Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Сурет. Ересек адамның кейбір мүшелері мен тіндеріндегі судың мөлшері




 

Ауа температурасы жоғарылағанда және дене еңбегі қарқынды болған кезде, судың бөлінуі, әсіресе, тер түрінде біршама артады. Кейбір жағдайларда, тәулігіне тердің бөлінетін мөлшері 6 және тіпті 10 литрге дейін жетуі мүмкін.

Қалыпты жағдайда ағзаның суды қабылдайтын және бөліп шығаратын мөлшерлері арасында қатаң тепе – теңдік сақталуы керек. Егер, ересек адамға тәулігіне судың қажет мөлшері дене массасының 1 килограмына 40 грамм (г /кг) болса, емшек жасындағы балаларда, ол едәуір жоғары – 120-150 г/кг болады. Тәулігіне 2-2,5л сұйықты бөле отырып, адам ағзасы осынша сұйықты қабылдауы да керек.

Қабылдайтын судың мөлшерін келесі су мөлшерлері құрайды: ішілетін су (шәй, компот, кофе, т.б.) – 800-1000 мл; сорпалар – 450-500 мл; қатты азық – түлік өнімдеріндегі су – 700 мл; ағзаның өзінде түзілетін су - 300-400 мл (эндогенді су). Эндогенді су түрлі заттардың биологиялық тотығуы кезінде түзіледі. Мысалы, 100 г майлар тотыққанда 107 мл, 100 г көмірсулардан – 55 мл, 100 г белоктан - 41 мл су бөлініп шығады.

Әртүрлі тірі ағзаларда судың жаңару үрдісі жүріп отырады. Мысалы, кактустарда су түгелдей 28 жылда жаңарады, адам ағзасында – бір айдың ішінде, тасбақада – бір жылда, түйеде – үш айда жаңарып тұрады. Сусыз адам тек үш күн ғана тіршілік ете алады, ал тамақсыз – 30-50 күн тіршілік етеді.

Адамның толық ашығуы, бірақ, су ішіп отырған кезде ғана, 40 - 45 күнге созылады. Бұндай жағдайда адамның дене салмағының азаюы 40% дейін жетуі мүмкін. Ағза 1,0-1,5 литр су жоғалтқан кездің өзінде-ақ, жоғалған судың орнын толтырудың қажеттілігі туындайды. Егер, адам судың жетіспеуінен дене массасының 6-8% жоғалтатын болса, онда оның температурасы жоғарылайды, тыныс алуы және жүректің соғуы жиілейді, қанның тұтқырлығы артады, терісі қызарады, бұлшық еттің әлсізденуі, селқостық, бас ауруы мен бастың айналуы байқалады. Тері мен бұлшық еттердің тонусы едәуір төмендейді.

Судың тапшылығынан адамның дене массасы 10% азайған кезде, аурудың клиникалық көріністері күрт нашарлайды: көз алмасы шүңірейіп, теріде сызат, есінің қарауытуы пайда болады,. Егер, ағзадағы сұйықтың мөлшері, ауа температурасы 30º С болған кезде, 15-20% азаятын болса, онда бұл құбылыстар қайтымсыз болуы мүмкін. Ал, ағзадағы сұйықтың 25% азаюы, адамның өліміне әкеп соғады.

Ауру құбылыстары адам ағзаға қажетті мөлшерден артық су қабылдаған жағдайда да пайда болуы мүмкін. Сілекей бөліну, жүрек айну, құсу, зәр шығаруының көбеюі сияқты, судан уланудың белгілері дамиды: Бұлшық еттің әлсіреуі, тырысу, бас ауруы пайда болады. Сонымен, суды пайдалануда кез келген шектен шығушылық адам денсаулығына, кей кезде түзелмейтін де, зиян келтіруі мүмкін. Міне, сондықтан да ауыз суды пайдаланудың тәртібін сақтау керек.

Климаттың ерекшеліктеріне байланысты, адамның суға тәуліктік қажеттілігі 2,5- 6 л құрайды. Егер, адамның суға тәуліктік қажеттілігін 2,5 л, ал өмір сүру ұзақтығын - 70 жыл деп алатын болсақ, онда ағзаның қабылдайтын суының жалпы мөлшері шамамен 60 мың л болады. Су – бұл, біздің планетамыздағы, басқа заттармен алмастырылмайтын, жалғыз ғана табиғи байлық болып табылады.

Тірі ағзаларда су келесі қызметтерді атқарады:

1. Су ортасы, жасушалардағы молекулалардан бастап, тіндер мен мүшелерге дейін, ағзаның барлық бөліктерін бүтіндей біріктіреді.

2. Су – аса маңызды еріткіш және ағзадағы барлық биохимиялық реакциялардың жүру үшін өте маңызды орта.

3. Су – ағзада қоректік заттарды тасымалдайды және түрлі тіршілік үрдістерінің соңғы өнімдерін жасушадан шығарады.

4. Су – жасушалардағы құрылымдардың реттелуіне қатысады. Ол белок молекулаларының құрамына кіріп, олардың конформациясын анықтайды. Спирт көмегімен немесе высаливанием арқылы суды белоктан бөліп алу, олардың коагуляциялануына және тұнбаға түсуіне әкеп соғады. Белок молекулаларының гидрофобты бөліктері мен липопротеиндердің құрылымын сақтап тұру үшін, олардың құрамындағысудың рөлі маңызды болуы мүмкін.

5. Су – зат алмасу үрдісінің нәтижесінде пайда болатын зат және биохимиялық үрдістердің негізгі компоненті. Мысалы, фотосинтез кезінде су электрондардың доноры болып табылады. Тыныс алу үрдісінде, мысалы Кребс циклында, су тотығу үрдістеріне қатысады. Су гидролиз үшін және басқа көптеген синтез үрдістері үшін қажет.

6. Су – жылу реттегіш фактор. Ол, жылу сыйымдылығының және бу түзудің меншікті жылуының жоғары болуына байланысты, тіндерді температураның күрт ауытқуларынан сақтайды.

7. Су – ағзаға түсетін механикалық әсерлерден қорғайтын, жақсы амортизатор болып табылады.

8. Су, осмос және тургор құбылыстары арқасында тірі ағзалардың жасушалары мен тіндерінің серпімділігін қамтамасыз етеді.

9. Қазіргі қөзқарастар бойынша, су рөлінің бірегейлігі, оның биологиялық реакциялар жүретін өзіне тән ерекше орта екендігінде ғана емес, сонымен қатар, ол биополимерлер макромолекулаларының, биологиялық мембраналардың және басқа да молекулалардан жоғары деңгейде тұрған күрделі құрылымдардың нативті құрылымының қалыптасуы мен тұрақты болуына тікелей әсер ететіндігімен білінеді.

10. Су, сол сияқты биологиялық реакциялардың нәтижелілігіне де тікелей әсер етуі мүмкін деген пікірлер бар, реакциялардың нәтижесінде пайда болатын белоктардың конформациясы мен жүйенің бос энергиясының өзгеруі, олардың компоненті болып табылатын, су құрылымының да бір уақытта өзгеруімен (судың күйінің өзгеруімен) байланысты.

Судың адамның тіршілігі үшін маңызы өте зор. Су шаруашылығының негізгі мақсаты, тұрғындар мен шаруашылық кешендерін сапалы сумен қамтамасыз ету, экономиканың барлық салаларының жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.

Өзінің қасиеттеріне байланысты су, барлық технологиялық үрдістерге міндетті түрде қатысушы болып табылады, сусыз өнеркәсіп өндірісі, транспорт, ауыл шаруашылығы жұмыс істей алмайды. Су – өте сенімді және арзан жылу тасымалдаушы: сумен әрі жылытуға, әрі суытуға да болады. Су – энергия көзі мен жүк тасымалдаушы магистраль. Су – тұрмыста да өте қажетті зат: сусыз тамақ дайындау да, жеке бас гигиенасы сақтау және демалу мүмкін емес.

 

Өнеркәсіп үшін су, таскөмір, мыс, темір және басқа да табиғи ресурстар сияқты, өте қажет. 1т шойынды балқытып, одан болат алу үшін, шамамен 300 м3, 1 т мыс өндіруге - 500 м3, 1 т никель өндіруге 4000 м3 су жұмсалады. Егер, дүние жүзінде жыл сайын пайдаланылатын барлық минералды ресурстардың мөлшері 7-9 млрд т болса, күн сайын түрлі мақсаттарға судың 7-8 млрд т шығын болады.

Суды нысаналы қолдану түріне байланысты, оның қолданылуын көп жылдар бойы су пайдалану және су тұтыну түрлеріне бөлу қабылданған.

Су пайдалану кезінде су, суаттар мен ағыстарында қалып, қалық шаруашылығы жұмыстарын жүргізетін орта және энергияның механикалық көзі болып саналады. Негізгі су пайдаланушылар: су транспорты, орманнан кесілген ағаштарды сумен ағызу арқылы тасымалдау, балық шаруашылығы және гидроэнергетика болып табылады.

Су тұтыну кезінде суды суаттардан және ағыстарынан алады. Су тұтынушылар өте көп, олар – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, коммуналдық – тұрмыстық ұйымдар, қоғамдық өндіріс кәсіп орындары, темір жол транспорты, т.б. Су тұтынудың су пайдаланудан айырмашылығы, су тұтынушылардың біраз суды қайтарымсыз алуында ғана емес, сондай-ақ, олардан шыққан қайтарылатын ағынды суларымен табиғи суларды ластандыруында да.

Бұнымен бірге, айта кету керек, «су тұтыну» және «су пайдалану» түсініктерімен бірге, қазіргі кәсіптік терминологияда соңғы жылдары суға, су көздеріне, су қоймаларына қатысты барлық жағдайларда жалпылама «су пайдалану» түсінігі жиі қолданылады.

Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес су нысандарын пайдалану әдісіне қарай су пайдалану төмендегіше бөлінеді:

1. суды, су нысандарына қайтару шартымен, су нысандарынан су ресурстарын алу арқылы су пайдалану;

2. суды, су нысандарына қайтармай, су нысандарынан су ресурстарын алу арқылы су пайдалану

3. су нысандарынан су ресурстарын алмай су пайдалану.

Су нысандары келесі мақсатта қолданылады:

- халықтың шаруашылық- ауыз су қажеттілігі үшін;

- коммуналдық-тұрмыстық шаруашылықта;

- емдеу, курортта емдеу және сауықтыру макқсатында;

- ауыл-шаруашылығы өндірісінде( жер суаруға емес);

- суару үшін;

- өнеркәсіптің түрлі салаларында;

- гидроэнергетикада;

- су транспорты мен ормандарда кесілген ағаштарды тасымалдау үшін;

- балық шаруашылығында;

- ағынды суларды ағызу үшін;

- табиғат қорғау қажеттіліктеріне;

- санитарлық мақсаттарға,

- басқа да қажеттіліктер үшін.

Сонымен, су тұрмыста, өнеркәсіпте, энергетика мен ауыл шаруашылығында, т.б. кеңінен қолданылады. Егер, бір қала күніне 600 мың м3 су тұтынғанда, олардан шығатын ағынды судың мөлшері 500 мың м3 болады.

Ағынды сулар дегеніміз, суды, адам тұрмыста және шаруашылықта пайдаланғаннан кейін шыққан, ағызып жіберілетін лас сулар. Су ағызу – ағынды суларды қабылдауды қамтамасыз ететін, одан кейін кәріздердің тазарту құрылыстарына жіберетін, технологиялық процесс.

Түзілу жағдайларына байланысты ағынды суларды келесі түрлерге бөлінеді:

- тұрмыстық;

- атмосфералық;

- өндірістік;

- ауыл шаруашылық ағынды суларға.

Ағынды сулардың ашық су көздеріне әсер ету дәрежесі суға түсетін ластаушы заттардың сипатына, мөлшерлік қатынастарына байланысты. Таза су қосылмаған ағынды су барлық уақытта да айқын уытты әсер етеді, ол адамның денсаулығына теріс әсерін тигізеді және әр түрлі жұқпалы да, жұқпалы емес те аурулар пайда болуының себебі болуы мүмкін. Өндіріс орындарынан шыққан ағынды сулардың құрамында болатын көптеген улы металдар мен олардың қосылыстары, мысалы, қорғасын, мышьяк, кадмий, сынап адам ағзасына ауыз сумен бірге түсіп, адамның улануына әкеледі және бұл, көбінесе созылмалы түрде болуы мүмкін.

Сонымен, ластанулардың қандай түрі болса да, олардың барлығы да адамның денсаулығында, жануарлар ағзасында, ағзалардың даму үрдістерінде белгілі бір зиянды із қалдырып, ластанудың қауіптілігіне ерекше көңіл аудартады.


Поделиться:

Дата добавления: 2014-11-13; просмотров: 322; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.015 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты