Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


АЗІРГІ ПРОЗАДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ДӘСТҮР 13 страница




Жазушының «Тұйық» романындағы Ерасыл мен Ғалымбектің диалогы арқылы берілетін қырандар жайлы әңгіме шығарманың оқиғалық сюжетінің кілті іспетті.

Жазушы Ғалымбек ойына берекесі мен бірлігі мол қылып ұлы қазақ даласына қастандық жасаған шайтанның улы тісін жұлып алып, қалың елді құтқарған Ақбас бүркіт туралы мифті оралту арқылы Бүркіт-аруақ дейтін ойды бекіте түседі.

– Содан бері қаншама уақыт, тіпті, сан ғасыр өтті емес пе? Сонда өзің айтқан екі Ақбас бүркіт қартаймай ма, өлмей ме? – деп сұрады Ерасыл.

– Жоқ! Екі Ақбас бүркіт қартаймайды, өлмейді, – деді Ғалымбек. Өлсе де күндердің күнінде феникс құсап тіріліп кетеді. Өйткені, ол жәй құс емес, қасиетті, киелі құс. Ол – әруақ! Онда біздің ата-бабамыздың қаны мен жаны бар, мәңгі өлмейтін өр рухы бар!

– Өлмесе, мына төбемізде ұшып жүрген Ақбас бүркіт неге жалғыз? Сыңары қайда оның?

– Рас, ол әзірше жалғыз. Ал, оның сыңары осы жиырмасыншы ғасырдың басында шаһит болған. Алайда, ол өз ажалынан өлген жоқ. Оны бір есалаң генерал-губернатор атқан.

– Жаңа Ақбас бүркіт әзірше жалғыз дедің ғой. Оны қалай түсінеміз?

– Оның мәнісі мынада: Жаңа айттым ғой, Ақбас бүркіт жай құс емес, киелі, қасиетті құс. Ол – әруақ, ол – рух! Әруақ өлмейді, рух өшпейді. Ерте ме, кеш пе, екінші Ақбас бүркіт тіріліп, мына Ұлы Дала аспанында сыңарымен бірге қанат қағып, екеуі қатар ұшады. Ақбас бүркіт барда халықтың рухы өлмейді. Рухы күшті болса, халық та күшті! Осыны ұмытпа, балам![570].

Романның өн бойындағы Ақбас бүркіт образы – қазақ болмысының символы, биіктік пен қайсарлықтың өлшемі ретінде бейнеленеді. Сонымен бірге ол қазақ тарихының өткен тарихын бүгінмен байланыстырып тұрған уақыттың жиынтық образы түрінде де көрінеді. Ол алдымен авторлық баяндау арқылы да жан-жақты сипатталған.

«Қызбел тауының Қыземшек деп аталатын арудың анарындай қос шыңның ортасында туып-өскен бұл қос қыранның біреуінің аты Көкдауыл, екіншісінің аты Ақбас бүркіт еді. Қазақтың ұланғайыр Ұлы Даласын мекен еткен бұл қос қыран өмірі томаға киіп көрмеген. Екеуінің күндіз дамылдайтын тұрағы да, түнде ұйықтайтын тұғыры да шың. Екеуі Қыземшектің қатар тұрған екі шыңынан бірге ұшып, сол егіз шыңға қатар қонатын. Екеуі де Қыземшектің қос шыңындай егіз, өр де асқақ еді. Ентікпей шығар биіктігі – аспан, еркін ұшар кеңістігі – қазақтың кең даласы. Аңсары – биіктік пен кеңістік, арманы мына Ұлы Даланың аты белгісіз атам заманнан бергі тұрғыны – қазақтың амандығы болған қос қыранның бірі Көкдауыл жерге құлап түскенде, оның сыңары, Ақбас бүркіттің көзіне қан толып кетті. Жаратылысынан аса батыл ол асқан батырлықпен жаралы Көкдауылдың жанына ұшып келіп, оны қанатының астына алды»[571]. Халық киесіне оқ атқан генерал-губернатор Сухотиннің оспадарсыз ісі, құрсау алдында дәрменсіз бола тұра, қанатын кеңге жая қасарыса қарсы әрекет көрсеткен жаралы қыран бейнесі азаттық үшін күресте «мың өліп, мың тірілген» қазақ рухының символы ретінде алынған.

Автор суреттеуіндегі Ақбас бүркіт адами қасиеттерге ие. Сыңарын жоқтап, жаны жай таппайды. Серігі Көкдауылды атқанын көзімен көрсе де, мүмкін өлмей қалар деп үміттенеді. Сыңарын жиі-жиі түсінде көреді. Ақыры, түсі шындыққа айналып, сыңарымен табысып, көріспеген жарты ғасыр ішіндегі көрген-білгенімен бөліседі. Автор екі қыранның аузымен Қазан төңкерісі тұсындағы, аштық пен репрессия тұсындағы ұлы Отан соғысы кезеңіндегі, колхоздастыру дәуіріндегі қазақ халқының басынан кешірген тағдыр-талайын баян етеді. Қазақтың табиғаты мен ұлттық мінез-құлқының бұзыла бастағанына алаңдайтын «Бүркіт-рух» образына халық даналығының бейнесі жинақталған.

Ал, Көкдауылдың «өліп-қайта» тірілуі көне мифтік ұғымдармен астасып жатыр. Бірақ ол жазушы баяндауында көркемдік жүк көтеріп, сенімді түрде ұғынылады. Өйткені, тәуелсіздік таңының атуымен келген «өшкен жанып, өлген тірілді» дейтін идеяны қаламгер осы фольклорлық образға сыйдырған сыңайлы.

« – Мен Алматы деген үлкен шаһарда орталық музей дейтін үлкен ғимараттың төрінде тұрғам. Бір күні Нұрдәулеттің немересі Ерасыл дейтін жас бала келіп, менімен тілсіз тілдесті. Сонымен қабаттаса ата-баба әруағын шақырып, күңіренген сенің даусың жетті құлаққа. Сол сәт менің тәніме жаным қайта ұшып келді. Жан бітті маған. Ата-баба әруағы оянғасын ұшып шығып, талай жерге бардым. Мына Ұлы Даланың оңтүстігі мен солтүстігін, батысы мен шығысы»[572].

С.Досанов романындағы көңіл бөлетін қызықты құбылыстардың бірі –фольклорда қалыптасқан көркемдік тәсілдерді романға сіңімді етіп, жарасымды пайдалануы. Мұнда аңыз, шежіре, жазба тарих әңгімесі әлеуметтік, психологиялық талдаумен ұштасып жатады.

Әрине фольклорлық ұғымдармен сарындарды көркем шығармаға негізгі сюжет, құрылымдық материал ретінде пайдалану, оны ауызша айтылу дәрежесінен төмендетіп алмау жағы қаламгерлерден үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

Жазушы халық ұғымындағы адамзаттың жаратылуы жайлы мұсылмандық мифке киелілік-құдіреттілік қасиет дарыта бейнелейді. Бұның өзі жазушының образ жасауда жаңа бір көркемдік тәсілге келгендігін көрсетсе керек. Ғалымбектің аузымен айтылған бұл қыран жайлы мифтік әңгімеден авторлық ұстаным айқын көрінеді.

Жазушы белгілі бір уақыт пен кеңістік аясындағы өмір шындығын суреттеу үшін, аңыздар мен мифтердің көркемдік рөлін барынша әдеби тәсілдер арқылы жетілдіре түскен. Көркем шығармада аңыздың уақытқа тәуелділігін жазушы бүгінгі заман шындығымен бірлікте, сығымдата, қоюландыра бейнелейді. Ал, шығармадағы кеңістік – уақыт арқылы өлшеніп, тарихтың сабағы арқылы танылады.

Қыран жайлы миф шығармашылық әдістермен шеберлікпен пайдаланылғандықтан, кейіпкердің жан дүниесі мен оның өмірлік мұратын айқындап, оның елдік, халықтық қасиетін бойына сіңірген адам екендігін аңғартады.

Аңыздық желілер мен мифтік мотивтер суреткердің стильдік әлемін құрайтын көркемдік компоненттер ретінде кірігіп кеткенде ғана маңызды болмақ. Жазушының осы шығармадағы әрбір қолданған аңыздық желілерінің өзіндік қалыптасқан ауызша айтылу стилі сақталған. Оның көркемдік шығармадағы көрінісі қаламгердің сөз қолдану тәсілі мен тарихи материалды қорыту, қажетке жарату, яғни оны қайта өңдеп, синтездеп, бүгінгі күн проблемасының өзектілігімен шебер қиюластыра қолданылуы жазушының – шеберлік қырына байланысты.

Демек, романдағы пайдаланылған фольклорлық желілер – суреткердің ешкімге ұқсамайтын стильдік даралығын танытады.

Аталар аруағын қастерлеген халық марқұмның жерленген орнын да ерекше қадірлеген. Ата-баба қорымы – ата-баба сүйегі жатқан жер – олардың мәңгілік мекен тұрағы ретінде жан-жақты қамқорлықпен күтілген. Қабірді бүлдіру – ата-баба намысын қорлау, таптау боп есептеліп қорлықтың ең үлкені саналған. Романда елдің осындай ең аяулы сезімдерінің зорлықпен тапталуы, оған қарсы тұрған қарапайым еңбек адамдарының тұлғасын көрсету арқылы жаңаша ой айтудың формасы табылған.

– Көріп тұрсың ба алдың егістік жер емес – төмпешік.

– Төмпешік болса қайтуші еді?

– Ойбай-ау, әшейін төмпешік емес, қабір ғой.

Ол жерде біздің ата-бабаларымыздың сүйегі жатыр.

– Ой, сенде қайдағыны айтады екенсің. Қырық жылда қураған қу сүйек кімге керек?

– Әй, сен не көкіп тұрсың?

– Қураған сүйектер жерге таптырмайтын тыңайтқыш. Маған керегі қураған қу сүйек емес, норма. Жерді көп жыртсам ақшаны да көп аламын.

– Адамнан ұялмасаң да, құдайдан қорықсайшы.

– Адамның да, құдайыңның да құны – көк тиын.

Маған керегі ақша, білдің бе, ақша, – деді Александр беті бүлк етпей.

– Бұл жерді жыртпайсың! – деді Қажымұрат түсін суытып. Дауысы қатты шыққанын өзі де байқаған жоқ. Ашу қысып, қалың қабағы дір-дір етті[573].

Кейіпкерінің өлімге көзқарасы, обал-сауап жөніндегі түсініктерінің тереңіне бойлай отырып, жазушы Смағұл Елубай да солақай саясат құрбаны болған кейбір жандардың ішкі жан қатпарларын ашады. Мысалы: өзіне қарсы шығып, бұйрығына мойын бұрмастан өз қайсарлығымен қаза болған Дәу апа өлімі аздап ой салғандай болған, жендет Ждақайдың ішкі ойы былай беріледі.

«Қазір де бір жағынан – Дәу апаның өліміне сәл-пәл ренжісе, екінші жағынан – өз кабинетінде сондай ауыр ойларды көкірегіне құйып шиқылдауық етігіне «ән салдырып» жүргеніне ұлы көсем тәрізденген сәтіне шүкірлік етті. Әлі де өз бойындағы құдірет, күш, билікті сезіп, түйсініп сол сезімнен жүрегі құпия бал сорғандай құшырланды. Қанша айтқанмен, осы уақыттың Отан болашағы үшін, тарихи мәні ұлан-ғайыр. Бұл – оқиға, 37 жыл оқиғасы шын революциялық төңкеріс деуге лайық. Қоғамдағы троцкийшіл, зиновьевшіл, буржуазияшыл-ұлтшыл, контрреволюция келгенінен, жалғыз қорқып жүр едім...» деп бұны көрген сәтте үні күміс қоңыраудың үніндей тәтті сыңғырлады.

Тұңғиық аспан көгіне көз тігіп жайдақ төбе үстінде шалқасынан жатқан Ждақайдың көз алдынан баяғы сол қиын жылдар суреті тізбектеліп өте берді. «Е, – деп күрсінді Ждақай. – Солай... құрбандықсыз революция болмайды.

Мінеки, сол сай-сала өлікке толып, ел шыбындай қырылған аштық апаттан бері де он жылдан асып барады. Обалы заманға болсын. Ждақай мен Нұриланың кінәсі жоқ. Бұлар аудан не бұйырды, соны – орындады. Аудан – Голощекин не айтса, соны орындады»[574]. Жеке адам психологиясындағы өлімге көзқарастың осындай сипаты арқылы заман, қоғам қысымының адам болмысына әсері қандай болды деген сұраққа жауап береді.

Қазақ халқында еліне елеулі тұлғалардың өзі дүниеден өткен соң да тұтынған заттарында жанының бір бөлшегі, яғни киесі сақталады деп сеніп, марқұмның затын лайықты адамға табыс ету – ең үлкен парыз саналған. Бұл іске аса жауапкершілікпен қараған. Себебі, мұндай құрметке лайық болу үшін белгілі дәрежеде шарт қойылған. Екіншіден, «жанның ауысуы» туралы көне мифтік түсінік әсерінен «жан-аруақ» не назаланады, не риза болады дейтін ұғым ойда тұрады. Осы дәстүрді де жазушы шығарма сюжетіне шебер қиюластыра білген.

– Мынау саған, – деді Қарлығаш күміспен қаптап, алтынмен аптаған ертоқымды Ғалымбектің алдына қойып. Атын атағаныма кешірсін, Нұрдәулет атамыздың ертоқымы ғой.

– Ой, бұл өте қымбат қазына ғой. Мұны алғаным қалай болады? – деді Ғалымбек.

– Ал, қысылма, – деді Таңатар сөзге араласып. – Әкеміздің әруағы желеп, жебеп жүрсін. Тек біреуге сыйлама. Өзің тұтын!

– О, не дегеніңіз. Нұрағаңның көзі емес пе бұл. Өлсем, біреуге беремін бе мұны.

Бәрінен де қымбатты мынау. Бұл Ерасылға. Үлкен атамыздың... деп бөгеліп қалды Қарлығаш. – Таңатар, атын айтып жіберші...Әруақтың атын айтуға болмайды ғой келінге.

– Бабахан, – деді Таңатар.

– Иә, сол үлкен кісіден қалған мұра бұл. Мұны Ерасылға бер деп Күлтай апамның өзі өсиет еткен.

Қарлығаш күміс, алтын әшекейлермен өрнектелген жалпақ белбеуді Ерасылға берді.

– Рахмет, әпке, – деді Ерасыл белбеуді алып жатып.

– Кәне, беліңді буып көрші, – деді Таңатар.

– Үлкен екен, – деді Ерасыл белбеуді беліне орап көріп.

– Бұл белдікті ұзартуға да, қысқартуға болады, – деді Таңатар. – Кәне, әкелші, көрсетейін.

– Құлыным, белбеуің құтты болсын, – деді орнынан тұрып Ерасылдың бетінен сүйген Күнсұлу.

– Рахмет, апа! – деді Ерасыл.

– Ата-баба әруағы қолдасын, Ерасылжан, – деді Ғалымбек толқи сөйлеп. – Бұл бір жақсы ырым болды-ау. – Келші бері, ұлым! – Ғалымбек орнынан тұрып, жанына келген Ерасылдың маңдайынан сүйді. – Маңдайың жарқырап жүрсін! Тайшығара бабамыздай елдің ұлы, Нұрдәулет әкеміздей халықтардың құлы бол![575]. Мұндағы белдіктің фольклорлық семантикасы екі түрлі. Бірі – аруақтың тұтынған дүниесі. Екіншісі, адамның дене құрылысы жайлы көне түсініктер бойынша бас – жоғарғы әлем, бел – ортаңғы, аяқ – төменгі әлем. Сондықтан өлген адамның мәйітін үш жерден буады. Мәселен, жерлеу ғұрпында:

 

Көкем кетті-ау бел асып,

Беліне белбеу жарасып, –

 

дейтін жолдар да осының мысалы.

С.Досановтың талданып отырған шығармасында адамның ішкі сезімдерін абстрактілеп, жандандыру арқылы Дәметкен ана қайғысы ғана емес, Желтоқсан оқиғасы тұсындағы саясат салқыны тұтас қамтылған. Дәметкен бойындағы үміт пен үрей қақтығысы осыны көрсетеді. Алдымен автор Дәметкеннің Құдайға қарсы мұң-наласын береді. Сосын адам тұлғасындағы үміт пен үрей араласады. Өң-түсті ажыратпайтын адам халі де көркемдік әдіс ретінде алынады.

Дәметкен. (Қап-қалың қара шашы жайылып, зарлы дауыспен). О, қу шұнақ құдай, қу құдай! Өмірі жолымды бір оңғармай-ақ қойдың-ау сен. Ес біліп, етегімді жаппай жатып, әкем мен шешемнен айырдың. Жетім жүріп, жетіліп, Қайратымның көкесін бақытымды тауып ем, оны да ерте жалмады Семейдегі жарылыс. Атом атты сол жалмауыз бір ғана, біздің шаңырақтан жеті бірдей жақынымды алып кетті келмеске. Қаным сұйылған өзім де бүгін ертең деп әрең жүрмін. Мені өлтірмей жүрген жалғыз жарық – Қайратым еді. Енді соны да көпсінгенің бе? Мен қимайтын не қалды, енді мына опасыз жалған дүниеде... Не жазып ем соншалық? Қай қылығым жақпады? Жазығым өмір бақи ешкімнің ала жібін аттамаған адалдығым ба? Жазығым таңның атысы, күннің батысы бір тыным таппай, үйдің ғана емес, түздің де ең ауыр жұмысын істегенім бе? Айтшы. Жазығым не, жазығым?

Үрей. Зарла, Дәметкен, зарлап қал.

Үміт. Уайымды тый, бойыңды жый, Ана!

Үрей. Жүректі суыт, ұлыңды ұмыт, Дәметкен.

Үміт. Қайғыра берме, қайраттан.

Үрей. Айтпадың деме, мына басталған табиғаттың ғана емес, тағдырдың қысы.

Үміт. Қыс артынан жаз келер. Түннен кейін кейін күн шығар!..

Үрей. Сені жаралы күн, қаралы түн күтіп тұр, Дәметкен.

– Жағыңа жылан жұмыртқаласын сенің. Кет, көрінбе көзіме. Кет дедім ғой мен саған. Кет оңбаған кет! – деп айғай салған Дәметкен өз даусынан өзі шошып оянды. Төсектен тұрып, жарықты жақты. Қабырғадағы сағатқа қарады. Сағат түнгі төрт екен. Мең-зең болып біраз отырды. “Таң атқанша әлі талай уақыт бар”, – деп ойлады Дәметкен. – Қой, бұлай босқа отыра бергенім болмас. Аздап көз шырымын алайын. Ол осы оймен қайта жатты. Әйтсе де, кірпігі айқаспай қойды. Санасын сан ой сансыратқан Дәметкен сол түнді ұйқысыз өткізді[576]...

Жазушы С.Досанов романындағы Айбота образы О.Бөкейдің “Қар қызы” повесіндегі “Қар қызы”, “Жетім ботасындағы” Ақбота секілді тазалық пен адалдықтың, шынайы, кіршіксіз махаббаттың символы ретінде алынған. Адамның рухани тазалығы мен рух биіктігін көздеген қаламгер осы ойын адам тәні өлгенмен, оның асқақ рухы өлмейді, сол тазалықтың қорғаушысына айналады деген арманмен көмкереді. Мысалы: Ақботаның теңіз бетімен жаяу жүріп кетуі – мифтік сана тұрғысынан алғанда қиял емес, шындық болса, Айботаның тіршіліктен безіп адалдық іздеп, тау кезіп, ғайыпқа айналып кетуі арқылы да махаббат сезімінің биіктігін, тазалығын дәріптейді. Себебі сүйген жарын сұм соғыс жалмаған жан тіршіліктің тыныштығын сақтау үшін де осындай қадамға барады. Шығармадағы Айбота болмысы мен жалғыз ұлының қасіретінен соғыс атаулыға қарсы болып ғайыпқа айналған Қар ана образында үйлесім бар». Ел аңызы бойынша қасырет – қайғы салмағын көтере алмаған жеңімпаз патша бүк түсіп, үнсіз жатып қалды. Ал, оның жанына балаған жан жары-аңыраған Ана көзінің жасын селдетіп, ғазиз басын тауға да соқты, тасқа да ұрды. Жанын қоярға жер таппаған қамкөңіл Ана қара жамылып, қайғылы елден безді. Ол сол бетімен тас басып, тау асып кеткен еді...

Қара жердің қабырғасы қайысқан аса ауыр қайғыдан қап-қара шашы бір-ақ күнде аппақ болып ағарып кеткен, жылай-жылай екі көзінен нұры семіп, соқыр болып қалған сол Ана-аты белгісіз арғы заманнан күні бүгінге жеткен қайғылы Ана шұрық тесік жүрегі қырық жамау болып, қарлы таулар арасында әлі жүр...

Әлемнің әр түкпірінде әлде бір сұмдық болған сайын сол қаралы Қар-Ана қар басқан шашын Алланың ақ туындай желбіретіп, адамның сай-сүйегін сырқыратар мұңлы үнмен зарлайды екен. Елден барған елшілер:

– Аяулы ұлың келмес сапарға кеткелі арада ғасырлар өтті, ұмыт оны десе:

– Жоқ! Ұмыта алмаймын, – депті қасіретті Қар-Ана.

– Өмір өзгерді, тұрмыс түзелді, енді елге қайт, – десе:

– Мәңгілік арман орындалған күні, – депті әз ана – Қар-Ана!

– Ол не арман, соғыста қаза тапқан ұлыңның қайтып оралуы ма? – десе:

– Жоқ, ол емес, өлгендер қайтып келмейді, оны білемін, – депті абзал ана-Қар-Ана.

– Енді не? – десе:

– Менің мәңгілік арманым тірілердің қамы, – депті, атыңнан айналайын, асыл ана – Қар-Ана.

– Ол не арман? – десе:

– Тәңірден тілер бір ғана тілегім бар. Жалбарынып, жалынып сұрар ол тілегім: бүгін де жер бетінде атылып жатқан оқ зұлымдық пен зұлмат соғыстың ең соңғы қорғасыны болсын, бауыр еті баласынан айрылып, жер бетінде зарлаған ең соңғы сорлы ана мен болайын. Менің мәңгілік арманым осы, яғни жарық дүние деп аталатын мына опасыз жалғанда сұм соғыстың болмауы, адамзаттың тыныштығы. Жер бетінде соғыс өрті сөнген күні менің мәңгілік арманым орындалады. Сонда ғана мен тыныштық табамын, елге ораламын, – депті ғасырлар жасаған ғажайып ана – Қар-Ана.

Қар-Ананы елге алып кетпек болған елшілер аталы сөзге тоқтапты. Жер-Ана мен Аспан-Ата да қаралы ана – Қар-Ананы үнсіз қостапты.

Жер бетінде тыныштық болуын мәңгілік арман еткен сол аңыз ана-Қар-Ана қарлы таулар арасында Адамзат тыныштығын күзетіп әлі жүр[577].

Мұнда тіршіліктің қиянатына қарсылық ретінде өз еркімен табиғаттың бір бөлшегіне айналатын мифтік құбылудың ізі бар. Жазушы оны өз идеясына сай көркемдік формада қажетіне жарата білген.

Жазушы халықта бар аңызды жай баяндап қана қоймай, соның негізінде айтар идеясын түрлендіріп, көріктендіріп, жалпы, адамзаттың келелі мәселелерді көтерудің құралы еткен.

Бұлар – жардан қалған жалғыздың тілеуін тілеп, бүкіл бір әулетті жетілдірген қазақ әйелінің қайсар табиғатын танытатын тұлғалар. Өйткені ол қазақтың ежелгі дәстүрлерін ұстанған, отбасы иесін өзінің бас иесі санайтын әйел психологиясымен тұтас сабақтасқан, кіршіксіз махаббат иелері.

Шығармадағы Айбота белсенді әрекет иесі ретінде көрінбейді. Жазушы оның мінезі мен сезім күйіне тигізген жар қайғысының әсерін анасы мен әкесінің ой-дүниесі арқылы береді.

«Айботажанды тағдыр ерте есейтті ғой», ­­- деп ойлады Үрипа. ­­- Бұл өмірде ол көрген қызық құстың тұмсығындай тым қысқа болды. Балалық пен жастық шақтың балдан тәтті бар қызығын Қазан төңкерісінен кейінгі дүрбелең, оған жалғасқан аштық пен үрейлі отыз жетінші жыл жұтып қойды. Аласапыран уақыттың ақтүтек бораны басыла бергенде соғыс басталды. Сұм соғыс арманы болған Саятынан айырды. Саяттың қаралы қағазы келген күні бүк түсіп жатып қалған Айботамның қара шашын бір-ақ күнде боз қырау шалды. Уылжып тұрған жап-жас арудың аппақ бетін әжім торлады.

Табыттай ауыр ой еңсесін езген Әжі жанары жасқа толып жанында түрегеліп тұрған қызы Айботаға қарады. Жеңіс күні біреулер бөркін аспанға атып, қуанып жатқанда, Айбота жастықты құшақтап жылап жатып еді-ау. Жылай-жылай көз жасы да таусылды, Саятын күте-күте үміті де үзілді. Содан бері жұрт қатарлы жарқырап жүруді, риясыз рахаттана күлуді ұмытқан ол. Күйіктен жүрегі күйген Айбота баяғы жас кезіндегідей мейірімді емес, Күлмесхан атанған қаһарлы билеушілердей қатал. Сәл нәрсеге ашуланып, болар-болмасқа шу шығарып жүргені»[578].

«Тұйық» романындағы өлім тақырыбының аса көңіл аударарлық тұсы – мәйтін жер қабылдамаған Нұридиннің өлімі. Саясаттың сойылын соғамын деп қаныпезерге айналған адамның ақырғы құрметтен де айырылуы ауыр жағдай. Көмілген қабірі ашық қалып, сан етін жартылай қаңғыбас иттер талап жеген Нұридин тағдырында халықтың «бұл дүниенің қиянаты о дүниеге өтпейді» дейтін қағидасы жатыр. Жазықсыз жаламен өлгендер рухының наласы, тірілердің қарғысы босқа кетпейді деген ой меңзеледі.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 206; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.007 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты