Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Мұрын қуысы.




Мұрын қуысы (cavum nasi) сыртқы мұрынның жалғасы болып саналады және ол ауыз қуысы мен бассүйектің алдыңғы ойығы аралығында орналасқан, ал сыртқы жағынан оны көз ұялары мен мұрынның қосалқы қойнаулары қоршап тұрады. Мұрын қуысын мұрын далдасы екі бірдей жартыға бөледі, артқы жағынан хоана арқылы мұрын-жұтқыншаққа және алдыңғы жағынан танауға ашылады. Мұрын қуысының әрбір жартысы төрт ауатасығыш қосалқы қойнаулармен қоршалған: жоғарғы жақсүйек, торлы, маңдай және негізгі (сына тәрізді), бұлар өз жақтарында мұрын қуысымен байланыста. Мұрын қуысының әр жартысында төрт қабырға бар: жоғарғы, төменгі, ішкі (медиалды), және сыртқы (латералды). Артқы қабырғасына хоана (мұрын-жұтқыншақ тесігі) сәйкес келеді, алдында ашық қалады және танау арқылы сыртқы ауамен қатынасады.

Мұрын қуысының төменгі қабырғасы (мұрын қуысының түбі) жоғарғы жақсүйектің екі таңдай өсіндісінен және артында таңдай сүйектің екі көлденең пластинкасынан құралған. Бұл сүйектер дәл ортаңғы сызық бойында бір-бірімен жік арқылы жалғасқан. Бұл жалғасудан ауытқушылық әртүрлі кемістіктерге әкеледі (қасқыр ауыз, қоян ерін). Мұрын қуысы түбінің дәл ортасында және алдында мұрын-таңдай каналы бар (canalis incisivus), бұл арқылы ауыз қуысына аттас артерия мен нерв өтеді, каналда үлкен таңдай артериясымен байланысады. Бұл жағдай мұрын далдасын сілемейлі қабық асты кесіп алу және осы аймақтағы басқада операциялар кезінде бірталай қан кетуден құтылу үшін есте болу керек. Жаңа туған нәрестелердің мұрын қуысы тістің бастамасымен (зачаткасымен) шектеседі, бұл тістер жоғарғы жақсүйектің денесінде орналасқан.

Мұрын қуысының жоғарғы қабырғасы (төбесі) алдында мұрын сүйектерінен, ортаңғы бөлігінде тесік-тесік (тесіктелген) пластинкадан (lamina cribrosa) және торлы сүйектің жасушаларынан, артқы бөлігінде негізгі қойнаудың алдыңғы қабырғасынан құралған. Тесіктелген пластинканың тесілген тесіктері арқылы иіс сезу нервісінің талшықтары өтеді, бұл иіс сезу нервісінің буылтығы тесіктелген пластинканың бассүйегіне қараған бетінде жатыр. Бұдан басқа бұл тесік-тесік пластинка арқылы торлы нерв және вена өтеді, сол сияқты бұл арқылы мұрын қуысынан бассүйектің алдыңғы шұңқырына өтуге болады. Клиникалық тұрғыдан есте болу керек, жаңа туған нәрестелердің тесік-тесік пластинкалары фиброзды болып саналады, тек үш жасына қарай сүйектенеді.

Мұрын қуысының ішкі (медиалды) қабырғасы немесе мұрын далдасы (орталығы) алдыңғы шеміршекті және артқы сүйекті бөліктен тұрады. Сүйекті бөлігін – торлы сүйектің перпендикулярлы пластинкасы және желбезек, шеміршекті бөлігін – төртбұрышты шеміршек құрайды. Төртбұрышты шеміршектің жоғарғы шеті – мұрын қырының алдыңғы бөлігін құрайды. Мұрын кіреберісінде, төртбұрышты шеміршектен алдыға және төмен қарай, сырттан көзге көрінетін мұрын далдасының қимылдайтын терілі-жарғақты бөлігі бар. Жаңа туған нәрестелерде торлы сүйектің перпендикулярлы пластинкасы жарғақты құрылым болып келеді, тек алты жасына қарай оның сүйектенуі бітеді. Перпендикулярлы пластинканың желбезекпен және төртбұрышты шеміршекпен қосылған жерлерінде бір тілім (жолақ) шеміршек бар – өсу зонасы. Кейде бұл жерде мұрын далдасының жотасы және тікенекке ұқсас шошағы пайда болады, бұлардың өзі мұрынмен тыныс алуды қиындатады және олардың мұрын кеуілжірлеріне (қалқандарына) жанаса тиюі неврозбен және бастың ауруын шақыруы мүмкін. Әдетте мұрын далдасы дәл ортаңғы жазықтықтың бойында болмайды. Мұрын далдасының ортаңғы сызықтан әжептәуір қисаюы, мұрын арқылы тыныс алудың бұзылуына әкеледі.

Мұрын қуысының сыртқы (латералды) қабырғасы құрылысы жағынан тым күрделі. Бұны құрауға алдыңғы және ортаңғы бөлігінде мұрын сүйегінің ішкі беті, жоғарғы жақсүйек қойнауының медиалды қабырғасы және оның маңдай өсіндісі, көз-жас (қаңырақ) сүйек, торлы сүйектің медиалды беті және артқы бөлігінде – таңдай сүйектің перпендикулярлы бөлігі және сына сүйектің таңдайқанат өсіндісі қатысады. Сыртқы қабырғасында мұрынның үш кеуілжірі орналасқан: төменгі, ортаңғы және жоғарғы. Мұрынның төменгі кеуілжірі өз алдына жеке сүйек болып саналады, оның бекітілу сызығы – дөңесі жоғары қараған доға құрайды, сондықтан бұны жоғарғы жақсүйек қойнауына пункция жасарда және конхотомия операциясында еске алу қажет. Ортаңғы және жоғарғы кеуілжірлер торлы сүйектің өсінділері болып саналады. Ортаңғы кеуілжірдің алдыңғы шеті торлы лабиринттің ауатасығыш жасушасымен (concha bullosa) жиі жел үрлеген көпіршік түрінде болады. Барлық мұрын кеуілжірлері бір жақ бүйір жиектерімен мұрынның латералды қабырғасына бекітіліп, басқа жақ жиектері медиалды және төмен қарай салбырап түсіп тұрады, сөйтіп бұлардың астыларында өздеріне сәйкес мұрынның төменгі, ортаңғы және жоғарғы жолдары құрылады. Мұрынның жоғарғы кеуілжірімен және негізгі қойнау аралықтарындағы кішкентай кеңістік – сфеноэтмоидалды кеңістік деп аталады, әдетте оны мұрынның жоғарғы жолына жатқызады. Мұрын далдасымен және мұрын кеуілжірлері аралықтарында саңылау түрінде бос кеңістік қалады, ол мұрынның түбінен төбесіне дейін жалғасады – бұл мұрынның жалпы жолы. Жаңа туған нәрестелерде мұрынның төменгі кеуілжірі мұрынның түбіне дейін төмен түседі, барлық мұрын жолдарының біршама енсіздігі байқалады, бұл жағдайлар кішкентай балаларда мұрын сілемейлі қабығының аздаған ісінуінің өзінде тез басталатын мұрын арқылы тыныс алудың қиындауына себепші болады.

Мұрынның төменгі жолы мұрынның түбінен және мұрынның төменгі кеуілжірінің жиегіне дейінгі аралықта орналасады. Мұрынның төменгі жолының латералды қабырғасы төменгі кеуілжірдің бекітілу сызығына қарағанда негізгі табанына қарай әжептәуір қалыңдау, сондықтан жоғарғы жақсүйек қойнауына пункцияны кеуілжірдің бекітілу сызығының ең жоғарғы нүктесінде жасау қажет. Үлкендерде бұл нүкте кеуілжірдің алдыңғы шетінен артына қарай 2см аралықта орналасқан. Мұрынның төменгі жолының латералды қабырғасында, төменгі кеуілжірдің алдыңғы шетінен артына қарай 1-1,5см аралықта мұрын-көзжас каналының шығарушы тесігі бар. Бұл тесік туғаннан кейін пайда болады, оның ашылуының кідіруі көз жасының қайтуын (ағылуын) бұзады, бұның өзі каналдың киста тәрізді ұлғаюына және мұрын жолының тарылуына әкеледі

Мұрынның ортаңғы жолы төменгі және ортаңғы кеуілжірлердің аралықтарында орналасқан, оның латералды қабырғасында орақ тәрізді (жарты ай тәрізді) саңылау бар (hiatus semilunaris), оның артқы бөлігі алдынан біраз төмен, жалпақтығы 2-3мм. Бұл саңылауды бірінші рет Н.И.Пирогов анықтаған. Ортаңғы жолдың бұл саңылауына, артқы бөлігіне тесік арқылы – жоғарғы жақсүйек қойнауы, алдыңғы-жоғарғы бөлігіне жиі – маңдай қойнаудың каналы және торлы сүйектің алдыңғы және ортаңғы жасушалары ашылады.

Мұрынның жоғарғы жолы ортаңғы кеуілжірден мұрынның ең жоғарғы бөлігіне (төбесіне) дейін жалғасады және сфеноэтмоидалды кеңістікте осы жолдың ішінде қоса есептеледі. Мұрынның жоғарғы жолына жоғарғы кеуілжірдің артқы шеткі деңгейінде негізгі қойнаудың саңылауы ашылады. Сол сияқты мұрынның жоғарғы жолымен торлы лабиринттің артқы жасушалары да байланысады. Бұндай топографиялық байланыста мынаны ескеру қажет, негізгі қойнау және торлы лабиринттің артқы жасушаларының іріңді қабынуында, ірің ортаңғы кеуілжірдің үстінде жиналады және хоана арқылы артқа ағып, жұтқыншақтың артқы қабырғасына жиналады.

Хоананың (мұрын-жұтқыншақ тесігінің) шекарасы: төменде – таңдай сүйектің көлденең пластинкасының артқы шеті , ішкі жағында – желбезектің артқы шеті, үстінде – негізгі сүйектің төменгі беті, сыртқы жағында – таңдай-қанат өсіндісінің ішкі пластинкасы

Мұрынның кіреберісі бөлігі май бездері мен жүн түктері бар терімен жабылған. Ол онан кейін аралық белдеуге, одан әрі сілемейлі қабыққа айналады. Мұрын қуысының сілемейлі қабығы оның барлық қабырғаларын үздіксіз қабатпен жабады және қосалқы қойнауларға, жұтқыншаққа, ортаңғы құлаққа жалғасады, оның сілемейлі қабық асты қабаты болмайды. Мұрын қуысын үш аймаққа (зонаға) бөлуге болады: алдыңғы – мұрынның кіреберісі (vestibulum nasi), тыныс алу (regio respiratoria) және иіс сезу (regio olfactoria) аймағы.

Мұрынның тыныс алу аймағы мұрынның түбінен жоғары қарай мұрынның ортаңғы кеуілжірінің жиегі деңгейіне дейінгі кеңістікке ие болады. Бұл аймақтағы сілемейлі қабық көпқатарлы жыбырлағыш цилиндірлі эпителимен жабылған. Дұрысын айтқанда эпителидің астында коллагенді және эластикалық дәнекертканді талшықтардан тұратын сілемейлі қабық ткані бар. Сілемейлі қабықта көптеген сілемейлі және шұңқырлы жасушалар бездері бар, олар шығарушы протоктар арқылы сілемейлі қабық үстіне сірілі немесе сірілі-сілемейлі секрет бөледі. Сілемейлі қабық бүкіл бойына шеміршек және сүйек үсті қабаттармен қатты тығыз байланысқан, сондықтан операция кезінде сілемейлі қабықты осы құрылымдармен бірге ажыратады (бөлектейді). Сілемейлі қабық көбінесе төменгі кеуілжірдің медиалды және төменгі бөлігінде және ортаңғы кеуілжірдің бос жиектері аймақтарында кавернозды тканнің бар болуы есебінен қалыңдау. Кавернозды ұлпа (тін) кеңейген вена тамырларынан тұрады, оның қабырғасы дәнекертінді талшықтармен және тегіс бұлшықетпен мол қамтылған. Кавернозды тін учаскесі кейде мұрын далдасында, әсіресе оның артқы бөлігінде кездесуі мүмкін. Кавернозды ұлпаның рефлекторлы қанға толуы және керісінше босатылуы әртүрлі физикалық, химиялық және психикалық тітіркеніштердің әсерінен пайда болады. Кавернозды ұлпасы бар болған сілемейлі қабық қолмағол ісініп, мұрын жолдарын тарылтуы немесе керісінше болуы мүмкін, тыныс алу қызметін реттеуге әсерін тигізеді. Балаларда кавернозды вена құрлымының толық жетілуі алты жасында бітеді. Кішкентай балаларда кейде мұрын далдасының сілемейлі қабығында Якобсон иіс сезу ағза рудименті (негізгі маңызы жойылған ағзалар) кездеседі, мұрын далдасының алдыңғы шетінен 2см және мұрын түбінен 1,5см аралықта орналасады. Мұнда қабыну процесі және киста дамуы мүмкін.

Иіс сезу аймағы мұрын қуысының жоғарғы бөлігінде, яғни мұрынның ортаңғы кеуілжірінің төменгі жиегінен күмбезге дейінгі аралықта орналасқан. Бұл аймақта сілемейлі қабықты иіс сезу эпителиі жабады, оның мұрынның бір жартысындағы жалпы көлемі 24см² құрайды. Иіс сезу эпителиі арасында жыбырлағыш эпителия аралдары (бөліктері) кездеседі, бұнда олар тазалау қызметін атқарады. Иіс сезу эпителиінің үстін арнаулы боумен безінің секреті жабады, ол органикалық заттектердің жанжақты еріткіші болып табылады.

Мұрын қуысының қанмен қамтамасыз етілуі ішкі ұйқы артериясының ақырғы тармағымен (a.ophtalmica) орындалады, бұдан торлы артерия кетеді (aa.ethmoidalis anterior et posterior), бұл артериялар мұрын қуысының артқыжоғарғы бөлігін және торлы лабиринтті қанмен қамтамасыз етеді. Мұрын қуысындағы ең үлкен артерия – a.sphenopalatina (ішкі жақсүйек артериясының тармағы – сыртқы ұйқы артерия жүйесінен), бұл артерия мұрын қуысының сыртқы қабырғасына, мұрын далдасына және торлы лабиринтке мұрын тармағын береді. Мұрын далдасының алдыңғы бөлігінің сілемейлі қабығында қою қантамыр өрімі бар (Кисселбах зонасы), бұл аймақта сілемейлі қабық өте жұқа болады, сондықтан сол жер мұрынның қанағыш зонасы деп аталады, өйткені мұрынның жиі қанауы осы жерден байқалады. Вена тамырлары артериямен қатар жүреді және оның жүрістерін қайталайды.

Мұрын қуысынан веналық қанның қайтуының ерекшелігі болып оның веналық өрімдермен байланысы (plexus pterigoideus, sinus cavernosus), бұлар арқылы мұрын веналары бас, көз, жұтқыншақ веналарымен жалғасады, бұның өзі осы жолдар арқылы инфекцияның таралуына мүмкіндік туғызады және риногенді бассүйек және көз ішіндегі асқынулардың, сепсистің пайда болуына әкеледі.

Лимфа мұрынның алдыңғы бөлігінен жақсүйек асты лимфалық түйіндеріне, ортаңғы және артқы бөліктерінен – мойынның терең лимфалық түйіндеріне қайтады. Мұрын қуысына операция жасағаннан кейін баспаның пайда болуын былай түсіндіруге болады, қабыну процесі мойынның терең лимфалық түйіндерін қамтиды, бұның өзі лимфаның бадамша бездерінде іркілуіне және жергілікті иммунитеттің бұзылуына әкеледі. Сол сияқты клиникалық тұрғыдан иіс сезу аймағындағы лимфа жүйесінің мидың қабықаралық кеңістігімен байланысын ескеру қажет, бұл байланыс иіс сезу нерв талшықтарының периневралды жолдары арқылы орындалады. Бұнымен торлы лабиринтке операция жасағаннан кейін менингиттің пайда болу мүмкіндігі түсіндіріледі.

Мұрын қуысының иннервациясын иіс сезу, сезімтал және секрет бөлетін деп айырады. Арнаулы иннервация иіс сезу нервісі арқылы орындалады (n.orfactoris). Иіс сезу талшықтары (20 – шақты аксондар) иіс сезу эпителиінен (биполярлық) басталып және тесік-тесік пластинкалар арқылы бассүйек қуысындағы иіс сезу буылтығына өтеді, бұнда иіс сезу трактасының (жолының) жасуша дендритімен синапс құрайды (иіс сезу нервісі). Коньков қыртысы (girus hippocampi) бірінші иіс талдауыш орталығы болып табылады. Екінші жоғары иіс талдауыш орталығына – сүйелді дене және аммониев мүйіз қыртысы қарайды. Бұл бөлік иіс сезу талдауышының қыртысты аймағы болып саналады.

Иіс сезу талдауышының өткізгіш жолдары.

Иіс сезу талдауышы үш нейрондардан тұрады. Иіс сезу сезімталдығы мұрын қуысына ауамен бірге әртүрлі иіс шығарушы заттектердің жетуінен басталады және бұлар иіс сезу аймағында орналасқан 1,2,3,4 иіс сезу жасушаларын тітіркендіреді. Иіс сезу аймағына мұрынның жоғарғы кеуілжірі мен мұрынның ортаңғы кеуілжірінің жоғарғы сілемейлі қабаттары қарайды, сол сияқты қарама-қарсы орналасқан мұрын далдасының бөліктері жатады (шеткі рецепторлар немесе түйсік). Орталық өсінді жасушалары иіс сезу нерв талшықтарын құрайды, 5-6-шы талшықтар жібі торлы сүйектің тесік-тесік пластинкалары арқылы бассүйектің ішіне өтеді және 7-ші иіс сезу нервісін (n.orfactoris) құрайды, содан иіс сезу нервісінің буылтығына (bulbus olfactorius) барып бітеді (I-ші нейрон).

II-ші нейрон иіс сезу нервісінің буылтығынан басталып, одан әрі 9-шы иіс сезу жолын (трактын) құрап, ұшбұрышты иіс сезу бөлігіне барып бітеді (бұл бірінші иіс талдауыш орталығы деп аталады).

III-нейрон осы ұшбұрышты иіс сезу бөлігінен басталып 11,12,13-ші екінші орталық, ми талдауыш орталығына жетеді. Екінші орталық ми талдауышы самай бөлігінің қыртысты иректі аймағы - сүйелді дене мен аммониев мүйізінде орналасқан. Бірінші иіс сезу талдауыш орталығы өз жағындағы және қарама-қарсы жақтағы мидың орталық иіс сезу талдауыштарымен байланыста.

Мұрын қуысының сезімталдық иннервациясы үшкіл нервтің бірінші (n.ophtalmicus) және екінші (n.maxillaris) тармақтарымен орындалады. Үшкіл нервтің бірінші тармағынан алдыңғы және артқы торлы нерв кетеді (nn.ethmoidales anterios et posterior) бұлар мұрын қуысына тамырлармен бірге кіреді және мұрын қуысының күмбезін және бүйір бөліктерін иннервациялайды. Үшкіл нервтің екінші тармағы мұрынды тікелей және таңдайқанат түйін өрімдері арқылы иннервациялауға қатысады, бұдан негізінен мұрын далдасын иннервациялауға мұрынның артқы нерв тармағы кетеді. Екінші тармақтан мұрын қуысы түбінің және жоғарғы жақсүйек қойнауының сілемейлі қабықтарына төменгі көз нервісі кетеді. Үшкіл нервтің тармақтары бір-бірімен анастомоз құрайды, бұның өзі мұрын және қосалқы қойнаулар аймағынан қақсап-ауру сезімінің – тіс, көз, ми қатты қабық аймағына иррадациялануымен (берілуімен) түсіндіріледі. Мұрын және қосалқы қойнаулардың симпатикалық және парасимпатикалық иннервациясы видиев нервісімен әкелінеді, бұл нерв ішкі ұйқы артериясы өрімінен (жоғарғы мойын симпатикалық түйіні) және бет нервісінің коленчатты түйінен басталады.

Мұрынның қосалқы қойнаулары.

Мұрынның қосалқы қойнаулары мұрын қуысының айналасында орналасқан және онымен тек жіңішке тесіктер арқылы байланысады. Барлық қойнаулар жұп болып келеді және бұлар мұрын қуысынан сүйекті пластинкалар арқылы бөлініп тұрады. Ауамен қамтамасыз ететін қосалқы қойнаулар-жоғарғы жақ, маңдай, торлы және сына тәрізді сүйектердің қалың ішінде (денесінде) орналасқан. Ауамен қамтамасыз ететін төрт жұп қойнаулар бар: жоғарғы жақ, торлы лабиринттің жасушалары, маңдай және негізгі (сына тәрізді). Олар жыбырлағыш эпителилері бар жұқа сілемейлі қабықпен қапталған, сілемейлі бездері жоққа тән және тамырлармен өте аз жабдықталған. Клиникалық тұрғыдан алдыңғы қосалқы қойнаулар (жоғарғы жақ, маңдай, торлы сүйектің алдыңғы және артқы жасушалары) және артқы қосалқы қойнаулар (негізгі және торлы сүйектің артқы жасушалары) деп бөледі. Бұндай бөлудің қолайлы болу себебі алдыңғы қойнаулар зақымдалу спецификасының артқы қойнаулар зақымдалуынан әжептәуір айырмашылығы бар. Өйткені алдыңғы қосалқы қойнаулардың мұрын қуысымен қатынасуы мұрынның ортаңғы жолы, ал артқы қосалқы қойнаулар мұрынның жоғарғы жолы арқылы жүзеге асады. Сол сияқты бұның диагностикалық маңызы бар, себебі алдыңғы қойнаулармен салыстырғанда артқы қосалқы қойнау аурулары сирек кездеседі, әсіресе сына тәрізді қойнаудың.

Жоғарғы жақ (гаймор) қойнауы.

Жоғарғы жақсүйектің қойнауы жұп болып келеді және олар жоғарғы жақсүйектердің денесінде орналасқан. Бұлар ең үлкен қойнаулар – әрқайсының орташа көлемі 10,5-17,7см³ тең. Қойнаудың алдыңғы және артқы, жоғарғы және төменгі, сол сияқты медиалды қабырғалары деп бөледі.

Алдыңғы немесе беттік қабырғасының сыртында шұңқырлау жер бар – ит шұңқыры (fossa canina) және оны ұрттың жұмсақ тіндері жауып тұрады, fossa canina үстінен сүйектен бірден n.infraorbitalis шығады. Ит шұңқырының тереңдігі әртүрлі болуы мүмкін (орташа 9-12мм дейін), егер шұңқыр терең болса, онда қойнаудың алдыңғы және жоғарғы қабырғалары қойнаудың медиалды қабырғасына тым жақын болады. Бұндай жағдайда қойнауға мұрынның төменгі жолы арқылы пункция жасау кезінде ине дәрігерге білінбей алдыңғы немесе жоғарғы қабырғасы арқылы көзге немесе ұрттың жұмсақ тініне кіріп кетіп, іріңді асқынуларға әкелуі мүмкін. Тәртіп бойынша, радикалды операция кезінде қойнауды ит шұңқыры арқылы ашады, өйткені бұл қабырға анағұрлым жұқа, сол сияқты осы жерден қойнауға оның қандай көлемі және конфигурациясы болсада баруға болады.

Қойнаудың медиалды (мұрынды) қабырғасы сүйекті, тек оның жоғарғы бөлігінде сүйектің болмауы мүмкін, онда бұл жерде ол тек сілемейлі қабықтың қосқаттамы (екі сілемейлі қабаттың қосындысы) болып табылады. Медиалды қабырға мұрынның төменгі және ортаңғы жолдарына сәйкес келеді. Оның алдыңғы бөлігінде көзжас-мұрын каналы өтеді, ал жоғарғы бөлігінде яғни мұрынның ортаңғы жолында көз шұңқыры жиегінің астында қойнаудың мұрын қуысына ашылатын тесігі бар. Ол кейде жай тесік емес, ал ұзындығы 1см дейін канал болады. Қойнаудан шығатын тесіктің – оның жоғарғы бөлігінде орналасуы, ол тесіктің енсіздігі (диаметрі 2-6мм дейін), ал кейбір жағдайда тесік емес каналдың болуы қойнаудан бөліністің сыртқа ағуына қолайсыз жағдай туғызады, сөйтіп бұл жерде қабыну процесінің пайда болуына итермелейді. Қойнаудың медиалды қабырғасы өзінің жоғарғы бөлігінде торлы сүйектің жасушаларымен шектеседі, бұның өзі қабыну процесінің екі бағытта таралуына әкеледі.

Жоғарғы жақсүйек қойнауының жоғарғы қабырғасы біруақытта көз шұңқырының төменгі қабырғасы болып есептеледі, бұл ең жұқа сүйекті қабырға және осы қабырғада көзасты нервісінің

каналы орналасқан. Кейде бұл қабырғада тек сілемейлі қабықпен жабылған дегисценция (туа біткен сүйектегі жарық, яғни сүйек саңылауы) кездеседі. Осыған байланысты операция кезінде бұндай дегисценция арқылы байқаусыз көз шұңқыры ішіндегілерін зақымдап алуға болады. Кейбір кездерде қойнаудың жоғарғы және медиалды қабырға аралығы бір-біріне тым жақын тұрады, бұндай жағдайда қойнауға мұрын жолы арқылы пункция жасау қауіпті, өйткені иненің көз шұңқырына өтіп кету мүмкіндігіне және ондағы іріңді қабынудың пайда болуына байланысты.

Жоғарғы жақсүйектің альвеолалық (ұяшығы) өскіні – қойнаудың түбі немесе төменгі қабырғасы болып табылады, көп жағдайларда үлкендерде қойнаудың түбі мұрынның түбінен төмен болады. Атап айту керек үлкендерде қойнау түбіне барлығынан жақын 2-ші кіші азу тіс және екі бірінші үлкен азу тіс орналасқан, кейбір жағдайда тістер түптерінің ұштары қойнауға кіріп тұрады және тек сілемейлі қабықпен жабылған. Бұның өзі сол тістерден қабыну процесінің қойнауға жиі таралуын түсіндіреді.

Қойнаудың артқы қабырғасы қалың, жоғарғы жақсүйектің тығыз сүйекті төмпешігінен құралған, ол таңдайқанат шұңқырының алдын жабады, онда жоғарғы жақсүйек нервісі, таңдайқанат түйіні, ішкі жақсүйек артериясы, таңдайқанат веноздық өрімі орналасқан.

 

 

Торлы сүйектің қойнаулары.

Торлы қойнаулар (торлы лабиринт) торлы сүйектің ауа жүретін (тасығыш) жасушалры болып саналады, бұлар маңдай және сына тәрізді қойнаулардың аралығында орналасқан. Торлы жасушалар сыртынан көз ұясының жұқа қағазды пластинкасымен шектеседі, ал торлы қойнаудың медиалды қабырғасы мұрын қуысының латералды қабырғасының бір бөлігі болып табылады. Торлы жасушалардың (клеткалардың) саны, көлемі және орналасуы әртүрлі болып келеді (бірталай вариацияларға ұшырағыш), орташа олар әр жақтарында 8-10 болады. Торлы қойнаудың үстіңгі қабырғасы әртүрлі ұзындықта бассүйектің алдыңғы шұңқырымен шектеседі. Сонымен қатар жиі вариант болып торлы лабиринттің жасушалары тесік- тесік пластинканың сыртында, оның екі жағында орналасуы: бұл жағдайда бассүйек қуысымен және мұрын қуысы аралығының шекарасы lamina cribrosa және торлы сүйек күмбезі болады. Бұл кезде хирургиялық тұрғыдан айтып ескерту маңызды, lamina cribrosa көбінесе торлы сүйек күмбезінен гөрі төмен оның жанында жатыр. Сондықтан торлы лабиринттің жасушаларын ашу кезінде бассүйек қуысына кіріп кетпес үшін қатал түрде тек латералды бағытты ұстау керек.

Маңдай қойнауы.

Маңдай қойнауы (sinus frontalis) маңдай сүйектің қабыршағында (чешуесінде) болады. Қойнаудың төрт қабырғасы бар: алдыңғы (беттік) – ең қалыңы; артқы (милық) қабырға – мидың маңдай бөлігімен шектеседі; төменгі (көздік) қабырға – ең жұқа қабырға, бұл өзінің үлкенірек бөлігінде біруақытта көз шұңқырының жоғарғы қабырғасы болып есептеледі және аз аралықта торлы сүйектің жасушаларымен және мұрын қуысымен шектеседі; ішкі (қойнау-аралық) қабырға кейде болмауы да мүмкін, бұл қабырға әдетте төменгі бөлігінде ортаңғы сызық бойында тұрады, жоғарғы бөлігінде бір жағына қисаяды. Қойнаудың төменгі қабырғасында қойнау-аралық қабырғаның жанында маңдай-мұрын каналының тесігі бар, бұл каналдың ұзындығы шамамен 1-1,5см болады, бірсыпыра жағдайда қойнау мұрын қуысына каналмен емес, тесікпен ашылады. Әдетте канал мұрынның ортаңғы жолындағы жарты ай тәрізді саңылаудың алдыңғы бөлігіне ашылады. Маңдай қойнауының орташа көлемі 4,7см³ -қа тең, конфигурациясы (пішіні) және көлемі әртүрлі болады. Кейде бір немесе екі қойнауда жоқ болады, бұны диагностикалық тұрғыдан ескеру маңызды.

Сына тәрізді немесе негізгі қойнау.

Сына тәрізді қойнау сына сүйектің денесінде орналасқан. Қойнау далда (ішкі қойнау-аралық қабырға) арқылы көлемі бірдей емес екі жартыға (қойнауға) бөлінген. Әрбір қойнаудың алдыңғы, артқы, үстіңгі, төменгі, сыртқы және ішкі қабырғасы деп ажыратады. Әрбір қойнау (жарты) ең жұқа алдыңғы қабырғаның шығарушы тесігі арқылы мұрынның жоғарғы жолымен жалғасады. Қойнаудың мұрын қуысымен бұндай байланысы, қойнаудан шығатын бөліністің мұрын-жұқыншаққа ағуына себепші болады. Қойнау аралық далда алдына қарай мұрын далдасына жалғасады. Қойнаудың төменгі қабырғасы жарым-жартылай мұрын-жұтқыншақтың күмбезін құрайды. Қойнаудың жоғарғы қабырғасы түрік ершігінің төменгі беті болады, бұл қабырғаның үстінде гипофизден басқа иіс сезу қыртысымен бірге мидың маңдай бөлігі жатады. Артқы қабырға ең қалыңы және шүйде (желке) сүйектің базилярлы бөлігіне өтеді. Негізгі қойнаудың латералды қабырғасы өте жұқа (1-2мм), бұнымен ішкі ұйқы артериясы, үңгірлі қуыс (пещеристі; sinus cavernosus) шектеседі, бұл қабырғаның бойымен көз қимылдатқыш, шығыршықтық (блоковой), кері әкетуші нервтер және үшкіл нервтің бірінші тармағы өтеді (III, IV, V, VI бассүйектің жұп нервтері).

Жаңа туған нәрестелерде тек екі ғана қойнау болады – жоғарғы жақсүйек және торлы лабиринт, ал маңдай және сына тәрізді қойнаулар болмайды, олардың қалыптасуының басталуын 3-4 жасқа жатқызады.

Мұрынның клиникалық физиологиясы.

Адамдар үшін мұрын арқылы тыныс алу қалыпты нормадағы жағдай. Мұрын тыныс алу, қорғаныш, резонаторлық және иіс сезу қызметтерін орындаудан басқа, сол сияқты тыныс алысты және көзден жас ағуды реттеуге қатысады.

Тыныс алу қызметі.

Ішке тыныс алу уақытында, кеуде қуысының теріс қысымына байланысты ауа мұрынның екі жартысына ұмтылады. Ауа ағысы танау арқылы басында мұрынның жалпы және жартылай ортаңғы жолымен жоғары бағытталады, содан соң хоана жақтан тарту күшінің жалғасуына байланысты ауаның негізгі көпшілігі мұрынның ортаңғы жолы деңгейінде доға тәрізді төмен қарай иіліп хоаналарға барады. Сыртқа қарай тыныс шығарғанда ауаның күші (тегеуіріні) мұрын-жұтқыншақтан хоаналар арқылы шығады, сондықтан ауаның көпшілігі мұрынның төменгі жолдары арқылы өтіп сыртқа шығады. Сөйтіп, тыныс алу көбінесе тыныс алу аймағы арқылы жүзеге асады (regio respiratoria) – мұрынның түбінен мұрынның ортаңғы кеуілжірінің төменгі шетіне дейін. Ішке тыныс алғанда қосалқы қойнаулардан ауа бөлігі шығады, бұл ішке баратын ауаның жылынуына және ылғалдануына мүмкіндік туғызады. Сыртқа қарай шығатын ауаның біраз бөлігі қосалқы қойнауларға енеді. Тыныс жолдарының барлық қарсыласуының (кедергісінің) жартысына жуығы (45%) мұрын қуысында жатыр, бұл мұрын жолдарының біршама енсіз және иректеніп жатуына және оның қабырғалары беттерінің ойлы-қырлы болып келуіне байланысты. Бұл қарсыласудың физиологиялық негізі (дәлелі) бар – ауа ағысының қысымы мұрынның сілемейлі қабығында демалу рефлексінің қозуын шақырады. Егер тыныс алу ауыз арқылы орындалса, онда ішке тыныс алу онша терең болмайды, бұл организмге келіп түсетін оттегі мөлшерін азайтады және бұның өзі нерв, тамыр жүйелеріне және басқа жүйелерге әртүрлі патологиялық әсерін тигізуі мүмкін, әсіресе балаларда.

Қорғаныш қызметі.

Ішке тыныс алу кезінде мұрын жолдары механизмінің көмегімен өткен ауа жылынады, ылғалданады және тазаланады.

Ауаның жылынуы мұрын қабырғалары беттерінің жылылығы есебінен жүзеге асады, мұрын қуысы қабырғаларының тегіс еместігі арқасында, оның көлемі үлкен болады. Төменгі және жартылай ортаңғы кеуілжірлердің сілемейлі қабығында орналасқан кавернозды денелер ауаны жылытуға арналған тамырлы аппарат болып есептеледі. Суық ауа тітіркендіргіш фактор ретінде кавернозды кеңістіктің өте жылдам рефлексті кеңейіп-үлкеюіне және қанға толуына итермелейді, сол сияқты оның беті үлкен болады, осыған сәйкес мұрын жолдарының ені тарылады. Бұл жағдайларда ауа мұрын қуысынан тым жіңішке ақырын ағыспен өтеді және сырттан келген ауа олармен ұзағырақ қатынаста болады, осыдан оның қарқынды (интенсивті) жылынуы жүреді. Сырттан келген суық ауа қан тамырларына аса бай мұрын қуысының сілемейлі қабығына жақындаса келе адам денесі температурасына дейін жуықтап жылыйды (32-36°С).

Ауаның ылғалдануы мұрын қуысын жабатын сілемейлі қабықтан дымқылға қанығуы есебінен болады. Мұрын сілемейі қан тамырларынан, сілемейлі бездерден, көзжас безінен сұйықтықтың және тін аралық саңылаудан лимфаның шығуы арқылы құрылады. Үлкен адам тәулігіне мұрын қуысынан бу түрінде 500мл сұйық заттектер бөліп шығара алады, бірақ бұның көлемі сыртқы ауаның температурасына, ылғалдылығына және басқа факторларға байланысты болады.

Мұрында ауаның тазаруы бірнеше механизмдермен жүзеге асады. Мұрынның кіреберісі арқылы ауа ағысының өтуі кезінде шаң-тозаңның ірі бөлшектері кіреберіс терісінің қалың жүн түктерімен ұсталынып қалынады. Бірінші фильтр арқылы өтіп кеткен тым кішкентай шаң-тозаңдар сілемейлі қабатқа шөгеді (түседі). Ауадағы әртүрлі кішкентай бөгде бөлшектер мен микробтардың 40-60% жуығы мұрын қуысындағы сілемейде (жалқықта) ұсталып қалынады да түшкіру арқылы тазартылып отырылады. Мұрын қуысындағы сілемейде муцин мен лизоцимнің барлығы және оның сорғыштық қабілетінің болуы мұның өзі әртүрлі микробтарды зарарсыздандырады. Сол сияқты мұрын қуысындағы сілемей (жалқық) жыбырлағыш эпители талшықтарының тербеліс қозғалысы арқылы хоанаға бығытталған, бұл кезде сілемейде мұрын-жұтқыншаққа қарай жылжиды. Эпители түк талшықтарының тербелісі белгілі бір ритмге бағынады, бір минутта 250 цикл жасайды. Сілемейдің (жалқықтың) сілемейлі қабық эпителиі арқылы мұрынның алдыңғы бөлігінен хоанаға шейін жалпы өту уақыты 20-30 минут болуы мүмкін. Мұрын-жұтқыншаққа жеткен сілемей әдетте түкірікпен бірге жұтылып және асқазанда соңғы зарарсыздандыруға ұшырайды. Сондықтан мұрынға тамыртарылтқыш тамшыларды ұзақ уақыт бойы тамызуға болмайды, өйткені олар жыбырлағыш эпителиасының ағызғыш (дренаждық) қызметіне жағымсыз әсер етеді.

Иіс сезу қызметі.

Адамдарда иіс сезу қызметі – нейроэпителиалды иіс сезу жасушалары-хеморецепторлары бар иіс сезу зонасының сілемейлі қабығы арқылы орындалады. Иіс сезу аймағы иіс сезу саңылауынан басталады (rimma olfactoria), бұл саңылау мұрынның ортаңғы кеуілжірінің төменгі шеті және мұрын далдасы аралықтарында орналасқан, ені 3-4мм болады. Иіс сезу саңылауы үстіне қарай иіс сезу аймағына өтеді, бұл аймақ мұрынның жоғарғы латералды және медиалды қабырғаларында және күмбезге дейін орналасқан. Иіс сезу саңылауы жабылып қалғанда респираторлық иіс сезу қабілетінің төмендеуі – гипосмия, иіс сезбеу – аносмия басталады. Егер нағыз рецепторлардың өздері зақымдалған жағдайда оны иіс сезу нерв невриті деп атайды, ал бұл кездегі иіс сезудің бұзылуын – эссенциалдық гипо немесе аносмия дейді. Көбінесе бір жақты иіс сезбеу (аносмия) – бас мидың маңдай бөлігі ісіктерінің немесе іріңдігінің белгісі болып келуі мүмкін.

Дыбысты жаңғырту (резонаторлық) қызметі.

Мұрын қуысы және қосалқы қойнаулар дауыстың тембірін , әртүрлі дауыс үндерін ұлғайтып және дауыстың бояу өзгерістерін құрауға қатысатын ағза болып саналады. Кішірек қойнаулар (торлы лабиринт, сына тәрізді қойнау) тым жоғарғы дыбыстарды жаңғыртады, ал ірі қойнаулар (жоғарғы жақ және маңдай қойнаулары) тым төменгі үндерді жаңғыртады. Үлкен кісілерде қалыпты жағдайда қосалқы қойнаулар қуыстары өзгермейді, сондықтан дауыстың тембірі бүкіл өмір бойы тұрақты болады. Қосалқы қойнаулардың қабыну процестерінде, оның сілемейлі қабықтарының қалыңдауына байланысты дауыс тембірінің аздаған өзгерісі байқалуы мүмкін (бұны әншілер бұрын байқайды). Жұмсақ таңдайдың жағдайы белгілі дәрежеде дыбыстың ашықта жақсы естілуін реттейді, бұл кезде мұрынжұтқыншақ және мұрын қуысы жұмсақ таңдайдың көмегі арқылы жұтқыншақтың ортаңғы бөлігінен, көмейден бөлектеніп жабылады. Жұмсақ таңдай кейбір дауыссыз дыбыстарды (м, н , л) шығару мезгілдерінде бос салбырап тұрады, бұл кезде мұрын-жұтқыншақ және хоаналар ашық қалады да дауыс мұрынның рең өзгешелігіне ие болады. Жұмсақ таңдайдың салдануында немесе ол толық бітпей, ашық қалған жағдайларда ашық мыңқылдап сөйлеу пайда болады, ал мұрын қуысы, хоаналар және мұрын-жұтқыншақ бітеліп қалған жағдайларда (полиптерде, аденоидтарда, ісіктерде, мұрын кеуілжірлерінің гипертрофиясында) жабық мыңқылдап сөйлеу байқалады.

 

 


Поделиться:

Дата добавления: 2015-01-05; просмотров: 1552; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.008 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты