Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


ДЕБИЕТ ПЕН ФОЛЬКЛОРДЫҢ БАЙЛАНЫСЫ ТУРАЛЫ 4 страница




Екінші жағынан қарағанда, адамдарды мақұлық дәрежесіне жеткізген нәрсе – азғындық. Кәдімгі Абай айтқан «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласының» өзі. Содан барып ол «санасыз, ойсыз, жарым ес» болып шығады да, адамдық ізгі қасиеттен толық айырылады. Ойланып қарасақ, Күнделік иесін шошытқан жаңа әрекеттерді істейтін адамдар бүгінгі заманда өркениетке жеткен, демократиялық елдерде өмір сүреді. Демократия дегенді «бәрін өзім білем, не істеймін десем – өз еркім» деп түсінген олар – аш емес, жалаңаш емес, бірақ гомосексуалистер, көшеде тыр жалаңаш жүретіндер, ішіп, қалай болса солай жыныстық қатынасқа ашық түсетіндер... Олар неге бұлай болды? Себебі – өзімшілдік, жауапсыздық, қоғамда тежегіш күштің жоқтығы. Дәл осыған ұқсас жағдай бізде де көрініс беруде. Бірақ біздегінің себебі сәл басқаша. Дамыған елдегілер «тойып секірсе», біздегілер «тоңып секіруде». Нарықтық экономикаға көшкен сәттен бастап, бұқара халық орасан қиыншылыққа тап болды: жұмыссыздық, баспанасыздық, аштық – бұлардың бәрі қосыла келіп, адамдардың біраз бөлігін люмпенге айналдырды, рухани азғындыққа әкелді. Соның салдарынан олар есірткіге, ішкілікке, әйелдер жезөкшелікке салынды, еркектер, әсіресе, жастар рэкеттік әрекеттер мен зорлық-зомбылық жасауға көшті. Рухани азғындау, түптеп келгенде, оларды адамгершіліктен жұрдай қылды, не құдайдан, не адамнан қорықпаған олар өз әкесін, шешесін, баласын, әйелін өлтірді, қызын, қарындасын зорлады, жазықсыз жандарды жайратты... «Ашынғанның тілі шығады, ашыққанның қолы шығады» демекші, кедейшілік, жоқшылық адамдарды ессіздікке, тағылыққа апарды. Сонымен бірге мұндай хайуандыққа тек ашыққандар ғана емес, «тамағы тоқ, көйлегі көктер» де барып жатқаны елге аян. Бұның себебі – «аттылыға ілесіп, жаяудың таңы айырылыптының» кері. «Демократиялық елміз» дегенді желеу етіп, бас-көз жоқ Батысқа еліктеудің салдары. Ебін тауып, екі асап, тез арада байып алғандардың бір бөлігі дамыған елдердің «рахат өмірін» өздерінше түсініп, игеріп алған сыңайлы. Өзінің мүддесі үшін олар ешқандай зорлық-зомбылықтан, кісінің қанын төгуден, бір үйлі жанды сойып, тонап кетуден қашпайды. Бұлардың азғындауы – аштықтан емес, имансыздықтан, өзімшілдіктен, тойымсыздықтан, ашқарақтықтан. Ендеше, бұлардың адами болмысы – оу бастан шірік, арам. Реті келіп, өздері қалаған жағдай туғанда олар тағылыққа көшіп, жабайы әрекеттерін іске асырады. Міне, осындай адамдардың ішкі дүниесін ашып, оларды аллегориялық тәсілмен әшкерелеу – көркем әдебиеттінің бүгінгі таңдағы өзекті міндеттерінің бірі. Әшкерелеп қана қою емес, сондай былықты, зияпатты істердің алдын алып, адамдарды сақтандыру, сол арқылы қоғамды тазарту, жетілдіру – әдебиет пен өнер үшін зор мақсат. Жазушы Т.Әбдіков осы мәселелерді көркем тілмен зерттей де, зерделей де білген.

Бір адамның екіге бөлінуі (раздвоение личности) – философиялық тұрғыдан алғанда, өте күрделі құбылыс, ал көркем өнерде, әдебиетте өмірдегі қайшылықтарды, кейде ашық айтуға бола бермейтін әлеуметтік, саяси, қоғамдық, рухани келеңсіздіктерді тереңінен көрсету үшін кейіпкерді екі жарып, екеуін айтыстырып, тартыстырып суреттейтін аллегориялық тәсіл. Жазушы тіршілікте болып жатқан істерге, немесе саяси шешімдерге, т.б. жағымсыз құбылыстар мен оқиғаларға деген өзінің көзқарасын білдіру үшін осы тәсілді қолданып, психологиялық шығарма тудырады. Мұны Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» атты романынан да байқауға болады[23]. Шығарманың атауының өзі-ақ екі ұғымның, екі позицияның, екі принциптің қайшылығы мен тайталасы туралы болатынынан хабардар етеді[24].

М.Мағауиннің суреттеп отырған уақыты – ХХ-ғасырдың соңғы 40 жылы мен ХХІ ғасырдың алғашқы жылында орын алған жәйттер мен оқиғалар, сол шақтағы қазақ халқының жай-күйі, яғни шығармадағы іс-әрекеттер нақты уақытта, нақты жерде өтіп жатады, кейіпкерлер де – «таныс бейтаныстар». Бірақ нақты уақыт пен нақты жер болғанымен, басты кейіпкердің өз үйінде отырып, басқа кеңістікке тап болуы, онда өң мен түстің арасындағыдай күй кешуі, сол кең сарайда болып жатқан тойдың үстінен түсуі, өзінің дастарқан басында отырғанын көруі – бұлар шығармадағы оқиғалар әрі шын болған сияқты, әрі елес, әрі қиял секілді көрінеді. Демек, автордың мақсаты – осындай тәсілді қолданып, өз ортасының, өз заманының өте сұрықсыз қалпын, өзімен қатар өмір сүріп жатқан адамдардың жиіркенішті қылықтарын аллегориялық жолмен ашып беру екенін көреміз. Романдағы оқиғалар, адамдар, олардың бір-бірімен қарым-қатынасы, іс-әрекеттері – түгел шындық деп айта алмайсың, солай бола тұра шындық емес деу тағы қиын. Осы ойды жазушының өзі де құптағандай: «көркемдік тәсіл деп тануға тура келеді. Мен дегеннің бәрі мен емес. Ол дегеннің бәрі – ол емес. Ол деген – мен. Мен деген – ол»[25], – деп жазады. Анығын айтқанда, бұл шығармада автордың өз өмірінің эпизодтары мол, олар шарттылыққа толы, сондықтан романды ғұмырнамалық дей алмаймыз. Бұл – постмодерндік мәнерде жазылған әлеуметтік-психологиялық немесе философиялық шығарма деуге болады. Мұнда автордың қиялымен қатар белгілі мөлшерде тарихи да, реалистік те сипат бар. Романның қамтитын мезгілі ХХ-ғасырдың соңғы қырық жылы, оның ішінде соңғы он жылы – тәуелсіздік кезеңі. Марқұм болған Иман Қазақбай деген жазушының атынан баяндалатын оқиғалардың біразы – сол шақта өмірде болған жәйттер, сондай-ақ кейіпкерлердің де кейбірі – реалды адамдар, олардың арасында болған айтыс-тартыстары да – шындық. Бірақ бұған қарап, романды тарихи деуге болмас. Мұнда, негізінен, қазақ қоғамының хал-жайы туралы философиялық ой-түйіндер, толғамдар басым.

«Жармақтың» өн бойында қамшыдай өріліп отыратын өзекті мәселе – қазақ халқының тарихы, оның ұлт болып қалыптасуы мен рухани құндылықтары. Шығарманың бүкіл мазмұны, сюжеті осы проблемаларға құрылған. Қай оқиға болса да, ұлттық мәселеге байланысты өрбиді, сол арқылы кейіпкерлердің болмысы, адами қасиеті ашылады. Олардың бір-біріне деген қатынасын, көзқарасын анықтайтын нәрселер – Кеңес өкіметінің қазақ халқына жасаған қиянаты, этникалық геноциді, ұлттық езгісі, осылардың салдары – елдің мәңгүрттікке, ұлтсыздануға бой алдырғаны сияқты мәселелер. Бас кейіпкерді толғандыратын, тіпті, күйіндіретін жағдайлар – мәселен, жеке мемлекет болған шағымызда адамдардың пиғылының жамандыққа өзгеруі, ақшаны құдай деп тануы, жаппай етек алған жемқорлық, ұлттық құндылықтарға деген нигилизмнің күшеюі, тасбауырлық пен өзімшілдіктің өркендеуі, сөйтіп осы айтылғандардың көпшілік тұрмысының жүдеуіне, рухани азғындауына әкелуі, т.т. Қазіргі қоғамдағы мұндай келеңсіздіктерді қалай жоюға болады, жалпы жоюға бола ма? – деген сауал туады оқырманда.

Жоғарыда айтқанымыздай, романда көркем шарттылық аз емес, ол шығарманың әр тұсында көрінеді. Бұл шарттылық фольклорлық қайнардан алынғаны аңғарылады, әрине, жазушы оны фольклор деп ойламайды, өйткені ол тікелей фольклор материалына жүгінбеген, бірақ санасының түкпірінде жатқан фольклорлық ұғымдар мен түсініктерді өз жадынан алған, себебі олар оның бала кезінен қанына, санасына сіңген. Сөзімізді дәлелдейік.

Романның басталуы: бас кейіпкер өз үйінде шай ішіп отырады. Жазып жатқан еңбегін түйіндеп, бітіріп тастайын деп тұра бергенде кенеттен шам өшеді. Содан ол орнынан тұрып, өзінің жұмыс істейтін бөлмесін іздеп, олай-бұлай жүреді. Бірақ өз үйі өзгергендей, ештеңені таба алмайды да, тәуекел деп алға жүрсе, есікке тап болады. Шам жарқ етіп жанады. Қараса, «аумағы ат шаптырым дерлік кең сарайдың кіреберіс босағасында тұр... Төбе толған әсем өрнек, әрқилы кейіпті, бір емес, қатарласа жамыраған әлденеше шаңырақ люстра, хрусталь моншақ, ұзынды-қысқалы салпыншақтарға шағылысқан алтынды, күмісті, қызғылтым, көгілдір, ақшаңқан нұрдан көз тұнады. Төрт қабырға – алтын кәсекті, ескілікті, арғы, бергі заман суретшілерінің әрқилы туындылары. Еден – есіктен төрге дейін, түгі тусырылған, бөлек-бөлек емес, біртұтас, көк-ала қалы кілем. Осыншама сәнді, кең сарайдың іші толған салтанатты қауым. Біразы төрде – ақ дастарқанды дөңгелек столдар басында. Енді біразы – көбіне жастар, тыпырлата билеп жүр. Ерекше жағдайдағы өзгеше бір мереке тәрізді»[26]. Міне, бас кейіпкер ғайыптан, не өңі емес, не түсі емес, өзінің шағын пәтерінен кең, жарқыраған сарайға тап болады. Сарайда той болып жатыр екен.

Бұдан не көреміз? Романның басты кейіпкері басқа, өзіне беймәлім әлемге келеді. Бұл әлем ғажайып, оның өз үйі мұның шынашағына татымайды, «Мың бір түндегі», қазақтың қиял-ғажайып ертегілеріндегі, хикаяларындағы, дастандардағы патшалардың Иран-бағындай. Кейіпкер Мұрат неге мұндай кереметке тап болады? Мұның себебі – бас кейіпкер өзінің тар үйінде ешқандай ғажайыпқа тап болмаса, бүкіл сюжетке негіз болатын оқиғаға араласпаған болар еді. Яғни үйде отырып, ештеңе бітірмес еді, сондықтан ол сапарға шығуға тиіс болды, басқа әлемді көру, ондағы өмірді білу – міндет саналды оған.

Енді фольклорға көз салайық. Әдетте, фольклорлық шығарманың бас кейіпкері есейген шақта әртүрлі себептермен жолға шығады, яғни ол үйреншікті ортадан бөлектенеді, ендігі өмірінің көпшілігі үйінен тыс, басқа жақта өтеді. Сапарға шыққан каһарман неше түрлі оқиғаға тап болады, соның ішінде ол үшін ең тағдырлысы – басқа, оған беймәлім, тылсым әлем. Көбінесе, бұл әлем – ғажайыпқа толы патша сарайы, немесе небір кереметі көп кеңістік... Мысал келтірейік.

Бас кейіпкер Хасан амалсыздан патшаның бұйрығымен ғажайып құсты іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Самұрық құстың көмегімен әлгі құс перілердің еліне келеді. Самұрықтың ақылымен қалаға кіреді. Қала өте сұлу екен, ылғи алтыннан соғылған, бұрын мұндай сұлу қала көрмеген Хасан қаланы тамашалап, құсты да, Самұрықты да ұмытып кетеді. Хасан бір кезде қаланы аралап жүріп, бір үлкен тамаша сарайға кіреді. Сарайдың ішінде 40 қыз ұйықтап жатыр, аржағында оңаша бір бөлмеде алтын кереуеттің үстінде тағы бір қыз ұйықтап жатыр. Одан әрі тағы бір бөлмеге кіріп еді – жаюлы тұрған дастарқан, неше түрлі тамақ[27]... Тағы бір мысал:

Жігіт патшаның қиын тапсырмаларын әйелінің көмегімен орындайды. Бір күні өзі таулы жерге барып, аң аулауға әйелінен рұқсат сұрайды. Әйелі оны өз әкесінің «сәндеп салдырған неше түрлі қызықты ойын-сауық құратын бағына жібереді...

Жігіт... жүріп кетеді. Жүріп отырып, әйелі айтқан баққа келеді. Келсе, айтқанындай, неше түрлі қызық сонда екен. Жігіт те келіп, қызыққа батып, ойын-сауыққа кіріп кетеді...»[28].

Міне, кейіпкердің өз үйінен шығып, басқа бір тылсымды, ғажайып әлемге тап болатын жағдай көптеген ертегіде бар, әсіресе, ғашықтық, хикаялық дастандарда өте көп және ондағы сарайлар мен қалалар, қала ішіндегі бақтар – өте сұлу, көркем, небір әдемі ағаштар, гүлдер өсіп тұрған мекен, ондағы үйлер, жиһаздар – орасан байлықтың белгісі.

Енді қайтадан романға үңілейік.

Басқа әлемге тап болып, босағада тұрған бас кейіпкер тойды көріп былай дейді: «Кенет... төрдің төбесінде, биігірек құрылған ұзыншақ дастарқан үстінде, қақ ортада күлімсірей, еңселеп отырған екі жағында үш-төрт кісіден, әйел, еркек, олар да бай мен бәйбіше – нағыз марқасқалар екені аңдалады... Сол үлкендердің үлкені, шын орталық, ең басты адамға... көзім түсті. Мен – менің өзім отырмын қақ төрде. Той иесі, осыншама жұртқа мол дастарқан жайылған думанды, мерекелі, салтанаттың басты тұлғасы – мына мен екем»[29].

Әрі қарай тойдағы жағдай суреттеледі. Төрде отырған да, босағада отырған да – бір адам: Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков, бірақ ол өң мен түстің арасында отыр. Өзі де – білмейді, есеңгіреп отыр ма, әлде түс көріп отыр ма? Бір өзі тойда екі жерде отыр, яғни екі адам. Төрдегінің аты-жөнін білсе, өзінен бір-ақ дыбыспен айырмасы бар Марат Бейсенұлы Қазыбеков. Босағадан төрге қарап отырып, Мұрат біресе Марат болып, біресе өзі болып, өткенді есіне алады, қазіргі жағдайын баян етеді.

Сөйтіп, дел-сал болып отырғанда Мұрат пен Мараттың жанары еріксіз түйіседі. Дәл осы минутта жарқыраған люстралар жалп етіп өшеді. Қайтадан қараңғылық түседі де, Мұрат баяғы өзінің үйінде отырғанын көреді. Осы сәттегі өзінің халін ол мынадай түрде бейнелейді: «мең-зең болып, азғана отырған меңіреу тыныштықтан соң тырбанып, орнымнан көтерілдім. Қолымды созып едім, тас қабырғаға тиді. Сипай бере қалт бұрылдым. Дөңгелек бұдыр. Сірә, әлденендей тетік. Амалсыз басып едім. Жарық қайта жанды. Самала емес әдепкі. Салтанатты сарай емес, қуықтай тар бөлме – мана қаншама қарманғанда таба алмаған тар босағадан өте бере, төбеден сарғыш көлеңкем, сұрықсыз жетім люстра салбыраған. Қабырғадан еденіне дейін ыбырсыған, ескі диваны жапырайған, жетім столды, жадау, жарлы пәтер – өз үйімде тұр екем. Абдырағаным сондай, тақыр еденге сылқ етіп отыра кетіппін... Бәрі орнында, бәрі дұрыс. Осындай да қызықты түс болады екен»[30].

Ал, енді фольклор мәтініне, дәлірек айтқанда, «Мамай батырдың арманы» деген хикаядағы кейіпкердің басынан өткен бір оқиғаға назар аударайық.

Мамай деген батырдың үйіне қонақтар келеді, олар Мамайдан қандай арманыңыз бар? – деп сұрайды. Мамай екі арманым бар деп, екі әңгіме айтады. Соның екіншісі мынадай:

– Екінші арманым, – деді Мамай батыр, – көктырнақтарды өлтіріп, әкелерімнің өшін алып, көңіл жайланып, сонымен үйден шықпай, он бес-жиырма жыл жаттым. Содан кейін бір күні ой түсіп, Құбажон деген жонымбар еді, маңайы көк, самал соғып тұрушы еді, жотасынан шығып қарағанда аржағында Шыңырау деген құдығым бар еді, суы көк мөлдір зәмзәм суындай еді, осыларды сағынып, сейілге бір шығып, көңіл көтеріп келейін деп, Жайдақкер деген бәйге атыма мініп, Құбажоныма шығып, жан-жаққа көз салып қарасам, баяғы Шыңырау құдығымның басында ақ қостар тігулі тұр. Аппақ ақ қайыңдай киінген бір топ қыздар құдық басында ойнап жүр. «Бұл не ғажап, бұрын мұның басында дәл осындай оқиға болған жоқ еді, мен барда ешкім келмеуші еді, мені өлді деп санап, құдығымды иеленген екен» деп ойладым. Шыңырау құдыққа қарай желе жортып келе жатырмын. Құдыққа тақалғанда құдық маңында ойнап жүрген көп қыздар алдымнан шығып, келе аттың шаужайынаналып, «күйеу келді» деп жабылып, мені аударып алып қалды. Қалған қыздар: бірі сақалымнан жұлып, бірі мұрнымнан тартып, бірі иығыма мініп, бірі қойғылап, жұлмалап, «күйеу-күйеу» деп әкеп, бір үлкен ақ қосқа кіргізіп, асты-үстіме көрпе төсеп, неше түрлі тағамды алдыма әкеп қойды. Өздері бірге отырып, «күйеужан, іш» деп, барлығы қойғыштап, есімді шығарды. Бір өңкей сұлу қыз. Мұның қайсысы менің әйелім екені белгісіз. Әйтеуір «күйеу» дейді. Сол кезде отыз бестегі қалпыма түстім. Сөйтіп, күн батты, түн болды. Бір-екі қыз келіп, үйдегі қыздарға: күйеу үлкен үйге кіріп, отқа май құйсын, тамақ ішсін дейді – деп келді. Сол-ақ екен, көп қыз қол-аяғымды жерге тигізбей жұлқылап, «күйеу» деп, жұлмалап әкеп, үлкен ақ қосқа кіргізіп, қолыма май құйған бақыр беріп: отқа май құй, күйеу, – деді. Мен бақырды алып, күйеу ырымын жасап, отқа май құйдым. Төрге шығарып, алтын тақтың үстінде үлде мен бүлдеге бөленген ай мен күндей бір сұлу қыздың қасына әкеп, маған да алтын орындық беріп отырғызды. Е, менің жарым осы екен деп, сол кезде жиырма бестегі қалпыма түстім. Бір уақытта неше түрлі тамақ әкеп қойып, сусын құйды. Басыма ақ мамық жастық қойып, шынтақтап отырып, сусын ішуге айналғанда, әлгі алтын тақтағы қыз да келіп, менің қасыма шынтақтап келіп отырып, сусын ішті. Көп қыздар «күйеу» деп, жұлқылап жатыр. Мен жасаңғырап, баяғы жас қалпыма келдім. Шәйді ішіп болған соң қасымда шынтақтап жатқан қыз құрбыларына: «барыңдар, жақсылап төсек салыңдар», – деп бұйырды. Қыздар барып, төсек салып келіп, «тақсыр, төсек дайын» деп, патша қызға хабарлады. Патша қыз: ал, олай болса деп, барлығымыз сонда бардық. Барсақ, төсекті белден ғып салыпты. Әлгі патша қыз: барыңдар деп, қыздардың барлығын таратып жіберіп, өзі менің қасымда қалды. Сонымен екеуміз оңаша қалдық. Мен шешініп, төсекке жаттым. Қыз отырды. Сонан кейін еркектік етіп көрейін деп, қызды қолынан тартып едім, маған қыз айтты: жоқ, қазір болмайды, саған серт қоямын, сен таң атқанша мына шамға қарап, ұйықтамай отырасың, – деді. Сонымен: жарайды деп, таң атқанша кірпік қақпай, қарап отырып, бір кезде талып, ұйықтап қалыппын. Таң атқанда шошып, ояна келсем, басымда атым байлаулы, мылтығым қасымда, басқа түк жоқ, түгел көшіп кетіпті[31].

Мұнда да кейіпкер басқа бір, тылсымды әлемге тап болады, ғажайып нәрселерді көреді; сұлу қыздар, аппақ ақ үй, мамық төсек, алуан түрлі тәтті тағам, өзінің сұлу қалыңдығы. Бірақ осының бәрі бір сәтте жоқ болып, кейіпкер баяғы баз қалпына түседі. Өңі ме, түсі ме, кейіпкер білмейді, себебі қыздармен ойнаған шақта ол 35-тегі жасына, сәлден соң 25-тегі жасына, одан кейін бозбала кезіндегі жасына қайта түседі. Яғни басқа әлемде, басқа уақыт мөлшерін бастан кешіреді, кеңістік пен уақыт адам қоғамындағыдай емес, өзгеше. Осы үш кезең арқылы Мамай батыр өзінің ғұмырының ең қызықты, тамаша мезгілін еске алатын секілді, сөйтіп, өткен өмірін шолатын тәрізді. Оның тап болған мекені – перілердің ауылы, мұнда ол перілердің заңына бағынады, солардың уақытымен күн кешеді. Соның арқасында Мамай батыр өзін бір сәтке болса да, түсінде болса да, қиялмен болса да, бақытты сезінеді. Ал, бақыты баянды болуы үшін ол түнде ұйықтамай, қараңғылықты жеңуге тиіс, қыздың серті солай. Өкінішке қарай, батыр ұйықтап кетеді де, қараңғы түнек түсіп, ол қыздан айырылады, сөйтіп, арманда қалады. Бірақ бұл түс пе, қиял ма, әлде елес пе? Айтушы да, тыңдаушы да білмейді.

«Жармақта» да қызғылықты жағдай: кейіпкердің басқа әлемге баруы, ғажайып тойды көруі, онда той иесі өзі екенін білуі, кенеттен жарық сөніп, өз үйінде отыруы – түс пе, елес пе, қиял ма? Кейіпкер өзі де аң-таң, не екенін түсінбейді: «Осындай да қызық түс болады екен», – деп таңданады Мұрат.

– Сірә, көңіл түкпіріндегі бір қиял. Әрине, миллионер болып кетсем де, таңдап тапқан ғылымнан қол үзбеймін ғой. Қарымымұзарып, күш-қуатым арта түседі. Күнкөріс жайына алаңдамайсың, кітап шығару мәселесі өзінен өзі шешіледі. Бірақ құрғақ қиял – асса, парықсыз түске ғана айналады. Парықсыз ғана емес, қисынсыз түс[32], – деп ойға шомады да, Мұрат үстіне қараса, тойда кигізген әдемі смокинг, қара туфли, т.б. – бәрін шифонерге қыстырып, соңында жыртық майка, шолақ трусимен ғана тұрғанын аңдайды. Демек, Мұрат өзінің мүшкіл халіне қайта оралады, осыны көрген соң ол қайтадан «жарқын дүниеге, той өтіп жатқан алтын сарайға» барғысы келеді, алайда, ол қанша тырысса да, алтын сарай да, хрустальді люстра да, кешегі салтанат та жоқ – бәрі жоғалған, қайта оралатын емес. Сөйтіп, елу беске толған Мұрат өкініште, арманда қалғандай! Фольклорлық хикаядағы Мамай батыр сықылды «әдемі өмірдің» жоқ болғанына өкіне ме қалай? Рас, Мамай түсінен оянғаннан кейін ешқандай әрекетке бармайды, ойға да қалмайды, тек өкініп, үйіне қайтады.

Ал, «Жармақтағы» Мұрат сол түсті қайтарғысы келеді. Ол үйден шықпағанын сезеді. Иә, үйден шыққан жоқ. Жаңағы қараңғылықта көргеннің бәрі – елес, қиялдан туған елес. Ол үйіндегі кухняда отырып, шам өшкен сәтте ойға шомып, қиялға берілген. Қиял болғанда – биік, асыл арман емес, өкініш салқыны бар қиял. Өкініш болғанда өмірінің өткеніне емес, өзінің үлкен талантын, зор мүмкіндігін толық пайдалана алмағанына, ойлағанын түгел жүзеге асыра алмағанына өкіну сияқты. Қараңғыда отырып, өткен өміріне шолу жасайды. Шолғанда не жақсы, не жаман болды деген егіз бағамдау қатар жүреді. Осы екі баға адамды, романдағы кейіпкерді екіге бөледі. Сөйтіп, жақсылықтың иесі – Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков, жамандықтың иесі Марат Бейсенұлы Қазыбеков болып шығады. Осы екі бағамдау бір кейіпкерді ғана екіге бөлмейді, ендігі жерде күллі іс-әрекеттің бәрі қарама-қайшы болып, екіге бөлінеді. Мәселен, роман басталғандағы екі кеңістік (тар пәтер мен кең сарай), екі тұрмыс (Мұраттың қоңыр күйі мен Мараттың аста-төк байлығы), екі көңіл-күй (Мұраттың зауықсыздығы мен Мараттың шаттығы), екі мінез-құлық (Мұраттың қарапайымдылығы мен Мараттың озбырлығы), т.т. Бұл бөліну романның финалында бітеді: Мұрат асылып өлгенде, оның жармағы Марат та өледі. Бірақ Мұрат өзінің қалай өлгенін, өлгеннен кейін басынан не өткенін, денесінің қандай халде екенін, жанының денеден бөлініп, көкке ұшып кеткенін, бәрін-бәрін көріп, сырттан бақылап тұр, содан кейін аспанның екінші қабатында Марат-жармақтың бейшара күйге түсіп, қиналып, мүсәпір қалпында Мұраттың ішіне кіріп, ғайып болғанын да байқайды. Сөйтіп, ол өзінің бүтінге айналғанын түсінеді...


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 115; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты