Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Банкті қызметін басқару теориялары мен бағыттары




 

Менеджмент термині ағылшын тілінде «menegement» қазақша «басқару» дегенді білдіреді. Банк саласында менеджмент ұғымы банктің қызметін басқаруды сипаттайды.

Банк қызметіндегі менеджментті екі бөліктен тұрады:

- банктегі қаржылық менеджмент;

- банктегі қызметкерлерді басқару.

Банктегі қаржы менеджменті – бұл банктегі ақшалай ресурстарды басқарумен байланысты сипатталады. Қаржылық менеджментінің ғылым ретінде ХХ ғасырдың ортасында қалыптасты. Бұл ғылымның негізгі өзегіне «Қоржын теориясы» мен «Капитал құрылымы теориясын» жатқызуға болады. Қоржын теориясының негізін қалаушы экономика бойынша Нобель силығының лауреаты Гарри Марковиц болды және ол өзінің 1952 жылы жазған «Қоржынды таңдау» деген еңбегінде осы тұжырымдаманың негізгі қағидаттарын жасады. Қаржылық менеджменттің осы бір маңызды теориялық тұжырымдамасының негізіне инвестициялық қоржынды құру барысындағы статистикалық талдаудың әдістемелігі мен тәуекел және табыстылық деңгейінің шекті қатынасын ықшамдау қағидаттары жатады. Оның теориясын сәйкес, активтердің жиынтық тәуекелін тәуекелді активтерді бір қоржынға біріктіру арқылы төмендетуге болатындығы айтылады, яғни несиелерді – несиелік қоржынға, бағалы қағаздарды бұл инвестициялық қоржынға, мерзімді валюталық нарықтың құралдарын - валюталық қоржынға біріктіруді көздейді. Банк менеджерлері үшін бұл жерде екі нәрсе маңызды: біріншіден, инвесторларға қатысты тәуекелді төмендету үшін барлық тәуекелді активтерді қоржынға біріктіру; екіншіден әрбір жеклеген активтер бойынша тәуекелдің деңгейін жалпы қоржынғе шаға отырып өлшеуге болатындығы. Осы теориялық тұжырымдама негізінде, қоржын тиімділігі деген ұғымның критерийлеріне тоқталсақ, ол күтілетін кез келген нарықтық тәуекел жағдайында табыстың қамтамасыз етілуі және күтілетін кез келген табыс деңгейінде тәуекелді барынша төмендетуді көрсетеді. Іс-жүзінде аталған теория тәуекелді активтердің ықшамды қоржынын қалыптастыру тәсілдерін анықтап бере алды.

Екінші теориялық тұжырымдама Капитал құрылымының теориясы. 1958 жылы бұл теорияның негізін қалаушылар Франко Модильян мен Мертон Миллер болды. Олар өздерінің бірқатар еңбектерін, соның ішінде «Капиталдың құны, корпоративтік қаржылар және инвестиция теориясы» атты жұмыстарын капитал құрылымын ықшамдауға арнады. Осы теорияға байланысты кез келген фирма немесе банк өзінің ықшамды капитал құрылымына ие болуға тиіс, яғни ол фирманың не банктің меншікті және тартылған қаражаттарының шекті қатынасы оның нарықтық құнынына ықпал етуге тиіс. Капиталдық құрылымын ықшамдаудың критерийіне акциялардың бағамдық бағасымен бейнеленетін банктің нарықтық құнын арттыру жатады. Бұл теория банктің капиталының ықшамды құрылымын бағалауға мүмкіндік береді. Мұндағы банктің капиталы деп оның меншікті және тартылған қаражаттары түсіндіріледі.

Келесі теориялық тұжырымдамаға Агенттік қатынастар теориясын жатқызуға болады. Бұл тұжырымдаманың авторларына американдық зерттеушілер Майкл Дженсен мен Ульям Меклинг жатады. Олар 1976 жылы «Фирманың теориясы: басқарушылық мінез-құлқы, агенттік шығындар және меншік иелерінің құрамы» деген еңбектерінде акционерлер мен менеджерлердің, сондай-ақ акционерлер мен кредиторлардың арасындағы өзара қарым-қатынас заңдылықтарын ашады. Акционерлер мен менеджерлер арасында олардың мүдделеріне байланысты теке-тірестердің болу мүмкіндігін айтады. Себебі, акционерлер үшін басты мақсат бұл акцияның құнын көтеру арқылы фирманың немесе банктің нарықтық құнын арттыру, сол арқылы дивидендтердің мөлшерін ұлғайту болса, ал менеджерлер үшін ең бастысы фирманың немесе банктің мөлшерін өсіру, билікті арттыру, мәртебені және айлықты өсіру болып табылады.

Осындай теке-тірестерді болдырмау үшін менеджерлерді ынталандыратын, шектейтін және жауапқа тартатын жүйені жасау қажет, және ол өз кезегінде агенттік шығындардың болуын қажет етеді. Сол арқылы менеджерлер қызметін материалдық ынталандыра отырып, оның тиімділігіне қол жеткізуге болатындығын айтады.

Өзге агенттік теке-тірес бұл акционерлер мен кредиторлар арасында болуы мүмкін. Ол егер акционерлер менеджер арқылы фирманың немесе банктің құнының өсуін талап етсе, онда мұндай жағдайда кредиторлардың мүддесі аяққа тапталады. Мысалы акционерлер менеджерлерге біршама тәуекелді жобаларды жүзге асыруға итермелеп, бірақ кредиторларға беретін пайыз мөлшерлемелерін көтеруге қарсы болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бір жағынан менеджерлер акционерлердің, екінші жағынан кредиторлардың агенті болу арқылы ғана қаржы ресурстарының иелері арасында балансты ұстай алады.

Банктегі қаржы менеджментінің теорияларының біріне өтімділікті басқару теориясы жатады. Өтімділікті басқару теориясы іс-жүзінде коммерциялық банктерді пайда болуымен және дамуымен бірге пайда болған. Бастапқыда банк өтімділігіне қатысты екі көзқарас қалыптасады. Бірінші көзқарас бойынша активтердің құрылымы өздерінің мерзімдеріне қарай пассивтердің құрылымына сәйкес келу қажет болды. Сонымен қатар бұл өз кезегінде банктердің өтімділік үшін белсенді саясат жүргізуге тиістігін талап етті. Осы бір теориялық тұжырым негізінде банктің қаржылық талаптарының мерзімдері мен шамасы бойынша, оның міндеттемелерінің мерзімдері мен өлшемдеріне сәйкес болуы қажет деген «банктің алтын ережесі» қалыптасты.

Екінші көзқарас бұл банктің балансының активтері мен пассивтерінің шынымен сәйкес келмейтіндігін тұжырымдады. Бұл көзқарас бойынша кез келген ірі коммерциялық банк қаржы-несие құбылыстарының салдарынан сақтандырылмаған, нақтырақ айтқанда экономикалық дағдарыстардан, банкроттықтан, ссудалар бойынша төлемсіздіктен, несие нарығындағы сұраныс пен ұсыныс конъюнктураларынан және өзге де теңгерімсіз нарықтық қатынастардан.

Қазіргі кезде банк активтерін басқару үш әдістемелік бағытқа негізделген.

Біріншісі – коммерциялық банк өтімділігін сақтай алады, егер оның активтері қысқа мерзімге орналастырылып, сондай-ақ олар уақтылы қайтарылатын болса.

Екіншісі – коммерциялық банк өтімді болуы мүмкін, егер ол өзінің активтерін қолма-қол ақшаларға өзге кредиторлар мен инвесторларға сата алса.

Үшінші – коммерциялық банктің өтімділігін жоспарлауға болады, егер де несиені қайтару кестесін қарыз алушының болашақтағы табысы негізінде құраса.

Осы үш әдістемелік бағытқа активтерді басқарудың үш теориясы сәйкес келеді: коммерциялық ссудалар, ауысымдылық және күтілетін табыс теориялары.

Бастапқы үш теория банктің активін басқарумен тікелей байланысты. Коммерциялық ссудалар теориясының түбірі XVIII ғасырдағы ағылшынның банктік тәжірибесімен байланысты болды. Коммерциялық ссудалар теориясы негізінде банктердің өтімділігін басқару туралы көзқарасты А.Смиттің еңбегінде былай деп береді: «Банк вексель үшін төлемді қарыз алушының қарыз берушіге берген векселін есепке алу кезінде төлейді, кейіннен вексельдегі мерзімнің өтуіне қарай қарыз алушы банкке пайдаланған сомасы мен оған есептелетін пайызын қайтаруға тиіс».

Бұл теорияны жақтаушылардың пікірінше коммерциялық банк өзінің өтімділігін сақтауы үшін ол өзінің активтерін өз уақытында қайтарылатын қысқа мерзімді ссудаларға орналастыруға тиісті. Басқаша айтқанда, банктер тауарлардың өндірушіден тұтынушығы дейінгі қозғалысын қаржыландыруға тиіс деп түсінген. Бұл көзқарас бүгінгі күнгі банктердің тауарлар қорларын немесе айналым қаражаттарын толықтыруға беретін қысқа мерзімдік несиелерін сипаттайды. Аталған теорияның жақтаушылары банктердің сол уақыттардағы даму тарихында, олардың бағалы қағаздарға қаражат салуына, жылжымайтын мүлікті немесе тұтыну тауарларын несиелеуге, ауыл шаруашылығына ұзақ мерзімді несие беруге болмайтындығын айтады.

Коммерциялық ссудалар теориясы АҚШ-та 30 жылдардың аяғына дейін жетекші орын алды. Аталған теорияның негізгі қағидаттары АҚШ-тың ертедегі банктік заңдылықтарында жазылып, олар ФРЖ-нің мүше банктердің вексельдерді қайта есепке алуға қатысты көрініс тапты. Бұл жерде есепке алынатын коммерциялық және ауыл шаруашылық вексельдер, біріншіден, стандартты ауыл шаруашылық немесе өзге де тауарлармен, материалдық құндылықтармен қамтамасыз етілуге тиіс, екіншіден, олардың мерзімдері 90 күннен аспауы тиіс.

Бірақ та коммерциялық ссудалар теориясы, өзінің кемшіліктеріне қарамай бүгінгі күні де өз мағынасын жоғалтқан жоқ. Оның себебі, негізгі құралы коммерциялық вексель болып келетін өтімділікті басқару теориясы бүгінгі күні ауысымдылық теориясымен байланыс табуда.

Ауысымдылық теориясының жақтастарының пікірлері бойынша банк өтімді бола алады, егер оның активін басқа кредиторларға немесе инвесторларға сатса. Егер несиелер мерзімінде қайтарылмаса, онда ссудаларды қамтамасыз етуге берілген тауарлы-материалды құндылықтар нарықта қолма-қол ақшаларға сатылуы мүмкін, сондай-ақ қаражат қажет болған жағдайда Орталық банк қайта есепке алу арқылы банктерді қайта қаржыландыруы мүмкін. Демек жекелеген коммерциялық банк өзінің өтімді қаржаттарға деген қажеттілігін қамтамасыз етуі үшін үнемі сатып жіберетін активтерін ұстауы тиіс. Сонымен бірге банк жүйесі өтімді болуы үшін, орталық банк банктердің қайта есепке алуға ұсынатын активтерін сатып алуы тиіс.

Ауысымдылық теорияның мәні банк өзінің қысқа мерзімді ресурстары мен талап етілетін міндеттемелері есебінен ұзақ мерзімді активтік операцияларды жүзеге асыруы мүмкін. Мұндай активтік операциялар банкке коммерциялық вексельдерді немесе қазынашылық вексельдерді, облигацияларды және өзге де бағалы қағаздарды сатып алуға мүмкіндік жасайды. Қысқаша айтқанда аталған теория банктің активтік операцияларында жоғары сапалы бағалы қағаздардың болуын және сол бағалы қағаздар нарығының дұрыс қызмет етуін талап етеді.

Күтілетін табыстар теориясына сәйкес банктің өтімділігін қарыз алушылардың болашақтағы табыстарынан түсетін несиені қайтару кестесіне негіздей отырып жоспарлауға болады. Бұл жерде банк өтімділігін басқаруда несиені қамтамасыз ету құралына сенгеннен гөрі, қарыз алушылардың несиені қайтаруынан түсетін табыстың пайдасы жоғары. Сонымен қатар банктер әр түрлі өтелім мерзімі бар бағалы қағаздарды таңдап ала отырып, олардан түсетін табысты да болжай алады. Аталған теория банктің өтімділігіне несиелер мен инвестициялардың өтелу мерзімдері бойынша құрылымын өзгерту арқылы ықпал етуге болатындығын куәландырады. Бұл негізінен қысқа мерзімді ссудалардың ұзақ мерзімді ссудаларға қарағанда, немесе тұтыну несиелердің ипотекалық несиелерге қарағанда біршама өтімді екендігін көрсетеді.

Бұл теория қазіргі кездегі несиенің жекелеген түрлерінің, соның ішінде фирмаларға берілетін қысқа мерзімді несиелердің, тұтыну несиелерінің, жылжымайтын мүлікті кепілге алып берілетін несиелердің дамып отырғандығы мойындайды. Мұндай несиелердің ортақ қасиеті, олар банктің өтімділігін арттырады. Себебі, әр ай сайын негізгі қарыз бен оған есептелетін пайыз ретінде қайтарылатын төлемдерге ие банктің несиелік қоржыны біршама өтімді және олардан түсетін қолма-қол ақшалардың түсімін оңай жоспарлауға болады. Түскен ақшалай қаражаттарды пайдалануға немесе банк өтімділігін қолдау мақсатында әрі қарай инвестициялауға болады.

Бұл теорияның да өзіндік кемшілігі бар, яғни банк өзінің активтерін мерзіміне өзгертетін болса, кейде оның пайыздық табыстары бойынша болжамы тура болмай шығып, ондай жағдайда банк зиян шегуі мүмкін.

Пассивтерді басқару теориясы 60 жылдары АҚШ-та пайда болды. Оның жақтаушыларының көзқарастарынша банктер өтімділік мәселелерін нарықтан қосымша қаражаттар тарту арқылы шешуге болатындағын айтады. Осы теорияны әуелде ірі қаржы орталықтарының жетекші банктері қолдаса қазіргі кезде, оны пайдалануы банктер саны артып отыр. Олардың қатарында біздің отандық банктерімізде баршылық /23, /.

Пассивті басқару теориясы негізінен банктердің салымшылардын және өзге кредиторлардан қосымша қаражаттарды тарту арқылы өздерінің өтімділіктерін сақтау операцияларын сипаттайды. Нақтырақ айтсақ, пассивтерді басқару бұл тартылған қаражаттар құрылымын өзгерту жолымен өтімді қаражаттарға деген қажеттілігін қанағаттандыру шараларын білдіреді.

Жеке және заңды тұлғалар банктерге өздерінің қаражаттарын сақтауға тырысады, себебі банктер олардың сақталуын, табыстылығын және кез келген уақытта қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Сырттан қаражаттарды тартуда банктер белгілі бір тәуекелге барады. Сол тәуекелді банктің пассивін басқаруда ескеруі қажет. Сонымен қатар пассивтерді басқаруда тартылған ресурстарға жұмсалатын шығыстар мен оларды орналастырудан түсетін табыстардың ара қатынасын ескеруге тиіс.

Банктер пассивтерін басқару арқылы өтімділігін сақтауда займдарға көбірек көңіл бөлуде. Соның ішінде отандық банктер бүгінгі күні шетелден қарыз тартумен әуестенуде. Көбіне олар шетелдік нарықтарға өздерінің бағалы қағаздарын орналастыруды және несие алуды кәсіпке айналдырған.

Сонымен қатар банктер Орталық банктерден немесе банк-корреспонденттерден несие алу арқылы өздерін өтімділігін қолдай алады. Әрине соңғылары банктер үшін қымбат қаражат көздерін сипаттайды. Сондай-ақ ондай қаражаттарды алуға барлық банктердің шамалары келмейді. Ұсақ банктер көбіне ірі банктерден қаражаттарды қарызға алады.

Банктердің пассивтерін басқаруда депозитік қоржынды басқарудың маңызы жоғары. Депозиттік қоржынның тұрақты салымдардан қалыптасуы банктің өтімділігін арттыра түседі. Мұндағы тұрақты салымдарға мерзімді салымдар жатады. Олар мерзімдеріне қарай қысқа, орта және ұзақ болып бөлінеді.

Коммерциялық банктердің пассивтерін басқару теориясы мынадай екі қағидатқа негізделеді:

- банк өтімділік мәселесін қосымша қаражат тарту арқылы, яғни оларды капиталдар нарығынан сатып алу арқылы шешеді.

Мұндай шаралар батыс елдерінде қолданылып келсе, бүгінгі күні біздің ірі банктеріміз де өздерінің акцияларын және өзге де бағалы қағаздарын шетелдің қор нарығына шығару арқылы қаражат тартып, өтімділігіне байланысты мәселелерді шешуге тырысуда.

- коммерциялық банктер Орталық банктерден және өзінің банк-корреспонденттерінен займдар алу арқылы да өтімділігін қамтамасыз ете алады.

Жоғарыда аталған теориялардың арқасында активтерді басқару әдістері, пассивтерді басқару әдістері пайда болып, оларды қазіргі отандық және шетелдік банктер тәжірибесінде қолдана бастады.

Банк активтері мен пассивтерін басқару бұл банктің қаржылық менеджментінің жүйесіндегі маңызды бағыттардың біріне жатады. Банктік қаржылық менеджменті бұл банктегі ақшалай ресурстарды қалыптастыру және орналастыру және ондағы кез болатын тәуекелдерді басқарумен байланысты шараларды білдіреді.

Қаржы менеджментінің прициптерін ғылыми негіздеуде банктің тұрақтылық теориясының маңызы ерекше. Ол теорияның көмегімен банктің тұрақтылығын бағалау және басқару әдістері негізделеді.

Жалпы банктегі қаржы менеджменті мынадай бағыттарды қамтиды:

- Стратегиялық және ағымдағы жоспарлау;

- Банктің саясатын қалыптастыру;

- Банк активін басқару;

- Пассивтерді басқару;

- Өтімділікті басқару;

- Табыстылықты басқару;

- Активтер мен пассивтерді басқару;

- Меншікті капиталды басқару;

- Несиелік портфелді басқару;

- Инвестциялық портфелді басқару;

- Тәуекелдерді басқару.

Банктік менеджменттің маңызды бағыттарының біріне банк қызметкерлерін басқару жатады.

Банк қызметкерлерін басқару мыналарды қамтиды:

- Еңбекті мотивациялау;

- Банктің ұйымдастырылу құрылымы;

- Кадрлардарды таңдау;

- Кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесі;

- Еңбек ақы төлеу механизмі және ынталандыру;

- Ішкі бақылау және аудитті ұйымдастыру;

- Қызметті өсіру жүйесі;

- Ұжымдағы қарым-қатынас прициптері.

Банктің менеджментінің мақсаты екі түрлі болады: экономикалық және әлеуметтік. Банктің экономикалық мақсаты – банктің қызметінде жоғары пайда алуды қамтамасыз етуді көздейді. Әрине банктік жоғары деңгейде табыс алуы тек қана банк қызметкерлері үшін емес сондай-ақ клиенттер үшін де пайадалы, яғни ол банктің тұрақтылығын және сенімділігін көрсетеді.

Банктік менеджменттің әлеуметтік мақсаты – банк банктің көрсететін қызметтері мен өнімдерінің клиенттердің қажеттілігін толық қанағаттандыруын қамтамасыз ету. Ол үшін банкті басқару жүйесіне маркетинг қызметі жақсы дамуға тиісті. Маркетингтік зерттеулерді ұйымдастыру арқылы банк клиенттердің сұранысына ие банк өнімдерін жасап, олардың бағасын анықтай алады.

Банктік менеджменттік экономикалық және әлеуметтік мақсаттарына жетуде банктік менеджменттік алдында мынадай міндеттер белгінеді:

- активтерінің шекті тәуекел деңгейінде банктің пайдалығын басқару;

- пайданың көлемін оңтайландыру арқылы банктің өтімділігін басқару;

- банктің тәуекелін басқару әдістемесін жасау арқылы тәуекелдерді басқару;

- банк қызметкерлерінің барлық потенциалдық мүмкіндіктерін пайдалану үшін қызметкерлерді басқару.

Банктегі қаржылық менджмент тұрғысынан басқару мынадай құралдарды қамтиды:

- банк қызметін жоспарлау;

- банк қызметін талдау;

- банк қызметін реттеу

- банк қызметін бақылау;

Банк қызметін жоспарлау банктің болашағын көруге, оның қызметінің ауқымын, саласын және мүмкін болатын нәтижелерін болжауға мүмкіндік береді. Банк қызметіндегі жосарлау процесі екі түрге: стратегиялық және ағымдағы жоспарлауға бөлінеді.

Жоспарлау мынадай сұрақтарды қамтиды:

- банктің статегиялық мақсаттары мен міндеттерінң мазмұны;

- банктік және жалпы экономикалық жағдайларға талдау жасау;

- банк стратегиясын жасау;

- банк ресурстарын бөлу механимі;

- жоспарлы көрскеткіштердің орындалуына бақылау жасау нысандары.

Банк менеджментін талдау - банк қызметін қол жеткізген нақты нәтижелерін болжанғандарымен, сондай-ақ өткен мерзімдердегі көрсеткіштермен салыстыру негізінде бағалауды білдіреді. Талдау қорытындылары банктің дамуының оң және теріс жақтарын, шығындарын, пайдаланбаған резервтерін, жоспарлаудағы кемшіліктер мен шешім қабылдаудағы сәтсіздіктерді анықтауға мүмкіндік береді.

Банк қызметін талдау банктің балансын талдауға негізделеді. Талдаудың басты бағыттарына мыналар жатады:

- банк қызметінің көлемдік даму көрсеткіштерін бағалау, соның ішінде: банк активтерін, депозиттерін, меншікті капиталын, несиелерін және пайдасын бағалау. Бағалауды басқа банктердің осындай көрсеткіштерімен салыстыру арқылы банктің банк жүйесіндегі орнын немесе рейтингін анықтауға болады. Бұл талдаудың нәтижелері банктің даму стратегиясын жасауға мүмкіндік береді.

- ресурстық базаны бағалау: банктің ресурстарының көлемін, құрылымын және негізгі даму ағымдарын, депозиттердің тұрақты және тұрақсыз бөліктерін анықтайды;

- банк активтерінің сапасын бағалау: банк активтерінің көлемін, құрылымын, және даму ағымын бағалау арқылы табыс әкелетін және әкелмейтін, тәуекелді және тәуекелсіз, өтімді және өтімсіз активтер құрамын анықтау. Мұндай талдау нәтижесінда банктің несиелік, ивнестициялық, активтерді және пассивтерді басқару саясаты жасалады.

- қаржылық коэффициенттерді, олардың нормативтік мәндерімен салыстыру арқылы, көрсеткіштердің өзгерісіне ықпал етуші факторларды айқындау, аквтивтер мен пассивтердің мерзімдері мен сомалары бойынша сәйкестік дәрежесін анықтау негізінде банктің өтімділігін бағалау. Бұл талдаудың нәтижелері банктің өтімділігін басқару саласында стратегиясы мен тактикасын анықтауға мүмкіндік жасайды.

- банктің табыстылығы мен пайдалылығын, активтердің тиімділігін, банк табыстары мен шығыстарының құрылымын сипаттайтын сандық және сапалық көрсеткіштерді есептеу көмегімен банктің балансының мәліметтері және пайдасы мен зияны туралы есебінің негізінде банктің табыстылығын бағалау. Бұл талдаудың нәтижелері банк табыстылығын басқару саласында саясатын жасауға негіз болып табылады.

- серіктес-банктердің қызметін талдау және бағалау. Бұл талдаудың нәтижелері банк үшін несиелеу лимиттерін белгілеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар банктер өз қызметінің өзге де бағыттары бойынша талдау жұмыстарын жүргізеді, соның ішінде несиелік портфелді, инвестициялық портфелді, клиенттердің несиелік қабілетін, меншікті капитал жеткіліктігін, пайыздық маржаны, жекелеген операциялар мен бөлімшелердің пайдалылығын, өтімділік көрсетіштерін талдайды.

Банк қызметін реттеу және бақылау ҚР Ұлттық банкінің және ҚР Қаржылық қадағалау агенттігінің қоятын талаптары мен нормативтерін орындауға бағытталады.

Банк қызметін реттеу және бақылау екі түрге бөлінеді: сыртқы және ішкі. Сыртқы реттеу және бақылауды ҚР Ұлттық банкінің және ҚР Қаржылық қадағалау агенттігі жүргізсе, ішкі бақылауды банктегі ішкі аудит қызметін жүзеге асырушылар: Банк кеңесі, тиісті лауазымы бар менеджмерлер, банктің ішкі бақылау қызметі іске асырады.

Ішкі бақылау және реттеудің басты мақсаты – банктік заңдарды, ҚР Ұлттық банкінің және ҚР Қаржылық қадағалау агенттігінің қоятын талаптары мен нормативтерін және ішкі банктің ережелері мен нұсқаулықтарын орындаудағы ауытқуларды, банк қызметіндегі теріс кемшіліктерді анықтап оларды қалпына келтіру шешімдерін қабылдау, инвесторлардың, банктің және оның клиенттерінің мүдделерін қорғау.

Демек, банктік менеджмент бұл банктің тұрақтылығына, ресурстардың табыстылығына және клиенттердің тұрақтылығына қол жеткізу мақсатында тиісті ұйымдастырушылық құрылымдардың банк ресурстарының үздіксіз және уақтылы қозғалысын қаматамасыз етуде қолданылатын басқару шешімдердің жүйесі.

Банктік менеджмент құрылымы банктің сипатына және ұйымдастырылу құрылымына қарай ерекшелінеді. Банктік менеджмент қызметін жүзеге асытын ұйымдастырушылық қызметтерге мыналар жатады:

- жалпы акционерлер жиналысы;

- директорлар кеңесі;

- банк төрағасы;

- төрағаның орынбасарлары;

- департамент директорлары;

- департамент директорының орынбасары;

- басқарма бастығы;

- басқарма бастығының орынбасары;

- бөлім бастығы;

- Несиелік комитет төрағасы;

- Активтерді және пассивтерді басқару комитетінің төрағасы;

- Кадр бөлімін басшысы;

- Өзге де қызметтер басшылары.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 320; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.007 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты