Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Банктік несиенің жіктелімі




Несиенің түрі – бұл несиелік қатынастар құрылымының, олардың негізгі қызметтерінің, яғни әр алуан сыртқы және ішкі өзгерістер барысында толық сақталатын көрінісі.

Несие берушілер мен қарыз алушылар арасындағы байланыстар қалай өзгергенімен де, несиенің түрі сол күйінде сақталады.

Коммерциялық банктер өздерінің клиенттеріне әр түрлі несиелер береді. Оларды мынадай белгілеріне байланысты жіктеледі:

I. Қарыз алушылар категорияларына қарай:

1. Қаржылық институттарға берілетін несиелер:

· мақсатты қорларға;

· банктерге;

· қаржы-несиелік мекемелеріне.

2. Қаржылық емес агенттерге берілетін несиелер:

· өнеркәсіп салаларына;

· ауыл шаруашылығына;

· саудаға;

· дайындау ұйымдарына;

· жабдықтау-сату ұйымдарына;

· кооперативтерге;

· жеке кәсіпкерлерге.

3. Тұтыну мақсатына берілетін несиелер.

II. Мерзіміне қарай:

· қысқа мерзімді (1 жылға дейін);

· орта мерзімді (1 жылдан 3 –5 жылға дейін);

· ұзақ мерзімді (5 жылдан жоғары).

III. Тағайындалуы және пайдалану сипатына қарай:

· негізгі қорларға жұмсалатын;

· айналым қаражатына жұмсалатын.

IV. Қамтамасыз ету дәрежесіне қарай:

1. Қамтамасыз етілген:

· кепіл-хатпен,

· кепілдемемен;

· кепілдікпен

2. Сақтандырылған.

3. Қамтамасыз етілмеген:

· сенім (бланктік)несиесі.

V. Қайтарылу дәрежесіне қарай:

1)Стандартты несие - қайтарылу уақыты жетпеген, бірақ қайтуында ешқандай күмән жоқ несиелер;

2) Күмәнді несиелер - қайтарылу уақыты кешіктірілген, мерзімі ұзартылған және банк үшін тәуекел туғызатын несиелер. Соңғы қабылданған активтердің жіктеу ережесіне сәйкес, күмәнді несиелер ішінара бөлінеді: 1-санатты күмәнді, 2-санатты күмәнді, 3-санатты күмәнді, 4-санатты күмәнді, 5-санатты күмәнді.

3) Үмітсіз несиелер - қайтару уақыты кешіктірілген, мерзімі өткен ссудалар шотына жазылған несиелер.

VI. Валютамен берілуіне қарай:

· ұлттық валютамен;

· шетел валютасында.

VII.Берілу шартына қарай:

· Тұтыну несиесі - бұл жеке тұлғаларға тұтыну тауарларын сатып алу үшін және тұрмыстық қызметтерді өтеуге берілетін несие.

· Ипотекалық несие – бұл қозғалмайтын мүліктерді (тұрғын үйді, өндіріс ғимараттарын, жерді және т.с.с.) кепілге ала отырып, ұзақ мерзімге берілетін несиені білдіреді.

· Овердравт несиесі – клиенттің шотынан қаражатты шегеру арқылы ондағы дебеттік қалдық бойынша берілетін қысқа мерзімді несиенің формасы.

· Овернайт несиесі – өтімділікті қолдау мақсатында бір түнге берілетін банкаралық несиенің түрі.

· Онкольдық несие – кредитордың алғашқы талабы бойынша өтелетін қысқа мерзімді несие.

· Банкаралық несие – банктердің бір-біріне беретін несиесі.

· Ломбардтық несиесі – тез іске асатын бағалы заттарды немесе бағалы қағаздарды кепілге алып, берілетін несие.

· Лизингтік несие - құрал-жабдықтарды жалға алумен байланысты берілетін несие.

· Рамбурстық несие – шикізаттарды ішке алып кіру және жартылай фабрикат және дайын өнімдерді сыртқа шығару тәжірибесінде пайдаланылатын несие.

· Сенім несиесі – банктің сеніміне кірген, төлем қабілеті жоғары клиенттерге берілетін несие.

· Маусымдық несие – жабдықтаушының қаржыландыру уақыты мен түсімді алу мерзімі арасындағы уақыт бойынша алшақтықты жабуға араналған несие.

· Консорциалдық несиеірі жобаларды несиелеу мақсатында банктердің өзара қосылып беретін несиелері.

8.2.2. Несиелеу субъектілері мен объектілері

 

Несие құрылымы несие беруші мен қарыз алушыдан, сондай-ақ қарыз капиталынан тұрады. Мұндағы несие беруші мен қарыз алушыларды несиелік мәмілеге қатысушы тараптар немесе оларды несиелік қатынас субъектілері деп атауға болады. Осы тараптардың біреуі болмаса несиелік мәміле жасалмайды. Несие берушілерге мемлекет, банктер (орталық және коммерциялық), банк типтес мекемелер мен қаржылық ұйымдар, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдары да жатады. Кейбір жағдайларда, несиенің коммерциялық формада берілуіне байланысты несие берушіге өнім өндіруші кәсіпкерлер де жатуы мүмкін. Ал, қарыз алушыларға қаражатқа деген уақытша қажеттілігі бар кез келген заңды және жеке тұлғалар жатады.

Несиелеу объектісі - бұл несиенің пайдалану заты, яғни несиенің іске асырылу аясы деп түсінуге болады.

Несиелеу объектісі материалды құндылықтар, өндіріс және айналыс шығындары түрінде, сол сияқты, егер несие материалдық жағынан қамтамасыз етілмеген жағдайда, банк алдындағы шаруашылық ұйымның міндеттемесі ретінде де болады. Материалды қамтамасыз етілген несиелеу объектісіне өндірістік шикізат қорларын, негізгі және көмекші матариалдарды, жанар-май, ыдыстар, сатып алынатын жартылай өнімдер, азықтар және басқа да материалды құндылықтардың маусымдық жинағы және өнеркәсіптегі дайын өнімдердің және сауда ұйымдарындағы тауарлардың маусымды қорлары жатады. Мұндай қорларды жасау, ең бастысы, өндіріспен және өнімдерді сату процесімен тығыз байланысты.

Несиелеу объектісіне, экспортты және импортты тауарлар мен қызметтермен жабдықтау, экономикалық қызметке байланысты шығындар, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың сатып алынатын шикізаттары, материалдары, құралдары және басқа да мүліктері, ломбардтық операциялар, шаруашылық субъектілердің кірістері мен шығыстары арасындағы алшақтық жатады.

Ұзақ мерзімді несиелеу объектілеріне жататындар мынадай түрлерге бөлінеді:

· өндіріс объектілерінің құрылысы;

· өндіріс объектілерін қайта құру, техникалық жағынан қайта қаруландыру, кеңейту;

· техникалар, құрал-жабдықтар және көлік құралдарын сатып алу;

· жаңа өнім шығаруды ұйымдастыру;

· өндірістік емес маңызы бар объектілерді салу.

 

 

8.2.3 Несиелеуді ұйымдастыру қағидаттары

 

Несиелеу қағидаттары (принциптері) несиенің мәнін және қызметтерін, сондай-ақ несиелік қатынастарды ұйымдастыру облысындағы объективті экономикалық заңдардың талаптарын бейнелейді.

Несиелеу қағидаттары негізінде несиелік процесс, яғни банктік несиелердің берілуі, пайдаланылуы және қайтарылуы жүзеге асырылады. Несиелеу қағидаттарына байланысты банктік несиелердің берілуінің басты шарттары: несиенің мақсаты және мерзімі, олардың қаражаттар айналымы шеңберінде қатынасу нәтижелілігі және т.б. анықталады.

Қазіргі несиелік қатынастарды ұйымдастыру қағидаттары екі топқа бөлінеді:

І топқа – жалпы экономикалық тәртіптегі қағидаттар:

· несиенің мақсаттылығы;

· несиенің дифференциялдығы.

ІІ топқа – несиенің мәнін бейнелейтін қағидаттар:

· несиенің мерзімділігі;

· несиенің қайтарымдылығы;

· несиенің төлемділігі;

· несиенің қамтамасыз етілуі.

Қазіргі несиенің дифференциялдық қағидаттарының мазмұны өзгерген десе болады. Біріншіден, ол мерзімділік қағидаттарымен байланысады, яғни несие уақытында қайтара алатын шаруашылық органдарына беріледі. Сондықтан да несиелеудің дифференциациялануы тек несиелік қабілетті сипаттайтын көрсеткіштер негізінде ғана жүзеге асырылады. Екіншіден, бұл қағидат несиелік келісім жасалғанға дейін және банктер несиелік ресурстарға деген сұранысын оқып-үйрену барысында потенциалды қарыз алушылардың несиелік қабілетін және сұралып отырған ссуданың қамтамасыз етілу сипатын және олардың банк үшін пайдалылығын, сондай-ақ қаражаттардың жұмсалу ұзақтығын жетекшілікке ала отырып, бастапқы несиені орналастырғанға дейін іске қосылады. Үшіншіден, несиелік қабілеттілігіне байланысты несиелеудің дифференциациялануы, оның өткен жүйедегі нұсқасымен салыстырғанда қаталдау болып табылады.

Мерзімділік – белгілі экономикалық категория ретіндегі мәніне негізделген несиенің ерекше бір белгісі. Ол, яғни несие берушінің қарыз алушыға берілген қаражаты белгілі бір уақыт ішінде келісілген тәртіпке сай қайтарылуға тиістілігімен қорытындыланады. Осыдан келіп, несиенің қайтарымдылық қағидаты туындайды.

Несиенің қайтарылымдылығы оның экономикалық категория ретінде басқа да тауарлы-ақшалай қатынастардың экономикалық категорияларынан ажыратылатын ерекшелігімен сипатталады. Қайтарылмайтын несие болмайды. Сондықтан да, қайтарымдылық - несиенің ажырамас бөлігі болып табылады.

Шаруашылықтың нарықтық қатынастарға өтуіне байланысты несиелеудің бұл қағидатына ерекше мән берілген. Біріншіден, оның сақталуына байланысты ұдайы өндірісте ақшалай қаражаттармен бірқалыпты қамтамасыз етілуі тәуелді. Екіншіден, бұл қағидатты сақтау коммерциялық банктердің өтімділігін қамтамасыз ету үшін қажет. Олардың жұмысын ұйымдастыру қағидаттары тартылатын несиелік ресурстардың қайтарымсыз жұмсалымдарға салынуына жол бермейді. Үшіншіден, әр жекелеген қарыз алушы үшін бұл принциптің сақталуы банктен жаңа несие алуға мүмкіндік береді.

Несиенің төлемділігі – бұл несие беруші қарыз алушыға берілетін қаражатты қайтару барысында бастапқы сомадан өсіп қайтарылатындығын білдіреді. Іс жүзінде ақылылық несиені пайдаланғаны үшін төленетін сыйақы (пайыз) түрінде беріледі.

Несиеге қойылатын сыйақы мөлшерлемесін несиенің бағасы деп те атайды. Еркін реттелетін нарық жүйесі тұсында несие үшін сыйақы мөлшерлемесі несиеге деген сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады.

Қазіргі банктердің несие үшін сыйақы мөлшерлемесін белгілеуде ескеретін басты факторларына мыналар жатады:

· орталық банктің коммерциялық банктерге беретін ссудалары (мүдделендіру) бойынша белгіленетін сыйақысының базалық мөлшерлемесі;

· банкаралық несие бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі;

· өз клиенттеріне депозиттік шоттар бойынша төлейтін орташа сыйақы мөлшері;

· банктің несиелік ресурстарының құрылымы тартылған (қаражаттар үлесі қаншалықты жоғары болса, несие бағасы соғұрлым қымбат болуға тиіс);

· несиеге деген сұраныс (сұраныс аз болса, несие бағасы да арзан болады);

· несиенің сұралатын мерзімі мен түрі, нақтырақ айтсақ, банк үшін оның қамтамасыз етілуіне байланысты тәуекел дәрежесі;

· еліміздегі ақша айналысының тұрақтылығы (инфляция қарқыны қаншалықты жоғары болса, соған сәйкес несие үшін төленетін сыйақыда жоғары болуға тиіс, себебі, инфляция жағдайындағы ақшаның құнсыздануынан банктің ресурсын жоғалту тәуекелі артады).

Cонымен қатар, пайыз мөлшерлемесіне объективтік және экономикалық, сол сияқты субъективтік факторлар да әсер етеді. Шын мәнісінде, заңды және жеке тұлғалардан тартатын несиелік ресустар қаншалықты қымбатқа түссе, соғұрлым несиенің бағасы жоғары келеді.

Банктік тәжірибеде ссуда бойынша жай және күрделі сыйақы есептеу формулалары қолданылады.

Жай сыйақыны есептеу формуласы келесідей түрде беріледі:

 

і * P * n

І = ¾¾¾¾¾¾ ,

360 * 100

мұндағы:

і – сыйақы мөлшері;

P - қарыз қалдығы;

n – сыйақы есептелетін кезеңдегі күндер саны;

І – ссуданың барлық мерзіміне есептелетін жай сыйақы сомасы.

 

Несие бойынша есептелетін күрделі сыйақыны есептеу формуласы төмендегідей:

і n

І = Р * [ ( 1 + ¾¾¾ ) - 1 ] ,

мұндағы:

і– сыйақы мөлшерлемесі;

P – несиенің бастапқы сомасы;

І - несиенің барлық мерзіміне есептетін сыйақы сомасы;

n – аймен берілген несиенің ұзақтығы.

 

Егерде несиелеу мерзімі кезеңінде қарыз қалдығының бір бөлігі мерзімі өткен ссудалар шотына жатқызылса, онда мерзімі өткен ссудалық қарызға сыйақыны есептеу келесідей формулаға байланысты жүргізіледі:

 

іg t1 іg t2

Іg= Q * [( 1+ ¾¾¾) – (1+ ¾¾¾) ],

1200 1200

мұндағы:

Іg – мерзімі өткен қарыз бойынша есептелген сыйақы сомасы;

G - мерзімі өткен қарыз сомасы;

іg - мерзімі өткен қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі (айыппұл);

t1 - несие бергеннен бастап мерзімі өткен қарызға байланысты сыйақы есептелген күнге дейінгі уақыт мезгілі;

t2 - несие бергеннен бастап мерзімі өткен қарыз пайда болғанға дейінгі уақыт мезгілі.

 

Несиелеудің келесі бір қағидаты - берілетін ссудалардың материалдық жағынан қамтамасыз етілуі. Бұл қағидаттығ пайда болуы негізінен несиенің экономикалық категория ретінде шығуымен бірге келеді. Бірақ та, уақыт өте келе, бұл қағидаттыңң мазмұны толығымен өзгерген.

Ал, бүгінгі несиенің қамтамасыз етілуі ретінде кепіл, кепіл-хат, кепілдеме, сақтандыру міндеттемелері қолданылуда.

Енді осы несиенің қамтамасыз етілу тәсілдеріне тоқталайық.

Кепілге берілетін ссуда – бұл қарыз алушының активтерімен қамтамасыз етілген несие. Кепілге берілетін активтер қарыз алушының иелігінде қалып, оның пайдалануында болады.

Экономикасы жақсы дамыған елдердегі қарыз алушының жағдайы жақсы болып келген жағдайларда несие қамтамасыз етілмеуі де мүмкін.

Несие берушінің кейбір активтерді анықтаудағы нақты мәселелері кездеседі. Сондықтан кепілге берілетін кейбір активтердің төмендегідей сипатта болуын білу шарт:

Біріншіден, кепілге несие берілуі туралы шешім қабылдағанға дейін жеңіл бағаланатын болуға тиіс.

Екіншіден, кепілге алынатын мүліктің нарықтағы қозғалыс мүмкіндігін үнемі тексеріп отыру қажет.

Үшіншіден, кепілдің өтімділік дәрежесін есепке алу өте маңызды, басқаша айтсақ, кепілге алынатын зат көп уақыт өтпей нақты ақшаға айналуға тиісті.

Төртіншіден, кепіл туралы келісім жасасқанда, кепілдің амортизациясын немесе моральдық тозу жақтарын ескеру қажет. Өйткені, кейбір активтер басқаларына қарағанда өзінің бастапқы құнын тез жоғалтады.

Кепіл-хат- қарыз алушы төлеуден бас тартқан жағдайда, үшінші бір жақтың қарызды өтеймін деген жазбаша міндеттемесін береді. Бұл жағдайда кепіл-хаттың заңдылығы туралы несие берушіге қарыз алушыдан төлеуді кепілдеуге, кепіл берушінің құқығы туралы сұрақтың маңыздылығын ескеру қажет. Кепіл-хаттың ссуданың қамтамасыз ету құралы ретінде пайдалану, кепіл-хатты берушінің тұрақтылығын алдын ала бағалап білуді талап етеді.

Кепіл-хат – күрделі экономикалық құрал ретінде мынадай түрлерге бөлінеді.

Біріншіден, ол қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмегенболып келеді.

Екіншіден, ол шектеулі немесе шектеусіз болады. Шектеусіз кепіл-хат бойынша, оны беруші бір қарыз алушының барлық қарызын несие берушіге төлей алмайтындығы жағдайында төлеуге кепіл береді. Мұндағы кепіл-хат қамтамасыз етілмеген болып келеді. Шектеулі кепілдеме - бұл нақты бір қарыз алушының ссудаға байланысты болатын қарызын төлеуге кепілдік береді. Кепіл-хаттың бұл түрлері біздің елімізде дами алған жоқ.

Үшіншіден, жеке немесе корпоративтік кепіл-хаттар. Жеке кепіл-хат жеке тұлғаларды, серіктестіктерді несиелеу барысында қолданылады. Корпорациялардың кепіл-хаттары басқа бір корпорациялардың алған ссудаларын қамтамасыз етуде жиі пайдаланылады. Бұл аталған кепіл-хаттар дамыған елдер тәжірибесінде кең қолданылғанымен де, біздегі корпорациялардың беретін кепіл-хаттарына банктер әлі де болса, олардың түбінде өтей алатындығына сенімсіздік танытуда.

Несиелерді қамтамасыз етудің келесі бір жолы – несиелерді сақтандыру. Бұл енді біздің тәжірибемізде кезінде қолданылғанымен де, оның айналасында көптеген мәселелер орын алуда.

 


Поделиться:

Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 218; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты