Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Шағын поэзия жанрларының фольклорлық негіздері




 

Бата, тілектер. Адамзаттың санасы өсіп, қоғамдық тірлік жаңа сапаларға жеткенімен, алғашқы рулық қауымда пайда болған сөз магиясынан туған бата-тілек ислам дінінің қазақ жеріне енуіне орай фатиха-батамен дамытылып, өзінің өміршеңдігін сақтаған. Өйткені, адам айналасында болып жатқан үлкенді-кішілі оқиғаларға өзінің жан-дүниесінің тебіренісін, көңіл-хошын сездіріп отырады. Дегенмен ол дәуір мен бұл дәуірдегі тілек, батаның айырмасы болуы заңды. Алғашқы қауымдағы адамдардың санасы сөз магиясы алдында қорқынышта болса, ислам дінінің қуаты бойынша Аллаға деген сеніммен оған табына отырып, бата береді. Сол батаның орындалуын сұрау бүгінде “жақсы сөз – жарым ырыс” дегендей адам көңіліне қызмет етіп, түр жағынан даму үстінде.

Сондай-ақ ежелгі дәуірлердегі табиғатқа табыну бүгінгі өлеңдердегі баталарға да арқау болатыны Темірхан Медетбектің «Көк түрік абызының тілегі» атты өлеңінен көрінеді. Бұл өлеңде ақын Көк Тәңірден, күн мен айдан, от пен судан – жалпы адамзатты қоршаған табиғаттың елді бақытты етуін, ерлердің көк тіреген емендей, ақылдары айдын көлдегі тереңдей болуын, аналардың құрсағы кеппеуін тілейді[89].

 

Ескі ай есірке,

Жаңа ай жарылқа! –

 

дегендей адам өзі табынған дүниелерге де анимистік наным бойынша сөз бағыштаған, қазіргі заман ақындарының шығармашылығында да мұның жаңаша сипат алғаны көрінеді. Ақын бүкіл ғұмырына балаған өлең-жырға табынатынын:

 

Мен не болсам, ол болайын,

Пәтшағар,

Жырым, сенің жасың ұзақ болғай-ды![90] –

деп, тірі жандай оған тілек арнайды. Осындай тілек:

 

Абайдың тілінде жыр жазам,

О, Тәңір, басқа арман адыра![91] –

 

деген күйде де қолданылған.

Оң бата да, теріс бата да антикалық мифтерде бар. Өз-өзін қарғау ежелгі грек мифологиясында Троя соғысына себепкер деп есептелетін Еленаның атынан Гомердің “Илиада” шығармасының үшінші және алтыншы жырларында қолданылған. Тарихта Троя соғысының болған-болмағанын дәлелдеу мүмкін емес (бүгінгі ғылымның жетістігі бойынша соғыс мифтік санадан туған, реальды түрдегі шайқас археологиялық деректермен расталмаған), бірақ бұл оқиғаны болғандай етіп баяндайтын миф үшін Еленаның өз-өзін қарғатуы ешқандай ерсі көрінбейді[92]. Дегенмен бұл мифпен байланысты. Ал, реальды өмірде адам өз-өзін қарғамайды. Сонда бұл ақындардың ойды көркем берудегі әдісі деп есептеуге бола ма? Мұны анықтау осы зерттеу барысында қажет болады.

Дәстүрлі баталардың өзі бірнеше тақырыпқа бөлінетіні белгілі, олар соңғы жылдардағы қазақ тарихындағы елеулі оқиғаларға орай мазмұн тұрғысынан да байытылуда.

 

Ақ мол болсын,

Ұлыс оң болсын,

Қайда барсаң, жол болсын! – деген дәстүрлі наурыз батасы:

 

Кел, кел, Наурыз, кел, Наурыз,

Пейілі елге кең Наурыз,

Нулы болсын жеріміз,

Сулы болсын көл, Наурыз.

Еш қылмай елдің еңбегін

Ырысың мол ғып бер, Наурыз! –

 

деп, бата үшін қажет болған поэзиялық түр сақталғанмен, құрылымы жағынан авторлық еркіндікке бағындырылған. Яғни батаның мазмұнын іштей толықтырған, соның өзінде фольклормен үндестік байланыс сақталған. Ақын ел байлығын көздеп:

 

Тіршілікті құртатын

Ракета мен бомбаның

Қанаттары қиылсын...

Барлық ұлттың тілегі

Наурызкөже секілді

Бір арнаға құйылсын![93] –

 

дегенінде саяси тілекті батаға айналдырған.

Ал:

Айың тусын оңыңнан,

Күнің тусын солыңнан[94],

 

кейде мұның екінші жолы “Жұлдызың тусын солыңнан”[95] деп айтылатын дәстүрлі бата да поэзиялық түрленуді бастан кешуде.

Дәстүрлі батаны ирониялық мақсатта да пайдалануға болады екен. Сатирик С.Кенжеахметұлы:

 

Айы туып оңынан

Жұлдызы туды-ау солынан,

Қарақшы ұры-қарының[96], –

 

деуі кеңестік экономикалық жүйе бұзылып, нарықтық қатынасқа үйренбеген халықтың қиналып жүргенінде ел ішінен “қолдан келсе – қонышынан бас” дегенге салынған пысықайларды айтуда осындай тәсілге барғанын жеткізу үшін қолданылған. Бірақ бұл да ақынның төл көркемдік тәсілі емес. Өйткені, ел арасында әлдебіреулердің жолсыздан жол тауып, дегені болып жүрген адамдар туралы «айы оңынан туып тұр ғой» деп айтатыны бар. Мұндай сөздің тууы, әрине, фольклорлық мәтінмен орайлас. Ақындар қолданған мәтіндердің фольклормен байланысы қандай түрге жатады? Алдыңғы баталарға қарағанда соңғы – С.Кенжеахметовтің өлеңінде өзгешелік бар. Яғни алдыңғы мәтіндердегі баталар өз функциясын сақтап, қолданылған. Демек, бұларда генетикалық байланыс бар. Ал, ирониялық жағдайда ол бата айту үшін айтылмайды. Сондықтан оның фольклормен байланысы басқа түрде. Оппозициялық деуге келмейді, өйткені, ол батаның сөздеріне немесе оның айтар ойына қарсы шығып тұрған жоқ. Ендеше бұл мәтіннің тууында фольклормен үндестік байланыс көрінеді.

Қ.Бұғыбаева өлеңдерінде:

 

Сол жағыңнан айың туып,

Күнің туды оңыңнан,

 

Оңымнан күн,

Солдан туды ай қиылып[97], –

 

деуі бұл бата мәтінінің фразеологиялық тіркес ретіндегі қалыптасқан түрінің еркін қолданысқа түсіп, өзгере бастағанын көрсетеді. Сондай-ақ:

 

Жорытқанда жолың болсын,

Қыдыр жолдасың болсын, –

 

деген алыс сапарға немесе әлдебір мақсат ойлаған адамға берілетін бата ақындар өлеңдеріндегі мәтіндерде де жаңаша түрге енуде. Мәселен,

 

Айың тусын оңыңнан,

Күнің тусын солыңнан,

Жұлдыз жансын жолыңнан,

Басыңа бақ орнасын.

Қыдыр болсын жолдасың.

Құдай сені қолдасын,

Қазақстан – көз жасым![98] –

 

болып өзгеріп, ақынның азаматтық сезімін білдіру үшін қолданылған.

Сондай-ақ адам тірінің батасынан қандай әсер алса, ежелгі дәуірден басталған аруақтардың күшіне бұрынғыдай табынушылық болмаса да, белгілі дәрежеде мойынұсыну бар. Әдетте, бата үлгілерінде кездесетін “ата-баба аруағы қолдасын” деген тілек те ақындар шығармашылығында кең қолданылады. Осы тұрғыда:

 

Ата-бабалар аруағы қолдасын сені,

Аяулы менің Астанам – жас, сәби қалам[99] –

 

дегені бүкіл халықтың көз тігер ел ордасы – Астананы бір үлкен шаңыраққа теңеуден туған. Сөйтіп, шаңыраққа бата тілеумен орайлас, үндестік негізде шыққан.

Бата, тілек оны айтушының тарапынан ықпалды, киелі сөз ретінде шықса да, ол үлкен құдіретті күш – Құдайға жалбарынумен қатар жүреді. Бұл сенімге шығармашылық оппозициялық байланыс жасау арқылы Қорғанбек Аманжоловтың “Құдай” атты өлеңі жазылды. Ол “Әкем – Құдай” деп басталған өлеңінде:

 

Жаратушы әкем құдай болғасын,

Бақ-талайым басқа қалай қонбасын...

Құдай – әкем құлатпайды, сынайды,

Танытады кешірімді сыңайды[100]... –

 

деген. Яғни бірқұдайлық сенімді «бұзып», перзенттік сезіммен өз әкесінен Құдай жасайды. Сондықтан бұл өлеңнің тууы фольклормен оппозициялық байланысты көрсетеді. Бірақ басқа ақындардың өлеңдеріндегі бата, тілектерде фольклормен генетикалық байланыс тұрақты орын алған. «Құдай» деген сөз парсы тілінен енген, адамзат санасының балаң кезіндегі табиғатқа, өзін қоршаған түрлі нәрселерге анимистік, фетиштік, магиялық нанымдардан гөрі табиғатты жаратушы бір күш бар деген сенімнің пайда болуымен орныққан.

Тәңірдің де, Алланың да образын елестету мүмкін емес, оны ешкім көрген жоқ деп айтылады. Осындай ойдан оның жалқы есімі де айтылмайды, яғни Құдай – нақты есім емес, жинақты түрде жалпы атау ретінде орныққан. Сондықтан бата, тілекті арнауда осы жалпы атау қолданылады. Қазақтардың тәңірлік сенім мен ислам дінін қатар ұстануы бүгінгі күнде де қолданыстан шыққан жоқ. Кеңестік идеология кезінде Тәңір мен Алланы айта алмаған ақындар бүгінде өз шығармашылығын халықтық сенімдермен байланысты ерекше даму үстінде көрсетуде. Сол себепті “Я, Құдайым, бере гөр!”, “Тәңірім ғұмыр берсе”[101], “Жатпай-тұрмай Алладан тілейтінім”[102], “Көк Тәңірден қуат ап, түлерміз”[103] деп айтылған. “Тәңірім, жарасымды алашымды қорғашы”[104] деп, Тәңірдің өзіне жалбарыну да орын алған.

Ел ішінде бата беру, негізі, сол ортадағы қадырлы адамдардан сұралады. Ежелгі дәуірлерде құдайдың таңдаулысы саналған – рубасы, көсем, бақсылар, батырлар бата беретін болған. “Аруақтар жар болсын” деген тілектерді ақындар шығармашылығында дамыта түсіп, халық бас иген бабалар аруағынан да бата күтеді. Мәселен:

 

Астана жұртын айналған Асанқайғы ата,

Маяңнан түсіп,

Бата бер ұрпақтарыңа[105], –

дегеніндегі Асанқайғы да, оның Желмаясы да фольклор арқылы жеткен образдар. Асанқайғы атаның қазақ халқы үшін Жерұйық іздеп, қадырлы болуы бүгінгі ұрпаққа да үлкен медет, ақын оны рухани қажеттілікке жарата білген. Мәселен:


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 365; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты