Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


АЗІРГІ ПРОЗАДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ДӘСТҮР 15 страница




« – Атым – Зейнеп. Бірақ мені білетін жұрт «Әже» дейді. Зейнеп деген үлкен әжеміздің аты екен. Жарықтық жүз үш жасқа келіп, алжымай өліпті. Қазақтар өзінен үлкен адамның атын атамайды емес пе, соны білген бір ағамыз менің атымды бүкіл ауыл боп атай алмай жүрсін деп, әдейі осылай деп қойыпты. Бүкіл ауылдың менің атымды атай алмай тосылып қалғанына әуелгіде мәз болған әлгі ағамыздың қуанышы ұзаққа бармапты, ойы ұшқыр жеңгелеріміз үлкен әжелеріне ұқсатып, мені «Әже» деп атап кете барыпты. Бір жасымда әже болғам, содан күні бүгінге дейін әжемін, ал, сіз мені қарындас дегіңіз келеді!»[588].

Кез келген халықтың өсіп-өркендеуі жас ұрпақтың шаңырақ көтеріп, отбасы құруына байланысты екені белгілі. Халық даналығы бұл туралы «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп тұжырымдайды. Мәңгі жасағысы келетін халық, атадан балаға ауысатын қара шаңырағын көзінің қарашығындай қорғап, ізгі дәстүрлердің ұрпақтан ұрпаққа ауысуын үнемі қалт жібермей, қадағалап отырады.

Адам баласы ұрпағының өсіп-өнуіндегі ананың орны көне фольклордан бүгінге дейін түрлі дәрежеде бейнеленіп келеді. Д.Исабеков осы туындысында «Әйел – ана» ұғымына архетип тұрғысынан келген. Себебі, кейіпкер әйелдің бүкіл болмысы, оның әже, аналарының іс-әрекеті, көзқарас, санасы көне ана-еркі замандарынан бастау алатын ұрпақты сақтау, көбейту, дүниеге тек қайырым мен мейірім төгу мазмұнынан нәр алған. Қаншама қайғы-қасірет көрсе де, ошақтың отын өшірмей, бөтенді жатсынбай, бала-шағасын өсіріп отырған әйел тұлғасында көне түркілік Ұмай анаға тән қасиеттер нышаны бар. Шығармадағы әйелден таралып жатқан мейірім, қайырым осыны көрсетеді.

Д.Исабеков кейіпкерлерінің әжесі де, әйелі де, қызы да көнеден келе жатқан құндылықтардың сақтаушысы ғана емес, соны өз өмірінде ұстанушы. Олардың трагедияларының басты себебі де сол. Автор кейіпкер мен сыртқы орта арасында қайшылық тудырып, бүгінгі құндылықтарға көзқарас қай дәрежеде деген ойды меңзейді.

Ал, келген бейтаныс қонақты жатырқамай, үйге енгізіп күту, ер кісі алдындағы қысылып-қымтырылу, үйіне бөтен еркек кіргеніне көршісінен, балаларынан ыңғайсыздану – қазақ әйелінің бойындағы ежелден келе жатқан кісілік, этикалық нормалары.

Туындыда қыз баланың ата-анаға жауапкершілігін баса көрсететін мұсылмандық аңыздың негізінде дүние тіршілік бастауы – әйел дейтін ерте анаеркі дәуірінің элементтерімен қатар мұсылмандық миф те астасып жатыр. Өйткені, Құранда адам баласының тіршілігінде жасаған жамандық пен жақсылығының таразылар күні барлығы, бір Аллаға сеніп, шектеулерінен тыйылып, дұрыс жолда жүргендердің осы күні Алладан сыйлық алып, сенбегендері жазаланатындығы жайлы және өлген соң тірілетін адамдардың жиналатын жері мақшар деп аталып, пайғамбарлардан бастап, барлық адам баласынан сұрақ алынып, жауапқа тартылатындығы жөнінде уағыздалады.

Бұл жайында Құранда: «Адамның жақсылығы мен жамандығы Алла білетін таразыда өлшенеді». «Сол күнгі іс-әрекет өлшенетін таразы әділ...» – деп көрсетілген.

Көне заманғы марқұмның басқа дүниеге сапары мұсылмандық ұғымдағы жұмаққа жетудің өткелі ретінде көрінеді. Жұмаққа баратын жол қылкөпір арқылы өтеді. Ол – «қылдан да жіңішке, қылыштан өткір көпір» түрінде сипатталады. Барлық адам одан өтеді, ол әркімнің тіршіліктегі әрекетіне қарай не кеңейеді, не тарылады. Бұл исламға дейінгі пайда болған көне түсінік.

Яғни ислам дінінде – Аллаһ тағала әмірлерінен именіп, бойұсынуда болғандар үшін жаннаттан орын дайындалады деп көрсетілген. Шығармадағы исламдық ұғымдармен қатар көне сенім ізі қыз баланың о дүниеде де қамқоршылық қызмет атқара алатындығы жайлы мотивтен көрінеді. Ол о дүние тозақ, күнә, сауап жайлы исламдық түсініктермен толығып, әйел тұлғасын дәріптеудің көркемдік әдісі ретінде қолданылған.

« – Анам марқұм айтып отыратын: «Түптеп келгенде, анаға жаны ашитын қыз бала болады екен» деп. Білмеймін, сіздерде мұндай әңгіме бар ма, жоқ па... О дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір барлық адамның күнәсі мен сауабын таразыға сап тартады екен дейді. Басы жұмыр пенде емес пе, адам атаулының күнәсі көптеу болатын көрінеді. Әке-шешесінің күнәсі жасаған сауабыңнан молдау боп, таразының қара басын басып бара жатады екен. Күнәң басым болса, іргеде лаулап тұрған тозақ отына түсесің. Әке-шеше байғұс жан-жағына жалтақтап, қол ұшын берер пенде іздейді екен. Оған кім көмек көрсетсін, бәрінің де жетісіп тұрғаны шамалы. Құданың құдіреті, жан қалтада жүретін бет орамал о дүниеде үлкен әжетке жарайтын көрінеді. Сауабынан күнәсі бір мысқал ғана ауыр боп, әке-шешесі тозаққа түскелі жатқанда, қыз байғұс қана шырылдап кеп: «Қайтейін, тозаққа күйсем күйермін» деп, өз орамалын сауап жақ басына тастайды екен. Сөйтіп, қыздың арқасында ата-ана тозаққа түспей аман қалады деседі. Қыз бала деген сол[589]. Көркем шығарма кейіпкерлерінің бірін-бірі сөзбен ұғысуын көрсету арқылы да автор халықтық рухта тәрбиеленген екі адамның таным, көзқарас үйлесімін көрсету үшін фольклордағы әңгіме жанрын шебер пайдаланған.

«Бұл әңгімені Айтөре ешқашан естіген жоқ еді; діни аңыз бола тұрса да, оның қаншалықты мәнді, қаншалықты әсерлі құрылғанына ол қайран қалды, үлкен толқу мен таңданыс үстінде Айтөре әлгінде ғана өз кеудесін тұмандай торлап тұрған қайғы-шерін ұмытып та кетті. Адам ата мен Хауа ана боп, жер үстінде екі жыныс пайда болғалы бері әйел көрген азап пен қорлықты еркек көрген қорлықпен салыстырса, әйелдікі асу бермес асқар тау, еркектікі еріншек адам шыға беретін төбе болар еді. Басқаның қалай ойлайтынын Айтөре білмейді, өз басы осылай деп топшылайтын. Сондықтан, жер бетіндегі барлық әйел атаулыға ол аянышпен қарайтын, егер қолынан келе қалса, оларға барлық-барлық жақсылықты үйіп-төгіп бере салғысы келетін-ді. Ал мына әңгімеден соң әйел жайлы, әйелдің шексіз де ұлы мейірбандығы жайлы ғажайып бір жаңалық ашқандай, ішкі жан сарайында айрықша бір толқу, айрықша бір жаңару, сол жаңарудың әсерінен нәзік бір қуаныш сезімі пайда бола бастаған секілді. Жан дүниесінің алыс бір түкпірінде пайда болып, бүкіл өн бойына дуадай жайылып келе жатқан сол бір ерекше сезім жөргекке енді-енді бөленіп келе жатқан сәтте Зейнеп қайта сөз бастады.

– О дүниеде де, бұ дүниеде де жаныңа жалау боп жалбырап жүретін сол қызым... – Ол Айтөреге сұраулы пішінде қарап қойды да: – Нәзипаны айтам,– деді ол жайлы талай әңгіме шерткен адамдай. – Жоқшылық, кем-тарлық дегенді жаялығынан ұғып өскен қызымды айтам. Сол қызым... Он бір жасында қайтыс болды. Анаға баланың өлімінен артық бататын ештеңе жоқ екен. Әлгінде, өзіңіз айтқандай, ата-ана үшін барлық бала бірдей қымбат қой, ақылы аздау еді деп, немесе тентек еді деп оларды шетке итермейсің ғой. Сонда да болса... Сонда да болса... – Зейнеп жайбарақат сөйлеуге қанша тырысса да, көмейіне кеп кептеле берген әлдеқандай бір түйінді іште тұншықтырып, әңгімесін үзіп барып жалғастырды. – ...Әрқайсысының орны әр бөлек болады екен. Әсіресе, нәзік жаралған қыз бала. Әсіресе, бәрін түсініп, бәрін көтеруге көндігіп өскен қыз... сол батады екен... – Ішке қайта жұтылған әлгі түйін, бәрібір, көзден жас боп шығып, кленка үстіне тырс етіп тамған тамшы боп тынып еді, Зейнеп оған мән де бермей, әңгімесін іркіп барып, жалғап кетті. – Байғұс бала көп те ауырған жоқ. Екі-ақ күн жатты. Екі-ақ күн... Сол баяғы бәріне көндіккен, момақан да ақылды, сабырлы пішінде:

– Апа, о дүниеге барғанда мен саған үш орамал беремін, – деді аспанға қарап жатып. – Міне, үшеуі де түгел. – Ол жастығының астынан тап-таза етіп жуылып, төрт бұрыштап мұқият бүктелген аппақ үш орамал суырып
көрсетті. Мен не дейін: – О не дегенің, балапаным-ау, қайдағы о дүние! – деп, жан дауысым шықты. Ол сабырлы қалпынан таймаған бойы:

– Бірақ сенің күнәң жоқ шығар,– деді маған тесіле қарап. – Онда мына орамалдарды күйіп бара жатқан бір байғұстарға берермін. – Оның даусы сондай таза, сондай ап-анық естіліп жатты. Мен оны өледі деп ойлаған жоқпын, сандырақ немесе мені әдейі қорқытып жатқан ғой деп топшылағам. Қайдан білейін мен сорлы. Ал білгенде не істемекпін, қолымнан не келмек?

Мен ыстық шай әкеп, қасына отыра беріп едім ол:

– Апа, мені молаға апара жатқанда қолымнан ұстап отыршы. Қасымнан кетіп қалма, жарай ма? – деді. Сол кезде барып әлдеқалай бір сұмдықты сезіп, ішім мұздап сала берді[590]. Осы тұстағы тағы екі кейіпкердің үнсіз қалуының астары мол.

Себебі, психологизмнің салмағын ауырлатып, күрделі психологиялық атмосфера құрайтын бейнелеу тәсілдерінің бірі – пауза, үнсіздік. Мұнда бір бөлмедегі үш кейіпкердің бастан кешкен психологиялық хал-ахуалы бір деңгейде болғанымен, олардың іштен тынған ойлары, тұншыққан сезімдері, үш бағытта жосыған ой ағымдары бейнеленбейді. «Әрине, осынау күрделі психологиялық түзіліске тереңдей еніп, жан-жақты талдауға суреткердің қаламгерлік қуаты да, кәсіби шеберлігі де, творчестволық мүмкіндігі де молынан жетер еді. Алайда, жазушы оларды ең ауыр үкім – үнсіздік, пауза тәсілі арқылы бейнелеуді қалайды»[591]. Өйткені, осы ұзаққа созылған үнсіздікте кейіпкердің ой мен санасындағы, ішкі әлеміндегі алай-дүлей сезім сергелдеңдері салмақтана түспесе, жеңілдей қойған жоқ. Үнсіздік кейіпкерлердің сол сәтте бастан кешкен жан азаптарын толық бейнелеп тұр. Қайғы-қасіреттің адам сезіміне тигізер әсеріне байланысты жерлеу ғұрпындағы этикалық нормалардың бірі қайғыны – қазбаламау. Автор осыны кері мағынада қолдану арқылы психологиялық ситуацияны тереңдете түседі. Бұл әйелдің қызының өлімінің себебін айтқысы келмеген ой-сезімі арқылы берілген.

– Адамдар жауыз боп барады! – деді кенет Зейнеп күйінген үнмен кіжіне сөйлеп. – Шетінен жауыз боп барады. Мейірімсіздер! Тас жүректер! Қалай ғана көздері қиды екен десеңші... Құлыным-ай сол![592]...

Шығармадағы әйелдің өзі де, қызы да ежелден келе жатқан қамқор ана, мейірім мен өмірдің бастауы ретіндегі символмен беріледі. Ұрпақ бойындағы қайырымдылық пен жақсылықтың анадан тарайтындығы жайлы халықтық қағидалардың өмірлік деректерін келтіру арқылы жазушы бұл қасиеттің анадан балаға ауысу дәстүрін көрсеткен. Және бұған өзінің де, оқырманының да көзін жеткізе білген.

«Тұрмысқа шыққан соң, анасы өз қолында қайтыс болды. Сол ғана, жалғыз сол ғана мұның қадірін түсінді. Өлер алдында:

– Бәріміз сен үшін туған сор болдық,– деді ол көз жасын көлкілдетіп жатып.– Қауынның түбіне біткен сұңғыладай сенің барлық шырыныңды сорып алып, көктей солдыра жаздадық. Не ары, не бері болмай, мен де тесек шірітіп жатып алдым... Ақ сүтімді ақтадың, жаным. Қайтесің, маңдайыңа жазылғаны сол шығар, қайырымдылық деген де екінің біріне емес, бір атадан таңдап жүріп біреуіне қонады дейді ғой. Сол қайырымдылық қонған адам туған-туысқандары үшін өмір бақи от пен суға түсіп өтетін көрінеді. Құдай о баста оны солай жаратады дейді. Сен де сол, қайырымдылық қонған қыздың бірі шығарсың. Қапаланба. Жақсылық ешқашан жақсылық боп қайта бер-мейді, ақырын алладан ғана күтесің...

Анасының осы айтқан сөзі айна қатесіз орындалып келе жатыр. Жасаған жақсылығы ешқашан жақсылық боп шықпай-ақ келеді. Енді, марқұм анасы айтқандай, бәрінің ақырын алладан күтетін шығар, егер о кісі де ұмытып кетпесе[593]...

Мұнда қаламгер қазақ халқының ұлттық қалыптасу, даму жолында қазақ әйелінің табиғатына тән ұлттық болмысты басты назарда ұстаған. Қазақтың кең даласындай табиғат құбылыстарымен үндес, көл-көсір көңіл-күймен бөбектің дүниеге келуінен бастап, есейген, ержеткен, қартайған, өмірден өткен кезеңдердің барлығындағы сезімді әлдилейтін, барлық іс-әрекеттерге құштарландыратын, адамзатты өркендететін, ұлттық дінді де, тілді де қалыптастыратын – әйел құдіреті деген ұғымды алғы кезекке шығарады. Өйткені, жазушы көзқарасы – ежелден келе жатқан халықтық дүниетанымның заңды жалғасы. Қазақ отбасының, ауыл-аймақтың ортақ тұлғасы болған Әйел – Ана – Отан – Ана ұғымы біртұтастықта көрінеді. Бұл авторлық ұстаным кейіпкер толғанысындағы мына тұжырымға сыйғызылған.

Өз әңгімесінен өз мұңы оянып, ескі жарасының аузы қайта қанталап тұрса да, айдаладағы біреуге аяушылық білдіріп, көз жасын төгіп отырған мына әйелге қарап отырып Айтөре әйел затының соншалықты қарапайым, соншалықты нәзік, миың жетпестей күрделі екенін, оны бір Айтөре емес, он, жүз, мың еркек жабылып аша алмайтынын сезді[594].

Шығармадағы басты фольклорлық сипат үй архетипінің шеберлікпен бейнеленуінен де көрінеді. Аталмыш шығарманың негізгі оқиғалық орны болған екі бейтаныс жанға ортақ үйде кездесетін екі адамның бірі: осы үйде ұзақ жылдар қоныстанып, анасы мен тұңғышының шілдеханасын, балалық қылығын қызықтаған, кейін тағдыр тәлкегімен Сібірге кетіп, жиырма жылдан кейін оралған жолаушы жігіт пен осы үйдің қазіргі тұрғыны бала-шағасын өсіріп-бағып, жан-жаққа жіберген жалғызілікті әйел. Шығарманы оқып отырғанда үйдің адам өміріндегі маңызы жайлы ежелден келе жатқан таным-түсініктердің бояуы қалыңдай түседі. Фольклорлық түсініктегі үй – тұтастай тұрғыда киелі мәнге ие. Себебі, ол адам баласын ыстық пен суықтан, қауіптен қорғайтын орын ғана емес, көне танымдармен тамырлас семантикаға толы. «Үй – екі дүниенің аралық шекарасы», «Үй – ғұрып-салттардың атқарылатын орны», «Үй – өткен ата-бабалар рухының сақталған орны», «Үй – тылсым мен реалды өмірдің ара мен жігінде тұрған, бірақ игерілген және тәртіпке келтірілген кеңістік». Оңтүстік Сібір түркілерінің дәстүрлі дүниетанымында көрсетілгендей, игерілген кеңістік құрылымын бірнеше дейгейлерге бөлуге болады: «Біріншіден, бұл адам барынша игерген және меңгерген тұрағы, кеңістігі. Екіншіден, бұл үй тұраққа тікелей жапсарлас, ат байлар қазықпен, малға арналған қорамен, басқа да шаруашылық құрылыстарымен шектелген кеңістік. Бұл «үйге үйретілген» кеңістік. Үшіншіден, бұл ру территориясында игерілген шаруашылық: өңделген алқап, өзендер, жайылымдар, қыстаулар, саят құратын жерлер. Мұнда адам таулардың, өзендердің, су аттардың рухтарымен «көршілес» отырады». Осы жерді пайдалануға деген адамның құлқы оны үнемі дәлелдеуді, таңбалауды қажет етеді. Сондықтан үйдің есігі, төрі, оң жағы, сол жағы, төбесі, т.б. бөліктеріне көне кеңістік жайлы мифтік танымының тарихына сай мағына жүктеген. Қазақтың «өз үйім өлең төсегім», «үй болмай – күй болмайды» деуінің мәнісі осында. Повестегі бірін-бірі мүлде танымайтын екі адамды табыстырып тұрған да сана түпкіріндегі осы сезімдер секілді. Әрбір адам үшін өзінің тұрған үйі – ең алдымен, ата-анасы, ата-әжесінің көзі, естелігі іспетті. Фольклорлық таным бойынша үйдің босағасы мен төріне қатысты ырым-тыйымдарда ешуақытта дүниеден өткен жандардың аруағы да естен шығарылмайды. Мәселен: босағаны кермеу, босағаға отырмау, келіннің төрге озбауы, т.б. Қарымды қаламгер осы фольклорлық заңдылықтарды аталмыш повесіндегі ескі үйіне ұзақ жылдардан соң келген жолаушы жігіттің үй есігінің тұтқасын қайта-қайта ұстауы, үйдің әрбір бұрышын аялай сипап, бір кездері қағылған қазықты іздеуі, анасының рухымен сырласуы арқылы берген. Көнеден келе жатқан бұл фольклорлық сана бүкіл шығарманың көркемдік қуатын арттыруға қызмет етіп тұр десек, артық емес. Себебі, бұл жазушы шеберлігі арқасында кейіпкердің өткен өміріне, туған жұртына, туған үйіне деген сағыныш, аңсау сезімдеріне тереңдей бойлататын психологизмнің бір амалына айналған.

– Мұнда сіздер тұрып жатыр екенсіздер ғой... Ол кемпірмен ісі болмай, есік тұтқаларына, есіктің дермантиніне, босаға мен табалдырыққа назар аударып, алақанымен сипап өтті. Зейнеп бейтаныстың бұл қылығынан секем алғандай, оған таңырқай қарады. Бейтаныс есік тұтқасына екі саусағын тигізіп:

– Әлі тұр екенсің-ау, амансың ба? – дейді ескі досымен кездескендей елжіреп сөйлеп[595].

Мифтік ұғым бойынша есік тұтқасы – игерілген кеңістік пен сырт кеңістіктің аралық нүктесі. Осы шығармадағы үй есігінің ашылуы, жабылуына мән берілу арқылы да жазушы өткен мен бүгін, өлім мен өмір, ізгілік пен зұлымдықтың ара қатынасын, яғни алмасып жататын өмір құбылыстарын бейнелеген.

Ал, қазық – негізгі әлемнің үш бағытын: жоғарғы, ортаңғы, төменгі бағытын білдіретін нышан. Араға жиырма жыл салып, оралып тұрған жолаушының өзінің әу бастағы мифтік мекеніне оралуының тұспалы. Мұны қазақ «Ат айналып, қазығын табар» деп тұжырымдаған.

Кейіпкердің балалық шағын еске алу сәттерінде бұрынғы адамдар арасындағы үйлесімділік, айтқызбай-ақ ұғысу қасиеттерін аңсауда қайтып оралмайтын, бүгін жоқ уақыт, яғни мифтік уақытқа тән шарттылықтар пайдаланылған. Өткен уақытқа қастерлі, қасиетті мағына сыйғыза дәріптеу үй иесі әйелдің өз анасы, қызы жайлы әңгімелерінде де көрініс тапқан.

Сондай-ақ осы шығармада фольклорлық жол мотиві де көркем қолданылған. Жанның өлмейтіндігі туралы, оның белгілі бір уақыт аралығында дүниеге сапар шегетіндігі жайлы, бақсының, ауру адамның жанын іздеп, мифтік кеңістікті емін-еркін аралайтындығы сияқты жайттар бұл архетипті тудырған себептер. Мифтік ұғымдардағы игерілмеген кеңістікті «бөтен», «жат» деп бейнелеу, жерлеу ғұрпының да негізгі сарындары. Мысалы:

 

Жат жерге кеткен жан анам,

Сапарыңды «Аллам, қолдасын!»

 

немесе араздасу өлеңіндегі:

 

Аз күнде алыс жолға сапар шегем,

Аман бол артымдағы кәрі-жасың.

 

Шығармадағы жолаушы – жігіт өз мекенінен ұзақ уақыт қол үзіп, сырт елде тағдыр талқысын көріп, кері оралады.

Кеңістік жайлы мифтік ұғымдар «біздікі», «біздікі емес», «дос», «дұшпан» дейтін қос тінді мағынаға сәйкес дамыған. Батырлық жырлардағы шетсіз, шексіз дала «біздікі», ал, биік таулар табиғи шекаралардың қызметін атқарған. Олардың артында жау болуы мүмкін. Қаһармандық уақыт қым-қиғаш оқиғаларға толы. Осы эпикалық әдістің прозада қолданылу ерекшелігі байқалады.

Демек, үй – мифтік кеңістіктің орталық нүктесі. Ал, фольклорлық кейіпкердің іс-әрекеті жолға шығу, сапар шегумен тығыз байланысты. Мұның ертегілерде халық сүйген қаһарманды дәріптеу құралы екендігін С.А.Қасқабасов былай түйіндейді: «Кейіпкерді мадақтау үшін ертегі оның алдына неше түрлі қиыншылықтар мен бөгеттерді қояды, соларды аман-есен жеңген қаһарман мұратына жетіп, халық қызметіне бөленеді. Сондықтан ертегінің бастамасы кейіпкердің жолға шығу формасында болып келеді. Бұл бүкіл ертегі оқиғасының өзегі, ал, сайып келгенде, кейіпкердің өтуге тиісті бірінші сынақ: үйден шыққан кейіпкер енді бейтаныс дүниеде жалғыз өзі сапар шегеді, алуан түрлі оқиғаны басынан кешіреді»1.

Ал көркем әдебиеттегі жол мотиві – уақыт пен кеңістікті біріктіріп, адам баласы өткеніне ой жүгіртіп, тағлым түйдіріп, жанын тазартудың, білімін байытудың әдісіне айналған. Д.Исабековтің жолаушы кейіпкерінің өмір жайлы, әйел, ана жайлы толғаныстары – осының дәлелі.

Осының өзінде фольклорлық символика бар. Мұнда да уақыт жайлы мифтік түсініктер көркемделген. Бір ғана адам өмірбаянында екі түрлі уақыт сипаты көрінеді. Бірі – өз уақыты, екіншісі – бөтен, әлем уақыты. Өз уақытынан шығу кейіпкерді қауіп-қатерге ұшыратып, бөтен әлемде, бөтен уақыттан адам баласының тағдырын небір шырғалаңдарға толтырған.

Шығарманың өн бойына өріліп отырған тағы бір желі автордың әке жайлы ой-көзқарасымен байланысты. Ол кейіпкерінің өз тағдыр-талайы, отбасына қарым-қатынас, сезімі арқылы бедерленген.

Қазақтағы әке рөлінің биіктігі оның отбасы, жалпы әулет, туған-туыс ішіндегі беделіне ұласқан. Ал, ол мәртебе отбасындағы ұлдарға беріліп, ұл балалардан да отбасына, әулетке деген жауапкершілік талап етілген. Көп балалы отбасындағы үлкен ұл әкенің көмекші серігі ғана емес, өзге отбасы мүшелеріне ықпалды тұлға болған, барлық балалары онымен ақылдасып, көпшілік жағдайда айтқанын екі етпеген. Өз алдына енші алып, бөлек-бөлек тұратын ағайындылардың басын үлкен үй «қара шаңырақ» мәртебесіндегі әке үйінде жинап тұру да үлкеннің міндетіне тиген. Бұл жөнінде Х.Арғынбаев:


Поделиться:

Дата добавления: 2015-08-05; просмотров: 163; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.007 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты