Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


АЗІРГІ ПРОЗАДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ДӘСТҮР 14 страница




«Арада бір күн өткенде Үрипаны жерлеуге келген қаралы қауым қаланың қаңғыбас иттерінің әлі топырағы кеуіп үлгірмеген жаңа қабірден Нұридиннің мәйітін суырып алып, таласа-тармаса жеп жатқанын көрді» – деп трагедия бояуын қалыңдата түсетін жазушы, бұл оқиғаға Әжі ойы арқылы жауап береді.

«Мына сұмдықты көрген адамдар жағасын ұстап, жанынан түңілді. Нұридиннің қабірімен қатар талай қабір жатыр ғой. Көктемгі лай көшкінінің қатар жатқан көп қабірді оралып өтіп, бір ғана өліктің өкпе тұсын опырып, Нұридиннің мәйітін айдалаға лақтырып тастауы тегін бе? Мұның терең сыры анау-мынауға тебірене де, тепсіне де бермейтін киелі Жер-Ананың жаратылысындағы бітім-болмысы мен мінезінен іздеу керек шығар, – деп ойлады Әжі. – Қасиетті қара жердің пейілі кең ғой. Ол Анадай мейірімді, қасиетіңнен айналайын, Жер-Ана, өзінің өзегінен өрген адамдардың шалыс басқан қадамдарын, ең үлкен қателіктерін де, тіпті, бәрін де кешіреді. Адамдарды тірісінде төбесіне шығарып, өлгенде бауырына басады. Қасиетті қара жер барлық ауыртпалықты өзіне тән алыптықпен көтереді, өзіне тән аса сабырлы, асқан көнтерілікпен төзеді. Адамдарды түріне, тіліне, дініне, діліне, атағына, шатағына қарай бөліп, алаламай, жатырында шайқалған шаранасы – күні ертең жарық дүние есігін іңгәлап ашар бауыр еті баласындай аялайды, сүйеді. Бәріне төзетін, бәріне кешіретін Жер-Ана бір ғана нәрсені – ешбір шеңберге сыймайтын аса ауыр қылмысты кешірмейді. Оның аты – сатқындық дейтін сұмдық. Өзінің ең сүйікті, ең мықты, ең аяулы перзенттерінің – халықтың қаймақтарының өмірін қиған Нұридиннің сатқындығын Жер-Ана қанша мейірімді болса да, кешіре алмады. Содан да қасиетті қара жер қасиетсіз адамды қабылдамады» – дейтін кейіпкердің ой-танымында автор көне мифтік «Жер-ана» ұғымын тірілткен.

Дәстүрлі дүниетанымдағы жер ұғымы – фольклорлық танымның түрлі кезеңдерін бойына жинақтаған. Кеңістік жайлы мифтік ұғымдар бойынша, Жер – орталық нүкте. Адамға игілік беруші, күш-қуат қайнары, өткен ата-бабалардың мекені. Сондықтан табиғат құбылыстарының құдайы ішінде Жер-су құдайы маңызды рөл атқарған. Жер-Ана ретінде қамқоршы ғана емес, қаһарына қарсы келсе, жауыздық әкелетін күш ретінде де сипатталады. Сондықтан жерге қатысты көп тыйымдар қалыптасқан. Осы тыйымдарды бұзып, жер-судың киесін аяқ асты еткен Нұриддиннің тәнінен жиіркенген Жер-Ана автордың фольклорды шебер қолдануының жарқын үлгісі.

Жазушы аштық нәубетінде халыққа тізесін батырған Нұриддин мәйітін қара жердің қабылдамауы арқылы «өлімнің өзі жақсылар үшін ғана жақсы бола алмақ» деген ойды айтады. «Итшілік өмір сүрген ит өлімімен өледі» Сондықтан адал өмір сүріп, ақ өліммен өлуді мұрат тұтқан халықтың ізгі қағидасы үлгі етіледі.

Шығармада өмірдің өзімен өзектес ұғым (өмір, өлім ұғымдарына сәйкес) бір адамның бойындағы керағар қайшылықты суреттеуде де фольклорлық ұғымдарға сүйену бар.

Мысалы, қазақ жастарын қанға бояған Желтоқсан қасіретін көрсету үшін жазушы алаңда жолдасына көмектесе алмағанына күйінген, Асылханның ішкі күйзелісін ақ арыстан мен қара арыстан түріндегі ішкі сезімінің айтысы арқылы өрнектеген.

«Әбудің қазасы Асылханды күйретіп кетті. Сол күнгі сол бір сәт түнде түс, күндіз елес болып қыр соңынан қалар емес. Адам өз көлеңкесінен қашып құтыла алмайды. Асылхан өзін иектеген ауыр ойлардан арыла алмай, ішқұса болды. Өзегін өртеген сол өрттің соңғы демі үзілгенше сөнбесін де сезді»[579].

Автор адам баласы санасының екіге қақ жарылу (двойственность) сәтін көрсетіп, кейіпкерін ойшылдықтың тереңіне сүңгітіп, санасындағы тасқынды, ішкі сезім иірімдерін шегіне жеткізе суреттеген.

Шығарманың қайғы жұтқан адамның ішкі психологиясымен сыртқы портреттік сипатын суреттейтін көркемдік құралдарында да фольклорлық әдістер ықпалы бар.

«Соңғы жылдары Айботаның түрі де адам танымастай өзгеріп кетіп еді. Сұлу жүзін терең әжім айғыздап, сұңғақ бойы шымнан қаланған қабырғадай шөгіп, аласарып барады. Жалт етіп қарағанда жалын шашып өзекті өртейтін жанары да жер ошақтағы қоламтадай өлеусіреп жылтырайды. Саяты барда бақыттың алтын буымен нұрланып, нәзік сәуле шашқан сүйкімді жүзі сұрғылт күздей сұрланып, сұп суық ызғар шашып тұр. Қызуы қайтқан пештей жылусыз, әлсіз денесі арнасынан асқан арық суындай жайылып, жалпая түсіпті. Бір кездегі жұмыртқадай жұп-жұмыр, ұзын мойын қыртыс-қыртыс. Түзу өскен ақ қайыңдай аппақ, топ-толық балтыр қарайып, көкпеңбек болып білеуленген тамырлар даланың тарау-тарау жолындай болып, жан-жаққа таралып жатыр. Бір кездегі жан дүние байлығы мен сырты нұрлы, іші сырлы сұлулығы күздің күні жапырағы түскен теректей жап-жалаңаш. Қатал тағдыр сыйлаған қатыгездіктен бе, әлде айналдырған аурудың алмай қоймайтынына сеніп, көңілі суығандықтан ба, бәлкім, өмірдің ащы дәмін татып үйренгендіктен болар, Айбота, әйтеуір, анасының өлімін соншалық ауырсынған жоқ»[580].

Сондай-ақ түсінде аты омақаса құлағанын жамандыққа жорыған Нұрдәулеттің көп ұзамай қайтыс болуын суреттеуінде де «көрген түстің орындалуы» жайлы фольклорлық түсінікті тірек еткен.

С.Елубай романындағы Дәу апаның жендеттердің талабын орындағаннан гөрі қиянатты жеңу жолы деп өлімді артық көруі, С.Досановтың «Айботасының» сүйген жарынсыз өткен өмірді тұл санап, ғайыпқа айналуын арқылы өлімді қасиетті нәрсеге балап, өлімге бет бұруы – кейіпкерлердің белгілі бір шешімге келуін көрсетеді. Олар үшін өлім – адамды қинаған бұғауды үзу, бостандыққа, еркіндікке ұмтылыс, оқыс шешім қабылданатын сәт, кейіпкерлердің тағдырын мүлде басқа арнаға бұрып жіберетін ағыс, шығармадағы соңғы нүкте, соңғы шешім.

Шығармаларда «кие», «қасиет» ұғымдарын кейіпкерлерінің әртүрлі қабылдауы арқылы да ұлттық ой-сана ерекшелігі ашылады. Мысалы: Ақбас бүркіттің музейдегі тұлыбын бір үйір жылқы беріп сатып алған Нұрдәулет байдың танымы мен бүркіттің тұлыбын қабылдау бөлмесіне қойғызып, бірақ содан кейін жолы оңғарылмай, жынданып өлген генерал-губернатор іс-әрекетінің арасындағы қайшылық арқылы қаламгер екі түрлі халықтық ой-танымды көрсеткен.

Қазіргі заманғы шығармаларда күй аңыздарын тек эстетикалық құрал ғана емес адам бойындағы этикалық, моральдық өзгеру мен құбылуларды туғызатын көркемдік әдіс ретінде де пайдалану үрдісі байқалады.

Мысалы: «Жала мен нала» повесінде қоғам қысымынан қасірет шеккен әйел басындағы трагедиялық ауыр халді терең лирикалық толғаныспен суреттейді. Адам баласының жан сарайындағы нәзік сезім иірімдерін, асқақ арманын аһ ұрғызып, күрсіндіре отырып, күй тілімен жеткізіп, жан болмысында болып жатқан өзгерістерді көрсету арқылы шебер бейнелеген. Қара домбыра қам көңіл келіншектің қайғысын жеңілдетуге себепші құдірет құралы болады. Түрлі күй сарындары мәтіннің ішіне жымдаса кірігіп кеткен. Бұл арқылы автор терең психологиялық толғаныстарға түсіре отырып, Хансұлудың туған жерге деген адал махаббатын ашуға жұмсаған.

Автор өзінің айтар идеясын, мақсатын, көркем шығарманың табиғатын ұтымды күй аңызының элементтері арқылы жеткізе білген. Өмірдегі трагедиялық ауыр халді өнердің өміршең құдіретімен жеңуге шақырады. Хансұлу тартқан күйлер жәбірленушіге оптимистік рух беріп, күйректіктен сақтандырса, ал адасып жүрген Сұржекейді тәубесіне түсіреді.

Жазушы Б.Мұқайдың «Өмірзая» романының бас кейіпкері Аяған тағдырында қазақ халқының басынан өткен тарихи кезеңдердің оқиғасы жинақталған. Жаратылысынан жақсылыққа жаны құштар, елім деп елжіреген ер-азаматтың өліміне қоғам, орта кінәлі. Сондықтан жазушы сүйікті кейіпкерін асқақ рухта қалдыру мақсатында адам жанының өлмейтіндігі туралы көне мифті пайдаланған. Себебі өлім – қорқынышы жоқ, өмір мен өлімнің аражігін ажыратпайтын адам санасының балаң шағында өлім бір күйден екінші күйге ауысу деп ұғынылған. Бұл жайында С.Қасқабасов былай деп жазады: ««өлі», «тірі» деген ұғымдар бөлектенбейді. Мифтік сананың алғашқы кезеңіне тән мұндай өлі мен тірінің бірлігі, толық теңдестігі (тождество) дүние өмірбақи болады деген түсінік туғызған. Із-түссіз ештеңе жоғалып кетпейді. Өлім – алғашқы жағдайға қайтып келу. Қазақтың «кісі өлді» дегенді «қайтыс болды», «қайтты» деп айтуының түбірінде осы түсінік жатыр. Ажал – ол да өмір, бірақ басқаша өмір. Өлген адам жоғалды деп саналмай, ол басқа өмірге көшті, алғашқы өзінің түріне қайтып келді деп түсінілген»[581].

«Жетім жұлдыз батып кетті... Өмірзая – жетім жұлдыз...

Өмірзая... Өмір – зая... Зая... Зая!..

Осы бір сөздерді қала күңірене қайталап жатқан тәрізді. Қара жер емес, оның сұп-суық құшағында жатқан мың сан аруақ қайталап, күңіреніп жатқандай...

Кеудесінен шыбын жаны ұшып шығып кеткенше шыдамасқа амалы кәне!? Мақсұттың айтқанына көніп, кінәсін мойындаса нәтижесі белгілі. Ол пәле-жаланың бәрін Аяғанға артып, жазаның ең ауырына тартпақ. Артында арқа сүйер ешкімі жоқ, үш жетімегі шұрқырап далада қалар. Асқар таудай болып көрінетін әке де кетті бұл пәни жалғаннан. Шұрық тесік болған кәрі жүрек жаратқанның соңғы қиянатына шыдамаған шығар. Бір уыс топырақ сала алмады. Ең күшті өкініші осы»[582] дейтін шығарма шешіміндегі «жұлдыз бату», «шыбын жан» ұғымдары жерлеу ғұрпын туғызған көне мифтік түсініктер.

Себебі ең көне замандағы абстрактылы ұғымы дамымаған сәбилік сана үшін адам жанын материалдық тұрғыдан түсіндіру тән. («Жан-құс», «Жан-шыбын», «Жан-көбелек», «Жан-жел», «Жан-көлеңке», «Жан-қан», «Жан-шаш», «Жан-жұлдыз», т.б.) Жанның көп түрлі сипаты дүниежүзі халықтарына ортақ жайт. Бұл ұғым сарқыншақтары қазақтарда да сақталған. «Алғашқы болып «шыбын жан» көк жалын (көгілдір отын) немесе көрінбейтін шыбын түрінде, адамның соңғы демімен бірге шығады. Сосын «ет жан» шығады деп, халық түсінігіндегі адам тынысы біткен соң да дененің біраз уақыт суымауын осы жанмен байланыстырады. Сонан кейін ғана рухани жан шығады. Сондай-ақ, ғалым адамның жаны өлген соң үшке бөлініп, бір бөлігі аспанға кетеді, бір бөлігі қабірде қалады, енді бірі үйдің маңында қалады[583].

Сондай-ақ халықтың өмірден өткендердің тірілерді желеп-жебеп, көмектесуі, қысылғанда сүйеп қолдауы, өлген соң ата-бабалармен рухы қосылуы жайлы исламнан бұрынғы көзқарастардың сілемі шығарма шешіміне тірек болған. Романдағы өлім аузында жатқан Аяғанның көзіне елес болып көрінген бұрынғы бабалар рухы осының дәлелі.

«Ту-у алыстан басып, екі басып, қаба сақал бейтаныс жақындап келеді. Біреу емес, екі адам. Апыр-ау мыналар Кенесары мен Сыздық төре ғой. Екеуінің де жүзі солғын, көздерінде айықпас мұң бар.

– Қор болып тірі жүргенше арпалысып өлмек жөн. Тұр орныңнан! – дейді Кенесары хан. Аяған орнынан тұрып кетпек болып талпынады, бірақ әл-дәрмені жетпейді, денесін зілмауыр жүк басып тұр.

– Шыда, батыр, шыдап бақ. Елім деп еңіреген талай боздақ көрген кеп бұл. Күш жина, серпіл, күрес, – дейді Сыздық төре.

Аяған оларға осы өміріндегі көрген қиянаты мен азабын айтып, мұңын шаққысы келген. Қанша тырысса, да үні шықпады, аузындағы тіл емес, қап-қатты түрпідей бірдеме. Әрі-бері қозғаса, таңдайын, ернін қажайды. Әбден кеуіп, шыт-шыт жарылған тілінен шып-шып шыққан қанды талғап жұтып, бірақ тобарысып кепкен тілден қан шықпады»[584].

Жинақтай келгенде айтарымыз: қазіргі заманғы қазақ прозасында қаламгерлердің фольклорды творчестволықпен игеруде өзіндік қолтаңбалары бар екендігі көрінеді.

 

Рулық дәстүрлердің көрінісі. Архаикалық қоғамнан бері келе жатқан жеке адамның тағдыры алғашқы қауым, рулық қоғамының іс-әрекеті мен таным – түсінігі, өз қауымының салт-дәстүрімен тығыз сабақтасып жатады. Яғни өмір сүру салты өз ата-тектерінің жүріп өткен өмірлік тәжірибесіне негізделеді.

Рулық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қатал сақтаған адамдардың жоғары бағаланып, ал ол қағидаларына бағынбағандарды қауым мүшелерінің топтасып, тезге салып отыруы, туысқандық бірлікке негізделген өмір сүру принципінің ұзақ уақыт сақталуының алғы шарттары болған.

Қазақ халқында «Қырық рулы елміз, қарға тамырлы қазақпыз» деген қағида ұстанып туыстық желіні үзбеген. Береке-бірлікті бұзбаған. Үлкен кісі сөз бастаған, кішісі аға сөзін қостаған, сүттей ұйып, ғұмыр кешкен. Ел шетіне жау келсе, даңқты бабаларының атын ұран ғып ұстап, қанымыз, жанымыз бір, руымыз, туымыз бір, тегіміз, кегіміз бір, еліміз, жеріміз бір, суымыз, нуымыз бір, түріктің ұрпағы, алаштың азаматымыз десіп бәтуаласып, бес қаруын асынып, ат құйрығын түйісіп, бір байрақтың түбінен табылған.

Бұның бәрі халқымыздың қастерлеуге тұрарлық асыл қасиеттері екені даусыз. Бүгінгі ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, барымызды түгендеп, жоғымызды жоқтап жатқан кезде осы қасиеттерді көркемдік тұрғыда әртүрлі тарапта әңгіме ету бүгінгі қаламгерлер нысанына да іліккен. Ол архетип, мотив, көркемдік деталь, поэтикалық сөз қолданыстары түрінде көрініс береді.

Қазақ халқы қандас туыстық есепті, әдетте, еркектер тарапынан жүргізген, оны жеті атаға дейін жеткізген. Ал, жетінші ұрпақтың «немесе», яки «шөпшек» (қураған ағаш бұтағы) атануы да тегін емес, өйткені, сегізінші ұрпаққа қарай кеткенде қандас туыстастықтың мәні жойылып, буыны үзіледі деген сөз. Осы себептен де жетінші ұрпағынан кейінгі ұрпақ «туажат» (туыс емес жат) деп аталады.

Ең алдымен, отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болса да, отбасының адамзат ұрпағына ететін ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Себебі, үйелмен мүшелерінің бір-біріне кісілік қарым-қатынасы, ішкі сезімдері, ілтипат-ықыластары – олардың жанының табиғи бірлігіне, тұтастығына негізделген жақындық, тұтас әлеуметтің негізін құрған.

Бұл қоршаған ортаны, барлық құбылыс оқиғаны бір мезетте туысқандық сана арқылы қабылдайтын алғашқы қауымнан басталып, рулық қоғамда бекіп, дамыған. Яғни «тотемдік туысқандық» жүйесінен басталып, аруақ культі бойынша күрделеніп, беки түскен деуге болады.

Әулет, отбасы ұғымдарының аса маңызды рөл атқарғандығы бүгінгі көркем прозада бірде тақырып, бірде деталь күйінде көрініс береді. Мәселен, Д.Исабековтің «Өкпек жолаушы» повесіндегі бір ғана көркемдік детальда қазақтың отбасылық тәрбиесінің көне заңдылықтары жинақталған.

– Әжем қызық адам болатын, – деді Зейнеп әлгі қайғы құрсауынан біршама босанғандай кенет басқа әңгіме бастап. – Ол кісі әулеттегі әйел адамның бірде біреуін басқа жерде босандырмаушы еді. Екі қабат әйелдерді жолға да шығармайтын. Егер екіқабат келіндерінің кейбірі ілуде төркіндеріне кете қалса, екі жақты азан-қазан, у-шу ғып, өзі барып, ертіп келуші еді. «Үйде тумаған әйелдің баласы мейірімсіз болады» деп айтып отыратын-ды. Қазіргі әйелдер үйде тумайтын болды емес пе? Бәлкім, әжем; байғұс бірдеңені білген соң қақсап келген шығар. Біз тыңдадық па оны! Сөзін құлағымызға да қыстырмай, оны әжуалап, келеке ғып талай күлмеп пе едік![585]... – дейтін, кейіпкер сөзінде терең мағына жатыр. Себебі қазақ халқының перзент мәселесіне өте жауапкершілікпен қарауы, бас құрап, балалы болғаннан соң ғана емес, оған дейінгі қыз ата-анасының арлы, әдепті текті болу талаптарынан басталады. Ал, қыз ұзатылып, келін түскеннен кейінгі отбасылық жағдайдағы талап пен міндеттер өз алдына бөлек бір жүйені құрайды. Әсіресе, жас келіннің бойына бала біткенін байқаған тәжірибелі ана-әжелердің «тіл-көзден сақтасын» деп түрлі ырым-жоралар жасауы, ауыл әйелдерінің жиналып «құрсақ тойын» өткізуі, келінді жалғыз қалдырмау, түнде отын-суға жұмсамау, түйе етін жегізбеу, бақан аттатпау, отауға қару-жарақ, қамшы балта, қасқырдың азуы, бүркіттің тұмсықтарын іліп қоюы сияқты толып жатқан іс-әрекеттердің әрқайсының ана мен балаға байланысты терең наным-сенімдік мән-мазмұны болған. Бұл – босанғанға дейінгі жағдайлар. Ал, келіншекті босандыру ісі де ұзақ та күрделі бөліктерден тұратын, түрлі ырым-тыйымдармен тамырлас жүйе. Анасымен тұғырлас, баланы алғаш жерден көтеріп алып, кіндігін кескен әйел өмір бойы отбасының ең жақын адамы ретінде есептелген. Сондықтан «Халық сенімі бойынша келешектегі баланың мінезі жерден алғаш көтеріп алған адамға тартады деп есептеледі. Жерден көтеруші мүмкіндігінше өзінің ашықтығы, жайдарылығы және мейірімділігімен ағайынға жаққан әйел болу керек»[586]. Өз әулетінің ұрпағын жалғастырушы ретінде келінге қамқорлық пен құрметті қайын ене, абысын-ажындары өздері жасаған. Ана мен баланы баптау қырық күнге дейін созылған ұзақ процесс.

Адамның ең асыл қасиеттерінің бірі – оның жұртқа ұнамды мінез-құлқы. Ол қасиет, негізінен, отбасы, ошақ қасында қалыптасады. Ол ата-анасының ақ көңілі, жұмсақ алақанының көмегімен ұрыс-таласы, үрей-қорқынышы жоқ үйелменде тәрбиеленеді. Мінезі жақсы, ақ ниетті адамдарға арнап айтылған халқымыздың «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген мақалы осының куәсі.

Халықта: «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер», «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» деген мақалдар бар. Осы даналық сөздердің мәнісі: баланың мінез-құлқының қалыптасуында үйелмен тәрбиесі маңызды рөл атқаратындығын тұжырымдаған.

Қазақ арасында патриархалдық-рулық қатынастың негізінде қалыптасқан жеті атаға дейін қыз алыспайтын экзогамиялық некенің негізінде туыстық тектестіктің заңдылықтары қатаң сақталған. Әрине, таптық қоғамдағы бай мен кедейдің жіктелісі бұл тектестіктің тұнығын шайқалтып, қайшылықтар тудырған, дегенмен күні бүгінге дейін бұл қазақ арасындағы негізгі өмір сүру заңдылықтарының бірі.

Демек, бүгінгі ұрпақтың арасындағы қатыгездік, обал, сауап ұғымдарын еске алмаудың өріс алып бара жатқандығын жазушы осы деталь арқылы кәрі әжесінің қылығымен танытып өтеді. Себебі отбасындағы әже-ана – ғасырлар бойы халық тәрбиесінің наным-сенімінің құпиясын бойына жинақтаған отбасының ұйытқысы.

Қазақ арасындағы туыстық және жақындық қатынастарға байланысты қалыптасқан жүйенің соншалықты кеңдігі мен тұрақтылығын Х.Арғынбаев Л.Морганның пікірімен айғақтайды.

«Қоғамның төменгі сатыдан жоғарғы сатыға өтіп, өзгеріп отыруына байланысты семья да ылғи жаңарып, өзгеріп отыратын болса, туыстық жүйе, керісінше, мейлінше баяу дамып, тек семьяда болған келелі өзгерістерге байланысты өзгереді»[587].

Қазақ қауымы қашанда ананы ерекше құрметтеген. Ана адамзат ұрпағын дүниеге әкелуші, ұрпақтарды өсіруші, әрі тәрбиелеуші, әрбір үйелменнің шаңырағын ұстаушы қамқоршы ие деп есептелген. Сондықтан әйелдерге ізет көрсету қоғамның әрбір мүшесінің азаматтық борышы болып есептелген. Оның құрсақ көтеріп, аман-есен босануына, қоғамға жаңа жас мүше әкелуіне ру, тайпа адамдары түгел тілеулес болып, екіқабат әйелге қамқорлық жасап, жанашырлық көрсетіп отырған. Демек, Д.Исабеков кейіпкерінің әжесі айтқан «бір ауыз» сөз бүкіл халықтың ұрпақ тәрбиелеуге деген аса зор жауапкершілігін танытады. Тек ата-ана емес, туған, туыс, әулет, ауыл-аймақ тұтас елдің оң ниетінде болып, мейірім мен ізгілік құндағында өскен бала ешқашан қаталдық танытпасы анық. Авторлық ой осы мазмұнды меңзейді. Халықтық этика бойынша қайын жұртындағы барлық адамдардың атын тура атамай басқа атпен алмастырып айту «ат тергеу» деп аталады. Оның көне мағынасы адамға қойылған есімнің жанмен байланыстылығы туралы мифтік түсініктермен байланысып жатыр.

Кейіпкерінің әжесімен аттас болғандықтан, бүкіл ауылдың келіндерінің әже деп атап кетуін автор кейіпкер тілімен былайша береді.


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 205; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.008 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты