Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


АЗІРГІ ПРОЗАДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ДӘСТҮР 10 страница




Ол кісі жоқ! – деді бірден саңқ етіп. Арғы жақтағы дауыс «қашан болады екен?» деп сұраған болу керек. – Болмас, – деп трубканы лақтырып тастады да «ендігі жерде жұртпен осылай сойлесемін» дегендей топқа жағалай ызғармен қарады. Мекеме қызметкерлері де Әліпті мойындап, томеншіктеп қалғандай. Гүлсары ғана Әліпке кербез бұрылып, орынбасардың осы сесіне ризалық белгісін аңғартты»[515].

Себебі «Алғашқы қауым адамы үшін өлім өмірдің аяқталуы деп түсінілген жоқ. Тыныс алмай қимылсыз жатқан дене, негізінде бәрін де көріп, естіп біліп жататын физиологиялық жан күйінің қасиеттеріне ие. Сондықтан жақын адамдарының алғашқы қатты айғайлап қайғыруы, марқұммен тілдесіп, азалануы, жалғыздығына күйініп зарлауы, марқұмның ерлігі мен жақсы істері жайлы әңгімелесу формасы бастапқыда шынайы болған»[516].

Өмір секілді Өлімді де ұзақ процесс деп түсініп өлген адам жанының өзгерісі мен оның мәңгілік мекенге жол шегуі, жетуі, орнығуы туралы түрлі сенімдер мен рәсімдер бөлек жүйе құрайды.

Бұл сенім бойынша денеден шыққан жан белгілі бір уақыт аралығында ғана белгілі бір қалып (форма) иемендене алады. Бұл – өте баяу жүретін процесс. Осы уақыт аралығында ол өте ызалы, беймаза, жас сәби сияқты қорғансыз болады. Ол өлілер еліне жету үшін белгіленген ұзақ жолдан өтеді. Бұл ұғымдар фольклордағы өтпелі рәсімдерді туғызған. Марқұмға тірілердің демеуі мен оң қарым-қатынасы өте қажет дейтін ұғым ең көне заманғы түсінік[517].

Жанның мәңгілік өлмейтіндігі туралы көне сенім дами келе күрделеніп, жан-жақты жетілу нәтижесінде дербес өмір сүруге қабілеті бар мәнге, аруақтар туралы ілімге дейін жетті[518]. Аталар аруағына дейінгі жан әлсіз, әрекеті шектеулі деп ұғынылса, аталар аруағы белсенді әрекет пен күш иеленіп, екі түрлі жағдайда көрсетілді: жақын-жуығын қолдап, қамқорлық көрсетеді, я болмаса, өштесіп, залал келтіреді. Мұның барлығы тірілердің оған деген қарым-қатынасының сипатына байланысты деп түсіндірілді.

Бұл жөнінде Ш.Уәлиханов: «Өлген адамның о дүниедегі хал-ахуалы жерленгендегі, жерленгеннен соңғы ырым-жоралардың салт-санаға тән бұзылмай орындалуына байланысты еді. Егер өлімнен кейінгі ырым-жоралар дұрыс орындалса, өлген адамның рухы жайбарақат күйге түсіп, өз үрім-бұтақтары мен туған-туысқандарына шапағатын тигізіп, жебеп жүреді, ал, олай болмаған жағдайда жауығып, аруағы қарғап-сілейді»[519], – дейді.

Қазақ халқының жерлеу ғұрпы өзегіндегі көне түсініктердің сарқыншақтары мұсылмандықтың басымдық алуына байланысты бір ізге түсіп, ортақ заңдылықтар ретінде қабылданған.

Талданып отырған шығармада автор «Бимен аруақтың» артындағы әйел-баласынан күткен көңілін беретін тұста осы заңдылықтарды есте ұстаған. Осы кезде Бименнің әйелі де жеткен. Мән-жайды жол-жөнекей есітіп келсе керек, анадайдан алқа-далқа жылаған күйі өлі денені құшақтап:

– Есі-дертің қызмет еді. Осы қызмет үшін біреумен кетісіп, біреумен келісіп жүріп, ақыры... қор болып қызмет орныңда қайтыс болдың-ау, – деп сөйлеп те жатты.

Көпшілік денені жапырлай көтерісіп, машинаға салды.

Өлі денемен оңаша қалған соң әйелі тағы да жылады:

– Дүниенің бәрі күйіп тұрған осындай қымбатшылық заманда да кісі өле ме екен? Ал, сен өлдің. Шаруаны бітірген болдың. Енді мен не істеймін? Бала-шағаң не күн көреді? – Әйелі әрі-беріден соң: – Бізді әдейі қор етіп кеткенің ғой, – деп долылық танытып ұрысты да.

Шығарма мазмұнына авторлық оймен өріліп жататын Бимен-аруақтың тіршіліктің әрбір сәтін қалт жібермей, бақылауы аруақ пен тірілерді етене деп ұғатын сананы жаңғыртады.

«Бәрі де бұған биіктен қарады. Аяды. Күрсінді. Мүсіркеді. Өзгелерді тасалап, бұған жек көріп, суық көз салғандар қаншама? Шынайы көз жасы болған жоқ. Сөздер де солай.

Әлдекіммен ұрысатындай әйелі көкбеттеніп алған. Келіні мен баласында үн жоқ. Сұңқиып-сұңқиып әр жерде теріс қарап тұрғандары. Қызы да бұл жолы көзіне жас алмады, бірақ осы бір ойда-жоқтағы іске таңданғандай өлі денеге телміріп қараумен болды.

Мекеме қызметкерлерінің жүздерінен әлдеқалай көңілділік байқалды ма-ау, немене. Әліп пен Гүлсарының қайғыда жүрміз дегендері болмаса, жүздері жарқын, көңілдері тоқ. Өліктің беті топыраққа жасырынбай-ақ бәрінің асыққан сыңайлары тағы бар. Қаралы жиын бітісімен-ақ машиналарын іздеп, машиналарын тапқан кезде шопырлары табылмай, айқай-абдырау басталып кетті.

Әңгімелесудің реті бүгін келгендей, бірін-бірі қолтықтап, аулаққа ұзап кеткендері де бар.

Ақыры, үюлі топыраққа үш қаралы гүлді айқастыра қойып, келушілер түгел қайтып кетті»[520].

Бұрынғы дәстүр бойынша өлген адамның әйелі, қыздары, апа, қарындас және келіндері шаштарын жайып салып, бүйірлерін таянып, жылауы мен оған көңіл айта келген әйелдер жағының қосылып бірге жыласуы орындалуға тиіс міндет болған. Жылау үстінде марқұмның туған қыздары мен әйелінің шаштарын тарқатып жайып беріп, жетісі өткен соң қайтадан өріп беру рәсімдері жайлы Н.И.Гродеков[521], Х.Арғынбаевтар[522] түрлі мағлұматтар береді.

Жерлеу ғұрпындағы шаш жаю ұғымдары – ежелгі шашын жұлып, кесу, бетін тілгілеп, қан шығарып, денесін жарақаттау салттарының сарқыншақ түрі.

Мұндай киелі күштерді мейірлендіру мақсатындағы қан беру арқылы жан ауыстыруды көздейтін көне жерлеу рәсімдерінің ізі қазақ әйелдерінің қайғыдағы өз халін «басым қаралы, бетім жаралы» деп сипаттайтын сөздерінде сақталған. Бұл жағдайдың әсіресе, марқұмның сүйегін үйден шығарарда айқын көрінетіндігін Ы.Алтынсарин: «сүйекті шығарарда өлген адамның әйелдері ойбай салып, дауыс шығарады, оған ауылдағы басқа әйелдер де қосылады. Беттерін тырнап, қан қылады. Бастарына түскен қайғы-қасіретін жұрт алдында қаншалық күштірек көрсеткісі келсе, беттеріне де жара соншалық көп түседі»[523], – деп сипаттайды.

Жерлеу ғұрыптарындағы әйелдердің бетін қаншалықты жаралап, неғұрлым көп қан ағызса, өлген адамға соншалықты берілгендігін, жақсы көретіндігін танытады деген түсінік элементтерінің XIX-ғасырдың аяғына дейін жалғасқандығын, егер ол жесір тарапынан іске аспаса, зорлау фактілерінің болғанын зерттеуші Г.Д. Баялиева келтіреді[524].

Негізінен, бұл салттың көмескіленуіне адам баласының өз денесіне жарақат салуы күнә деп есептеліп, ақыретте жауапқа тартылады деп сақтандыруы әсер еткен. Дегенмен, мұсылмандық мұны мүлдем тыйып тастай алмаған. Әңгімедегі Бимен әйелінің сөзі мен бала-шағасының марқұмға қарым-қатынасы осы қалыптасқан қағидаларға қарама-қайшы алынады. Бір кезде бөлмеге келіні мен баласы кірді. Келіні енесін құшақтап, сықсыңдаған болды да, баласы сұңқиып, теріс қарап тұрды. Жылаған жоқ. Олардың соңын ала кірген қызы әкесінің денесін құшақтап, ебіл-дебіл жылап жатқанда, бөлмеге ақ халат кигендер енді.

Олар бірден денені жүк көтергішке салып, қайтадан сыртқа әкетті. Тағы да машинаға салды[525].

Яғни жазушының марқұм кейіпкерін жаны ауырып, жоқтап жылап жатқан бірде-бір адам жоқ. Бұл, ең алдымен, ет жақын адамдарының, әйелінің, ұл-қызының әрекетінен көрінеді. Ал қызметтестерінің жасырын сырлары ашылады. Осы арқылы автор адамдар арасындағы бауырмалдық, туыстық сезімге сызат түсіп, адам өлімнің өзіне немқұрайды қарай бастаған қатыгездік мінез сипатын береді. Тірілерден демеу көре алмаған «аруақтың» одан арғы тағдыры да көне ұғымдарға сай көркемделген.

Жанның белгілі бір уақыт аралығында тәнге қарайлайтындығы туралы түсініктер – жерлеу ғұрпындағы үші, жетісі, қырқы, жылы секілді ғұрыптық рәсімдерді атқаруды міндеттейтін себептер. Сондай-ақ кейбір жерлерде жанның тәнмен табысуы үшін қабірлерде арнайы қуыс қалдыру әрекеттері де осы ұғымдармен сабақтас. Жазушы суреттеуіндегі шыққан жанның өз денесіне алаңдауы жерленгенге дейін тыншу таппай мазалануы, сүйекті жерлеу міндеттерін тудырған көне себептердің жазушы танымындағы іздері.

«Дене үнсіз жатыр. Ол үшін енді дүние күйіп кетсе де, бәрібір, секілді. Сол денеден бөлініп шыққан Жан-Бимен соның бәрін көріп, тыңдап тұрғанымен, етер көмегі жоқ. Бірақ ұзамады да. Тәңірі өз денесін өзіне қорытып қойғандай, бөлмеде қалықтап жүрді. Әлгінде машина ішінде де бірге болды. Жұрт дабырласып, денені төртінші қабатқа көтергенде де соңдарынан қалған жоқ. Тек мұны ешкімнің көріп білмегендігі ғана өзіне де, өзгеге де белгісіз, Тәңірінің құпиясы еді.

Жан-Бимен өз денесінен бір елі қалысар емес. Қатар жүргендігін ешкімнің елемегендігі болмаса – бұл бәріне куә. Операция столында да, өлілер сақталатын бөлмеде де дененің жанынан ұзамады. Шағын шоғыр жерлеуге шығарып салғанда да... Өлі денемен бірге жұрттың ықылас-пейілі қоса суығандай»[526].

Бұрынғы жерлеу ғұрпының тұтас қызметі, ондағы сөздік формалар, мысалы: жоқтау сөз арқылы марқұммен сөйлесіп, оны мадақтау, о дүниеге игілік тілеуі мұсылмандық түсінікте де жалғасын тауып, Құран сүрелерінің киелілігі туралы оймен көмкеріледі[527]. Жоқтаушы өз сөзінде дұға арқылы марқұмға көмек етуді көптің есіне ұдайы салып отырады.

 

Өлген адам мүсәпір,

Мұқтаж болып тұрады

Оқыған аят-дұғаға[528].

 

Жазушы шығармасында тірілердің осындай ниет-пейілін көре алмаған «Жан-Бимен» жалғызсырайды. Көңілі құлазып, айналасына алаңдайды, жақын-жуығынан қайран болмаған соң, Бимен-аруақтың өзге аруақтардың жақындарынан мейірім күтуін беру – шығарманың әсерін арттырып, адам қатыгездігі мен қайырымсыздығын әсірелей көрсетудің әдісіне айналған.

«Жан-Бимен енді жалғыз қалды. Өз денесін күзетіп күн жүрді, түн жүрді. Күн қандай ұзақ еді. Түн неткен үрейлі еді. Ғұмырым аз болды деген пенденің жаны шықсын. Нысаптыға бір күн, бір түн де ғұмыр емес пе? Бір апта, тіпті, ұзақ кешу екен ғой»[529]. Осындағы бір апта, яғни жеті күн ұғымында да Жан мен Тәннің алғашқы байланысының жеті күннен соң үзілетіндігі жайлы фольклорлық түсінік негізге алынған.

«Жан-Бимен жалғызсырады. Қорықты. Күнәларым үшін осылай еттің-ау деп, құдайға жалбарынды. «Өлгеннен кейін бәрі бітеді. Одан әрі шегі, шеті жоқ тыныштық» деген сөз бекер екен. Елегзіді. Жолға қарады. Ертеңіне жаяушылап келе жатқан жалғыз әйелді көріп емексіп еді... Көрші қабірге келген әйел екен. Тізесін бүгіп отырып, әуелі дұға оқып, сосын ағыл-тегіл жылады. Жылап-жылап, кешкісін қалаға қайтты.

Қырсыққанда ешкім өлмей де қалды. Өліктің көбейіп жатқаны да ендігі жерде көңілге демеу екен.

Ол әйелін... баласын... кызын күткен. Тіпті, кім де болса, қарайып, қалқайып келіп, қабірінің басына тізесін бүгіп, дұға оқып жатса... Бұл – бір ұлы арман екен.

Ешкім керек етпеген, іздемеген денесінен, ақыры, өзі де жерігендей болды. Тіпті, жек көріп кетті-ме-ау. «Бәсе, дүниеде жасаған жаманат, қиянаттарың тегін кетсін бе? Тәңірі ием бәрін есептеп, жіпке тізіп отыр екен де»... деп ойлады Жан-Бимен мұңайып»[530]. Жазушы мұнда мұсылмандық ұғымды нысана еткен. Себебі, мұсылмандық түсінікте әр нәрсенің өмір сүру мерзімі, жан тапсыру уақыты, оның себебі Алла тағала қалауына сай белгіленеді. Бұл жөнінде Құранда әр пенденің жан тапсыруы тіршілікте қылған амалына лайық болатындығы жайлы: «Ол сондай, Алла ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы әрекет ететініңді сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан»[531], – деп жазылған.

Мұсылмандық сенім бойынша жан – адам баласына Алланың мерзімі келгенде қайтарылып алынатын уақытша берген аманаты.

Яғни, барша жәндікті, дүниені жаратқан Алла өлімді де жаратқан. Одан басқа жарататын да, өлтіретін де жоқ. Ал, қабыр – осы дүниеден ақыретке өтудің өткелі, сынақ дүние мен ақырет арасындағы әлем. Мұндай мұсылмандық ұғымдар Д.Досжан шығармаларында да көптеп кездеседі. Өлгеннен кейін барлық адамдардың о дүниеде кездесетіндігі, істеген істері туралы жауап беретіндігі, таразы басында теңесетіндігі көркем тілмен бейнеленген; « ...күндердің күнінде, заман өте – өзі атып өлтірген барша пенделермен көрге түсіп, топырақ жамылып жатып... теңесіп... таңда мақшар туған кезде... о дүниенің қақпасы алдында құрылған иман-таразы басында Мағжанның рухымен баяғы жендет қайыра кездесерін білген жоқ»[532] және «...мидай жазыққа жеткенше мәңкүр-нәңкүрге жан беріп, жауап бермесек, кәнекей»[533].

Көне замандардан желісі үзілмей, исламдық ұғымға дейін жалғасып, бірақ түрленіп, өзгеріске түскен ең көне сенім – марқұмның өлілер еліне сапар шегуі. Ол бірте-бірте күрделенген. Оның бірі көне ұғым болса[534], екіншісі мұсылмандық түсініктегі ақыреттен кейінгі жұмаққа баратын жол.

О дүниелік ұғымдар әуелгіде аспан, жер, батыс, солтүстік, т.б. бағыт-бағдар түрінде көрінсе, біртіндеп күрделеніп, нақтылана түскен.

 

Қарағым сапар шеккен соң,

Басыңа молда күңіренттім[535].

Құдай салды, мен көндім,

Бұл сапарды ұнаттың[536].

Жерлеу ғұрпында о дүние өмір сүрудің өзгеше формасы ретінде түсініліп, марқұм жаңа мекенге, бейтаныс өлкеге сапар шегуші ретінде көрсетіледі. Оның жолының түпкі мақсаты – бұрынғы өткен ата-бабалар еліне жету, сөйтіп, өзінің мәңгілік мекеніне орнығу. Мәңгілік мекенінің нақтылы сипаты берілмейді, ол көне табу ұғымдарымен байланысты.

Басқа әлемге баратын жол өте тар, азапты кедергілерге толы. Ол әрбір халықтың танымына, тұрмыс-тіршілігіне сай түрленіп отырады. (Ну орман, шетсіз, шексіз шөл дала, жар-құз, шексіз өзен-мұхит).

Денеден ажыраған жан өлілер еліне жету үшін бір жыл мерзімде жол жүреді. Тірілердің марқұмға жасаған әрбір ғұрыптық міндеттері оған осы сапарында сүйеу, демеу болады дейтін ұғымдар тұтас рәсімдер жүйесін қалыптастырған.

Яғни, бұл түсінік бойынша жан өлмейді, ол мәңгілік мекенге сапар шегеді. Бірақ жанның бұл сапары бір бағытқа, қайтпайтын сапарға бағытталады. Сондықтан өлімді қазақ «қайтпас сапар» деген сөзбен ауыстырады.

Жол ұғымы да бірте-бірте күрделене түскен. Көне замандарда оған жолсерік: құс, ат, т.б. болады[537].

Біз талдап отырған шығармадағы марқұм жаны да денесінен күдер үзген соң, белгісіз бір әлемге сапар шегеді. Ол өте азапты да ауыр жол екендігіне жазушы ден қояды. Мұнда «жанның көкке ұшуы» жайлы мифтік түсінік те нысана етілген. «Қанша күн, қанша түн өткені де есінде жоқ. Әйтеуір, бұл бір үрей мен азапқа толы кезең болды. Кенет алай-дүлей бір дауыл көтерілді де мұны іліп әкете барды. Жерден биіктеп барады... биіктеп барады... Жеті қат аспан жолында қалды-ау шамасы. Тауы да көк... көгі де көк... Өзені мен көлі... бұлты... айнала түгел көгілдір. Сұлулығы көз қарыған осындай бір әлемнің ішіне ене беріп... сол дауыл мұны қайтадан кері алып ұшқаны.

Сұлулық дүниесі адыра қалды. Қайтар жолы шаңды боран... Одан аман өткенде сылбыраған жауынға тап болды... Ол да айналайын екен, көресіні кісі шыдап болмас аязға кезіккенде көрді... Оһо, қайтар жолдың несін айтасың... Бәлкім, тозақ дегенің де одан жеңілдеу болар.

...Топ етіп жерге түскенде ғана Жан-Бимен есін жинап, төңірегіне қараса, кәдімгі өзі ұшып шыққан жері. Шаңды боран да, сылбыраған жауын да жоқ. Айнала ай-жай, бәрінен де соңғы кісі шыдап болмас аязды айтсайшы. «Сақтай гөр, Алла-а...»[538].

Көне заманғы марқұмның басқа дүниеге сапары мұсылмандық ұғымда жұмаққа жетудің өткелі ретінде көрінсе, жұмаққа баратын жол қылкөпір арқылы өтеді. Ол – «қылдан да жіңішке, қылыштан өткір көпір» түрінде сипатталады. Барлық адам одан өтеді, ол әркімнің тіршіліктегі әрекетіне қарай не кеңейеді, не тарылады[539].

Бұл түсінік сәулесі:

Дүниені жаратты

Пайғамбардың нұрынан.

Жіңішке, – дейді, – сиратты

Жылқының жарты қылынан[540], –

 

дейтін ғұрыптық өлеңдерде сақталған.

Мұсылмандықта өлген кісіге алғашқы сауал қабырда қойылып, сауалға мұсылмандық тұрғыда жауап берген адамның қабірі көз жетерліктей дәрежеде кеңіп, марқұм болашақта жұмаққа баратын жолға бағыт алады. Ал, жауап бере алмағандар үшін тозақ отының азапты шарпуы да осы кезден бастап сезіледі.

Өлік қойылған түнде үзбей, Құран сүрелерін оқудың негізгі мақсаты да – осы сұрақ алынып жатқанда марқұмға демеу көрсету, күнәсін кешуге тілек тілеп, жаратушыға жалбарыну.

Құранда адам баласының жасаған жамандық пен жақсылығының таразылар күні барлығы бір Аллаға сеніп, шектеулерінен тыйылып, дұрыс жолда жүргендердің осы күні Алладан сыйлық алып, сенбегендері жазаланатындығы жайында «Адамның жақсылығы мен жамандығы Алла білетін таразыда өлшенеді». «Сол күнгі іс-әрекет өлшенетін таразы әділ...»[541] – деп көрсетілген. Егер сынақтан мүдірмей өтсе ғана жан қайта тіріліп, бұрынғы рухтарға қосылады.

Ислам дінінде – Аллаһ тағала әмірлерінен именіп, бойұсынуда болғандар үшін жаннаттан орын дайындалып, онда барғандар мәңгілік жас қалпында қалып, ғажайып рахат күй кешеді деп сендіріледі[542].

Ал, тозақ – Алла тағаланың барлығы мен жалғыздығына иман келтірмей, оның әмірлеріне қарсы келгендер үшін дайындалған азапты орын.

Шығармадағы жазушы кейіпкерінің жаны осы тозаққа жіберілген жан ретінде сипатталады. Өйткені, ол тіршілігінде көп қиянат жасаған, қарғысқа, назаға ұшыраған адам. Әрі оның өліміне қайғырған тірі пенде жоқ. Дәстүрлі кәде – салттар атқарылмаған. Шығармадағы Бәймен жанының кенеге айналуында осы түсініктермен қоса күнәлі болғаннан басқа нәрсеге айналу жайлы көне мифтік түсінік сілемі қабаттасқан. Бұл жөнінде С.Қасқабасов:

«Адамның хайуанға, тағы басқа нәрсеге ауысуы – бір себеппен байланыстырылады. Соның бірі – адам кінәлі немесе күнәлі болып жаза ретінде аңға айналады. Жазаның бұл түрі ежелгі адамның магиялық сеніміне, яғни сөздің құдіретіне сенушілікке негізделген»[543], – дейді.

Мифтердің айтуы бойынша, рудың тотемдік қағидаларын бұзған немесе оларды құрметтемеген адамды жан шошырлық жаза күтеді. Сондай жазалардың бірі – адамды аңға, я болмаса жансыз нәрсеге айналдыру деп ұғынылған. Мұндай жаза түріндегі құбылу сөздің құдіретті күші бар деген сеніммен байланысты және мифологиялық сананың аясында ғана сақталған... Жазалаудың нәтижесі болатын құбылу мифте ылғи да тыйым салынған тотемдік салтты бұзумен байланысты болмайды. Адам келбетінен айырылудың себебі көбінесе бүкіл рудың этикалық тәртібін бұзу болып табылады[544].

Мифтік сананың екінші сатысына тән сана бойынша адамның құбылу себебінде қарғыстан жазалану басты орын алады. Қарғыстық жазаның түріне байланысты айналатын аң-құстарының түрі де әрқилы болып келеді. Мысалы: сараңдықтың кесірінен суырға айналған адам, т.б. Шығармада өліп-тірілген адамның екінші дүниеде кенеге айналып түсуі осы түсініктермен өзектес. «Мына үй мен қора-қопсы да көзіне таныс секілді. Сөйтсе де бұл жалғыз ағасы Сүйменнің ауласында жатыр екен. Бұл қуанып кетіп, есікке қарай ұмтыла берген. Бір түрлі жүрісі өнбейтін секілді. Бағана шыққан секілді еді, әлі есікке жетіп болатын емес. Өзінше барын салып-ақ адымдағандай. Бәрібір, қол созым жердегі есік жеткізер түрі жоқ.

Табалдырыққа енді іліне бергенде үй ішінен Сүймен шыға келіп, мұны көріп қалды да, өңі суып кетті.

– Әй, мына кене қайдан жүр. Біреудің құлағына кіріп жүрер. Аулаққа апарып, өлтіріп тастаңдар, – деді.

Сөйткенше болмай, аяқтары серейген ұзынтұра қара бала мұны саусағының ұшына қондырып алып, қораның сырт жағына лақтырып жіберді.

Әйтеуір, бала өлтірген жоқ. Бұған да шүкіршілік. Оның есесіне өзінің кене болғанын... Тәңірім ұзақ ойланып, Бименнің жанын кенеге бергенін... енді мына дүние таусылып, тіршілік біткенше кене боп қыбырлап өтетінін білді. Бойы суып, өзінен-өзі жиіркенгендей болды. Амалы қанша... Қайтадан қыбырлады. Бірақ енді үйге жолаған жоқ.

Құла дүзге қарай беттеді.

Ойпырмай, өлтіріп тастамағанын айтсайшы бәрінен де. Саусағының ұшына қондырып келе жатқаны жай кене емес, Бимен-кене екенін білсе ғой... Сақтай гөр, Алла! Үрей билеген сайын кене алға қарай ұмтыла түсті... ұмтыла түсті»[545].

Сондай-ақ бұл құбылуда төменгі әлем жер астын бірнеше қабаттарға бөліп қарастыратын мифтік түсініктегі (жоғарғы, төменгі, ортаңғы) жан жаңа бір формаға өтер алдында кішірейеді делінетін ұғым әсері де бар (қоңыз, қызыл құрт, т.б.)[546].


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 257; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.007 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты