Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


АЗІРГІ ПРОЗАДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ДӘСТҮР 16 страница




«Үлкен үйдің шаруасын әрбір отау иелері өзінікіндей санап, ол үйден көмек дәмететін, жетпегені болса, алып тұратын. Кенже бала қазақ дәстүрі бойынша әкенің мұрагері есебінде әкесінен бөлінбейтін де, оның шаңырағына, мал-мүлкіне ие болып қалатын», – дейді1. Шығармада ұрпақ мәселесіне аса жауапкершілікпен қараған халықтың көзқарасы көрінеді. Әке мен ананың перзент жайлы кезектесе келетін толғаныстары қазақ жан дүниесінің тереңіне бойлап, перзент жайлы ұғымдарды кестелейді. «Балаң – бауыр-етің» дейтін қазақтың перзентке деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, бала қайғысын шегу ата-ана үшін ең ауыр трагедия екендігі жайлы ойлар повестің бүкіл сюжеттік жүйесіндегі негізгі арқау. Күншіл, қарау тұрғыластарының қолынан мерт болып, көмусіз қалған ұлының сүйегін басқандай болу сезімінен қашып, бейбіт күнде Сібір ауған ата-ана, баласының елесін іздеп, қарлы боранда көмусіз қалған шерлі ананың аянышты тағдыры туындының психологиялық трагедиясын тереңдете түскен.

Тіпті, дүниені тіреп тұрған жиырма балаң болса да әрқайсысының орны әр басқа, – деді Айтөре әңгіме желісін тұңғиықтан шығарып. – Он тоғыз балам бар деп, жиырмасыншысын жек көре алмайсың. Дегенмен, сол тұңғышымның орны үңірейеді де тұрады. Неге екенін білмеймін. Бәлкім, туғаннан жолы болмағандықтан ба?.. Мінезі тік, тентектеу дедім ғой өзін. Сол мінезінен тапты ма деп те өкінем. «Министр болам деп нем бар еді! Егер қоңыр тіршілікке разы боп жүре берсем, бәлкім, ол мұндай күйге ұшырамас па еді» деп те қайғырам. Есімде, жұмыс істеп жүргеніне қарамай, ертеңгілік мен үйден шығып бара жатқанда ол: «Перзент ақы тастамайсың ба?» – дейтін. Баяғы бір кезде оны еркелетіп отырып: «Перзент – адам өмірінің тірегі. Менің қуанышым сендерсіңдер. Сендердің «папа» деген бір ауыз сөздерің үшін мен от пен суға түсуге бармын. Сендер маған арқа сүйеген сайын, сендер маған салмақ салған сайын, сендерді әрбір қуантқан сайын мен бір жасап қалам. Перзент әкеге қандай қуаныш әкелсе, әке де перзентке сондай борышты» дегенім бар еді. – Айтөре өткен оқиғаны есіне алып, аздап күлімсіреп қойды2.

Өз перзенттері жайлы ой толғаған екі бейтаныс жанның диалогы үлкен көркемдік жүк көтеріп тұр. Бірін-бірі іліп әкететін әңгімелесу түріндегі диалогта халықтық танымының түрлі элементтері кейіпкерлердің тұлғасын, жан әлемін ашудың тәсілі ретінде ұтымды пайдаланылған.

Адам баласының мінезіндегі күншілдік, іштарлық мінездер киелі рухқа, ізгілікке қарама-қарсы ұғымда алынады. Оның әуелгі арналары адамға зұлымдық жасайтын қаскөй күштерден бастау алған. Заман ауысқан сайын формасы түрленген. Д.Исабеков кейіпкерінің жеткен жетістігін күндеп, адымын бастырмай, қараулықтың небір айласын ұйымдастырған (мекеменің сексеуілін сатты, көмірді жеп қойды, ағайындарын жұмысқа орналастырады, пәленшенің үйінде қонақта отырғанда араққа тойып алып, үкіметке қарсы сөз сөйлейді, т.б.) жымысқы жандар қапияда әрекет ететін залымдық өкілдері. Бұл – мифтік ойлаудың екінші сатысынан бері қарай келе жатқан өмір заңдылығы.

Демек, жазушы бұл шығармасында халықтың әже, ана, әке, перзент жайлы дәстүрлі ұғымдарын жаңа көркемдік сапада қайта жаңғыртқан. Әрине, ата-ана ұрпақ алдындағы парыз, қарызды, обал, сауапты кие тұтатын жазушы кейіпкерлерінің трагедиялық тағдыры аяныш тудырып, жан жабырқатады. Алайда, бұл бүгінгі күннің ауыр шындығы – өмірдің ащы шындығын бейнелеуде жан тазалығымен биік тұрған шығарма кейіпкерлері ұлттың да, дәстүр-салттың да берік қорғандары.

Қазақ халқының ең асыл қасиеттерінің бірі – үйіне келген адамды жылы жүзбен қарсы алып, құрметтеп шығарып салатын қонақжайлық мінезі. Кез келген жолаушының өз үйімде қонақтың еншісі бар деген ұғымы халық санасында берік орын алған. Ол туралы аңыз Алаш атымен байланыстырылады. «Алаш қартайған кезінде қолындағы бар малды төртке бөліп, үш бөлікті үш баласы – Ұлы, Орта және Кіші жүзге беріпті-мыс. Ал өзінде қалған төртінші бөлікті қонақ сыбағасы болсын деп, үшеуінің ортақ меншігіне беріпті. Өйткені, жолаушы жүрген адам өзімен бірге барлық азығын алып жүруге мүмкіндігі жоқ, сондықтан әр жолаушыға қандай қазақ болмасын тегін тамақ, жылы орын, т.б. қажетті қамқорлықтар жасап тұруға міндетті болады[596]. Қазақ дәстүрінде қонақасын дұрыстап бермеу сараңдық саналып, ол жеке отағасының, отбасының ғана емес, жалпы ел-жұрттың атына келетін сын ретінде ұғынылған. Себебі бұл ұғым, бір жағынан, «қырықтың бірі – Қыдыр» деген түсінігімен тамырласып кеткен. Қонақ күтудің өзіндік әдет-нормалары қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, бұл шарттардың сақталуы қатаң талап етілген. Мысалы; күтіп алудан шығарып салуға дейінгі аралықтағы сан түрлі міндеттер: алдынан шығып күтіп алып, аттан түсіріп, атын байлау, амандасу, төрге оздыру, мал сойып, қонақасы беру, бас қойып, мүшелі сүйек тарту, қызық-думан өткізу мен шығарып салу рәсімдері. Сондай-ақ қонақты тек күтуші ғана емес, қонаққа келушіге де үлкен талаптар қойылған. «Түскенше қонақ ұялады, түскен соң үй иесі ұялады» деген мақал осыны аңғартады. Мысалы: қыдырма қонақ, қаңғыма қонақ, құрметті қонақ ұғымдары да елдің тамаша дәстүрін пайдаланғысы келгендерді мінеу мақсатынан туған. Сондай-ақ қазақ халқы қашан да үйіне келгені дұшпаны болса да, өз үйінде оған өзінің де, өзгеге де қиянат жасатпаған. «Өз үйіңде таудай дауыңды айтпа» деген нақыл осының белгісі.

Д.Исабековтің талданып отырған повесінде:

«– Құданың құдіреті, бұрын қонақ келсе, қуанатын едік,– деді дауысын көтере сөйлеп. – Сіздер ше?

– Бұрын ғана емес, қазір де қуанамыз. Өмірі көрмеген сізге ренжіп отырған жоқпыз ғой.

«Айтөре Зейнептің үнінен жарасымды наз бен нәзік реніш табын аңғарды. «Шынында, менің әлгі сөзім не сөз? – деді ол іштей өзін-өзі кінәлап. – Танымайтын қайдағы бір қаймана қазаққа барын жайып, құрақ ұшып отырғаны қуану емес пе?» – дейтін жолаушы жігіт ойы халық қағидасында өскен әйел болмысын танытады. Ал, жолаушы кейіпкердің сөзіндегі мына толғаныстар да халықтың қонақжайлық туралы ой-көзқарастарымен үндес.

«Айтөре елден кеткен талай заманнан бері қонақ келсе, қуанатын қазақы мінез жамау шапандай ескіріп, бірте-бірте ұмыт болған шығар деп ойлап еді. Қалада отырса да, Зейнептің бар болмысынан баяғы бала кезде әр үйден табылатын жылылық пен мейірбандықты, пенде атаулыны жатсынуды білмейтін, есігінің алдына қырық қадам жақындаса болды, кімсің, қайдансың деп сұрамай, үйіне жетелейтін, балаларының аузынан соңғы асын жырып алып, қонағының алдына тосатын адал да ақ көңілді көрді. Егер біреу-міреу үйіне бас сұққан адамға байқаусызда «неге келдің?» дей қалса, бүкіл ауылға дөкір мінезділігімен аты жайылушы еді. «Неге келдің?» деп сұрау көргенсіздіктің белгісі деп саналар еді. Қазір ешкімді ешкім күтпейді, үйге келген адамға қуанбайды. «Амандықтарыңды білейін деп едім» деп, әлдеқалай біреу келе қалса, оған нақұрыс көргендей қарайтын болдық.

Қарсы алдында отырған Зейнеп неге екені белгісіз, Айтөренің көз алдына өз анасын елестетті. Адам біткенді жатсынбайтын туа біткен қасиет бір-бірінен жер жағынан да, уақыт жағынан да мүлдем алыс жатқан екі адамды әрі туыстырып, әрі ұқсастырып тұрған секілденді»[597]. Жазушының кейіпкердің аузына салған осы ойларында халқымыздың «қонақ» ұғымына қатысты мінез-сипаты түгел көрінген. Бұл Зейнептің ас дайындау үстіндегі абыр-сабыр тірлігі, қысылып-қымтырылуы, үйіндегі барын базарлап адал ниетімен бейтаныс адамның алдына қойып, өбектеп күтуі сияқты әрекеттермен әдемі өрілген.

Қонақ күтудің әр халықтағы дәрежесі де әртүрлі. Х.Арғынбаев: «...Көшпелі қазақ өмірінде қонағуарлық дәстүрдің ерекше сипатының болуына әсерін тигізетін жағдайдың бірі – құдайы қонақтың айдалада болып жатқан үлкенді-кішілі оқиғалардың бірден-бір хабаршысы болғандығында», – дейді[598]. Қонақ үйге шақыртпай-ақ келіп, әртүрлі жаңалық тыңдаған. Қонақ кәде сұрап, ән-күй естіген. Қонақты қазақ «ұзын құлақ» атандырған.

Қонақ келіп түсетін дастарқаны мол, пейілі кең отбасының адамдары қазақ қоғамында үлкен құрмет иеленген.

Қонақжайлықты Н.Сәрсенбаев дүниежүзі халықтарына ортақ деп есептейді[599]. Барлық көркем шығармада қонақжайлыққа қатысты авторлық ұстанымдар бірдей емес. Әр автордың түрлі мақсатта пайдаланатындығы көрінеді. Мысалы: жазушы С.Елубаевтың «Ақ боз үй» романында қонағын құдайдай күткен халық дәстүрінің үлгісін қалың елді қансыратқан жандайшап Ждақайды күткен Хансұлу іс-әрекеті арқылы танытады.

«Аманбысың, кербез бәйбіше! Астың үстіне келіппін ғой... Пай-пай, қайын енем сүйетін жігітпін ғой!!! – Ждақай қос қолын ұсынды. Хансұлу іштей тартынса да, құдіретті қонақтан сескеніп, бозара күліп, Ждақайға оң қолын ұсынды. Ждақайдың баттиған тарбақ саусақтары қомағайлана бас салып Хансұлудың сүйірлеу саусақтарын бір-ақ қылғытқандай.Хансұлу қонақтың алдына қуырдақ қойды. Шай құйды. Мына шала мас Ждақаймен қалай сөйлесерін білмей, қылпылдайды. «Жынды судан» ұрттап алғанынан арқасы дауылдатып, есіп отырғаны. Әйтпесе, Хансұлуға тіке қарауға батылы жетпейтін түлкісымақ Ждақай емес пе? Батыр, арыстан бола қалыпты. Керте келген кімді де болса дәл қазір құмырсқа құрлы көрмей, таптап кетердей. Өзінің ғана айтқаны болу керек, дәл қазір. Қонақ емес, тура осы үйдің қожасындай еркінсіп, көлбеп жатыр төрде. Кенет, әңгімесін қалт тиып, аяқ жағында жатқан қоржынына қол созды. Екі қалақ шай, бір уыс шақпақ қант алып, Хансұлуға ұсынды. Хансұлу күліп жіберді, қонақ келгелі тұңғыш рет жүзіне қан жүгіріп[600].

Мұндағы дәстүр кейіпкердің жағымсыз мінез-құлқын ашудың құралы ретінде пайдаланылған. Әрі Хансұлудың халықтық салтқа берік, ұстамды мінез иесі екендігін ашуға жұмсалған. Алайда, «дәстүрдің озығы да, тозығы да болады». Қонақжайлық – қазақтың ерекше қасиетінің күні бүгінге дейінгі жеткен жарқын дәстүрінің бірі десек те, оны шектен шығара пайдалану ысырапсыздыққа, өрескелдікке әкелетіні белгілі. Бұл жайлы да көркем шығарма өзегінде жазушылар ой тұспалдарын бедерлеген. Мысалы: С.Досанов «Тұйық» романында астан кейінгі кейіпкерлердің өзара әңгімесін диалог арқылы аңғартып өткен.

«Кісі аяғы басылған сондай күндердің бірінде Қарлығаш Таңатарға көкірегіне сыймаған сырын ақтарды.

– Осы біздің қазақ дарқандығы кейде, тіпті, шектен шығып, дарақылыққа ұласып кете ме деймін.

– Неге олай дейсің? – деді әйелінің жан дүниесін қабағынан танитын Таңатар Қарлығаштың көкірегіндегі мұңын көзінен оқып.

– Неге олай дейтінімді сосын айтамын, сен алдымен менің сауалдарыма жауап берші.

– Жарайды, өрем жеткенше жауап беріп көрейін.

­– Өзі түлкіқұрсақ бола жүріп, бала-шағасының аузынан жырып, барын қонағының аузына тосатын кім?

– Қазақ.

– Бір уыс шашу әкеліп, үйіңдегі ең қымбат мүлкіңді қалап алатын кім?

– Біздің қазақ.

– Бұл не?

– Бұл – біздің қазақ халқының ұлттық ерекшелігі. Мен айтар едім, керек десең артықшылығы. Танымайтын адамын да құдайы қонақ деп құдайындай сыйлап, патшасындай күту – қазақтың атам заманнан бері келе жатқан ата салты. Қонақжайлықтан аштан өліп, көштен қалған қазақ жоқ. Алланың ниетіңе қарай беретіні рас. Содан да шығар бізге тәңірінің өзі қарасып, кең байтақ жер бергені. Содан да болар тарихтың тар кезеңдерінде талай құқай көрсек те, осы күнге аман-сау жеткеніміз. Қазақ сыйласқан адамына үйіндегі ең қымбат мүлкін ғана емес, астындағы атын да түсіп береді. Қонағына ең соңғы қойын сойып тастайтын да біздің қазақ! Осының бәрі кемдіктен емес, кеңдікті танытпай ма?[601]. Демек, бұл эпизодтан шығатын түйін: ежелден келе жатқан халықтық құндылықтардың заман өзгерісіне сай өзгеру заңдылықтары да қаламгерлер тарапынан ескерілген. Сол арқылы жаңа заман адамының болмысы, мінез ерекшелігі, дәстүр ұстанымы бейнеленген. Мұның өзі әдебиет пен фольклордың үздіксіз байланысының бір дәлелі.

– Жеңеше-ау, амансыз ба, арамыздағы ескі көзден қалған сіз ғанасыз. Келіні болса, ай-күні жақын, баласы кешке дейін қой соңында жүр, көпшілікке үйренген кісі еді, жалғызсыраған шығар, халін біліп, көңілін кішкене көтеріп қайтайық деп, қойлы ауылдың қатындарын ертіп келемін. Ал мына балаңыз үйге жүр деп те айтпайды.

Жамалдың ойнақы дауыс әуеніндегі сиқырлы сырға кебірек дендегендей қара кемпір шырайын күрт өзгертіп, көңілі бұзыла, көзіне жас алды.

– Жамал-ау, сендей келіннен садаға кетсе де, болмай ма. Көңілдегі шерді тарқатып, сөйлесең сөзді ұғатын кісі керек. Өзіңнен өзің, таусылып, қам жеп, қапа болғанда да орнына келіп жатқан ештеңе жоқ, – деп, жаулығының ұшымен көзін сүртті де, әйелдердің аттарын жақсылап бекітіп, еңістеп бара жатқан Тасболаттарға көзінің қиығын қадады[602]. Мұнда автор жарымжан ұлын жетілдіріп, соған жүрегі жарыла қуанған ананың көңілін марқайтқан Жамалдай әйелдің жарқын бейнесін жасаған. «Қуанышты бөліссең көбейеді» дейтін халық үшін сыр бөлісіп, қуаныш, қайғыға ортақтасу адамның ең асыл мінезін танытатын белгі болған. Жазушы осыны дәріптейді.

Сондай-ақ Ж.Шаштайұлының «Нала мен жаза» повесінде отбасы мүшелерінің арасындағы дәстүрлі кісілік этика нормаларының бұзылуы, туыстық қатынастарға түскен салқындық сызаты арқылы да бүгінгі халықтық қағидалардың өзгеріске түсу дәрежесін көрсету бар. Ол бірде ата-ана мен бала қарым-қатынасында, бірде ғұрып, рәсім үстіндегі келеңсіздік, қолайсыздықтар арқылы меңзеледі.

Осы шығармада дүниеге сәбидің келуі жеке отбасының ғана емес, қалың қауымның ортақ қуанышы болғандығы, оған сүйінші сұрау, көрімдік беру, құтты болсын айтысудың шығармада суреттелуі адамдар арасындағы бауырмалдық қарым-қатынасты суреттеуге жұмсалған.

Сондай-ақ осы автор үлкен баласын өз балам деп есептемей, ата-анасына телитін халықтың психология көрінісін де, көркемдік деталь арқылы ұтымды бере білген.

« – Мына шешектің балажанын қарай гөр, – деді әлдекім.

Қарашұбар кескіні түксиіңкі тартқан шешесінің суық қарағанынан сескеніп, кейін серпілді».

– Елпектемей, жоғал әрмен, жаман неме, иектей қалыпты ғой, маған барып![603]. Шығармадағы бесік салар кәдесіне ерекше мән беріліп, мұндағы рәсім баласыз кемтар жанның ішкі күйігін жан азабын көрсетудің тәсілі ретінде алынған. Фольклорлық ұғымдағы бесікке салу рәсімі балалар ғұрпының елеулі бөлігін құрайды. Алдымен баланың кіндігі түсіп, жарасы жазылған соң бесікке салып, «бесікке салар» ырымы жасалады. Шашу шашу, бесікті аластау, баланы оң жағынан бөлеу, бөленген бесіктің үстіне жеті түрлі нәрсе жауып, әртүрлі тілек тілеу, т.б. жағдайлар әр жерде өз ерекшелігімен дамыған.

Этнограф ғалым Х.Арғынбаев: «Қазақстанның барлық жеріне бірдей тараған қазақ бесігінің бір-ақ түрі бар екендігін айта отырып, көшпелілік өмірдегі бесіктің мән-маңызын атап көрсетеді[604].

«Бесікке саларға қойлы ауылдың тайлы-таяғына дейін қалмай түгел жиылды. Сыртқа ұзыннан жайылған дастарқан басына жағалай жайғаскан үлкендер қызды-қыздымен тойды өздері билеп-төстеп кетті. Бастарының қосылып, еркіндік өздеріне тигеніне балалар мәз, ойынның қызығына түсіп, оңашалау жерде шұрқыраса шуылдап жүр». Сондай-ақ ел-жұрттың келін түсіру тұсындағы қарбалас қуанышты сәтін суреттеуде де қаламгер халықтық дәстүр-салтына қанықтығын танытады. «Есіктерінің алдында топталып жиналып қалған бірталай кісі: «Ау, келін келді, келін келді!» – деп шу ете түскенде, Демеудің Ұрқия әпкесі табалдырықта сәл іркіліп барып, бұлғаңдап басып жақындап келді. Қолындағы ақ бөрте шәліні Қадірсіздің басына төгілдіре жауып, үйге қарай өзі алып жүрді. Орамалдың жақтауынан бәрін көріп келеді. Бір әйел шашу шашты. Тасырлап түскен кәмпиттерді көпшілік жапа-тармағай бас салып, теріп алып жатыр.

– Батырекесі, құсың құтты болсын! – десті бәрі Демеуді қаумалап алған бойы.

– Айт, айт, – деді бұл да елпілдеп. Шолақ-шолақ айтқан сөзі құлағына бір түрлі тосаң естіліп, көңілі құрғыр құлазып, қоңылтақси берді.

– Уа, жеңгей, келініңіздің алдынан шығып, ақ батаңызды бермейсіз бе! – деді сонда Тасболат.

Енді жөндеп қараса, қара кемпір оқшаулау жерде қаздиып тұр екен. Бойын қорқыныш билеген Қадірсіздің төбе құйқасы шымырлап, жүрегі аузына тығылып, көзіне ащы жас үйірілді.

– Бас-басыңа шуылдап, есті алғанша, бұл бейшараны табалдырықтан оң аяғымен аттатсаңдаршы! – деп еді сонда сызданған қара кемпір[605].

Жоғарыда талданған Д.Исабековтың шығармаларындағы әйелдің адал жар, мейірімді әпке, сүйкімді қарындас образдарына кереғар мінездердің типін суреттеу арқылы да қаламгерлер бүгінгі қазақи қағидаға өрескел жайттарды да көрсетеді. Мысалы: осы автордың «Құралайдың салқыны» повестіндегі Өз анасы мен туған бауырына тасбауырлық танытатын Ұрқия бейнесі ерекше көңіл аударарлық мінездердің бірі. Авторлық ұстаным өз ет-жақынына қайырымы жетпеген әйелдің отбасына да сәулесі түспейтіндігін айқын аңғартады. Тағдырдан бір соққы, туған бауырдан бір соққы жеген кемпір мен ұл тағдыры оқырман жүрегінде аяныш тудырып қана қоймай, мейірімсіз, тасбауыр мінездерге деген жиренішті оятады.

«Ұрқияның ащы мысқылы Қадірсіздің жүрегіне шаншудай қадалды. Әр сөзін таптап айтатын Демеу әпкесінің даусына араласқан шаңқыл шаптығып, өршіп кететіндіктен, әйтсе де, қатты сескенді. Қанына сіңді шамшыл қасиетінен мүлде ажыраған қара кемпір босаға жақты қорғаншақтап шолып, сынық тіл қатты.

– Мақау, мақау да болса - жалғыз бауырың. Байғұс-ау, бір жаныңа жалау болып жүрген одан басқа кімің бар?!

Осы бір сөз Ұрқияның жарасының аузын тырнап ашып жібергендей ыршып түсті.

– Бір жаныма жалау болмай, жерге кірсін, осы екі жартыкешіңнен басқа ешкімнің де қолына сыймайсың. Бұдан былай көзіме көрінбей, қараларыңды батырып, құрыңдар!

– Мен қыз таппаппын, тас тауыппын...

– Ана мақауыңды таптың. Бүлдірген өз үйіңді бүлдір. Менде, менің байымда, бала-шағамда шаруаң болмасын, айналайын! Ұрысамыз ба, қырылысамыз ба, өзіміз білеміз, – деп жалт бұрылды да, есікті шалқайта ашып, желдікті сілке лақтырып тастаған күйі жөніне кете барды. Бедірейе безерген қара кемпір бірер сәт үнсіз отырып қалды. Төрде ұзынынан сұлап жатқан ұлына кенет назарын салып:

– О, қаншық! Жалғыз бауырыңды албастыңның соққысына жыққызып, өзіңнің төбемізге әңгіртаяқ ойнатуың қалған екен. Есебіңді тапсын, есебіңді тапқыр! – деді. Естімей кетеді-ау дегендей, өңешін соза өршелене айғайлады.

«Екі жартыкеш». Жанашыр дейтін Ұрқия сөзінің сиқы осы. Өлім ғана әшкерелейтін ақиқаттың ойламаған жерден ашыла салғанына тарынып, торықса да, сыр бермей, сызданған енесі жыланды үш кессе де кесірткелік шамам бар дегендей қасқиып отыр»[606].

Адамдар арасындағы мейірімсіздік, тас бауырлық, туыстық сезімнің жоғалып, бір-біріне жаттану мәселесін жастардың қарттарға көзқарасы арқылы беру Ж.Шаштайұлының «Өмір ертегісі» әңгімесінің сюжеттік желісін тұтас қамтыған көркемдік мәнге ие. «Баяғы өткен заманда шал мен кемпір болыпты. Екі ұлы Алматы дейтін шаһарда тұрыпты. Ал қызының үлкені Қиыр Шығысқа, кішісі Қырымға күйеуге шығыпты» – деп белгілі ертегілік эпилогпен басталып, осы перзенттердің ата-анасына қарым-қатынасындағы түрлі мінездері арқылы халықтық ұстанымдарға жат жайттарды аңғартады.

– Далдам-ау, қу кемпір өзіңді тістеп алғаннан сау ма?

Өңі аяқ астынан кәдік шалыстанып, күреңітіп кеткен кемпір зәбір-жапаны жөнсіз шеккендей, ұсқыны қашып, көз жасына ерік берді.

– Мен өлмей қор қыламын ғой, өліп кетсем екен, сонда бәрін көрер ем.

Әлдебір нәрсені қарманғысы келгендей шал жан-жағын сипаланып алды.

– Өлген соң көрдің не, көрмедің не, – деді. Даусы бір түрлі бәсең. Нұры тая қоймаған қоңыр көзінің сұғын қосағының өңменіне ұзақ қадаған қалпынан осы әзірде ғана мүләйімси мүсәпірсіген кескіннің дереу қа-
туланып ала қойғанына таңырқай, абдырағандық сезіледі.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 222; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.007 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты