Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Сыртқы құлақ.




Сыртқы құлаққа - құлақ қалқанымен және сыртқы есту жолы жатады. Құлақ қалқаны алдында самай-төменгі жақсүйек буыны және артында емізік тәрізді өсінді аралығында орналасады. Құлақ қалқанының сыртқы ойыс және ішкі дөңес беттері болады. Құлақ қалқаны күрделі пішінді, ол майлы тінді теріден тұратын сырғалыққа және екі жағы жұқа терімен қапталған шеміршекке бөлінеді. Қалқанның тұлғасы болып қалыңдығы 0,5-1мм майысқақ шеміршек жатады. Құлақ қалқаны бұранда, бұранданың қарсы беті және түйін, түйіннің қарсы беті құрамдарынан тұрады. Құлақ түйіні сыртқы есту жолын қалқалайды. Құлақ қалқанының алдыңғы жағында аталған төмпешіктерден басқа үшбұрышты және қайықша сияқты ойыстар бар. Құлақ қалқанының биіктігі қалыпты жағдайда мұрын қырының ұзындығына тең болады деп есептеледі. Құлақ қалқаны самай сүйектің қабыршағына, емізікше тәрізді сүйекке және бет сүйегіне бұлшықеттер мен байламдар арқылы бекітіледі. Құлақ қалқаны үшкілдене келіп сыртқы құлақ тесігіне (жолына) өтеді. Үлкендерде сыртқы есту жолының ұзындығы түйінді есептемегенде 2,5-3см шамасында, ал оның саңылауы диаметрі 0,7-0,9см шейін жақындайды. Ол дабыл жарғағымен аяқталады, бұл ортаңғы және сырты құлақты ажыратады. Сыртқы есту жолы екі бөліктен тұрады: сыртқы шеміршекті-жарғақты және ішкі-сүйекті. Шеміршекті-жарғақты бөлік есту жолының бүкіл ұзындығының үштен екі бөлігін құрайды. Бұл кезде шеміршекті тек оның алдыңғы және төменгі қабырғасы болады, ал артқы және жоғарғы қабырғасы тығыз талшықты (фиброзды) дәнекер тіндерден құралады. Сыртқы есту жолының шеміршекті пластинкасы талшықты тінмен жабылған екі көлденең орналасқан санторинді саңылаулармен үзіледі. Сыртқы есту жолының шеміршекті-жарғақты есту бөлігі сүйекті бөлікпен созылғыш дәнекер тін арқылы айналма байлам түрінде жалғасады. Сыртқы есту жолының мұндай құрылысы есту жолының бірталай жылжымалдылығын қамтамасыз етеді, бұның өзі құлақты қарауды жеңілдетеді. Санторинді саңылау аймақтарында борпылдақ клетчаткалардың болуы арқасында кейде қабыну процесінің сыртқы есту жолынан құлақ маңы сілекей безіне өтуіне себепші болады және керісінше. Үлкен кісілерде сыртқы есту жолының бағыты дабыл жарғағынан алғанда алға және төмен болады, сондықтан сүйекті бөлік пен дабыл жарғағын қарау үшін құлақ қалқанын жоғары және артқа тарту керек, сол кезде сыртқы есту жолы түзуленіп дабыл жарғағы жақсы көрінеді. Балаларда құлақты қарау кезінде құлақ қалқанын төмен және артқа тарту керек. Жаңа туған нәрестелерде және алғашқы алты айлығына шейін жоғарғы қабырғасының төменгі қабырғасына жақындаса жатуына байланысты сыртқы есту жолына кіру саңылау түрінде болады. Үлкен адамдарда есту жолы кең немесе тар болып кездесуі мүмкін. Сыртқы есту жолында шеміршек бөлігінің кіреберісінен аяғына қарай тарылу тенденциясы байқалады, сүйекті бөліктен бастап саңылау әлденеше кеңейеді, ал содан соң қайтадан тарылады. Сыртқы есту жолының ең тар бөлігі сүйекті бөліктің ортасында орналасады және аты қылта (isthmus) делінеді. Сыртқы есту жолының алдыңғы қабырғасы төменгі жақсүйектің буынын сыртқы құлақтан бөледі. Әрбір шайнау қимылында бұл қабырға орнын ауыстырып отырады, сондықтан бұл қабырғадағы қабыну процестерінде шайнау қимылы қатты ауырсыну шақырады. Кейбір жағдайда иекпен құлағанда алдыңғы қабырғаның зақымдалуы байқалады, кейде есту тесігінің тыртықтанып бітуіне соқтырады. Жоғарғы қабырға сыртқы құлақты бассүйектің ортаңғы шұңқырынан бөледі, сондықтан бассүйектің түбегейі сынғанда құлақтан қан немесе ликвор ағуы мүмкін. Сыртқы есту жолының артқы қабырғасы емізік тәрізді өсіндінің алдыңғы қабырғасы болып табылады, сондықтан көбінесе мастоидит кезінде процеске тартылады (бұл қабырғада мастоидиттің нақты белгілері байқалады). Бұл қабырғамен бет нервісі өтеді. Төменгі қабырға сыртқы құлақты құлақ маңы сілекей безінен бөледі. Жаңа туған нәрестелерде самай сүйегі әлі жетілмеген, сондықтан оларда есту жолының сүйекті бөлігі болмайды, тек сүйекті сақина болады, оған дабыл жарғағы бекітіледі. Есту жолының сүйекті бөлігі 4 жас шамасына қарай қалыптасады және 12–15 жас шамасына қарай сыртқы есту жолының диаметрі, түрі, көлемі де өзгереді. Сыртқы есту жолы терімен жабылған, яғни сыртқы құлақ қалқаны терісінің жалғасы болып келеді. Шеміршекті-жарғақты бөлікте терінің қалыңдығы 1-2мм дейін жетеді, мол жүн түктерімен, май және құлық бездерімен жабдықталған. Есту жолының сүйекті бөлігі жұқа терімен қапталған (0,1мм дейін), мұнда жүн түктері және бездер болмайды. Одан әрі тері дабыл жарғағының сыртқы бетіне өтеді, оның сыртқы қабатын құрайды. Сыртқы құлақтың қанмен қамтамасыз етілуі сыртқы ұйқы артерия жүйесімен іске асырылады; алдынан а.temporales superfacialis, артынан а.auricularis posteriop, a.occipitalis. Сыртқы құлақтың терең бөліктері қанды a.auricularis profunda-дан алады. Венозды қанның қайтуы екі бағытта жүзеге асады; алдыға v.faacalis posterior және артқа v.auricularis posterior арқылы. Лимфаның қайтуы құлақ түйіні алдында орналасқан лимфалық түйіндерге және емізікше өсінді ұшындағы лимфалық түйіндер бағытында орындалады. Бұлардан лимфа мойынның терең лимфалық түйіндеріне құйылады. Сыртқы құлақтың нервтенуі (сыртқы есту түтігінің терісі, құлақ қалқаны) үшкіл нервтің үшінші сезімтал тармағы n.auricuotemporalis, мойын нерв өрімінің тармағы n.auricularis magnus, сол сияқты кезеген нервтің r.auricuaris тармағы арқылы жүзеге асады. Осыған байланысты кейбір адамдарда есту жолының кезеген нервпен нервтенетін төменгі және артқы қабырғасын механикалық тітіркендіргенде рефлекторлы жөтел шақырылады. Құлақ қалқанының рудиментарлық бұлшықеттері бет нервісінің қимылдатқыш тармағы n.auricularus posterior арқылы жүзеге асады. Дабыл жарғағы дабыл қуысының сыртқы қабырғасы болып табылады, ол сыртқы құлақты ортаңғы құлақтан бөліп тұрады. Дабыл жарғағын «ортаңғы құлақтың айнасы» деп атайды, өйткені дабыл жарғағында байқалатын барлық өзгеріс белгілер, оның арғы жағындағы – ортаңғы құлақ қуысы ішіндегі процестер көрінісі болып табылады. Сондықтан да болып жатқан немесе болып кеткен процестер дабыл жарғағында өз ізін қалдырады, кейде өмір бойы сақталып қалады: жарғақтың тыртықты өзгерісі, тесілуі, әк тұздардың жиналуы және т.б. Дабыл жарғағы - сыртқы пішіні дұрыс емес (сопақша - биіктігі 10мм және ені 9мм) өте серпінді, аз созылғаш және өте жұқа 0,1мм дейін анатомиялық құрылым болып есептеледі. Үлкендермен салыстырғанда балаларда оның сыртқы пішіні дөңгелек және тері және сілемейлі қабығының қалыңдығы есебінен анағұрлым қалың болады, яғни сыртқы және ішкі қабатының. Дабыл жарғағы қалыпты жағдайда көкшіл-сұр түсті және дабыл қуысына қарай шамалы воронка тәрізді тартыңқы келеді. Осыған байланысты оның дәл ортасында «кіндік» деп аталатын ойықша бар. Дабыл жарғағы екі бөліктен тұратын жұқа перде, оның үлкені керілген, кішісі керілмеген. Керілген бөлігі үш қабаттан: сыртқы эпидермальды, ішкі - сілемейлі қабық, ортаңғы - көп талшықты дәнекер тінді (өзара тығыз өрілген радикальды және циркулярлы) қабаттан тұрады. Радикальды талшықтар циркулярлыдан гөрі күшті жетілген. Дабыл жарғағы дабыл сақинасының науасына (sulcus timpanicus) қондырылған, бірақ үстінде науа болмайды, бұл жерде ойық орналасқан (s.Rivini) және дабыл жарғағы тікелей самай сүйегінің қабыршақты бөлігіне бекітіледі. Дабыл жарғағы дабыл қуысының ішкі қабырғасынан өзінің әр бөлігінде бірдей емес қашықтықта: ортасында 1,5-2мм, алдыңғы төменгі бөлігінде 4-5мм, ал артқы төменгі бөлігінде 6мм қашықтықта болады. Сондықтан ортаңғы құлақтың жіті қабынуында артқы-төменгі бөліктің дабыл жарғағын тілу үшін артықшылығы бар. Балғашаның сабы дабыл жарғағының ішкі және ортаңғы қабатымен тығыз тұтаса бітіп кеткен, оның төменгі ұшы дабыл жарғағының ортасынан кішкене төмендеу жерде воронка тәрізді шұңқыр - кіндік (umvo) құрайды. Балғаша сабының жоғарғы бөлігінде кішігірім төмпешік - балғашаның қысқа өскіні көрінеді. Бұл өскін дабыл жарғағын томпайтып, айқын көрінеді және бұл өскіннен алға және артқа қарай балғаша қатпарлары кетеді (алдыңғы және артқы), олар жарғақтың керілген бөлігін керілмеген бөлігінен бөліп тұрады. Дабыл жарғағының Ривинді ойық аймағында орналасқан кішкентай бөлігінің (қатпарлардан және қысқа өскіннен жоғары) ортаңғы қабаты болмайды, ол керілмеген бос бөлік деп аталды (S.Shrapnelli). Керілмеген бөліктің көлемі балғашаның қысқа өскінінің тұруына және ривинді ойықтың көлеміне байланысты. Дабыл жарғағының түсі өзіне түскен жарыққа байланысты өзгеріп отырады. Май шаммен қарағанда қызғылт, күн сәулесімен қарағанда меруерт түстес, ақшыл, бозғылт болып көрінеді. Жарғақтың алдыңғы төменгі бөлігі тігірек орналасқан, сондықтан жарғаққа жарық түсірсе кіндіктен төмен алға қарай жарғақта конус тәрізді (сүйір бұрыш) сәуле пайда болады. Бұл конус дабыл жарғағының қалыпты жағдайында бір күйде болады. Оның танымдық және диагностикалық маңызы бар. Онда басқа дабыл жарғағында алдынан артқа, жоғарыдан төмен қарай жүретін балғашаның сабы бар. Балғашаның сабымен және жарық конусы арқылы жасалған бұрыш алға қарай ашылған. Бұл оң жақтағы жарғақты сол жақтағыдан ажырата білуге мүмкіндік береді.

Практикалық мақсатта дабыл жарғағын екі түзу сызықпен шартты түрде 4 ширекке бөледі, бірінші сызықты балғаша сабының бойымен жарғақтың төменгі шетіне дейін, ал екіншісін кіндік арқылы біріншісіне перпендикулярлы жүргізіледі. Осындай бөлудің арқасында алдыңғы жоғарғы, артқы жоғарғы, алдыңғы төменгі және артқы төменгі ширегі деп бөледі. Дабыл жарғағының қанмен қамтамсыз етілуі сыртқы құлақ жақтан болады - a.tympanica, a.auricularis profunda (a.maxillaris interna) және ортаңғы құлақ жақтан - a.tympanica. Дабыл жарғағының сыртқы беткі венасы сыртқы мойындырық венасына, ал ішкі беткі венасы - есту түтігі айналасындағы өрімге, көлденең қуысқа және мидың қатты қабық венасына құяды. Лимфаның қайтуы құлақ алды, құлақ арты және мойынның артқы лимфалық түйіндері арқылы жүзеге асады. Дабыл жарғағы кезеген нервтің құлақ тармағы (r.auricularis n.vagi), дабыл тармағының n.auriculotemporalis және тіл-жұтқыншақ нервтің дабыл тармағы арқылы нервтенеді.

Ортаңғы құлақ

Ортаңғы құлақ өзара бір-бірімен байланысқан үш ауа жүретін қуыстардан тұрады: дабыл қуысы, есту түтігі және емізік тәрізді қосалқы өсінді. Ортаңғы құлақ есту түтігі арқылы мұрын-жұтқыншақпен байланысады; бұл қалыпты жағдайда барлық ортаңғы құлақ қуыстарының сыртқы ортамен жалғыз ғана байланысы.

Дабыл қуысы - ортаңғы құлақтың ортаңғы бөлігі, құрылысы күрделі, түрін дұрыс емес кубпен салыстыруға болады, көлемі кішігірім - 1 куб см шамасында, бірақ қызметі жағынан маңызды. Қуыстың алты қабырғасы бар: жоғарғы, төменгі, алдыңғы, артқы, сыртқы және ішкі. Жоғарғы қабырға немесе дабыл қуысының төбесі қалыңдығы 1-6 мм дейін сүйекті пластинка болып есептеледі. Ол дабыл қуысын бассүйектің ортаңғы ойығынан бөліп тұрады. Төбесінде кішкентай тесік болады, ол арқылы ортаңғы құлақтың сілемейлі қабығына мидың қатты қабығынан қан апаратын тамырлар өтеді. Кейде жоғарғы қабырғасында дегисценция болады, бұл жағдайда дабыл қуысының сілемейлі қабығы мидың қатты қабығымен тікелей жанасады. Бұнымен қабыну процестерінде ортаңғы құлақ қуыстарынан бассүйектің ортаңғы шұңқырына инфекцияның өту және бассүйек ішіндегі асқынулардың (ми іріңдігі, менингит) даму мүмкіндіктері түсіндіріледі. Жаңа туған және бір жасқа дейінгі балаларда самай сүйектің пирамидасымен және қабыршағы шекарасы аралығында бітпей қалған саңылау болады (fissure petrosgvamosa), ол ортаңғы құлақтың жіті қабынуында балаларда ми белгілерінің пайда болуына себепші болады. Ақырында бұл жерде жік (тігіс) пайда болады және бұл жердегі бассүйек қуысымен байланыс жойылады. Төменгінемесе дабыл қуысының мойындырықты (жармалық) қабырғасы немесе дабыл қуысының түбі - оның астында жатқан мойындырық венасының буылтығына арналған мойындырық ойығымен шектеседі. Ойық дабыл қуысы ішіне қарай біршама көп кірсе, соншалықты сүйекті қабырға жұқарырақ болады. Кейде төменгі қабырға өте жұқа немесе дегисценциясы болуы мүмкін, бұл арқылы кейде вена буылтығы дабыл қуысына томпайып шығады. Бұнымен дабыл жарғағын тілу де немесе дабыл қуысының түбінен грануляцияны байқаусыз қыруда мойындырық венасы буылтығының зақымдалуы қатты қан кетумен қоса жүруі, сол сияқты инфекцияның дабыл қуысынан мойындырық вена буылтығына таралып септикопиемияның пайда болу мүмкіндіктері түсіндіріледі. Алдыңғы немесе ұйқы артериялық қабырға - жұқа сүйекті пластинкадан құралған, бұның сыртында ішкі ұйқы артериясы орналасқан. Алдыңғы қабырғаның жоғарғы бөлігінде екі тесік бар, бұның жоғарғысы дабыл жарғағын тартатын бұлшықеттің жартылай каналына, ал төменгісі - есту түтігіне алып барады. Сол сияқты алдыңғы қабырға жіңішке жолдармен (каналдармен) тесілген, бұлар арқылы дабыл қуысына тамыр және нерв өтеді, кейбір жағдайда оның дегисценциясы болады. Бұл топографиялық ерекшеліктер дабыл жарғағын тілуде артерияның зақымдалу немесе дабыл қуысынан инфекцияның ұйқы артерия қабырғасына өту мүмкіндіктерін түсіндіреді. Дабыл қуысының артқы немесе емізікше қабырғасы емізік тәрізді қосалқы өсіндімен шектеседі. Бұл қабырғаның жоғарғы бөлігінде кең жол бар (қысқа каналға келетін тесік - aditus ad antrum), ол дабыл үсті кеңістігін (attic) емізік тәрізді өсіндінің ең ірі және тұрақты ұясы – антруммен (үңгірмен) жалғастырады. Бұл жолдан төменірек шығыңқы сүйекті жер бар - пирамидальдық өсінді, бұдан үзеңгішенің бұлшықеті (m.Stapedius) басталады. Пирамидальдық өсіндінің сыртқы бетінде дабыл тесігі орналасады, бұл арқылы дабыл қуысына бет нервісінен кететін дабыл шегі (chorda tjmpani) кіреді. Артқы қабырғаның төменгі қалың бөлігінде бет нервісінің төмен түсетін тізесінің (тармағының) каналы өтеді. Дабыл қуысының сыртқы немесе жарғақты қабырғасы - дабыл жарғағымен, оның ішкі беті және жоғарғы бөлігі аттиктің сыртқы сүйекті қабырғасынан, бұл сыртқы есту жолының жоғарғы сүйекті қабырғасының төменгі пластинкасы болып табылады, ал төменгі гипотимпанум аймағында - сыртқы есту жолының төменгі қабырғасынан құралады. Дабыл қуысының ішкі немесе лабиринтті, медиальды, промонториальды қабырғасы - лабиринттің сыртқы қабырғасы болады және оны ортаңғы құлақ қуысынан бөледі. Бұл қабырғаның ортаңғы бөлігінде сопақша түрдегі көтеріңкі (томпақ) жер - мүйіс (promontorium) бар, ол ұлудың (құрыш иірімнің) негізгі шығыңқы шиыршығынан жасалған немесе негізгі шиыршыққа сәйкес келеді. Мүйістің үстінде дабыл жарғағын керетін бұлшықеттің жартылай каналы бітеді. Бұл мүйістен артқа және жоғары қарай кіреберіс терезесінің ойықшасы болады немесе үзеңгішенің негізімен жабылған сопақша терезе. Үзеңгішенің негізгі терезенің шеттеріне сақина тәрізді (дөңгелек) байлам арқылы (Lig.annulare) бекітіледі. Мүйістен артқа және төменгі бағытта ұлу терезесінің ойықшасы орналасады, ол ұлуға апарады және екінші (қосымша) дабыл жарғағымен жабылған. Екінші дабыл жарғағы үш қабаттан тұрады: сыртқы - сілемейлі (дабыл қуысының сілемейлі қабаты), ортаңғы дәнекер тінді және ішкі - эндотелиалды. Кіреберіс терезесінің үстінен дабыл қуысының ішкі қабырғасы арқылы алдынан артқа қарай бағытталып бет нервісінің горизонтальды тізесі өтеді, бұл антрумның (үңгірдің) ішкі қабырғасымен жартылай имек горизонтальды каналға дейін жетіп, төмен тік (вертикальды) бұрылады - төмен түсетін тізе және бассүйектің түбегейінен біз-емізікше тесігі арқылы шығады (for.stylomastoideum). Бет нервісі сүйекті каналдың ішінде болады (canalis Fallopii). Бет нервісі каналының горизонтальды бөлігі сопақша терезенің үстінде дабыл қуысына сүйекті түрде томпая шығып тұрады. Оның бұл жердегі қабырғасы өте жұқа болады, кейде мұнда дегисценция байқалады, мүның өзі ортаңғы құлақтан қабынуды бет нервісіне таралу мүмкіндігін туғызады және бет нервісінің салдануы пайда болады. Кейде отохирургтар бет нервісінің дабыл және емізік бөліктерінде (кесінділерінде) әртүрлі вариантта орналасқан аномалияларымен (ауытқушылықтармен) жиі кездесіп тұрады. Дабыл қуысының төменгі этажында бет нервісі каналынан бөлініп басқа канал кетеді, бұның ішінде оның дәм сезгіш (тұзды, ащыны және қышқылды сезіну) және секреторлық тармағы бар – дабыл шегі. Ол бүкіл дабыл қуысы арқылы балғаша мен төсше аралығынан дабыл жарғағына жақындап өтеді және одан fissure petrotympanica арқылы шығады. Дабыл қуысын шартты түрде үш бөлікке немесе этажға бөледі: 1.Жоғарғы - аттик немесе дабыл үсті кеңістігі (epitympanum) дабыл жарғағының керілген бөлігінің жоғарғы шетінен жоғары орналасады, аттиктің биіктігі 3 мм-ден 6 мм-ге дейін болады. Оның ішіндегі балғаша мен төсшенің қосылысы аттикті сыртқы және ішкі бөлікке бөледі. Бір жағынан дабыл жарғағының pars Shrapnelli бөлігімен, төменде - балғашаның қысқа өсіндісімен және ішінде - оның мойынымен шектелген сыртқы бөлігінің төменгі бөлігі Пруссак кеңістігі деп аталады. 2. Ортаңғы бөлік (mesotympanum ) - көлемі жағынан ең үлкені, орналасуы дабыл жарғағының керілген бөлігіне сәйкес келеді. 3. Төменгі бөлік (hypotympanum) - дабыл жарғағының бекітілген деңгейінен төменгі тереңінде орналасады. Дабыл қуысының сілемейлі қабығы мұрын-жұтқыншақтың сілемейлі қабығының жалғасы болып табылады (есту түтігі арқылы); ол дабыл қуысының қабырғаларын, есту сүйекшелерін және оның байламдарын жабады, бірнеше қатпар және қалталар құрастырады. Бұл сілемейлі қабық негізінен тегіс эпителии болады, есту түтігінің ұртын қоспағанда, бұл жерде жыбырлағыш цилиндірлі эпителии болады. Дабыл қуысындағы «есту сүйекшелер тізбегі» - балғаша, төсше және үзеңгішеден құралған, өзара бір-бірімен анатомиялық және фукнционалдық тұрғыда жалғасады, бұл тізбек дабыл жарғағынан басталып кіреберіс терезесіне дейін созылады. Есту сүйекшелерінің негізгі массасы - балғашаның басы, мойыны және төсшенің денесі - дабыл үсті кеңістігінде болады. Есту сүйекшелері өзара және дабыл қуысының қабырғаларына созылғыш байламдар арқылы бекітіледі, бұл олардың дабыл жарғағы тербелісінде еркін жылжуын қамтамасыз етеді. Балғашаның ұзын сабы дабыл жарғағының фиброзды қабатына жабысқан, ал үзеңгішенің негізгі кіреберіс терезесінің қабырға қуысына бекітіледі.Балғашаның сабы, мойыны және басы деп бөледі. Сабтың негізінде дабыл жарғағы бөлігін айқын көрсететін қысқа өсінді бар. Балғашаның массасы 30мг шамасында. Төсше денеден, қысқа өсіндіден және үзеңгішемен жалғасатын ұзын өсіндіден тұрады. Төсшенің массасы 27мг жуық. Үзеңгішенің басы, екі аяқшасы және негізі деп бөлінеді. Үзеңгішенің негізі кіреберіс терезесінің жиектеріне сақина тәрізді (дөңгелек) созылғыш байлам арқылы бекітіледі, бұл байлам үзеңгішенің жақсы тербелмелі жылжымалдылығын қамтамасыз етеді.

Үзеңгіше - есту сүйекшелерінің ішіндегі ең кішкентайы, оның массасы 2,5мг шамасында, негізінің аумағы (көлемі) 3-3,5 мм2. Дабыл қуысында өзара екі антогонист (қарсы) бұлшықет аппараты бар: бұл екі қарама-қайшы бұлшықеттің бірі жиырылған жағдайда үзеңгішенің негізін кіреберіс терезесінен «тартып шығаратын» үзеңгіше бұлшықеті, ал екіншісі дабыл жарғағын керетін, керісінше үзеңгішені осы терезеге қарай тартатын бұлшықет. Бұлшықеттер арқылы есту сүйекшелерінің барлық жүйесінің өте сезімтал, динамикалық тепе-теңдігі жасалады. Бұл тепе-теңдік құлақтың есту функциясы үшін аса маңызды. Бұл екі бұлшықет, бір жағынан есту сүйекшелерін ширығу жағдайында ұстап тұрады, бұл дыбыс өткізуде ең қолайлы жағдай, ал екіншіден өте артық дыбыс тітіркенуінде рефлексті түрде қысқару арқылы ішкі құлақты қорғайды. M.tensor tympani бір шетімен есту түтігінің шеміршекті бөлігіне, ал басқа аяғымен - балғаша сабының мойын маңына бекітіледі. Ол құлақ ганглиі арқылы үшкіл нервтің төменгі жақсүйек тармағымен нервтенеді; m.stapedius пирамидалы шығыңқы жерден басталып және үзеңгішенің мойынына бекітіледі. Ол бет нервісінің n.stapedius тармағымен нервтенеді.

Есту (Евстахи) түтігі -бұл түтік арқылы дабыл қуысы сыртқы ортамен байланысады және мұрын-жұтқыншақ аймағына ашылады. Ол екі бөліктен тұрады: қысқа 1/3 сүйекті және ұзын 2/3 жарғақты-шеміршекті каналдан. Үлкендерде оның орташа ұзындығы 3,5см-ге, ал жаңа туған балаларда - 2см тең. Жарғақты-шеміршекті бөліктің сүйекті бөлікке өтетін жерінде ең тар жер қылта (isthmus) түзіледі. Сүйекті бөліктің ішіне қарай ішкі ұйқы артериясы өтеді. Есту түтігінің жұтқыншақ тесігі дабыл тесігінен гөрі екі есе кең және одан 1-2,5 см төмен жатыр. Түтіктің жұтқыншақ тесігі мұрын-жұтқыншақтың бүйір қабырғасында мұрынның төменгі кеуілжірі деңгейінде болады. Түтіктің сілемейлі қабығы жыбырлағыш цилиндрлі эпителимен жабылған, оның кірпікшелері мұрын-жұтқыншаққа қарай қимылдайды. Түтік саңылауы жұтыну қимылында ашылады да ауа ортаңғы құлаққа енеді. Бұл жағдайда ортаңғы құлақтың сыртқы және ішкі қысымы теңеседі. Екі жасқа дейінгі балаларда есту түтігі қысқа және кең болады. Дабыл қуысынан лимфа есту түтігінің сілемейлі қабығы бойымен жұтқыншақ арты лимфалық түйіндерге қайтады. Дабыл қуысы бассүйек нервісінің IX тіл-жұтқыншақ жұбының дабыл нерв талшықтар тармағы арқылы нервтенеді. Лабиринтті (ішкі) қабырғада тіл-жұтқыншақ нервісінің дабыл тармағы (n.tympanicus), бет, үшкіл нерв тармақтары және ішкі ұйқы артериясынан келетін симпатикалық нерв талшықтары бір-бірімен жалғасып, дабылдық өрім құрады (plex tympanicus).

Емізік тәрізді өсінді. Жаңа туған сәбилерде ортаңғы құлақтың емізік тәрізді бөлігі дабыл дөңгелегінің жоғарғы артқы шетінің артында кішкентай көтеріңкі түрде болады, онда тек бір қуыс – антрум (үңгір) болады. Екі жастан бастап, бұл көтеріңкі жер мойын және желке бұлшықеттерінің жетілуі есебінен төмен тартылады. Өсіндінің негізінен қалыптасуы (құрылуы) 6-7 жас шамаларында аяқталады. Үлкендерде емізік тәрізді өсінді - төменгі ұшы шошақ (шығыңқы) төңкерілген конусты еске алады. Емізікше өсіндінің клеткалар жүйесі ауа жүретін клеткалар дамуы дәрежесіне байланысты әртүрлі болады. Сондықтан да, оның құрылыс өзекшелігіне қарай әртүрлі типке бөледі: пневматикалық, склероздық, диплоэтикалық.

1. Пневматикалық типте - ауа жүретін ұяшықтар (ячейкалар) мөлшері жеткілікті үлкен. Олар өсіндіні барлық дерлік толтырады және тіпті кейде самай сүйектің қабыршағына, пирамидасына, бетсүйектің шығыңқы бөлігіне дейін таралады.

2. Диплоэтикалық (спонгнозды) типте - ауа жүретін жасушалар аса үлкен емес, олар трабекулармен шектелген кішкентай қуыстарға ұқсас болады, негізінен антрумның айналасында орналасады.

3. Склероздық типте – емізік тәрізді өсінді бірыңғай тығыз қатты сүйек тіндерінен құралады. Егер емізік тәрізді өсінді құрылысының пневматикалық типі баланың нормадағы дұрыс жетілуінде байқалса, ал диплоэтикалық, склероздық титері - заттек алмасу процестерінің бұзылуы салдарынан және жалпы, жергілікті қабыну (отит) ауруларын басынан кешіру нәтижесінде болады. Антрум (үңгір) - тұрақты қуыс, бұның болуы емізік тәрізді өсіндінің құрылысы типіне байланысты емес, жалғыз ғана ауа жүретін қуыс. Емізік тәрізді өсіндінің барлық ауа тасығыш жасушалары өздерінің таралуына және орналасуына қарамай бір-бірімен және антруммен байланыс қатынаста болады. Антрум - дабыл қуысымен тікелей байланысатын (aditus ad antrum арқылы) үлкен клетка. Антрум - бассүйектің ортаңғы шұңқырымен, сигма тәрізді қуыспен және сыртқы есту жолымен шектеседі. Антрум ересек адамдарда емізік тәрізді өсіндінің сыртқы бетінен 2-2,5см-ге дейінгі тереңдікте жатады, ал жаңа туған сәбилерде оның көлемі едәуір үлкен болады және емізік тәрізді өсіндінің бетіне жақын орналасады (1см-ге дейінгі тереңдікте). Бассүйектің ортаңғы ойығындағы мидың қатты қабығын антрумнан сүйекті пластинка бөледі (tegmen antri), бұл пластинка іріңді процеспен бұзылу кезінде қабыну ми қабықтарына өтуі мүмкін. Емізік тәрізді өсіндінің ішкі бетінде науа түрінде терең ойық бар, бұнда сигма веналық синусы жатыр, бұл арқылы мидан вена қанының мойындырық вена жүйесіне қайтуы жүзеге асады. Бассүйектің артқы шұңқырындағы мидың қатты қабатын емізікше өсіндінің жасушалар жүйесінен жұқа, бірақ әжептеуір қатты сүйекті пластинка бөледі. Кейбір жағдайларда жасушалардың іріңді қабынуы бұл пластинканың бұзылуына және инфекцияның венозды қуысқа өтуіне әкеледі. Кейде емізік тәрізді өсіндінің жарақаты синус қабырғасының бүтіндігінің бұзылуына және өмірге қауіпті қан кетуге әкелуі мүмкін. Емізік тәрізді өсіндінің сыртқы жағында, беті кедір-бұдырлы тығыз сүйекті кортикальды қабат болады, әсіресе төменгі m.Sternocleidomastoideus бекіитін бөлігінде. Өсінді ұшының ішкі жағында терең жылға (борозда) бар, бұған қосқұрсақты бұлшықет бекітіледі. Кейде бұл борозда арқылы ірің өсінді жасушаларынан мойынның бұлшықеттері астына бұзып-жарып өтіп кетеді. Емізік тәрізді өсіндінің сыртқы бет шекара аралығында үшбұрышты түрде тегіс алаң орналасады, Шипо үшбұрышы атына ие болады. Бұл үшбұрыштың алдыңғы жоғарғы бұрышында ойық түрінде алаң бар (planum mаstoidea), бұл антрумның сыртқы қабырғасына сәйкес келеді. Осы аймақта мастоидит кезінде антрумды іздеуде сүйекке трепанация жасайды. Емізікше аймағы a.auricularis posterior арқылы қанмен қамтамасыз етіледі және жоғарғы мойын өрімнің сезімтал нервісімен нервтенеді: n.auricularis magnus et.n.occipitalis.

Ішкі құлақ

Ішкі құлақ сүйекті лабиринттен және оның ішіндегі жарғақты лабиринттен тұрады. Сүйекті лабиринт самай сүйектің терең пирамидасында орналасқан. Ол сыртқы жағында (летаральды) дабыл қуысымен шектеседі, оған кіреберіс және ұлу (ұлу тәрізді құрыш иірім) терезелері қарайды; ішкі жағында (медиальды) - бассүйектің артқы ойығымен шектеседі, онымен ішкі құлақ жолы, ұлудың сутүтігі және кіреберістің сутүтігі арқылы қатынасады.

Сүйекті лабиринт үш бөлікке бөлінеді: ортаңғы - кіреберіс (vestibulum), оның артында - жартылай имек каналдар жүйесі және кіреберістің алдында – ұлу (немесе ұлу тәрізді құрыш иірім).

Кіреберіс, лабиринттің орталық бөлігі - кішкене қуыс болып есептеледі, сыйымдылығы ¼ куб.см шамасында, оның ішінде екі қалта (ойық) бар: сфералық және эллиптік. Ұлу маңында орналасқан біріншісінде – сфералық (sacculus), ал жартылай имек каналдарға жанаса тиіп тұрған екіншісінде -эллиптік (utriculus) деп аталатын қап жатыр. Кіреберістің сыртқы қабырғасында кіреберіс терезесі бар, дабыл қуысы жағынан үзеңгішенің негізімен жабылған. Кіреберістің алдыңғы бөлігі ұлумен оның кіреберіс баспалдағы арқылы қатынаста (байланыста); артқы бөлігі - жартылай имек каналдармен қатынаста.

Сүйекті жартылай имек каналдар.Бір-біріне үш перпендикулярлы жазықтықта орналасқан үш жартылай имек каналға ажыратады:

1. Сыртқы немесе горизонтальды, ол горизонтальды жазықтықта 30 градус бұрыш жасап орналасады; 2. Жоғарғы немесе алдыңғы тік, фронтальды жазықтықта болады; 3.Артқы жартылай имек канал немесе сагитальды тік, сагитальды жазықтықта орналасады; Әрбір каналда екі тізе бар: тегіс және кеңейген - ампулалық. Жоғарғы және артқы тік каналдардың тегіс тізелері ортақ бір тізеге құяды, барлық бес тізе кіреберістің эллиптік қалтасына құяды (ашылады).

Ұлу (ұлу тәрізді құрыш иірім). Ұлу сүйекті білікті (modiolus) қоршай екі жарым айналасы бар сүйекті шиыршықты канал болып саналады, бұл біліктен канал ішіне бұранда тәрізді сүйекті шиыршықты пластинка кетеді. Бұл сүйекті пластинка, оның жалғасы болып саналатын жарғақты пластинкамен (негізгі перде) бірігіп, ұлудың каналын екі шиыршықты көшеге (қатарға) бөледі - жоғарғы және төменгі. Жоғарғы көше - кіреберіс баспалдағы, төменгі - дабыл баспалдағы. Екі баспалдақ бір-бірінен бөлектенген және бір-бірімен тек ұлудың ұшындағы «геликотрема» деп аталатын кішігірім тесік арқылы қатынасады. Кіреберіс баспалдағы кіреберіспен қатынасады, дабыл баспалдағы дабыл қуысымен ұлудың терезесі арқылы шектеседі (домалақ терезе). Ұлудың терезесіне жақын маңдағы дабыл баспалдағынан ұлудың сутүтігі басталады, содан пирамиданың төменгі шекарасында аяқталып, мидың ішкі қабығының астындағы кеңістікке (подпаутанное пространство) ашылады. Ұлу сутүтігінің саңылауы мезенхималды ұлпамен толтырылған, ол биологиялық сүзгіш қызметін атқарады, ликворды перелимфа сұйығына өзгертеді.

Бірінші айналым ұлудың негізгі шиыршығы деп аталады, ол дабыл қуысына мүйіс (promotorium) жасай шығып тұрады. Сүйекті лабиринт перелимфа сұйықтығымен толтырылған, ал оның ішіндегі жарғақты лабиритте эндолимфа сұйықтығы болады.

Жарғақты лабиринт каналдар мен қуыстар жүйелері болып саналады, ол сүйекті лабириттің формасын қайталайды. Жарғақты лабиринт көлемі жағынан сүйекті лабиринттен кіші, сондықтан бұл екі аралықта перилимфамен толтырылған перелимфатикалық кеңістік құрылады. Жарғақты лабиринт дәнекер тінді тарпалар арқылы перелимфатикалық кеңістікте ілініп тұрған сияқты болып көрінеді, бұл тартпалар сүйекті лабиринттің ішкі қабатымен және жарғақты лабиринттің дәнекер тінді қабығы аралықтарында болады. Жарғақты лабиринт эндолимфатикалық кеңістік құрады, ол анатомиялық тұрғыда бітелген және эндолимфатикалық сұйықтықпен толтырылған. Перилимфа және эндолимфа құлақ лабиринтінің гуморалды жүйесі болады; бұл сұйықтықтар биохимиялық құрамы жағынан әртүрлі. Перилимфа сұйықтығы ұлудың сутүтігі арқылы мидың ішкі қабаты астындағы (субарахноидалды) кеңістікпен жалғасады және құрамы (түрі) өзгерген ми-жұлын сұйықтығы болып табылады. Эндолимфа сұйықтығы тұйықталған жарғақты лабиринт жүйесінде болып, тікелей ми сұйықтығымен қарым-қатынасы жоқ.

Анатомиялық және физиологиялық көзқарастарға байланысты ішкі құлақты екі аппаратқа бөледі: 1. Есту аппараты, жарғақты ұлуда болады. 2. Вестибулалық аппарат, кіреберіс қапшықтарын (sacculus және utriculus) және үш жарғақты жартылай имек каналдарды біріктіреді.

Жарғақты ұлу спираль тәрізді (шиыршықты) канал болып саналады – ұлулық түтік, оның ішінде рецепторлық аппарат - шиыршықты немесе кортиев ағзасы орналасқан. Ұлулық түтікті көлденең (ендей) кескенде (mobiolus арқылы ұлудың ұшынан негізіне дейін) үшбұрышты түрде болады, ол кіреберіс, сыртқы және төменгі немесе тимпаналды қабырғалардан құралған. Кіреберіс қабырға кіреберістің баспалдағы жағына қарайды, ол өте жұқа перде - Рейснер мембранасы болып саналады. Сыртқы қабырға шиыршықты байламнан құралған, онда тамырлы жолақтың эпителиалды жасушалары орналасқан (stria vascularis). Төменгі тимпаналды қабырға дабыл баспалдағы жағына қарайды және негізгі перде (membrana basilaris) болып саналады, онда шиыршықты ағза – кохлеарлық нервтің шеткі түйсігі (рецепторы) жатыр. Ұлулық түтік эндолимфамен толтырылған және ductus reuniеns арқылы saculus-пен қатынасады. Негізгі перде иілгіш, серпінді және бір-бірімен әлсіз байланысқан көлденең орналасқан талшықтардан тұратын құрылым болып табылады. Бұл талшықтар (ол 24.000 санға жетеді) дұрыс орналасуына байланысты есту шектері деп аталған. Талшықтар аралығындағы өзара әлсіз байланыс негізгі перденің жекелеген учаскесінің оңашаланған тербелу мүмкіндігін тудырады. Бұл талшықтардың ұзындығы ұлудың негізгі шиыршығынан (0,15 мм) ұшы аймағы (0,4 мм) бағыты бойынша үлкейеді, негізгі перденің ұзындығы ұлудың негізінен оның ұшына дейін 32 мм. Шиыршықты (кортиев) ағза нейроэпителиалдық ішкі және сыртқы түкті (кірпікшелі) жасушалардан, сүйемелдеуші (тіректі) жасушалар (Дейтерса, Гензена, Клаудиуса) және кортиев доғасын құрайтын сыртқы және ішкі бағаналы жасушалардан тұрады. Ішкі және сыртқы бағаналы жасушалар кортиев тоннелін құрайды. Ішкі бағаналы жасушалардан ішіне қарай түкті жасушалар қатары орналасады (саны 3500 шейін), сыртқы бағаналы жасушалардың сыртына қарай төрт қатар сыртқы түкті жасушалар (әрбір қатарда 5000-нан, барлығы 20 000) және сүйемелдеуші Дейтерса, Гензена, Клаудиуса жасушалары орналасады. Адамдарда түкті жасушалардың барлық саны 23 500 жуық. Түкті жасушалар шиыршықты түйіннің (ганглидің) биполярлы жасушасынан шығатын нерв талшықтарымен қапсырыла қамтылады. Кортиев ағзаның жасушалары бір-бірімен байланысқан, бұлардың араларында сұйықтықпен толтырылған эпителиалдың ішкі кеңістігі бар, кортилимфа деген ат алған. Кортилимфа перилимфамен тығыз байланыста болады және химиялық құрамы жағынан оған әжептеуір жақын. Кортилимфа кортиев ағзаның негізгі трофикалық (қоректенуі) қызметін атқарады, сондықтан оның меншікті қан тамырлары (васкуляризациясы) болмайды. Кортиев ағзаның үстінде жамылғы перде орналасқан. Ол протофибрилдан тұратын, жұмсақ, серпінді пластинка болып саналады. Нейроэпителиалды түкті жасушалардың түктері (талшықтары) жамылғы пердеге кіріп тұрады. Негізгі перде тербелген кезде бұл талшықтардың (түктердің) керілуі және қысылуы байқалады, бұл момент механикалық энергияның электрлі нерв импульсына өту қызметін атқарады.

Жарғақты жартылай имек каналдар және кіреберістің қапшықтары.

Жарғақты жартылай имек каналдар сүйекті каналдарда орналасқан. Олар көлемі жағынан кішілеу және оның құрылысын қайталайды, яғни ампулалы және тегіс бөліктері болады және сүйемелдеуші дәнекер тінді тартпалармен сүйекті қабырғаның периостына ілініп тұрады, олармен қан тамырлары өтеді.

Тек бір ерекшелігі жарғақты каналдардың ампулалы аяқшалары сүйекті ампулалы аяқшаларға толық дерлік киіледі (өтеді). Жарғақты каналдардың тек ампуладан басқа ішкі беттері эндотелиймен толтырылады. Ал ампуланың ішкі бетінде кішкентай айналма шығыңқы жер - тарақша бар (crista ampularis), оның үстінде екі қабат вестибулалық нервтің шеткері рецепторы болып саналатын тіректі және түкті сезімтал жасушалар орналасқан. Нейроэпителиалды жасушалардың өте нәзік ұзын жіптері бір-бірімен желімденіп жапсырылған және тарақшада айналма шашақ түрінде құрылым құрайды. Бұрышты жылдамдықта айналма шашақ эндолимфа ағысымен жарғақты каналдың кеңейген немесе тегіс тізелеріне механикалық жылжиды, бұл кезде нейроэпителиалды жасушалардың тітіркенуі болады, ол вестибулалық нервтің ампулалық тармағына беріледі.

Жарғақты лабиринттің кіреберісінде екі жарғақты қапшық - saculus және utriculus бар, оның ішінде отолиттік аппарат салынған. Қапшықтарға лайық олар macula (қалдар) utriculi және macula saculi деп аталады және екі қапшықтың ішкі беттері кішкене көтеріңкі болып келеді, ол нейроэпителимен төселген. Нейроэпителии тіректі және түкті жасушалардан тұрады. Сезімтал түкті жасуша өз шеттерінде шырмалып қою тор құрады, ол желім тәрізді пердеге батып тұрады, тордың тұзақтарында көп мөлшерде кристалдар болады. Бұл кристалдар отолит деп аталады, ол сірке қышқылды және фосфор қышқылды кальцидан тұрады. Түкті жасушалардың талшықтары отолитпен бірігіп отолиттік пердені құрады. Тіке бағыттағы жылдамдықта отолиттік перденің жылжуы және механикалық қысылуы (ауырлық күші) нейроэпителиалды жасушалардың тітіркенуін шақырады, ол вестибулалық нервтің аяғына беріледі. Екі қапшық бір-бірімен жіңішке түтікше (ductus utriculo-saccularis) арқылы жалғасады, оның эндолимфатикалық түтік немесе кіреберістің сутүтігі тармағы бар. Кіреберістің сутүтігі прирамиданың артқы бетіне шығып, онда бассүйектің артқы ойығындағы мидың қатты қабық дупликатурасында кеңейіп тұйық аяқталады. Сөйтіп, вестибулалық сенсорлы жасушалар бес рецепторлық аймақтарда орналасқан: бір-бірден әрбір жартылай имек каналдардың ампуласында және бір-бірден кіреберіс қапшықтарында. Ішкі құлақтың жолында орналасқан түйіннен (ганглиден) шеткері нерв талшықтары кіреберіс және жартылай имек каналдар рецепторларына барады, ал орталық нерв талшықтары бассүйектің VІІІ жұп нервтерін құрайды. Ішкі құлақтың қанмен қамтамасыз етілуі ішкі есту артериясы (a.auditiva interna) арқылы жүзеге асады, ол a.basilaris-тің тармағы болып табылады. Ішкі құлақ артериясы ішкі құлақ жолында үш тармаққа бөлінеді: кіреберістік артерияға, кіреберістік-ұлулық артерияға және ұлулық артерияға. Ішкі құлақтан веноздық қанның қайтуы үш жолмен жүреді: ұлудың сутүтігі венасымен, кіреберістің су түтігі венасымен және ішкі есту жолының венасымен. Ішкі құлақтың иннервациясы бассүйектің VIII жұп нервісімен (n.octavus) орындалады, ол сопақша мидан кетеді, көпірмишық бұрышы арқылы өтіп және бір стволмен ішкі есту жолына барады. Сөйтіп ол осы жерде бірден үш тармаққа бөлінеді: rr.superior, medius et inferior. Бұның алғашқы екеуі вестибулалық нервті, артқысы - ұлулық нервті құрауға қатысады. Сопақша мидың алдында n.octavus екі порцияға бөлінеді: сыртқы (кохлеарлық) және ішкі (вестибулалық). Есту нервісінің сыртқы порциясы сопақша мидың екі ядроларында аяқталады – вентралды және дорсалды, немесе есту төмпешіктерінде. Бұл жерде I есту нейроны бітеді. Сопақша мидың осы есту ядроларынан II нейрон басталады. Одан әрі талшықтар бүйір ілмектің құрамында оливаға дейін барады, осы жерде III нейрон басталады. Содан есту анализаторының өткізгіш жолы төрттөмпешіктің (четверохолмия) артқы және тізелік дененің медиалды ядроларына барады, және соңында осы жерден басталған IV нейрон мидың самай аймағына өтеді және есту анализаторының қыртысты бөлімінде (Гешля қатпары) аяқталады. VIII жұп нервтердің ішкі түбіршегі (вестибулалық) сопақша мидың төрт ядроларында аяқталады: 1) латералды Дейтерса; 2) жоғарыбұрышты Бехтерева; 3) медиалды ұшбұрышты және 4) IV қарыншаның түбінде жатқан төменгі Роллера. Бұл вестибулалық зона байланыста: 1) жұлын миымен; 2) мишықпен; 3) көз қимылдатқыш ядролар нервтерімен; 4) вегетативті орталық ядроларымен; 5) бас мидың қыртысымен. Жұлын миымен байланыс вестибуло арқа будасы бойынша Дейтерса және Роллера ядролары арқылы жүреді; мишықпен екіжақты байланыс бар – Бехтерева ядросынан мишыққа және вестибулоцеребеллярлық жол бойынша керісінше. Вестибуло-окуломоторлық жол бойынша көз бұлшықет ядроларымен артқы бойлық буда арқылы (Бехтерева және үшбұрыш ядросы) байланыс атқарылады. Ми қыртысы және мишық вестибулалық анализаторға қатысы бойынша реттеу қызметін атқарады.

Лабиринтті кейбір қанмен қамтамасыз ету және иннервациялау ерекшеліктері: 1) ішкі есту артериясы тармақтарының анастомоздары болмайды; 2) рейсснерова мембрана капиллярларынан айырылған; 3) ұлуда түкті жасушаларға жететін тамырлар жоқ; кортиев ағзаның қоректенуі лабиринттік сұйықтықтар арқылы (перилимфа, эндолимфа, кортилимфа) орындалады.

 


Поделиться:

Дата добавления: 2015-01-05; просмотров: 826; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.007 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты