КАТЕГОРИИ:
АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника
|
АЗІРГІ ПРОЗАДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ДӘСТҮР 7 страницаСонымен Т.Зәкенұлы «Көк бөрілердің көз жасы» романын тарихи негізде жаза отырып, Саралды фольклорлық кейіпкермен үндестікте сомдауы ғана емес, шығарманың эпостық қалыпта құрылуымен ерекшелеген. Саралдың ғайыптан пайда болуы, әке-шеше кегін қууы, Бозкүлік атын іздеп табуы, ел үшін соғысуы, өлімші халде жалғыз қалса да, аман қалып, отбасына қосылуы, оның баласы Алтыншордың намысты балаға тән сөздер айта білуі[452] – мұның бәрі батырлық жырдың эпостық композициясына сай негізгі мәселелерді қамтумен жасалғанын дәлелдейді. Кейіпкер Саралдың «өлмей қалуына» – оның жолбасшысы «алдынан даланы бауырымен сызып, желе жортқан Көкше бөрінің жолығуында да»[453] мифтік түсініктің әсері бар. Жазушы «оларды (яғни Саралдың отбасымен табысуы) жанының аманында бір-бірімен қайта қауыштырған Сәуке қарттың аруағы, одан соң осынау әулие тұрақтың киесі еді»[454] деп те түсіндірген. Бұл орайда батырларды әулие, пірлердің қоштап жүруі батырлық жырда тұрақты орын алғаны белгілі. Ал Саралдың жақсы адам екенін Сәуке бақсы адам танығыш қасиетімен бірден сезіп, оған шын ықыласын аударған. Сондықтан Саралдың роман сюжеті бойынша да, фольклорлық дәстүр бойынша да басқаша болуы, тіпті, мүмкін емес. Бұл – тарихи романға арқау болған сол замандағы халықтың ойы, қабылдауы, жазушы сол дәуірдің оқиғасын сол кезеңдегі наным-сенімімен қоса бүгінгі оқырманға білікті түрде жеткізу мақсатын көздеп қолданған. Бірақ тарихи романның бәрі батырлық жырмен генетикалық не үндестік байланыс арқылы жазылмайтыны аян. Оған тәуелсіз кезеңнен басталған бергі уақытта жазылған Қабдеш Жұмаділовтың Қаракерей Қабанбайға арнаған «Дарабоз» романы дәлел. Бұл шығармада батыр ел үшін соғысып, ақыры, қаза табады. Бұл субьективті санаға тәуелді тарихи жырлардағы оқиғаны нақты жеткізумен орайлас. Сондай-ақ батырлық эпосқа тән кейбір сарындар жекелеген кейіпкерлерге де байланысты қолданылады. Мәселен, «Жанымыз семсердің жүзінде жүргенде»[455] деген Күшліктің атынан айтылатын бұл сөзде батырлардың жаны өздерінің қаруларымен байланысты деген ежелгі дәуірдегі түсініктен қалған. «Ұлдарының бүгілмес белі бүгілді, төгілмес жасы төгілді»[456] деген қолданыс та эпостық шығармаға тән формула. Батырлық жыр мен ертегінің бас кейіпкері перзентсіздіктің зардабын тартқан қарттардың әулие-әнбиелерді аралаған соң олардың түсінде аян беріліп, ерекше жағдайда дүниеге келеді.
«Балаңның аты – Алпамыс, Қызыңның аты – Гүлбаршын»
немесе: «Балаңның аты – Қобыланды», –
деп, аян беруші баланың есімін де айтып кетеді. Бұл да болашақ батырдың ерекше болуын білдіретін сипаттың бірі. Бұл фольклорлық сарын қаһармандық танытатын жыр не ертегі кейіпкеріне тән соғыс батырын сомдау үшін ғана қолданылмайды екен. Оның дәлелі – Р.Тоқтаровтың тарапынан ғұлама Абай тұлғасын сомдау мақсатында қолданғаны. Автор халықтың фольклорлық санасын ескерген тек батыр ғана емес, ақыл-оймен өз қатар құрбысынан озық көрінген жандардың туысын да тегін емес деп білген. Сондықтан роман желісі бойынша жарық дүниеге сәбиі келгенде Құнанбай баласына Ибраһим деп есімнің берілуін: Бұл – көштің бетін түзеген пайғамбар есімі. Әнет баба түрінде Қыдыр ғалейіссалам аян берді[457], – деп түсіндіреді. Фольклорлық қалыптасқан композицияға сай романдағы Абай ерекшелігін жеткізуде кейіпкердің ғажайып ержету сарыны да қамтылған. Фольклорлық шығармалардың бас кейіпкерлері жыл сайын емес, ай сайын өсетіні белгілі. Алты айында алты жастағыдай, жеті айында жеті жастағыдай болып өседі. Бұл сарын болашақта ұлы ақын атанатын нәресте Ибраһим үшін де қолданылған. Ибраһим бесікте жатқан кезінде түндікті жауып қойса, не өзі жатқан жерінен босағадағы жүктің үстіне апарып тастаса, қыңқылдап, жылай бастайды. Орнына әкеліп жатқызса, қыңқылдағанын қойып, бетіне ұйықтап жатып та сәби күлкісін үйіруден бір тынбайды. Күтуші әйелдер онысын: – Бұл түндігі ашық шаңырақтан періштесін көріп жымия ма екен? – Бәсе деймін-ау! Екі көзін тігіп, аспаннан айырмай жатуында бір кеп бар осы баланың[458], – деген жолдары ғажайып туу сарыны бойынша дүниеге келген эпостық кейіпкерлердің ерте есейіп, жетілуі сарынымен үндес қабылданады. Сәби болса да, босағада жатуды қаламаған, жабық жерде емес, ашық аспанға көз жібере алатын жағдайды таңдауының өзінде талғампаздықтың, болашақта өрелі саналы азамат болуын танытатын тәсіл ретінде берілген. – Бұған қоса «Оның күн санап артып келе жатқан сүйкімді қылығына сегіз айға толар-толмаста тік тұрып, жүріп кеткені қосылып тұр. Қай бала, әйтпесе, қарын жасынан аспай, жерден бауырын көтере қоюшы еді? Бұл шешелері мен жанашыр туыстарын ерте жүріп кеткені ғана емес, торсықтай бас бітімі мен әлден ілгері шығыңқы тұратын кеуде сүйектері таңырқата береді»[459], – дегені де өмірге тумысы бөлек сәби келгенінен хабар беру мақсатынан туып, алдыңғы ойларды толықтырған. Яғни фольклорлық кейіпкердің сәби жасынан ерекше көрінуін үндестікпен дамытқан. Бүгінгі түрік жұртына ортақ эпостық Алпамыс бейнесінде о баста алыптың белгілері болған. Ә.Диваев «Түркістан уалаяты» газетіне «Алып Алпамыс» деп жариялаған. В.М.Жирмунский, т.б. тарапынан Алпамыс есімінің этимологиясын ашуға талпыныс жасалған. Алайда, бұл мәселе түпкілікті шешілді деуге болмайды. Дегенмен фольклорлық санадағы алып бейнесі қандай екендігін башқұртта сақталған ертегі арқылы білуге болады. Мұнда алып атанған кейіпкердің ерекшелігін түсіндіретін екі сарын бар. Бірі – түсінде аян берген тау иесінің көмегімен дүниеге келуі, екіншісі – тау қозғалып, тас жарылғанда ішінен алып денелі бала шығады. Ол баланың саусақтарының өзі бір қолдың саласындай, ал, қолдары – бөренедей, аяқтары – қайықтай, иықтары кең даладай, денесі емендей[460]. Болашағынан үміт күткен Абайды әкесі Құнанбай есейе келе өзімен бірге алып жүруінде де мән бар. Жазушы бұл кездегі Абайдың өзгелерден ерекшелік таныта бастаған қабілетін сәби кезіндегі осы жағдайлардың бекер еместігінен деп танытады. «Абай шешелерінің айтуында, жергөкте құндақтаулы жатқан күнінен екі көзін киіз үйдің шаңырағынан нұр сауған көк аспаннан айырмай қойған екен. Ол сол есін білмей тұрған кезінде жабысқан – үнемі бас айналар биікке, көк күмбез астында самғағысы кеп тұратын дертінен әлі айықпаған. Өз көңілі, жүйрік ойы кеудесінен құс болып ұшып шығып, көз жетпес алыс-алыс қиырларды бір-бір шолып қайтпай, одан күнделікті тірлігіне лайықты сурет таппай, тынымы жоқ»[461], – деп, жазушы Р.Тоқтаров болашағы зор болуы керек жасөспірімнің қалыптасу кезеңін табиғи ерекшелікпен сабақтастырады. Осылайша ерекшелікті нәресте күйінен бастап танытқан Ибраһимнің жұлдызы жоғары болады. Оның өз ортасынан оқ бойы озық көрінетін қабілетін, бар жаратылысымен қабылдаған тілекшілері де болды, іштарлық жасағандар да болды. Іштарлық қылғандардың өзі оның ерекшелігін мойындайды. « – Апыр-ай, тағы не ойлап шығардың? – деді Оразбай екі жақ шекесін ұрғылап қойып. – Өз басы, тіпті, жаман емес қой сол Абайдың. – Саған жаман деп отырған кім бар оны? Елде жоқ ерек, әулие боп жаралып келе жатыр деп отырған жоқпын ба? Әулие ешқашан жақсылыққа көрінбейді. Тек жамандық шақырады»[462]. Абай болыс болып отырған Таймақкөлден кеткенде де, Жиренше мен Абайдың арасында оның ерекшелігі туралы сөз болады. Жиренше: «– Сияз бітіп, сенің шыққаныңмен олар қастығын жасай береді. Осылар саған, мен бірдеңе білсем, бес болыс Тобықтыны былай қойып, Керей-Найманның игі жақсыларын қарсы қойғалы отыр, – дейді. Сонда Абай оған: «– Не қылмайсың деп? Мен дегенде көздеріне көрініп тұратын бар ма бұлардың?» – деп жауап қатады. Сонда Жиренше: « – Сен басқасың ғой, Абай. Бұл ортада, бар ортадан бөлек, дара шығып тұрсың»[463], – дейді. Осылайша жазушы шығармасында Абай образын дана типінде сомдауда батырлық жыр мен ертегілердегі фольклорлық ғажап өсу, ғажап ержету сарындарын қатарластыра, жалғастыра дамыту үрдісі бағытын қолдануының мәнісі белгілі болады. Мұсаның асына келген Кәрібай дау бастап, өздеріне арналған үйге жайғаспайды. Сонда Шәкерім:
Бұзыларда ойламас бет көрем деп, Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп. Қабаған итше өшігіп шыға келер, Мен қапсам бір жеріңді бөксерем деп[464], –
деген Абайдың өлеңін еске түсіреді. Абай өлеңдерінің қоғамдағы тірліктің барлық жағдайына арналғанын айтуда «Абай ағам көрмей-ақ біліп айтқан ғой»[465], – дейді Шәкәрім. Сөйтіп, ерекше туған Абай алдағыны болжай алатын қасиеті бар адам ретінде де бағаланғаны айқындалады. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет атанған соң саяси ақтаңдақтардың беті ашылып, бұрын есімдерін атауға тыйым салынған қайраткерлердің романға енгізілуі жазушының Абай ортасын танытуына кең жол ашқан. Романда Абылай мен Кенесары есімдері аталып, Әлихан кейіпкер ретінде қатыстырылған. Кенесары жасағында болған Саркөк Кенесарының өсиетін жеткізуші болады. – Хан ием атынан түсіп, екі қолын көкке жайып тұрып: “Уа, Сарыарқа, сары белім! Абылай атам ту тіккен, алты алашқа кең жазира қоныс болған алтын босағам... Керме иықтым кеңестен, керторы атым жүрістен қалып барады. Жасанған жаудан емес, жағадан алған өз иттерімнен жеңіліп мен кетіп барамын. Қош-қош, енді айналып келгенше. Абылайдың атағын жер жарған бір ұл тусын Сарыарқамда. Сол бастаған халқымды салар ұлы көшке. Есіңде сақта осы сөзімді қайран жұртым, қазағым! Мен келмеске кетпеспін біржола. Тірі болсам өзім, өлсем, аруағым қайтып оралар. Қош-қош...” деп алып, ақ боз атына ырғып мініп, жалғыз өзі бар әскердің алдына түсіп, ағындай ұзап кете барып еді», – деген сөздері болашақта халықтың бетке ұстар азаматы келерін хабарлау үшін қолданған. Генерал-губернатор Цеклинский Абайға қақпақты алтын сағат сыйлап: « – Ибраһим Кунанбаевич, Сіз заманнан басыңыз асқан адам екенсіз! Шын жүректен құттықтаймын»[466], – деген. Навроцкий Абайдың атына Қосшұғыловтан келген хатты алу үшін тінту жүргізгенде екі арада: « – Маған біреулер өкіметтің поштасы арқылы хат жолдайды екен. Оның соңында шұбырып, генерал мен ояздар жүрсе, ол қандай нәтиже бермек? Соны ғана түсіндіріңізші, Николай Гаврилович! – Түсіндірейін. Ол сіздің басыңыздың ерекшелігіңізге байланысты, Ибраһим мырза! Егер сіз қатардағы жай адам болсаңыз, өмірде бар-жоғыңызға да ешкім назар аудармас еді. Олай емес қой. Сіз өз ортаңыздан әлдеқайда биік тұрғандықтан, кешіріңіз ол сөзімді, үнемі бақылаудасыз», – деген әңгіме болады. Демек, жазушы Абайдың өз ортасында озық ойлы екенін досына да, көре алмаған дұшпан ниеттігі адамдарға да, тіпті, ұлты бөлек ұлыққа да өзін мойындата білген ерекше жан екенін танытуда образ сомдаудағы кульминациялық жағдай жасалған. Бұл фольклорда батыр кейіпкерлердің соғыс үстіндегі күш-қайратын жауға танытудағы композиялық ерекшелікпен үндес жасалған. – Өзіңе аруақты ердің ғұмыр дәулетін берсін, бағың өнермен, өлеңмен ашылсын, жақсы інішегім, – деп, Тәттімбет күйшінің бала Абайға бата беруі де, романдағы кейіпкерлердің сөзіне эпос кейіпкерлерін қосуы да фольклоризм принципінен туған. « – Қорғаш емес, көкала атты Мыршымбай болдың ғой, сен», – дегенді, кейіпкердің атынан айтқызып, автор: «Мыршымбай – «Қобыланды батыр» жырындағы жаудың қалың тобына жалғыз өзі жасқанбай кіріп кеткен белгісіз ердің сүйкімді бейнесі», – деп жазуы фольклормен жақындықты тіл мәселесімен де байланыстыруды көздегендік болып шыққан. Эпос пен ертегілердің қорытындысында бас кейіпкер жауын жеңіп келген соң өзі хан тағына ие болып, бақытты ғұмыр кешіп, барлық мақсат-мұратына жетеді деп баяндалады. Мифтік бейнелер өлімі жоқ кейіпкерлер ретінде танылған. Р.Тоқтаровта роман соңында Абайдың өлгенін айтқанымен, оның жанының мәңгі өлмейтіні бозторғай атынан «Уа, дариға, дүниеге Абай келді! – деп әулете жар салуымен»[467], эпилогта Абайды феникс құсқа теңеуі[468] арқылы фольклормен генетикалық байланысты танытады. Осы орайда М.О.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының эпостық композицияға қатысы қаншалықты деген мәселеде оның эпикалық ауқымдылықпен жазылғаны бірден белгілі болады. Бірақ фольклорлық сарындардың қолданысы мақсатты түрде қолданылмаған. Мәселен, роман Абайдың оқудан ауылға келе жатқан сәтін баяндаудан басталады. Бұл кезде Абайдың жасы – он үште. Жазушы бала кейіпкердің қатардағы көптің бірі емес екенін оны “Құнанбайдың бөлтірігі” деген метафора арқылы таныстырған, бірақ бұл тотемге байланысты емес. Әрі болашақ ұлы ақынның есею, ер жетуін ғажап өсу сарыны бойынша таныстырмайды. Бойы, қол-аяғы ұзарғанын, бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімделген[469] деп таныстырған. Абайдың өз ортасында беделді, тұлғалы азамат болып, қалыптасуын кітапқа ден қоя білуі, айналасында болып жатқан оқиғаларға белсенді қатысуы арқылы танытқан. Яғни жазушы тарапынан иррационалдық қалыптан тыс жағдайларды араластыру жоқ. Бұл кеңес дәуіріне тән социалистік реализм әдісінің үстем болуымен байланысты түсінікті болады. Алайда, бұл шығармада да Абай мәңгі өлмейтін адам ретінде сомдалған. Эпилогта Әйгерімнің жоқтауы күнде айтылатын жоқтау емес, өзгеше сөз болғаны:
«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», –
деген өлең жолдарында Абайдың өзі айтылғаны және Дәрменнің “Абай аға, қадірлім!.. иен дала, мол сахараның бар бойында ол дәндерің өсіп келеді. Көп өсіп, көктей өсіп келеді... Өсе бермек күн санап та, жыл санап...” – деген сөздерінің айтылуы роман кейіпкерінің мәңгі өлмес күйге ауысқаны, рухы ұрпақ арқылы жалғастық табатыны, сөйтіп, оның ерекше тұлға екенін таныту үшін жазылған. Романның ең соңғы жолдарындағы «Абайдың жаңа бір туысын қабыл алып»[470] дегенде кейіпкерді танытуда фольклормен үндестік байланыс жасалған. Қорыта айтқанда, фольклорлық композицияны тұтас күйінде қолдану кеңестік дәуірде де, қазіргі кезеңде де авторлық шығармаларда болмағаны анықталды. Бұл авторлық туындының ешкімді қайталамай, өзіндік бітімі-қалыбы бар шығарма болуын көздеу нәтижесінің ықпалы айқын жағдаймен сабақтас. Соның өзінде халық игілігіне ұсынылған авторлық төлтума болса да, оқырманның фольклорлық санасынан ажырамағанын ескеру қажеттігі де аян. Бұл орайда, оқырман ғана емес, жазушылардың өзі де осы кезге дейін бүкіл ел санасында терең енген фольклорлық санадан алыс кетпегеннің көрінісі деп те бағалауға болады. Осылайша эпостық композицияның бөлшектерін пайдаланып, фольклорлық сарындарды үндестікпен дамыту орын алған. § 3. ПРОЗАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ САЛТ ПЕН ӘДЕТ ҒҰРЫПТАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Отбасылық салттың суреттелуі. Алғашқы қауымдық құрылыста бүкіл ру-тайпаның тіршілігін ойлау – ортақ міндет, сондықтан оның тағдырына әсер ететін ғұрыптарды бірлесіп өткергені белгілі. Адамдар тамақ қамымен аңға шыққанда отбасында қалған басқа адамдар да, далада жүрген аңшылардың өздері де дем алған сәттерінде олжалы қайту үшін және жол үстінде оқыс жағдай болмау үшін аңдар туралы жақсы сөздер, аңыздаулар айтатын болған. Көңілсіз әңгіме айтуға болмайтын. Табиғат пен адамның бірлігі бұзылмаған кезде тотемдік сеніммен адамдардың аңға деген құрметі де ерекше. Аңды не малды сойған кезде «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп айтудың өзі аң иесін ренжітіп алмау үшін кінәні өздерінен аударудан туған. Яғни ру-тайпаға ортақ ұстаным әулет, отбасында міндет болды. «Алтай элегиясы» атты шығармада жазушы Асқар Алтай аңшылардың өз заңдарын қалыптастырып, оны бұзбауды көздегенімен, ішкі ұстанымына берік бола алмай, табиғат-анамен үндестік таппаған Қолмерген аңшының тағдыры кейінгі ұрпаққа аңыз болып қалғанын баяндайды. Жазушы фольклорлық мәтінді пайдаланып қана қоймаған, бір шығарманың өзіне екі сюжетті кіріктіру арқылы идеялық мақсат жүктеген. Бүгінгі заманның аңшысы ежелгі заманнан қалған аңшылықтың салтын бұзып, немересінің көңілі үшін ертеде өткен Қолмерген аңшы жағдайын баяндаған фольклорлық әңгіме айтады. Аңшылық Қолмерген үшін сәтсіз, тіпті, қайғылы бітсе, аң аулауға шығып, ол туралы сөз қылған кейінгі заманның аңшысына да зауалы тиген. Мәселе былай: «Алтай элегиясы (Қызыл бөлтірік)» атты шығармада кейіпкер – аңшы Қолмерген байқаусызда буаз маралды атады. Марал адамша тіл қатып: – ...Кешір мені, сен өз төліңе қол көтердің! – дейді. Бұл астарлы айтылған сөз бүкіл оқиғаның шешімі болып шығады. – ...Кінә менен болса да, еркем-ай, алдымды неге орадың?! Аңшы алдын кесу – қылмыс, – деп, аңшы өз «заңын» айтады. – Сені тоқтатқаным: Құрсағымда айы-күні толып бұлқынған, жарық дүниеге талпынған тұяғымның атынан өтінемін, соны аман алып қал!1 – дейді марал. Қолмерген марал-ананың тілегін орындайды. Марал-ананың ішінен шыққан киелі кер бұзауды аңшының жеті жасар баласы баптап, бағады. Бірақ Қолмерген аң аулап жүргенінде бұғы деп, өз ұлын атады. Осылайша марал-ананың киесі ұрады. Фольклорлық әңгіме осыны ғибрат етеді, кейінгі ұрпаққа мұндай іске бармауды насихат етеді. Бірақ ежелгі дәуірдегі түсінікті қатаң сақтау, тыйымды бұзбау ру-тайпа үшін маңызды болса да, отбасылық деңгейге түскен кезде аңшылардың арасында түсінік бірдей болмай шықты. Немересін аңға алып шыққан бүгінгі заманның қариясы Қолмерген аңшы туралы, марал-ана туралы көңілсіз әңгіме айтқысы келмесе де, бала көңілін жықпай, айта салады. Ақыры, қазіргі заманның аңшылары үшін де бұл сапар жайсыз болып шығады. Қария немересінің алғашқы аңшылықтан құр қол қайтпауын ойлап, тау-тасты аралап жүріп, балаға сонша арман болған бөлтірікті тауып береді. Бірақ үйіне жете алмай, үңгірде көз жұмады. Ал, бала атасынан айрылып қана қоймайды, бағасы соншалықты қымбатқа түскен бөлтіріктерден ажырайды. Оның екеуі өліп, қалған біреуін іздеп тапқан екі қасқыр – бірі – аталық, бірі – аналық алып кетеді. Ақырында, бала қиыншылықпен табылған бөлтіріктен де айырылды, әрі ауылына атасының мүрдесін алып келді. Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романындағы Айшаның үш жетімге ертегі айтуы да өзінің жастық кезін есіне алып, жар-жарды еске түсіруі о дүние туралы түсініктердің қолданылуы кейіпкердің естелік әңгімесі арқылы көрінеді. Мұнда тілге тиек болған ертегі айту ғана емес, дәстүрлі қазақ қоғамында жар-жарды да, қаралы жағдайды да тұтас ру ұйымшылдықпен өткерген. Сондықтан қазіргі романдарда ежелгі дәуірлерде бүкіл ру, тайпа болып өткізілген ғұрыптардың отбасылық деңгейге түсуін баяндаумен ерекшеленетінін айғақтайды. Тіпті, отбасындағы салт түрінде айтылғанда да, олар сарқыншақты, реликт түрінде қолданыс күйінде орын алған. Мұнда, сондай-ақ, аластау, шаштың магиялық қасиетіне сену, бесік жыры, тіл-көзден сақтану[471] шаралары – бәрі де шектеулі қолданысты танытады. Отбасылық ғұрыптар, негізінен, үйлену және жерлеуге қатысты жасалған. Ежелгі дәуірдегі құдаласуды айтпағанның өзінде, орта ғасырларда қалыптасқан дәстүрлі ұғымдардың қазіргі проза үшін қолданысында өзгешелік бар. Кешенді түрде әр жөн-жоралғыны ретімен өткізу жүйесі бұзылған. Оның да мәнісі бар. Мәселен: « ... Гүлбаһрам жақында босанып, ұл тапқан. – Бәрекелді, бауы берік болсын, атын кім қойдыңдар? – деді Нығмет қуанып. ... – Атын сендердің Нояндарыңа ұйқастырып, Аян деп атадық. Айтқандайын сендер де Тамара есімді қыз сүйіпсіңдер ғой, осы бастан Аяныма соны атастырып қояйын, – деп күлді Сәкен. – Ендеше қалыңмалыңды дайындай бер, құда болудан қашпаймыз, – деді Нығмет»[472]. Бұл – ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген мемлекет, қоғам қайраткерлер – Нығмет Нұрмақов пен Сәкен Сейфуллин арасындағы қарым-қатынасты бейнелеуге арналған «Арыстар» романынан үзінді. Қазақ арасында дос көңіл адамдардың балалы болғанда, бір-бірімен ежелгі дәуірдегі ежеқабыл салтын еске алып, “құда болайық” деп айтатыны бар. Бірақ бұл шығарма сол көне замандағыдай дәстүрдің орындалуын міндеттемейді. Соңғы кезде халық арасында ол сөзге ілік ретінде, көңіл үшін айтылады. Міне, аталған романда ежеқабыл салтын еске алу ретінде жазушы да пайдаланған. Тарихи күрделі кезеңнің сипатын ашуға арналғандықтан отбасылық дәстүр кең түрде суреттелмей, тек қазақтың көрнекті тұлғалары арасындағы достықты, жылы қарым-қатынасты жеткізудің бір тәсілі ретінде қолданылған. Ежелгі дәуірлерде орын алған некелік сынақ әлемдік фольклорда кең орын алған. Ол қазақ фольклорында да бар. Матриархат заманынан қалған белгі – қыз таңдауды өзі жасап, үміткерлерді сынақтан өткізуі «Қамбар батыр» жырында жақсы бейнеленген. Бірақ, «Көк бөрілердің көз жасы» романында некелік сынақ жоқ. Сәуке қарттың асыраған қызы Ұлтуғаш Күшлік ханзадаға:
|