Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Екеуі де туғанда нысаналы 4 страница




Өлім мен өмірдің жарқабағында тұрған жанның жан қалтарысында өтіп жатқан сәт сайын өзгермелі сезімдер мен сынаптай сырғыған ойлар тасқынын беруде де қос ағысты мән бар. Ол – өлім мен өмір, қуану мен қамығу, өкініш пен үміт арқылы ситуация мен адам жан дүниесінің қайшылығын ашу.

Абылай қасіреті мен қорқынышы – қара басының өлімінен биік. Ол –халқының арғы-бергісін алыстан болжап, ойлағанына ғұмырын жеткізе алмаған жан айқайы. Адамның уақыт, тағдыр алдындағы дәрменсіздігі. Яғни, халық қамы қабырғасын қайыстырған батыр тұлғаның қайратты өр қайғысы. Таразының бір басында аңдысын аңдыған ажал тұрса, екінші басында қалың елі қазағының қамы, көзінен жас, жүрегінен қан ағызған өткеннің ащы сабақтары мен болашаққа айтар аманаты тұр.

Трагедия табиғатында халық тарихының бірнеше кезеңін құшағына сыйдыратын фольклорлық эпикалық кеңдік бар. Ол Абылайдың ой-санасы мен сезім күйлеріндегі өткен дәурен мен бүгіннің сабақтастығы, қайшылығы арқылы бейнеленген.

Ханмен жыраудың кездесуінде қазақтың көңіл сұрау кәдесі көркемдік мән атқарған. Ол Бұқардай қарт жыраудың аузымен айтылып, ханның қапалы көңілін біраз уақыт сергітуге себепкер болады.

 

«Абылай науқас» дегенде

Жасын түсті беліме,

Қайғы түсті еліме,

Қара түн түсті еріме.

Иесіз мал бақтырмақ.

Болып едің еліңе.

Қалыңсыз қатын айттырмақ,

Болып едің теңіне.

Егін сап қала құрмақшы ең

Көктеу мен күзеу жеріме.

Кешегі жүрген ханым-ай,

Артықша еді-ау сәнің-ай.

Үйсіннен айтсам жүз кісі.

Арғыннан айтсам жүз кісі

Найманнан айтсам жүз кісі

Қалар ма екен жаның-ай.

Ақиығым, қыраным

Алтын тұғыр тұрағым,

Жасаған ием, қабыл ет

Мен болайын жолыңа.

Құрбандыққа атаған

Қара мойын лағың1.

 

Осындағы құрбандық шалу ұғымының көне мәні бар. Өлім арқылы игілік әкелу – ең көне замандардың сәулесі. Алғашқы қауымдық сананың дамып, ерте рулық дәуірдің белең алған тұсында табиғат қолайсыздықтары үшін тылсым иелеріне құрбандық шалу қалыпты іс болған. Құрбандық шалудың өзі бірнеше даму сатысынан өтті. 1) Өз еркімен, 2) Зорлау, күштеу арқылы, 3) Символдық тұрғыда атқарылу2. Мәселен: Патша өлгенде әйелі, балалары, тіпті, қауымының өзін-өзі ерікті түрде өлтіруі Үндістанда, Қиыр шығыста, Қытайда кең тараған дәстүр болған. Б.э. дейінгі 2-3 ғасырларда христиандыққа дейінгі славяндарда да күйеуінің артынан әйелі өлтірілгендігі, белгілі адамдар өлгенде жас қыздарды құрбандыққа шалғандығы туралы Г.А.Бернштам жазған3.

Бұл монғолдарда да 15-16 ғасырларға дейін созылып Алтын хан тиымымен тоқтаған.

Бұл салттың өлеңдегі өрнегі Абылайдың халық алдындағы беделін әсірелеуге жұмсалған.

Кешегі айбынды Абылайды дерт меңдеген ауыр халі үстінде көрсету арқылы драматург трагизмді тереңдете түскен. Елес арқылы батыр хан ойына оралатын қаруластарымен майдан даласындағы іс-әрекеттері мен қаһарымен қамал бұзған батырлық қасиеттері, ордаға амалсыз байланған науқас меңдеген тұсымен контраст түрінде алынады.

Түспен өңнің арасындағы екіұдай сезімінің дағдарысындағы көңіл-күй, өлім мен өмірдің ара жігінде тұрған адамның шынайы болмысын танудың психологиялық құралына айналған.

Автордың жаңа көркемдік әдісі арқылы Абылай ханның болмысындағы ерекше қасиеттері ашылған. Ол, ең алдымен, жаратылысынан дара қасиетке, ақыл-ойға, батырлық іс-әрекет пен кемеңгерлік, көсемдікке ие ғасырлардан келе жатқан фольклорлық тұлғаға сай сомдалған. Мәселен, «Фольклорда мифтік дүниетаным әлі толық жойылмай тұрған кезде пайда болған архаикалық эпостарда патша құдай бейнесі қалыптасады. Байырғы мемлекеттердің шығуымен байланысты патша билігі діни-мифтік салттармен, әдет-ғұрыптармен күшейтіледі. Патша құдайдың өзі, я болмаса құдайдың таңдап алған жердегі өкілі деп есептеледі. Оның бейнесі мифтік хаостың орнына тәртіп орнатушы тәңірлік символ дәрежесіне көтерілген /Ра, Мардук, т.б. құдай патшалар»1.

Ал мемлекеттердің шығуымен бірге табиғаттың көп құдайларына тән рольдер біртіндеп мемлекеттің билеуші патшасына көшіп, оларға киелілік қасиет телінген. Бұл байырғы түріктердің де тарихынан айрықша орын алғандығын:

 

Теңірі тег, Теңіріде болмыш

Түрік Білге қаған.

Тәңірідей, Тәңірден жаралған

Түрік Білге қаған2 –

 

дейтін жолдар айқындайды.

Шығарма екі негізгі кейіпкердің диалогына ғана құрылған.

Хан халық иесі болғанымен, оның табиғаты көне замандардағы «елден ерек жан», «тылсыммен тамырлас», «патша – құдай» ұғымдарымен төркіндес. Өйткені, көпті басқаратын тұлғаға телінетін осындай қасиеттердің астарында фольклорлық сана жатыр.

Өмір мен өлімнің ақтық бетпе-беті тұсындағы ханның ішкі болмысындағы сезім қақтығыстарына терең бойлау барысында Абылай хан образындағы батырлық сипатқа басымдық берілген. Ол: «тақымы тақтан емес, аттан тозған жан» ретінде дәріптеледі. Бұл қасиет – шығармада елес арқылы ханның жорық жылдарындағы ерлік істерін аңсауы, өзге батырлар рухын еске алуы арқылы кестеленген.

Шығармадағы алғашқы елесте Абылай өзін ат үстінде ұрыс майданының ортасында жүргендей сезінеді.

«...Таяз қабаққа шығып алыңдар... Ойлау жерге... Сай табанына жоламаңдар... Омбы қарға... Оппа қарға малтығып... опат болайын деп жүрсіңдер ме... Қайт!.. Аттың басын кері бұр!.. Қарсы бетке шығып кетіңдер... Ойға қарай шапқаны несі ей!.. Тау көрмеген бейбақтар ғой, өңшең... А, киімдерінен таныдым... Кіші жүздің жігіттері екен ғой... О, енелеріңді ұрайындар!.. /Айғай салып/. Уа, өрге шап... Өрге тарт деймін... Қап... еститін емес... Өздерінің құлақтары бітіп қалғаннан сау ма... /Қалш-қалш етіп/. Бораны бір жағынан... аязы бір жағынан... Не деген үскірік... Сүйектен өтіп кетті ғой... Қолы құрғыр қақайып... қылыш ұстаудан қалып барады... Апыр-ау, әлгі қосын көрінбейді ғой... Қара басып, сайға түсіп кетті-ау, Ә... Қырылатын болды-ау... мына бораны бар болғыр... Көз аштырмай... Қосыннан көз жазып қалғанымды қарашы... Жібере қоятын жасауыл да жоқ... Қосын-қосынға жұмсап жіберіп едім... Ә, міне көрінді... Е, Қабанбайдың осы қолы екен... Астындағы Қубас қой... Қайран, Дарабозым!.. Қамал бұзар, қабыланым!.. Әне, әне! Қамады қалмақтарды... Сай түбіне... қалың қарға... омбы қарға әкеп тықты... Әй, бәрекелді!.. Жау қақпанға түсті... /Ақырып/. Қыр!.. Жой!.. Өлтір!.. Бауыздаңдар!.. Жайратыңдар!.. Тағы бір жасақ... Шатқалдан шығып, қаптап келеді... Ау, Баян ғой, мынау... Бәсе, бәсе, найза сілтесінен таныдым... Ұршықтай үйіреді-ау, сабазың... Әй, ерім-ай!1…

Сондай-ақ шығармада ханның батырлық қасиеті: – қару-жарағымен тілдесу диалогы арқылы да кеңінен ашылған, себебі: «ер қаруы – бес қару» дейтін халықтық ұғым бойынша, қару батырдың жорықтағы сенімді серігі, басқалар алдындағы айбыны.

«Ер қаруы» санының бесеу болып қалыптасуы олардың өзіндік бірін-бірі ауыстыра алмайтын жеке қызметінің (функциясының) болуына байланысты. Соғыс қаруларын жұмсау тәсілі бес түрлі болып қалыптасқан. Олар – ату (садақ не мылтық), кесу (қылыш), түйреу (найза), шабу (айбалта), соғу (шоқпар). Басқа қарулар осы бесеуінің өзгерген түрлері ғана. Сондықтан айқаста бұл бес қару бірінің орнын бірі баса алмайды2.

Қаруды атадан-балаға қалдыруда да батырлық қағида сақталған, ұрыста батырды қарусыз қалдыру ең ауыр жаза деп есептелген. Батырдың ерекше тұлғасы оның қаруына да байланысты3.

Абылай ханның қару-жарағының әрқайсымен тілдесіп, қадір-қасиетін саралап айтатын бұл мотивте осы көне сенім авторлық ұстаным тұрғысынан өте шебер пайдаланылған.

Өйткені «қару-жарақты жанды объект ретінде қабылдау магиялық ойлау жүйесіндегі түрлі әскери және тұрмыстық магиялық ырымдарды қалыптастырғаны»4 белгілі.

Талай-талай қанды жорық, тынымсыз жортуылда жолдас болған қаруларын сағынғандықтан, әрі тақап қалған тажалдың тықырын сезіп қоштасқысы келген көңілмен ащы зарын айта жүріп, қару-жарағымен кезек-кезек сөйлесіп кетеді.

«Абылай. Уа, армысыңдар. Ата-бабамнан қалған көз! Су атасы Сүлеймен сиқырымен суғарып, Дәуіт пайғамбар дем салған. Мұса Әулие қол жайып, Қамбар ием асынған Ақинақ пен Алдаспанның әулеті!.. (шетте тұрған көк сүңгіні қолға алып). Бәрекелді, сайыс пірі, көк Сүңгі! Мынау инедей үшкір, біздей сүйір тұмсығыңның құйылып қонар қырғидың шеңгелінің кәрі бар. Сабы-күміс, өзегі-құрыш, сұңқардай сұсты көк сүңгі! Қастасымның кеудесіне тік салып, дұшпанымның сүбесіне сүңгітіп, шаншып тастап құйғытушы ем құйынменен жарысып. Қабат-қабат ақ сауыттың шығыршығы шашылып, омырауы дал-дал болып қалатын. Ат үстінен ұмсынып, шалқая шіреп шанышқанда үзіп өтіп өңменімен өткізіп, кірген жерін сағағына жеткізіп, өзегіңді қара қаңға суарғам! Алтын ерте өңгеріп, қанжығаға теңгеріп аялаған, қаруым! Қызыл жирен ат мінген, ұсынғанда қолы ұзын ұмсынғанда тұрқы менен жоны ұзын, еңсегей бойлы емендей Баяндай ерге бұйырған. (Сүңгіні сүйіп, орнына іледі де, сарала қынды қылышын алады) Сайласа –белге жарасқан, алтын қынның сәулесі көктегі күнмен таласқан. Тұтқасы –гауһар, жүзі – алмас, қайраулы қару Наркескен! Темірі жасыл көк құрыш, балдағы болат, сабы алтын, сарала қаздай сар қылыш! Дулығалы бастарды доптай қаққан нар қылыш! Ер қаруы – бес қару. Бес қарудың ішінде орның бөлек ерекше. Басын шауып Сәрудің, таққа тиді тақымым. Киелісің, киемсің қарысқанды қайқая шапса қақ бөлдің! Егескенді еңкейе шапса, еңсердің. Торғауыт пен Ойратты отындай орып, отадың. Жау үстінде жалтылдап, найзағайдай ойнадың. Ақ алмасым, серігім! Ақ беренім, құрышым! (Қылышының жүзін сүйіп). Самсаған жаудан саспайтын, қамаласа қашпайтын, дұшпаннан бетін бұрмайтын, топырлатып турайтын. Күн ұзақ қылыш сілтесе, топшысы ұйып талмайтын, жауын құртып болғанша қынапқа қылыш салмайтын Әлжабайдай қас батырға бұйырған! (қылышын қиыстырып, көп садақты қолға алады). Алтайдың ай мүйізді арқарының құлжасының мүйізінен иілген көн садақ. Қолға алғанның қолын талдырған, оқ атқанның қарын талдырған жолбарыс жоны жау жарақ! Атқан оғын алты қырдан асырған, сарнап ұшқан саржасын ілезде көзден жасырған. Жаңбырдай жауған жебесі дұшпанның құтын қашырған, алапаты кем емес көктен түскен жасылдан. Адырнасын иірген тарамыс пен сіңірден, шіреніп жақ тартқанда өмірдің оғын сар даланың сағымына сіңірген! Айтып-айтпай, не керек. Абылайдан қалған бір мұра... Құлашы кең Құлашбектей мерген ерге бұйырған! (садақтың иінінен бір сүйіп, керегеге қыстырып, шойын шоқпарды алады). Бүлдіргісі бұлан терісі, сабының сыртын ораған қаптамасы құлан терісі, шойыннан құйған шор шоқпар! Құрыштан қашап қондырған арандай болат тістері. Жебесіндей жайранның ызғар шашып самсаған. Басы жұмыр тоқпақтай түсі суық, сом шоқпар! Шыр көбелек шиырып, көтеріп көкке үйіріп, ат ойнатып, ақырып, атой сап жауға тигенде кетуші ең жайпап, жапырып! Ашумен қан қайнатып, орай-орай ойнатып тас төбеден салғанда, төбедей қалмақ төңкеріліп, миы түсіп аузына ат жалын құшып қалатын қара қаны қақырап. Қақ маңдайдан ұрғанда аузы-мұрнын желкесіне қайырған, қақайып бастан пергенде дулығасын айырған. Көкіректен қаққанда төс сүйегін сындырған, қыр арқадан соққанда жауырынын күл қылған. Қара саннан салғанда ортан жілік үзілген. Сегіз көзден тигенде күзендей белі бүгілген. Сермей-сермей сілтесе, анталаған дұшпандар шыбын жаннан түңілген. Жан жолдасым, жарағым! Тасқа салса үгіткен, қақпаға ұрса күйреткен, емен кеуде апай төс, тегеуріні темірдей бұлшығы берік болаттай Қабанбайдай қабылан ерге бұйырған! (маңдайына тигізіп, көкірегіне басып орнына іледі де, толғамалы тоғыз бунақ күрең найзасын алады). Алтай таудың ағашын ала жаздай аралап. Орал таудың орманын көлденең кезіп сағалап, Алатаудың қиясын жаяу жүріп жағалап, Көкшетаудың тоғайын санаққа алып саралап, Хан тәңірінің күн жағынан, басы биік шың маңынан ат басындай алтынға балап, қалың малдың құнындай қалап таңдап тапқан күрең найза болармысың! Торғай көзді көк сауытты тесіп өтіп кететін, бадана көз ақ сауытты кесіп өтіп кететін. Сыртымнан салса, төсінен шыққан, кеудеден салса, көсіле шыққан. Кіндіктен кірсе, омыртқасын опырған, желкеден тисе, жағасын жыртып жапырған-толғамалы тоғыз бунақ күрең найза қаруын; найзасының ұшына жау мінгізген, қарсыласқан қастасып қара жерге кіргізген, арыстандай ақырған, нар маядай бақырған Наурызбайдай баһадүрге бұйырған!1.

Драма мәтініндегі ханның тек тақ иесі ғана емес, ат үстінде жорық шеккен батыр болғандығын көрсететін бұл эпизод та мақсатты түрде толық алынады.

Себебі, Абылай секілді батыр-ханды дәріптеуге жұмсалған бұл мотивте батырлар қару-жарағының әрқайсына тән қасиет пен ерекшелік ашылған.

Шығарманың негізгі идеясы батырдың өз басы хан тағына жеткенде ғана тыныштық пен әділдік орнайды дейтін батырды фольклорлық идеализациялау мен осындай хан болса екен деген халықтық тілекпен астасып жатыр.

Эпикалық жырдағы батырлар тұлғасымен біріккен әлеуметтік типтің бірі – хан десек, батыр хан бейнесі бытыраңқы рулардың халық болып құрала бастаған кезеңімен бірге қалыптасқан. Оның қызметі бірігу идеясымен, мемлекеттің шығу тарихымен қарайлас2.

Сондай-ақ трагедияда XVIII ғасыр батырларының бас қосатын жерін – Абылай маңы деп суреттейтін тарихи жырлардағы фольклорлық тарихи тұтастану құбылысының ықпалы да ескерілген. Осылай болатын себебі: Хан, біріншіден, халықтың өзін бейнелейді. Екіншіден, билікке ие, үшіншіден, өзі батыр, Абылай елді ұйымдастырған орталық символ ретінде көрініп, фольклордағы бір орталыққа, бір басшы төңірегіне тұтастануға негіз болды3.

Қазақ халқының XVIII ғасырдағы жыр-дастандары мен тарихи жырларында Абылай атының жиі кездесіп, ол қазақ халқының жоңғарларға, Қытайға және Орта Азия жеріндегі хандықтарға қарсы күресінің көптеген оқиғаларына қатысушы ретінде көрсетіледі. Қаһармандық эпостағы батырдың жеке өз басының ержүрек, батыл болғаны жеткіліксіз, оның сол ержүректігі мен батылдығы ел игілігіне, әділетсіздіктен жапа шеккендер мен жаудан жәбір көргендерді құтқаруға жұмсалуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, батырдың батырлығы ел тағдырына қатысты маңызды оқиғамен ғана өлшенеді.

Шығармада Абылай тек қазақ жұртын билеуші хан ғана емес, оның жаужүрек батырлары мен ділмар шешендерінің аруағына табынушы, қадірлеуші де бейнеленеді.

«Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты ел бастайтын көсемін, Үмбетай, Тәтіқара, Бұқарлардай дау бастайтын шешенін. Қабанбай мен Бөгенбай, Олжабай мен Наурызбай, Тұрсынбай мен Баяндай қол бастайтын батыр-бағыландарын туғызған елден айналып кетсең болмай ма?.. Көлің шайқалмай, шалғының тапталмай, елің тыныш ұйықтаса-ұланғайыр далаңның ұлтарақтай жері үшін қылыш сілтеп, найза шанышқан әлгідей еңіреген ерлердің ісі... Сол боздақтардың тірісіне тірлік тілеп, өлісіне иман үйірейік. Әулием! (екеуі іштей дұға қылып, беттерін сипайды). Кейде отырып қайран қалам, қырық жыл қырғыннан қызыл-ала қанға малшынып шықса да, іргесіне ие болып түтіні түзу шыққан жұрттың жаны мұндай сірі болар ма?1.

Елес үстінде ғана Абылай жорық пен жортуылда болған сәттерімен қауышады. Елес шындық оқиғамен астасып кетеді. Драматург батыр қолбасшының айласын да, батырлық қасиетін де қарулас жолдастарына деген қамқорлығын да, арман-мақсатын да осы тәсілмен берген. «Уа, қырандарым!.. Қазағың үшін, қазағыңның құтты қонысы үшін... шыбын жандарың шыққанша шайқасыңдар!.. Аяңдап айқасып, жанталаса жағаласыңдар... Жаудан жасқанып, қаймықпаңдар!.. Қан майданда қанға батсаңдар... қапаланып... қамықпаңдар... Жаудан түскен жараңды ата-анаңның көз жасы жуса, жазылар... Қылыш кесіп... жебе тесіп... жарақат салса тәніңе... Жарың сүйіп, ем қылар... Өліп кетсең... өкініш жоқ... Жерің үшін... елің үшін... шейітсің... Туған жердің топырағын жастанып... жазым болған... бақыт қой... Жандарың жәннәтта, тәндерің жұмақта болмақ... От басында омалып отырып өлгеннен... қан майданда қаза тапқан артық қой!.. Уай, қимылдаңдар!.. Жабылыңдар!.. Қатын құсап үйде өлгенше... еркек құсап түзде өліңдер!.. Жапырыңдар, Жоңғарды!.. Ойрандаңдар, Ойратты!.. /Қиқулап, ұран салды/. «Аруақ!.. Аруақ!.. Абылай!.. Абылай!..»2.

Шығарма сюжетіндегі елеулі орын алатын осы композициялық тәсілдің мақсаты – Абылайдың батырлығына басымдық беру. Бұны 48 жыл хан болғанда «тақымым тақтан гөрі аттан тозды» дейтін өз сөзі тереңдете түседі. Әрі ел тізгінін ұстаған ханның міндетті түрде «жауына найзасы тиген батырлығы болу керектігі» жайлы эпикалық сананы тірілтеді.

Себебі «батырлық – барлық әлеуметтік өкілдерге бірдей қаһармандық дәуірдің сынақ көрсеткіші, сынап бағанасы. Хан мен қара, бай мен кедей, бек пен нөкер өзара теңесе алатын биік меже, ерлікпен, маңдай термен келетін халықтың идеал3.

Шығармадағы «кейде асаулығың басым түсіп кетеді» дейтін жырау сөзіне ханның жауабынан досына адал, жауына қатал мінезімен билеушінің ел іргесінің қауіпсіздігін алдын-ала ойлап, әрекет ететін эпикалық батырлардың мінезі танылады.

Абылай /мысқылдап/. Құдайға шүкір, от баспай, суға ақпай, аман-есен сақал-шашты ағарттық... Ақ алмастай жарқылдаған айдынды шақтың ашуы болса бір сәрі, ақ селеуге айналған сақал-шаштың ашуы құрт қайнатып қарық қылар деймісің... Бекер қаймығасың. Бұқарекең бұғып қалардай Абылайдың бұрынғы қаһары жоқ, қазір... /Пауза/. Сен ерлік пен өрлікті айттың. Өз басым сол ерлік пен өрліктен өкініш көрген жерім жоқ. Өрлікке де өресі жеткендер барады. Күні кеше қан кешіп, қамал бұзып қазақтың жерін жаудан босатсам, – сол ерлігім мен өрлігімнің арқасы. Өрліктің өзі өшпенділіктен туады. Өштескен жауға өшігіп қарасаң, қарымтаң қайтады. Өш алмасаң, өзің өлесің. Жаулық шарты солай1...

Туындыдағы хан батыр ғана емес, халықтың қасиетін тани білген сұңғыла ойдың, ерекше қасиеттің иесі ретінде де дәріптеледі. Ол өз халқының бөлекше сипаттарын қастерлеп, сол халық алдындағы қарызы мен парызын жете ұғынады. Жалпы, мұндағы Абылай ханды дәріптеуде фольклорлық дәстүрдегі «мінсіз хан» етіп көрсету дәстүрі қолданылған.

Бұқар.Кеудең толы – кек, көкірегі толы – кейіс қой, Хан ием...

Абылай. /жабырқап/. Абылайдың аты ауыздарына түссе, кекшіл деген сөзді қоса айтпаса, бұл қазақтың алғаны ас болған ба... Мен кектенсем, қазақтың жауына кектендім. Қазаққа өшіккеннен өш алдым. Даңқымды шығарып, атағымды асырайын деп өз бетіммен ешкімнің өрісін таптап, өлкесіне өрт салғам жоқ. Басып кірген басқыншыдан қонысымды қорғадым. Алты Алаштың намысы үшін басымды бәйгеге тіктім. Астамшылық болмасын, ел маған риза болсын, елге – мен риза. Мен ерте білсем, елім ере білді. У ішсем – у ішті, су ішсем – су ішті. Тәулік бойы талғажу көрмей, сілекейін ас қылып, үзеңгісі сартылдап аттан түспей жорық шеккен қияметқайым күндері бірде біреуінің аузынан «аш жүрміз» деп, арсыз айтқан сөз естігем жоқ. Дулығасы күнге шағылып, үн-түнсіз соңымнан ілесті де отырды. Ас пен суға сабырлы, ыстық-суыққа төзімді жұрттың тізгінін аударыспаққа түскен аласапыран заманда өзгеге емес, маған ұсатқан рахымы мол Аллатағалама алғысым әзір. Абылайдың атын шығарып, аруағын асыра, тәубасы мен тәуекелін жоғалтпаған боздақтардың қайсарлығы дер едім. Мен кейісем, сол халықтың парызын өтей алмағаныма кеиймін2...

Халықтың болашағын болжай білген кемеңгерлік қасиеттерін автор Абылайдың өзімен-өзі тілдесу арқылы да береді. /Орда ішін кезіп жүр/». Ал, Абылай, екі басты жылан тұр алдыңда. Еліңе де, өзіңе де күн туды... Айыр тілі жалаңдап бір басы қырға, бір басы ойға сүйреп ысқырар болса аждаһа – құлағың шулап, есің ауып қалмағай... Сабыр сақтап, сақтығыңды серік қыл. Ойдағысына ой жіберіп, қырдағысына қырағы бол. Айбарыңды, айдыныңды аяма. Егеске келсе – егес. Кеңеске келсе – кеңес. /Ойланып/. Айтарыңды айтарсың-ау. Алайда, асып-тасып, ақылыңнан алжаспауың керек. Алда-жалда ірге тепкен іргелі елдің ірілігін білдіріп, күш көрсетсе, сен, кемел елдің кемеңгерлігін бетке ұста. Ерегес тілесе – ептілік қыл. Сатылап басып, сатылап шық 3.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 157; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.008 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты