Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


ДЕБИЕТ ПЕН ФОЛЬКЛОРДЫҢ БАЙЛАНЫСЫ ТУРАЛЫ 5 страница




Осылай бір адамдағы екі кісі қайтадан бірігіп, о дүниеге аттанады, бірақ махшар күні бәріне жауап беретін жалғыз өзі – Мұрат екенін ойлайды. Алладан рақым тілеп, «зая кеткен ғапыл ғұмырмен, соры арылмаған қайран елімен» қоштасады.

Мұның бәрі – көркем әдебиетке қажетті шарттылық екені белгілі, бірақ оның өзі тегіннен-тегін алынбаған, оның да белгілі мөлшерде негізі бар. Мәселен, адам жанының тәннен бөлек болатыны жайындағы ежелгі наным ел арасында өте ертеден тарап, неше түрлі фольклорлық шығармаға арқау болған. Кейінгі замандарда қазақтың бұл көне нанымы ислам дініндегі адам өлгеннен кейінгі кезде жаны тәннен бөлініп, жеке ғұмыр кешетіні туралы түсінікпен сіңісіп, небір әдемі діни дастандардың сюжетін құраған. Фольклордағы осы сарындар романның соңында орынды және ұтымды пайдаланылған да, астардың түйінді ойына негіз болып, оған үлкен мән-мағына берген. «Иманнан айырылмасаңыз, барлық Мұрат орнына келері күмәнсіз!» – деп, шығарманың не себепті Иман Қазақбай атынан берілгенін аңдатады, имандылыққа шақырады... Иман – Қазақбай – Мұрат – үшеуі біртұтас ұғымға айналған!...

Сонымен, ойымызды қорыта айтсақ, фольклор мен әдебиеттің ара-қатынасын зерттеген ғалымдар екі көркемдік жүйенің бір-бірімен байланысы төрт түрлі болатынын айтады. Олар: генетикалық, оппозициялық, үйлесімдік және кері байланыс. Бұл түрлердің әрқайсысы әдебиеттің әртүрлі даму кезеңдеріне сәйкес келеді. Айталық, әдебиет жаңадан пайда болған кезде фольклормен тығыз байланыста болады да, оған арқа сүйейді, оның көптеген компоненттерін пайдаланады. Бұл – генетикалық байланыс. Ал, әдебиет аяғынан тік тұрып, жаңа көркем жүйе құрып, сөз өнері ретінде қалыптасып, одан әрі дамуға бет алған кезде фольклордан алшақтауға тырысады, оның дайын тұрған образдық, тілдік, композициялық үлгілерін пайдаланбауға күш салады, яғни бұл тұста әдебиет белгілі мөлшерде фольклорға оппозициялық тұрғыдан қарайды. Бірақ, соның өзінде, фольклорды жоққа шығармайды, ара-кідік оның сюжетін, кейбір жанрын алып тұрады. Әдебиет әбден дамып, көпжанрлы, күрделі көркем-эстетикалық категория дәрежесіне жеткен шақта фольклорға қайта соғады, оны бұрынғыдан басқаша, өзінің деңгейіне сай қорыта пайдаланады. Мұндай жағдайда әдебиет фольклорды көбінесе символ ретінде, астарлы мағынада, көркемдік тәсіл ретінде қолданады және фольклордың ашық сыртқы түрлерінен гөрі адам санасының терең түкпірінде жатқан, күнде тысқа шыға бермейтін ирреалдықнұсқаларын ассоциативтік мақсатта шығарманың ішіне сіңістіріп жібереді. Мұны – үндестік байланыс дейді. Расында да, әдебиет биік дәрежеге көтерілгеннен кейін фольклорды мәңгі ескірмейтін құндылық ретінде танып, бағалап, содан өзіне қажетті идеяны, сюжетті, образды іздейді, оның ең бір терең мағыналық формаларын табады да, өзімен үндес етеді. Ал, төртінші, яғни кері байланысқа келетін болсақ, ол дәстүрлі фольклорға қатысты емес. Бұл, негізінен, ХХ ғасырдағы халық ақындарына жасаған әдебиеттің ықпалы туралы айтылған тұжырым. Кеңес дәуірінде Жамбыл, Стальский, Крюкова, Нұрпейіс секілді ауызша жырлайтын ақындардың шығармашылығын фольклорға жатқызатынбыз. Анығында, бұл – дұрыс емес, өйткені, ол ақындардың шығармалары – авторлық дүние, өз пікірі, қолтаңбасы бар туынды. Сондықтан халық ақындарының шығармаларын авторлық ауыз әдебиеті деу орынды. Осы себепті біз бұл байланыс түрін жазба әдебиет пен авторлық ауыз әдебиетінің арасындағы қатынас деп есептейміз. Бұл – арнайы қарастыруға лайықты мәселе.

Қалған үш байланыс – біздің әдебиетіміз бен фольклорымыздың ара-қатынасында толық көрінетін заңдылық. Алғашқы кезеңде, яғни генетикалық байланыс түрінде, фольклорды пайдаланған қаламгерлер оның беткі қабатын ғана игерді, сондықтан әдеби шығарма контексіндегі фольклор түпнұсқамен салыстырғанда жеңіл ұғынылды, яғни бұл тұста фольклор түбегейлі қайта өңделмеді. Бұл, әсіресе, поэзияда және драматургияда айқын білінді, рас, алғашқы романдарда да көрініс берді, бірақ проза ол кезеңде фольклорды көбінесе фон ретінде алып, оны шығармада бейнеленетін мақсатына қажетті колорит беруге жұмсады, солай бола тұра, фольклор поэтикасының көркемдік қайнарын жақсы пайдалана білді. Бұл айтылғандарға дәлел ретінде ХХ ғасырдың алғашқы отыз жылының ішінде жарыққа шыққан М.Дулатовтың, Т.Жомартбаевтың, М.Жұмабаевтың, С.Сейфуллиннің, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың сол кезеңде жарық көрген шығармаларын атауға болады.

Қазақ әдебиетінің фольклормен оппозициялық байланысы Абай шығармашылығынан бастау алып, бүгінгі күнге дейін бірде баяу, бірде қарқынды түрде жүріп келеді десек болады. Бұл – заңдылық. Себебі қай құбылыс болса да, өзінің даму барысында үздіксіз таласқа, күреске түседі. Мұндай процесс қазақ әдебиеті тарихында да болды, алайда, оппозициялық байланыс біздің фольклорды жоққа шығарған емес, әдебиетіміз бен фольклорымыз ымырасыз қайшылықта болған жоқ, қайта әдебиет фольклордың өмірлік дәстүрлері мен көркемдік компоненттерін кәдесіне жарата білді.

Кеңес өкіметінің орнауына байланысты жаңа әдебиет қалыптасу барысында, әсіресе, жаңа өмірді бейнелеу мақсатында соны тақырыптар, формалар іздеді де, фольклордың элементтеріне көп жүгіне қоймады. Мәселен, бұл ретте С.Сейфуллиннің «Советстан», «Альбатрос», «Социалистан», С.Мұқановтың «Түрксиб» поэмаларын еске алуға болады. Мұндай жаңаға талпыну, жаңа өмірді жаңа формамен беруді мақсат ету – әдебиетті фольклордан біршама алшақтатты, бірақ ажырата алмады, тіпті, кей тұста фольклорға иек артқаны да бар. Жалпы, қазақ әдебиеті қай кезеңде де ұлттық фольклордан қол үзген емес. Мұны бүгінгі кемелденген әдебиеттен де көреміз. Бұл кезеңдегі байланыс үндестікке негізделген. Үндестік байланыс – әдебиеттің фольклорға қайта оралуы, оралғандабұрынғыдай үйренуші де, үйретуші де емес, өзімен тең тұрған руханият деп, өзінің дәрежесіне лайық ескірмейтін, таусылмайтын, уақыт өткен сайын жаңғыра алатын асыл мұра, қайнар көз ретінде бағалап, содан нәр алу үшін оралып отыр. Қазіргі әдебиетіміздің шоқтықты туындылары мүлде жаңаша жаңғырып, фольклордың өзін жаңа сапаға көтеріп, фольклорды игерудің ерекше жолын тауып отыр. Оны біз соңғы жылдары жарыққа шыққан біраз өлең-жырлардан, поэмалар мен пьесалардан, романдардан байқаймыз. Осы үрдістің аса көрнекті үлгілері деп М.Мағауиннің «Жармақ» романын, Т.Әбдіковтің «Парасат майданы» повесін, А.Алтайдың «Алтай балладасы» романын, сондай-ақ Н.Оразалиннің, Т.Медетбектің, Н.Айтұлының, Ж.Бөдештің, т.б. ақындардың кейбір өлеңдері мен поэмаларын, Д.Исабектің, Қ.Ысқақовтың, Ш.Хұсайыновтың пьесаларын атауға болады. Аталмыш авторлар мен басқа да қаламгерлердің осы тектес туындылары біздің қазіргі әдебиетіміз – әлемдік сөз өнеріндегі үрдіс аясында дамып келе жатқанын мейлінше толық айғақтайды. Әлбетте, бүгінгі таңдағы қазақ әдебиеті фольклордан тыс жолмен де дамып келеді, сондықтан оның тақырыбы әр алуан, көркемдік-эстетикалық қуаты мол. Бұл тұрғыдан алғанда, тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетіміз бұрынғы дәстүрлер мен жетістіктерді шығармашылықпен пайдалана отырып, жаңа белеске көтерілді, жаңаша дамуға бет алды. Бұл процесте де фольклордың рөлі болары анық.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 186; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.006 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты