Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Екеуі де туғанда нысаналы 3 страница




Ләйлә. Жақындама! (жылап сөйлейді) Арзан өңештің құлы болған санасыз Қарауыл. Өспей, жетілмей қалған мүгедек Қарауыл. (Жерді тепкілеп, өзін-өзі ұрып, еңірейді). Кім малданса, соған сенген аңқау, өз баласын өзі жеген қорқау Қарауыл. Өтірік пен өсекке желдей ескен тұл, Қарауыл[638].

Фольклорлық ұғымдар, сарындар жаңа эстетикалық мақсаттар үшін пайдаланылады. Ләйлә бойында асқан романтика, шынайы махаббат, еркіндік басым. Ләйләнің өлімі – пісіп жетілген заңды да табиғи трагедиялық шешім.

Адамдық пен арсыздықтың, аярлық пен адамдықтың айқасында екі айырылған топ бар. Бірі – қараңғыны сәулесімен жарық еткен Айды серік еткен бейкүнә жан Ләйлә. Екіншісі – біреудің бақытсыздығынан байлық тапқысы келетін сырты жылтыр депутат пен оның айтқанына көніп, Ләйләні саудаламақ болған сүйген жігіті Құмар мен туған нағашы тәтесі.

Ләйлә: – Жамандықтың белгісі болғым келмейді, жақсылықтың тек жақсылықтың, сұлулықтың белгісі болып қалар ем. Өкінішпен өртеніп күл болғанда, ішім солып, жаным семіп, зарменен у толғанда, жасырынып жер астына кірмеске шарам қайсы. Жүдеген жанның ләззәтін тыныштықтан, үнсіздіктен табармын. Сумақай тіл мен жылмақай көзден тартынып, өзімді-өзім жасырып күн көремін.

Қатира: – Сәл, кідіріп сабыр сақтап тыңдашы! Сенсіз маған Қарауылда не қызық, не өмір бар? Көңілімдегі медетім емес пе едім. Айналайын жүрегіңнен, айналайын... Өкпелеп жапа шеккен жаныңның садағасы болайын. Тыңдашы мені, ұқшы, ұғып кешірші мені. Жаман ойдан тиылып, сен шықпасаң бұл жерден мен кетпеймін. Қарағым-ау, сұмдықты тағы қайдан ойлап таптың. Жер астына тірідей қыз көміліп жыласа, жамандық емей немене. Кешірмейді Қарауыл. Қаралы шешім қабылдап, қаралы шекпен жамылып, көрқұдыққа түскеніңнен шошынады Қарауыл.

/Ләйлә қолындағы шырағын көйлегіне жақындата береді. Лаулаған от Ләйләні жұтад[639].

Адамдар бойын жайлаған қатыгездік, зұлымдық, мансапқорлық мінездерге қарама-қайшы аса нәзік те сыршыл жүректі Ләйлә өз жанының жарығын түсіргісі келеді. Бірақ ол – жалғыз. Осы жалғыздық оны халық санасына жат тосын шешіміне әкеледі. Ол – өз көрін өзі қазып, жерге кіру. Авторлық ұстанымдағы кіршіксіз жүректі, бейкүнә пәк сезімді сақтаудың бірден-бір жолы осы. Бұл арқылы Ләйлә өз биігінде қалады.

Бүкіл шығармаға шырай беріп тұрған Ай мен ай сәулелі арудың жарығы да бірге сөнеді. Бұл ақтық трагедиялық халде фольклорлық символикаға жүктелген.

Қатира: – Есіңді жинап, түсінші әуелі. Жақсылық та, жамандық та екеумізге ортақ. Екеумізге жеңіл болсын, екеумізге жақсы болсын деген шығармын. Атасына нәлет, доллары құрсын. Сен жанымда болсаң болды, қарайып жүрсек болды, жарығым.

/Екеуі де жылап тұр. Ләйләнің шыңғырып, жан даусы шығады. Жүгіріп, сүріне қашады. Қатира соңынан қалмайды. Ләйлә басын шайқайды. Қатира тұтылған Айды көреді./ О, жарықтық! Мұның не? Күннің тұтылғанын білуші едім, Ай тұтылғанын кім көрген. Қарауылдың сүттей аппақ жарық Айы /Қолын созып, жылайды/ Мұның не, жарықтығым! /Ләйлә өзіне жер қазып жатыр/

Қатира: – Бұрынғыдай толықсып, сән бермейді десейші. Түннің көзін түріп ашып, көз ұшында сырғымайды десеңші.

Шығармадағы тағы бір трагедиялық образ – Шөкіш. Кезінде «ақ келін» атанып, ел-жұрттың аузына іліккен жас келіншектің ішкі қасіретін ашу үшін автор ежелден белгілі аруақпен тілдесу (құрбысының, Ләйләнің шешесімен рухымен сырласу) сарынын ұтымды пайдаланады.

Құрбысы. (Ләйләнің шешесі, шыңғырып екі алақанымен құлағын басады.) жолама! Аулақ, аулақ жүр. Жолама...

(Жынды Шөкіш елеске күліп, мәз боп отыр)

Жас Шөкіш. Мені құдай аяған жоқ. Ішке біткен шаранаға жалғыз көз, жалғыз құлақ, жалғыз қол ғана берді. Адам болады ғой деп тұрмысың, оны. Жомарттығы қайда құдайдың? Құдайдың қарғысына қалардай кінәм қайсы? Ақ неке, адал жардан тумап па еді? Сен айтшы, бірге өстік қой. Кінәм не?

Құрбысы. Өз қолыңмен өлтіргенше, өткізбедің бе, өкіметке. (Шөкішті бас салады). Өткізе алмадың ба деймін.

Жас Шөкіш. Бұл қорлағаным аздай-ақ тағы қорлануым, қорлатуым керек пе еді. Соны айтпақпысың? Өз баласын өлтірген қарабетке өмірдің не сәні бар. Құдайдың жазасын күтіп, жақсылықтан дәм етер жайым жоқ. Жазамды өзім кестім. Қарауылды жалаң аяқ, жаяу кезіп, қаңғып өтем. Жырым-жырым болып, жынды Шөкіш атанамын. Елге күлкі, көзге түрпі, жұртқа мазақ қор Шөкішпін. Жазам осы![640]

Трагедияның және бір ерекшелігі – мұнда қаһарман өз еркінен тыс қателіктер жасауға душар болатындай жағдайға тап келтіріледі; кейіпкер қателеседі, адасады, ал оны осы күйге белгілі бір жағдай мәжбүр етеді.

Құрбысы. (Ләйләнің шешесі) Не дейсің? Не тантып тұрсың? Жина, есіңді.

Жас Шөкіш. Жас күшіктей көзін ашпай жатып, тағдырдан қарғыс тамыт кигенше, өлгені... өлгені өзіне жақсы. Адамның қоры болып, сүйретіліп мың рет өлгенше, бір-ақ рет өлсін. Өлтірдім (сыбырлайды). Өлтіріп келіп тұрмын.[641]

Трагедияда қаһарманның қателік жасауын, адасуын кездейсоқ нәрсе деп қарауға болмайды, характердің табиғи сипатынан, тарихи қажеттіліктен туған жай-күй деп қарау керек. Трагедиялық қателік трагедиялық қайшылықтардың сырын ашады.

Сондай-ақ Шөкіштің Тәңірмен тілдесу сарыны қасіретті келіншектің ішкі әлемін ақтарудың амалында алынған.

«...Ау, Тәңір ием! Наһақ айтып жаңылып, күнәға батсам – менің азғаным. Көргенімді айтып, бетіне таба қылсам – кімнің азғаны? Адастырдың ғой біздерді? Әлде, Тәңір жолынан адасып, ынжық болған өзіміз бе? Әлде құдіретіңді қор қылмай, өздерін-өздері жер бетінен жойсын дегенің бе? Білетінім, сен жаратқан сұлулықты жалаңаштап, ақыры, бүлдіріп тындық. Бәлкім, бүлінгенін өзің де қалаған шығарсың. Сондағың Тәңірден асқан шебер жоқ дегенің бе? Сен де өзімшіл ме едің. Неге үнсізсіз? Тәңірі үнсіз болса, ұлылығын қайдан білеміз. /айқай салады/ Құтқарам Қарауылды. Жер астына тірідей кіріп, көмілген қаруды кеміріп, жалмап, жұтып, жоямын. Уды жеген бұл Шөкім адам емес, аждаһаға айналар. Сонда менен сенің өзің шошынарсың, Тәңірім! А...? А...? А...? аааааа...ааааааа... Басым... Ба...а...а...сым. О, сұмдық-ай, не болды маған? Ба...а...а...сым» /құлайды/ [642].

Трагедия – драматургияның ең қиын да, күрделі де жанры. Өмірде кездесетін әр алуан қайғылы халдің кез келгені трагедиялық конфликтіге арқау бола алмайды. Қоғамдық, әлеуметтік зор мәні бар конфликт ғана трагедияның негізін қалайды, яғни трагедиялық конфликт – нақты өмірдің шындығын, тарихи мәнін әйгілейтін ірі характерлердің, жеңуге болмастай ерекше күшті қайшылықтардың тартысы[643].

М.Байсеркеновтің «Темір тұсау» (Абылай ханның аманаты) драмасындағы символдық ауыстырулар қазақтың ұғымына жатық түсініктерден туындап жатады. Халықтың өзіне ғана тән мінез ерекшелігі төрт түліктің төресі саналатын жылқы мінезімен астарланады.

Абылай. Құрық екеу болғанда, асау біреу. Асауың - қазақ десек, әл-әзір бұ халықтың бұғалыққа бойы үйренбей тұрған бойлауық кезі. Құрық көрсе, құбыжық көргендей аспандағы айға шапшитын шағында. Енді осындай қайсар жұрттың тарпаң табиғатын жасытып алмай, ауық-ауық жанып отыратын жалынды басшысы болса етті. Өйтпеген күнде жігері жасып жалтақтауға айналған ел тез жүнжиді. Жігерсіз, жасық жұрт құлдыққа оңай көнеді. Құлдық қамытына мойын ұсынып еңкейген елдің еңсесін енді қайтып көтере алмайсың. Мойнын ішіне тығып алып, басын бұқитып бұқпантайлап жүре береді. Елдің еңкеймей, тік тұрған еңсесі түспесін. Ерте білер ел шықса, ере де білген қазақ жылқы мінездес Қазақ қара дауылға қарсы топырлай шауып, қайыру бермес, қара нөпір жылқы тәрізді, оңдала алдынан қайырушы шығып үркіте алса, кейін қарайлап беріп, өзіңді таптап кетуден де тайынбайды. Сондай шақта сойыл емес, ақыл керек. Айғайға аттан қосып, делебесін қоздырып шапқан үстіне шапқызып, орайын тауып, оп-оңай білуің керек[644].

Драмада қазаққа қауіп төндіріп түрған көрші екі ел - Ресей мен Қытай екі басты айдаһарға баланады. Абылай сезінген бұл қауіпті Бұқар да сезінеді. Екеуі осы аждаһаға жұтылмаудың амал-айласын қарастыратын сөздері арқылы тартыс өрбиді.

Абылай (кеуде тұсын уқалап). Құлқыны кең қос қомағайдың ортасында отырмыз. Әулием. Бірі – сары, бірі – қара айдаһар... Бейқам жүріп, бейбіт жатқан еті үйренген аңқау жұрт ұйқысырап барып, араны ашылған аш айдаһардың өңешінен өтіп кетпесін қайдан білдің. Түйені жүгімен, биені түгімен жұтып дәніккен жұтқыншаққа жұмыр бола қояр ма екенбіз. Еліңмен қосып жеріңді қабат жалмамай, бүйірі шығып, бүйрегі майланар ма? Сарыарқаңның саумал самалы, жұпар далаңның жусан иісі ас талғамайтын ашқарақ айдаһардың танауына бармас деймісің[645].

Сондай-ақ Қ.Мырзалиевтің «Жаралы жолбарыс» пьесасындағы екі басты Самұрық құс та символдық мәнге ие. Ол Ресей патшалығының екі түрлі саясатын меңзейді. Махамбет монологында:

– Жоқ, кінәлі.

– Мына қырға қыналы кикілжіңмен қағып отыр сынаны! Орынбордың саясаты. Қай қылық һәм ордалық қорқақтығы кінәлі. Сахарада көлеңкесі көлеңдеп, Самұрық құс шүйлігіп жүр төбеңде. Сене алмаймын озбырлығын қазақтың, Осы Орынбор көрмей отыр дегенге.

 

Өлеміз деп тәуелсіздік жолында

Ат жалында жүрдік түйе қомында

Бір кездегі хандығың мен паңдығың,

Енді орыс әскерінің қолында.

 

Жас балапан елдігіңе шүйілді,

Басы бөлек, денесі бір екі құс[646], –

 

дейтін мысалдарда астыртын, жымысқы саясатты сынайды.

Сондай-ақ осы шығармада ақынның көрген түсі мен оны өзінің жоруы ақын ажалының символы ретінде беріледі. Байырғы эпикалық жыр дәстүрінде де солай. Өйткені, батырлық жырдағы көрген түс пен болған /я болатын /істің арасында алшақтықтың жоқтығына бүкіл көпшілік мойындаған осы дәстүр түп қазық болып алынуы ықтимал. Түс пен өңнің арасындағы сәйкессіздікті эпос жоққа шығарады. Бұл өзгешеліктің эпос поэтикасына да тікелей қатысы бар. Себебі, түс көрудің себебінен жолға шыққан батырдың барған жерінде ешқандай өзгеріс болмаса, яғни түстегі көргені өтірікке шықса, ұзақ жол жүріп, арамтер болған қаһарманды суреттеудің ешқандай да мән-маңызы жоқ. Сондықтан да мұндағы түстің атқаратын қызметі бір бағытта, бір жақты. Оны ойнақшытуға, мағынасын олай да, бұлай да бұрмалауға жол жоқ. Түс міндетті түрде шындыққа айналады.

 

Айтпайын-ақ деп ем...

Түнде жаман түс көрдім:

Төбемнен қара құс көрдім!

Әр бұтасы бейтаныс

Әлем көріп жүр екем.

Өзім басым өзіме

Сәлем беріп жүр екен.

Басты халық айтады

Жаратқанның добы, – деп[647].

 

Талданған драмаларда өмірдің өтпелілігі, уақыттың шапшаңдығы ұшқан құстың әрекетімен сипатымен баламаланады.

Мысалы: Бұқар. Е, Өмір шіркін, құйрықты құс емес пе?.. Тұмсық тірер шеті жоқ шексіз дүниенің түпсіз тұңғиығына сүңгіп, қанаты талғанша самғай берсе керек. Бұрын-соңды бұ қу дүниенің асты-үстін бірдей кезіп, шетіне шықты деген пенде баласын естіген құлақ жоқ.

Шығармадағы түс көру мотиві алдағы қауіп-қатердің тұспалы. Өң мен түстің арасында бір топ шәу қарғаның шаңдатып, орда үстінен өтуінен байланысты хан мен жырау әңгімелесуіндегі Сарыала қаз туралы ойлар арқылы келе жатқан қауіп пен астыртын жауыздықтың сипаты меңзеледі.

Фольклордағы құс бейнесі сан алуан. Қыран құс – еркіндіктің, биіктіктің символы болса, қарға-құзғын – жамандықтың хабаршысы. Осы ой – драмада астарлы ой айту құралы.

Абылай. Дүниенің астындағысын алла білер, мен үстіндегісін айтайын. Өз құлағыммен естімесем, өзгенің айтқанына өмірде сенбес ем. «Жайлы жатып, жақсы ұйықтаңыз» деп өзің шығып кеткен соң жел тұрып, дауыл көтерілді де, көл тулап, тоғай шулап, азан-қазан болып кетті емес пе? Көкшенің қарағай-қайыңы, сай-саласы мен сексен көліне дейін боздап қоя берсін. Сол сол-ақ екен тақ төбемнен, аспан астынан бір үйір иттің шу етіп үріп қоя бермесі бар ма? Ұйқы келмей алағызып отырған қайран басым, алғаш естігенде кәдімгідей-ақ апалақтап қалдым. Шиебөрідей шулап біресе әуелеп, біресе төмендеп, Орданы шыр айнала ұшып, тас төбемде әупілдеп үрді де жүрді. Аймақтағы ауыл иттерін жел көтеріп кетті ме дейін десем, бұл өңірде ит тұрмақ итаяқ ұшырған дауыл болды дегенді естіген емен. Тіпті, шаңырақ шағып, кереге қирататындай күшті жел де соққан жоқ сияқты еді ғой. Ойлап-ойлап осы қияметтің жұмбақ сырын тарқата алмай, айран-асыр болып отырған жай бар, қария... Бұл не қияпат?!

Бұқар. Құйрығын шаншып, құбыладан шыққан құйын қуып келді ме, құйқылжып жүріп құдай жолынан адастырды ма, әйтеуір, лағып келіп лаң салып кетті ғой, тәңір алғырлар... «Қызыл тұмсық шәу қарға, қыздан өткен жау бар ма?» деп мақал айтар еді бұрынғының кісісі... Сол шәу қарғамыз осы. Ит боп үріп, қасқырша ұлитын кездері болды. Қанаты қырқылғырлардың қай жерді мекендеп, қай кезде балапан өргізетінін білем дейтін кісіні көрген де, естіген де емеспін...

Абылай. Ескі молаларды үңгіп, адам мәйіті жерленген көрдің ішіне ұя басатын сарала қаз болды. Екі-ақ жұмыртқа табады. Біреуінен аспандағы құспен жарысатын құмай тазы туды. Тазы шығатын жұмыртқаны танып қалса, енесі жарып тастайды. Әлдеқалай тірі қалғаны жұмыртқаны жарып шығып, дала кезіп, адам аяғы баспайтын таса жерде жасырынып жүреді. Алда-жалда тұтқын болып, қолға үйренсе, түздің тағысын қоймайтын қандыауыздың өзі болады дегені естуіміз бар. Ал, енді, шәу қарға дейтін құс болады. Құйынды күні құтырып, көкке шарықтап, ит болып үреді дегенді білсем, не дейсің... Көп құқайды көрген басым. Мынадай құбыжықтың барын білмейді екем...

Бұқар. Осынау жалған дүниенің біз білмейтін құқайы мен құбыжығы көп қой. Хан ием!.. Бәрін біліп жатуға бақыр басты пенденің азғантай ғұмыры жете ме?.. Құдай қарғағыр, жамандыққа көрінеді деуші еді... Өз бастарына көрінсін...

Абылай. Өз бастарына көріне ме, жоқ, өзгелердің бастарына көріне ме, әйтеуір, шәу қарғалардың Орданы айналып ит болып үріп, Абылайдың төбесіне шүйілгені анық[648]...

Бұл келтірілген мысалдар қазіргі қазақ драматургиясының трагедиялық туындыларында фольклорлық сарындар мен символдардың тың тұрғыдан түлеп, жаңғырғандығының айғағы.

§2. Трагедиялық туындылардағы образдардың фольклорлық сипаты

 

Драматургия жанрларының ішіндегі айрықша түрі саналатын трагедия табиғатындағы сан алуан қайшылықтар мен тартыстар, сезім қақтығыстарын бейнелеуде де фольклордың атқарар қызметі сан-салалы. Ол сюжеттік материал, көркемдік композициялық құрылым, образ, мотив, тілдік көркемдік сапада да көрініс беріп, трагедияның жанрлық ерекшелігіне сай пайдаланылады.

«Трагедиялық жанрды оқыған яки сахнадан көрген адам орасан зор тебіреніске түсіп, сан алуан ойға қалып, кейіпкер қайғысын бөлісіп, бір алуан сезім толқынына бөленіп, қапалы ой құшағына енеді. Бұл идеялық-эстетикалық әсер ету ерекшелігін Аристотель – жан ашу, қорқыныш һәм қуаныш сәттерінің шарпысуынан туған ерекше күй деп атайды. Дәлірек айтқанда, көрерменді қаһарман қайғы-азабын бөлісу, оның ауыр тағдырынан шошыну және күнәдан құтылып, тазару сезімдері билеп, ол өзі сол халдерді бастан кешкендей, өзі өліп-тірілгендей болып толқымақ» 2.

М.Байсеркеновтің «Темір тұсау» (Абылай ханның аманаты) пьесасындағы Елестету – трагедия сюжетіндегі негізгі мотивтердің бірі. Өйткені, онда батыр хан Абылай майдан даласындағы өзінің ерлік істерімен, тұлпарымен, қарулас сарбаздарымен қауышады. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай аруақтарымен жүздеседі. Қазақтың қас жауы қалмақпен шыққан жекпе-жектері қайта жаңғыртылады.

Елес – өткен мен қазіргі уақыт ауқымындағы эпикалық уақыттың жиынтығы ретінде алынып, онда Абылайдың алғашқы ерлігінен бастап, ел-жұрт басқарып, қабырғалы хан болған тұсындағы әрекеттері мен ат үстіндегі батырлық жорықтарының тарихы жинақталған. Яғни елес арқылы хан бейнесі аңыздық проза поэтикасына сай дәріптелген. Себебі сұлтандар мен батырларды бейнелейтін аңыздағы дәріптеу-шарттылықтың бір түрі. Хан, сұлтандарды халық оның байлығы мен билігі үшін мадақтамайды. Керісінше, жауға қарсы күресте ерлік көрсетіп, ел бастағаны үшін және ең бастысы – елдің атынан сөйлеп, халықтың жоғын жоқтап, соның көрнекті өкілі бола білгені үшін дәріптейді1. Трагедиялық шиеленіс Абылай ханның ой-санасы мен сезімінде өтіп жатады. Өз хал-күйіне баға бере алмаған ханның жан толқынысын білдіру үшін автор жаратушыға қарата айтылған тілек мағынасындағы сөздерді пайдаланған.

«Тәңірім-ау, бұл не сонда... Не қылған елес?.. Әлде пері... Әлде жын... Бәлкім ордамды жын жайлап, пері мекендеген шығар. Сулы жердің перісі. Орманды жердің ордалы жыны болады деуші еді. Солар мені иектеп жүр ме? Жұрт жаңалап, орданы көшіріп, қоныс аударсам ба екен?.. «Мырс етіп». Самсаған сүңгі, жаңбырдай жауған жебеден жасқанбайтын Абылай... От басында... Ошақ қасында... Омалып отыр... опат болғаның ба... қан майдан... Қантөгіс үстінде... тіл тобарсып, қақырық кеуіп... сілекей сірне болған сәттерде... ат үстінен еңкейіп, хатқа тұнған қалмақтардың қанын ұрттап, шөл басқанда... қалың ұрып, қайратына қайта мінетін Абылай... Елес қуып өсіріп... сағымменен сайысып... ақыл-естен айрылған ба, біржола. Албастымен алысар бақсы болып кеттім бе? Ақылымнан алжасып, орда ішінде ордалы жынмен жағаласып сайқымазақ болғанша, қан майданда қас дұшпанымның қылышынан неге қаза таппадым?.. жан тапсырар жанталаста жау қолынан жазым болып, майданда өлген еркекте арман бар ма?.. Елін қорғап, жерін қорғап шейіт кеткен боздақтың барар жері жұмақ қой.... Елеске еріп, албастымен алысып... жынмен жағаласып... алжып өлгеннен асқан қорлық бола ма?.. Алты Алаштың аузында аруақ атанған ала тулы, асыл сүйек Абылай, хан Абылай жынданыпты деген не сұмдық... Құдай, алжытпай ал Абылайыңды2.

Трагедияның жанрлық сипаты тарихи тұлғаның белгілі тарихи істерін, ажал аузына тақаған тұстағы ақыл-ой арпалысымен береді. Бұл ұлы қолбасшы ханның ерекше қасиетін көрсету үшін мақсаты түрде алынған әдіс. Дерттен есі кірерлі-шығарлы болып жатқанның өзінде де халқы үшін ой түйіп, болашаққа көз жіберетін кемеңгерлігін баса көрсетудің көркемдік амалы. Яғни, бас кейіпкер “ханда қырық кісінің ақылы болады” дейтін ұғымға сай мадақталады. Бұл жазба әдебиеттегі трагедия жанрының да табиғатына сай келеді.

Өйткені, «трагедия қаһармандары сұм заманның қатігез әдеттерімен шайқаста опат болады; олардың алдарына тас қамалдай неше түрлі кедергілер, асу бермес тосқауылдар тұрады; трагедия асқақ рухты қайсар жанның алапат күресін суреттейді. Трагедия қаһарманы теңіздей сұрапыл тебірініс құшағында; ол өз ішіне терең бойлайды; қамырықты, қайғылы, азапты хал кешеді кедергі, қарсылықтармен қаймықпай күреседі»3.

Яғни, Елес – ханның қолбасшылық, батырлық әрекеттерінің өткен уақыты. Бұл уақытты автор халқы мен ханы, ханы мен батыры біртұтастықта болып, ғажайып күй кешкен ерекше дәурен етіп көрсетеді. Яғни мифтік уақыттың мазмұны пайдаланылған.

Жазушы ұлы тұлғаның ажал алдындағы көңіл-күйін өң мен түс арасындағы есалаң бір сезім-күй ретінде көрсетеді. «Мұнда сананың кіресілі-шығасылы эзотериялық сипаты, оноритикалық поэтикаға тән түсініксіз, үзік-үзік ой тізбектері, адамның бірде есі бар, бірде жоқ, о дүниемен бұ дүние аралығындағы шекаралық шақты шым-шытырық шатасқан сана, нәтижесіз қимыл-қозғалыс, мағынасыз мехнат арқылы ашады. Осы сәттердегі түс, елес, сандырақтау, жанталас әрекет, т.б. секілді толып жатқан көркемдік компоненттер кейіпкерлердің нақ сол сәттегі психологиялық ауыр хал-ахуалын, санадағы бейсаналы ойлау процестерін өте шебер бейнелейді.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 225; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.008 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты