Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Дәріс №11. Қазақстандағы шөлейттену проблемалары. Шөлейттенуге қарсы күрес шаралары.




Дәрістің мақсаты -Қазақстандағы шөлейттену проблемалары және шөлейттенуге қарсы күрес шараларын қарастыру.

Негізгі сұрақтар:

1.Шөлейттену мәселесі

2. Шөлейттенудің себеп-салдары

3. Техногенді шөлейттену

4. Шөлейттенуге қарсы күрес шаралары

Шөлейттену – жаһандық экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблеманың айқын көрінісін білдіреді. XX ғасырда, Жер планетасындағы халық санының қарқынды өсуі, құнарлы ауыл шаруашылық жерлерінің іс жүзінде толық игерілуі және қоршаған ортаға техногендік жүктеменің өте зор ұлғаюы барысында шөлейттену проблемасы көптеген елдер үшін тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі қатері болуы мүмкін.

Шөлейттену деп – адамның шаруашылық әрекетінің ықпалымен өсімдік жамылғысы сиреп, шөлге ұқсас ландшафттардың пайда болуын айтады. Дүние жүзінде климаттың өзгеруі мен қуаңшылықтың өсуіне байланысты Шөлейттену процесі қарқынды жүруде. Шөлейттену нәтижесінде биологиялық өнім мен түр саны азайып, топырақ құнарсыздана бастайды. Қазіргі кезде құрлық бетінің 1/3 бөлігінде топырақтың құнарлы қабатының жоғалу қаупі бар, ал оның әсерінен Жер шары халқының 1/5 зардап шегуі мүмкін.

Соңғы 50 жыл бойында дүние жүзінде 800 млн га-дан астам жер шөлейттенуге ұшыраған. Мұның негізгі бөлігі Африка құрлығына келеді, мысалы, Сахара шөлі оңтүстікке қарай 650 – 700 км шамасында жылжыған. Ғалымдардың болжамы бойынша 2020 жылы Оңтүстік Африканың 60 миллион тұрғыны жарамды жерлердің шөлейттенуі салдарынан өздерінің атамекенінен басқа аудандарға қоныс аударуға мәжбүр болады. Шөлейттену процесі Орталық Азия елдері мен Қазақстанда да жылдам қарқынмен дамуда. Түрікменстанда ұзындығы 1000 км Қарақұм каналының бойында 100 км-лік аймақта топырақ қайталама сортаңданып, шөлге айналды. Арал теңізінің деңгейі 14 м-ге төмендеп, аумағының азаюы салдарынан 2,5 млн га-дан астам жер қу тақырға айналды.

БҰҰ-ның мәліметі бойынша Қазақстанның 272,5 млн.га территориясының 179,9 млн.га жері немесе барлық алаңның 66% шөл дала. Жайылымның азып-тозуынан 963 млн.доллар зиян келіп отыр. Егістік жерлердің эрозияға ұшырауынан 779 млн. доллар, топырақтың екінші реттік тұздануынан 375 млн. доллар кірістен айырылып отыр. Халықаралық мамандардың есептеулері бойынша Қазақстанда қарашіріктің азаюынан жалпы шығын көлемі 2,5 млрд. долларға бағаланып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1994 жылғы 17 маусымда Париж қаласында «Біріккен Ұлттар Ұйымының Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 17 шілдедегі Заңымен бекітілген Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенция қабылданды. Жер ауданының басым бөлігі жеткіліксіз ылғалдану аумағында орналасқан Қазақстан үшін шөлейттену мәселесі өзекті болып табылады.

Қазақстандағы шөлейттену процесінің дамуына ықпал ететін негізгі табиғи фактор-құмдардың (30 млн. га-ға дейін) және сортаңданған жерлердің (127 млн.га) кең таралуына алып келетін климаттың құрғақтығы, су ресурстарының тапшылығы мен өзен торабының республика бойынша біркелкі еместігі. Сонымен қатар, топырақ-өсімдік жамылғысының сирек қалыптасуы мен өсімдіктердің өсу қарқынының төмендігі шөлейттенудің алғы шарты болып табылады. Қолда бар деректер бойынша, елдің шамамен 75% аумағы экологиялық тұрақсыздандырудың жоғары қатеріне ұшыраған.

Қазақстандағы шөлейттену процестерінің туындауына және дамуына алып келетін антропогендік факторлар, ең алдымен шаруашылық қызметтердің мынадай түрлерімен: артық мал жаю, егін шаруашылығы, жер қойнауын игеру, өнеркәсіптік, әскери және азаматтық нысандарды пайдалану. Шөлейттену, сондай-ақ, ормандарды жоспарсыз жаппай кесудің, мал азығы мен отынға бұталар мен жартылай бұталарды шабудың, орман және дала өрттерінен, жүйесіз рекреацияның салдарынан, елді мекендер аумағында қоқыстарды тастаудың, топырақтардың және жер асты су көздерінің улы заттармен ластануы, көлік қозғалысының әсер етуінің нәтижесі болып табылады.

Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенцияда қабылданған белгілерге сәйкес айқындалған Қазақстанда шөлейттенудің басты тұрпатына мыналар жатады: өсімдік жамылғысының деградациясы, топырақтың су және жел эрозиясы, топырақтың сортаңдануы мен құнарсыздануы, топырақтың, жер асты және жер үсті суларының химиялық заттармен ластануы, жердің және гидрологиялық режимінің техногендік бұзылуы.

Соңғы оншақты жылда Қазақстанда орман алқаптарының қысқаруы 10%-ға кемігенін көрсетті. Орманды жерлердің азаюы және жасанды орман өсіру көлемінің қысқаруы Қызылқұм, Мойынқұм, Сарыесік-Атырау және басқа да массивтердің басым шөлейт бөлігінде жайылымдардың тозуы мен жұтаңдануына үлкен қауіп төндіреді. Соңғы 40 жылдың ішінде қылқан жапырақты ормандардың өнімділігі 70%-ға кеміген, майқарағай ағаштарының ауданы 13% кеміген, Кенді және Оңтүстік Алтай ормандарында ағаштардың сиреуі айқын байқалады. Жоңғар және Іле Алатауларында өсетін алма ағашты ормандардың ауданы 24%-ға қысқарды. Әсіресе шөлді жерлердегі өзендердің алабындағы ормандар қатты жұтаңдауда. Топырақтағы ылғалдың мөлшері кемігендіктен өсімдік түрлерінің кейбіреулері түрөзгеріске ұшырауда. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданындағы Сырдария өзенінің алабында тұранғы ағашының шамамен үштен бір бөлігі құндылығы төмен жыңғылдың бұталарына айналуда.

Тың және тыңайған жерлерді жаппай игеру Қазақстанның дала экожүйесіне теріс және кешенді әсерін тигізді. ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттіктің деректері бойынша, 188,9 млн.га-дан соңғы дәрежелі жұтаңдауға 26,6 млн. га жеткен, күшті және өте күшті шөлейттенген. Республиканың орманды-дала және дала аймақтарында жерлерінің 34,8 млн.га жерін жайылымдар құрайды, оның 5,6 млн. га өте қатты жұтаңдаған. Жайылымдардың жұтаңдану процесінің жалғасуы әлі де байқалып отыр.

Техногендік шөлейттену. Қазақстандағы индустриалдық өндірісті дамыту және пайдалы қазбалар кен орындарын игеру, көлік және инженерлік инфрақұрылымды салумен, су және жер ресурстарының қарқынды пайдалануы мен ластануы экожүйелерге әсері тікелей және жанама түрде байқалуда.

Автокөлік жолдарының жүйесі де шөлейттенуге әсерін тигізуде. Республикада автокөлік жолдарының жалпы қашықтығы шамамен 120 мың км, оның жартысы асфальт жолдар. Қоршаған ортаға әсер ететін желілік инфрақұрылымның өзге де түрлеріне темір жолдарды, мұнай және газ құбырларын, жоғары вольтты электрожелілерді жатқызуға болады.

Шөлейттенудің негізгі теріс салдарының бірі болып түрлердің жергілікті популяциялардың толық жойылуы есебінен де және олардың мекен ету ортасы мен санының азаюы есебінен де, әрі фитоценологиялық белсенділігінің және репродуктивтік қабілетінің төмендеуінен де болатын биоалуантүрліліктің жұтауы болып табылады. Шөлейттенуге алып келетін антропогендік факторлардың әсерінен республиканың жануарлар әлемі де біраз өзгеріске ұшырады.

Шабындық жерлердің шөлейттенуі әсіресе, Іле, Сырдария, Шу өзендерінің атырауларында және жайылмаларының төменгі бөліктерінде шабындық өсімдіктерінің қатты өзгерістері болды. Мұнда биологиялық өнімділігі жоғары қамысты қауымдастықтар толық жұтаған.

Шөлейттену бірқатар экономикалық және әлеуметтік салдарларға алып келді, оның ішінде:

o өсімдіктердің жалпы өнімі мен түсімінің азаюы;

o мал басының және мал шаруашылығы өнімділігінің азаюы;

o аграрлық сектор саласында экспорттық әлеуетінің азаюы;

o тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларының дамуының тежелуі;

o аграрлық және өңдеу секторларының салық қаражаттарының бюджетке түсуінің азаюы.

Статистикалық деректер аграрлық саланың экономикасындағы теріс үрдістерді көрсетеді. Шаруашылық жүргізудің жаңа нысандарының қалыптаспағандығы, жайылымды мал шаруашылығы жүйесінің бұзылуы, техникалық және қаржы құралдарының жеткіліксіздігі жұмыссыздық пен кедейшілікті ұлғайтады. Қазақстандағы қазіргі экологиялық-әлеуметтік жағдай мынадай жағдайлармен байланысты, шөлді аумақтарда орналасқан облыстардан халықтың жыл сайынғы көшіп кетуі жүздеген мың адамдарға жетеді. Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы және мекен ету ортасының жұтаңдауы салдары болып табылатын халықтың төмен тұрмыс деңгейі, тойып тамақтанбау, жеткіліксіз медициналық көмек көрсету, пайдалануға жарамсыз ауыз су, шаңды және тұзды борандар халық денсаулығы, жай-күйінің нашарлауына, демографиялық қолайсыздықтың алғы шарты болып табылатын халықтың өсуінің азаюына алып келді.

Шөлейттенуге ұшыраған өңірлерде балалар өлімі өте жоғары деңгейде. Экологиялық-санитарлық жүктеме балалардың дамуындағы келеңсіздіктерді, қан аздық, туа біткен ауытқушылықтардың, жүйке аурулары, жүрек-қан тамырлары ауыруларының негізі болып табылады.

Бақылау сұрақтары:

1. Қазақстандағы шөлейттену мәселесі.

2. Шөлейттенуге қарсы шаралардың негізгі бағыттары қандай?


Поделиться:

Дата добавления: 2015-04-11; просмотров: 820; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.007 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты