КАТЕГОРИИ:
АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника
|
АЛҒЫ СӨЗСтр 1 из 48Следующая ⇒ Азіргі әдебиет және фольклор
АЛМАТЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ М.О.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫ ______________________________________________________________
Азіргі әдебиет және фольклор
Алматы ББК
М.О.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСІ ҰСЫНҒАН
Томның редакциялық алқасы:
Қирабаев С.С. – ҚР ҰҒА-ның академигі; Қасқабасов С.А. – ҚР ҰҒА-ның академигі; (жауапты редактор); Елеукенов Ш.Р. – филология ғылымдарының докторы, профессор; Әзібаева Б.У. – филология ғылымдарының докторы, профессор; Майтанов Б.Қ . –филология ғылымдарының докторы, профессор; Ісімақова А.С. –филология ғылымдарының докторы, профессор; Әлмұханова Р.Т. –филология ғылымдарының кандидаты; Жауапты шығарушы – Әлмұханова Р.Т., филология ғылымдарының кандидаты.
Қазіргі әдебиет және фольклор. Алматы: 2009. – 391 бет
Қазақстан тәуелсіз ел атанғалы қазақ әдебиеттану саласындағы тың бетбұрыстарды зерделеу ғылыми міндеттердің бірі. Әлемдік ғылымда әдебиет пен фольклордың байланысын зерттеу өткен ғасырда-ақ іргелі зерттеулерге айналған. Бұл кезде қазақ ғылымында ізашар қадам жасалған, бірақ әдебиеттің үш саласы – проза, поэзия, драматургия саласын толық қамтыған үлкен еңбектің қажеттілігі сезілген, оқырманға ұсынылып отырған бұл монография сол қажеттіліктің орнын толтыруға бағышталған. Кітап әдебиеттанушылар мен фольклортанушы мамандарға, қазақ әдебиетін сүйіп оқитын оқырман қауымға арналады.
ISBN © М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, 2009 © АЛҒЫ СӨЗ Әлем мәдениеті мен әдебиетінің тарихына көз салсақ, қай елдің болса да көркем әдебиеті мен өнері өзінің бастауын халық поэзиясынан алғанына куә боламыз. Сонау орта ғасырлардан бастап, бүгінгі күнге дейін әдебиет фольклорға иек артып келеді. Осынау ұзақ жолда олардың байланысы әр заманда әр түрлі болып, бірде жақындасып, бірде алшақтап, дамып отырды. Демек, әдебиет пен фольклордың ара-қатынасы – күрделі процесс. Ал осы процесс нақты ұлттың әдебиетінде қалай жүрді, – бұл жалпы заңдылықтың аясында болса да, өзіндік ерекшеліктері бар құбылыс. Сол себепті әр халық өзінің әдебиеті мен фольклорының ара-қатынасын зерттеуге тиісті дәрежеде көңіл бөліп, фольклорлық мұраның көркем әдебиеттің туып, дамуы тарихындағы орнын анықтап, ондаған ғасыр бойында сөз өнерінің екі түрі қалай қатар өмір сүргенін зерделеуде. Алысқа бармай-ақ, орыс әдебиетіне зер салсақ, өткен ғасырдың 1930 жылдары-ақ бұл мәселеге көңіл бөлгенін көреміз. Мәселен, белгілі фольклорист М.К.Азадовскийдің 1938 жылы жарыққа шыққан «Литература и фольклор» атты монографиясы бар. Одан кейінгі уақыттарда да орыс ғалымдары әдебиет пен фольклор байланысын назардан тыс қалдырған емес. Олар жекелеген монография түрінде болсын, немесе ұжымдық зерттеу түрінде болсын арнайы еңбектер жазып, әдебиет пен фольклордың ара-қатынасы – әдебиеттану ғылымы үшін өте маңызды проблема екенін көрсетті. Әсіресе, орыс әдебиеті институты (Пушкин үйі) жариялаған 4 кітаптан тұратын іргелі зерттеудің орны ерекше. Мұнда орыс әдебиеті мен фольклорының әр дәуірдегі байланысы тарихи және көркемдік-шығармашылық тұрғыдан қарастырылған, сөйтіп, бұл мәселенің ұзақ тарихы көрсетіліп, әр кезеңдегі әдебиетте, әр классик жазушы шығармашылығында орыс фольклоры қандай рөл атқарғаны, қай жазушы нені және қалай пайдаланғаны жан-жақты талданған[1]. Орыс әдебиеттануында бұдан басқа да көптеген кітаптар жарық көрді. Орыстан өзге ұлттар да әдебиет пен фольклор мәселесін зерттеуді арнайы жүргізгені мәлім. Бұл ретте А.Улановтың «Бурятский фольклор и литература» (1959), В.Т.Петровтың «Фольклорные традиции в якутской советской литературе» (1978) атты еңбектерін атауға болады. Әдебиет пен фольклордың ара-қатынасының жалпы теориялық, методологиялық және типологиялық мәселелеріне арналған жұмыстар да бар. Бұл тұрғыда үлкен мәні бар зерттеу деп Д.Н.Медриштің, У.Б.Далгаттың, Н.И.Савушкинаның жұмыстары саналады[2]. Өкінішке қарай, осылар тектес арнайы зерттеулер қазақ әдебиеттануында да, фольклортануында да әлі күнге дейін жоқ. Тек ұжымдық еңбекте тарау ретінде берілген, немесе мақала түрінде, кейде жеке жазушылардың шығармашылығына арналған монографияларда әдебиет пен фольклордың байланысы жол-жөнекей, я болмаса сөз арасында ғана қарастырылады. Міне, бір жағынан, осы олқылықтың орнын белгілі дәрежеде толтыру үшін, екінші жағынан, қазіргі кезеңдегі, яғни тәуелсіздік алғаннан бергі тұста дамып келе жатқан әдебиетіміздің шығармашылық қайнар көзін ашу мақсатында, сөйтіп, сөз өнерінің көркемдік дамуындағы жалғастықты көрсету ниетімен жүргізілген ғылыми жұмыстың нәтижесі – ұсынылып отырған кітап. Ескертетін бір жайт: мұнда зерттеліп отырған проблема өткен замандардағы әдебиеттің негізінде емес, ХХ-шы мен ХХІ ғасырлар тоғысындағы әдебиетке сүйеніп қарастырылды. Әлбетте, кеңестік дәуірдегі көркем туындылардағы фольклордың қолданысын түбегейлі жоққа шығару мүмкін еместігі белгілі. Сол дәуірдің өзінде қазақ халқының салт-дәстүрін көрсететін панорамалық көріністердің берілгені М.Әуезовтің «Абай жолы», Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер», С.Сматаевтың «Елім-ай», т.б. шығармаларынан байқауға болады. Бұл – жеке, арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып. Бұл еңбектің мақсаты – Қазақстан тәуелсіз ел екендігін жариялағаннан бастап жазылған соңғы он сегіз жылдың ішіндегі әдеби шығармалардағы фольклордың қолданысын ғылыми түрде байыптау. Әрине, он сегіз жылда жарық көрген көркем дүние аз емес. Үлкенді-кішілі олардың бәрін зерттеу нысанына айналдыру да шарт емес, ең басты мәселе – қазақ қалам қайраткерлерінің санасына, жүрегіне ұлттық мақтаныш тудырған көркем шығармалардағы негізгі фольклорлық сарындар мен сюжеттердің, фольклорлық образдар жүйесінің, фольклорлық поэтиканың тигізген ықпалын зерттеу, сол арқылы әдебиет пен фольклордың қазіргі қазақ шығармаларындағы байланыс түрлерін анықтау. Сондықтан қазақ ақын-жазушылары өздерінің жекелеген шығармаларының жіпке тізгендей етіп айтылмай қалғанына өкініш білдірмей, ғылыми міндет тұрғысынан негізгі бағытты айқындау тұрғысынан жұмыс жасалғанын дұрыс қабылдағандары жөн. Зерттеудің нысаны – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде жазылған шығармалар болса да, зерттеу жұмысының ерекшелігіне қарай тиянақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында кеңестік дәуірдегі кейбір туындылар да қамтылды. Бұл, әсіресе, эпостық композицияның қолданылуы, отбасылық салттың суреттелуі бойынша қажет болды. Кеңестік дәуірдегі шығармаларда халықтық наным-сенімдер мен салттардың көрінісі бар екенін анық білсек те, бұл зерттеудің басты мәселесі – соңғы авторлық шығармалардағы фольклорлық қолданыстардың ерекшелігін ашуға бағытталған. Ал, кеңестік дәуірдегі шығармалар жұмысшы құрал ретінде ғана алынады. Яғни екі кезеңді қамти отырып, екі бөлек нәтиже шығару бұл еңбектің басты мақсаты емес, дегенмен ұлт тағдырын лейтмотив етіп алғандықтан, халықтық салт-сана қаламгерлер назарынан тыс қалуы мүмкін еместігі айқын. Осыны ескергеннің өзінде қазақ ұлтының мәртебесі бүгінгі күндегі өзекті мәселе болғандықтан, кеңестік дәуірдегі көркем дүниелерден айырмашылығы болуы заңды, ол түсінікті. Тәуелсіздік таңы атқаннан бастап қазақтың ұлттық санасындағы үлкен серпілістің бары анық. Қазақ қаламгерлерінің осындай шақтағы жазған еңбектеріндегі фольклордың тигізген әсері зор. Қазақ халқының рухани әлеміндегі жаңалықтар қандай бағытта орын алуда, соңғы жазылған шығармалардың тақырып аясы, оның идеялық тұрғыдан ашылуына фольклордың ықпалы бар ма, жоқ па деген мәселелер өз алдына үлкен зерттеу нысаны бола алатынына күмән жоқ. Әр кітабын соңғы кітап – халыққа берер ең үлкен сыйы ретінде бағалайтын, үлкен тақырыпты нық сеніммен қолға алатын қалам қайраткерлері әдеби туындыны көркемдеп баяндауда қазақ тілінің бар шұрайын өз шығармасында аянбай пайдаланары күмәнсіз. Осындай белді бекем буған үлкен жұмыс үстіндегі жазу барысында қолданылған фольклорлық образдардың да, поэтикалық тіркестердің де қолданысын, мән-мағынасын ажырата білу – ғылыми шарт. Бір ғана бөрі тотемі немесе қасқыр, не жыланның тілге тиек болуының өзінде фольклормен байланыстың қай түрі қолданылғанын ғылыми дәйекпен қабылдай білу керек. Нақты мақсаттың қойылуына байланысты талдауға алынған шығармаларға әдеби сын жасалмайтынын да ескеру қажет. Сондай-ақ бүгінгі көркем әдебиетті фольклордан шыққандай етіп қабылдау да дұрыс болмайды. Авторлық туындының сюжет, образ жасауында өзіндік идея, өзіндік тың тәсілдер басты ерекшелік болғандықтан, фольклорды қалып етіп пайдалану мүмкін де емес. Фольклормен генетикалық байланыс жасау көркем әдебиеттің қалыптасу кезеңіне тән, ал, бүгінгі қазақ әдебиетінің дамуы үндестік байланыстың кең қолданылғанын айғақтайды. Еңбектің тараулары мен тараушаларын жазған авторлар: ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Қасқабасов («Әдебиет пен фольклордың байланысы туралы»); филология ғылымдарының кандидаты Р.Әлмұханова (Алғы сөз; Поэзия: «Бата, тілек», «Толғау», «Фольклорлық композиция», «Метафора»; Проза: «Ертегілік образдар», «Эпостық композиция», «Отбасылық салттың суреттелуі»; Драма: «Драмалық шығармалардағы фольклоризм», «Фольклордағы образ», «Фольклорлық композиция»; Қорытынды); филология ғылымдарының кандидаты А.Тойшанұлы (Поэзия: «Поэзиядағы фольклоризм мәселелері», «Айтыс», «Архетиптер»; Проза: «Проза жанрындағы фольклоризм ерекшеліктері»); филология ғылымдарының кандидаты А.Таңжарықова («Фольклорлық сарындар»); фольклортану бөлімінің ғылыми қызметкері Д.Жақан (Поэзия: «Арнау», «Элегия», «Баллада», «Фольклорлық образдар мен ұғымдар»; Проза: «Жерлеу ғұрпының бейнеленуі», «Рулық дәстүрлердің көрінісі»; Драма: «Символдар мен сарындар», «Трагедиялық туындылардағы образдардың фольклорлық сипаты», «Фольклорлық поэтиканың көріністері»). Кітапты баспаға дайындауға институттың ғылыми қызметкерлері Қ.Кенжалин, Н.Набиоллақатысты және қолжазбаларды электрондыжүйеге түсіргенА.Қаттыбаева.
|