығының мәліметтері бойынша, «Балқаш түсті металлдар» комбинатының қалдықтарында күкірт диоксиді және ауыр металдардың қосылыстары кездеседі. Комбинаттың атмосфераға бөлінетін шығарындыларының құрамындағы мыстың мөлшері рұқсат етілген деңгейінен 300 есе артық екені анықталған, бұл Балқаш көлі үшін ластану тұрғысынан қауіп-қатер туғызады.

Алматы қаласындағы су нысандары (Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай және басқа да суаттарда) суының сапасына қаланың және ішінара Алматы облысының шаруашылық іс-әрекеттерінің әсері тиетіндіктен, суды ластайтын бірқатар заттардың (мұнай өнімдері, органикалық заттар, темір) мөлшері шектік рұқсат етілген концентрациясынан тұрақты түрде артық анықталады.

Молдавиядағы ГРЭС-тің жұмыс істеуі мұздатқыш-суат суының фтор, ванадий, никель, кадмий, марганецпен, ал түбіндегі шөгінділер, бұлардан басқа – қорғасын, мырыш, мыспен ластануына әкеп соқты, бұл металдардың концентрациялары станцияда жағылған отын мөлшеріне тікелей корреляциялық байланыста болды (Зубков Е.И. және басқалар., 2007).

Бұнымен бірге, фтор табиғатта көп таралған. Әсіресе, фтордың көп мөлшері минералдық су көздерінде көп кездеседі.

Аса өзекті болып отырған мәселелердің бірі – түрлі су көздерінің белсенді заттармен ластануы. Ядролық қаруларды сынау және атом электр станцияларындағы орын алатын апаттар кезінде, суда 90Sr изотоптары (жартылай ыдырау кезеңі (Т) -28,4 жыл), 137Cs (Т-30 жыл) жиі кездеседі, сол сияқты 134I (Т-8,1 тәулік), 239Pu (Т -24400 жыл), 238U (Т-4,5 109 жыл), 60Co (Т-5,25 жыл) изотоптарымен де, су ластануы мүмкін (Давыдов М.Г., т.б., 2000; Хмелев К.Ф., т.б., 2000).

Мысалы, Цимлян су қоймасының түбіндегі шөгінділердің құрамында 137Cs –дің орташа меншікті белсенділігі 44±4 Бк/кг, оның үстіне, Волгодонск қаласының маңайында 137Cs мөлшері су түбіндегі шөгінділерде Чернобыль апатына дейін 0,4-0,8 Бк/кг болса, 1986 жылдан кейін - 6-24 Бк/кг болды. Сарапшылардың берген бағасы бойынша, апаттан кейінгі кезеңде Дон өзені мен Азов теңізі суларына түскен 137Cs мөлшері 3000 Кu болған. Ростов облысындағы кейбір өзендерінің су түбіндегі шөгінділерінде 137Cs мөлшері, шамамен 22,5 Бк/кг болған. Кішігірім өзендердің суы түбіндегі шөгінділерде жаһаңдық ластанудан пайда болған 137Cs фондық мөлшері, шамамен 7 Бк/кг құрды. 90Sr –мен ластануы толық зерттелмеген, алайда шамамен алып бағалағанда, су қоймасындағы 90Sr мөлшері – 67 Ku деп саналады. 90Sr -дің таралуы су қоймаларының түбінде карбонатты шөгінділердің таралуымен байланыстырады (Римский –Корсаков А.А., т.б., 2000 ж. т.б.).

Бүкіл әлемге белгілі Ресейдегі «Маяк» комбинатының жұмысына байланысты аса үлкен экологиялық проблема пайда болды. Плутоний өндірудің алғашқы кезеңдерінде Теча өзені мен басқа да су көздеріне белсенділігі жоғары сұйық қалдықтар ағызылды, бұлар шөгінділердің құрамында көп мөлшерде ұзақ өмір сүретін радионуклидтердің жиналуына әкеп соқты. Бұдан басқа, белсенділігі жоғары сұйық белсенді (СРҚ) қалдықтар қоймасында 1957 жылы болған жарылыс нәтижесінде, бірқатар суаттардың, олардың ішінде, ең ірі болып табылатын, комбинаттың санитарлық - қорғаныш аймағына жақын орналасқан, Бердениш және


Поделиться:

Дата добавления: 2014-11-13; просмотров: 846; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.008 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты