Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Банк шығыстарының жіктелуі




Коммерциялық банктердің шығыстарын формасына және есепке алу тәсіліне қарай жіктеуге болады.

Формасына қарай,олар мынадай түрлерге бөлінеді:

· пайыздық шығыстар;

· пайызсыз шығыстар;

· басқа да шығыстар.

Пайыздық шығыстар клиенттердің талап ету және мерзімді депозиттері, басқа банктердің депозиттері бойынша, басқа да банктерден сатып алынған несиелік ресурстар үшін, сондай-ақ шығарған бағалы қағаздары бойынша төленген пайыздардан құралады.

Пайызсыз шығыстарға жалпы банктің операциондық шығыстары мен басқару аппаратын ұстау шығындары жатады.

Басқа да шығыстар, банктік операциялардың өзіндік құнына жататын резервтерді құру, салық төлеу шығыстарын, бағалы қағаздар нарығында, валюталық нарықта алып-сатарлық операцияларды жүзеге асыруға, банктің мүлкін сатуға және т.б. байланысты болатын зияндарды сипаттайды.

Есепке алу тәсіліне қарай банктік шығыстарды мынадай түрлерге бөледі:

банктің операциондық және түрлі шығыстары: банктің төлейтін салықтарының бір бөлігі, (мүлік, жол, көлік құралдары, жер, ҚҚС, яғни бұл салықтар банктің операцияларының өзіндік құнына жатады) тартқан қаражаттар бойынша төленген пайыздар, негізгі құралдардың амортизациясы, арзан бағалы тез тозатын заттардың және материалдық емес активтердің тозуы, жалгерлік шығыстары, жарнама, есептесу орталықтарының, пошта және телеграф қызметтері үшін төлемдер, оқытуға төлемдер, бланктер, ақпарат тасымалдаушылар, орайтын материалдар үшін шығыстар және капиталдық емес сипатттағы басқа да шығындар;

басқару аппаратын ұстау шығыстары: жалақы, сыйлықақы, ынталандыру ақысы, ғимаратты, құрал-жабдықтарды және жеңіл машиналарды ұстау, күзет үшін шығыстар, іс-сапар және кеңсе заттары үшін шығыстар, яғни олар пайызсыз шығыстарды білдіреді;

банктің төлейтін айып пұлдар, пенялары және т.б. шығыстары.

Көптеген Қазақстандық банктердің қаржылық нәтижелері соңғы жылдары тұрақтылыққа қол жеткізді. Банктің рентабельдік көрсеткіштер бойынша біздің банктеріміз Орталық Еуропа елдерінің банктерінің осындай көрсеткіштерімен тең түсуде. 2004-2008 жылдардағы банк секторының табыстылығын сипаттайтын көрсеткіштерді 51-кестемен беруге болады.

51-кесте. Банк секторының табыстылығының серпіні, млрд. теңгемен,

кезеңнің басына

Көрсеткіштер   2004ж 2005ж 2006ж 2007ж 2008ж
Сыйақы алумен байланысты табыстар 140,9 212,7 342,3 620,1 1242,8
Сыйақы төлеумен байланысты шығыстар 60,8 94,0 180,5 337,2 656,1
Сыйақы алумен байланысты таза табыс 80,1 118,7 161,8 282,9 586,7
Сыйақы алумен байланыссыз табыстар 89,5 107,6 159,6 287,3 552,7
Сыйақы алумен байланыссыз шығыстар 137,8 188,6 238,3 442,5 873,8
Сыйақы алумен байланыссыз таза табыс (зиян) -48,3 -81,0 -78,7 -155,2 -321,1
Көзге көрінбейтін баптар (шығыстар) 1,3 1,1 -0,5 -0,2 0,4
Салық төлегенге дейінгі таза табыс 33,2 38,8 82,6 127,5
Салық төлеуге байланысты шығыстар 4,4 7,3 9,5 25,6 44,8
Табыс салығын төлегеннен кейінгі таза табыстар 28,8 31,5 73,1 101,9 221,2

Ескертпе – ҚҚА-нің есептік материалдары негізінде автормен құрастырылған

 

Соңғы 5 жыл ішінде банктің табыстары олардың қалыптасу көздері бойынша өскендігін көреміз. Пайыздық табыстар құрылымында клиенттерге берілген займдар бойынша сыйақы алумен байланысты табыстар үлесі жоғары, яғни бұл көрсеткіш шамасы 2004 жылдың 1 қаңтарына 140,9 млрд теңгені құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында оның көлемі 1 242,8 млрд теңгеге дейін көтерілген. Банктің сырттан тартқан қаражаттары бойынша пайыздық төлеумен байланысты шығыстар құрылымында көп үлесті, клиенттер мен банктер алдындағы міндеттемелері (салымдары және банктерден немесе өзге кредиторлардан алған қарыздары) бойынша сыйақы төлеу шығыстары алады, яғни бұл көрсеткіш шамасы 2004 жылдың 1 қаңтарына 60,8 млрд теңгені құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында оның көлемі 656,1 млрд теңгеге дейін көтерілген.

Осы көрсеткіштерді пайдалана отырып таза табысты анықтаймыз, ол сыйақы алу және төлеу шығыстары арасындағы айырма ретінде есептеледі.

Сонымен сыйақы алумен байланысты таза табыс мөлшері де 2004 жылдың 1 қаңтарына 80,1 млрд теңгені құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында оның көлемі 586,7 млрд теңгені құрады.

Банктік сектордың табыстары құрылымында сыйақы алумен байланыссыз табыстардың аз да болса өзіндік үлесі бар. Айталық, сыйақы алумен байланыссыз табыстар 2004 жылдың 1 қаңтарына 89,5 млрд теңгені құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында оның көлемі 552,7 млрд теңге дейін ұлғайған.

Бұл көрсеткішке керісініше банктік сектордың сыйақы төлеумен байланыссыз шығыстары өсіп отыр, яғни 2004 жылдың 1 қаңтарына 137,8 млрд теңгені құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында оның көлемі 873,8 млрд теңге дейін өскен. Нәтижесінде, соңғы екеуінің айырмасы ретінде есептелетін, сыйақы алумен байланыссыз зияндардың көлемі де 2004 жылдың 1 қаңтарына 48,3 млрд теңгені құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында оның көлемі 321,1 млрд теңгеге дейін теріс көрсеткішпен өскен.

Келесі топтамадағы банктік сектордың табыстылығын сипаттайтын маңызды көрсеткіштерге салық төлегенге дейінгі таза табысы жатады. Оның мәні 2004 жылдың 1 қаңтарына 33,2 млрд теңгені құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында 266 млрд теңгеге дейін немесе 8 есеге артқан.

Ал салық төлеумен байланысты банктің шығыстарына мән берсек, онда оның шамасы 2004 жылдың 1 қаңтарына 4,4 млрд теңгені құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында 44,8 млрд теңгеге дейін немесе 10 есеге артқан. Нәтижесінде банктің иелігінде қалатын табысының мөлшері 2004 жылдың 1 қаңтарына 28,8 млрд теңгені құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында 221,2 млрд теңгені құраған.

Банктің табыстылығына баға беруде салық төлегенге дейінгі таза табыстың банктің жиынтық активтеріне қатынасы (ROA) және салық төлегенге дейінгі таза табыстың банктің меншікті капиталын қатынасын (ROЕ) есептеу маңызды. Сонымен қатар банктік сектордың соңғы жылдардағы табыстылығын сипаттайтын жиынтық көрсеткіштердің есебін 52-кестеде беруге болады.

 

52-кесте. Банк секторының табыстылығының жиынтық көрсеткіштерінің динамикасы, %

кезеңнің басына

Көрсеткіштер 2004ж 2005ж 2006ж 2007ж 2008ж
Салық төлегенге дейінгі таза табыстың жиынтық активтерге қатынасы (ROA) 1,9 1,4 1,8 1,4 1,3
Салық төлегенге дейінгі таза табыстың меншікті капиталға қатынасы (ROЕ) 14,2 11,2 14,1 14,7 18,6
Сыйақы алумен байланысты табыстардың жиынтық активтерге қатынасы 8,4 7,91 7,6 7,0 10,64
Сыйақы алумен байланысты табыстардың жиынтық несиелік қоржынға қатынасы 9,9 9,2 10,9 10,1 12,8
Дилингтік операциялар бойынша алатын таза табыстардың салық төлегенге дейінгі таза табыстарға қатынасы 27,7 26,8 23,5 29,6 29,6
Сыйақы төлеумен байланысты шығыстардың банктің жиынтық міндеттемелеріне қатынасы 4,1 3,9 4,4 4,2 6,4
Резервтер құруға кеткен шығыстарды жиынтық активтерге қатынасы 2,6 2,7 1,7 1,8 2,1

Ескертпе – ҚҚА-нің 2004-2006 жж есептік материалдары негізінде автормен құрастырылған

 

Соңғы 4 жыл ішінде банктің табыстарын сипаттайтын көрсеткіштерін жасаған талдаудан салық төлегенге дейінгі таза табыстың жиынтық активтерге қатынасының (ROA) мәні 2004 жылдың 1 қаңтарына 1,98% құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында 2,3 % дейін өскендігін көреміз. Ал салық төлегенге дейінгі таза табыстың меншікті капиталға қатынасының (ROЕ) мәні де 2004 жылдың 1 қаңтарына 14,2 % құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында 18,6 % дейін төмендеген. Аталған көрсеткіштер мәнінің төмендеуі негізінен банктердің активтері және оған сай капитал көлемінің өсуіне байланысты болып отыр. Ал сыйақы алумен байланысты табыстардың жиынтық активтерге қатынасының мәні де 2004 жылдың 1 қаңтарына 8,4 %құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында 10,6% дейін өскен. Сонымен қатар сыйақы алумен байланысты табыстардың жиынтық несиелік қоржынға қатынасының мәні де 2004 жылдың 1 қаңтарына 10,9% құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында 12,8% дейін төмендеген. Дилингтік операциялар бойынша алатын таза табыстардың салық төлегенге дейінгі таза табыстарға қатынасының мәні ғана 2004 жылдың 1 қаңтарына 27,7% құраса, 2008 жылы 1 қаңтарында 29,6 % -дейін төмендеген.

Бақылау сұрақтары:

1. Банк табыстары қандай көздерден құралады?

2. Пайыздық табыстарға не жатады?

3. Пайызсыз табыстарға не жатады?

4. Банк шығыстарын не құрайды?

5. Пайыздық шығыстарға нелер жатады?


Поделиться:

Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 97; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.01 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты